Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 4596 7 пікір 6 Қазан, 2020 сағат 13:08

Қазақстанның әскери әлеуеті қандай?

Бүгін біз, иісі қазақ Қарабақтағы қанды қырғынға қарап отырмыз.
Жаңа технологиялар соғыс ережесін өзгертіп жатқанына анық көзіміз жетті. Әсіресе соңғы жылдары. Кешегі окоп қазып, атысатын дәуір енді келмейді. Бәрі өзгерді. Бүгін БМВ жүрген көшемен, ертең БМП, бүгін тoйота жүрген трассада ертең танк жүйткімесіне кепілдік жоқ. Әлем сондай. Қым-қуыт.
Қазақстан жері өте үлкен, халқы аз мемлекет. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер алда-жалда соғыс болса, бұл халық тарапынан да, билік тарапынан да жауға қарсылық тудыруға айтарлықтай кедергі жасайтын сияқты. Мобилизация, халықты қауіпсіз аймаққа көшіру, әскерді ұрыс алаңына дереу арада жеткізу сынды міндеттерді өз уақытында іске асыру қиын болады. Себебі жер үлкен, халық аз.
Қазақстанның географиялық жер бедері де қызық. Шығыс пен оңтүстік-шығыстың біраз бөлігін тау мен орман алып жатыр, ал қалған өлкелеріміз жазық дала, шөл мен шөлейт. Еліміздің әр аймағында бар кішігірім тау сілемдерін ескермегенде әрине. Мұндай табиғат әскери топтарды бөліп, жау әскеріне диверсиялық соққы жасауда қиындық туындатады.
Осындай фактілердің бәрін ескерген Қазақстан жаңа заманның соғыс тактикасын меңгеріп жатыр деп ойлаймын. Оған күмән келтірмеймін. Заманауи соғыста әуе күштері мен зымырандар ерекше рөл ойнайтынын көріп отырмыз. Әуе күштеріне тек қана ұшақтар мен тікұшақтарды емес, сонымен қатар БПЛА-ларды да жатқызсақ болады-ау. Себебі соңғы үш қақтығыс ошағында олар өздерін өте тиімді көрсетті. БПЛА көмегімен ДАИШ(ИГИЛ) содырлары жау әскері мен техникасына соққы берді. Олар дрондарға жарылғыш байлап, әскерилердің нысандары мен жаяу әскерді жарып отырды. Ал соққы жасау БПЛА-лары бар Түркия ақпан айында Байрактардың бар қуатын Башар мен Вагнерге төкті. Бір аптаның ішінде мыңдаған сарбаз бен жүздеген техниканы о дүниеге аттандырып жіберді. Қазіргі Қарабақ шайқасы да тура соны дәлелдеп отыр. Әзірбайжан әскерінің 50% жетістігі кемі осы БПЛА-ларға байланысты. Оның үстіне камикадзе дрондар мен барлау дрондары тамаша тандем болғанда, жауды күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айыруға болады екен. Көзіміз жетті.
Зымыран кешендері де аса маңызды. ПРО мен ПВО жүйесінен бөлек, жау әскері мен техникасын жоюда соңғы жиырма жылдықта басты қаруға айналып келе жатыр. Стэлс жүйесіндегі ұшақтар да үлкен маңызға ие. Қазіргі уақытта әскердің саны қысқарып, қарудың түрі жаңарып жатыр. Әлем осы тенденцияда. Жаңа тактикалар ойластырылуда. Мысалы ұшқышсыз ұшақтар алдыңғы шепке шығуда. Әзірбайжан ескі АН-2 ұшақтарын ұшқышсыз негізге айналдырып, жаудың ПВОсын табу үшін қолдануда. ПВО жүйесі ұшаққа соққы бергенде, ПВОның өзіне БПЛА-мен немесе зымыран кешенімен соққы жасалуда. Есесіне ескі ұшақты беріп, бірнеше миллион доллар болатын ПВО жүйелерін талқандап жатыр. Бұл Қарабақ соғысындағы ерекше тактиканың бірі болуда.
Қазақстан жері тым үлкен болғандықтан, бізге сөзсіз әуе күштерін дамыту маңызды. Жойғыш ұшақтар, әскер таситын, техника жеткізетін ұшақтар мен тікұшақтар, БПЛА-лар ауадай қажет. Елдің ана басынан мына басына жылдам жетудің жалғыз жолы осы ғана.
Заманауи соғыстар ең алдымен ақпараттық алаңды жоюға бағытталады. Халық пен әскер арасына үрей тудыратын, рухын құлату үшін фейк-ньюстар мен дезинформация жау тарапынан орасан зор болмақ. Соған қарсы мықты медиасала керек. Ол өте маңызды.
Қару-жарақты тек бір елден сатып алу қателік. Біз көбіне Ресейден аламыз. Қытай мен Израиль, Еуропаның кей елінен азын-аулақ қару алатынымыз бар, бірақ ол теңізге тамған тамшыдай ғана. Басым бөлік Ресейден. Баяғыда хандар кемі екі ұстахана салдыртқан. Бірін жау талқандап, өртеп кетсе, екіншісінде қылышын, найзасын жасай берген. Сондықтан бір елге басымдық бермей, әлемдік қақтығыстарда өзін жақсы көрсеткен БПЛА, зымыран кешендері мен ұшақтарды, жаяу әскерге арналған атыс құралдары мен бронды техника түрлерін сатып алған дұрыс шығар. Ал ең абзалы әскери қарудың біраз бөлігін өзіміз шығаратын дәрежеге жетсек, сонда ішкі сенімділік те арта түседі.
Жай, Қарабаққа қарап тұрып, ойға келген шикі пост қой. Еш зерттеусіз, жазыла салған дүние. Соғыс тілеп отыр деп, жағыңа жылан жұмыртқаласынға баспаңыз. Соғыстан сақтасын. Тыныштық болсын. Жалпы мемлекет болған соң бәріне дайын болу керек дегенім ғой. Қазақстанның әскери техникасы, бюджеті, тактикасына бір үлкен шолу жасап, талдаса негізі қызық болар еді. Тіс қаққан әскери сарапшылар болса белгілеп кетіңіз.
ПыСы: Фотода Қазақстан арнайы жасағы жаттығу үстінде.
Асхат Қасенғалидың жазбасы
Abai.kz
7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052