Қазір әлемде вирусқа қарсы 100-ден астам вакцина әзірленіп жатыр. Кемінде олардың үшеуі соңғы кезеңде, яғни ерікті адамдарды сынақтан өткізіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметі бойынша, сынаққа мыңдаған адам қатысып жатыр. Бұл зерттеулер бірнеше айға созылады.
Ресей – коронавирусқа қарсы екпені ресми тіркеген бірінші мемлекет. Бірақ ресейлік және шетелдегі бірқатар ғалымдар бұған күмәнмен қарайды. Олар екпені сынаудағы үшінші кезеңнің толық аяқталғанына сенбейді. ДДСҰ өткен аптада Ресейді екпе қауіпсіз болуы үшін барлық кезеңнен толық өтуге шақырған.
Бірақ Путин ресейлік вакцина барлық кезеңнен сәтті өтті дейді. Ол тіптен өзі және қызы да екпе салдырғанын жеткізді. "Жақында екпені жаппай халыққа қолданамыз деген үміттеміз" деген Путин ол адамдарға тек өз қалауымен ғана салынғаны жөн деді.
Вакцина Гамалеи атындағы орталықта және Зеленоградтағы "Биннофарм" компаниясында шығарылады. Мұны Ресейдің инвестициялық қоры қаржыландырады.
Екпені 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап айналымға шығармақ. Оны айналымға шығару мен үшінші кезең қатар өтеді деді Гамалеи атындағы орталық директоры Александр Гинцбург.
Ресей үкіметі вакцинаны алдымен медициналық қызметкерлер мен мұғалімдерге, сонымен бірге денсаулығы қауіп-қатерде тұрған азаматтарға салынатынын мәлімдеген.
Бүгінгі күнге дейін Ресейде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 860 мыңға жетті. 14 300 науқас қайтыс болған.
Abai.kz