Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 9401 13 пікір 5 Қазан, 2020 сағат 11:43

Оразақ Смағұлов және қазақтың қаны

«Бір адамның генінде бүкіл дүниежүзінің кітапханаларының ақпаратындай мәлімет бар» дейді екен генетик ғалымдар. Қазақстанда кешенді антропологиялық зерттеу жұмыстары 1960 жылы басталды. Математикадан да өте-мөте дәл ғылымды, күні бүгінге дейін басқарып, ұйымдастырып келе жатқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, республика ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов.

Қан, сүйек, тері, шашқа жазылған тарих

1955 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетін бітіріп, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына лаборант болып орналасқан жас еді. Халқын генетика, антропология жағынан зерттеуді армандаған ол Алматы медицина институтында бір жыл стажировкада (1956-1957) болып, адам анатомиясы, бас сүйектердің классификациясы, қан, сүйек, тері, тіс, шаш, тіс мөрі, алақан бедері сияқты толып жатқан адам ағзасы туралы білім алады. Келесі жылы білімін Мәскеу университеті, биология факультетінің антропологиялық мұражайында жалғастырады. Орекең: «Егер осы екі ғылым ошағында медициналық-биологиялық білім алмасам, онда менің құр тарихшы мамандығым халқымның сан ғасырлық ата-тегін зерттеуге жарамас еді»,– дейтін.

1958 жылы академик Қ.И.Сәтбаевтың қолдауымен КСРО Ғылым академиясының этнология және антропология институтына аспирантураға оқуға түседі. Жалпы бұл кезде КСРО-ның антропологиялық мектебі, оның зерттеу тереңдігі мен ауқымы жағынан әлемде алдыңғы орында еді, сондықтан шетелден келіп білім алушы ғалымдар көптеп саналатын және Мәскеуге барып оқу үлкен мәртебе болатын. Мәскеуде оқыған жылдарын Орекең ерекше ілтипатпен еске алады. Әлемге әйгілі антропологтар Гинзбург, Дебец, Герасимов, Алексеев, институт директоры Толстовтарды күні бүгінге дейін аузынан тастамай, дәрістері мен ауыз екі әңгімелерінде: «Аяулы ғалымдардың ғылыми қарымдылығын былай қойғанда, өзара әзілдескендерінің өзі алтын еді ғой», – деп айтып отырады.

10000 бас сүйекті зерттеу

1965 жылы «Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша» деген тақырыпта «антропология» мамандығы бойынша тарих ғылымда­рының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

Бірнеше жүздеген көне бас сүйектерін қазіргі заманғы қазақтардың бастарымен салыстыра отырып, 10 жылдық экспедиция материалдары негізінде кешенді еңбек дүниеге келді. «Қазақстанда антропологиялық зерттеулер 1960 жылы басталып қана қоймай, қазақтан тұңғыш кәсіби антропологтың шығуы біз үшін үлкен сабақ болды», – депті Орта Азия археологиясының ірі маманы, профессор М.Е.Массон. 1970 жылы ғалымның Қазақ­станға арнаған мақалалары одақтық, шетелдік ғылыми журналдарда басылып, зерттеушілердің назарын аударды, тіпті кейбір ғалымдар «қазақ» деген халықтың бар екенін Орекеңнің мақалаларынан біледі. Бірталай халықаралық антропологиялық конференцияларға қатысып, мазмұнды, терең баяндамаларымен Қазақстанда этногенетикалық зерттеулердің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. 1975 жылы Индия өкіметінің арнайы шақыруы бойынша жасақталған КСРО Ғылым академиясының антропологиялық экспедициясында Орекең негізгі орындаушылардың бірі ретінде танылып, бір жыл жемісті жұмыс істейді. Нәтижесінде Үндістан басшысы Индира Ганди Кеңес ғалымдарын арнайы қабылдап, сыйлық тапсырады. Өзінің 70 жылдық тойында Орекең: «Адам өмірінде қуанышты кездер көп болады ғой, бірақ соның ішінде естен кетпес ерекше сәттер сирек. Миллиард халықтың басшысы, ұлы да парасатты шығыс әйелі И.Гандидің қолымды алып, алғыс айтуы және Қазақ­станның тәуелсіздігін көзбен көріп, қолыммен ұстап, дәмін татқаным – менің ең шаттықты күндерім», – деп ағынан жарылып еді.

Академиктің айтқандары

Қазақтар – антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосыл­майтын жеке-дара этнос. Мұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем. Өйткені біздің ата-бабаларымыз ешкімге ұқсамайтын керемет даму сатыларын білген.

Өткен ғасырдың 1970 жылы жазылған «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» деп аталатын кітабымда бұдан 4 мың жыл бұрын көне қазақ жұртын мекендеген тайпалардың қаңқа сүйектерін қазіргі қазақтардың қаңқа сүйектерімен салыстырып, арасындағы антропологиялық, морфологиялық байланыстарды анықтадым. Нәтижесінде он беске жуық халықаралық симпозиумда, Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Германия, АҚШ, Ұлыбританияда баяндамалар жасадым. Сөйтіп қазақ халқы өз елінде, өз жерінде тұрып жатқанына 40 ғасыр өткендігін ғылыми негізде дәлелдедім, шетелде мұны мойындады, бірақ осы қазақтың 4 мың жылдық антропологиялық, генетикалық тарихына өз елімізде тиісті мән берілмей келеді.

1977 жылы «Этническая геногеография Казахстана» деген 10 баспа табақ еңбегім жарық көрді. Адамдардың қан жүйелерін зерттейтін ғылымды серология дейді. Алматыда отырып алып тон пішкен жоқпын. Қазақтың этникалық құрылымына байланысты батыста адай, Орталық Қазақстанда арғын, Шығыста найман, Жетісу өңірінде үйсіндерді зерттедім. Сол еңбекте қазақтың айтып жүрген үш жүзінің антропологиялық, генетикалық, популяциялық тұрғыдан айырмашылығын анықтаған едім. Құдай жарылқап, жарты ғасырдың ішінде Қазақстанды 3-4 айналып шықтым, барлық тарамнан терең зерттеу жасадым. Нәтижесінде қазақ халқының биологиялық тұрғыдан жүз, руға қатысты еш айырмашылығы жоқ екендігіне көзіміз жетті.

Қазақстанда қазақтар қашаннан бері тұрады?

«Қазақстан тұрғындары қола дәуірінен қазіргі заманға дейін» – «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности (палеоантропологическое исследование). – Алма-Ата, 1970» еңбегінде қазақтың ата-бабаларының археологиялық қазбалардан табылған сүйектері мен қазіргі заманғы қазақтардың сүйектерімен шендестіре зерттеп, 40 ғасырлық ата-тек үрдісін нақты фактілер келтіре отырып, Қазақстан территориясында қазақтар 4000 жылдан аса уақыт тұрып келе жатқанын, яғни қазақтардың ежелгі Отаны екенін дәлелдеген. Қазақ халқы бұрын таза монғолоидтық раса деп айтылса, сомотологиялық (адам денелерінің өлшемдері мен өзгерістері), одонтология (тіс мөрі), дерматоглифика (алақан бедері), серология (қан құрамы) зерттеулерінің нәтижесінде О.Смағұлов қорытындысында еуропалық және моңғолдық расалардың араласуынан туатын тураноидтық расаға жататынын дәлелдеді. Қола дәуірінде өмір сүрген тайпалар арийлер, скиф-сақтар, т.б. 100% еуропалық болса, б.з.д V ғасырдан моңғолоидтық белгілер 10% болса, б.з.д V ғасырдан бастап ғұн және басқа тайпаларының Орталық Азиядан Қазақстан территориясына қоныс аударуына байланысты 30%, VI-VII ғғ. түркілер империясы кезінде 50%-ға жеткен. Кейінірек ІХ-Х ғасырларда қазақтың бүгінгі кескін-келбеті қалыптасып, моңғол шапқыншылығынан кейінгі кезінде 70% монголоид элементтері, 30% еуропалық расалардың элементтері бар қазіргі қазақтардың бет-бейнесі жасалған. Демек, ХІІІ-ХІV ғасырлардан қазіргі күнге дейін қазақтардың антрополоиялық өзіндік ерекшеліктері сақталып, өзгерген жоқ деуге болады. Сонымен, кешенді зерттелген антропологиялық ізденістердің нәтижелері бүгінгі қазақтардың Қазақстанның көне тұрғындарымен генетикалық байланыстарының үзілмей сақталып келгенін айғақтайды.

Қанымыз бір – тегіміз терең

60 жылдан астам уақытқа созылған этноантропологиялық ізденістер қазақтың ата-тек тарихында тағы бір үлкен жаңалыққа алып келді. Орекең экспедициясы осы уақыттар ішінде Қазақстанның шығыс-батыс, оңтүстік-солтүстік, орталық аймақтарының ауыл-селоларына барып, ол кісі мінген, үстінде шатыры бар ГАЗиК жүз-мыңдаған жолдарды шимайлап шықты. Орекең қазақтың қай түкпіріне бармас бұрын жердің тарихы мен мәдениетін, әсіресе шежіресін мұқият қарап, сол жерден шыққан Алматыда кісілер болса, олармен ауызба-ауыз сөйлесіп әңгімелерін жазып алады. Мысалы, Ташкент қазақтарына барар алдында сол жердің тумасы, белгілі археолог Х.Алысбаевпен, маңғыстаулық Ғ.Айдаровпен, Шығыс Қазақстандық Б.Сахариевпен, т.б. адамдармен кездесіп, үлкен дайындықпен баратын. Өз басым Қазақстанның қай жеріне барсам да алдын ала Орекеңмен ақылдасатынмын, сонда ол кісінің есте сақтау қабілетінің жоғары екенін байқағанмын. «Қатон-Қарағайда мынадай ақсақал бар еді, Атырауда бәленше бар еді, тірі болса саған көп мәлімет береді. Мен сөйлесе алмаған түген сұңғыла бар еді»,– деп аты-жөндерін айтып беретін.

Бүкіл Қазақстаннан жинап алған материалдарын сұрыптап, атап айтқанда Алтай мен Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан мен Ташкент, Шымкент, т.б. аймақтардың қазақтарын ара қашықтары 3000-2000 км, ең азы 1000 км салыстыра зерттеу нәтижелері күтпеген нәтиже береді. Сонда өркен жайған Алтай мен Маңғыстау қазақтарының ара қашықтығы 3000 км, Солтүстік Қазақстан мен Шымкент қазақтарының арасы 1000 км болса да, олардың арасында антропологиялық айырмашылықтары өте аз екенін дәлелдеп шықты. Антропологиялық конференцияларда қазақтың біртектілігі жөнінде жасаған баяндамалары шетел ғалымдарын таңдандырады. Шетелдердегі мұндай зерттеулерде, мысалы, Бавария мен Силезияның немісі, Архангельск пен Воронеждің орысы арасындағы, т.б. халықтарда қазақтардағыдай бірегейлік көрсеткіштері өте төмен болған. Ең бастысы бұл зерттеу қазір қазақтың арасында айтылып жүрген «қазақтың басы бірікпейді», «қырық құрау, қырық рулы елміз», «қырық тектен жаралған», т.б. сөздердің ешқандай негізсіз екенін көрсетіп қоймай, біртектілік жөнінен әлемде ерекше ел екенімізді дәлелдеді. «Қарға тамырлы қазақпыз», «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш», «Бәріміз бір Алаштың баласымыз» деген халқымыздың аталы сөздерін О.Смағұлов қазіргі замандағы математикадан да дәл ғылым антропология заңдылығы бойынша дәлелдеп берді.

Ғалымның кітабын неге өртеді?

Генетикалық маркерлермен Алаштың біртектілігін айқындаған «Қазақстанның этникалық жағрапиясы» (Этническая геногеография Казахстана, 1977) еңбегі баспадан шыға салысымен жолы болмады. «Қазақтың бүкіл руларын тізіп жазған», «Қазақты ерекше халық етіп көрсеткен», «Бәріміз бір совет халқы болдық, мұндай зерттеулер не үшін керек?», «КПСС-тің ұлт саясатына қарсы», т.б. жалалармен кітап қоймасынан шығартпай 2000 тиражы түгел өртелді. Санаулы даналары ғана ғалымдардың қолына тиген, бұл кітапқа сұраныс ерекше еді.

Бір күні арнайы зертханасына халін білейін деп барсам, қызу жұмыс үстінде екен. Кітабы жайында сұрап едім, ешқандай күйзелісі көрінбеді. Айтқаны: «Бастан құлақ садаға деген. Итжеккенге, Колымаға жер аударып жіберсе не істер едім? Мына жүзмыңдаған сүйектерімді кәмпескелеп, зертханамды жауып тастаса не болар еді? Осыған да тәуба, жұмысымды жалғастырып жатырмын». Басқа біреу болса кітабым өртенді деп уайымдар еді, жүрегі ұстар еді. Мен Оразақ ағамыздың қайсарлығына тәнті болдым.

1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде О.Смағұлов ең басты кінәлілердің бірі ретінде жан-жақтан жабылған жала мен арнаулы орындардың тексерісінде болды.

Екеуінде де Мәскеулік ғалымдардың ара түсуімен аман қалды. Ешқандай қиындыққа мойымайтын қайраттылығы мен оптимизмі арқасында қазір тоқсанның тауына шықса да үнемі ізденіс, жұмыс үстінде.

1970-80 жылы Орекең көбінесе сенбі-жексенбі күндері математика институтынан шықпау­шы еді. Институттағы жалғыз ЭВМ жұмыс күндері математиктердің өздеріне керек, демалыс күндері Орекең есептеулерін жүргізетін.

«Қандарыңды тексерейік»

1972 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетінде археология және этнография кафедрасы ашылып, дәріс оқуға одаққа, республикаға белгілі, танымал ғалымдар шақырылды. Солардың ішінде Орекең бізге «Тарихи антропологияны» оқитын. Алғашында академияның ғалымдары дәріске шорқақ, уақытымыз бос болатын шығар деп ойладық. Ол кезде Орекеңнің зертханасы көкбазардың жанында патша заманында салынған ескі үйде еді. Іші толған сүйек. Уақытында келеміз, екі сағат үнемі дәріс оқумен бірге сүйектерді, өзі жасаған кестелерді, есептеулерді көрсетіп отыратын. Бірде: «Келесі жолы қан туралы сабақ өтеміз», – деді. Академик Кассирскийдің «Қан туралы ғылым» (Наука о крови) кітабын көрсетіп: – кітапханадан алып, танысып келіңдер,– деді. Дәрісі аяқталар кезде: «Енді қандарыңды алып, группасын анықтап берейін, өздеріңнің группаларыңды білсеңдер маған айтпаңдар, өзім тексеремін», – деп бәріміздің бармақтарымыздан қан алып, анықтап берді. Адамның басын өлшеуге арналған циркульға арналған құралды көрсетіп, өзінің эскизі бойынша механикалық зауытта жасатқанын айтты. Осы фактілер Орекеңнің өз ісіне шын берілген нағыз ғалым екенін көрсетпей ме?

1990 жылы академик М.Х.Асылбеков АҚШ-тың Висконсин университетінде болғанда «Қазақстаннан қандай ғалымдардың еңбектері бар екен?» деп компьютеріне сұраныс берген екен. «Сонда Оразақтың еңбектері шыға келді», – деп мақтанышпен айтып еді.

Академик О.С.Смағұловтың ғылымдағы табыстарын сөз еткенде бірнеше ерекшелігіне тоқталамыз. Ол – өз халқының патриоты, бүкіл саналы өмірін қазақтың ата-тек тарихын зерттеуге арнады, зерттеп қана қоймай әлемге танытты. Қазақстан, сонымен қатар КСРО-дағы түркі-мұсылман халықтарынан шыққан тұңғыш антрополог. Ой-өрісі кең энциклопедиялық білімі мен танымы мол зерттеуші. Ең бастысы әлемдік дәрежедегі ғалым, орысша айтқанда ученый с мировым именем. Қызы Айнагүл екеуі бірге жазған соңғы кітаптарының бірі «Қазақ халқының шығу тегі» (Происхождение казахского народа по данным физической антропологии. –Алматы, 2017) әлем ғалымдарының назарын аудартты, бірнеше шетелдік пікірлер шықты. Жалпы, Орекең қаламынан туған жүзден астам ғылыми зерттеу­лер библиографиялық сирек басылымдарға айналды, әлемдік антропология ғылымының алтын қорына қосылды.

Ахмет Тоқтабай,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөзі: Қазақ Әдебиеті газеті

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385