Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 2868 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 07:59

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ. Ашқұрсақ болудан сақтанайық

 

Қазір әлем жұртшылығын алаңдататын басты мәселенің бірі - азық-түлік қауіпсіздігін сақтау шараларын сауатты меңгеру болуы керек. Бұл жайында осы аптаның басында халықаралық сарапшы, Лондондағы корольдік университеттің профессоры Рейн Мюллерсон: «Бүгінде әлем ашқұрсақ болудан сақтануы керек. Осыны ойлаған әрбір мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, тағамға қатысты тегеуріні мықты арнайы бағдарламалар арқылы жұмыс істеуі тиіс» деген-ді.

Сол-ақ екен, біршама елдер азық-түлікке қатысты қатаң талап қоятын шешімдер легін шығарып та үлгерді. Мұны біздің төменгі тізбеміз айқындай түсетіндей... Мысалы, бір ғана маусым айында көршілес ТМД елдері азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мынадай шараларды қарастырыпты:

 

Қазір әлем жұртшылығын алаңдататын басты мәселенің бірі - азық-түлік қауіпсіздігін сақтау шараларын сауатты меңгеру болуы керек. Бұл жайында осы аптаның басында халықаралық сарапшы, Лондондағы корольдік университеттің профессоры Рейн Мюллерсон: «Бүгінде әлем ашқұрсақ болудан сақтануы керек. Осыны ойлаған әрбір мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, тағамға қатысты тегеуріні мықты арнайы бағдарламалар арқылы жұмыс істеуі тиіс» деген-ді.

Сол-ақ екен, біршама елдер азық-түлікке қатысты қатаң талап қоятын шешімдер легін шығарып та үлгерді. Мұны біздің төменгі тізбеміз айқындай түсетіндей... Мысалы, бір ғана маусым айында көршілес ТМД елдері азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мынадай шараларды қарастырыпты:

  • Маусымның 9-12 аралығында талапқа сай еместігіне байланысты Ресей үкіметі Қазақстан мен Белоруссиядан ет-сүт өнімдерін экспорттауға тыйым салды.
  • Ал Қырғыз елі азық-түліктен тарықпау мақсатында Орталық Азия елдері бірігіп, азық-түлік қауіпсіздігі қорын құруды ұсынды.
  • Осы тұста Ресей азық-түлік қауіпсіздігін шешудің бір жолы ретінде астық саммитін ұйымдастыру керектігін көлденең тартып отыр.
  • Ал Өзбекстан мен Тәжікстан болса, көкөніс алқаптарын кеңейтіп, сыртқа көкөніс экспорттаудың жаңаша тетіктерін қарастып жатыр.

Міне, көршілеріміз осылай қам жасап жатқанда біз не тындырдық? Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі қалай қорғалған? Енді осы жайтқа аз-кем шолу жасасақ.

Әуелі заңнан бастаймыз...

Егер деректерге сүйенсек, біз қандай шара жасасақ та, алдымен заңға өзгерту енгізуді жөн көреді екенбіз. Мысалы, біздің елдегі «Азық-түлік қауіпсіздігі және мәселелері туралы» Заң тек 2007 жылдан бері ғана бес мәрте түзетуге түсіпті. Бұл үрдіс күні кеше ғана тағы бір мәрте қайталанып, сәрсенбінің сәтінде Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілерге азық-түлік қауіпсіздігі және мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталмыш заң жобасына «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Астық туралы», «Тұқым шаруашылығы туралы», «Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» тармақтар енгізіліп, талаптар айтылған. Сондай-ақ заң жобасына «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін» қосымша тарау да енгізілген.

Заң жобасын әзірлегендердің пайымдауынша, болашақта бұл заң Қазақстанға сапасыз азық-түлік өнімдерінің еніп кетуіне тыйым салып, отандық тауардың беделін арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің еркін айналымға енуіне мүмкіндік туғызбақ. Алайда қайсыбір заңгерлеріміз тек заңға өзгерту енгізу проблеманы шешпейтінін алға тартады. Бұл ретте заң ғылымының кандидаты Ғабиден ЖАЙЛИН былай дейді:

- Тек қана заңға өзгерту енгізумен мәселе шешімін таппайды. Әрине, заңға өзгертулер енгізу - уақыт талабы. Әйтсе де бұл жерде біз елімізде азық-түлік өнімін өндіретін өндірісшілер саусақпен санарлықтай екенін ескеруіміз керек. Олардың өзі ішкі рынокты қамтамасыз ете алмай отыр. Оған дүкен сөрелерінің шетелдік дайын өнімдерге толып тұрғаны дәлел. Біз шұжық, сүт-айран, сүзбе, сары майды шетелден әкелеміз. Бізде жетіспейтін өнім түрлерін шетелдік тауарлар толтырады. Айналып келгенде, азық-түліктің 40 пайызы ғана өзімізде дайындалады. Әлемдік стандарт бойынша әр ел азық-түліктің 84 пайызын өзінде шығаруы тиіс. Өйтпеген күнде ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз болады да, ондай ел азық-түлік тапшылығына жиі ұшырайды. Сондықтан заңды жиі өзгеріске түсіргеннен гөрі, отандық азық-түлік өндірушілерге жағдай жасаған тиімді.

80 пайызды қалай бағындырамыз?

Ал енді азық-түлік өнімін өндіруде 80 пайыздық межеге қалай қол жеткіземіз? Бұл қазақ үшін қиял ма, әлде қарым-қабілетіміз жеткілікті ме?

Байыптағанға қазіргі дағдарыс ауыл шаруашылығымен шындап айналысатын елдер үшін жаңа мүмкіндіктерді ашқалы тұр. Негізінен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіретін кең байтақ жерлері бар елдер әлемде көп емес. Ал Қазақстан тәрізді негізгі фундаменті аграрлық ел болып қалыптасқан мемлекетке тек мұнай-газ саласына ғана иек артып отыру - қолда бар мүмкіндікті бос жіберу деген сөз. Қазір біздің кең байтақ жеріміздің бар екендігі көңілге небір үміттерді ұялатады-ақ. «Бірақ соны дұрыс пайдаланып, ауыл шаруашылығы саласын оңды жолға қоймай жатып кеуде керуге тым ертерек» дейді мамандар.

Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Ғалижан МӘДИЕВ:

- Азық-түлік нарығындағы беделімізді көтеру үшін алдымен материалдық базамызды нығайтуымыз керек. Біз экспортқа астық шығарудан озықпыз. Бірақ басқа саладан құралақанбыз. Бізде өсімдік өсіру саласы мен мал шаруашылығы да тұралаған. Жеміс-жидектерді өзбек пен қытайлардан тасып, инфляцияның еселенуіне өзіміз жағдай туғызып отырмыз. Асыл тұқымды мал алуды тіптен сөз ете алмаймыз. Ауылдағы ағайын өндірген сүт-айранын, етін сатуға шығара алмай әлек. Осы күнге дейін өнімді шаруаның қолынан тікелей базарға шығаратын сату жүйесі орнаған жоқ. Арадағы делдалдар бағаны өсіріп, табысқа белшесінен батып жүр. Ауылға қаржы бөлуде де делдалдықтан арыла алмай отырмыз. Міне, осы кемшіліктерді жойып алмай, біз азық-түлік өндіруде бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Сондықтан алдымен осы жайттарға мән берілуі тиіс, - дейді.

Ойтүйін
Жалпы, өркениетті елдердің басым бөлігі азық-түлік өнімдерінің 16 пайызын сырт мемлекеттерден тасымалдайтын болса, «біздің мемлекеттік қауіпсіздігімізге нұсқан келмей ме?» деген ой төңірегінде бас қатыратын көрінеді. Ал біз әлі де болса өзгенің өнімін ас-ауқат етудеміз. Мәселен, 1990 жылдары жалпы ішкі  өнімнің 34 пайызын ауыл шаруашылығы құраған болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 6-ақ (!) пайызды құрап отыр. Өткенде ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мырза «Қазақстанда отандық тамақ өндіру көрсеткіші 40 пайызды құрайды. Азық-түлік өнімдерінің 60 пайызын біз сырттан тасымалдаймыз» дегенді өз аузымен айтты. Халықтың қалай тамақтанып отырғанын осыдан-ақ білуге болады. Қалай десек те, қазір азық-түлікке қатысты шама-шарқымыздың анағұрлым қарқынды емес екендігі байқалып тұр. Осы тұрғыда мамандар «ендігі біздің бар мақсатымыз ашқұрсақ болмаудың барлық тетіктерін қарастыру болуы тиіс» дейді.

 

 

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

«Алаш айнасы» газеті 26 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019