Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әлеумет 5542 7 пікір 30 Шілде, 2020 сағат 12:29

Бәріміз бір кемедеміз...

Жадымнан өшпес Гера-ағам (Герольд Бельгер) 80 жас жасады. Соның жартысын дерлік дертімен күресіп өткізді. Дәлірек айтқанда, аяғының ауруымен алысты. Ақыры жеңіп шықты. Бұл былай болған еді.

Оның отбасын, Сталиннің үкімімен, Еділ бойынан Солтүстік Қазақстанға күштеп көшіргенде Герольд жеті жаста болатын. Әрине, ол бала еді – не үшін екенін түсінген де жоқ. Тек бәрін үйлерінен алып шығып, эшелондарға тиеп, белгісіз бағытқа жөнелткені ғана есінде қалды.

Олар ұзақ жүрді. Ақыры пойыз айдалаға келіп тоқтады. Тірі қалғандардың бәрін сол жерге түсіріп, «жақын тұста ауыл бар, енді сонда тұрасыңдар» деді. Болды. Өмір әрі қарай басқаша өрбіп жүре берді.

Уақыт өте келе Герольд жергілікті балалармен достасып алды. Тіл үйреніп, қазақ ауылының өз перзентіндей болып кетті (қазір бұл шағын елді мекен «Ысқақ Ыбыраев атындағы ауыл» деп аталады). Ептілігі мен жылдамдығы үшін оны бәрі Желаяқ дейтін. Ол шынында да жүгіргенде алдына жан салмайтын. Бірде шауып келе жатып аттан ұшып түсті. Аяғын жаралап алды. Сосын суық жауын астында қалып, сырқатын асқындырды. Ұзақ азап тартты. Ақырында аяғынан айырылды. Ондаған жыл бойы балдақпен жүрді. Кейін ота жасатып, буындарын кестіріп, әбден зәрезап болған балдақты тастап, таяққа ауысты. Есімде, соңғы күндеріне дейін Гера-ағам еңсесін тік ұстады. Қалжың айтып, көңілді жүргенді сүйетін. Тіпті аяғының ауруын да күлкіге айналдыратын. Қысқасы, өмірге қуана білді. Еңбек етті.

Мұны неге айтып отырмын?

Қазір жаңалықтар легін оқудың өзі азап. Өйткені, жаппай жағымсыз сипат алып кетті. Психологиялық тұрғыдан бұл өте ауыр. Қиын заманға тап келдік. Президент «соғыс жүріп жатқандай» деді ғой. Соғыс деген – бәрімізге де қатысты зауал. Демек, бірігу керек. Әйтпесе жеңіске жету неғайбыл.

«Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деп халық бекер айтпаған. «Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деген сөз де бар. Нағыз дана тұжырымдар.

Соғыс деген – сынақ. Ал сынақ кезінде адамдар түрлі қырынан танылады. Біреулер абыржып, дүрліксе, енді біреулер саптан қашады. Біреу айқасқа батыл ұмтылса, біреу сатқын боп шығады. Соғыс адам бойында бұғып жатқан арсыздық пен опасыздықты ашады, сонымен қатар кісінің ең абзал және асқақ қасиеттерін де көрсетеді. Біреу қорқақ, ал екінші біреудің батыр екені айқындалады. Біреудің қорқаулығы танылса, екінші біреу өзгелерді құтқару үшін өзін құрбан етеді.

Бүгінде де сондай жағдайларды көріп отырғандаймыз. Қаншама дәрігер алғы шепте айқасып жүр, қаншасы өз өмірін құрбан етті. Ұрыс алаңын тастап кетпей, күресті жалғастырушылар бар, сонымен қатар дәрілерді қымбатқа сатам деп, ұсталып жатқандар да бар. Екінші дүниежүзілік соғыста мұндайлар бірден ату жазасына кесілетін...

Соғыс адамдардың табандылығы мен адалдығын сынайды. Әйтсе де, мен көптің ақылына үміт артамын. Бірікпесек құритынымызды бәрі де сезінуге тиіс.

«Ауылдың иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді». Дәл қазір салғыласып жататын уақыт емес екені анық. Ашуланудың да, біреудің ызасына тиюдің де керегі жоқ. Өкпе-реніштіің бәрін ұмытуға тиіспіз. Ондай кез емес. Ортақ қатердің алдында өзара тіл табысып, оны бірлесе жеңуге тырысқан жөн. Мен тіпті мына пандемияны тұтас мемлекетіміздің беріктігіне сын деп қарауды ұсынамын. Қаншалықты есейгенімізді, мәмілеге келіп, келісуге бейім екенімізді, осы елде өмір сүретіндердің мүддесі үшін әрекет ете алатынымызды байқататын сын.

Президенттің «еститін мемлекет» туралы айтқанына да көп бола қойған жоқ. Бұл – маңызды мәселе. Бірақ осы мемлекеттің өзін оның азаматы ести ме? Бұған аса сенімді емеспін. Мемлекет «Қоғамдық орындарда маска тақ. Өзіңді қорға, жақыныңа жанашыр бол» дейді. Бірақ азаматтардың бәрі бірдей бұған құлақ асып жатқан жоқ. Мемлекет айтады: «Дүрлікпе, абыржыма. Өзіңе де, маған да көмектес. Тойды тыя тұр. Шыда». Алайда мұны да тыңдамайтындар баршылық. Басқа елдердегі, мәселен, Ресейдегі жағдайдың біздегіден айырмасы шамалы. Бірақ ол елдің халқы психологиялық орнықтылық танытып, психозға ұрынып жатқан жоқ. Біздің менталитеттің ерекшелігі – құлашын кеңге жайған керенаулық, қайта-қайта ескерту мен өтінуге қарамастан сақтық шараларын сақтамаушылық. Әлеуметтік күйгелектік. Бұл түсінікті де, өйткені, жұрт жақындарынан айрылуда, бірақ соғыс жағдайында, өкінішке қарай, шығын болмай тұрмайды.

Ал кейбір елдер коронавирусты жеңіп жатыр. Грузия ЕО-ға мүше емес посткеңестік елдердің алғашқысы болып, Еуроодақ коронавирустың таралуы жөнінен қауіпсіз деп тауып, азаматтарына есік ашқан 15 мемлекеттің қатарына кірді.

9 шілдеде Дубайда дала госпиталінен соңғы науқас жазылып шықты. Қала оқшаулану режимінің ең қатаң фазасын артқа тастады.

Вьетнам да вирусты жеңіп, қуанып жатыр. «100 миллионға жуық халыққа небәрі 372 науқастан келіп тұр, көбі сырттан оралған адамдар, олар бірден қатаң карантинге жатқызылуда». Мұны жақында Қазақстанның Вьетнамдағы елшісі Ерлан Байжанов хабарлады.

28 сәуірде Оңтүстік Корея, Австралия және Жаңа Зеландия пандемияны жеңгенін мәлімдеді.

Черногория COVID-19 жұқтырған адамдарының бәрі сауығып шыққан Еуропадағы бірінші ел болды...

Бұл елдер коронавирусты ненің арқасында жеңді?

Бір ғана фактордың – ТӘРТІПТІҢ арқасында. Ал тәртіп жағына келгенде ұятты екеніміз – бәрімізге белгілі.

Айтпақшы.

Қазіргі әлеуметтік желіге мен «кезексіз микрофон» деп ат қойғам. Бәрі тынбай сөйлеп жатады. Және бір мезетте. У-шудан құлақ тұнады, бірақ бірдеңе түсіну неғайбыл. Ал бұрын мінбеге шығып, қолыңа микрофон берілуінің өзі оңай болмайтын. Саған сөз берілуі үшін алдымен талай іс тындырып, соған лайық болуға тиіс едің. Өкініштісі, бүгінде оны ұмыттық. Айтылған Сөздің түпкі мәнін ұғатындар да көп емес. Ал сайын далада Сөздің құны қандай еді! Сөзбен дерттіні емдеуге де, кісі өлтіруге де болатын. Айтылған Сөз – атылған оқ. Оны кері қайтара алмайсың. Сондықтан да қауіпті. Сөз жүрекке дөп тиюі мүмкін. Сөздің мәнін түсінуді қайта үйрене алсақ қой, шіркін.

Шыны керек, үнемі өз жазылушыларының санына алаңдап, «алдамшы жылтырақ» іздейтіндерді онша түсіне бермеймін. Арзан сенсациямен арандату арқылы күн көретін журналистер мен блогерлер бар. Тағы қандай бықсық бар екен деп қоқыстан бас көтермей сұғына түсетін кейбір сайттар мен басылымдар бар. Бірақ қазір өйтетін хал емес қой. Уақытша болса да, қоя тұруға болмай ма? Онсыз да жағдай мәз емес.

Менің жақындарымның да көбі ауырды. Кейбірі қайтпас сапарға аттанды... Мен де күйінем. Ашынам. Ішімдегі ыза-күйікті ақтарғым келеді. Көмейіме өксік кептеледі. Бірақ... бәрін түсінем. Қимас адамыңнан айрылғанда, қалғанының бәрі бос сөз.

Есесіне...

Есесіне, басқалары жазылып шықты. Керемет қой! Ауыр дерттен айығып шыққандар мен қиындықты еңсере алғандар ғана өмірдің қаншалықты ғажап екенін ұға алады деп Бельгер талай айтып еді.

Рас, бәрі біз қалағандай болмай жатыр. Қолдан келмей жатқан нәрсе көп. Қателік те жетеді. Отандық медицина жүйесіндегі кемшіліктердің бәрі ашылды. Бұл туралы бұрын да айтылатын, бірақ мемлекет оны не естімеді, не естімеген сыңай танытты. Енді жеткен жеріміз осы. Cұмдық қаражат жұмсалды. Соншама ақшаға ковид бойынша бірінші орынды «сатып алғандай» болдық. Басқаша айтқанда, үкімет өз міндетін атқара алмады. Ендігі екі аптада оның осы құрамда әлдебір нәтиже шығара қоюы да неғайбыл. Шын мәнінде, президентке уақыт созудың керегі жоқ еді. Не үшін? Жылдар бойы жасалмаған нәрсе он төрт күнде жүзеге аса қоя ма?

Менің ойымша, үкімет отставкаға кетуге тиіс. Жаңа адамдар қажет. Батыл қадамға бара алатын іскер жандар керек. Бұйрық күтіп қана бұйығып отыратын барыпкел-шауыпкелдер емес, ойлау жүйесі мемлекетшіл, дербес тұлғалар керек. Жағалауларды жалғайтын жаңа көпірлер керек. Бірінің орнын бірі баса бергіш бұрынғылар өз қауқарсыздығын дәлелдеп тынды. Енді ахуалды түзеу керек. Әлі де кеш емес. Тек саяси жігер мен нақты іс-әрекет жоспары қажет.

Бәріміз мынаны ұмытпайық: бұл – біздің мемлекет. Басқа мемлекетіміз жоқ. Ең маңыздысы – ызаланбау. Ыза ақыл мен жүрекке құлақ астырмайды. Дұрыс қорытынды шығара білудің өзі маңызды. Бәріне өзгелерді кінәламаған жөн. Ең оңайы, ең тиімдісі осы болып көрінері анық. Егер президент батыл әрекетке кірісер болса, оған көмектескеніміз абзал. Оған да оңай емес...

Бұған қоса, бүкіл жемқорлық, ұрлық, тәртіп бұзу фактілері бойынша дәлелді де анық ақпарат қажет. Мұның бәрін айту керек. Осы тұста хайпқұмар жазғышбектер ғана емес, шын мәнінде жағдайға жаны ауырып жазатын нағыз журналистердің де бар екенін айтуға тиіспін. Олар қай жерде қандай өрескел жағдай болып жатқанын хабарлауда. Ол жайттарға тез арада назар аудару қажет. Осылай бірлесе қимылдау арқылы ғана жетістікке жете аламыз.

Адамзат тарихында бұрын да талай індет болған. Бұдан да қорқынышты зобалаңдар өткен. Бірақ бәрібір аяқталған ғой. Дәл қазір мынау жат, мынау жақын деп бөлетін кез емес. «Кемедегінің жаны бір» дейді. «Жан» дегеніміз қазір – «өмір мен тағдыр» мағынасында. Ал өмір қиындықсыз болмайды. Бастысы – оны қалай қабылдауда. Біреу бәріне мойынсұнып, жеңіледі. Ал біреу сол қиындықтың өзінен де бір қорытынды шығарады. Демек, сынақ деген – жұмбақ есеп секілді нәрсе. Ал кез келген жұмбақтың шешуі болады. Яғни, бәрі өз қолымызда. Соны қалай шешуді ойлауымыз керек. Үнемі қиындықтан қорқып, оны асқындыра береміз бе, оны жеңудің жолдарын іздейміз бе? Шешімін өздеріңіз айтарсыздар.

Шведтер: «Викингтерді солтүстіктің өкпек желі шыңдады», – дейді екен. Қазақ даласы да дауылдан кенде болған емес. Шведтің өкпек желінен кем соқпайтын, тіпті асып түсетін ызғарлы жел. Ол үнемі ық жағыңнан соғады деп кім айтты? Сынақтан да қорытынды шығара білу керек. Ақылды мен ақымақтың, батыл мен қорқақтың арасындағы айырма осында.

Сынақ та, қиындық та біздің шын мәнінде кім екенімізді түсінуімізге көмектеседі; бойымызда не бар, не жоғын аңғартып, бүкіл болмысымызды ашады. Бұл сынақ біреулерді бір-бірінен алшақтатып, әр жаққа лақтырса, енді біреулерді бұрынғыдан бетер жақындастырып, нығайтады. Сынақ деген біреудің жігерін құм қылады, біреуді жігерін жани түседі. «Жеңімпаздар ешқашан берілмейді, ал берілгендер ешқашан жеңе алмайды» демеуші ме еді кемеңгерлер.

Осы орайда Нельсон Манделаның бір сөзі есіме түсіп отыр. Осы бір қажырлы да қайратты адам бірде:

– Мен ешқашан жеңілмеймін. Не жеңемін, не үйренемін, – деген екен.

Оның сөзіне астар бере сөйлегені күмәнсіз. Маған осы адамның ұстанымы жақын. Ең бастысы – одан көп нәрсе үйренуге болады.

Ермек Тұрсынов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052