Сенбі, 23 Қараша 2024
Жауап 5961 40 пікір 13 Қараша, 2020 сағат 20:52

Президенттің атына жолданған Ашық хатқа жауап

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты (Институт) еліміздегі әліпби мәселесін шешудің теориялық-ғылыми негізін әзірлейтін бірден-бір мекеме болғандықтан, 2020 жылғы 11 қарашада abai.kz сайтында жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына латын әліпбиіне байланысты жазылған Ашық хатқа қатысты пікір білдіруді өзінің кәсіби парызы санайды.

Институт қызметкерлері Ашық хаттағы айтылған мәселені Ғалымдар кеңесі мәжілісінде талқылап, төмендегі жағдайларды мәлімдейді.

Бірінші, Ашық хатта айтылған «ортақ түркі әліпбиі» – шартты ұғым. Бүгінде түркі тілдері өздеріне тән ерекшелігіне байланысты әрқайсысы жеке ұлттық тіл ретінде қалыптасқан. Сондықтан ұлттық әліпбиімізді ортақ түркі әліпбиінің негізінде жасау ана тіліміздің барлық ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік бере алмайды.

Екінші, Ашық хат авторлары әліпби жасау теориясына қатысты грамматологиялық, орфографиялық-фонологиялық бағытта арнаулы зерттеу жүргізген емес. Оған қоса, мүмкіндігі бола тұра, ол жобаның Концепциясын да, емле ережелерін де, орфографиялық сөздігінің ең болмаса проспектісін де, қысқасы, ешқандай ғылыми негізін, практикалық базасын жасаған жоқ.
Дей тұрғанмен, Институт ғылыми қауымдастығы осы жобаны тексеріп көрді. Мысалы, 2016 жылы 250 жазарман-сарапшы қатысқан сынамада 900-ден астам қате жіберілді.

Оған себеп – жобада W (y) және У (и) таңбаларының болуына байланысты. Осы әріптер кездескен сөздерді жазуда 90% астам жазарман қателесті. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО жоғары сынып оқушылар мен ЖОО студент-магистранттары арасында сынамадан өткізген кезде де жобаның жоғарыда айтқан кемшілігі тағы да айқындалды. Осы себепті Институт және Орфографиялық жұмыс тобы тілтанушылары жобаны тиімсіз деп бағалалады.

Ал жақында ғана (9 қараша 2020 жыл) Мемлекет басшысының назарына ұсынылған әліпбидің жетілдірілген Жобасы да, оның емле ережелері де алуан түрлі апробациядан өтіп, ғалымдардың, зиялы қауымның және қалың көпшіліктің қолдауына ие болды. Жазарманға ыңғайлы екеніне көз жетті. Оны әзірлеуге отандық беделді тілтанушылар, соның ішінде академик Рәбиға Сыздықтың жазу теориясы бойынша ғылыми мектебінің өкілдері – әліпби түзу, емле жасауға қатысты тіл ғылымының арнайы салалары грамматология, фонология, ортологиялық кодификация, жазу теориясы мен тіл мәдениетінің мамандары жұмылдырылды

Үшінші, Ашық хатты жазған бірнеше маманның пікірі тілтанушылар қауымдастығының көпшілігі қолдап отырған ортақ шешімге, негізделген ғылыми пікірге қарама-қайшы. Оның үстіне Ә. Қайдардың, Р. Сыздықтың ешқашан 28 әріптен тұратын әліпби ұсынбаған. Керісінше, ол кісілер жақында ғана Мемлекет басшысының назарына ұсынылған әліпби жобасын қолдап, бұдан бірнеше жыл бұрын өздерінің көзі тірісінде қолдарын қойып, Елбасына хат жолдағанын тілтанушылар қауымы біледі. Сондықтан Ашық хатта келтірілген фактілер шындыққа жанаспайды.

Төртінші, Ашық хатта марқұм болған академиктер – Ә. Қайдардың, Р. Сыздықтың, Ө. Айтбайұлының есімдерін «пайдалану» авторларға заңдық тұрғыдан да, моральдік тұрғыдан да жауапкершілік жүктеуге тиіс. Өйткені марқұм болған кісілердің еңбектеріне әрі қарай авторлықты жалғастыратын отбасы мүшелері немесе өздері құқық беріп кеткен адамдар ғана иелік ете алады.

Қорытындылай келе, Ғалымдар кеңесі мүшелері Ашық хатта көтерілген мәселе Орфографиялық жұмыс тобына ұсынылған әліпби жобасын бекіту процесін тежеуді, халықты шатастыруды, яғни арандатушылық мақсатты көздейді деген тұжырымға келді.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы

Abai.kz

40 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417