Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5359 0 пікір 25 Қаңтар, 2012 сағат 07:45

Бауыржан Халиолла. Айтпайын десең айтқызады...

Автордан:
Құрметті оқырман! Бұл мақала Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Астанада өткен халықаралық ақындар айтысы аяқталған бойда жазылған болатын. Алайда, біраз басылымға ұсынып көргеніммен олар басудан бас тартқаннан соң, «жабулы қазан» күйінде қалған болатын. Айтыскер Ринат Зайытовтың «Халық сөзі» газетінде жарық көрген сұхбатын оқығаннан кейін, кештеу болса да қайта өңдеп Abai.kz ақпараттық порталына жібергенмін. Міне, енді жарық көріп отыр. Мақаланың айтыс өткен соң араға көп уақыт салып жазылмағанын ескертуді  өзіме парыз санадым.
«Абай-ақпарат»

Автордан:
Құрметті оқырман! Бұл мақала Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Астанада өткен халықаралық ақындар айтысы аяқталған бойда жазылған болатын. Алайда, біраз басылымға ұсынып көргеніммен олар басудан бас тартқаннан соң, «жабулы қазан» күйінде қалған болатын. Айтыскер Ринат Зайытовтың «Халық сөзі» газетінде жарық көрген сұхбатын оқығаннан кейін, кештеу болса да қайта өңдеп Abai.kz ақпараттық порталына жібергенмін. Міне, енді жарық көріп отыр. Мақаланың айтыс өткен соң араға көп уақыт салып жазылмағанын ескертуді  өзіме парыз санадым.
«Абай-ақпарат»

Өткен тойға өкпе көп немесе қыруар қаржы қайда кетті?

Әлқисса. Бұл бір іште жатқан запыран еді, байқамай сұқ саусағымды салып қалғанда ақтарылып кетті. Артық кетсем,  айып етпессіздер. Былтырғының еншісінде қалғанымен, күні кешегі 2011 жылдың желтоқсанының 2-4-і аралығында Астанада ұйымдастырылуының сапасынан гөрі салғырттығы мен салақтығы басым, халықаралық деп айдар таққан аламан айтыс өтті дүркіреп. Ақ параққа улы сияны кеш төгуімнің себебі, бір адам ақиқатын іздеп, бұл қалай болды деп ақ-қарасын айырып айтар дегем, олай болмады. Қайта барлық басылым «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай айтыс өтті. Оған 5 мемлекеттен 42 ақын қатысты.Айтыс деп осыны айт» деп жарыса жазды. Иә, солай болды... Бірақ сол айтыстың кейбір көлеңкелі тұсын ішінде жүрген бізден артық білмегесін әріптестерім қалай жазсын? Менің ең әуелгі айтпағым,  бұл айтысқа «Самұрық-қазынадан»  80 миллион теңге бөлінді деп ұйымдастырушылар танауымызды делдитіп қойды. Айтысқа қожалық жасаған Мырзатай Жолдасбеков  «Айтыстың жүлде қорын бар беделімді салып, былтырғы қаржыға қарағанда екі есе көбейттім, ал былтырғы айтыстың жүлде қоры 200 мың доллар болатын» деді... «Конгресс-холл» сарайы 2 800-дей орындық. Билеттің құны 500-3000 теңгенің аралығында. Сонда үш күнге біз секілді «соқыр» есепші есептегеннің өзінде 15 млн. теңгенің үстінде қаржы түседі екен орта есеппен ( Бұлай сенімді айтуымның себебі кассада билет қалмай қолма-қол ақшаға кіре алмай жүрген қаншама адам болды )  Оның үстіне Жүрсін Ерман мырза арнайы сыйлық тігіп отырған демеушілер барын қуана жеткізді. Содан  не керек, алыс-жақыннан ат сабылтып келген айтыс ақындарының көңілі бір көтеріліп қалды. Қазір барлығы бізді машина, дүние  үшін таласады деп кінәлайды ғой, айта берсін, оны айтатын өзіміздің «сөз дертімен ауыратын » ағайындар ғой. Сол айтқан адамның өзінің иығына шапан жауып, ат мінгізсең, алмаймын деп тастап  кетіп қалмайтын шығар. 
Мен айтыстың  өткеніне біраз уақыт болғандықтан, талдағаннан гөрі осыншама қаржының қайда кеткенін іздеген адам болмағанына таң қаламын. Қараңызшы, айтыс қорытындысы бойынша мына ақындар жүлдегер болды: Бас жүлде Жамиға Дәулетқызы  - 3 млн теңге. 1 орын Әлібек Серғалиев-1,5 млн теңге. 2 орын Мұхтар Ниязов пен Еркебұлан Қайназаров- әрқайсына 1млн. теңгеден,  3 орын Аалы Тутқычев, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова - 500 мың теңгеден. Сонда жүлдегер  7 ақынға 8 млн кетті делік. Қалған 35 ақынға  әрқайсына 40 мың теңгеден, барлығы 1 млн 400 мың теңге жұмсалды .
Қонақ үйге астаналық 5-6 ақын мен 2 қырғыз ақыны жатқан жоқ. Әрқайсы 8 мың теңге тұратын екі адамдық 17 бөлмені 5 күнге жалдағанда  680 мың теңге болады (айтыс 4-і күні бітті, Астана- Орал пойызы 6-сы күні болатын. Мен тырқыратып қуып шығамыз дегесін тағы бір күнге өз қалтамнан төлеп жаттым). Қызмет көрсетуі сын көтермейтін « Ақжайық» қонақ үйінен барлығы тамақтанды дей алмаймын.Себебі дөрекі даяшылар кірпияз ақындарға ауыздарына келгенін айтып, дұрыс сөйлеспегесін көбі жақын маңдағы асханалардан, болмаса таныстарының үйінен ауқаттанып кеп жүрді. Солай бола тұра, қонақ үйдің құнындай яғни, 680 мың теңге тамаққа төленді делік. (әрине бұл артығымен).
Тағы бір қаржы ысыраптаудың амалы - 4 мың дана 500 теңгелік күміс ақша жасатыпты. Ол кімге, не үшін керек болды? Көрге жарық берсін деп тағып кететін Хорланның жүзігі емес қой... Жақсы, өздерінше бізге деген естеліктері шығар. Бірақ  42 ақын мен қазылар алқасына т.б шауып жүрген ұйымдастырушыларға артығымен 100 дана жасатса жетпей ме? Оған қанша қаржы кеткенін бір Алланың өзі білсін.
Жоғарыдағы шығынды «жабайы» есеппен шығарып көрелік: жүлде қоры 9 млн 400 мың теңге, қонақ үй мен тамаққа 1 млн 360 мың теңге. Сонда тек қана айтыс үшін 10 млн 760 мың теңге жұмсалып отыр. Жарайды, жаңағы күміс ақшаңыздың  шығыны, «жалқау» қазылар алқасының мүшелері  мен жүргізуші болған Жүрсін Ерманың қаламақысы бар. Залдың арендасы мен жарнамасы бар. (министрлік тарапынан зал тегін алынған да болар) Итке тастағанда 20 млн теңге  делік...
Ағайындар-ау, есепке шамалы менің өзім осылай шығарып отырмын және сіздерге талқылатып отырмын. Сонда қалған қаржы қайда, кімнің қалтасына кетті? Айтысты ұйымдастырған аты бар да заты жоқ «Даму» рухани қоры деген не мекеме, осынша қаржы айналымға түсіп жатқанда оны ешқандай құзырлы орындар назарына алып, бір тексермей ме?
Мәәә, айтпақшы залдан шығып осы айтысқа шашуым деп «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжанов 3 млн теңге, Нұртай Сабильянов мырза 1 млн теңге берді, ал саған безгелдек, оны қайда қоямыз?
Мен мұның бәрін неге тәптіштеп жазып отырмын? Егер жеке адам демеуші болған болса, мейлі дейсің ғой, өз ақшасын қалай шашса да. Мынау мемлекет қолдап, Мәдениет министрлігі жауапты болған үлкен айтыс емес пе, неге оның қаржылық құрылымдары жариялық сипатта болмайды. Неге бір адам қысқаша түсінік бермейді?  Қысқасы, бұл мәселе алда да қозғалады деп ойлаймын...

«Мырзатай араласқан айтысқа енді қатыспаймыз»

Бұл  - айтыстан соң қонақ үйде өткен «астыртын» жиналыста қабылданған «қаулы». Не болса да өзімен кетсін, кесірі тимеу үшін, «мынау-мынау» деп атын атап жатпайын, ықпалды, беделді айтыскерлердің ашынуы еді бұл. Неге деген сауалға жауапты тарқата түсейін. Айтыс басталардан бір күн бұрын жиналыс жасап біраз ақылын айтты «абыз» Жолдасбеков. Бұл жолы риза болғанымыз әйтеуір «ауыздарыңа қақпақ болмаймыз» деді. Оны аңдып отырған Жүрсін ағамыз іліп әкетіп, «естіп отырсыңдар ғой, ақиқатты, шындықты көркемдеп айта білсеңдер, ешкім қой демейді, бұл айтыстың алғысы мен қарғысы Мырзағаңның мойнында» деп зып еткізді. Бір көңілге қаяу салғаны 42 ақынды түгендей келе айырқалпақты қос қырғыз ақынына  «Сендерге өкпем қара қазандай, бәлен жылы барғанымызда жүлде бермей, бәрін алып қалдыңдар» деп зіркілдеп ұрысты. Құдайым-ау, үйіне келген жыланды да басына ақ құйып шығаратын қазақпыз ғой, онсыз да шерменде бауырларымызға шүйіліккені несі дедік те қойдық. Сөйтсек, көрер құқайымыз алда екен. Бар билікті өз қолына мықтап алған Мырзағаң үш күн бойы ойына келгенін жасады. Не ақындардың, не халықтың көңіліне пысқырып та қараған жоқ. Бір мысал, келесі күні алғашқы жұп болып астаналық Б.Имашев пен А.Тұрсынбаева айтысты. Ұпай беретін уақытта найқалып орнынан тұрды да тамағын бір кенеп жіберіп, «шешен бұлбұл» шешіле сайрап кетті. «Бұл айтыс былай болды» деп сынап-мінеп жатқан секілді еді... Сөз соңында «Егер төмен ұпай қойсақ, шулайын деп отырсыңдар? Сондықтан екеуіне де бір ауыздан он қоямыз» деп шешім қабылдай салды. Сонда қалған қазылар алқасының мүшелері өз пікірін білдірмесе не үшін отыр, бір өзі бар  шаруаны тындыра бермейді ме? Осы сәтте Жүкең «Ел күткендей айтыс болмады» деп сипап өтті. Бұл сөзінен ақындарға деген бағасын емес, әділқазылармен арадағы қатынасының салқындығын түсіну қиын емес еді. Шамасы «Сен араласпа ештеңеге, бәрін өзім шешем » деген болуы керек, бұрынғыдай жанталасып жүрген Жүрсінді көрмедік, селқос, өзімен өзі, бірдеңе десең екі иығын қомпаң еткізеді де қояды. Ал, әділқазылар алқасының «еркелігі» бір бұл емес. Әдетте, адам жұмысқа да кешікпей келеді ғой, оның қасында 42 ақынның тағдырын шешуге деген жауапкершілікті мойнына алған Фариза апамыз екі күнде де айтыстың ортасында кешігіп келіп баға берді. Жарайды, шаруасы көп, ат үстіндегі адам ғой деп оған да кешіріммен қарадық. Бір қызығы, төрағалық құқығын пайдаланған Мырзағаң Фариза апамыздың атынан да баға беріп отырды. Бір қолында 9 деген сан, бір қолында 8 деген сан. Бұған жылайсыз ба, күлесіз бе?! Әлде Мағауиннің айтып жүрген «Жармағы» осы ма? 
«Сонымен содан әлгі апам қазаққа тиіпті, некесін орыс қиыпты» дегендей, айтыстың үшінші күні де келіп жетті. Халықтың дегбірсіздене күтетіндері де шешуші кезең яғни, супер-финал емес пе? Жоқ... Кенеттен Мырзағаң сахнадан жүлдегерлер есімін хабарлап жатты. «Оу? Не болды» деп түсінбей аң-таңбыз. Сөйтсек, «Мырзағаңның ем қабылдайтын уақыты болып қалыпты» деген хабар шықты. Өзі кетсе де қарайған халық қалады ғой, қалған шаруаны аманаттап кете бермей ме? Өйтпеді, жүлдегер болады деп сақтап қойған жүйріктері екінші айналымда «сыр» бере бастаған болатын. Мұхтармен айтысқан Жамиғасы да, «Сендерді қуанғаннан сынап тұрмын, ал ендеше жағайын шырақ түбін»(Ол қандай шырақ, «тоңқайып» лапылдап жанатын ) немесе «Кәнекей тұяғыңмен шаба берші» (біреу басымен шауып жүргендей) деп «аталы тіркестер» айтқан Әлібегі де үшінші айналымға шыдас беруі екіталай еді. Есесіне Аманжолдың, Мұхтардың, Әсемнің, қырғыздың «Айқасқасы» Аалының (Аалыны елінде солай атайды екен) екінші тынысы ашылып, кең көсіле шабатын шағы болатын.  Бәрі аяқ астынан өзгерді. Ақсақалдың саясаты мынадай болды - даңқымыз алысқа кетсін деген мақсатпен бас жүлдені қытайлық қандасымыз Жамиға Дәулетқызына берді. Өте орынды, атамекенге келді ғой, қуанып қайтсын деген болар. Бірақ Мұхтар Ниязовқа обал болғанын барлық ақын қынжыла  айтып жатты. Тым құрыса екеуіне бөліп бермеді ме екен? - деп. Бірінші жүлдені алдыңғы жылы өзі ашқан «жаңалығы» Әлібекке берді. Логикаға келеді, жақсылықты аяғына дейін жасау керек. Ал алдыңғы жылы Аманжол Әлтаевқа «Бас ақын деген атақ берсек қайтеді?» деп сахнада көлбең-көлбең «билегені» есінен шығып кетсе керек. Бұл жолы екі күнде де әдемі айтыс жасап, ең жоғары ұпай алған Аманжолды ұмыт қалдырды. Сөйтіп «жаңа жаңалықтың» бағын ашу үшін «ескі жаңалықтың» тамырына балта шапты.
Ең сорақысы, қатысқан әр ақынға 40 000 (қырық мың) теңгеден бергізді де, бес-алты сағат «таяқ» көтерген қазылар алқасының әр қайсысына 500 000 (бес жүз мың) теңгеден бергізді. Мені дүние қаққан деп жазғырып отырған болсаңыздар, өздеріңіз біліңіздер. Тек әділін айтыңызшы, ағайын, еңбек кімдікі? Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып айтысқан біздікі ме, жоқ уайым-қайғысыз келіп, « қалғып» отырып  ұпай беріп кеткен қазылар алқасынікі ме?

Сәл керітолғау... Қайбір жылы Қызылордада айтыс өтіпті. Содан Мырзағаң түс қайта кетуі керек болады да, айтыстың бар уақытын өзгіртіп, таңда жасатып жіберіпті айтысты. Залда айтыс ақындарының 40-50 шақты туыстары ғана болған. Естімеген елде көп-ау...
Сондықтан біраз ақын «Егер Жүрсін біздің сөзімізді сөйлеп, қорған бола алмаса, Мырзатай дегенін жасап құл иеленуші сияқты басына берсе, енді айтысқа қатыспаймыз» деп келістік. Әрине, бұл «бүлікшіл» топты ұйымдастырып, бел ортасында жүргесін мені бұдан былай айтыстың маңайына да жолатпайтын шығар, өздері білсін...
(Парадокс,сол «жиналыста» белсене сөйлеп,бел шешіп «батырлық» көрсеткен бірер ақын Д.Қонаевтің 100 жылдығына орай Алматыда өтетін айтысқа қатысам деп желпініп отыр... Қожанасыр жыл сайын 50 жасын жасайды екен. Достары былтыр ғана толдың ғой 50-ге десе «Ер жігіт бір сөзді болуы керек» депті. Мен де сол Қожекең болдым ендеше..)

Бір сұхбаттың «даңқы» мен дақпырты

Провинцияда жатқасын көп жаңалықтан құр қаласың. Біраз адамнан «Ойбай, Ринат Зайытовтың сұхбаты шығыпты, «Халық сөзі» деген газетке, сендер ақын емес екенсіңдер, тек Ринат мықты екен» деген сөзді естідім. Иә, мықты екені рас. Бірақ «мен мықтымын» деп  адам өз-өзін қалай жарнамалайды, ыңғайсыз секілді. Ол газетті бір оқырмын, шыққанына біраз болған тәуелсіз  басылым екен  деп жүргенмін, бір әріптесім жақында «Қиын түгі жоқ, кел, көрсетейін» деп ғаламторға икемі жоқ менің «сауатымды ашып» көрсетіп берді. Оқып отырып ойға қалдым. Сосын  «Бұл қазақ бірінің артын бірі ашпаса жүре алмайды енді, мен де қазақпын ғой» деп біраз сөзіне жауап беруге тура келді. Сұхбаттың негізгі желісі қырғыз ақыны Аалы Тутқычовпен болған айтысқа байланысты өрбіген екен. Бұл айтыс өз бағасын алды. Мен өз тарапымнан ғана айтайын, Ринат шыға сала неше түрлі ауыр сөз айтты. Айта берсін, өзінің айтыстағы тактикасы шығар, тек қонағына сөзді бұрын беріп айтса да болар еді ғой.
«Еліңдегі атыс-шабыстан шаршап, демалуға келдің бе?» деп бірден мысқылмен бастады. Көкем-ау, елінің намысын ту қылып көтеріп келіп отырған адамның жеріндегі саяси шиеленісте нең бар?
Ал, айтқыш екенсің, жеті ай бойы желдің өтінде тұрып, аяғы қантөгіске ұласып, қаншама адамынан айрылып, қабырғасы қайысып тұрған Жаңаөзенді айт енді казір, сен «батырсың» ғой.

«Әйелге тізгін беріп отырсың » деп тағы соқтығысты. Р.Отынбаева Орта Азиядағы «ЕРКЕКТІК» жасаған  жалғыз әйел Президент, әділетті түрде тағынан түскен. 
Ал, енді сұхбат жайлы «сұхбат» жасалық...
Бір сөзіңде  «Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде бізде келісіп айтысу деген пайда болды. Кіммен айтысатының кейде бір апта бұрын, кейде бір күн бұрын белгілі болады. Бізде айтыс балдық жүйемен бағаланады ғой. Содан екі ақын да жоғары балл алайық дейді де, не айтатындарын түні бойы жазып, келісіп алады. Оны Жүрсін ағам да жақсы біледі, қазылар да хабардар. Онымен қоймай, дайын айтыстарын халық алдында қойылым етіп қойып шығатындар да бар. Сондықтан Аалының сөзіне ешбір таласым жоқ. Бүйте берсек, біздің айтыс өшеді шынымен. Жазып алып айтысу фонограммамен ән айту сияқты ғой. Бұл - айтыстың айналысында жүргендердің кінәсі»  депсің.
Дұрыс, мойындаймын бұл сөздеріңді. Дайындаламыз, жаттаймыз, бірақ үнемі солай деп айтуға қандай қақың бар? Барлық айтыс олай өтіп жатқан жоқ.Менің мамандығым журналист. Кейде оқырманды тарту үшін небір айла-тәсіл қолданып, кейіпкеріңнің «қоясын» құстырасың. Онсыз да айтыстың жауы көп, солардың ауызына сөз салғаннан не ұтамыз? Әлде  ақиқатты, шындықты тек сен айта аласың ба? Ал, кеттік ендеше.... Мың сан адамның алдында айтыспақ түгіл, жай туған күнге тілек айтуға да адам іштей дайындалады ғой. Тіпті жазып берген қазақша сөзіңнің  өзін міңгірлеп оқи алмайтын Мәсімов «дәдәң» да үкіметті бесінші жыл  басқарып отыр, оған не айтасың?  Сен неге көпке топырақ шашасың, бәрі жазады, келіседі деп. Жарайды, біз сондай болайық, сен ғана «қаһармансың!!!». Ал, Жүрсін ағамыз Жамиғамен айтысасың дегенде неге дызақтадың? Екінші күнде де ат-тонынды ала қаштың, «не айтам, не айтам» деп. Қалай не айтасың, сен «суырып салма» ақынсың ғой, «ешкімнен қорықпайтын, дайындалмайтын» ақынсың ғой, шық та аңырата бер, ағыза бер....
Тағы бір сөзіңде «Қонақ үй берілмегенін сахнада естігенде таңғалдым. Қазаққа жат нәрсе ғой. Шыға сала ұйымдастырушыларға айқайладым. Сөйтсем қырғыздың екі ақыны қонақ үйден өздері бас тартыпты. Аалының мұнысы қатын өсек, былайша айтқанда. Әйтпесе Қытайдан, Моңғолиядан келген ақындар жатты ғой, 40 қазаққа ғана жатын орын берілген жоқ»  депсің.
Қонақ үйдің берілмегені рас әңгіме. «Ақжайық» қонақ үйінде отырып Аалыға телефон шалып, «Қай бөлмеге орналасып едің, бірінші қабатқа тамаққа келсеңші»  дегенімде  «Бізге ешкім ондай әңгіме айтпады, бір «байкеміздің» үйіне орналастық, бүгінгі қабылдау ұнамады, Мырзатай ата өтірік айтты, біз бар жүлдені қазақпен бөлістік, ол болса Сараға беріңдер деп қасарысып отырып алды. Бізге айырмасы жоқ қой, әйтеуір қазақ алса болды емес пе?» деп мұңын шақты. Достық ниетпен кешірім сұрадым. Енді бұл мәселеге ұйымдастырушылар кінәлі.

Тағы бір сөзіңде  «Финалдан бас тартқаныма келер болсам, бірінші күні Аалымен айтыстан соң Жүкең: «Кіммен айтысасың?», - деп сұрады. «Айнұрмен, не Балғынбекпен», - дедім. «Жағдай былай, Әлібек Балғынбекті жеңуі керек, сөйтіп финалда Әлібек Қытайдан келген Жәмиғамен айтысуы қажет», - деді ол кісі. Онда мен несіне қатысам? Мұны Жүкеңе де айттым. Сол себепті айтыстан бас тарттым» депсің...
Ол сөзді Жүрсін бәрімізге де қалжыңдап айтқан. Тіпті маған «Арнайы сыйлық бар, ноутбук керек пе, ақшалай керек пе» деді. Өзінің бір сұхбатындағы «Ақшаны өте жақсы көремін» деген сөзі есіме түсіп кетіп, «темірі» құрысын, ақша керек»  дедім. Ал осының қайсысы шындыққа айналды? Арнайы сыйлық бермек түгіл, үшінші айналым болған да жоқ қой. Жүрсіннің «қырт» әңгімесіне әбден етіміз  үйренген біз сол күйімізбен кете бардық. Соның бәрін дабыралатып баспасөз бетінде «батыр» атану үшін «Ойбай, Жүрсін өтірік айтты, оңбаған екен» деп сұхбат бере берсек не боламыз? Менің Жүкеңе махаббатым ашылып, «ғашық»болып отырғаным шамалы, мен де оны  кейде жек көріп кетем, болмайтын нәрсеге бала құсап ренжиді деп. Әлде Жүкеңмен жеке бас араздығың бар ма еді? Оның жазығы «Арғындар маған күн бермейді» деп  арыз айта барғаныңда  арқаңнан қағып, адам танымайтын Ринатты санаулы уақытта «жұлдыз» қылып алты алашқа танытқаны ма? Мына әңгімең сол жақсылығына айтқан «алғысың» ба?
Тағы бір сөзіңде «Қазіргі ақындардың ешқайсысынан қорықпаймын»  депсің. Әрине, сен қорықпайсың. Себебі ешкімнің көңіліне қарамай, жеке басына дейін айта бересің, тіпті бір айтыста тұрмысқа шыққанына біраз болып, бір перзентке зар болып жүрген әріптесіңе «Неге бала тумай жүрсің» деп бас салдың. Сен ешкімнен қорықпайсың, керісінше, бәрі сенен «қорқады». Кемшіліксіз адам болмайды, сен соның бәрін қарсыласыңды жеңу үшін сахнада  айта бересің, себебі «батырсың» ғой.
Тағы бір сөзіңде «Қарсыласыммен ананы айтамыз, мынаны айтамыз деп уәделесіп алу жоқ менде. Содан болар, бас жүлде алмағаныма міне төрт жыл болды» депсің. 
Дәл осы сөзді Сен айтуға ұялсаң нетті, шырағым, қанағат қайда?
Бірі Алланың бұйрығымен, бірі Адамның пиғылымен сахнадан қол үзген, Бәрімізді азаматтығымен де, ақындық қуатымен де он орап кететін, айтыстан бір де бір көлік міне алмай кеткен  марқұм Ораз бен тірі Бекжан (Әшірбаев) бұлай өкпе айтпап еді. Олар мінбеген көліктің түрін сен міндің. (Қызғанып жатқам жоқ, мықты ақынсың, әлі де бағың жанады, жана берсін. Саған сенем)  Жүрсін сені көкке көтеру үшін қаншама ақынның обалына қалды, сол үшін қанша қарғыс алды. Бәрі көрмеген «жылы-жұмсақты» сен көрдің. Ө.Сәрсеновтың «аялы алақанында» жүріп бұлай мұң шағуың азаматтыққа жатпайды. Әрине, маған сенің жүрегіңе жара салып, осыншама сөздерді айту оңай емес, мұның бәрін достық пейілдегі жанашырлық деп ұғарсың... Оның үстіне талабыңа үнемі тілекші досыңмын ғой. Сондықтан кейбір сөзге абай болайық. Айтыстың жауы көп екенін жоғарыда айттым, тағы қайталаймын. Әупірімдеп жүріп ашқанда қайта жауып тастамасақ та әркімге қожаулық қылмайық, ешкімге табалатпайық.«Барлық ақын баласы бір ананың» деп Мұқағали текке айтпаған, екеуміз бір бауырмыз, досым!
P.S Құрметті һәм сүйікті оқырманым, айтыс десе ішкен асын жерге қоятын халқым, тағы да ғафу өтінемін, артық кетсем. Мұның бәрін жазып, айтып, жаманатты болу маған да оңай емес, бірақ менің жеке көзқарасым - осы...

Бауыржан Халиолла,
Айтыскер ақын, 
Батыс Қазақстан облысы
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566