Қайырымдылық. 200 мыңнан астам зейнеткер қосымша қаржылай көмек алады
1 қазан елімізде, елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзі халқында қарттар күні. Халықаралық қарттар күні. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 2 миллионнан астам зейнеткер бар екен. Қазақстанның әрбір азаматының, әрбір адамының лайықты қарттық шағын қамтамасыз ету – әуелі Мемлекеттің, Үкіметтің әлеуметтік саясатының басқы міндеті болып табылады.
Осы ретте айта кету керек, бүгінде Мемлекет осы азаматтарды заңды әрі лайықты зейнетақымен қамсыз етуді жақсарту үшін жүйелі түрде тиісті шаралар қабылдап келеді. Сөзіміздің бір мысалы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайынғы индекстеу нәтижесінде еліміздегі зейнетақы мөлшері 7 пайызға, базалық зейнетақы 5 пайызға өскен.
Бұған қоса, 2020 жылы міндетті зейнетақы төлемдерінен бөлек, егде жастағы азаматтарды әлеуметтік-материалдық қолдау мақсатында атқарылатын шараларға деп 32 миллиард 670 миллион теңге тағы бөлінген. Бұл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, осы жылдың сәуірінде мемлекеттен төленетін зейнетақы мөлшері тағы 5 пайызға индекстелген. Осылайша, 2019 жылмен салыстырғанда базалық зейнетақы 10 пайызға, ынтымақты зейнетақы 12 пайызға өскен. Яғни, ынтымақты зейнетақы мен базалық зейнетақыны қосқанда Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы мөлшері – 58 мың теңгеден асады. Ал зейнетақының ең жоғарғы мөлшері 128,5 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, ҚР азаматтары БЖЗҚ қорында өздері жинаған қаражат есебінен де зейнетақы төлемдерін ала алады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі егде жастағы Қазақстан азаматтарының тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 2025 жылға дейін жоспарланған бағдарлама қабылдапты. Ол бағдарлама - «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық іс-қимыл жоспары деп аталады екен. Бұл өз кезегінде егде жастағы азаматтардың қоғамдық өмірдің түрлі салаларына қатысуына қосымша мүмкіндік жасайтын мемлекеттік қолдаудың бір формасы. Аталмыш бағдарлама аясында еліміздің барлық аймақтарында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарланыпты.
Қазіргі уақта елімізде 60 мыңға жуық әлеуметтік көмекке мұқтаж қариялар бар екен. 113 стационарлық интернаттың жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын 58 стационарында ұзын-ырғасы 5 мыңға жуық қарт кісі орналасса, өз үйлерінде әлеуметтік көмек алатын 52 мыңнан аса қарттар мен мүгедек жандарға қолдау көрсетіліп отыр.
Халықаралық қарттар күні аясында еліміздің бірқатар қалаларында, соның ішінде: Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау мен Маңғыстау, Павлодар мен Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 216,7 мың адамға 2,3 миллиард теңгенің бір реткі қаржылай көмегі үлестірілген. Жалпы осы жылы жергілікті бюджет және кәсіпкерлердің қолдауымен аталмыш салаға 15,2 миллиард теңге бөлінгнен. Оның 14,2 миллиарды жергілікті бюджет ақшасы болса, 1 миллиард теңгесі кәсіпкерлердің қаражаты екен.
Бұл қаражаттар қайта, қай мақтатта жұмсалды? ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есеп беріпті.
Ол бойынша:
- Биыл ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне бір жолғы қаржылай көмекке – 7,6 миллиард теңге,
- Азық-түлік себеттерін үлестіруге – 1 млрд 481,1 млн теңге,
- Дәрі-дірмек жеңілдігіне – 174,2 млн теңге,
- Тіс протездеуге – 142,7 млн теңге,
- Шипажайлық ем шараларын ұйымдастыруға – 1 млрд 362,3 млн теңге,
- Тұрғын үйлерді жөндеуге – 46,4 млн теңге,
- Отын-сумен қамтамасыз етуге – 136,1 млн теңге,
- Қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге – 740,7 млн теңге,
- Көмектік басқа да түрлеріне 3,5 млн теңге жұмсалған.
Осыған дейін жазғанымыздай, Халықаралық қарттар күніне орай, Қазақстанда бір айлық қайырымдылық акциясы ұйымдастыралады. Аталмыш акция Қазақстанның барлық аймақтарын қамтиды. Атамыш акцияс аясында амбулаториялық-емханаларда «Ашық есік күндері» өткізіліп, «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Ауыр науқасты және әлеуметтік көмекке мұқтаж егде жастағы азаматтарға тегін азық-түлік себеттері табысталады.
Abai.kz