Бауырлас түріктерден үйренеріміз көп
Түріктер жарады.
Кеше украин ақпарат құралдарын қарап отырсам олар Ердоғанға риза болып отыр екен.
"Ердоған Қарабақта Путинмен өз тілінде сөйлесіп отыр" десіп жатыр олар.
Рас, Ресей қазір Арменияға қарап үрейі ұшып отыр. Арменияның жүз пайыз әскери техникасы - ескірген Ресей техникасы. Тіпті ол техниканың ремонтын да орыс жасап беруі мүмкін, себебі шағын Арменияда ондай зауыттар да жоқ.
Сол Армения әскерін енді Ердоғанның дрон "Байрақтары" шемішкедей шағып жатыр.
Әлемдік қауымдастық "соғысты тоқтатыңдар" дегендей боп еді...
Ердоған оған бар беделін, абыройын салып айбарлы дауысымен гүр ете қалды...
Егер Ресей өз әскери техникасын салдыр - гүлдір еткізіп Арменияға кіргізетін болса, ол темір - терсектері дереу күлге айналып Әрменнің артынан кетуі мүмкін. Олар да соны сезіп үндемей отыр.
Тіпті Ресейдің мақтабас ток - шоулары өздерінің қорыққандарын армяндардан көріп жатқандай ма, қалай өзі...
"пашинян өзі орысшыл емес", дей ме..
Қысқасы, "соғысты тоқтату керек" дегеннен аспай қалыпты.. Үндері пәс.
Байқағаным, Әзірбайжанның әскері Түріктің әскеріне ұқсап қапты. Ал Түріктің әскері - НАТО әскері.
Ал НАТО әскері дегеніміз...
Кезінде Ауғанстанға АҚШ әскерін кіргізгенде тәліптер "оо, енді орыспен соғысқандай кәпірлерді қырамыз" деп ентелеп жетіп келген еді.
Оған американдар тек қана кнопканы басып жабайы тәліптерді тау арқарындай қырды да отырды. Олар кнопканы басып қана соғыс жүргізді.
Одан соң тәліптерге жан керек, тауларына қайта тығылды. НАТО әскері дегеніміз сол.
Ердоған қазір Қарабақта сол тәсілмен жұмыс істеп отыр.
Жалпы, біздің түріктерден үйренеріміз өте көп.
Түріктерде ұлттық сана, мемлекеттік сана, түркішілдік дегеніміз керемет.
Біздің қазақ Гагауз деген халықтың қайда тұратынын, оның қандай халық екенін білмеуі мүмкін, ал түріктің мемлекеттік арналары қай жерде түркілер тұрады, сол жерде жүреді. Гагауызын көрсетіп оларды зерттеп, көмек көрсетіп дегендей...
Біздің қазақ Иракта түркітілдес түркоман деген халықтың барын білмеуі де мүмкін, ал Ердоған Иракқа өз әскерін кіргізіп солар үшін соғыс салады.
Түркияда түрік паспорты бар ұлыстардың бәрі - Түрік. Ол жақта грек те - түрік, парсы да - түрік, ноғай да - түрік. Болды.
Түрік мемлекетінің кеңдігін осыдан көруге болады.
Ал кезінде Совет пен Қытайдан қашқан қаншама түркі халықтары сол Түркиядан пана тапты, ол өз алдына бөлек әңгіме.
Ал біздегі қазақта сырт тұрмақ өз жеріндегі ұлыстарға қатысты ондай түсінік жоқ, шырт етсе "бізді сыйламайды","келімсектер басынып жатыр" деп лег легімен атқа қонып, төмпештей жөнеледі.
Ал ана Анадолы түріктерінің қарапайым статистикалық азаматы, түркілерім деп сырттағы бауырларына елжіреп тұрады.
Өкінішке орай біз әлі ондай санаға жеткен жоқпыз. Этно ұлтшылдарымыз бар, рушылдарымыз бар, тағы басқа факторлар бізде ондай сана қалыптастырмай отыр.
Қазір түркі түгел қазақтың басын біріктіру қиын болып отыр.
Сосын түріктер мектептің қандай құдіретті қару екенін жақсы біледі. Олар бұрыңғы Осман империясы ғой, тәжірибелері жетеді.
Біз азаттық алған жылдары елімізге осы түріктер мектеп - лицейлерін ала жүгірген еді. Ақша емес, басқа емес, мектеп алып келді.
Неге? (мен бұны жүз рет айтқан шығармын, тағы айтайын).
Себебі, мектеп деген нәрсе жаңа ұлт құрайды, ал жаңа халықтар өз кезегінде жаңа мемлекет құрады. Түріктер сол лицейлерімен біздің сол кездегі совок қоғамда түркішілдіктің дәнін сеуіп үлгерді.
Одан соң біздегі қазақ кем дегенде "ойпырай сыртта осындай тілі бізге ұқсас бауырымыз бар екен ғой" деген ой қалыптастырып қалды.
Түріктердің сол лицейлері сол кездегі әр қазақ баласының арманы еді.
Сонда түрік лицейлерін бітірген біздің орыстілді қандастарымыз өз ана тілдерін білмесе де түрік тілін жақсы біліп шығатын.
Сенесіздер ме, біз отыз жыл қақсап өз қандастарымызға ана тілін үйрете алмай жүргенде, түріктер айналдырған он жылдың ішінде ың — шыңсыз орыстілді қазақтарды түрікше сайратып жіберетін.
Жалпы, бауырлас түріктерден мемлекет құру жағынан үйренеріміз өте көп...
Олжас Әбілдің жазбасы
Abai.kz