Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3946 0 пікір 3 Қаңтар, 2012 сағат 22:41

Интернет-конференция: Бағдат Қожахметов (жалғасы)

 

«31 арна» басшысы Бағдат Қожахметов конференция барысында оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға толық жауап беріп отыр.  Бағдат мырза оқырмандармен сұхбат барысында өзі басқарып отырған телеарна қазақ көрермендері үшін жұмыс жасауға бейілді екенін баса айтады: «Шынын айту керек, шетелдік құрылтайшырымыз қазақтардың күшейгенін құптайды, біздің байрағымыздың биіктен көрінгенін қалайды. Неге десеңіз, олардың мақсаты көрермендердің санын көбейту және соның арқасында пайда табу.  Бұған бір ерекше көзқараспен қараудың қажеті жоқ, керісінше жаңа көзқараспен қараған жөн»

«Абай-ақпарат»

- Сіз жұмысқа келген бетте арнада қазақ тілінің курсын ашты деп естідік. Арнадағы қазақша білмейтін қызметкерлер таңертең сағат тоғызда курста отырады екен. Осы рас па? Рас болса, бәрекелді! Енді арнаның ішін ғана емес, эфирін де қазақтандырады деп сенеміз. Абай айтпақшы, "адамның адамшылығы істі бастағанынан көрінеді". Қандай қазақша хабарлар ашасыз?

Тележурналист.

 

«31 арна» басшысы Бағдат Қожахметов конференция барысында оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға толық жауап беріп отыр.  Бағдат мырза оқырмандармен сұхбат барысында өзі басқарып отырған телеарна қазақ көрермендері үшін жұмыс жасауға бейілді екенін баса айтады: «Шынын айту керек, шетелдік құрылтайшырымыз қазақтардың күшейгенін құптайды, біздің байрағымыздың биіктен көрінгенін қалайды. Неге десеңіз, олардың мақсаты көрермендердің санын көбейту және соның арқасында пайда табу.  Бұған бір ерекше көзқараспен қараудың қажеті жоқ, керісінше жаңа көзқараспен қараған жөн»

«Абай-ақпарат»

- Сіз жұмысқа келген бетте арнада қазақ тілінің курсын ашты деп естідік. Арнадағы қазақша білмейтін қызметкерлер таңертең сағат тоғызда курста отырады екен. Осы рас па? Рас болса, бәрекелді! Енді арнаның ішін ғана емес, эфирін де қазақтандырады деп сенеміз. Абай айтпақшы, "адамның адамшылығы істі бастағанынан көрінеді". Қандай қазақша хабарлар ашасыз?

Тележурналист.

-Бірінші сұрағыңызға жауап бермес бұрын, екінші сұрағыңызға жауап берген дұрыс шығар. Өйткені арнаның Бас директорын іздеген кезде, қойылған бірінші талап - болмысы қазақи қазақ азаматы болу керек еді.  Сол талапқа сәйкес маған осындай ұсыныс түсті. Сіздер білесіздер, осы арнаның 20 пайызы американдық «СТС Медиа» компаниясының қарамағында,  штаб пәтері Мәскеуде орналасқан. «СТС Медиа» басшылары  қазақиландыру мәселесін кеңінен қолдайды және олардың алдына қойған мақсаттарының бірі - осы. Шынын айту керек, шетелдік құрылтайшырымыз қазақтардың күшейгенін құптайды, біздің байрағымыздың биіктен көрінгенін қалайды. Неге десеңіз, олардың мақсаты көрермендердің санын көбейту және соның арқасында пайда табу.  Бұған бір ерекше көзқараспен қараудың қажеті жоқ, керісінше жаңа көзқараспен қараған жөн. Бұл деген қазақ елінің бұрыннан бері аңсап жүрген бір дәрежесінен, сатысынан асқанының белгісі. Бұл - шетелдік бизнесмендер қазақтардың саны және мүмкіншіліктерімен санасатын көрсеткіштің белгісі. Мысалы, осыған дейін 20 жылдың ішінде Қазақстан Республикасында ана тілімізді дамытамыз, білмейтіндерді үйретеміз деп қанша әуреге түстік. Сондай-ақ, ұлтжанды азаматтарымыз да өз бағдарламаларын саяси тұрғыдан итермелеп, қоғамға ықпал жасау үшін неше түрлі әрекеттер жасауда. Шетелден келген қаражат, олардың қазақтың бизнесіне қосылуы - қазақ елімен санаса бастады деген сөз. Сондықтан біз мұны міндетті түрде пайдалануымыз керек.

2011 жылдан бастап, жаңа бағдарламалар тек қана қазақ тілінде ашыла бастады. Ары қарай да тура солай болады. Құдай бұйырса, осы екі-үш жылдың ішінде 31 арна коммерциялық және жеке арналардың ішінде алғашқы болып тұтастай қазақ тіліне көшкен телеарна болуы ықтимал.  Ал енді қазақ тілінің курсына келетін болсақ, оның барлығын іске асыру үшін, арнадағы мамандардың барлығы ана тілімізді 100 пайызға менгеруі керек. Оны меңгермей қандай да бір нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан курс аштық.  Шынын айтсақ,  ол курсқа басында тек төрт-бес адам жазылған. Қаржы департаменті мен кадрлар бөлімінен. Қалғандары  «қажет бола ма, болмай ма» деген сенімсіз көзбен қарады. Осыдан соң, мен кезекті жиындардың бірінде  бөлім басшыларына «қазақ тілін білмеген азаматтар Қазақстанда,  оның ішінде 31 арнада жұмыс істеуі мүмкін емес» деген едім. Сөзім әсер еткен шығар білмеймін, бірақ, аталмыш курска келушілердің саны келесі күні он есеге өсті.

Дұрыс түсініңіздер, ол менің  жеке басымнын мүддесі емес,  ол қазіргі уақыттың  талабы.  Оның үстіне айта кетер тағы бір ақпарат, қазіргі танда Қазақстандағы орыс ұлты өкілдерінің орта жасы 50-ден асқан болса, еліміздегі қазақ ұлтының  орта жасы 25-27-де. Бұл деген ненің көрсеткіші? Қазақтар жас, қазақтар көп, әлі көбейеді, басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда жақын арада қазақтар санымен-ақ басым болады. Сондықтан қайталап айтамын, «СТС Медианың» бізідің арнаның құрылтайшысы ретіндегі көзқарасы телекөремендердін санын көбейтіп, кіріс кіргізу. Біздің елімізде орыс тілінде сөйлейтін азаматтардың саны азайды, яғни бар күш-қуатымызды қазақ аудиториясына жұмсаймыз.

- 31 арнaның екі тізгін бір шылбыры «СТС-медиа» басшыларының қолында екені белгілі. Олар қазақ аудиториясы туралы біледі ме? Қазақ аудиториясының сұранысын ескере ме?

Жәнібек

- Әрине, «СТС Медиа» біздің құрылтайшылардың бірі болғандықтан, олар басшылық етіп отыр. Бірақ айта кету керек, 31/СТС арнасы нағыз демократиялық тұрғыдағы бизнес компанияның бірі.  Бұл жерде бір адам отырып алып, шешім қабылдамайды. Барлығымыз қосылып, көптің даусын, пікірін , лебізін естігеннен кейін бір шешімге келеміз. Сол шешім ең алдымен біздің көрерменің көңілінен шығуы керек. Өйткені біз көрермен үшін жұмыс істейміз. Халықаралық «TNS GALLUP MEDIA » деген компания бар. Олар күнделікті зерттеулер жасайды. Сол зерттеудің арқасында біз күнделікті ақпарат алып отырамыз. Қанша көрермен, тәуліктің  қай сағатында, қай минутында, қай секундында қай өнімді көргенін біліп отырамыз. Мысалы көрермендердің саны Қазақстанда жүз пайыз десек, 2011 жылдын көрсеткіші бойынша 16,1 пайызы 31 арнаны  көрген екен. Біз екінші орындамыз. Ал енді көремендерді қазақ, орысқа шағатын болсақ қазақ арасында біз бірінші орындамыз. Ал орыс көрермендер «ОРТ» мен орысша беретін телеарналардын көрсетілу құрамына кіріп кеткен екен. «TNS GALLUP MEDIA » компаниясының берген мәліметі бойынша, біз қай бағытта жұмыс істеуіміз керек, қазақ аудиториясындағы көрермендерін қандай бағдарламалар қызықтыратынын біліп, сол бағытта жұмыс істеуге талпынамыз. Біздің мақсат -  жалпы көрермендердің санын көбейту, оның ішінде қазақтардың санын көбейту.

- ІІМ-нің баспасөз орталығын басқарып жүрген кезіңде Рахат Әлиевтің қылмысына байланысты ақпаратты алдымен сенің аузыңнан еститінбіз. Сол кезде Рахаттың тарапынан бірдеңе болып қалады-ау деп қауіптенген жоқсың ба? Мұхамеджановпен байлансың бар ма?

- Жалпы жұмыс істегеніме жиырма жыл болды. Сол жылдар аралығында көптеген басшылар жолықты. Олардың ішінде қазіргі Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджановпен ІІМ-де үш жыл бірге қызмет істедік. Ол кісі өте ұлтжанды адам, оның үстіне білімді әрі білікті заңгер. Осы уақыт аралығында менің жұмыс берушім - мемлекет алдындағы қарызымды, парызымды толығынан орындадым деп есептеймін. Бұған дейін он бес жыл телеарнада жұмыс істедім. Одан соң, қаржылық жағына ауысып, «Халық банкіне» келдім. Маған басшы болған адамдарға ризамын, дегенмен ең бастысы - мен маманмын. Сондаықтан алдымен отбасыма, еліме және өзімнің еңбек жолымның өсуіне ықпал ететін жұмыс іздеймін. Мысалы, жұмыс берушінің қойған талабы - менің білімім мен іскерлігім бір-біріне сәйкес келетін болса, оның ар жағында кім тұрғаны мен үшін маңызды емес. Жұмыс қызықты болуы керек , сондай-ақ, оның ақысы да сәйкес болғаны жөн. Мен «31 арнаның» бұрынғы Бас диреткоры Нұржан Жалауқызынан: «сіз бірнеше компанияларда істедіңіз, қазір «Қазақстан» Ұлттық арнасындасыз. Жалпы сіздің бұған берер бағаңыз қалай ?» дегенімде, ол кісі:  «Біз жалдамалы менеджерлерміз. Қай жерге керекпіз, қай жерге пайдамыз тиеді, сол жерде жүреміз», - деп жауап берген еді. Мен де сондай «жалдамалы менеджермін».

Ал Р.Әлиев тұралы тақырыпқа келетін болсақ, мен бұл қылмыстық істің ортасында жүрдім. Сол істі тергеуге алған тергеушілермен тікелей байланыста болып, нақтыланған ақпараттарды алдым. Сондықтан тілшілер мен қоғамға берілген мәліметтердің барлығы дәлелденген ақпараттар болғандықтан, мен өзіме сенімді болдым. Өздеріңіз білесіздер, заң бойынша сот шешімінсіз, біз қылмысқа қатысты тұлғаларға «қылмыскер» деген атау таға алмаймыз. Соған сәйкес іс қозғалған кезде «күдікті» деп, соттың арнайы шешімінен соң ғана «қылмыскер» деп бердік. Жасыратыны жоқ, Әлиевтің ісі басталғанда достарым, ата-анам «маған зияны тиіп кете ме?», - деп мен үшін алаңдады. Ал мен ол кезде оны ойламадым. Мен тек басталған істің сапалылығы мен ақпараттың нақты болуына көніл бөлдім. Оның  үстіне бір кездері министр арқылы Елбасы : «Бағдат ештеңеден қорықпасын, артында мен тұрмын, халқы тұр. Ал халыққа әділдік керек, сондықтан барлық бар ақпаратты еш бұрмалаусыз айтсын», - деп сәлем айтып жіберіпті. Бұл да маған күш берді.

- Шынын айту керек, «31» арнада қазақ көрермендері үшін жұмыс істеп жатқан тек қана информбюро ғой. Біз көретін бағдарламалар бола ма?

- Құдайға шүкір деймін, «СТС Медиа» компаниясына 20 пайыз берілгеннен кейін, олардың тарапынан арна жұмысына бақылау жүргізетін бір адам бөлінген. Тағы да құдайға шүкір дейін, ол - татар азаматы Марат Девлет-Кильдеев . Оның орнына өзге ұлт өкілі болса, «31 арнаның» бүгінгі жетістіктері де, болашаққа деген жоспарлары да басқаша болуы әбден мүмкін еді. Арнаның бұрынғы басшысы Нұржан Мұхамеджанова екеуінің ойы бір жерден шықты. Соның арқасында «31 арнаның» болмысы қазақи болып қалыптасты. Маратқа айтар алғысым шексіз. Түркі тілдес, қандас азамат болғандықтан, бір жағынан қазақ көрермендерінің  жағдайын ойлап, екінші жағынан құрылтайшылардың берген тапсырмасын орындаймын деп, үлкен жетістікке өзімен бірге арнаны да жеткізді. Арнамыздағы үлкен-үлкен жобалардың көбі,  осы Марат Девлет-Кильдеевтің іскерлігінің арқасында жүзеге асты десем артық айтпаймын. Марат қазақ халқына қуана да, қызыға да қарайды. Ол «сендер егеменді елде өмір сүресіңдер, бірақ соның қадірін білмейсіңдер», - дейді. Ол үшін татар халқының тәуелсіздік алуы - алып арман. Үнемі «бастарыңа түскен бұл бақты бағалаңдар, бауырлар!», - деп өзінің игі лебізін білдіріп жүреді.

- Өркенің өссін! «31» канал шындықты көрсетіп жатырсыңдар, осы беттеріңнен таймаңдар. Жаңаөзендегі шындықты көрсете беріңдер.

- Рахмет. Әр уақытта ашық арна болуға тырысамыз. «Информбюроны» көріңіздер. Ал енді «өркенің өссін» деген тілекті мен алғаш рет атамнан естіген едім. Есейгенде қазақ тілінің мамандарынан сұрадым, «өріс дегеніміз не?», деп. Біреулері «жастық» деді, біреулері «күннің шығысы» деп түсіндірді. Сөйтсем ол саулық қой қозы туғанда, ең алғашқы уызын ішіп, содан алғашқы құмалақ тастағанын қазақтар «өркен» дейді екен. Яғни «өркенің өссін» деген «қозың көп болсын» деген сөз екен. Енді отбасымда да, жұмыста да өркендеп келе жатырмыз деп ойлаймын.

- «ДОДА» деген бағдарламаны неге жауып тастадыңыздар?

- «Доданың» пайда болуына да, жабылуына да менің қатысым жоқ. Бірақ «Доданы» жүргізген, сол жобаның жарық  көруіне үлес қосқан белгілі журналист Берік Уәли жақында ғана келіп қайтқан. Өзінің жеке талабымен, лебізімен. Жалпы әр хабардың, әр көрсетілімнің өз уақыты, өз заманы болады. «Дода» деген хабар коғам талабымен туды. Ал қоғам пісіп-жетіліп, жаңа сатыға көтерілген кезде  керексіз болып қалғанда шығар. «Дода» деген  - шыңның басына шығып алып, танымал тұлғалардың пікір алмасуы. Ал қоғам мүшелері сол тартыстан шешім қабылдау керек болды. Ондай тайталас хабарлар біздің арнада қайта ашылуы мүмкін. Өйткені сайлау науқаны бар. Оның үстіне қазір қазақ көрермендері бұрынғыдай емес, саясатқа жақсы араласа бастады. Біз телеарна болғандықтан, көрерменнің көңілінен шығу үшін олардың ойымен сәйкес келетін бағдарламаларды жасауымыз қажет. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде әзіл-сықақ , көңіл көтеретін хабарлар көп болса, енді олардың қатары азаюуы да мүмкін. Керісінше, саяси салмақтағы танымдық бағдарламалар ашылуы ықтимал.

- Сіз ұлтшылсыз ба, ұлтжандысыз ба?

- Ұлтшыл да, ұлтжанды да жақсы сөз деп ойлаймын. Себебі екеуі де өзінің елінің, мемлекетінің камын ойлайтын азаматтың көзқарасын білдіреді. Бірақ менің жаныма «ұлтжанды» деген сөз жақын. Бір жағынан, «ұлт» және «жан» деген сөз айырылмайтын түсінік. Сондықтан жаным ұлтым үшін, ұлтым жаным үшін болса, мен «ұлтжанды» азаматпын.

- Қазақ тілінің жағдайына шын жанашыр болып көрініп ұпай жинағысы келетін адамдар болады. Мәселен, бірнеше жыл бұрын "Астана" телеарнасынан қуылған Мәди Манатбек, Данияр Есен сияқты жігіттер бізді, студенттерді пайдаланып, тіл жоқшысы болған. Билікті жамандап-жамандап, ақыры соңында солардың телеарналарына барып тұрақтады. Сіз сол уақытта "Астана" арнасының орыс тілі бөлімінің редакторы, жүргізушісі болдыңыз. Не істедіңіз?

- Мен ол кезде тек орыс бөлімінің ғана емес, бүкіл арнаның бас редакторы болдым. Сол кездегі телеарна басшылары, БАҚ заңы бойынша, 50/50 деген тіл бойынша үлесті орындаймыз деп,билингвалды /екі тілде бірдей/ ақпарат тарататын жаңа технологияны қолданбақ болды. Яғни, бейне - біреу, ал дыбысы екі тілде - қазақ және орыс тілінде қатар шығаралатын тәсіл. Соны қабылдамаған арнаның қызметкерлері қазақтарды түсіріп, орыстарды көтеріп жатыр деген дау көтерген. Екі мыңыншы жылдардағы жас әріптестерімнің ашуын түсінуге болады. Білгендері, көргендері сол шығар. Бірақ шынайы нәтижеге қол жеткізем деген адам ісімен көрсету керек - теқ қана даумен ештеңені шеше алмайсың. Оның үстіне ұстазына жамандық істеген адам әрекеті - әке-шешешісіне қол жұмсағанмен бірдей. Ондайлар түбі оңбайды. Ең бастысы, әр қайсысы өз істеген ісіне жауап беруі қажет.

- Заманбек Нұрқаділов өзін өзі үш рет атып өлген дегенге сенесіз бе?

- Бұл жерде мәселе сену, сенбеуде емес. Әңгіме, қылмысты зерттеу саласындағы мамандар жұмысының нәтижесі. Отандық тергеушілерге сенімсіз болып, тіпті америкадан атақты ФБР-дің  криминалдық зерттеу бөлімінен келген мамандардың жүргізген сараптамасы да, жергілікті тергеу нәтижесін айна-қатесіз көрсетті.  Бұған сену мүмкін емес шығар. Бірақ ол кездегі ІІМ баспасөз қызметінің мақсаты ресми түрде жарияланған мәліметті коғамға жеткізу. Ал енді оны қоғам қабылдай ма, қабылдамай ма, сене ме, сенбейді ме деген ол мүлдем басқа сұрақ. Қалай болғанын бір Алланың өзі білетін шығар. Мұндай тұлғадан айырылу қазақ елінің ортақ қайғысы. Бұл қазақтың келбетіне келіспейтін дүние. Болашақта ондайды көргім де келмейді. Менің түсінігімде алты алаштың тұлғалары өзгенің қолынан да, өз қолынан да о дүниеге мезгілсіз аттанбауы керек.

- Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігін өлтіруге банктен кредит алып, арнайы тапсырыс берген - Ержан Өтембаев дегенге сенесіз бе?

- Қылмыстық істі зерттеу ережелері бойынша тура солай болып шықты. Келініне қоңырау шалып «банктен несие ал» дегені, оның алғаны, алған ақшаны қылмыскерлерге апарып бергені де анықталды. Сол қылмыскерлерден табылған ақша, банктен алынған банкноттардың нөмірімен сәйкес келді. Осыншама ұқсастықты көріп тұрып қайтіп сенбейсін?

-  Жаңаөзенде «бандиттер» полиция өміріне қауіп төндіргендіктен соң «басқа еш амалы қалмаған» полиция оларды еріксіз атқан дегенге сенесіз бе?

- Мен мұндай жағдайда болып көрген емеспін, болғым да келмейді. Екі жақты да түсінуге болады. Өкініштісі сол, екі жақ та өзіміздің қаракөз бауырларымыз. Олар бір-біріне қастандық істеді ме, жоқ бір жағы қорғанғандықтан атты ма әлде, соңдарынан қуып жүріп атты ма, оны қозғалған қылмыстық іс нәтижесі көрсететін болады. Ал біздің позициямыз БАҚ ережесіне сәйкес келеді. Шынайы ақпаратты қоғамға жеткізе білуіміз керек. Орнықты, тез әрі уақтылы. Осы тұрғыдан дұрыс жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаймын.

- Алдағы жылы "Ұлы Дала ойындары Балқаш-2012" ұлттық спорт түрлерінен халықаралық ойындар өтпекші. Ұлттық спорттың атасы Сәдібек Түгелдің айтуынша, үлкен футбол алаңы секілді адамдар 4 жағынан отырып көретін көкпар алаңы салынады, атшабар салынады, ұлттық спорттың барлық түрінен жарыс өтеді. Бір сөзбен олимпиадаға пара-пар қазақтардың барлық ұлттық өнерінен жарыс өтеді, Сіз соны ұлтжанды азамат болсаңыз тікелей эфирден көрсете аласыз ба?

- Біздің телеарнада барлық мүмкіндік бар. Кез келген қызықты жоба болса, келіңіздер, есігіміз ашық. Одан басқа да ұсыныстарыңыз болса қарауға, талқылауға дайынбыз.

- «31» арнаның «СТС» каналы арасындағы қарым-қатынасы қалай,болашақта қаптаған түрік киноларын көрсете беретін канал осы сериалдардың санын азайтып қазақтың жанына жақын кинолар көрсету ойларынызда бар ма? Арнаның тікелей хабар тарата алатын мүмкіншілігі қалай? Спорт бағдармаларын қолға алу ойларынызда бар ма?

- Жоғарыда «31 арна» мен «СТС Медиа» арасындағы қарым-қатынасты егжей-тегжейлі түсіндіріп бердім. Ал сериалдарға келетін болсақ, тоқсаныншы жылдары Бразилияның, Мексиканың, Америка мен Ресейдің  телесериалдары болса, қазір кәріс пен түрік телехикаяларының дәуірі жүріп тұр. Бір кездері «Рабыня  Изаура» деген сериал көрермендердің көңілінен қалай шықты дейтін болсақ, ол кезде қазақ халқы енді ғана кеңес заманынан босап, егемендіктің ауасын енді-енді жұта бастаған кезде, осы сериалдың бас кейіпкерінің өмірі біздің тұтастай қазақ елінікімен ұқсас болды. Сондықтан, көпшілік жақын қабылдады. Ал «Просто  Мария». «Санта-Барбараны» көрген халық, фильмдегі сияқты бай боламыз деп армандап, олар да азаматтардың жүрегін жаулады. Сөйтіп, әр заманда бір-бір елдің телесериалдары халық арасында сәнге айналып тұрды. Ал түріктермен түбіміз бір, менталитетіміз бір. Сондықтан біз түріктердің, түріктер біздің өнімізді жеңіл қабылдаймыз. Ал кәріс сериалдары әсіресе, жастардың ебін тапты. Ал отандық фильмдерге келетін болсақ, телеарналар мен продюссерлік орталықтар түріктің немесе американың сериалдарын жасап шығаруға күштері жетпейді. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған «Қазақфильм» киностудиясы басын енді ғана көтеріп келеді. Телеарналар, продюссерлік орталықтар мен «Қазақфильм» неғұрлым күшті болса, көрермендер де шетелдің емес,  жергілікті арналарды көрсе, соғұрлым қазақша сериал, мультфильм түсіруге мүмкіншілігіміз мол болады. Ал спортқа үнемі көңіл аударуға дайынбыз. Бірақ менің ойымша, спорттық телеарна ашылуы керек. Ол да мемлекеттің қолдауынсыз болмайтын нәрсе. Жақында ғана ақпарат министрімен кездесуде 2012-2013 жылдары елімізде спорт телеарнасын ашу жоспарда бар екенін айтты.

-Түсі жылы жігіт сияқты, осыдан 3-4-жыл бұрынғы «31» каналдай болса деген тілек бар. Қасым Аманжол деген журналист жігітті шақырсаңыз кез-келген танымдық хабарды жүргізер деп ойлаймын. Және документальный хабарлар көп болса екен.

- Қазіргі таңда деректі хабарлар көрсетіп жатқан жоқпыз.  Көрсетпейтін де шығармыз.  Өйткені, біздің арнаның форматы, ұстанған бағыты мен жоспары бөлек. «31 арна» - отбасымен отырып көретін арна.

-Ұлттық құндылыққа қанықпаған адам - Ана сүтін тойып ембеген надан. Осы сөзге келісесіз бе?

- Келісемін. Жалпы ұлттық құндылық  бұл - тамыры тереңде жатқан ұғым. Тіл білмеген адам, ол ойын да жеткізе алмайды. Азаматтар арасындағы түсініспеушілік те сол тілді білмегеннен шығады.

- Осы біздер, қазақтар, Қазақстанда жаңалықты неге басқа ұлт өкілдерінің аузынан естуіміз керек? Бізге ақпарат жеткізетін қазақтың ұл-қыздары жоқ па? Соңғы уақытта қазақ емес дикторалар, комментаторлар қаптап кетті. Маған, мысалы, қазақ елінің қалып дамып жатқанын басқа ұлт өкілі түсіндіріп жатқаны қажет емес.

- 2002-2003 жылдары мен алғаш рет қазақша жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін іздей бастадым. Оларды «Астана» телеарнасына хабарлар жүргізуге дайындап шығардым. Сол кезде қазіргі ҚР Жоғары сотының ресми өкілі Оксана Петерс та болған еді. Ол біріншіден, өзінің ана тілін білмейтін қазақ ағайындардың санасына, өзге ұлт азаматының мемлекеттік тілде сөйлеп отырғаны әсер етсе деген ой болған. Ал екіншіден, басқа телеарналардан ерекшелену еді. Құдайға шүкір, қазақ ұл-қыздарымыз да жетерлік. Бірақ кез келген бизнес саласының ережесі ұлтқа қарамайды. Біздің журналистердің алдына қойған талап - қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, оны қолданысқа еңгізу. Бәлкім қазіргі қоғамның бұл мәселеге деген көзқарасы өзгерген шығар. Дегенмен, өзінің ана тілінде орыстардың немесе немістердін сайрап отырғаны, шала қазақтардың қазақ тілін  меңгеруге деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді деген ойдамын.

- Жас ана ретінде сұрарым: бала тәрбиесінде қандай принципті ұстанғанымыз жөн? Өзіңіз балаларыңызды тәрбиелеуге уақыт табасыз ба, әлде бала күтуші ұстайсыздар ма? Бала өміріндегі теледидардың рөлі қандай болуға тиіс? Балаларыңыз қандай мектепте оқиды? Рахмет.

- Бала күтуші ұстаймыз. Өйткені, құдайға шүкір, бес-алты баламыз бар. Жалпы қазақтар, көз тимесін деп малының да, баласының да санын бес-алты деп айтады ғой. Мені оқушы кезімде ата-анам қалай жазғы демалыс болады солай ауылға ата-әжемнің қолына апарып тастайтын. 25 мамыр - соңғы қоңырау және туған күнім. Сол күннен бастап тамыздың отызына дейін ауылда болатынмын. Жиырма шөбересінің ішінен әжем мені ғана арқасына салып алып, ауылды аралайтынбыз. Сонда менің айтқым келіп отырғаны, біздің балалар қазір ауылдарға аса барғылары келе бермейді. Былай қарасаң, ғаламтор да бар, спутниктік телеарналар көрсетіп тұр. Қаланың өзінің тартып алатын қасиеті бар ғой, сол қасиет біздің балалардың да бойында бар. Ал өзім жұмыстан ерте кетуге тырысамын. Сенбі, жексенбі күндері балаларымның жанында болуға барымды саламын. Мысалы, орыстар демалыс болса болды, отбасымен серуенге шығып кететіні қызықтырады. Біз де жанұямызбен қазан-ошағымызды алып,  Алатаудың бөктеріне дем алуға шығып тұрамыз. Бірақ жасыратыны жоқ, өте сирек болады ондай сәттер. Ал мен балаларымды  елін,  жеті атасын білуге үйретемін. Және үлкенді сыйлау, үлкенге құрмет көрсету сияқты тәрбиемен өсіп келеді. Үйге келетін қонақтар балаларымыз жұбайымыз екеуімізге «сіз» деп сөйлегенде таң қалады. Сіңлідері әпкелеріне, бауырлары ағаларына сыйпайлылықпен «сіз» деп сөйлейді. Бұл да тәрбиенің бір көрсеткіші деп білемін.

Біз Астана мен Алматы арасында үш рет көшкен отбасымыз. Пәтеріміз жоқ болғандықтан, қалалардың ішінде де біраз баспана ауыстырдык. Жалпы мен де, жұбайым да бірнеше рет мектеп ауыстырып оқығанмыз. Балаларымыз да солай. Үйге жақын маңдағы орта білім беретін орындарда оқи береді. Қазір үлкен қызымыз мектеп бітірген. Шетелде оқиды, студент. Ағылшын тілін толық меңгерген. Ал екі қызымыздың бірі қазақ мектебіне, бірі орыс мектебіне барып жүр. Қалған екеуі әзірге мектеп табалдырығын аттай қойған жоқ. Бірақ міндетті түрде қазақ мектебіне баратын болады.

Қазір телеарналар дәрежесі бір шама өсті.  Заман солай болғандықтан ба, көп жағдайда ата-аналары жұмыста болады да, бүгінгі балалар тәрбиесімен телеарналар айналысады. Бұл тұрғыда «Балапан» арнасының ашылуы қуантады. Біздің арнада да балаларға арналған «Бүлдірген» бағдарламасы ашылады. Мультфильмдер де көп. Олардың өзінде зорлық-зомбылық әрекеттер болса қиып алып тастаймыз немесе мүлдем қабылдамаймыз. Ал қазақи қалыпқа жақын, ертегі жанрында болса ол міндетті түрде «31 арнадан» көрсетілетін болады.

- Мен «31» арнаны көрмеймін, оны кезінде принципті түрде алып тастағанмын. Орысшыл бағыты болғандықтан. Қазіргі ақпарат құралдарының технологиялары және мүмкіндіктері жылдан жылға артып тұрған кезде кез-келген ақпаратты жасырып қалу түбегейлі мүмкін емес. Жаңаөзен оқиғасына байланысты биліктің телеарналары халыққа өтірік ақпарат таратып тұрғаны менің және басқа көптеген халықтың ашу-ызасына тиіп тұр.  Бүгінгі заманда шын ақпаратты жасырып қалу ақымақтықтың ең соңғы межесі болар. Егер биліктің шексіз тұрмайтынын ескерсек, ерте ме, кеш пе оның барлығы айқындалып, БАҚ өкілдерін де сотқа беретін талабымызды міндетті түрде қоятынымызды айтамын. Осыған орай, Сізге сұрағым: Сіздің арна You Tube сайтында соңғы шыққан (күштік құрылымдардың қарусыз халыққа от жаудырып,қырып жатқан) видеоны эфирге шығарды ма? Шығармаса шығарасыздар ма? Болмаса неге?

- Біз Жаңаөзендегі ғана емес, жалпы бірін-бірі өлтіріп, біріне-бірі қарсы шыққан жантүршігерлік бейнетаспаларды экраннан көрсетпейміз. Әсіресе ол қазақтарға қатысты болса. Өйткені бізде ақпарат тарату саясаты бойынша оған тыйым салынады.

- Ассалаумағаликум!

Жаңа орныңыз құтты болсын! Еліңіз үшін елеулі қызмет ете беріңіз! Сізге қояр сұрағым:

Бірінші, Жаңа өзен уақиғасы барысында биліктің "Қазақстан" "Хабар", "7 арна"  және "31" арналар жаппай ақпараттық бұрмалаушылықтарға жол беріп, ереуілшілерді кіналап, оларды "бұзықтар, құтырған иттер, нашақорлар" деп ақпарат таратып, жазықсыз елді айыптады. Әрине, бірлік, тұтастық бәрімізге керек. Алайда өз халқымызға осылай күйе жағу дұрыс па? Қазақстан халқының шынайы ақпарат алуға құқы жоқ па? Біз қазіргі дамыған технология заманында бәрібір тәуелсіз шынайы ақпараттарға қолымыз жете алады, біздің көзімізді көлегейлей алмайтынын сол аталған арнадағылар білмей ме?

Екінші, ақапарат саласындағы маман ретінде, бір кездегі ішкі істер минстірлігі баспасөз хатшысы болған адам ретінде Тимур Кулбаевтың, Ертисбаевтың,Умирза Шукевтың "Жаңаөзендегі қақтығысты тудырған оралмандар!"деген мәлімдемелеріне қалай қарайсыз? Мұнда қандай саяси астар бар? бір қазақты екіге бөлу, бір біріне айдап салудың арты ертең үлкен қақтығысқа әкеледі деп ойламайсыз ба?

Шынайы жауап береді деп сенемін!

- Көп-көп рахмет. Сізге де барлық жақсылықты тілейміз.

Басқа телеарналар үшін жауап бере алмаймын және оған қандайда бір баға беруге менің құқығым да жоқ. Ал «31 арнаға» келсек, жоғарыдағы сұрақтарға  жауап беру барысында бұл мәселеге байланысты өз пікірімді айтып кеттім. Біз барлық ақпаратты ашық көрсетуге тырысамыз. Бірақ ел тыныштығын ойлайтындықтан, коғам дамуына кедергі келтіретін нәрселер болса, оған әрқашанда шек қоямыз.

Екінші сұрағыныз бойынша, өз басым ресми түрде мәлімденген мұндай ақпаратты естіген де, оқығаным да жоқ. Олай ойламайды деп сенемін. Өйткені қазақты бөлуге болмайды.

- Ассаламуалейкум Бағдат аға! Жаңа жұмыс орныңыз құтты болсын! Сізге айтар бұйымтайымыз 31 телеарнаның жалпы жұмыс бағытын қазақиландырсаңыз, қазаққа жат жеңіл жүрісті насихаттайтын жын-жыпыр бағдарламалармен фильмдерді тоқтатып, өсіп келе жатқан қазақ ұл-қыздарына тәрбие беретін, өнер мен ғылымды насихаттайтын бағдарламаларды көбейтсеңіз. Аға жұмысыңызға сәттілік, деніңізге саулық, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз!

Тілек білдіруші Нұрбақыт және Нұрым інілеріңіз!

- Ізгі тілегіңізге рахмет. Ал арнаның бағыты 2012 жылдан бастап,  толық қазақиланады деп айта аламын. Өйткені даму бағдарламасы бойынша пайда болатын хабарлардың барлығы тек қазақ тілінде көреремендерге жол тартады.

- Бұл арнаны қазақиландырып, отбасымызбен ұялмай қарайтындай қылуыңызға шын жүректен тілектеспін. Қасыңызға алғыр, жас, білімді қазақтарды топтастыруға қорықпаңыз, ертеңдері орныма таласады деп.

- Қазақтар өзі өсуі үшін бастығын жоғары жаққа жамандап, орнынан алып тастайды  екен. Ал өзбектер керісінше, еңбек жолында өсемін десе, бастықтарын мақтайды. Басшысы жоғары жаққа көтеріліп кетсе, орнына өзі орынбасары барады екен. Өзбектердің тәсілі жақсы сияқты осы жердеJ

- Телеарнаның мақсаты не? Қазіргі істеп отырғандарың не?

- Біз қазір ішкі өнімдерге көп көңіл бөліп жатырмыз. Бағдарламаларға, жалпы ақпараттық хабарладың санын да, сапасын да арттыруды көздеп отырмыз. Жақын күндері арнаның жеке телефильмінің түсірілім жұмыстары басталады.  «Қазақша концерт» , «Ризамын», «Бүлдірген» сияқты жаңа жобалар көреремендерді қуанышқа бөледі деп айта аламын.

- Автобуста орысша сайрайтын, Қазақтың қыз жігіттеріне не айтасыз? Балабақшада, аулада орысша былдырлаған кішкетай қазақ балаларды көргенде, жүрегіңіз ауыра ма? Бұл жайында не дейсіз? Қазақы намыс қандай болу керек сіз ше?

- Жүрегім ауырады. Сирек болса да, айына бір-екі рет қоғамдық көлікпен жүруге тырысамын. Сонда Алматыдағы «Қалқаман» ықшамауданы жағына барсақ, қазақ ағайындардың исі шығады. Ал қаланың орталық жағына келгенде, тілді  шұбарлап әңгімелесіп тұрған жастарды көріп, катты жүрегім ауырады. Менімен қазақ орысша амандасса, «Неге қазақша амандаспайсын», деп  бірден наразылығымды білдіремін. Соның өзі маған әдет болып кеткен сияқты. Бұл да менің кішкене болса да қосқан үлесім шығар.

- 31 арнаның, 31-і қандай мағына білдіреді?

- «31 арнаның» 31 атануына негізгі екі себеп бар. Біріншісі, ақпарат желісіндегі отыз бірінші толқында таратылғандықтан, арнаның атауы да «31 телеарна» болып ресми түрде тіркелген. Ал екіншіден, осы арнаны Арманжан Байтасов отыз бір жасында ашқан.

- Мына өлеңді қалай бағалайсыз: Болат Жетекбай. Мен не дейін? http://old.abai.kz/content/bolat-zhetekbai-men-ne-deiin

- Болат Жетекбайдың «Мен не дейін?» деген өлеңі ақынның Жаңаөзен оқиғасына қатысты күйзелісін, ішкі толғанысын көрсетеді. Не деуге болады? Ақынның дер кезінде айтылған азаматтық толғанысы дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Соңы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5557