Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5342 0 пікір 21 Қаңтар, 2012 сағат 13:43

Бақтыбай Айнабеков. Дана Қорқыт Тәңір дінін қолдаушы емес, Исламды сүйіншілеуші тұлға

(Аяннама)

Бисмилляһир Рохмәәнир Рохиим!

(Аяннама)

Бисмилляһир Рохмәәнир Рохиим!

Біз ертерек өткен әлем ғұламалары мен өз ғалымдарымыздың еңбектерін ерекше құрметтейміз. Құрметтейтініміз соншалық - олардың өз тұсындағы айтқан заманауи пікірлері мен өздерінен әлденеше ғасыр бұрын өткен ғұламалар туралы айтқан болжам-көзқарастарын, өзіндік пікірлерін, өз ой тарзымыздан өткізбей Құранның хатындай сол қалпында қабылдаудан аспай келеміз. Мысалы, аты аңызға айналған, тарихи тұлға дана Қорқыт туралы Шоқан Уәлиханов; «Қорқыт - қазақтарды алғаш қобыз тартуға,  сарын айтуға үйреткен ең бірінші шаман» (Ш.Уәлиханов. «Алты шаһарға сапар» «Атамұра» баспасы, 2006.ж) десе, академик Әлікей Марғұлан «Ислам діні Сыр бойына жаңадан кіре бастағанда оған Қорқыт ата қарсылық көрсетпекші болады, бірақ оны ауызбен айтып жеткізуге ылажы болмай, тек қана қобыздың үнімен, жан тербейтін күйлерімен, мұңды сарындарымен сездіреді» («Қорқыт Ата», «Қазақ энциклопедиясы», Алматы. 1999ж)-дейді, ал жазушы Мұхтар Әуезов «Қорқыт - күй атасы, жер үстіндегі ән-күй атаулының атасы. Қорқыт өзі алғаш тапқан өнерімен халыққа қызмет етті. Оның өлмес-өшпестігі де осында - дей отырып - Қорқыт жайындағы аңыздың тақырыбы - құдаймен алысу» (Бұл да сонда) -деп тұжырым айтады. Бұл пікірлердің бәрі  күні бүгінге дейін біздің санамызға бағалы да қажетті-қисынды тұжырымдар санатында сіңгендігі соншалық, үкілеп үлгі тұтудан танған емеспіз.

Қорқыттың тұңғыш қобызды жасағаны, оны алғаш өзі тартқаны да рас. Бірақ осынысы үшін өз кезінде бас уәзірлік қызмет атқарған дана Қорқытты тәңірге табынушылардың сәуегейі, бақсылардың пірі, олардың пайғамбары еді деуге негіз бар ма? «Мен Аристотель шәкірттерінің ішіндегі халыққа ең белгілісі едім, музыка өнеріне маһир (шебер) едім» -деп жазатын әл Фараби  бабамыз да кезінде осы қобызды тартқан. Ол Арун-Рашид заманында Жанкенттен Бағдатқа барып осы аспаппен өз өнерін де көрсеткен. Сол үшін әлемнің екінші ғұламасы атанған данамызды бақсылар сапына қосуымыз керек пе? Онда «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп күңіренген Абай өлеңін қалай түсінеміз? Бақсыларымыздың күні кешеге дейін моласы екеш моласы да елдікіне қосылмай жеке қойылған ғой. Бұған мән берер жан бар ма екен? Осы орайда арғы тарихты айтпай-ақ, күні кеше ғана «тәспісін «Нұр Отан» партиясына байлап...» белсенді саясаткер болған Бекболатты Бекболат еткен алдымен осы қобызы емес пе? Бекболаттың қазіргі жеткен шыңы осы қобызға қосылып салған әнінде. Сонда Бекболат бақсы болғаны ма?..

Сондықтан Қорқыт жайлы ғұламаларымыз айтқан бағалы деген осы тұжырымдарды,  жұрт құлағын елең еткізер басқаша айтып көрсек қалай болар екен. Мысалы,  Қорқытты «шаман» деген Шоқан пікіріне ол кісі шаман болмаған десек, «Ислам діні Сыр бойына жаңадан кіре бастағанда қарсылық көрсетті» деген Әлікейдің көзқарасына «Қорқыт Сыр бойына жаңадан кіре бастаған Ислам дініне сүйіншілеуші тұлға болды» десек, Мұхтардың «Қорқыт жайындағы аңыздың тақырыбы - құдаймен алысу» деген пікірін «Құдаймен алысу емес, Жаратушыны іздеуші, сүйіншілеуші болды»- деп көрсек қалай болады?..

Әрине, осы кезге дейін құлаққа сіңісті, көзге үйреншікті пікірді қуаттап, оны өз еңбектерімен шегелеп бекіткен бүгінгі  біраз зиялы ғалымдарымыздың өре тұратыны бесенеден белгілі. Дегенмен, әркімнің жеке пікір айту, өз көзқарасын білдіру құқығынан ешкім бізді айыра алмайды ғой.   Осы орайда;

«Өмірде арманым жоқ - Қорқытқа ерсем,

Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.

Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сарнап,

Құшақтап қобызымды көрге кірсем!..»-деген Мағжан ақынның арнау өлеңін, мен осы тақырыпта әңгіме өрбітуде,  жаңаша  соқпаққа бастайтын темірқазық етіп алғым келіп отыр. Бәлкім, Қорқыт танудағы түбі бізге қажет нұрлы соқпақ осы болар?!...

Әңгімені алға апару үшін бірден  тарихи мына даталарға назар аударалық. Бірінші, қазір  Исламның дін ретінде өмірге келгеніне 1400 жылдан асты. Екінші, Исламның елімізге қадам басуын қазір әр ғалым әрқалай айтып жүр. Дегенмен, Мүсілім бастаған араб әскерлері Күлтегін мен Соғдалықтардың біріккен күштерін тас талқан етіп, Түркістан жерінде 712-713 жылы болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Олар аз уақыт болсын кезінде Сайрам мен Тараз қалаларын өз қол астарында ұстағанда өздерімен бірге Ислам діні де ере келген болатын...

Таза дін - сұлу саясат. Ол құнарлы жерге түскен дән сияқты  келген жеріне тез сіңісіп, өсіп қанат жаюын еш уақытта тоқтатпайды. 766 жылы Хорасаннан шегінген Исхақ ат Түрік бастаған оппозициялық күштермен бірге болған, исламның  қасанийа-мүбаийдиана бағытын қабылдаған түрік билеушілері өздері құрған мемлекетті тарихқа Түркістан жеріндегі алғашқы Ислам мемлекеттері деген атаумен енгізді. Қазір дін тарихында осы екі датаға байланысты Исламның елімізге келуі екі түрлі айтылып келеді. Біздіңше алғашқы дата көңілге қонымды. Осы дата бойынша есептесек 2012 жылы еліміздегі Исламға 1300 жыл! Бұған,  өмірден өткеннен соң да, тәні жер бетінде ширек ғасыр бойы ешбір күтімсіз-ақ шірімей, осынау тылсым қасиетімен ел есінде сақталған, ладуни ілімінің білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының;  «түркілер Исламды  Пайғамбарымыз (Ғ.С.) тіршілікте өмір сүрген кезінде қабылдады»- деген  нақтылы пікірін қоссатын болсақ, еліміздегі  Ислам тарихы бұдан да әрі ұзай түспей ме?.   Үшінші, ЮНЕСКО  2010 жылы   Қорқыттың  1300 жылдығын атап өтті.

Келтірілген осы үш деректі байыптап таразыға салсақ абыз Қорқыт туралы жоғарыда  ғұлама ғалым ағаларымыз айтқан пікірлерге бізсізде селкеу түспей ме?..  Көріп отырсыздар Қорқыт өмірге келіп, бесікте жатқанда,  Ислам діні  100 жыл ғұмыр кешіп,  қазақ жеріне өз өміршең қадамын нық басып қойыпты. Қадам басқаны сол, өткен жылы 1350 жылдығы аталып өткен Имам Ағзам Әбу Ханафияның  мазғабы да орныққан. Осы тарихты көре біле тұра Қорқыт туралы  жаңсақ пікірімен біз неге келісуіміз керек?..

Қорқыт тарихта болған тылсым әлеммен байланысы бар аномальды адам. Ол жырау, жыршы, болашақты болжайтын сәуегей, елдің көсемі бола білген синкретті тұлға, дана абыз.

Тарихта болғандығының дәлелі - Сыр бойындағы Жанкентте туылған. Мұны Абұлғазы-баһадүр өз шежіресінде; «Қорқыт - Аббас халифасының (УП-УШғ) кезінде болған адам. Қорқыттың туып өскен жері Сырдарияның жағасы» -деп жазып кеткен.  Әкесі Қарақожа. Қаңлы ұлысы, Оғыз тайпасының Баят руынан. Анасы қыпшақ қызы. Оғыз-қыпшақ заманындағы Инал, Дойлы, Көл-Еркен, Тұман және Қаңлықожа хандар тұсында өмір сүріп бас уәзірлік қызмет атқарған. Ел билеушілері оның ақыл кеңесіне тұрған. Қорқыт өз заманының әнші-жыраулығымен қатар, болашақты болжағыш ақылгөй болған. Х ғасырдағы Рум патшасы Канстантин-қырмызы «Мемлекет басқару» деген кітабында Қорқытты «Пешене қыпшақтарының ел ағасы» деп көрсеткен. Қорқыттың өмірі Орта Азияға ислам дінін таратқан Аббас халифалығымен тұстас болған. Бұл орайда Қорқыт қазақ-түркімен, оғыз-қаңлының ортақ тұлғасы.  Қолымызда «Қорқыт ата» кітабындағы оның 12 жыры  және біздің елде ғана сақталған Нышан бақсы жеткізген 11 күйі  бар.         Абыздың ерекше уақиғалары туралы аңыз оны мифке де айналдырып жіберген. Ол отқа салса күймеген, суға салса батпаған, кессе қылыш өтпеген ғажап адам болған. «Қорқыт Ислам дініне бас имеген, Тәңірге пейіл қойып, отқа табынып, бақсы болып өткен»- деушілер жаңылысады. Бұл пікірді қалыптастыруға негіз болған Өзбек ханның; «Қорқыттың жолына түспеңдер, бақсылардың болжау айтуына сенбеңдер» деген жарлығы. Ол өз патшалығы тұсында бақсыларға көп қиянат жасаған хан. «Тіршіліктің түбі - өлім», «Өлімге дауа жоқ» -деген негізсіз нақылдар да ел аузында осы кезде қалыптасқан. Бұл Ислам дінін шолақ түсінетіндердің пікірі. Ал Қорқыт жасаған қобыз туралы айтарымыз, ол өнер аспабы болумен қатар экстазға түсіретін құрал. Қобыз басқа дүниемен жалғасу үшін көпір-жалғастырушы медитация құбылысының қызметін атқарған. Негізі бақсылар өз сарындарында арнаулы күймен қобызға қосылып жын шақырады. Бұл ретте  басқа әлеммен жалғасытушы экстаздық  қасиетін пайдаланады. Қорқыттың қобыз тартуында басқа мақсат болған. Қорқыт - ақы үшін бектердің көңілін көтеретін озан да емес. Ол - абыз. Қиын-қыстау жағдайларда ақыл сұрап келген ханның, бектердің және халықтың дана ақылшысы. Әдетте абыздар жорыққа аттанатын батырларға өсиет айтқан, семсеріне бата берген. Ата баба салтын сақтап, ру құрылымын ыдыратпай ұстаушы болған.

Қорқыт жалған дүние мен пәни дүние арасын байланыстырушы аномальды қасиет иесі. Осы аномальдық қасиетіне байланысты талдаңқырап, тереңірек айтсақ көп нәрсеге көзіміз жетеді. Өйткен мұндай қасиет екі адамның бірінің маңдайына жазыла бермес енші. Мұндай адамдар туралы пікірді әдетте ғақлия ілімінің иелерінен гөрі, бойында  ерекше қасиеті бар ладуни ілімін игерген ғұламалар айтса бір жөн. Солар ғана осы орайда нақтылы пікір айтуда жаңылыспайды. Ал ладуни ілімі дегеніміз не?

Өркениет әлемінде  ілім негізінен екіге бөлінеді.Бірі - ғақли, екіншісі - ладуни. Алғашқысы бәрімізге етене таныс  күнделікті көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген адамның өре санасының жеткен жерімен пайымдауы арқылы игерілетін  ғылым.

Екіншісі - ладуни ілімі. Ғылымдардың басы мен соңы болып саналатын бұл мұғжиза ілім ғылымның барлық саласын қамтиды. Әрине, әзірше атауы  қазақы құлаққа тосындау естілуі мүмкін. Өйткені бұл ілімнің біздің елде әлі күнге толыққанды жүйесі қалыптаспақ түгілі, нақтылы жанашыры, ілім есебінде жұмысын жандандырар иелері табылмай отыр. Осындай пәтуасыздықтан атауы көп мұғжиза ладуни ілімін бір топ ғалымдарымыз осы ілімнің негізін қалаған белгілі шығыс ғұламалары жазып кеткендей фәлсафа ілімі ретінде таныса, екінші бір топ Абай мен Шәкәрімнің айтуынша толық адам танымы немесе ар ілімі, ал үшінші топ қазақ табиғатына жақындатып, Алланың аян ілімі (Құдай тану). ретінде атап жүр. Бұл ілім санамызға сіңетін болса, бүгінгі бетімен кеткен берекесіз гуманизм, діни санадан жоғары асқақтамай, әлемдегі жегі құрттай өріс алып бара жатқан жастар тәрбиесіндегі имансыздықтан арылар едік. Ұл - ұятына, қыз - қылығына оралар еді.  Өйткені, Аллаһтан аян болып түскен ладуни ең алдымен  ардың ілімі. Жалпы бұл ілім жүрек тазалығымен Жаратушы тарапынан келетін ілім. Бұл ғылымның иелері құдіретті Кәміл адам герметикалық немесе тылсымдық (мистикалық) ойлау менталитеті қасиеттеріне иелік етеді. Олар эзотериктер. Мұндай жаратылысында ерекше қасиеті бар адамдар еш уақытта өзіне сондай қасиет сыйлаған Жаратушыға, оның дініне қарсы шықпайды. Қайта оның дінін сүйіншілеп, қолдау танытып қалың бұхараны тура жолға салуға шақырады. Бұл сөзімізге Қорқыттың соңында қалған  12 жырдың қай-қайсысында да айтылатын «Алла таза діннен айырмасын», «Алланың досы, дініміздің егесі Мұхаммедке құрмет» деген сөздері де толық дәлел болса керек. Алланы ардақтаған абыз - қашанда Исламды сүйіншілейді. Бұған қосымша өз тарапымыздан  тағы бір екі дәлелді алға тартсақ артық болмас.

Мысалы осындай аномальды қасиетке ие қазақ жерінде патшалық құрған баһадүр Исхақ баптың діни кеңесшісі, Баба Түкті Шашты Әзіз жұрттың көзінше жанып жатқан отқа түсіп, өзінің отқа жанбау қасиеті арқылы қалың  елді қан төгізсіз-ақ дінге кіруге көндіргені аңыз ғана емес  нақты тарихи шындық. Мұндай қасиеті бар тұлғалар өзара «агиалогия» немесе «таңғажайып сайысқа» түсіп, ел алдында түрлі мұғжиза көрсету арқылы халықты өз соңына ерте білген. Кезінде Тимучин Шыңғысхандық дәрежеге жеткенше  аян арқылы Тәңірмен қалың бұхара көзінше тілдесе отырып, тарихи  ұлы жеңістеріне жетсе, тағы бір кемеңгер патша, 27 елдің падишасы болған Әмір Темірдің - Көреген атануының өзі  біздің аномальдық жөніндегі осы пікірімізді нақтылай түсер құдірет. Бұл тылсым құдірет әрине осы ұлы адамдармен  басталып, осылармен аяқталған жоқ. Бұрын да болған, қазір де жалғасуда. Көктен түскен төрт кітаптың  соңғысы Құран Кәрім де  пайғамбарымыз Мұхаммедке (Ғ.С) Алладан аян арқылы түсті... Осы жерде  әңгімеге Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың қолжазбасындағы мына бір үзіндіні қоссақ;

"....Бұл кез келгеннің емес, айырықша қасиетке ие болып жаралған әруақты адамдардың - абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, пірге табынды... Хан ауысса да пір ауыспады. Сондықтан кейде билікті әулет - саяси үстемдік пен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл әсіресе шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы "киелі үйге" жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында әруақ салыстырысып, Керейт Сұпы Әжінің (Мүсірәлі) жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір  болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық пір сайланған емес."- дей келіп;   "Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар  мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында әруақ салыстыруына келсек, ол да түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, әруақ туралы ғылым - агиалогия "таңғажайып сайыс"- деп атайды. Бұл  - тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс". («Үш пайғамбар. Ә.Кекілбаев. 1992 ж).- деп жазады. Қорқыт туралы тағы бір кітабында; «Қазақтарды қайта біріктіру мәселесіне келгенде, Қорқыт - таптырмайтын орталық қаһарман. Өйткені Қорқыт - сенің ақылман бабаң, Қорқыт - қажет десеңіз батырың. Мына дүниенің бақилығын, фәнилігін зерттеп кеткен кісі. Қазақтың қайта қалыптасу, қайта ұйымдасу ісін бастайтын ірі тұлға. Қорқытқа тек аңыз ретінде ғана қарап қоймай, таза тарихи дерек ретінде қарауға болады» -деген кесек пікір   айтқан осы жазушы Әбіш ағамыз Мемлекеттік хатшы болып тұрғанда  2001 жылғы мамыр айында өзі ұйымдастырған көрген Қорқыт баба рухымен болған бір сұхбат есіме оралып  отыр. Астана қаласындағы Парламент Үйінің 102- бөлмесінде өткен бұл сұхбатқа сол кездегі  Сенат Төрағасының орынбасары Ө.Бәйгелді, Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті ректоры М.Жолдасбеков және Талшыбық есімді жасы отыздарға тола қоймаған  әруақ қонған жас келіншек қатынасты. Сондағы Қорқыт айтқан екі сағаттық әңгімеден мына бір үзіндіні тағы келтіргім келіп отыр;

«...Кездесер бүгін мінекей, күн туыпты, Алладан. Армысыңдар батырларым. Әрқайсысыңа пайғамбар жасы бұйырыпты, тәуба деңдер.

Ау, шырақтарым; "Аты өшті демесін, өлгенмен бірге жарығы сөнді демесін" - деген екен. Менің де атым өшіп, жарығым сөнбепті...

Отырған Сарайларың кең екен, табалдырықтарыңнан аттадым, қуныштымын. Бірақта қайталап айтайын, қадамымды әрең салдым...

Жүректерің таза болса, әрқайсысың да сезіп көресіңдер шырақтарым. Жаман айтпай жақсы жоқ. Жақсылық келді деп қуанбағын, жақсылықтың жанында жамандық болар. Жамандық келсе жылама, жамандықтың жанында жақсылық бар қашанда. Естеріңде болсын,   жақсылық пен жамандықты егіз бала етіп жаратқан Алланың өзі. Сол егіз бала екі жағыңда жүргенде тірлігің түзу болса, сонда ниетің  қарай көретініңді көресің. Аллаға бас іиіңдер, шырақтарым. Алладан күшті ешкім жоқ.  Алланың құдіреті мен күшіне ешқашан  күмандарың болмасын.

Алланың  төккен нұры болар сірә, есімім осы күнге дейін ел есінен шықпады. Тәубе қылдым, осыған. Қорқыт деген есімім кезіп кетті кең даланы, кеңдікті іздеп, Алланы іздеп, Аллаға құлшылығымен, Аллаға жалбарынумен. "Қайда  жатсың  бабашым,  мүрдеңе зиярат жасап бас иемін - дейсіңдер,  жүректерің адал ниетімен Қорқыт бабам десе, мен сендердің жандарыңдамын ғой шырақтарым..."

Қарақтарым-ау, кезінде мұндай сарайда мен де болғам. Сұра мына менен, не көргенімді...

Тәуба дедім, көресімді көріп мен. Әр нәрсеге қанағат.  Қанағат қарын тойдырған. Қанағат қылғын әр нәрсеге, тәкаппар болма. Тәкаппарлық деген жақсылық әкелмейді. Тәкаппарлық пен жамандық ниеттерің жеті ұрпаққа дейін даритынын ұмытпаңдар. Бойларыңа сіңірмеңдер оны,  керегі жоқ...

Аллаға жалбарынып сұраңдар, кешсін... бәрі бір Алладан, бүгінгі өздеріңмен тілдестіріп отырған да бір Алла. Алладан өтер қуатты күш жоқ.  Алланың дегенінің бәрі хақ. Алла ғана бәрін біледі. Алла нұрын төксе - сендерге  бергені. Әрқайсыңа бергені - бұйырғаны.

Мен де өттім сендердей жарық дүниені көріп. Жалған дүниені жалпағынан басқанмын. Сендер де өтерсіңдер,  бұл жаққа келіп  әлі сәлем де берерсіңдер, Алла егер бұйырса...

Ей, батырлар... Білген үстіне біле түссем дейсіңдер ме. Бұйырғаны ғана болады. Әрбір нәрсеге рұқсат тек Алладан.

Сендер өз шыққан тектерің ата бабаларыңды ұмытпауларың керек...Ең болмаса "Бабамның айтқан сөзі еді, бабамның берген аманаты, бабамның берген батасы"- деп бір сәт еске алыңдар оларды. Маған да кезінде  Алла өз нұры төккен. Басыма бақ қонды... Патшаға бітпеген бақ маған бітті. Сол тіршілікте патшаның сарайын тастап,ен далаға қашып барып,  тәуба қылып, құлшылығымды көрсетіп, Аллаға жалбарынып жыладым.... «Сарайыңда бұлайша қысылып  отқанша жаратқаным-ау,  іздегенім өзіңмен тілдесейін. Тілдесуім өзіңмен  бағым болсын. Өзің берген ендігі қалған ғұмырым өзіңе құрбан болсын.  Өзіңе құлшылық етуге, ел жұртыма қызмет етуге, адалынан болуға, сөйлеген сөзім адал боп аброймен кездесуге Аллам өзіңнің алдыңа келдім...»- дедім өксігімді баса алмай...

Аллаға қарсылық қылуға болмайды, артық сөйлеп керегі жоқ. Екі елі ерінге - төрт елі қақпақ. Төрт елі қақпақ... Аузыңнан шыққан сөзің атылған оқпен тең. Аузыңнан шығар сөзге ие болған жөн. Қалай болса солай мен сөйлеп қойсам,  оған жауап беруге тура келер. Әрқайсысымыз да солай болғанымыз жөн.

Ей, ұрпағым, Жаратқан Алланың бұйыруымен ата-бабаларың әрбір жақта, бұйырған жерде жатыр. Бұйырғаны сол екен, әрқайсымыз бір-бір төмпешік болдық.  Қай батыр қайда қалмады? Дегенмен, Алла нұрын төксе  олар жарқ етіп қайта жұлдыз болып жанады. Әнекей, Астанадағы Қабанбай батыр жатқан жерге қарағын,  көтерілді тағы мәртебесі, батыр еді өзі де...

Томпиған қамалдағы сонау батыр,

Әлі дағы жұлдызы жанбай жатыр....

Жететұғын күн бар ма соған ақыл?..

Шырағым ау, ол батыр неге жатыр?..

Айтыңдаршы маған, соларды еске алатын пәнда бар ма? Тірі жан-ау бар ма екен сол батырды іздеген?...

Тілегендерің адалдық болса, құлшылығың Аллаға адал болса, қибылаға  жығылып жан дүниелеріңмен жыласаңдаршы, Жаратқанға. Кешірім сұраңдар, Жаратқаннан. Одан басқа не білмексіңдер мына менен.

Неге бүгін жүздестік, шырақтарым? Мына менімен, неге  басқа емес, сендер кездесіп отырсыңдар?  Сұраққа жауап табылар, жауапсыз нәрсе болмайды.  Неге бесеу емес-ау, неге үшеу, неге екеу, неге біреу емес, неге онау емес, неге үшеуің кездестің, білесіңдер ме?

Сұрағыма жауапты өзім берейін. Тәуба қылдым, Жаратқанға. Адам баласы ешқашан мұны жасаған емес, ойлаған да емес. Ойың жетпейді, оны ойласаң да жасай алмайсың. Ол бір жаратқанға бұйырған. Оны бір Алла ғана жасайды.  Алла осылай кез қылды. Біріңді  Төле би, екіншіңді  Қазбек би, үшіншіңді  Әйтеке би етіп менің алдымнан шығарып отыр. Білесіңдер ме сендер соны? Тағы да тарихты іздедім дейсің біреуің. Тарихты іздеу - әділет. Әділетті іздеңдер әрқашан. Жаратқан Алла әрқайсысыңа бұйырып отырғаны, ашылмағанды іздесін, тапсын, ашшын деп отыр. Көрмегенді іздеп, тағы да көрсін деп отыр . Шырақтарым, пенде болғандарың - бір Аллаға құл болғандарың.... Мойындарыңда құлшылықтарың бар... Сендерді пайғамбар жасқа жеткізген Жаратушы ием  әрқайсысыңды осында әкелді... Бірің  Төле би, бірің  Әйтеке би, бірің  Қазбек би болып көріңдер...

Мен өз кезімде билікті онша ұнатпаған жанмын. Білесіңдер, әділдік болса, әркім билігін әділдікпен алады... қаралық ешқашан жеңген емес, жеңбейді де. Бір Алла өзінің құлының құлшылығын, оның әділеттілігін көре оған нұрын төккен.  Өлгеннен кейін барлық жан тіріледі дегенге сенесіңдер ме? Жә, жөн екен.Тірілет.... Бұйырғанын көрерсіңдер. Маңдайларыңнан көрерсіңдер. Тағдырға сеніңдер. Құлшылықтан көрерсіңдер жақсылық.Құлшылығың егер де адал болса, аброй да болады.  Аллаһ нұрын төксе о дүнилерің жарық болады. Сол кезде де жүздесерміз, кездесерміз әлі біз.

Мәңгілік өмірді мен секілді сендер де іздеп жүрсіңдер, әрине.

Мәңгілік өмір дегеніміз -  осы кездесуіміз... Алла бұйыртты... Нұрын төкті Жаратқан.  Өлген тірілді деген осы, шырақтарым.

Мен Алланың  құлымын. Құлы болып өтуге мәңгі дайынмын. Айтайын дегенім әрқашан үш бидің билігіндей билік болсын сендерде. Әділдік қастарыңда болсын. Жамандықтарың кетіп, жақсылық енсін... Көздерің көреген болсын. Жер менен көктің арасындағы тылсым дүниелердің бәрі Алладан..Енді біреуіңнің жаныңда Төле би, біреуіңнің жаныңда Қазбек би, біреуіңнің жаныңда Әйтеке би ерер. Әділдіктен қашып көріңдер...

Бәрін білемін демегін.  Барлығын білу пендеге жазбаған. Бәрін білер тек бір Алла ғана. Бәрін шешер тек бір Алла.  Тау менен тастың арасына қарашы... Бабаларың тастап кеткен, тастамаса да сақтап кеткен, әрқайсысыңа, бұйырсын деп ұрпағыма, қамалына қамап кеткен бабаларыңның асыл мұраларын неге іздеп тапбасқа?

Араларыңа Баба Түкті Шашты Әзиз келді.  Білсеңдер, кәне айтыңдаршы, бұл кісіні сендер Баба Түкті Шашты Әзиз дейсіңдер. Ал құлағына жар шақырып қойған шын аты кім?  Білмесеңдер мен айтайын. Бұл баланың аты - Тоқсылық. Осыны бүгінгі күнге дейін білгендерің бар ма?Егер мен өзім өмір сүрген замандағы тіліммен сөйлесем, басқа тіл болады, түсінбейсіңдер. Сондықтан мен сендерге Алланың жарылқауымен өз тілдеріңде жеткізіп отырмын ғой барлығын.  Баба Түкті Шашты Әзиз бабаларың  өздеріңмен танысқалы келді... Тоқсұлық та өз кезінде Исламды өз   шама шарқынша насихаттаған. Ел қамын ойлап,  бетін бері қаратып, Аллаға бастарын идірген, дінімізді сақтаймын деп  құлшылық жасаған бір ұл емес пе. Егер Алланың әр құлы осы Тоқсұлықтай болса абзал болар еді... Қызмет - құлшылықта, біле білсеңдер әрқайсысың.... Баба Түкті Шашты Әзиз сендерді имамға ұйи ма екен деген сауал қойып отыр... Аманатты жекізу маған парыз... Пайғамбар жасына жеткенде  иманға ұймағанның  тіршілігі харам болады...». («Жас қазақ үні» газеті, 2002 жыл).

Үзіндісі ғана беріліп отырған осы аян-сұхбат кезінде, біз абыз бабадан өзіне Қорқыт есімінің қалай қойылуы туралы сұрағанымызда, сол күнгі кездесуге берілген уақыттың біткендігі, алда Алла бұйыртар кездесу болып жатса әңгіменің жалғасы болатындығын айтып қоштасқан болатын.

Содан араға бес жыл салып 2006 жылы осындай бір ел таныған ерекше қасиетті де қадірменді жанмен   мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт бабаның Қармақшыдағы қобыздан қойылған ескерткіші белгісіне зияраттадық.

«Тіршілігі топыраққа айналмаған» айналайын, Қорқыт бабамның басына қойылған белгі - қоңыр қобыз да еркін ескен ерке қоңыр үнімен менің жан дүниеме жақын келді. Несін жасырайын, ширек ғасыр бұрын тарихын өзім толық білмейтін осы Қорқыт бабамыздың қобызды ойлап табуы туралы «Мәңгілік өмір» деген тақырыпта мен де аянмен күңіреніп толғау жазған едім. Сол бір шабытты сәт еске оралып қалың ой құшағында отырғанмын. Кезінде Сырдарияның жар қабағына қойылған абыз сүйегін, дарияның кемерлеп жеген толқыны ақыры өз құшағына алып тыныпты. «Тым болмаса баба сүйегін сақтап қалуға да мұрша болмаған заман-ай...» деп отырғанымда, қасымдағы медитацияға түскен серігімнің аузынан мынадай аян естідім;

- Ей, ұрпағым, саналы адам өмірге келген соң, тіршілігінің топыраққа айналмауын ойлайды. Өмірден өте сала апай-топай атың өшсе, сенің топыраққа айналғаның сол. Алла, шын сұрасаң, тілегіңді жай қалдырмайды.  Мен бас уәзір болып отырған жерімнен жеріп, патшаның Ақ ордасын тастап, ен далада Жаратушыдан, «жаратушым, өзің жаратқан пендеңнің тілегін шын беретін болсаң, маған мәңгілік өміріңді қи...» деп көз жасымды көл етіп, мәңгілік өмір тілеген бабаңмын. Мендегі мақсат - мәңгілік өмір  болды. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген мақал сол кезде қалыптасты. Алланың сынағы емес пе, өлімнен қашып жер әлемнің қай бұрышына барсам да, алдымнан көрімді қазушылар ұшырасты. Мен көрді қазып жатқан көр қазушыларға емес, көрдің өзіне, «Көр кет, көр кет, көр көзіме көрінбе, мен саған жатпаймын! Мен Алладан мәңгілік өмір тілеген жанмын. Құдіреті күшті Жаратушым менің тілегімді қабыл етпеуі мүмкін емес. Алла жарылқаушы...» деп тіршілігінің соңында қара жерді басып жүруден де қорқып, өздерің көріп тұрған мына дарияның бетіне сал түсіріп, жаппа құрып тірлік кештім.Ықылым замандардан келе жатқан осы қасиетті дариямен сырлас болдым. Қобызымды күңірентіп Алладан үмітімді үзбедім. Күй  үніне еріксіз қайырылған періштелер, маңыма аққу болып қонып, тілегімді көкке алып ұшатын. Мына ағыны дүлей дария да менімен сырлас болғаны үшін Сырдария атанғанын бүгінгі жұрт қайдан білсін...

Тілегім, аққу болып жаныма қонған періштелер  құлағына шалынғанда, көзім ілініп кетіп, мені жылан шақты. Сол сәт өзіммен сырлас болған дария толқындары мені өз құшағында мәңгі тербеткілері келді. Бірақ мені білетін пенделер, өз дегендерін жасап, асыл сүйегімді жардың жағасына қойды. Мен, тіршілігімде бауыр басқан сырлас толқындарды қимадым, толқындар мені қимады. Жарға ұмтылған жанды толқын  сағынышы ақыры дегеніне жетіп, менің сүегімді   өз құшағына алып тынды. Менің Алла сыйлаған асыл сүйегім қазір өзіммен сырлас болған қасиетті Сырдария толқындарының құшағында тербетілуде...

Алла менің сұраған тілегімді берді. Тіршілігім топыраққа айналған жоқ. «Көр - кет, көр- кет!» деп айбат шегіп жүріп, өзіме Қорқыт атын тілеп алдым. Мына жұрт осыны да білмейді-ау. Менің сол Қорқыт есімім әлі күнге ел аузында. Сол бір өз аузыммен тілеп алған  есіммен бірге тіршілігім топыраққа айналған жоқ, мәңгілік өмір иесі атандым. Есімі ұмытылмаған пенденің өмірі де мәңгілік. Қалқам, мені іздесең мендей бақытты бол!..»- деп әңгімесінің соңында күңірене батасын берді.

Мен бұл деректер мен бүгінгі қазақ зиялылары алдында бірге естіген  аянды  неге келтіріп отырмын? Осындағы аян арқылы естіген Қорқыт баба туралы бұл тың деректер  мен бабамыздың Ислам туралы жанашырлықпен айтқан әңгімелері кім-кімге де болса ой салар дегенім ғой...

Экстаз, медитация дегеннен шығады, таяуда «Аңыз адам» (№6, наурыз 2011ж.) журналында Қорқыт туралы қобызшы-актриса, Тұрахан Садықова өз сұхбатында; «Қорқыт Арыстанбабты ұстазы санаған. Ажалдан қашып жүрген кезінде Арыстанбаб түсіне еніп; «Қайт еліңе! Өлмесем, мен қайдамын?! Әкең, туыстарың қайда? Кімге ажал келетінін бір Алла біледі. Сен қырық жас емес, одан көп жасайсың. Ажалдың келмегі - Алланың ісі.

Қара күштер сенен қорықсын. Өйткені сенің қолыңда қаруың қобызың бар. Өмірде өлмейтін не нәрсе? Соны біл...»-дейді. Сол аяннан кейін Қорқыт еліне қайтады. Жолда өзіне арнап қазылып жатқан көрді көрген сайын қобызын тартқанда, қара күштердің қаша жөнелгенін, жоқ болып кеткенін көреді. Сонда Қорқыт; «Таптым! Өмірде өлмейтін нәрсе - өнер»- деп айғай салған екен» -депті. Тұраханның мына әңгімесі оның экстазға түсе білетіндігін, басқа дүниеден медитация арқылы хабар ала-алатындығын байқатады. Дегенмен, таза ақпарат алу жағына машықтану керек сияқты. Арыстанбап Қорқыттың да, Фарабидің де, Ясауидің де ұстазы болған жан. Мына әңгімеде Арыстанбап өмірден өткен адам болып әңгіме айтыпты. Арыстанбап Мұхаммед(Ғ.С.) пайғамбардан да жасы үлкен, Жаратушының жарылқауымен Яссауиге пайғамбардың аманатын жеткізген, оған ұстаз болған әулие. Медитация кезінде таза ақпарат алынбаса осындай жаңсақ пікірлер тарап кетеді. Жалпы осыншама ғұламаның ұстазы саналатын, Орта Азиядағы Ислам дінін бірден-бір сүйіншілеуші тұлға Арыстанбаб әулие туралы бізде осы күнге дейін нақтылы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізлмеуі ойланарлық жағдай. Бұл орайда ӘмірТемір Көрегеннің Қожа Ахмет Яссауий мовзалейін салмастан бұрын, Арыстанбапқа кесене салуы осы саладағы жұмысымызға өнеге болуы тиіс. Ұстазы жайлы ауыз ашпай, шәкірттері туралы пікірлер айту еш өлшемге келмейді. Бірақ біздің елде таза дін ғұламаларының кемшіндігінен осы ағаттық өз жөнін әлі күнге таппаған күйі келеді.

Мен кезінде әруақтардың қолдауымен, еліміздегі осындай ерекше қасиет иелерімен жұмыс жасап, қос академик ағамыз М.Әлиев пен С.Балмұқановты алға салып, сол кездегі Үкімет басшысы Ұ.Қарамановтың қабылдауында болып, Алматыдағы Халықтық емдеу орталығын ашуға аз-кем өз үлесімді қосқан жанмын.  Сол тәжірибиемнен байқайтыным, жұрт назарына иелік етер дәл осындай ерекше қасиет, бүгінде азды-көпті біздің Елбасымызда да бар. Оны қазақтың тұңғыш косманавты Т.Әубәкров туралы «Қазақ елі жайлы» кітбында өзі де жазыпты. Бұл қасиетін елге қажетті батыл шешімдер қабылдауда да үнемі байқап келеміз. Мұндай тарихи шешімдер - тылсым күштердің қуат беріп демеуімен ғана өмірде жүзеге асады. Осы орайда әлемді аузына қаратқан Рим Папасының Астанаға ат шалдыртуы, Әлем дін басшыларының  Астанада үш рет үлкен Құрылтайда бас қосуы, Еуроатлантика және Еуразия аумағындағы жалпыға ортақ, бөлінбейтін және ұжымдық қауіпсіздікке арналған маңызды мәселелерді талқылау үшін Қазақтың Астанасында ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет пен 12 серіктес елдің басшылары мен үкімет жетекшілері бас қосуы да осы сөзімізге нақтылы дәлел болса керек.

Осы пікірлерді жинақтай отырып, сөз түйіні ретінде айтпағым - дана Қорқыт Тәңір дінінің қолдаушысы емес, Исламды сүйіншілеуші тұлға. Ол дәстүрлі Исламды түркі әлемінде алғашқылардың бірі болып  шүйіншілеген, Алланың аманаты ретінде ел санасына сіңіруге  өз үлесін қосқан жан. Келешек біз назар аударар Мағжан ақын айтқан нұрлы соқпақ та осы болуы керек. Алланың ақырғы діні Исламның адал жанашыры болайық!

Бақтыбай АЙНАБКОВ

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы, жазушы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562