Сейсенбі, 27 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110542. Жазылғандар — 105675. Қайтыс болғандар — 1796
517 1 пікір 29 Қыркүйек, 2020 сағат 11:46

Пандемия: Кинотеатрлар 150 млрд теңге жоғалтқан

Еліміздегі кинотеатрлар пандемия салдарынан 150 млрд теңге жоғалтқан. Бұл туралы Хабар 24 мәлімдеді. 

Саланың болашағы бұлыңғыр. Бұл туралы кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудина саланың болашағы бұлыңғыр екенін айтты.

Тіпті кинотеатрлар ашылған күннің өзінде кино көруге келетін адамдар азайып кете ме деп қорқады. Еліміздегі әрбір бесінші кинотеатр жабылуы мүмкін. Карантиндік шектеулердің жеңілдеуі бұл салаға қатысты болмай тұр. Кәсіпкерлер тығырыққа тірелген. Қазірдің өзінде орташа шығын 150 млрд теңгеге жуықтады.

Кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинаның айтуынша, шығын бұдан да көп болуы мүмкін. Тәуекелге толы бизнеске келуге ниетті кәсіпкерлердің беті қайтқалы қашан. Карантинге дейін елде 92 кинотеатр, 350 кинозал жұмыс істеді. Оның онға жуығы жабылып үлгерді.

Қауымдастық президенті жағдай оңалмаса, жабылған мәдени ошақтардың саны еселеп артатынын айтады. Кәсіпкерлер ең болмағанда ашылуға болатын болжалды уақытты көрсетсе дейді. Бірақ әзірге жауап жоқ. Оның үстіне кинотеатр кірісінің басым бөлігін попкорн сатылымы құрайтын.

Карантиндік талаптардың бірі – залға азық алып кіруге тыйым салу. Бұл да саланың қадамын бөгейтін түрі бар.

Жалпы, індетке дейін елдегі кинотеатрларда 6000 адам жұмыс істеді. Олардың көбі жаңа жұмыс іздеп кеткен.

Мунира Ягудина, Қазақстан кинотеатр иелері қауымдастығының президенті:

– Біз барлық құзырлы органға хат жолдап, мәселені көтердік. Бірақ еш нәтиже жоқ. Онсыз да шығыны көп сала еді. Қазіргі жағдайымыз тым мүшкіл. Бізді естір жан бар ма? Театрлар ашылып жатыр ғой. Індет жұқтыру қаупі бар дейді. Бірақ ұшақпен емін-еркін ұшып жатқандарды қайтеміз?! Алгоритмге сай кинозалды 30 процентке ғана толтыру керек екен. Мысалы, 600 орындық кинозалға 50 адам жинап алу қисынсыз. Одан кейін кино – тез бұзылатын тауар. Жаңа туындыларды экранға шығарып, прокатқа ұсынуымыз қажет. Уақыт ағынынан қалып жатқанымыз қынжылтады. Қазанда жаңа фильмдер аз түседі. Соған қарамастан, кез келген шартты қабылдап, жұмысты жандандырғымыз келеді.

Abai.kz

1 пікір