Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2987 0 пікір 12 Қаңтар, 2012 сағат 04:11

Софы Сматаев. Бүркеу қиын бұрмалаумен шындықты

Азанама күйік дастаны

1

Тағы жетті
Зарлы күйдің
Азаны.
Зарлы күйдің
Естірткені-ай
Қазаны!..
Ашық күнде
Қара аспанды
Бүркеніп,
Қанға бөкті
Алашымның
Қазағы...

Азынады
Азалы үні
Ажалдың,
Қан жосалап
Аппақ жүзін
Тазамның.
Күйік беріп,
Күлкімді ұрлап
Кеудемнен,
Әнді еріннен
Жұлып алды
Тажал-мұң.

Тағы жетті
Азаға еріп
Зар үні,
Өзекті өртеп,
Өксітетін
Жалыны.
Айырды да
Атасынан
Ботасын,
Боздақтардың
Мәңгі сөнді
Жарығы.

Боянды ғой
Сонау биік
Тақ қанға,
Өз қазағын
Өз қазағы
Атқанда.
«Қыршынынан
Қиылсын!» дер
Қай Ана
Балбөбегін
Белі ауырып
Тапқанда.

Тағы жетті
Күйік үні
Зарлатып.
Жүргенде алаш
Аш-жалаңаш
Жан бағып.
Ән сап жатты
Оқты елемей
Астана,
Түспегендей
Ары менен
Жанға түк.

2

Неткен ұлт ек
Шері үзілмес
Шерменде.
Жайғасатын
Езі - төрге,
Ер - көрге.
Үнсіз жылар
Оққа ұшқан
Ұлдарын
Көкірегін
Қақ айырып
Көмгенде.
Тағы қапты
Зарлы күйдің
Азаны.
Тағы тапты
Алашымды
Ажалы.
Қайдан?
Қалай?
Кімнің?

Азанама күйік дастаны

1

Тағы жетті
Зарлы күйдің
Азаны.
Зарлы күйдің
Естірткені-ай
Қазаны!..
Ашық күнде
Қара аспанды
Бүркеніп,
Қанға бөкті
Алашымның
Қазағы...

Азынады
Азалы үні
Ажалдың,
Қан жосалап
Аппақ жүзін
Тазамның.
Күйік беріп,
Күлкімді ұрлап
Кеудемнен,
Әнді еріннен
Жұлып алды
Тажал-мұң.

Тағы жетті
Азаға еріп
Зар үні,
Өзекті өртеп,
Өксітетін
Жалыны.
Айырды да
Атасынан
Ботасын,
Боздақтардың
Мәңгі сөнді
Жарығы.

Боянды ғой
Сонау биік
Тақ қанға,
Өз қазағын
Өз қазағы
Атқанда.
«Қыршынынан
Қиылсын!» дер
Қай Ана
Балбөбегін
Белі ауырып
Тапқанда.

Тағы жетті
Күйік үні
Зарлатып.
Жүргенде алаш
Аш-жалаңаш
Жан бағып.
Ән сап жатты
Оқты елемей
Астана,
Түспегендей
Ары менен
Жанға түк.

2

Неткен ұлт ек
Шері үзілмес
Шерменде.
Жайғасатын
Езі - төрге,
Ер - көрге.
Үнсіз жылар
Оққа ұшқан
Ұлдарын
Көкірегін
Қақ айырып
Көмгенде.
Тағы қапты
Зарлы күйдің
Азаны.
Тағы тапты
Алашымды
Ажалы.
Қайдан?
Қалай?
Кімнің?
Жетті
Бұйрығы
Атқыздырған
Өз қазағын
Қазағы!..

Көкірекке
Көмсе қыршын
Ұлдарын,
Неге кек боп
Аттандамас
Мұңдағы үн?
Жауып па едік
Тексіздіктің
Жабуын,
Тауып па едік
Құнсыздықтың
Құндағын?

Көкірекке
Көмсе қыршын
Ұлдарын,
Неге үнсіз
Зиялыдай
«Кіл дарын»?
Сын сағаты
Туған жоқ па,
Екшейтін
Өз елі үшін
Кімнің жоғын,
Кім барын.

3

Көнбіс, көнгіш,
Сенгіш ұлт ек
Неткен біз.
Еңсе езіліп,
Құл боп әлде
Кеткенбіз.
Зар мен шерді
Шегудей-ақ
Шеккенбіз,
Әділетті
Күтіп тақ пен
Көктен біз.

Боялды ғой
Биік Көк пен
Тақ қанға,
Өз қазағын
Өз билігі
Атқанда.
Мен түңілдім
Зиялы топ
Қыршынды
«Бұзақы!» деп
Арын,
Жанын
Сатқанда!..

Тағы жетті
Зарлы жоқтау
Күйігі.
Қазағымның
Түсіп кетті
Иіні.
Төре болмай
Төбедегім.
Тұлданды.
Аласарып
Қан жалатқан
Биігі.

4

Төрге керек
Қол сүйерлік
Құл тірлік,
Өз тірлігін
Қою үшін
Құлпыртып.
Өжеттерді
От пен оқта
Қырып сап,
Өңшең езді
Бөліп алмақ
Жыртылтып.

«Бас көтермес
Үрей буған
Пенделер!»
Деген оймен
Билік бойға
Жел берер.
Бұйрығынан
Бұлтармаса
Жендеті,
«Өле берсін
Өзімізден
Өңгелер!»

5

Өз сөзінен
Өзі жеріп
Тақтағы,
Жанұшырып
Үрейінен
Аттады.
Дедектетіп
Алып барды
Өзенге,
Өз қазағын
Өз жендеті
Атқаны.

Тірелгенше
Оқ боратқан
Жарға адам,
Неге бұрын
Жаңаөзенге
Бармаған?
Кімге керек
Енді аузын
Керуі
Балықтай боп
Құр ауаны
Қармаған.

Елбасының
Төмендеткен
Өресін,
Неге ұстайды
Тіл алмайтын
Төресін?
Біріншіні
Тыңдамаса
Шенеунік
Көре берер
Қазақ әлі
Көресін.

Неге ананы
Бозінгендей
Боздатты.
Бос сылтауды
Неге бүгін
Қоздатты?
Ел мұңына
Көңіл бөлсе
Ер болып,
Оқ қаппас ед
Анау талай
Боздақты.

6

Адайлар бар
Адай басын
Имейтін.
Кей адайдай
Құл боп қолды
Сүймейтін.
Қара тәнде
Аппақ ары,
Жаны бар,
Суға батпас,
Отта өртесе -
Күймейтін.

Олар бүгін
Қайсарлықтың
Өзіндей,
Ел сенімін
Күзететін,
Көз ілмей.
Жеті ай бойы
Жерден көкке
Бой созды,
Желкесінен
Басса да зіл,
Езілмей!

Шыдап буған
Аяз бенен
Аптапқа,
Құлдық кепті
Жанындағы
Жақты отқа.
Ер намысын
Қастерледі,
Тазартып,
Биліктілер
Былғанғанда
Батпаққа.

Олар үшін
Тым ардақты
Жарық күн.
Жарық күні
Артта қалған
Халықтың.
Жетіп жатыр
Боздақтардың
Өр үні,
Ішінен-ақ
Қанға бөккен
Табыттың.

Жетті міне
Боздақтардың
Өр үні,
Жабысқанда
Мылқау жұрттың
Еріні.
Елестетті
Ерлігімен
Еске сап,
Көк түрік боп
Көкке ұлитын
Бөріні.

Адайдың да
Әлсізі бар,
Нары бар.
Нары -арлы!
Әлсізі тек
Жағынар.
Арлы Адайдың
Жеті ай бойғы
Тірлігін
Талай ұрпақ
Аңыз қылып
Сағынар.

Теңдік іздеп
Қанға ораған
Қар үстін,
Үлгісі олар -
Нағыз ұлттық
Намыстың.
Зиялы емес
Сияғындай
Қоянның
Мұрттай ұшар
Сылдырынан
Қамыстың.

Бекіте алмай
Ашық-тесік
Іргені,
Тайраңдатып
Қойдық өңшең
Кірмені
Адайымның
Азап үнін
Естіртпес
Шәңкілдеген
Пекинестің
Үргені.

7

Аш болса да,
Қас болмаған
Ар мықты.
Еш қимылмен
Бір бұзбаған
Тәртіпті
Көрсетпеген
Билік бірақ
Төбесін
Бір-біріне
Аударып сап.
Бар жүкті.

Бір де бірі
Жаңаөзенге
Келмеген.
Санаспаған
Сағы сынған
Елменен.
Берілген соң
Мұнай, Күн, Ай
Қытайға,
Алды Алашым
Азап күйін
Шер менен.

Жүректерге
Түссе де зіл,
Талай дық,
Азат еткен
Адайларды
Адайлық.
Қайсар рухтың
Қанжарымен
Туралған,
Етек сүйіп,
Етік жалар
Малайлық.

Өзге өлкедей
Енжарлыққа
Көнбеген.
Адалдыққа,
Әділдікке
Шөлдеген.
Қаскөйлікті
Қақ маңдайға
Қасқалап,
Қасқиып кеп
Тақсырына
«Сен!» деген.

Сіңген мәңгі
Тек - қызына,
Ар - ұлға.
Жаны толған
Ыза-кекті
Жалынға.
Мақтанар ем
Мен - Арқаның
Арғыны,
Адайлық бір
Тамшы болса
Қанымда.

8

Тәкаппарлық,
Керенаулық,
Асқандық
Төрелердің
Көңлін қойса
Аспан ғып.
Жиылмайды
Дастарқаны
Тойшылдың,
Тыйылмайды
Момындарға
Қастандық.

Өңешіңде
Бұғып қалса
Өр талап,
Билік қалай
Нала жұртын
Қорғамақ,
Қара жерге
Қып-қызыл боп
Қан ақса,
Тұлымшақтың
Ақ төсінен
Сорғалап?

Зар ғып төккен
Көкіректен
Жан әнін
Кім тыяды
Қанды жасын
Ананың?
Бар ма әділет
Өңменіне
Тығатын,
«Бұзақы!» деп
Үрер үнін
Жаланың?

Жала жауып,
Тістеп, қауып,
Үргенге,
Түк еместей
Қалап қойған
Мүрдең де.
Жетпейтінін
Бар асылы
Әлемнің
Білмейді олар
Ытқып өшер
Бір демге.

Білмейді олар
Әз бағасын
Ғұмырдың,
«Мығымдардан»
Болғандарын
Ығыр кім.
Білмейді олар
Ашынғанда
Момынның,
Бомба болып
Жарыларын
Зығырдың.

Айырмайды
Тексізі мен
Тектісін.
Тыяр еді-ау
Білсе,
Өкпеден
Тепкісін.
«Зиялысын»
Айдап салар
Айтақтап,
Тақтың сөзін
Сайрап берер
Ептісін.

Қара қанды
Жаққан олар
Ақ таңға,
Лаңкестерді
Жас сәбиден
Тапқанда.
Қалай тұрған
Аспан Жерге
Құламай,
Қара көзін
Қара көздер
Атқанда?!

Ер төзімнің
Таусып, құртып
Тағатын,
Шырақ сөнді
Кеуделерде
Жанатын.
Жер қалмады
Оқ қадалған
Маңдайда,
Биліктінің
Кінәларын
Таңатын.

8

Кім кінәлі?
Кім жауапкер?
Кім бүлік?
Кім шығады
Кеудедегі
Мұңды ұғып?
Ақыл-ойдың
Күнде азабын
Тартқанша,
Қоймай ма Хақ
Ес білместей
Жынды ғып.

Оқ атқан кім?
Кім береді
Жауабын?
Жау - Арғын ба?
Жау - Адай ма?
Жау - Әлім?..
Өз жұртының
Өзегіне
Қан құйса,
Білмей ме төр
Нөсер кектің
Жауарын?

«Бұзды - деумен -
Бүлікшілер
Шырқымды!»
Қайнар ашу
Асты-тасты,
Жыртылды:
«Мерекені
Әрекемен
Тоздырған
Аяма - деп -
Азғындаған
Жұртыңды!

Бала - бұзық!
Ана - лаңкес!
Ер - бүлік!
Таптау керек
Сойқандарды
Жер қылып.
Үрей салып,
Тірей қойсаң
Мылтықты,
Жоғалады
Жүректерден
Өр қылық!»

Осы өктемдік
Билеп алып
Билікті,
Апыр-топыр,
Киіп-жарып
Килікті.
Құдай берген
Жанды Құдай
Аларын
Ескермеді-ау
Астамсынған
Ми күпті.

Аллам беріп,
Аллам алар
Бір жанды
Алғанда адам -
Ән өртенді,
Жыр жанды.
Жапырлатып
Атқан кезде
Қиянат
Мейірім мен
Қайырымым
Ұрланды.

Қуып жүріп
Ұрып жықты
Сенімді.
Ізгілігім
Жауыздықтан
Жеңілді.
Жер бетінен
Алдап-сулар
«Нұр» көшті,
Өмір өксіп
Жамылды да
Өлімді.

Жаңаөзенді
Зар өзен ғып
Егілтіп,
Зорлық төнді
Қасіретін
Төгілтіп.
Тойлап жатты
Тойын тойшыл
Астана
Болмағандай
Желікпешіл
Көңіл түк.

9

Өз жақыным,
Өз бауырым -
Оралман.
Туған жерде
Өлу оған -
Бар арман!

Өзге жұртта
Сұлтан болып
Жүргенше,
Өз еліне
Ұл болам деп
Оралған.

Жөнде, билік,
Қапы кеткен
Мүлтіңді.
Бөлектемей,
Бөлшектемей
Ұлтымды.
«Бүлік басы -
Оралман!» деп
Жазғырып,
Бүлк еткізбе
Ұят қонбас
Мұртыңды!

Бар оралман
Ата жұртты
Сағына,
Сеніп жеткен
Тәуелсіздік
Таңына.
Өзге жақтан
Қопарыла
Көшкені -
Бүгін енді
Соры ма, әлде
Бағы ма?

Жүрейікші
Солар кешкен
Мұңды елей.
«Пәле басы!
Бүлікшіл!» деп
Күндемей.
Мылқау жұртың
Ертең басар
Аттанға,
Көп күйікпен
Төгілгенде
Тіл-көмей.
10

Кім кінәлі?
Кім қазағын
Атқызған?
Тыныштықты
Неге тажал -
Оқ бұзған?
Неге сөнді
Ел үміті
Тайғанап,
Отқа оранған
Анау ақ қар,
Көк мұздан?

Көмейлерге
Көмілгенде
Мұң әні,
Бұйрық берген
Табылар ма
Кінәлі?
Жазықсызды
Жазықты етіп
Тұқыртып,
Батыр ма әлде
Батпай тұрған
Күн әлі?

Кім қадалтты
Өлім оғын
Өкпеден,
«Тойды бұзды!»
Деген құнсыз
Өкпемен.
Билеп,
Күйлеп
Жатқан кезде
Астана,
Күйік жасын
Әділетшіл
Төкті Әлем.

Жоқтады Әлем
Қыршындарды
Қырылған.
Зарға бөгіп
Күрсінгенде
Бұрынғы ән
Мен айрылдым
Күлкімнен һәм
Ұйқымнан,
Өксік есті
Жараланған
Жырымнан.

Жоқтады Әлем,
Сарнап Жер, Көк
Жоқтады,
Боздақтарды
Жанған оқ пен
Оттағы.
... Хақ алдында,
Ар алдында
Кінәлі
Жауап берер
Көктегі әділ
Сотқа әлі!..

11

Талай көмген
Ер сүйегін,
Желтоқсан.
Қасіреттім,
Һәм киелім -
Желтоқсан!
Жетер ме екен
Құлағына
Тәңірдің
Теңдік іздеп
Қайталайтын
Өр бопсаң?

Тергенде ездер
Кремльдің
Тарысын.
Аппақ ардай
Өңшең қыршын
Арысым
Көтермек боп
Оққа тосқан
Кеудесін
Қазағының
Жерде езілген
Намысын.
Сатырлатып
Оқ атпаған
Кремль.
Біздердей оқ
Боратпаған
Кремль.
Білген олар
Кек қайрарын
Бір Өлім,
Құнды екенін
Бар асылдан
Бір Өмір.

Ұрған, соққан
Бар қысасын
Тежемей.
Аямаған!..
Автоматын
Кеземей .
Білген олар
Болатынын
Бар кезде,
Қазағының
Ері - ұлдары!
Езі - өгей!

12

Жыртқыш болып
Туғандай нақ
Шешеден,
Полицейім
Ұлтын мұзға
Төсеген.
Құлап жатқан
Бойжеткенді
Тепкілеп,
Қуып атқан
Кейуананы
Көшеден.

Көктей солды-ау
Шәйіт болған
Көп ұлым.
Жүрек - шерлі.
Астан-кестен
Көңілім...

Аспан неге
Көк жасынын
Атпайды,
Азаматтың
Азалаумен
Өлімін?..

Далбаса ғой
Көктен тілеу
Әрнені,
Көбейгенде
«Құдайларым»
Жердегі.
Ән-күйімен
Көміп тастар
Естіртпей
Боздағымның
Боздағанын
Көрдегі.

Далбаса ғой
Тақтан жоқты
Таппағым,
Қанға бөксе
Мөлдірім мен
Аппағым.
Өз байлығын
Өз ұлтынан
Тартып ап,
Жасап жатса
Шіміркпестен
Жат қамын.

Әділетті
Төрден күту -
Далбаса,
Қан жұтқандар
Қанша ішсе де,
Қанбаса.
Төбеден топ
Төменге көз
Салмайды,
Кеудесінде
«Ел!» дер шырақ
Жанбаса.
13

Еңіресін
Бүкіл ұлт боп
Ел мейлі,
Құлағына
Бұл биліктің
Енбейді.
Әр боздағым -
Орны толмас
Өкініщ.
Өлген боздақ
Енді қайтып
Келмейді.

Әр боздақпен
Өлген бірге
Ұрпағы.
Оқпен сөнген
Ата беріп
Нұр таңы.
Баудай қырқып
Бәйшешегін
Өмірдің,
Мылтықтының
Кеудесінде
Жүр Тағы.

Өлігінен
Өз ұлтының
Аттатып,
Жою үшін
Өжеттікті
Таптатып,
Қорқақ билік
Соғып жатыр
Қалқан ғып,
Мыңдап мәнсіз
Генералды
Қаптатып.

Олар бүгін
Қорғау үшін
Билікті,
Жанталаса
Орындайды
Бұйрықты.
Хақ алдында
Қанға бояп
Қандасын,
Тақ алдында
Бұлғаңдатар
Құйрықты.

Ессіз, көзсіз
Роботтық
Түрменен,
Аңсайды олар
Ел ішінен
Дүрбелең.
Күндіз - күлкі,
Түнде ұйқысы
Қашады,
Оқ атпаса -
Жетпейтіндей
Бірдеңең.

Іштен, сырттан
Қас пен жауды
Іздейді.
Сорға бастар
Сол үмітін
Үзбейді.
Ел мүддесін
Олар өлсе
Ойламас,
Тас кеудесін
Маңдайыңмен
Сүз мейлі.

Өз алашы -
Қанын былғар
Кіршіктей,
Сол маңдайға
Қадайды оқты
Түршікпей.
Арын,
Жанын
Зіл басқанын
Сезер ед,
Илантарлық
Иман болса
Бүршіктей.
Сіңірген соң
Бойға тойды,
Күйді, әнді,
Қайтсін «мықтың»
Ойды билер
Иманды.
Үркітеді
Оқ жаудырып
Өз жұртын,
Сақтау үшін
Тонап,
Ұрлап
Жиғанды.

Сақтау үшін
Тақты,
Бақты,
Билікті,
Сұлатады
Ойы, сойы
Жүйрікті.
Жаңаөзендей
Бас көтерген
Кезеңде
Шүріппеге
Берер жауыз
Бұйрықты!..

14

Жетер, Алаш,
Ақордаға
Қай дауың?
Білер билік
Қалай шешіп,
Байлауын.
Оқ пен өрттің,
Дерт пен мерттің
Ішінен
Жұлып алып
Өткізеді
Сайлауын.

Өз дегенін
Жасатады
Төрдегім.
Ұрлап алып
Елдің даусын,
Ер - демін.
Қамалайды
Қарамайды
Шаншылса,
Қанжардай боп
Аспанға - зар,
Жерге - мұң.

Тіл тозды ғой
Айта-айта
Зар-мұңын.
Жалғандықтың
Жойылмайтын
Жарлығын.
Алласы жоқ
Бос кеуделер
Тыңдар ма,
Босап қалған
Дорбасындай
Жарлының.

Қаралы елдің
Қайғысымен
Біз нала.
Түсте - күдік,
Іште - күйік,
Сыз ғана.
Күйеулерден
Сүйеу таппай
Қойдық па,
Ұстатпақпыз
Бір тізгінді
Қызға да.

Қондырған соң
Тақ түксиіп
Құзға бұлт,
Қол жетпесті
Қайтейік біз
Қызғанып.
Енді ешқашан
Тілейікші
Түспеуін
Қара жерге
Қызыл қаннан
Із тамып.
Анық емес -
Жоғарыға
Көп анық.
«Тоқтат!» дейді
Жауап тоссақ,
Доғарып.
Өлгендердің
Қосамыз ба
Сапына,
Ізсіз-түзсіз
Кеткендерді
Жоғалып?

Жерге енбесе,
Ұша алмаса
Көкпенен,
Сол байғұстар
Қайда ұшып
Кетті екен?..
Қанымды айдап
Бұлқынады
Мың сұрақ,
Мың бір түйткіл
Көмейімді
Кептеген.

Аналардың
Көрген сайын
Көз жасын,
Бұл сұрақтың
Білем ешбір
Тозбасын.
Жоғалар деп
Қалай адам
Із-түзсіз,
Көп күдікке
Тіреледі
Өз басым.

Жасап алып
Өз халқына
Сұмдықты,
Бүркеу қиын
Бұрмалаумен
Шындықты.
Таңа алмайды
Азат,
Өжет
Адайға,
Сүмірейіп
Қол сүйетін
Құлдықты.

Таңа алмайды,
Таға алмайды
Жаланы.
Етегімнен
Тіксе де төр
Жағаны.
Кеудесінде
Кек-қыжылы
Тулаған
Алашымнан
Ытқыған жоқ
Жан әлі.

Атқыған жоқ
Ақтық деммен
Жан әлі.
Шоқ тұтатар
Түртіп қалсаң
Жанары.
Сол жанардан
От ұшқындап
Қып-қызыл
Қара аспанда
Аппақ Күн боп
Жанады!..

* * *
Кінәлаумен,
Қаралаумен
Жұртымды,
Кептіргенмен
Әкім,
Төре,
Ұртыңды,
Нәнді әлсіз ғып,
Төрді жер ғып
Әділет
Ұшырады
Мұрттай етіп
Мұртыңды.
Ел айырар
Жағымпаздық,
Өрлікті.
Кімнің жауыз,
Кім болғанын
Ер мықты.
Ереуілден
Егес туса,
Шошимын,
Шірітеді
Атойшыл жұрт
Терлікті.

16

Ата жылап,
Қорлығыңа
Күйді Ана.
Жалған сөйлеп,
Жала жауып
Қинама.
Төр мен төре,
Төбемізден
Түс енді.
Бізге керек
Құшақ жайған
«Сый» ғана.

Тақ түйгенмен
Қыс-қабағын
Қату ғып.
Мен тілеймін
Ел ішіне
Татулық.
Ерді - ез деп,
Көнді - боз деп
Тықпалар
Тиылса екен
Көз бояғыш
Сатулық.

Ашылар ма
Шынды бүркер
Көмескім?
Ашынбайды
Шенеуніктен
Неге ешкім?

Көне бер де,
Өле бер деп
Халқына,
Көкке қарар
Мен Әбсаттар
Емеспін!

Қолбала еткен
«Қорға - деумен -
Қырғанды!»
Фаризаны,
Смағұлды,
Нұрланды,
Айыптаман
Төрелерді
Төрдегі.
Арым бірақ
Зиялымнан
Ұрланды.

Шотмаңдайлы,
Бітеу көңіл
Майтабан
Ода жазып,
Жоқтауды үзіп,
Айтады ән.
Көңіл айтам
Қаламгерлер
Атынан,
Зиялымды
Ар тапсын деп
Қайтадан.

Уай, Алашым! -
Бүрсеңдегіш,
Қорғалақ.
Илеп, билеп
Алды-ау зар мен
Сор қамап.
Есе тілеп,
Тіктемесең
Еңсеңді,
Аға берер
Нақақ қаның
Сорғалап.
17

Мен шошыдым
Мынау биік
Мінбеден
Мықтылардан
Өз қазағын
Тілдеген.
Таққа ұмтылған
Әрекетін
Жасырып,
Бірін-бірі
Жанұшыра
Күндеген.

Аямайды,
Қаралайды
Ағымды,
Сындырады
Шындық іздер
Сағымды.
Мұрагер боп
Таласады
Алуға,
Әділетшіл
Болса дейтін
Тағымды.

Кінәліні
«Солар!» деуден
Үркемін.
Көмейімде
Көп күдікті
Іркемін.
Оқ боратып,
Келмес тағы
Біразды
Ізсіз-түзсіз
Кеткендерге
Тіркегім.

18

Қорғау үшін
Амандығын
Ұлтымның,
Ақ қағазға
Қанды құйып,
Бұлқындым.
Мен такаппар
Адайлармен
Біргемін.
Қол сүйетін
Құлы болмай
Құлқынның!

Арым,
Жаным
Арналар тек
Жұртыма.
Көнбес төрдің
Қорлық,
Зорлық,
Ырқына.
Үлесім бұл -
Жайылатын
Асына
Жаңаөзендік
Құрбандардың
Қырқына.

Жүрегімді
Жұлқып,
Жыртып,
Қоздап мұң,
Боз жырымды
Бозінгендей
Боздаттым.
Өзегімнен
Өлеңіме
Қан құйдым,
Ақ қазасын
Аза тұтып
Боздақтың!..

24.12.11 - 02.02.12
Алматы

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588