Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8522 22 пікір 20 Қыркүйек, 2020 сағат 14:26

Қазақты ән мен той қуған тобырға айналдырғысы келеді...

Қазақстандық апартеидке ендігі жылы 30 жыл толады. Қазақтың көзі жасқа, көкірегі өксікке толып «Қазақстандық апартеидте» өмір сүріп келе жатқанына 30 жыл. 30 жыл, иә, қанша жерден көк туымыз желбіреп егемендік алғанымызбен 30 жыл бойы еш үніміз шықпай этникалық құлдықта қор болып келеміз. Бұдан құтыла аламыз ба!? 

Апартеид (африкаансша: apartheid – бөлек өмір сүру) – нәсілдік белгілеріне бола байырғы тұрғындарды арнаулы қамаушада, оқшауландырып ұстау арқылы саяси, әлеуметтік-экономикалық және азаматтық құқыларынан айыратын нәсілдік кемсітушіліктің шектен шыққан түрі. Иә, қазіргі алаш қоғамында құқығы аяққа тапталған қазақ тілділер мен алқып-шалқыған орыс тілділер екі бөлек өмір сүріп келеді. Екеуінің басын қосуға талпынысты тек екінші Президентіміз ғана қолға алды. Қазақ билігі бұл қадамға тым кеш, ұлттық мемлекет құруға арналған алтын уақытты босқа зая етіп барып әзер дегенде бармақшы. Қазақстандық апартеидті құлату «Тым кеш пе, әлде тым ерте ме?» 

Орыс отаршылдығы бізге үш мұра қалдырды. Олар қызыл империяның тілі мен мәдениетінің бесінші колонналық игерлері болып саналатын қара орыс қуыршақтары, этникалық славяндарды өз назарында әм ықпалында ұстаудың кілті Мәскеулік Орыс Шіркеуіне бағынышты әр аймағымыздағы кейбір дін иелері шын ниетін жасырып, дінге емес, астыртын орыс барлауына қызмет ететін епархиялық діни басқармалар және Егемен елдегі өз одақтастары қара орыстарға ғана қызмет ететін, солардың экномикалық-саяси мүддесіне жұмыс істейтін ұлтсызданған жалған інтернационалист бюрократия осы үш аждаһа 30 жылдан бері нәсілшілдік режім орнатып, этностық ар-намысымызды аяққа таптап, ұлттық мемлекет құруымызға, мәдени-рухани жаңғыруымызға, жаһандық ғаламдастыру көшіне өз біргейлігіміз бен төл ерекшелігіміз бар дербес ел болып  ілесуімізді аяқтан шалып, тегіс жерде сүріндіріп, бірде ашық, бірде бой тасалай кедергі келтіріп отыр.

Нәсілшіл режім сүйенген бұл үш китке кейін келе Парламенттегі белгілі бір депутаттар корпусы (ҚКХП мен Nur Otan-ның кейбір халық қалаулылары) және қазақ тілді болса да, зор билікке қол жеткізген соң, байлық пен мансап үшін ұлтын нәсілшілердің тиын-тебені үшін сатқан кейбір шенділер де қосылып отыр. Сондай-ақ, белгілі бір жобаға бөлінетін бюджет ақшасы мен мемлекеттік грант үшін ұлтына тас атушы зиялыларымыздың да нәсілшілдік режімнің жасырын қол шоқпарына айналғаны да жасырып жабатын дүние емес. 

Қазақ тілін қолданыстан шығарып, алашты дербес этнос ретінде ТМД аймағында үстем тілге ассимиляциялап жоюды алдарына басты мақсат етіп қойған нәсілшілдік расизм орнаған елдің Ата Заңында «7-бабында:

1, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі.

2, Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген.

Титулды ұлттың тілі оны күнделікті тұрмыста сөйлеушілері және өзге этностар арасында да кәдеге жаратушыларының қарасы өте көп болса да, басқа саны аз орыстанған ұлттарға керексіз дүниеге этникалық кемісітілушіліктің ең басты тетігіне қасақана айналдырылып, нәтижесінде қазақтар ата-бабасынан мұраға қалған өз жері, өз елінде әм ұлттық мемлекетінде конституциялық құқығы аяққа тапталған ұлтқа айналып шыға келді. Бұны біз БҰҰ мінбесінен «Қазақтар этникалық әм нәсілдік зорлық-зомбылыққа ұшырауда» деп көтеруді қолға алуға тиіспіз. Қытай қалай Шыңжанда мемлекеті жоқ ұйғырларға қысым көрсетіп жатқанын бүкіл жаһан жұртшылығы біледі, Қазақстанда қара орыс нәсілшілдері қазаққа 30 жылдан бері тап сондай қысым көрсетіп келе жатқаны әлем назарынан мүлдем тыс қалуда. Бастамашыл топ құрылып, Еуропарламенте бұл мәселе көтеріліп, Мәскеу қолдануына ие нәсілшілдер жазалануға тиіс.

Қара орыс нәсілшілдері Ата Заңымызға конституциялық құқығымызды бұзып, 1995 жылы сол кездегі өзге ұлттың үлес санының көптігін бет перде етіп, аярлықпен заңсыз енгізген «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тармақты мүлдем алып тастауды санымыз көбейген тұста сөз еткендерді нәсілшіл режім бір сөзге келмей «Халық жауы» деп санайды.

Конституциялық заңды құқы жоқ орыс тілін «Мемлекеттік тілге» айналдырушы, мемлекеттік қызметтің барлық саласында «Қазақ тілін» босағадан  сығалатқан нәсілшіл режім осы біздің қазаққа керек пе? деген сауал бірінші рет көтеріле бастады. Өйткені, ешбір саяси ұйым, небір саяси тұлға осы уақытқа дейін «Қазақстан – нәсілшілдік режім орнаған ел»  дегенді ауызға алған емес. Тек «Түйенің танығаны жапырақтықпен» ойбай тіліміз дамымай жатыр, билік сөйлемеді деген жалпылама айқай салуды ғана білді. Нәсілшілдік режім орнағаны жабулы қазан жабулы күйінде қала берді.

Таяуда қара орыс идеологтары көрші елдегі жергілікті ұлттың санының өсуінен, саяси санасының ояна бастауынан секем алған әм алысты болжай қауіп еткен Мәскеудің түртпегімен «азаматтық ұлтшылдық» деген пәлені ойлап тауып, жұртты дүрліктіре бастады «Какой национализм возьмет верх в Казахстане – этнический или гражданский?».

Нәсілшілдер ойлап тапқан әлемде жоқ жалған інтернационализмнің қой терісін жамылған қасқырлығы болып табылатын бұл «азаматтық ұлтшылдық» туралы кейін жеке сөз ететін боламыз.

Нәсілшілдік режімге бірінші соққыны екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев берді.

«Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр.

Әрине, Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтіру жайында сөз де болмауы тиіс. Олардың барлығы өздерінің тілдерін оқып, қолдануға, мәдениеттерін дамытып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқылары бар және болып та қала береді.

Бұған қоса, қазақ тілі де жедел дамуы қажет. Оған болашақта шын мәніндегі ұлтаралық байланыс тіліне айналу бұйырған. Бізге әлемдік ғылым мен мәдениет біліміне жол ашқан орыс тілінің тарихи мәнін де төмендетіп отырғаным жоқ. Қазақстан тұрғындары оны жоғары деңгейде білуі тиіс. Мұның бізге тек пайдасы бар», деді.  

Елші болып істеген сұңғыла Президентіміз тұңғыш рет Қазақстан көп ұлтты ел емес, бір тілді, бір мүдделі қазақтар тұратын мемлекет дегенді астарлап жеткізді. Бұл қара орыс нәсілшілерге ұнамай қалды. Келесі жолы Ресейдің елідімзде шығатын «КП» басылымында тек орыстар ғана диаспора болып табылмайды қалғандары диаспорлар дегенді астарлап жеткізді. 

"Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыстар тұрады, олардың жалпы халық санындағы үлесі 19%-ті құрайды. Жақында шетелдік сараптамалық материалдардың бірінде мен "Қазақстандағы орыс диаспорасы" деген сөйлемді кездестірдім. Кейін шынайы жағдайға түбегейлі қайшы келетін мұндай пікірді қолданбау керектігі туралы идеологтарымыз бен сарапшыларымызға ескерту жасадым. Орыстар – біздің халқымыздың ажырамас бөлігі, олардың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі өте зор және ұмытылмайды", – деді Тоқаев.   

Қазақ тілді әм алаш жанды милетшіл кәсіпкерлер кәсіпорындарды, кен орындарын әм қала мен өндірісті аудан орталықтарындағы нысандарды жекешелендіруден шеттетіліп, алаштық бизнес элита құра алмай қалды. Нәтижесінде бірде-бір қазақ тілді және орыс тілді жаны қазақ миллиардеріміз жоқ. Болмайды да. Шынын айтқанда оған жол бермейді.

Бірақ қара орыс нәсілшілдері АҚШ этностық расистік саясатынан үлгі алып, қазақты шоубизнесте ғана өзін танытуға жол берді. Қазір тіліміз санымыз көп болса да дамымай жатқан да, Попмузыкадағы әніміздің атағы жер жарауының феноменінің сыры осында жатыр. Қазақты саясаттан алыстатып, ән мен той қуған тобырға айналдыру нәсілшіл идеологтардың арманы. Әлеуметтік-экономикалық салада ірі қалалар маңындағы жерді меншіктеп қазақ сорлыға сорын қайнатып, мойындарына тұрғын үй несиесінің мәңгілік қамытын кигізіп қойды. Экономикалық салада бәсекелестік жоқ. Белгілі бір ел дамуына қатысты жоба қабылданатын болса, оған алдын ала қара орыс нәсілшілерінің итаршылары ие бола қояды. Төрт түлікті бағудың, суарылмалы егіннің бабын білетін қазақ фермері мен диханы Еуропа нарығын айтпай-ақ қоялық, ЕАЭО кеңістігінде құлашын кеңге сермей алмауының астарында қазақ диханы мен фермерінің байып кетпеуі үшін жасалған шырмау мен тұсау жатыр. Шошқа бақ деп мұсылман қазаққа ақыл айтудың ар жағында да санасы ояу жан болатын болса, нәсілдік кемістіушілік қол бұлғап тұр. 

Сол үшін қара орыс нәсілшілдерінің бұрынғы әм бүгінгі қолшоқпарлары билік пен бизнестен кетіңдер деу керек. «Қазақстанда қазақты оның тілін кемісітетін Нәсілшіл режім жойылсын» деп ұрандату уақыт талабы. 

Осы 30 жылда бізде бір ғана мемлекеттік идеология «қазақты екінші сортты» ұлт санайтын жалған інтернационализмге негізделген «нәсілшілдік идеология» қалыптасты. Оның ұраны әуелі «қазақстандық ұлт», Елбасын имандай ұйытып, аузына сөз, астына бөстек төсеген еш жерде жоқ, еш елде жоқ «Үш тұғырлы тіл» концепциясы, таяуда билік ауысқан соң жаңа әуенге басып, «азаматтық ұлтшылдық» деген пәлені ойлап тауып, жұртты дүрліктіре бастатағаны туралы жоғарыда сөз етіп кеттік. 

Нәсілшілердің қол жеткізген 30 жылдық жетістігі қазақ тілді қоғам әм діни қайраткерлерді ана тілімізде ұлттық және діни партия мен кәсіподақ құру құқығынан Заңмен айырғандығы. Ана тілімізде ұлттық және діни партия мен кәсіподақ құруға тыйым салынып келеді. Бұл құрсау қашан бұзылады?!

Кинопрокат, кинотеатрлар желісі, інтернет ресурс, медиа кеңістіктің есігі тілі мен жаны әм ділі қазақ бизнесмені үшін қара орыстық қара құлып салынған алтын сарай. Ол сарайда қазақ тілді әм алаш жанды орыс тілді милетшілерге орын жоқ. 

Ең әуелі КГБ –інің айдаулы құлы болған кезде не түрлі сұмдықты үйреніп кәніккен қара орыс нәсілшілері жаны мен ділі алаш, бірақ тілі орыс милетшілерді түрі қазақ бірақ жаны мен ділі орыс мәңгүрттердің санатына қасақана қосып «шала қазақ» атандырса, ал тілі қазақ милетшілерді «нағыз қазақ» деген догманы ойлап тауып, қазақты қазаққа айдап салып, үрит соқ деп тасадан мәз болып қарап отыр. Қазақ тілділер олардың айтағына сеніп, айдауында жүріп, жаны мен ділі қазақ, бірақ тілі орыс өз қандастарын өзектен теуіп келеді. Қара орыс нәсілшілерінің тағы бір ойлап тапқан дүниесі сырттан келген қандастарымыздың санасына қазақ жеріндегі қазақтардың бәрі «орыс құл» деген идеяны сіңіріп, қазақ тілді қауымды бір-бірімен біріктірмеу саясатын ұстануы. Олар қай кезде болмасын қандастарымыздың елге ағылып келуіне түрлі тосқауыл жасап, елге келгеніне 30 жыл болған қандастарымыздың Билік пен Парламентке жоламауын өз қолдарында ұстап, қолдан кеткен Ана Жұрттан «елім деп, жерім» деп қолда қалған Ата Жұртқа келген отандастарымызға нәсілшілдік қорлық көрсетіп келеді.

Бізді бұрын санымыз аз кезде «қазақстандық ұлт» деген мифке сендірмек болды, қолдан Қазақстанды автохондық мәртебеге ие емес, ұлттық азшылықтағы бастарын қоса алатын (ұйғыр, тәжік, дұңған, өзбек, орыс тілді славяндар, түрік, кәріс, татар, шешен-ингуш және күрд сынды) 10-ақ диаспорасы бар елді (өз қолдарындағы саясаттың сиқырлы таяғымен тілі мен жаны орыс тілді төл құжатында әйтеуір әлемдегі көбедей көп бір этникалық ұлысқа жататыны көрсетілгендерден 120 этносты құрап) ақыр аяғы 130 ұлт тұратын көпұлтты мемлекетке айналдыра салды. 

«...Мемлекеттік қызметтегі 1000 зейнеткер, 8 мың лауазымды шенеунік қысқаратын болды. Мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту кезең-кезеңімен жүргізіледі.

«Биыл мемлекеттік аппаратты 10 пайызға, келесі жылы тағы 15 пайызға оңтайландыру жоспарда бар. Президенттің мемлекеттік аппаратты 25 пайызға қысқарту тапсырмасы 2021 жылы жүзеге асады», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.

Егер қысқарту шын жүретін болса, мемлекеттік тілде жаза білмейтіндер жаппай қысқартуға ұшырауға тиіс.  

Енді санымыз көп кезде жаны қазақ, түрі қазақтар мен тілі қазақ милетшілерді «нацпат» пен «казахофашиске» айналдырып, жеке бастары мен азаматтық позициялары үшін күстаналауға неге жол береміз?! Нәсілшіл режім идеологтары алаш қоғамына тықпалап отырған жаңа концепция бойынша қазақша да, орысша да сөйлей алатын бірақ қазақтығы басымдар неге «этникалық ұлтшыл» болады, аты берілген елде тұрып, оның мәдениеті мен тілін тәрік еткендер неге «азаматтық ұлтшыл» болады? деген ойға қалдырады.

Нәсілшілдік режімге өзінің күні өтіп бара жатқанын қалай түсіндіріп, көпті қорқыта алмайтын қалай ұқтырамыз, ағайын?! Тек саяси талапты ишаралай қоятын бейбіт жолмен бе, әлде талапты төтесінен қоятын түре көтерілетін күрес жолымен бе?!

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467