Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 15728 5 пікір 17 Тамыз, 2020 сағат 13:48

Айсұлтанның қазасы. Шетелдік БАҚ не жазып жатыр?

Кешелі-бергі әлеуметтік желідегі әңгіменің бір парасы Айсұлтан Назарбаевтың қазасы туралы болды. Ол 16 тамызға қараған түні Лондонда қайтыс болған. Оның нақты неден қайтыс болғаны жайлы ресми ақпарат жоқтың-қасы. Көп болжамның бірі – жүрегі тоқтап қалған болуы мүмкін.

Айсұлтан Назарбаев - Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. 1990 жылы 26 тамызда Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің отбасында дүниеге келген.

Ол Астанадағы «Халықаралық үздіксіз білім беру колледжінде», сондай-ақ Австрияның «American International School» мектеп-интернатында оқыған. Ұлыбританияның «Royal Military Academy Sandhurst» оқу орнын бітірген. КИМЭП университетінің магистратурасын «бизнес-әкімшілендіру» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2012 жылы ол Қазақстан Қорғаныс Министрлігінің Бас барлау басқармасында жұмыс істей бастады, онда бір жыл қызмет етті.

Футболмен айналысқан. 2016 жылы астаналық «Рахат» клубының сапында екі матч өткізген, сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдер құрамасы құрамында Еуропа-2006 чемпионатының іріктеу турниріне қатысқан. Студент шағында Англияның «Челси» және «Портсмут» жастар командаларында ойнаған.

2017 жылы Қазақстан футбол федерациясының ФИФА, УЕФА халықаралық ұйымдары және Ұлттық қауымдастықтармен байланыс бойынша вице-президент қызметін атқарды.

Айсұлтан Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіге тарасымен-ақ, жұрт әртүрлі пікірлер айта бастады. Әлемдік деп әсірелемесек те, шетелдік БАҚ үнсіз қалған жоқ. Айсұлтанның қазасына қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Оның әлеуметтік желілерде бұрын-соңғы сөйлеген сөздерін сарап қылып, түйін түюде.

Сонымен Айсұлтан Назарбаевтың қазасы туралы шетелдік БАҚ не жазып жатыр? Біз бір шолып шықтық... Ағылшын, орыс тілдеріндегі материалдардың дені ресми ақпараттармен немесе бұрын әлеуметтік желідерде талқыланып, түйіні жасалып қойған мәләметтермен шектелген. Солардың бірсыпырасы міне:

The Times of Central Asia: «Қазақстанның бұрынғы президентінің немересі Лондонда қайтыс болды».

Reddit.com: «Назарбаевтың немересі қайтыс болды».

Tass.com: «Қазақстанның бірінші президенті Назарбаевтың немересі Лондонда қайтыс болды».

The Telegraph: «Қазақстанның бұрынғы президентінің немересі өз отбасындағы коррупция туралы мәлімдегеннен бірнеше айдан соң Лондонда қайтыс болды».

Ал The Sun басылымы: «Супер ауқатты «плейбой» Ресейдегі коррупция туралы айтқаннан кейін қайтыс болды», деп мақала жазыпты.

Азаттық сайтының орыс қызметі Айсұлтанның қазасы туралы желі қолданушыларының пікіріне шол жасап, «Бақытсыз бала» және «Өз тегінің тұтқыны» деген тақырыппен материал жариялапты.

BBC-дің орыс қызметі өз материалында: «Өткен жылдың қазанында Ол есірткінің әсерімен полицейге қарсылық көрсетіп, ұрып, тістеп алғаны үшін Лондон сотымен сотталған. Оған шартты жаза тағайындалған және айыппұл салып, есірткіден айықтыру орталығында емделуді міндеттеген.

Кейін белгілі болғандай, Айсұлтан «Priory» дейтін атақты жеке клиникада ем қабылдаған.

Айсұлтанның өзі 2017 жылы «Фейсбукте» әкесі, президенттің Австрияға қашып кеткен күйеу баласы, ресми мәлімет бойынша түрмеде өз-өзіне қол салған Рахат Әлиевтің қазасынан кейін есірткіге әуес бола бастағанын мойындаған. Ол кезде Айсұлтан өзінің бұл тәуелділігін жеңуге «Атасы мен Жаратушы» көмектескенін айтқан.

Былтырғы жылдың ақпанында Айсұлтан Назарбаев «Фейсбукте» Британия билігіне қайрыла сөйлеп, саяси баспана сұраған. Ол кезде Айсұлтан «олардың сараңдығы мен тойымсыздығына байланысты» туысқандарымен ара-қатынасы жақсы емес екенін айтқан», - деп жазған.

Ал gazeta.ru сайты Айсұлтанның Лондонда «бас сауғалап» жүргенін шегелеп айтыпты. Сайт өз материалында: «Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританияда өз отбасынан тығылып жүрді. Ол Біріккен Корольдіктен 2020 жылдың ақпанында саяси баспана сұраған», - деп жазған.

Әйгілі dw.com порталы да Айсұлтанның отбасымен араздығы туралы жазған. Портал өз материалынды: «Өзінің «Фейсбук» парақшасында Ол Қазақстан мен Ресей билігінің арасындағы жоғары масщтабты коррупциялық жүйе туралы ақпаратты білетінін, Ресейлік «Газпром» сатып алатын қазақстандық газ туралы келісім бойынша «жасырын компания» барын, ол жерде 1,5 миллиард доллардың ақшасы айналымда екенін жазған. Ол ақша Сингапур арқылы өтетінін, Ресей билігі мен «Газпром» басшыларының қалтасына кетіп жатқанын, ал Қазақстанның үлесі 700 млн доллар төңірегінде болатынын, ол соманы Тимур Құлыбаев пен бұрынғы қайынатасы Қайрат Боранбаев өзара бөліске салып отырғанын жазды», - депті.

Новая Газета сайты: «Айсұлтан соңғы бірнеше айда әлеуметтік желі арқылы президент Тоқаевтан бастап қазақстандық бизнесмендерге, саясаткерлерге қарсы сөйлей бастаған.

Оның соңғы жазбасы 17 шілдеде жазылған екен. Онда «Қазақмыс» корпорациясының басшысы, әлемнің 500 ауқатты адамының тізіміне кіретін Владимир Кимге «Қазақстанның байлағын ұрлауды тоқтат» деген талап айтылған.

Осыған байланысты Айсұлтан Назарбаевтың қазасының астарында – күш қолдану фактісі бар деп топшылауға бола ма? 99% сеніммен – жоқ деп айтамыз», - деп түйіндепті. Әрі қарай, әр жолы ел-жұрт қызу талқылаған Айсұлтанның әлемжелідегі әртүрлі әңгімелеріне шолу жасапты.

Дарига Назарбаева высказалась о смерти сына | Tengrinews.kz

Жоғарыда айтқанымыздай, Айсұлтан Назарбаевтың қазасы туралы ақпарат әуелі әлеуметтік желіде жария болды. Кейін бұл ақпаратты Айсұлтанның анасы, Қазақстан Сенатының бұрынғы төрағасы Дариға Назарбаева растады. Ол Нұрсұлтан Назарбаев Қорының «Фейсбуктегі» ресми парақшасында жазба жариялаған.

«Біздің отбасымыз сүйікті Айсұлтанымыздың дүниеден озғанына байланысты сарыла қайғыруда. Осы қаралы кезеңде халайық бұл орны толмас қазаға қатысты түсіністігі мен әдептілігін танытады деп сенеміз», - деп жазған Дариға Нұрсұлтанқызы.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522