Қазақ мектебіне үш-ақ нәрсе керек екен...
Ағартушының педагогикалық еңбектері хақында
III мақала
Бұдан бір ғасыр бұрын тілі таза қазақша үш жылдық бастауыш мектепке зар болған Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы ауыл (қыр) мектептерінде «оқуға керек құрал жоқ, тәртіп [жүйе – Ә.Ғ.] жоқ, мөлшер жоқ, жоспар жоқ» деп сынай отырып, «екіншісінде, яғни орысша школдарда тәртіп те бар, құралдар да сай, мөлшер, жоспар – бәрі бар», бірақ сонысына қарай пайдасы аз дейді. Ақ патшаның қорлық-зорлығын да, қызылдардың қырғынын да бастан кешіп, көзбен көрген ұстаздардың ұстазын көріпкел көреген демеске шарамыз жоқ, ол бүгінгі ХХІ ғасырдың заманауи қазағының да тірлік-тынысын дәлме-дәл кейіптейді: «Олардың [школаның. – Ә.Ғ.] пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нәрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школалар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді; қазақ тұтынып отырған араб хәрпін тастатып, орыс хәрпін алдырамыз дейді. Сол үшін әуелі балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын; ана тілімен оқыса да орыс хәрпімен оқысын дейді. Сол үшін біреулері ана тілінде оқыған аты болу үшін қазақ тілінде орыс хәрпі[мен] басылған кітаптардан бастап оқытып, әрірек барған соң кілең орысшаға түспек керек дейді. Бұлар ептеп қайырмаушылардың жолы. Біреулері еп-септі қойып, бірден орысша оқыту керек дейді» («Қазақ» газеті, 1914 жыл, 9 май, №61).
Ағартушы осы «ептеп қайырмаушылардың» қақпанынан құтылу үшін, алдымен өзіне-өзі «Қазақ бастауыш мектебіне не керек?» деген төте сұрақ қояды да, артынша өзі шығарып отырған газетіне «Мектеп керектері» атты мақала жазып («Қазақ» газеті, 1914 жыл, 17 май, №62), көкейкесті сұрақтарға жауап беруге тырысады.
Расында да осы қазақ бастауыш мектебіне не керек?!. Өзге ұлттың қам-қарекетін өздеріне ысыра қойып, бір сәт шындықтың бетіне тура қарап, ақиқатын ашық айтайықшы. Жалбыр тонға жайылған жабысқақ биттей отыз жыл бойы арыла алмайтындай орыс оқуы әулие ме?!. Сиам егіздеріндей орыс тіліне немеге кіндігімізбен байланып қалдық?!. Ұлан-ғайыр қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі бір түйір орысы жоқ жерлердегі аралас мектептер кімге дәру, неге зәру?!. Әлде бұл елден ерек қазақ пен қырғыздың басына келген нәубет пе?!. Қазақтың үш жүзіндей, ошақтың үш бұтындай славян ағайындары жан-жаққа бытырап қашып жатқанда, біздің өз еркімізбен, шын пейілімізбен аю-құшаққа құлауымыздың сыры неде?!. Шынымен осы қазаққа не керек?!.
Ахаңша айтсақ, қазақ мектебіне сол ХХ ғасыр басында, тіптен қазір де үш-ақ нәрсе керек екен.
Біріншіден – мұғалім («Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы... Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім»).
Екіншіден – оқулық («Оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болу керек... Істің толық жақсы болуына құралдар сайлы һәм жақсы болуы шарт).
Үшіншіден – жүйелі бағдарлама («Мектепке керегі белгіленген программа. [Оқытудың] үлгісі я мерзімді өлшеуі боларға керек... Үйрететін нәрселердің кесімі-пішімі болуға тиіс. Сол пішім программа деп аталады»).
Ал екінші керек – оқу құралдардың өзін Ахаң тағы екіге ажыратады: 1) пұлға табылатын һәм 2) пұлға табылмайтын заттар.
Алғашқы пұлға табылатын заттар: қалам, қағаз, қара сия, сауыт, отыруға керек нәрселер (яғни, парта, үстелдер). Бүгінгі заманның пұлға табылатын нәрселері – ғимарат (екі, тіптен үш ауысыммен оқымас үшін), компьютер, қолжетімді ғаламтор... Ертеңгі өскелең заман бұдан басқа да керектерді алдымызға тартпақ. Бір өкінішті қап дегізері – сол пұлыңыздың өзі табылмай тұрғандығы!..
Келесі «қазірінде пұлға табылмайтын: қазақ мектебінде қазақ тілінде оқытуға керек кітаптар. Өткен нөмірде қазақ бастауыш мектебінде үйретілетін білімдер мынау дедік: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, жағрафия, жаратылыс жайы. Осыларды үйретуге керек кітаптар қазақ тілінде жоқ. Міне, қазір іздесек ақшаға табылмайтын құралдар осы. Осыларды дүнияға шығару керек» («Қазақ» газеті, 1914 жыл, 17 май, №62).
1. ОҚУЛЫҚ
Тон жағасыз, ел ағасыз болмайды. Болашағынан үміті бар ұлт ұлыларын туғызбай тұра алмайды. Өткен ғасыр басында ұлтым, жұртым деп атқа қонған Алаш арыстары арасынан қазақтың бағына туған қос бірдей Ағартушы бел шешіп, білек сыбанып, осы ақша-пұлға табылмайтын құралдарды – алғашқы қазақы оқулықтарды дүнияға шығарды.
Жоқтан бар жасап, тыңға түрен салған алғашқы ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы астана Орынборда өзінің үш кітаптан тұратын «Тіл-құрал» һәм «Әдебиет танытқыш» сынды оқулықтарымен қазақ қоғамдық ғылымдарының іргетасын қаласа, одан бір мүшел кейін туған энциклопедист-ғалым, ұлтының тән дауасы мен жан жарасының шипагері Халел Досмұхамедұлы астана Тәшкенде жалғыз өзі жанталаса жүріп, «Табиғат тану», «Адамның тән тірлігі», үш томдық «Жануарлар» атты тұңғыш төл оқулықтарымен қазақ жаратылыс тану ғылымын аяғын тұрғызып, төл терминогиясын (пән сөздерін) қалыптастырды. Олардың ізін қуған шәкірт-тұстастары, ұлт жанашырлары ғылым-білімнің әр саласы бойынша оқулық түзіп, төл дүние тудыруға талаптанып, қолдарына қалам ала бастаған болатын...
Құдай бұны көп көргендей, қазақ зиялыларының басына тағы да кезеіті ала бұлт үйірілді. 1925 жылдың қыркүйегінде Мәскеуден арнайы тапсырмамен астана Қызылордаға табаны тиген Ф.Голощекин өзімен бірге алапат алақұйын дауыл ала келді. Шыбынша қырылған, азып-тозып, босқыншылыққа ұшыраған қалың қазақ «ораза-намаз тоқтықта» деп, азғантай қазақы оқу-білімінен айырылды. Жетімдер үйі мен интернаттың қара нанын місе тұтқан міскіндерге енді қандай оқу болса да бәрібір еді. Көлігін енді-енді сайлай бастаған ұлттық білім көші тоқырап, мүлдем тоқталды. «Халық жаулары» жазған төл оқулықтарды тұтынуға тыйым салынды, тапқандары жиналып алып өртелді. Олардың орнын шекесінде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» ұранды дүмбілез оқулықтар басты... «Ептеп қайырмаушылар», әсіресе Тыңға түрен салған Н.Хрущевтің заманында еп-септі қойып, қазақ балаларын мұрнынан тізіп бірден орысша оқуға көшірді. Дүркін-дүркін соққан сол дауыл-аждаһалар басын жұтып, күшігінде таланған қазақ қауымы басқа тиген таяқтан сабақ алмады, әлі күнге мемлекеттік тіл орнықпай, бірыңғай ұлттық қазақ мектебі мәселесі шешімін таппауы сондықтан.
Бір медет тұтарымыз, ұлт көсемдері, аласапыран заманда Алаш арыстары еккен дән, төккен тер босқа кетпеді. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлының ана тілін түрлеген, қазақ ұлттық мектебін қалыптастырған педагогикалық еңбектері «біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болды» (М.Әуезов бағасы). Өйткені ол қазақтың жаны – ана тіліне қатысты еңбектер еді. Өйткені ол балталаса да мұқалмайтын, қай заманның да ыстық-суығына төзімді кешенді, ер-тұрманы келісті қайталанбас туындылар еді.
Кешенді дейтініміз Ахаң ана тілін қопара зерттеп, саты-сатымен, қазақы ұғым-түсінікпен туған тілдің бар ерекше қасиет-қадірін түгел ажыратып, айқындап берді. Алғашқы «Әліппелер» («Оқу құралы» атаулы) мен «Сауат ашқыштар» Ана Тілі Сарайының іргетасы болып төселсе, қабырғаларын «Тіл-құралмен» өріп тұрғызды, шатырын «Әліппе астары», «Тіл жұмсар», «Баяншы»-лармен жапты. «Әліппе» жайын өткен жолы сөз еткенбіз, ендігі әңгіме арқауы «Тіл-құралдар» туралы болмақ.
Жасыратыны жоқ, мамандар арасында жүз жасаған үш томдық «Тіл-құрал» мұғалімдер сүйенер оқу құралы ғана ма, әлде тіл білімінің бастауы бола алатын ғылыми еңбек пе деген заңды сұрақ, басын ашып алар түйткіл мәселе бар. Әрине, бұған атүсті қарап, бірден үзілді-кесілді жауап беру жауапсыздық болмақ. Оның үстіне Ахаңның ілімінің негізінде тек тілтаным тараулары ғана емес, жазу, емле, орфография мен орфоэпия, фольклор мен мұратану, педагогика ғылымының сан тарау салалары дамып, өркен жайып отыр. Сондықтан ахметтану әлі де ұштала түссе, түрлі сала мамандары тереңдеп зерделеп, өз үлестерін қоса түссе деген тілек бар.
Біздің байқап, таң қалудан танбай келе жатқан Ахаңның тілтанымдық еңбектерінің бір ерекшелігі – оның қазақы табиғилығы, ұғымға жеңілдігі және атау сөз, терминдерге өте орынды, сәтті жіп тағатындығы. Қос ағартушы – Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедұлының еңбектерін алғаш қолға алған оқырманның өзі еш қиналмайды, белгісіз де белгілі бір ғажайып әлемге еніп кеткендей, бұрын білмесе де, ол туралы ешқашан ойланбаса да, оқулықты оқығандасол жазылған құбылысты баяғыдан білетіндей бір сиқырға тап болады. Ахаңның тілтанымдық еңбектері қанша дегенмен абстрактілі дүние ғой, ал Халекеңнің анатомиясын – «Адамның тән тірлігін» (Алматы: «Арыс» баспасы, 2019) бажайлап оқып көріңізші. Бастан башпайға дейінгі дене мүшелері, олардың құрылысы мен қызметі, жүрек соғысы, қан айналысы, ас қорыту, бәрі-бәрі ғылыми негізде, бірақ қарапайым да нақты қазақы ұғым-түсініктермен жүрекке жетеді. Көз жүгіртіп шыққаныңыздың өзінде көп нәрсе есте қалады, білім ұшқынын сап етіп ұстап алғандай болып, еш қиналмастан жадыңызға жазып аласыз. Мен мұны өкінішке орай кейінгі бірнеше буынның жоғалтқан, байырғы қазақ тілінің мәйекті сөз тұнбасының қадір-қасиеті деп білем. Ахаңдардың сарқыты – Мұхтар Әуезовтің көркем ойлау жүйесі мен сиқырлы сырлы тіл әлеміне ынтамен бойласаңыз, қазіргі тіліміздің жұтаңдығын, қазақилық кеңістігіміздің қаншалықты тарыла түскенін байқар едіңіз. «Таяқтың екі ұшы бар» демей ме, әсіре сауаттығымыз кейде маған қазақы сауатсыздыққа алып келетіндей болып көрінеді...
Хош, Ахаңның «Тіл-құралына» оралайық. Орынбор қаласында 1914 жылы «Тіл-құралдың» екі кітабы қатарынан жарық көрді. Оның бірі – «Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық» деп аталса, келесісі – «Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Екінші жылдық».
Жоғарыда Ахаңның «Әліппесінің» бірінші кітабы Орынборда 1912 жылы, екінші кітабы 1913 жылы жарық көргенін айтқанбыз. Енді, міне, 1914 жылы баспа бетін көрген тағы жаңа қос оқулығына куә болып отырмыз. Біздіңше, мұндай хронология бұл еңбектердің жазылып біту уақытын дәл көрсетпейді, тек татар ағайындардың қол ұшын созып, баспаханалық мүмкіндіктерінің орайын тапқан сәті деп білген дұрыс.
Қос кітап та өзінің үшінші басымында атын өзгертіп, мазмұнын нақтылай түседі: «Тіл-құрал. Дыбыс жүйесі hәм түрлері. Бірінші тіл танытқыш кітап. Үшінші басылуы» (Орынбор, 1923) және «Тіл-құрал. Сөз жүйесі hәм түрлері. Екінші тіл танытқыш кітап. Үшінші басылуы» (Орынбор, 1923). Осылайша алғашқы оқулық бүгінгі ұғым-түсінікке сай «Фонетика», ал келесісі «Морфология» екені айқындалып тұр.
Әңгімені қысқартыңқырап, осы тұста әр кітаптың бөлім-бөлімге (қара әріппен көрсетілді. – Ә.Ғ.), тарау-тарауға бөлінуі бойынша мазмұнын келтіре кетсек, қалың оқырман қауым бүгінгі өзі жасынан жаттап өскен атау сөздерді (терминдерді) айнытпай танып қояры сөзсіз.
Бірінші тіл танытқыш кітап, фонетиканың мазмұны:
Сөз басы
Тіл мүшелері
- Сөйлеу мен сөйлем
- Сөйлем мен сөз
- Сөз бен буындар
- Буын мен дыбыс
Қазақ тіліндегі дыбыстар
Атауыш сөздер
- Зат есім
- Сын есім
- Сан есім
- Есімдік
Шылау сөздер
- Үстеу
- Демеу
- Жалғаулық
- Одағай сөз
Тасымал
Ахаң тұңғыш кітабының «Сөз басында» тіл, жазу, оқу, оқушыларды дағдыландыру, сынау тақырыбында қысқа да нұсқа тұжырымды ойларын жеткізе кетеді: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман», «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, қатта жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде әр халықтың тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздердің бір-бірімен жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады».
Бірінші кітаптың сөйлеу мен сөйлемді, сөйлем мен сөзді, сөз бен буынды, буын мен дыбысты танытанын айтады. Ал дыбыс танудан хәріп мәселесі туады. Дыбыс пен хәріп мәселесінен жазу ережелері мен сөз түрлері, сөз тұлғалары мен сөз өзгерулері туады. «Сөйтіп «Тіл-құралдың» 1-ші бөліміндегі дыбыс жүйесі мен түрлері деген тіл таныту бөліміне осы айтылған нәрселердің бәрі де кіреді, әрқайсысынан қысқаша бастауыштық дәрежелі білім беріледі» дейді ұстаз.
Ахаңның «Әліппесі» сияқты «Тіл-құралдар» да үлкен сұранысқа ие болды. Олардың нақты қанша рет, қанша таралыммен басылып шыққаны әлі нақтылана қойған жоқ. Біз төменде бұл кітаптардың қолымызға түскендерін таныстыра кетуді жөн көрдік
Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. – Орынбор, 1914. – 53 бет.
Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. – Ташкент, 1918. – 32 бет.
Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. – Ташкент, 1922. – 90 бет.
Тіл-құрал. Дыбыс жүйесі hәм түрлері. Бірінші тіл танытқыш кітап. Үшінші басылуы. – Орынбор, 1923. – 46 бет.
Тіл-құрал. Дыбыс жүйесі hәм түрлері. Бірінші тіл танытқыш кітап. Төртінші басылуы. – Орынбор, 1924. – 48 бет.
Тіл-құрал. Дыбыс жүйесі hәм түрлері. Бірінші тіл танытқыш кітап. Бесінші басылуы. – Орынбор, 1924. – 48 бет.
Тіл-құрал. Дыбыс жүйесі мен түрлері. Бірінші тіл танытқыш кітап. Бесінші басылуы. – Қызылорда, 1925. – 39 бет.
Тіл-құрал. Дыбыс жүйесі мен түрлері. Бірінші тіл танытқыш кітап. Өзгертпей бесінші басылуы. – Қызылорда, 1926. – 39 бет.
Тіл-құрал. Дыбыс жүйесі мен түрлері. Бірінші тіл танытқыш кітап. Өзгертіліп, алтыншы басылуы. – Қызылорда, 1927. – 39 бет.
«Тіл-құралдың» екінші кітабы – «Морфологияның» мазмұнына да көңіл аударсаңыз жүз жылды артқа тастап, тілімізде мәңгілікке орнаған Ахаңның терминдеріне ұшырасасыз.
Сөйлеу бөлімдері
- Зат есім
Тәуелді қалып
- Оңаша тәуелдік
- Ортақ тәуелдік
- Сын есім
- Сан есім
- Есімдік
Етістік
- Етістер
- Райлар
- Көсемше
- Есімше
- Үстеу
- Демеу
- Жалғаулықтар
- Одағай
Морфологияның бізге белгілі басылымдары мыналар.
Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Екінші жылдық. – Орынбор, 1914 (Сыртқы мұқабада – 1915). – 120 бет.
Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Екінші жылдық. – Ташкент, 1920. – 96 б.
Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Екінші жылдық. – Қазан, 1920. – 104 бет.
Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Екінші жылдық. Екінші рет басылуы. – Ташкент, 1922. – 96 бет.
Тіл-құрал. Сөз жүйесі hәм түрлері. Екінші тіл танытқыш кітап. Үшінші басылуы. – Орынбор, 1923. – 128 бет.
Тіл-құрал. Сөз жүйесі hәм түрлері. Екінші тіл танытқыш кітап. Төртінші басылуы. – Орынбор, 1924. – 128 бет.
Тіл-құрал. Сөздің жүйесі мен түрлері. Екінші тіл танытқыш кітап. Түзетіліп, толықтырылып, жаңа емлемен бесінші басылуы. – Қызылорда, 1925. – 122 бет.
Тіл-құрал. Сөздің жүйесі мен түрлері. Екінші тіл танытқыш кітап. Түзетіліп, толықтырылып, жаңа емлемен алтыншы басылуы. – Қызылорда, 1927. – 122 бет.
Сонау 1914 жылы-ақ бастауыш мектепте балаларға тіл таныту үш тарау болып бөлінетінін ашып айтқан Ахаң: «Сөзді дұрыс тізіп сөйлеу, әсіресе дұрыс тізіп жазу үшінші жылдық «Тіл-құралда» айтылмақшы», – дегенімен қазақ грамматикасының соңғы тарауы – «Синтаксис» кітабы көп кейін, 1923 жылдан бастап ғана жарық көрді. Мұның себебі қазір де ғылыми ортада синтаксис саласының табиғаты күрделі саналып, оңайлықпен танып, зерттеп-зерделеуге көне бермейтіндігінен болса керек.
Бұл орайда да аз сөзбен үшінші кітаптың мазмұнына көңіл бөлу арқылы Ахаңның синтаксисті пән ретінде қалыптастырғанына көз жеткіземіз.
Сөйлем жүйесі
Сөйлем жүйелері
- Бастауыш
- Баяндауыш
- Анықтауыш
- Толықтауыш
- Пысықтауыш
- Бұратана сөздер
Сөйлем түрлері
- Болымды сөйлем
- Болымсыз сөйлем
- Толымды сөйлем
- Толымсыз сөйлем
- Жалаң сөйлем
- Жайылма сөйлем
- Сұраулы сөйлем
- Лепті сөйлем
- Тілекті сөйлем
Ал үшінші тіл танытқыш кітаптың таралымына келсек, қолымызды мынадай мәліметтер бар.
Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі hәм түрлері. Үшінші тіл танытқыш кітап. Бірінші басылуы. – Орынбор, 1923. – 68 бет.
Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі hәм түрлері. Үшінші тіл тантқыш кітап. Екінші басылуы. – Орынбор, 1924. – 67 бет.
Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері. Үшінші тіл танытқыш кітап. Түзетіліп, толықтырылып, жаңа емлемен үшінші басылуы. – Қызылорда,
1925. – 73 бет.
Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері. Үшінші тіл танытқыш кітап. Төртінші басылуы. – Қызылорда, 1927. – 73 бет.
Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері. Үшінші тіл танытқыш кітап. Түзетіліп, толықтырылып, жаңа емлемен бесінші басылуы. – Қызылорда,
1927. – 73 бет.
Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері. Үшінші тіл танытқыш кітап. Түзетіліп, толықтырылып, жаңа емлемен алтыншы басылуы. – Ташкент-Қызылорда, 1928. – 72 бет.
Сонымен кеңестік тоталитарлық жүйе жолын кесіп, көшін тоқтатқан алғашқы қазақ оқулықтары мен олардың авторлары туралы әңгіме енді ғана басталды. Бүгінгі өзекжарды талап – қазақ ұлттық мектебін қалыптауға бұл мұра оқулықтардың қаншалықты пайдасы барлығы туралы ең алдымен ұстаздар қауымы үн қосса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, кеңесіп пішкен тон ешқашан келте болмас.
(жалғасы бар)
проф. Ғарифолла Әнес
I мақала: Әр нәрсе «Әліппеден» басталады...
II мақала: Ағартушының педагогикалық еңбектері хақында
Abai.kz