Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4360 0 пікір 4 Қаңтар, 2012 сағат 06:05

Елана Қасымбек. Қайда барасың, сайлауға барамын...

Кешегі Биағаның заманында Ыбырайлар ыңыранып cайлауға баратын. Тірі жанды көзге ілмей есіп сөйлейтін.  Уа, қайдан келесіз дегендерге:

-  Сайлаудан келеміз.

-  Елге ойран сап,

-  Ойнаудан келеміз» деп атылып тұратын. Кейін дәуірі өтіп, жүні жығылғанда,

қайдан келесің дегендерге, басын жерден алмай:

-  Соттан келемін.

-  Соттан емес-ау,

-  Оттан келемін...

Кешегі Биағаның заманында Ыбырайлар ыңыранып cайлауға баратын. Тірі жанды көзге ілмей есіп сөйлейтін.  Уа, қайдан келесіз дегендерге:

-  Сайлаудан келеміз.

-  Елге ойран сап,

-  Ойнаудан келеміз» деп атылып тұратын. Кейін дәуірі өтіп, жүні жығылғанда,

қайдан келесің дегендерге, басын жерден алмай:

-  Соттан келемін.

-  Соттан емес-ау,

-  Оттан келемін...

деп мүләйімсіп тіл қататын. Мұның бәрі көркем дүние болғанымен астарында шындық бар екені даусыз.  Біздің де сайлау жақындап келеді.  Сотты да бекер айтып отырған жоқпын. Оған себеп дәл сайлау науқаны таяп қалғанда, өзі бір кезде ірге тасын қалаған «Руханият» партиясымен Алтыншаш Жағанованың «естір құлаққа ұят» дау-дамайға баруы көпшілікті таңырқатты.  Ұлардай шулаған үркердей топ, «биліктің жасап отырғаны» деп байбалам салды. Бұл шынтуайтында билікке өкпелі, тақтың төңірегіндегі жылы жұмсақтан дәмелі топтардың ісі болуы бек мүмкін. Өйткені Жаңаөзендегі оқиғадан есін жия алмай жатқан билікке, «жығылғанның үстіне соққы жасап», жер қылуға мүдделі адамдардың бар екенін ешкім жоққа шығармас. Дегенмен түсінбестіктің бір ұшы мынада жатыр. Осыдан кейін іле-шала «зерттеу» жүргізген ОСК тіркеуден өтіп тұрған «Руханияттың» «былықтарын» ашып заңсыздықтың белең алғанын жерден жеті қоян тапқандай жариялады. Сөйтіп  Мәжілістен бірден бір үміткер Мұхтар Шахановтың жолын «қара мысық» кесіп өтті. Бұған не деуге болады?

Сонымен биылғы сайлау ерекше болмақ деген дақпырт алты қырдың астына жайылды. Көппартиялы Парламенттің төрінен үміткер партиялар жариялылықтың арқасында мәслихатқа, мәжіліске  үміткерлерін ұсынды. Сөйтіп, арқа-бастары кеңіп қалған партиялар, «Тірі адам, тіршілігін жасайды» дегендей, Республиканың түкпір түкпірін аралап кетті. Қарап тұрсақ бәрі заңға сай. Насихатталуы да қарқынды. Ала койды бөле қырқу байқалмайды. «Қазақстан» мен «Хабар» арнасыда белсенді. Бірақ  неге екенін білмеймін «бізде оппозиция бар ма» деген сұрақ мені қатты мазалап жүр.  Менің білетінім Орталық сайлау комссиясына тіркелген саяси партиялардың тізімінде:  «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстанның патриоттар партиясы, «Ауыл» Қазақстан социал-демократиялық партиясы, «Руханият» партиясы, (Өкінішке орай қырқылып қалды), «Әділет» демократиялық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы», т.б  бар. Сөйте тұра көңілім қоңылтақсып жүр. Мысалы «Ақжол» ды оппозиция деуге кімнің аузы барады. Жармақ құсап қаққа жарылған партияның,  аты  бөлек болғанмен заты «Нұр Отан». «Әділет» партиясыныңда кейінгі жылдары белсенді болып жүрген сыңайы бар. Бірақ мәлімдемені бірінші болып жазып, «көзге түскен» М.Нәрікбаевқа халық сенімсіздікпен, күдікпен қарайтыны өтірік пе?!  Көзбояушылықпен көздегеніне жетсе көрерміз. «Ауыл» партиясының бір айтары бары рас.  Алайда науқан кезінде ғана бас көтеріп бойларын көрсетіп қояды. Қалған кезде өз қотырларын өздері қасып жүре береді. Белсенділіктері төмен. Халықтың қолдауына зәру. Коммунистік партияныңда шапқанда артында будақтап шаңы қалмайды. Соған қарағанда аяңды жақсы көреді-ау демеске шараң жоқ.  Ескілікті аңсағандарымен, есті сөз айтуға дәрмендері аз.  Басқада  жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған партияларға берер бағам  осы тақілеттес. «Өзіңде барды жамандап жақсыны қайдан табарсың» дейтіндер шығып жатса, айтарым мынау: Халықтың қазір саяси сауаты өскен.  Жақсы мен жаманды айыра алады. Кешегі алаш арыстарындай елдің рухын көтеретін партия еңсе көтеріп жатса еруге дайын. Бірақ өкінішке орай ондай партияны көре алмай тұрмын. Сонда сенгенің «Нұр Отан ба» дерсің.  Елмен етене жүруге тиіс,  билік партиясы, «Нұр Отанның» ұстанған бағытының бәрі бірдей нысанаға дөп тиіп жатыр деу қисынсыз. Шынын айту керек «Нұр Отанға» халық сенімі жоғары болған кез көрген тәтті түстей алыстап барады. Оны мойындау керек. Зар илеген бишара ананың өзге партияларға бармай «Нұр Отанға» келіп, өзін отқа орауы партияға сенгені емес пе? Өртеніп өлгені шарасыздығы, әлсіздігі болар. Алайда соңғы үмітінің өшкен жері сол маң. Мен елді көп аралаймын. «Нұр Отанның» билік партиясы болған соң көп жағдайда жасаған істерінің оң нәтиже бергенін көріп қаламын. Жағынғаным емес, «Нұр Отанның» ел мен жерге деген өлшеусіз істері жетерлік. Мысалы көптеген акциялардың өтуі, «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, оған көз жұма қарауға дәтім бармайды. Елді бірлікке, татулыққа шақыруда алдыңғы қатарда жүреді. Елбасының саясатын жүзеге асырып отырғандықтан олардың әр ісіне жауапты болғаны дұрыс. Жақсылық пен жамандықтың қосарласып жүретіні тәрізді, Партия атына ұят келтіріп, «әттеген ай» дегізген оқиғаларда жиі кездесіп тұрады. Оған кешегі Жанаөзен оқиғасы  да куә.  Жалпы билікпен халықтың арасының алыстағаны ешқашан жақсылыққа апарған емес. Кейінгі уақыттарда Елбасының өзі  маңайындағы сенім артқан адамдардың өтірігіне сеніп қалып жүргенін бірнеше рет тіліне тиек етті. Бұл да болса шаңырақтың уықтарының алмасатын кезінің жеткенін көрсетіп тұрғандай. Бір анық нәрсе - алдағы сайлау науқанында  биліктің партиясы үстемдік құрады. Оған екіге екі төрт дегендей сеніңіз... Себебі  жай уақытта оппозициялық партиялардың белсене ел жұмысына араласып жатқанын көрмеппін. Олардың ең әлсіз тұсы да осы. Сайлау кезеңінде ғана көктен аяғы салбырап түскендей, топ ете қалады. Қалған уақыттарда алыстан тісін ақситып, жалын күжірейтіп қоюға құмар шіркіндер. Сайлауды кейінге қалдырайық деген пікірлер көптеп шығып жатыр. Бірақ олай бола қоймас. Себебі қыруар қаржы желге ұшпайды ғой. Ал қарапайым халық алдағы сайлауға үміт артады. Мен бармасам да сайлау өтеді деп жүргендер қаншама. Кімнің жеңіске жететінін білеміз дейтіндер бар. «Халық айтса қалып айтпайды». Бір білгендері бар болар.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, биылғы  «Нұр Отанның»  съезінде алдағы мәжіліске үміткерлерді көріп қаным тасыды. Қаншама  жаһандану заманы десекте, ойдан-қырдан жиылған жанашырларының «ентігінде» баспай,  2 сағатта бар мәселені шешіп тастау ақылға сиымсыз көрінген. Әсіресе сайлауға үміткерлер тізімін ұсынғанда жағамды ұстадым. Себебі мәжілістің төртінші шақырылымында тілін тістеп, «маужырап» отырғандар, бесінші шақырылымға үміткерлер қатарында жүр. Осы көріністің өзі-ақ саналы адам баласын түрлі ойға итермелейді емес пе? Сенаттан кетерде көзі жасаурап, иегі кемсеңдеген экс-сенатор Қ.Сұлтанов ағамыз, мәжілістің төріне шықса таң қалуға болмас. Оны айтасыз оғаш сауалдарымен халықтың бірнеше рет ашуын келтірген Тәңірберген Бердіоңғаров үміткерлер қатарынан ойып орын алғанға ұқсайды.  Халықпен санаспаған «Нұр Отандықтардың» бұл істерін қолдау қиын. Көлеңкедей көлбеңдеп түк бітірмеген кей депутаттарды, алдағы сайлау додасына салу, қарапайым халықтың ашуын келтірері хақ. Осының өзі-ақ партияның беделіне нұқсан келтіріп тұр. Парламент төріне спортшылар мен әншілерді көптеп тарту өз жемісін береді деу - аңғалдық. Заң шығарушы органға негізі есеп қисапқа жүйріктер, экономистер т.б мамандық иелері көптеп тартылса құба-құп. Әйтпесе, қос палатаның қызметіне селкеу түсіріп жүргендер еркінсіп барады...

Сайлау жақындаған сайын интернетте үріп жүрген қанден-өсектерге сенгің келмейді-ақ. «Ит үреді, керуен көшеді» дейін десек, сайлау бұл жолы да ашық өтпейді деп байбалам салып, халыққа «үндеу» таратып жатқан «күйеуге» тоқтау болмай тұр. Сөзіне сенсек « Бұрынғыдай өтірік бюллетендер жасалады» деп, шет елде жатып алып бал ашуда. Әблязов пен Храпунов та етектен тартып жатыр. Кімге сенерін білмей қарапайым халық сансырауда.

«Заманның  озығы бар, тозығы бар» - десекте, келмеске кеткен Кеңес дәуіріне тас ата беруге болмас. Оныңда жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге тиіспіз. Мысалы, ол кездегі сайлаудың ерекшелігі мынада: Ол кезде министр болғаннан депутат болу қиын еді. Елге танымал азаматтардың еңбегінің мерейі үстем болып тізімге ілігуші еді. Меніңше, бүгінгі құрлысшыларға, малшыларға, еңбекке белсенді ауыл жастарына Үкіметтен сол Кеңес Одағындай қамқорлық керектігін ескерткім келеді. (Естеріңізде болса АХБК, құрлысшылардың Жастар, Юность жатақханалары т.б. осылардың бәрі жекешеленіп кеткен жоқ па...). Шіркін, осы жерлерден қаншама қазақ жастары өсіп шықты десеңізші. Оларға кеңес үкіметінің тигізген шарапаты да ұланғайыр. Сөзіме тұздық етейін, жоғарыда аталған партиялардың ішінде (Нұр Отанда бар) қарапайым малшы, тәжірибелі  еңбек адамы,  ауылшаруашылық маманы мәжіліске үміткер боп келді ме? Байқауымша аз. Тіпті жоқ деуге болады. Мысал қылып айтайын. Қостанай облысында Сайран Бурханов деген азамат бар. Бір совхозды таратпай ұстап қалып, бүгінде ел жұртының алғысын арқалап отырған. Сол кісі шаруашылықтың қыр-сырын бір адамдай біледі. Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек ері атағында алды. Ол неге депутаттыққа үміткер болмасқа? Ол аз десең, сол облыстың «Дайындық» ауылын, қирандыдан    сақтап қалған, биыл «Құрмет» орденіне ие болған Біржан бауырымыз мәжіліске лайық тұлға! Қызылорда облысында Нағи Илясовты көпшілік төбеге көтереді. Ал сол жердің «Бесарық» ауылын  өркендетіп жатқан Абзал сынды жігіттерді неге сайлау тізіміне енгізбеске? Бұл менің ел мен жерді аралап жүргенде байқағандарым. Мұндай азаматтарды елдің кез келген түкпірінен тауып алуға болады. Халықпен етене араласып жүрген соң олардың халыққа бүйрегі бұрып тұрары сөзсіз. Біз өкінішке орай ауылда жүрген ұлттық рухы асқақ азаматтарды ұмыттық.  Керісінше, асфальтта өсіп, кабинетте жетілгендер ауыл халқының атынан сөйлеуге көшті.   Тағы бір таңқалдыратыны осы Үкіметпен билікке, депутаттыққа сайланғандар, жұмсақ креслосын әкесінің еншілеп беріп кеткен мұрасындай көріп жабысып қалатындарға «тәйт» дейтін билік болмай тұр! Халық қамын ойлағандар болса бір жөн. Кейбіреулері асылық сөйлеп қайда отырғандарын білмей жүр. Осыны келешекте билік басында отырғандар ескерсе екен. Әйтпесе «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» жиі қайталанатын болды. Енді ойымның арнасынан ауытқымай «Руханиятқа» оралайын. «Жазушы-драматург, «Руханият» партиясының негізін қалаушы Алтыншаш Жағанова «Руханияттың» партиялық тізімін тіркеуден алып тастауды және саяси бірлестік жетекшісі Серікжан Мәмбеталинді жіберген бұрмалаушылықтары үшін жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр» деп мақала жазды «Егемен Қазақстанның» өзі. «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналары 15 минуттан сөйлетті жаны нәзік жазушы әйелді.

Сөйтіп елдің мұңымен зарын депутаттық мінберден жеткіземін деген аяулы ақын Мұхтар Шахановтың ойы іске аспады. Мұхаңды өз басым саясаткер деп айта алмаймын. Бірақ ұлтына жаны ашитын санаулы ғана тұлғалардың бірі екенін мойындаймын. Ақындығына, азаматтығына тағар кінәм жоқ.  «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» дегеннің кері Мұхаңды да айналсоқтап жүр. «Сап, сап көңілім, сап көңілім» деп өзімді алдарқатамын. Әйтсе де, ақын да, саясаткер де жұмыр басты пенде болып жаралғасын  қателеспейді деп айтуға тағы  болмайды. Осы жерде Мұхаңа басу айта кеткенді жөн көріп отырмын.

«Мұхтар аға, желтоқсанның құпиясын ашуға, Наурызды елге оралтуға, қазақтың тілі деп шырқырап жүргеніңе ризашылығымыз шексіз. Қазақтың айтулы ақыны Кеңшілік Мырзабековтың баласы Амангелдінің (Жас Алашта) ашына жазған мақаласында «істік» қадалған зиялылардың арасында сізде жүрсіз. Жанаөзен оқиғасынан кейін іле-шала мәлімдеме жасап шарқ ұрғандарыңыздан сыншы баламыздың хабарсыз екені байқалады. Өзіңіздіңде сол жаққа ұшып барғаныңыздан мағлұматымыз бар. Десекте, осындай өлара кезеңде «Руханиятты» сайлаудан алып тастағаны дұрыс болған секілді. Көптеген сұрақтардың басы ашылмай тұрғанда сайлауға қатысу - бұл сайлаудың "Демократиялы қазақстанда өткен әділ сайлау" екендігіне белсенді атсалысқанның бірі болып шығар едіңіз. Орысша айтқанда "Пир во время чумы" деген сөз бар емес пе. Тап соның өзі болар еді. Егер парламентке өтіп кетсеңіз Маңғыстау жұрты, қазақ халқы сізді түсінбей, ел күйзеліп жатқанда Мұхаңның мұнысы несі деп кінәлар еді. Ал жай күнде сізді атарға оғы болмай жүргендер ағаш атқа мінгізер еді. Қалай десек те қазір елмен біргесің, соның өзі дәтке қуат. Мұха, бұл сіздің үлкен жеңісіңіз!

Алтыншаш ханымға айтарым « Жетпісті желкеледің, азды көпті биліктің балқаймағын жедің. Көші-қонды басқарып тұрғанда «Жақсы адамның соңынан сөз еретінін» әйгіледің. Оралмандарды «оралмаңдар» дегендей орға жықтың. Оның бәрі бүгінде «жабулы қазан жабулы күйінде қалды». «Айран ішкендер құтылып, жалағандар тұтылды». Күні бүгінге дейін көрген қиындықтарын айтып шағынғандардың тілінің ұшында сенің атың жүр.  Ол да болса «даңқыңның» болғандығы. Одан беріректе, депутат болып тындырғаның елдің есінде қалмапты. Жә, бәрінде ұмытар едік. «Руханиятпен» соттасқаның бітеу жаралардың аузын ашып, қанды іріңдерді сыртқа шығарып жатыр. Осы бір жеңілтек қылығыңмен-ақ қазақтың әйелі деген, анасы, әжесі деген қасиетті ғажап атқа кір келтірдің!!! Өмір тарихыңыз қанша бүркемелегеніңізбен ел-жұртқа белгілі еді. Жас кезіңде жас дедік, аңғалдық, албыртық жеңді, деп алдарқаттық өзімізді. Қазақтың біртуар ұлының жары болдыңыз...  Жеке басыңызды сөз етпей-ақ қояйын.  «Қар жауды, із басылды»-дегендей...  Оданда Жаңаөзен халқы еңсесін көтере алмай жатқанда, қыршын кеткен жастарды қорғап, халықты қолдап бір екі жол жазғаныңыз елдің рухын көтерер еді. Бірақ сіздің оған шамаңыз жетпеді. Неткен өкінішті. Қайта « Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» - дегендей, қара бастың қамын күйттеп, партияны жолдан тайдырғаныңыз ақталуды көтермейді. Дұрыс қартаюда пешенеңізге жазылмапты.  Әлде ер азаматтарды төмен қарату ма мақсатыңыз. Әйтпесе аналық жүрекпен барып, «құлындарым-ау, мына істеген істерің шала ғой, ертең елге күлкі боласындар деп» ескертіп, мәмілеге келуге болмас па еді. Қазір барлығы «Руханияттың» омақа асқанын биліктен көріп жатыр. Менің зерделеуімше, Алтыншаш Жағанованың іс-әрекеті биліктің айтағы емес, өзінің айтары болып қалмақ. Бірақ билікке осындай «өлермен» әйелдердің жағатыны бесенеден белгілі.  Қалай десек те, ана есебінде сіз үшін мен ұялдым. «Өзіңіз су ішетін  құдығыңызға өзіңіздің түкіргеніз". Масқара! Осы ісіңізбен-ақ билікті күйелеш етіп, Елбасының атына кір келтірдіңіз. Халықтың алдында шын бет-бейнеңізді көрсетіп алдыңыз апатай. Әйтпесе елім деп еңіреп келген Серікжан Мәмбеталиннің сіз туралы балалық жүрекпен айтылған  сұхбаты есіме түсіп тұр: «- Біз  ресми тіркелген  ең байырғы партиялардың біріміз. Руханият партиясының бағдарламасына жасылдар қоғамдық бірлестіктерінің талабын партиялық деңгейде  жүргізу  талабын енгіздік. Партияның мүшелері  негізінен бұрынғы азаматтар. Ал Руханият партиясының төрағасымен кездесіп, келісімге келуіміз, бірігуіміз ол Алланың қолдауы деген шындыққа келеді. Алтыншаш Джаганова апамыз көреген,  терең ойшыл адам екен, ол саясаткер ретінде қоғамдағы құбылыстарды талдай білді. Біз партия ашуды қалай ұйымдастырамыз деп, шаршап жүргенде Құдай осы  тұлғамен кездестірді, келістірді. Біз оған Құрметті Қалаушы деген атақ беріп, партияның атын сақтап, оралмандардың мәселелерін биліктің алдына қойып отыруды уәде еттік». Өзің туралы осындай ақтарыла сөйлеген азаматты жерге қаратып кеткеніңе түсінбей дал болдық.

Оқып жүрсеңіз кей порталдарда кемпірлерден шаршадық деп жатыр.  Асқар Сүлейменовтей еліне елеулі, қаламы қарымды жазушы өр азаматтың артында қалған  ұл мен қызынан ұят-ты. Елге танымал куйеу балаңнан, немерелеріңнен ұят-ты бұл ісің. Сізге айтарым, Мұхтардың атын сен жоя алмайсың тарихтан.  МҰХТАР бәрібір Мұхтар болып қалады! Есімі болашақ ұрпақтың алдынан шұғылалы шуағын төгеді. Ал сіздің ныспыңыз тарихта қандай тәрбиелік мәнде қалары белгісіз. "Ер-азаматты" құрмет тұтып, сыйлау жағынан ба, әлде аналық махаббаттың "шуағымен бе?" Әлде ...

Айту қиын.  Мұхаңды аяймын, жолының бір тегіс болмағаны үшін. Мұхаңды сыйлаймын, жүрегінің тазалығы үшін. Сенгіштігі үшін! «Аңғал ақыным-ау, аңғалсың ғой аңғалсың» деймін іштей.  Кезінде Шерағаның « Бұл қазақ тірісінде даттайды келіп даттайды, өлгеннен кейін мақтайды келіп мақтайды» дегені рас-ау жұртым. Әйтпесе «Екі Кенен өспейді, Алатауға ексеңде» дегендей, екі Мұхтардың қазақ даласына енді қайтып тумайтыны анық.

Мұқаңды аяқтан шалу үшін, басқалар аз болғандай кемпірлер де  саясатқа кіре бастады ма тәйірі? Жағанованың осы мәлімдемесіне тарих өз бағасын бере жатар. Алайда Мұхаңның мына жан айқайын оқырманға ұсынғанды жөн көрдік. «Жаңаөзен шындығын зерттеуге талпынысымыз «Руханият» партиясына қасірет әкелді. Орталық сайлау комиссиясы «құжаттары дұрыс емес екен» деген сылтаумен «Руханият» партиясын сайлауға қатыстырмауға шешім шығарды. Мынадай заңды сұрақ туады: егер құжаттары дұрыс болмаса Орталық сайлау комиссиясы он күн бойғы тексерістен соң партияны неге тіркеді? Неге бізге сайлауға қатысуға куәлік берді? Екі жылға тарта уақыт бұрын партия басшылығынан кеткен А.Жағанованы «Хабар», «Қазақстан», «КТК» телеарналарының қортынды жаңалықтарынан қазақ, орыс тілдерінде (әрқайсысы 15 минуттан) сайратты да, прокуратураға ұсыныс әзірлеткізіп, тіпті соттың шешімінсіз бізді сайлаудан алып тастады. Себебі билік елдік, ұлттық мүддені ту етіп көтерген біздің партияға сайлаушылардың тең жарымынан астамы дауыс беріп жіберетінін білді. Тағы бір мәселе бар. Осыдан үш жыл бұрын билік Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі» доктринасы арқылы, өзінің түпкі негізін «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтқа»  ендіруге күш салғанда мен аштық жарияламақшы болдым. Ішінде әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері бар 4 мыңнан астам адам бізбен бірге аштық жариялайтынын әйгілегенде басшылар амалсыздан райынан қайтқан еді. Осы 2011 жылдың көктемінде билік «қазақстандық ұлтқа» қайта ендіретінін сездірді. Бізге жеткен мәлімет бойынша қазақ мектептерін ғана емес, бүкіл қазақ ұлтын жоятын бұл қасіретті шара 2012 жылы іске аспақ көрінеді. Біз Парламент қабырғасында жүрсек бұл ұлтсыздыққа жол бермесіміз айқын... Міне, мәселенің түп-төркіні қайда жатыр?».  Мұхаң осылай дейді ашынып. Алла азаматтарымыздың жолын оңғарсын!

Кейде таң қаламын күнделікті күйбең тіршілігіме. Жан алысып жан беріскен саясаттың ауласына кіріп кетсем, өңім бе, әлде түсім бе деп қалатын кездерімде жиілеп барады? «Хабар», «Қазақстан» арналарын көрсем виртуалды күн кешемін, өзімді көкке көтеремін, шаттанамын, мақтанамын. Менің халқымнан асқан бақытты ел жоқтай көрінеді. Ал интернетті қотарып, оппозиция газеттерін оқысам, ауылдарға барсам реалды өмірге ораламын. Бейне қорқынышты түстен шошып оянғандай күйге түсемін. Сол сәтте дүние астан-кестең болады. Жағамнан парақорлық алып,  алдау, арбау, халықтың байлығын тонау,  қанау, талау, көрініс береді. Ондай кезде бәрінен түңілемін... Бірақ ер мінезді халқымды көргенде сабама түсемін. Қарап тұрсақ қарапайым халық күйбең тірлік жетегінде... Осындай өмірімді көп көргендей парламент сайлауы келеді тағатымды қашырып... Сонда кімді сайлаймыз? Бейтаныстарды ма? Не үшін сайланады олар? Ұйықтау үшін бе, әлде бірауыздан биліктің сөзін сөйлеу үшін бе? Олар кімге қызмет жасайды? Халыққа ма, билікке ме? Әлде көзге көрінбейтін тылсым күшке ме? Оларды сайлайтын кім? Көрінбей тасада тұрғандар ма? ОЛАР кімнің арқасында депутат болады? Ақшасының ба, әлде шынымен қара еңбегінің жемісінің арқасында ма? Кез келген депутаттыққа үміткер пенделер осы сауалдарға тереңнен ӨЗДЕРІ жауап таба алса жақсы болар еді. Сонда нағыз депутат шығып қалар деген үмітім зор. Алайда, ол күн көкжиектен әлі көрінбей тұр... Мен оптимист анамын. «Үмітсіз  тек шайтан» ғана. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, тіліміздің ғұмырлы болуы ел сенімін ақтайтын азаматтардың қолында. Тәңірім соларға ғұмыр берсін!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550