«Қазан толқуы». Қырғыздан қандай сабақ аламыз?
Қырғыз елінде қайталай өтер парламент сайлауының мезгілі 20 желтоқсанға тұспалданып отыр екен. 4 қазан сайлау өткеннен бергі жарты ай уақыт ішінде елде көптеген және ойламаған саяси оқиғалар өтті. Ең бастысы шарасыз қалған президенттің қызметтен кетуі. Енді 23 қазанға дейін президент сайлауының да мезгілі анықталуы тиіс.
Жээнбековтің қызметтен кетер алдындағы сөзі талайдың есінде қалса да, ол өз лауазымының жауапкершілігін толықтай сезіне алды ма? 2 күн ішінде 2 сөйлеуге мәжбүр қалды. Ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желіде алуан пікір бар. Десе де, сарапшылар экс-президенттің толқулар кезінде саяси лидер және мөралды көшбасшы ретінде көріне алмауы әрине оны табиғи түрде биліктен жырақтатқан процес болғанын айтады. Бір сәтте тобыр сана дүрбелең салып, «анархия» орнап алғандай. 15 жыл бұрынғы Қырғыз еліндегі Қызғалдақ төңкерісінің демократиялық әлеуетін шетелдік гранттарға назар аударған сарапшылар жоғары бағалады, дегенмен, оқиғалардың дамуы демократия мен анархияның арасы аңдамаса аса алшақ болмайтынын көрсеткендей. Әрине, қай елдің болмасын азаматтарының алаңда ой және пікір бостандығымен шеруде болуы демократия картинасы боп көрінеді, алайда бауырлас қырғыз елінде хаос қатар келді. Сондықтан да орта Азиядағы кіндіктес елдер басшылары алаңдап, мәлімдемелер жасады.
Ендігі мәселе елдегі саяси дағдарыс 2 сайлаумен шешіле ме? Есесі кеткендер «кек» қайтаруға ұмтылып, оңтүстік және солтүстік топтары қарымта шабуыл жасай ма? Бастысы діни кландар алауыздық отын тұтатып, арандатуды жалғастыра бере ме? Билікке бақталас, бірақ жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейтін топтар арасындағы шиеленіс ауқымды қарулы қақтығысқа немесе жергілікті, аймақтық соғысқа ұласуы әбден мүмкін. Бір арандату немесе саяси бәсекелестердің тікелей қақтығысы Қырғызстанда кез-келген секундта азаматтық соғыс тұтануына жеткілікті көрінеді.
Ең жағымсыз сценарий, Қырғызстан кландар аралық, олигархиялық және қылмыстық қайшылықтар ықпалындағы аймақтарына бөлінуі. Қырғызстан «демократиялық» өзгерістердің, билікті күшпен үнемі басып алудың жабайы шеңберінен шыға ала ма? Жалғыз үміт - бауырлас халық осының барлығын тоқтатып, салдары мен емес себебімен күреседі, жағдайды тез түзейді деген сенім. Ал, біз бауырлас халық, геосаяси тұрғыда серіктес мемлекет ретінде тұрақтылық пен дамуға мүдделіміз.
Демократияландырудың екі негізгі түрі бар. Жүйенің эволюциялық дамуы арқылы: еркін сайлау, саяси бәсекелестік, үкіметтің есептілігі; Қырғызстан таңдаған тағы бір жол - бүлік пен қарулы қақтығыс арқылы билікті өзгерту. Отто фон Бисмарктің классикалық сөзі бар ғой: «Революцияларды данышпандар дайындайды, романтиктер жасайды, ал қызығын алаяқтар көреді». Түптеп келгенде зардабы қарапайым халыққа тиеді. Олай дейтініміз, бюджеті 80% салықпен толығатын көршілес, одақтас қырғыз мемлекетін үлкен экономикалық реформа күтіп тұр.
Біз, қандай сабақ аламыз?
1. Діни топтасуларға, күшеюге жіті назар аудару. Діни «лидерлерді» бақылау.
2. Экономикалық мәселелерді шешудің өзектілігі мен маңыздылығы.
3. Әр саяси оқиғаға сергек және салмақты қарау, сайлауларда белсенді болу.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz