"Мүмкін, сіз бұл жерді естіген шығарсыз, бұл жер сіз ойлағаннан да әдемі. Мегаполистен бірнеше минөт жүріп баратын құмы мен таулары таңғажайып табиғатты басқа еш жерден кездестіре алмайсыз. Бір сөзбен айтқанда қалай сипаттауға болады? Дана адам айтқандай, "Very nice!", - деп суреттеледі бейне роликте.
The New York Times газетінің жазуынша, Kazakh Tourism-ге бұл сөзді қолдануды Алматыдан экскурсиялық бюро ашқан америкалық Деннис Кин мен оның әріптесі Ермек Өтемісов ұсынған.
2006 жылы британдық комик Барон Коэннің "Борат: даңқты Қазақстанның игілігі үшін Американы мәдени тұрғыдан тану" деген алғашқы фильмі жарық көргенде, Қазақстанда фильмді "халықты кемсіту" деп қабылдаған.
Сол кезде ел президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев фильмге жәй ғана юмормен қарауға шақырған. Ал сыртқы істер министрі болған Ержан Қазыханов "Борат" фильмінің арқасында туристер саны он есеге артты деп мәлімдеген еді.
Фильмнің екінші бөлімі де қазір Қазақстан азаматтарының қарсылығына ұшырап, наразылық пен жаппай петицияға себеп болып жатыр. Фильмді тоқтатуды талап етіп, онлайн-петицияға 10 мыңнан астам адам қол қойған.
Kazakh Tourism басқарма басшысының орынбасары Қайрат Сәдуақасов The New York Times газетіне берген сұқбатында, фильм картинасын премьерасына дейін көргенін айтады. Ол фильмдегі сөз тіркесін жарнама ролигіне қолданғаны үшін еш қысылмайтынын, онсыз да елде туристік сектор тоқтап қалғанын айтады. Ол тіптен Коэнмен бірлесіп жұмыс істегісі келетінін, фильмді Қазақстанға келіп түсіруді ұсынғысы келетінін жеткізді.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Борат" фильмі коммерциялық жоба екенін, фильм авторы ресми биліктің қарсылығын туғызу үшін арандатып жатқанын айтты. Оның пікірінше, оған нота жолдау қисынсыз. Себебі, нақты мекенжайы белгісіз.
"Фильмде нәсілшілдік және ксенофобия формалары бар", – деп атап өткен мекеме.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы 2017 жылы құрылған. Бұл мәдениет және спорт министрлігінің еншілес компаниясы болып есептеледі. Бұл компанияның мақсаты елді халықаралық және ішкі нарықта кеңінен таныту.
"Борат" фильмдері Қазақстан тұрғыны Борат Сағдиевтің АҚШ-қа келіп жергілікті қоғаммен танысуынан тұрады. Оның бірінші картинасы 260 млн доллар жинаған. Осы фильм үшін Барон Коэн "Алтын глобустың" ең үздік комедиялық актёр маратына ие болған.
Abai.kz