Жұма, 27 Қыркүйек 2024
2251 0 пікір 6 Шілде, 2020 сағат 15:44

Еріктілер «Халық алғысымен» марапатталды

Биылғы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бастамасымен коронавирус індетіне қарсы күреске белсенді қатысып, үлес қосқан ел азаматтарын арнайы «Халық алғысы» медалімен марапаттау туралы бастама көтерілген болатын. 

Осыдан кейін Президент атаған «Халық алғысы» медалінің эскиздік жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл жоба арнайы қоғам талқысына ұсынылып, талқылауға түсті. Артынша осыған байланысты Қаулы-жарлық қабылданып, аталған медалмен кімдердің марапатталатыны ресми жария болды.

«Халық алғысы» медалімен коронавирус індетімен күреске ерекше белсенді үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары марапатталады.

Бұл марапатқа лайықты азаматтарды ҚР Парламенті, Үкіметі, Конституциялық кеңес, Жоғарғы сот, түрлі министрліктер мен басқа да мемлекеттік органдар, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, қоғамдық ұйымдар ұсына алады», - деп жазылған болатын Президент Жарлығында.

Тұтас дүниені табанынан тік тұрғызған коронавирус індеті біздің елге, Қазақстан аумағына да таралып, елде Төтенше жағдай мен карантин жарияланғаны белгілі. Осындай тар кезеңде кеуде керіп алдыға шығып, халық үшін қызмет істеуге бел шеше кіріскен, қауіпі тұтас ғаламды шошытқан коронавируспен күреске шындап араласқандар - еріктілер тобы болғаны да шындық.

Еріктілердің ел үшін еткен еңбегі ескеріліп, қауіпке қарсы тұрған қызметтері құрметке лайық екені айтылды. Осыған орай, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі тағайындаған «Халық алғысы» арнайы медалімен «Birgemiz» жалпы республикалық акциясының еріктілері марапатталды. Коронавирус кезінде кеуде керіп ел үшін еңбек еткен еріктілер бұл марапатқа әбден лайық екені сөзсіз. Біздің бұл сөзімізді көпшілік тегіс қолдайтыны анық.

«Халық алғысы» арнайы медалімен марапатталған еріктілерге мемлекет басшысының медалін табыстау рәсімі «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен болатын. Аталған салтанатты шара барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөз сөйлеп, ел басына күн туған алағай да бұлағай кезеңде елге қызмет етіп жүрген еріктілерге ерекше алғыс білдірді.

Бауыржан Байбектің айтуынша, еріктілер коронавирус кезінде ғана емес, елде орын алған кез-келген қиындық тұсында кеуде керіп алға шығады. Мәселен биыл көктемде орын алған Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынын ауыздықтау тұсында да еріктілердің ерекше көмегі тиген еді.

«Бүгін маған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сіздерге «Халық алғысы» арнайы медалін табыстау міндеті беріліп отыр. Сіздер өз өмірдеріңіз бен денсаулықтарыңызға төнген қауіпке қарамастан, бірнеше ай боцйы мұқтаж азаматтарға барынша көмектестіңіздер.

Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында шетін оқиға болып, су басқанда да алғашқылардың бірі болып көмекке келдіңіздер. Азаматтық белсенділіктеріңіз бен таза ниеттеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын», - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірініш орынбасары Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, бұған дейін үш мыңнан астам жас қазақстандық Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы алғыс хаттарымен марапатталған болатын. Бұл да болса халықтың қамы деп жұмыс істеп жүрген жас еріктілерге деген қолдау, құрметтеудің бір белгісі екені анық.

Бүгінгідей әркім өз қара басының қамын күйттеген қиын заманда, ешқайнда ақы-қаржы талап етпей, өз еркімен бар ниетімен ерікті түрде ел үшін қызмет істеу екінің бірінің қолынан келетін жұмыс емес. Демек, мемлекет басшысы биылғы жылды бекерден-бекер еріктілер жылы деп жариялап отырған жоқ. Ел үшін ерінбей еңбек ететін еріктілер қауымының еңбегін елеп-ескеріп, құрмет көрсету, жоғары бағалау деп түсіну керек мұны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өзі пәрмен беріп, елде Төтенше жағдай жарияланғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, «Біз біргеміз» қоры құрылған болатын. Аталған қордан 550 мыңнан астам аса мұқтаж отбасыға қаржылай көмек көрсетілген. Мұның өзі ел билігінің қиын кезде халықтың қасынан табыла білетінін аңғартады деп ойлаймыз.

Осындай қиын кезеңде еріктілер бірнеше ай бойы еліміздің аумағында бес миллионға жуық бетпердені тегін таратумен айналысқан. Бұдан бөлек, олар үш жүз мыңнан астам әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға алғашқы қажеттілік санатындағы азық-түлік қораптарын үлестірілген болатын. Ерекше айта кетерлігі, аталған жұмыстардың барлығының басы-қасында еріктілер жасағаның жастары жүрді.

Осыдан-ақ, еріктілердің ел өмірінде алатын орын аңғаруға болатын секілді. Олардың істеген жұмыстарына деген құрмет пен бағалудың қажеттілігін түсіну қиын емес. Мемлекет басшысының не үшін 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялағанын, не үшін «Халық алғысы» арнайы медалімен еріктілерді марапаттағанын бірден аңғаруға болады деп ойлаймыз.

Abai.kz

0 пікір