Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
3755 0 пікір 30 Қыркүйек, 2020 сағат 15:12

ҚХА өкілдері: Мемлекеттік тіл - халықты біріктіреді

Бүгінде қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру аса маңызды. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан іргелі істер атқарылып жатыр. Солардың бірі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған арнайы шара. Онлайн режимде өткен семинар-кеңестің тақырыбы “Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың тиімді жолдары” деп аталады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” деп аталатын Қазақстан халқына арнаған жолдауында “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” атты азаматтардың өтініш тілектерін тиімді әрі жедел түрде қарастыратын тұжырымдамасын жүзеге асыру туралы нақты міндеттер қойған еді.

Мемлекет басшысы аталған жолдауында: “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін” деген болатын.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында да қазақ тілінің маңызына ерекше тоқтылған еді. Соның негізінде “Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау” атты арнайы тапсырма беріп, еліміздегі өзге этнос өкілдеріне қазақ тілінің маңыздылығын, оны іліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру қажеттігін талқылап, шешу жолдарын ұсынуды мақсат еткен болатын.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба пікір білдірді.

-Мемлекет басшысының жоғарыда айтылған идеясын жүзеге асыру әңгімеміздің негізгі өзегі болмақ. Біз отыз жылдан бері айтып келе жатқан әңгімеміз- тіл тағдыры. Бірақ, біз дәл осы жолмен жүре беретін болсақ, жарты ғасыр, бәлкім бір ғасыр өтер. Алайда, біз бәрібір Заңдарымызды мемлекеттік тілде жазбаймыз. Сонда кімге қарайлап жүрміз?

Бүгінгі бүлдіршіндер өзге тілде сөйлейді, өзге тілде ақпарат алады деп кімді айыптауға болады. Сол басқа тілде сөйлеп жүрген бүлдіршіндер ертең кім болады? Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Есеп бойынша, жиналыстар мен іс қағаздар мемлекттік тілге көшкен. Егер сол рас болса, неге әлі күнге аударма жасалады? Демек, бұл құжаттардың барлығы бірінші орыс тілінде дайындалып, артынан қазақ тіліне аударылады деген сөз. Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру тек қазақ ұлтының ғана емес, қазақстандағы әр азамттың үлес қосуы тиіс мәртебесі,- деді.

Аталған онлайн жиын Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаевтың алғы сөзімен басталды.

Сөз кезегін әуелі Павлодар облыстық еврей этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Татьяна Сливинская мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің саны әлдеқайда көп екенін айтып, сол көпшілік басқа азшылыққа үлгі болу керектігін айтты.

Ал, Украиндердің “Ватра” мәдени орталығының төрағасы Тарас Чернега “Бірлік пен ортақ жалпы құндылықтар халықты біріктіреді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік тіл” деген ойын ортаға салды.

Сонымен қатар, “KAZAKH INVEST” ҰК” акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Николай Путилин де мемлекеттік тіл туралы тебіреністі сөздерін айтып, тілдің маңыздылығына тоқталды.

-Мен үшін Қазақ тілі өмірге жол ашқан байлығым. Сондықтан да жай тіл емес. Мен қазақ тілін білу арқылы жиырма беске толмаған жасымда бірқатара республикалық телеарналардажұмыс істеп, мемлекеттік органдарда қызмет атқардым. Бүгінде мен үлкен ұлттық компанияның баспасөз хатшысы қызметіндемін. Менің мұндай жетістігімнің барлығы қазақ тілін білгенімнің арқасы.

Бір ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылу үшін сол ұлттың тілі бұзылса жетіп жатыр. Ал, ұлттың әдет-ғұрпы мен рузының бұзылуы дегеніңіз -ақиқат пен әділет жойылып, жалпы халықтың жоғалуына әкеліп соғады.

Қысқасын айтқанда, ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың болашағы болмайды. Сондықтан мұндай қатерлі жағдай туындамас үшін оның алдын алудың маңызы зор. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы бұл сөздің тереңігін түсініп, сөздің маңызына бойлап, қазақ тілін үйренуге көшсе деймін. Қазақ тілі ғұмыр бәйгесінде өз жүлдесін алатынына сенемін!

Өз кезегінде сөз алған “Ахыска” түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев өз көзімен көрген жағдайды айтып берді. Оның айтуынша, іскерлік байланыс орнатуға келген еуропалық біз жігіт қазақ тілін білмей тұрған кәсіпкермен әріптес болудан бас тартқан. Оның себебін сұрағанда, туған елін қадірлемейтін адам ешнәрсенің қадірін түсінбейді. Ал, ондай адамдармен кәсіп бастауға болмайды деп жауап берген.

Пириев тіл маңыздылығын осылай айта келіп, “қазақ ұлтының тағамы дәмді, табиғаты сая, бауырсағы тәтті, ауасы шипа болғанда, тілі неге құрметсіз болады?” деді.

Сонымен қатар, Алматы қаласының жас тұрғыны Евгений Демиденко қазақ тілінің жастар арасында насихаты аз екенін айтты. Ал, тіл үйрету бағытында жасалып жатқан жұмыстарға еш уәж жоқтығына тоқталды. Сондай-ақ, аталған кеңесте тілге қойлатын талапты күшейтіп, тілді қадағалайтын құзырлы органдар құрылуы тиіс екендігі айтылды.

Онлайн форматта өткен жиын соңында нақты пікірлер мен ұсыныстар ескеріліп, барша республика жұртшылығына үндеу жарияланды.

Сонымен қатар, қазақстандық этнос өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын қолдайтыны және сол мақсатта тіл комитеті жанынан “Тіл қорғандары” атты онлайн топқа қосылып, қазақ тілінің абыройын арттырып, мәртебесін көтеруге ниетті екендерін жеткізді.

Сонымен қатар, этномәдени бірлестік басшылары бірнеше пунктен тұратын үндеу жариялады.

Үндеуге сәйкес, қазақтілді бизнес-коммуникация құралдарын жетілдіру мен бизнес-комуникация алаңдарын кеңейтуге басымдық беру мәселесі қаралуы тиіс. Және, Қазақстан Республикасындағы кез-келген Заң мәтіні мен нормативтік құжат әуелі мемлекеттік тілде әзірленуі тиіс.

Одан бөлек, жеке меншік компаниялар мен мекемелер банк, қаржы саласының ұйым қызметкерлерін мемлекеттік тілде сөйлеуге ынталандыру аса маңызды.

Сонымен қатар, этномәдени бірлестік басшылары қазақ тілінің қолданысын міндеттеу жөніндегі «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдау керектігін айтып өтті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036