Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3176 0 пікір 11 Қаңтар, 2012 сағат 05:07

Март Ожан. «Азынаған әзілдің» азуына жол болсын...

Жарасымды қалжыңымен, әзіл-сықағымен елді күлдіруге талап қылып жүрген шоумендер жетіп артылады. «Ауызды қу шөппен сүртуден» аулақпыз. Бірақ шалажансар, жілігі татымайтын, сын көтермейтін «әзілкештерден» халық шаршай бастады. Ондайлардың түрін түстеп, жіліктеп, талдауға сыншылар селқос. Енді қайтеміз, «көрген көзбен», «естіген құлақпен» «тығыз қарым-қатынас орнатып», «шабуылға» өзіміз шықтық. Мұнымыз батырлықтан гөрі «Қорыққан бірінші жұдырықтайдының» кебі ғой түсінгенге. Біссіміллә. Сонымен, елімізде күлкінің қуырдағын қуырып, әзіл қымызбен шөлін басып жүргендердің алдыңғы легінде  «Тамаша», «Бауыржан шоу», «Шаншар», «Алдараспан», «Шымкент шоу» тұр.  Бұлар енді халыққа танымалдары. Атақ-даңқтары «алысқа» кеткендері. Кейінгілерге үлгі көрсететіндері. Бұлардың артынан қаулап шығып, жаңа ғана «бүр» жарып, шешек атып келе жатқандары қаншама. (Пай-пай-пай!!!). Инкубатордың балапаны құсап бір қалыптан шыққандары да аз емес. (Әттеген-ай, әттеген-ай!!!).  Алдыңғы арбаның ізімен салдырлатып келе жатқандары да жетерлік. (Қап-қап-қап!!!). Сөйте тұра, сәт сапар тілейміз бәріне. Саннан сапа шығады деген есек дәмемен ернімізді жалап... 

Жарасымды қалжыңымен, әзіл-сықағымен елді күлдіруге талап қылып жүрген шоумендер жетіп артылады. «Ауызды қу шөппен сүртуден» аулақпыз. Бірақ шалажансар, жілігі татымайтын, сын көтермейтін «әзілкештерден» халық шаршай бастады. Ондайлардың түрін түстеп, жіліктеп, талдауға сыншылар селқос. Енді қайтеміз, «көрген көзбен», «естіген құлақпен» «тығыз қарым-қатынас орнатып», «шабуылға» өзіміз шықтық. Мұнымыз батырлықтан гөрі «Қорыққан бірінші жұдырықтайдының» кебі ғой түсінгенге. Біссіміллә. Сонымен, елімізде күлкінің қуырдағын қуырып, әзіл қымызбен шөлін басып жүргендердің алдыңғы легінде  «Тамаша», «Бауыржан шоу», «Шаншар», «Алдараспан», «Шымкент шоу» тұр.  Бұлар енді халыққа танымалдары. Атақ-даңқтары «алысқа» кеткендері. Кейінгілерге үлгі көрсететіндері. Бұлардың артынан қаулап шығып, жаңа ғана «бүр» жарып, шешек атып келе жатқандары қаншама. (Пай-пай-пай!!!). Инкубатордың балапаны құсап бір қалыптан шыққандары да аз емес. (Әттеген-ай, әттеген-ай!!!).  Алдыңғы арбаның ізімен салдырлатып келе жатқандары да жетерлік. (Қап-қап-қап!!!). Сөйте тұра, сәт сапар тілейміз бәріне. Саннан сапа шығады деген есек дәмемен ернімізді жалап... 

Әсіресе, жастардың есін алып жүрген «Базар жоқ» пен «КВН»-шиктерді  ерекше «атап» өтпей, «аттап» өтсек кім болғанымыз? Өнер көгіндегі олардың «ғұмырының» ұзақ боларына сенім зор. Өйткені шегіңді «қатырып», шеріңді «тарқатып» құлатып тастағанымен, күлкі аңсап келгендерді «арбап» алғандарымен ертесіне есте бір есті сөзі қалмайтындығымен ерекшеленеді сабаздар. Тек көпшіліктің ойында ерсілеу іс-қимылдары мен орашолақ сөз тіркестері қалатынына кім дау айтар? Ду еткізіп күлдіріп, «шу еткізіп», шоуға айналдырып жіберетіндерін айтсаңшы, бәрінен. Бұлда болса «қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтынының»  «тірі» көрінісі. Тағы бір түсінгеніміз жастарға олардың «еркіндіктерінің» ұнайтындығы. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» демекші, тіліп айтып, «жұлып» қайтатын кездері де кездеседі. Бірақ ондай қуанышты сәттер өте аз.  Астарлы қазақы қалжыңдарымен, шымшыма әжуалармен көрермендерінің көңілін табу   жағы кемшін. Бұл жағы «көздеп» айтқанда оң жамбастарына келмей жүр. Ол үшін көп ізденуге уақыт бөлсе нұр үстіне нұр болар еді дегіміз келеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, күлкіні жандарына «өмірлік серік еткендер» елімізде аз емес. Кәдімгідей қарақұрым топ. «Алуан алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, барлығы да өздерінше «шоқ жұлдыз» болуға ниетті. Мақсаттарына тезірек жету үшін барын салып жатқандарын бағаламау сыншы қауымға ұят. «Жақсына көрмекке» дейді қазақ. 

Дегенмен, арзан, арсыз күлкі де, құнсыз, нәрсіз күлкі де, ойға салмақ салмайтын әлсіз күлкі де, үй арасынан аспайтын сәнсіз күлкі де қазіргі шоумендердің қанжығаларында. Жасырмаймыз,  бәзбірінің арагідік болса да шымшыма қуатты күлкіге, жан жадыратар шуақты күлкіге «ат ізін» салатындары кездесіп қалады. Бірақ нысанаға алған объектісін «бомбалау» үшін, дәл «нүктені» таба алмай,  төбесінде шыр көбелек айналып жүріп алатындарына қынжыласың. Кейбіреулері жалқау қойшыдай дөңеске шығып алып, жантайып жатып, қара сөзді «иріп» жаймай, «шашыратып» алады. Осыдан барып көпсөзділік, мағынасыз қалжың, құр айқай, далбаса қарекет бой көрсетіп, күлкіге елітіп отырған қауымды жалықтырып жіберу етек  алды. Мысалды алыстан іздемей-ақ, уытты қағытпаларымен дүйім жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген, аға буын түгілі, бала буынның өзі құрмет тұтатын, жоғарыда сөз еткен  «Бауыржан шоу» мен «Тамашаның» жаңа жылдық көрсетілімдерін тамашаласаңыз, бүгінгі әзілдің қайда бет алғанын аңғарасыз. 

Сонымен, Мұқағали айтпақшы, «Баяғыдай, бәрі де баяғыдай». Баяғыдай «Бауыржан шоудың» көкесі Бауыржан жалғыз ортаға шықты. Баяғыдай татарша мақаммен, мұртын ширатып сөз алды. Баяғыдай ән айтты. Баяғыдай ұзын-сонар әзілімен көп мәселені «шешіп» тастады. Жұрт зеріге бастағанда  баяғыдай құда мен құдағи тағы кездесті.  Екеуі де баяғыдай киінген. Сол баяғы оқиға желісі. Тек баяғы «бір партия» айтылмады. Баяғыда «сырласқан» құда мен құдағи «Бауыржан Шоуда» не істеп жүр десек... Сөйтсек тұрпайы әзілдерімен сөз қағыстыратын құда мен құдағи ұятты іске барып қойыпты... Айтуға аузым бармайды... Масқара. Қазақтың «құдайындай сыйлайтын» құдасы құдағиын... ұяттағы... күлдіремін деп күрсіндіріп алар ма екем... енді былай... нетіп... жерік қып... тастапты. Баяғы оқиғаны аяқсыз қалдырмай қос бейбақтың тағдырына «алаңдаған» көрермендеріне, өткенге оралып, «аяқталмаған романның» нүктесін қоюды мақсат еткендері көрініп тұр. Ол үшін бәлкім оларға «рахмет» айтуымыз керек шығар. Оқиғаның шиеленіскен тұсында, бірінің қызы, бірінің ұлы келеді. Шындықты біледі. Көзі жасаураған шеше қызына мән жайды жылап айтады. Керісінше, қоқиланған әке ұлына «последний патроны» босқа кетпегенін, «көздеп» атқанын жеткізеді... Мұны естіген ұлы мәз. Осы кезде халық сорпасы татымайтын арзан әзілге мырс ете түседі. Ал ақша төлеп бармай, теледидардан тамашалаған ағайын бұл сөзіме, сіз жылайсыз ба, күлесіз бе, еркіңізде. Күлсеңіз де қиналып, зорланып күлеріңіз һақ. Әйтпесе, басыңызды шайқап, мыналардың есі дұрыс па деп дүрсе қоя береріңіз анық.  Бірақ шындық - осы. Ақыл айтудан аулақпыз. Алайда, келешекте «арды аттаған» құда мен құдағиды «Бауыржан Шоудан» көрмейтін шығармыз. Бір түрлі ғой енді...  Әлде  «қос ғашықтың» кішкентайларын көрсетіп қызықты «телесериалды» жалғастыра берер ме екен?! Енді, өздері біледі ғой... Дәстүрде жоқ нәрсе дегендей... бір түрлі...ұят...

Ал, «Тамашаны» танымай қалдық. Халықты жинап алып құр сөзден қуырдақ қуырып бергендей болды. Тың дүниені байқамадық. Баяғы «Тамашаның» жұрнағы да қалмағандай. Неге екенін білмедік, сахнадағы айқай-сүреңнен құлағың шыңылдайды. Бұл жалпы қазақ әзілкештеріне тән секілді. Айқайлап «аруағын» шақырып сөйлеу «модаға» айналғандай. Қайда барсаң да көретінің осы тектес «ойындар». Бәрін қойшы Сейфуллин Жолбарысты ортаға шығарып, «бірінші сыныптың оқушысы» деп таныстырып, «қалғып» кеткен жұртты бір күлдіріп алғанын айтсаңшы «Тамаша» тарландарының. Сейфуллин киіну үшін «Детский мирға» барады деген қалжың да  айтылып қалды. Оған да күлуге сылтау таба алмай отырған халық қыран-топан. «Тірі кейіпкерді» ортаға шығару арқылы, жұртпен сұхбаттастыру «тың» жаңалық деуге келмес. Дегенмен Сейфуллиннің әзіл-қалжыңға ренжімейтіні рас екен. Соның арқасында жарты сағат өзіне шоу жасады. Зерігіп отырған халық біраз сұрақ қойды сазгер «балаға». Сөйтіп арзан ойын-күлкімен «Тамаша» өз жұмысын бітірді. Есімізде ешқандай бәтуәлі сөз, байыпты қалжың қалмады. Қайтеміз енді. Шын күлуді ұмытып барамыз, әзілкеш ағайындар. Бір сәт уызына тойған қазақы, астарлы, шымшыма, әзілді тыңдағымыз келеді.  Бірақ оның кезі әлі тумаған секілді. Шыдамды халықпыз ғой, күтейік. Таяу арада дүние есігін қағып қалар шынайы әзіл шырылдап...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584