Қызайлар Ілеге қалай қоныстанды?
Іле өңірі жаңа эредан әлде қайда бұрын Үйсын елінің атақонысы болған. Ал одан бұрын қазақтың арғы тегінің бірі болған сақтардың мекені. Күнестен табылған қоладан құйылған Сақ сарбазының мүсіні, балбал тастар мен сынтастар, үйсін қабірлері тарихтан қалған бір із, бір белгі болып бізге жетіп отыр.
Жаңа ередан бұрынғы IV ғасырдың басында дүниеге әйгілі Македониялық Александр жорығы (Қазақтар Ескендыр Зулқарнайын деп атаған) атты кітапта айтылуынша, олар Орта Азияға басып кіріп Самарқантты жаулап алғанда Сақ тайпаларының ержүрек сарбаздары Александыр аскерлерін ауыр жеңіліске ұшыратады. Осы жорықта Алаександрдың санына садақтың оғы тиіп өледі. Заманымыздағы бұрынғы ІІІ ғасырдан бастап Сырдәрияның орта алқабы мен Жетісу өңірін Қаңлылар мекендеген. Олар заманымыздан бұрынғы І, ІІ ғасырларда батыс өңірдегі белді мемлекеттің бірі болып, Шыңғысхан жорығынан бұрын Жетісудан Ертіске дейінгі өңірге үстемдік жүргізген. Кейін Қаңлылар басқа халықтардың құрамына сіңіп кеткен болса да, олардың әдет-ғұрпы, салт-санасыы мен тіл жағынан қазіргі қазақтармен ұқсас өмір сүргенін бір талай ғалымдар сыйпаттайды. Жетісу өңіріне тарихта Қазақстанның өңтүстүік шығыс бөлегі мен Қызғызстанның солтүстүгіндегі Ыстық көл өңірі, Тиян-Шанның солтүстүк батысы, Іленің өңтүстігіне қарай созылған аймақтар қамтылған.
Заманымыздың VI ғасырынан бастап құрылған Батыс түрік қағанаты түсында, ежелгі Үйсіннің бір бұтағы бес арыс ел атанған дулаттар қазіргі солтүстік ШыңЖаңды және Жетісу өңіріне қоныстанады. Қағанаттың негізгі тірегі қазіргі Жоңғар ойпаты мен Жетісуда болды. Бес арыс елдің белді тайпасының бірі Түркештер Қытайдың Таң дәуірінде Іле мен Шу өзендері аралығындағы ұлан-байтақ өңірді мекендейді.
Ал бұдан соңғы сан ықылым замандарда, жүйеден, Қазақ хандығы түсында хандықтың этникалық негізі болған, қазақтың ұлттық тұлғасын құрауға ұйытқы болған үйсын, дулат, жалайыр, албан, суан сияқты ру тайпалар Іле алқабындағы үш өзеннің (Қас, Күнес, Текес) жағасында көшіп қонып тіршілік етеді.
Наймандар VIII ғасырдың орта шешінде Ертыс өзені мен Орхон өзені аралығын мекендеген Түркі тілдес ұлыстың бірі. Шыңғысхан жорығынан бұрын наймандар жан саны мол, күшті елдердің бірі болған. Шыңғысханнан жеңілгеннен кейін найман тайпасы жоңғар ойпаты мен Жетісу өңіріне қоныс аударады да Ұлытау, Есіл, Балқаш көлі өңірі, Алакөл маңы, Сырдәрияның жағасы қатарлы жерлерге бытырай қоныстанады.
Найман Төлегетайдың 4 бұтағы болып келетін дөртуыл, қаракерей, садыр, матайдың майтайынан тарайтын қызайлар найман бабаның 8 ұрпағы болып келеді де, Матайдың шөбересі Шағырдан тарайды. Аталас наймандар мен матайлар XVI ғасырдың орта шенінде Сырдәрия, Жетісу өңіріне қөшіп-қонып тіршілік етеді. Қазақстандағы Алматы облысының Ақсу өзенінің оң жағында Матай атты қалашық бар, бұл қалашықтың аты бұрын Ақжар өңірін мекендеген матай руының атымен аталған. Қызай анамыз тарихта «Домалақ ене» деген атпен белгілі болған Нұрила шешейден туады. Нұрила Ұлы жүз үйсын Бәйдібек бидің кіші әйелі. Бәйдібек бидің қонысы Түркістан қаласына жақын жердегі Сырдәрия бойына жалғасып жататын Қаратауда болады. Қызай анамыз Сырдәрияның жағасын жайлап отырған Матайдың немересі Құттыболат шаңырағына келін болып түсіп, Шағыр бабамызбен үйленеді. Бұл қазақты Есімханы билеп тұрған кез. Астанасы Түркістан қаласы. Қызай анамыз Шағырдан Итемген, Меңыс деген екі ұлды болған соң Шағыр атамыз қайтыс болып, Тоқтар Қожамен үйленіп Бегімбет, Дербіс атты екі ұлды болады да, қайтыс болған соң Сырдәрияның төменгі алқабындағы Ақши деген жерде дүниеден өтеді. Төрт ұл анасының атымен қызай атанады.
Жоңғарлар күшейе бастаған XVII ғасырдың ортаcынан бастап, қазақ жеріне шабуыл жасап кіреді. XVII ғасырдың соңында XVIIІ ғасырдың басында жоңғар шапқыншылары Қазақ жеріне дүркін-дүркін соғыс қозғайды. Сырдәрия бойындағы қала орталықтарын басып алуға ұрынған жоңғар шапқыншылары 1683 жылы Тауке хан жаңа билік құрған түста халықты қатты қырғындайды. Осы соғыстың зардабынан Орта жүз төтенше күйзеледі. Жерінен ауып, бет-бетіне жан сауғалап, босқындыққа кіріптар болады. Сырдәрия бойын ұзақ жыл мекендеген Шағыр ұрпақтарының бәйбішеден туғандары батысқа, қызай анамыздан туғандары өзімен аталас рулардан бұрынырақ Шығысқа Аягөз, Көксалаға ауып барады. Ел аузында «Қызайдан бұрын Аягөз бойына іргесі тиген ел жоқ» деген сөз бар деп жазды «Тауарих хамсаның» авторы Құрбанғали Халиди.
«Есенгелді» дастаннындағы:
Осылай Аякөзге келді қызай,
Қалдырып кіндік кескен жерді қызай.
Суы бал, желі жұпар, шөбі дәрі,
Қызығын Ааягөздің көрді қызай.
Кешегі Абылайдың заманында,
Көксала, Аягөз боп орны қызай, – деген өлең жолдары да Аягөздің құйқалы кезінде қызайлар елден бұрын келіп тіршілік еткенін деректейді.
Соғыс зардабынан XVIIІ ғасырдың басында қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» сынды зар заманды бастан өткізді. Осы тақсыретті тұста қызай ауылдары аталас найман–матайлармен іргесі бөлінбей ілгерінді-кейінді Қызай тауы, Шу өзені, Алатау, Алакөл, Зайсан көлі, Аягөз, Көксала өңірлерінде жер аударып, көшіп-қонып жағаласып өмір өткізді. Жоңғарлардың тегеуріні қатты батқан ызалы елден не бір саңлақ батырлар елі үшін атойлап алға шығып, ерлігімен де, ақыл парасатымен де елдің елдігін сақтап, ердің ерлігін танытты (олар жайлы алдыда тоқталамыз). Міне, осындай мың өліп, мың тіріліп жүрген қызай елі жойылып та, жоғалып та кетпеді. Қайта Қызай анамыздың шарапаты тиген, батасын алған ұрпақтары өсіп-өніп, «Қызай» атанған іргелі жұртқа айналады.
Ақтабан шұбырындының ауыр жылдары өтіп, 1728 жылғы қазақ-ойрат ортасында болған қиян-кескі шайқаста қазақ қосындары ойраттарды Сарыарқадан кейін шегіндіреді. 1730 жылы Аңырақай шайқасынан бастап қазақтардың айы оңынан туып, ес жиып, еңсе көтере бастады. Осы соғыстардың көпшілігі Орта жүз жерінде жүргендіктен, Орта жүз қазақтары сұрапыл соғыстың өтінде ұрыс салады. 1733 жылы Орта жүздің ханы Абілмамбет бастаған қазақ қосыны ойраттарды ауыр жеңіліске ұшыратқан шайқаста (Абылайдың Қалмақтың батыры Шарыштың басын алған шайқас) Абылай жүрек жұтқан батырлығымен де, айлалы ақылдылығымен де көзге түсіп, атақ даңқын асырады. 1752 жылдың қазан айында 200 жылға жалғасқан Қазақ-ойрат соғысында түбегейлі бұрылыс болды. Абылай хан Аягөз, Нарын соғысында ойраттардың негізгі күшін талқандап, 1754 жылы Қабанбай батыр ойраттардың орталығы Іле оңіріне 10 мыңнан артық қолмен жорық жасап кіріп, ойраттарды Іледен қуып шығады. 1755 жылы Цин патшалығы жоңғарларды тыныштандыру соғысын жүргізеді.
Қызайлар Аягөзді мекендеп тұрған түста, 1757 жылы 17 мамырда Абылайханның сенімді өкілі Әбілпейіз сұлтан мен Цин империясының қолбасшысы Фуды арасында Аягөз бойында «Мамыр су келсімі» жасалып қызайдың Есенгелді батыры би салауатымен кеңеске қатысады. Қызай елі бітімге қатынасқан қонақтарды күтіуге ат салысады. Қазақ ханы Абылай хан Цин өкіметімен тізе қоса отырып, 1757 жылы жоңғарларды тыныштандыру соғысын түбегейлі аяқтайды. Осы соғыста көзге түсіп, есімі елдің елдігін сақтаған Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек батырлармен бірге аттанып, сан соғыста қол бастаған батыр Аблайдың үзеңгілес серігі, Қызай елінің биі Есенкелді Құдайназарұлы (1680-1765) еді.
1757 жылы жоңғарларды тыныштандыру соғысы аяқтаған соң, халық бір мезгіл соғыс аласапырандығынан құтылып, ес жия бастайды. «Ақтабан шұбырынды» да ауып кеткен қазақтар енді ат басын өздерінің әуелгі атамекендеріне қарай бұрады. Осы түста (1762 жылдан 1764 жылға дейін) Орыс үкіметінің қысымына шыдамаған қазақ рулары Шығысқа ауа бастайды. Аягөз-Көксаланы және Зайсан көлінің жағасын ұзақ жыл мекендеген қызайлар Зайсаннан өтіп 1777 жылдары Алтайдағы Ертіс өзеннің бойына, Жеменей жеріне көшіп келеді.
Қызай елі Жетісудан шығысқа қоныс аударып, Зайсаннан Жеменейге көшіп өтіп, Алтайда екі-үш жыл тұрып қалады. Алтайдың қысы қатты, қары қалың, ауарайы құбылмалы болғандықтан малы жұтап, арып келіп ірге тепкен елге ауыр тиеді. Сонда Бұлғынаяқ әулие елге жөн сілтеп, ақыл көрсетіп, елге басқа қоныс табу керектігін ортааға салады. Оны мына өлең жолдарынан анық көруге болады.
Қашқын ел тартқан тұрмыс тақсыретін,
Сүтін ішіп, күнелткен асып етін.
Бұлғынаяқ бабамның әулиелік,
Көрсете кетпекшімін қасиетін.
Алтайдың кең болса да өріс жағы,
Тауы биік тақырлау еңіс жағы.
Берекесі астында, үсті жәйсіз,
Шуақсыз күн нұрының теріс жағы.
Көбен көріп бабалар ескерткенде,
Кейінгі ұрпақ дермекен түс көрген бе?
Темірден ат, терістен хат жазылып,
Байлығы сонда ашылар күш бергенде.
Жөн сілтеп Бұлғынаяқ сөз қорытты,
Талайдан тартып келдік біз қорлықты.
Көшелік осы өлкенің күнгейіне,
Болмайды терістік жақ бізге орнықты», – делінеді.
Бұлғынаяқ әулиенің ақылымен Сыбанбай би бастаған Қызай елі 1780 жылы Алтайдан көшіп, Тарбағатайдың Тоқтабарлық өңіріне келіп қоныстаныпты. Бұл араның қысы жылы, жері күреңселы, шөбі тақыр болғанымен нәрлі, жәйлі жер екен. Осы тұста Сарыарқа мен Жетісуда іргесі бөлінбеген қаракерей мен қызай рулары кезіндегі жоңғарлар жаулап алған қазақ қоныстарына ілгерінді-кейінді көше бастайды.
Қызайды Ілеге бастап көшкен Байке болыстың ұлы әкесі Балапан Қожаназарұлы Қызай ананың шарапаты дарыған әулие кісі болыпты. Ол 1830 жылы қайтыс болған, сүйегі Тарбағатайдың Барлық тауы баурайына қойылған. 1855 жылы патышалық Ресейдың Шәуешектегі консулы Тарбағатай аймағындағы Жарғыты алтын кенін тартып алу үшін шапқыншы аскермен келіп, 200-ге жуық әр ұлт кеншілерін жауыздықпен қырғындайды. 1865 жылы Қоқан сардары Яхупбек (Жақыпбек) Оңтүстік ШыңЖаңға басып кіріп, 1867 жылы «Жеті шары хандығын» құрады. Осы орайда патышалық Ресей әскер шығарып, Ілені басып алып, оны Жетісу облысына қосады. Сонымен біраз жыл бейбіт өмір орныққан Іле өңірін соғыс өрті шарпып, аласапырандық толастамайды. Сондай-ақ, жоңғармен болған соғыс аяқтап, ел ес жиып, мекендеріне орнығып, мал мен басы көбейген сайын, қазақтың өз ішіндегі рулар ара қақтығыс жилеп, ел іргесінен дау-шар кетпейді. Орта Азияда болып жатқан өзгерістерде ел ішіндегі қақтығысты көбейте түседі. Осы тұста қызайлар 70 жыл мекендеген Тоқтарбарлықты тастап, ежелгі сақ, ғұн, үйсіннің атамекені Іле өңіріне көш түзейді.
Шоқан Уәлиханов Қашқария сапарында Іледе үш ай тұрып, зерттеу жұмысымен айналысады. Тіпті сол жолғы Іле сапарында Қытайдың пипа дейтін музыка аспабын зерттеп қайтады. Ол Құлжадағы кезінде, 1856 жылы 26 қырқүйек күнгі естелігіне былай деп жазады : «Кеше Құлжа қызайлары келіп шарбақтың, қара ағаштардың маңынан орын тапты. Мауернахырдың түрлі елінен келген саудагерлер азиялықтардың тұрғын үйлерін шарбақ немесе қара ағаштар деп атайды екен. Ол әлгі саудагерлер тұратын, киіз үйлердің әр қайсысын өз алдына жеке-жеке қоршап тұрған қара ағаштардан жасалған шым-шытырық дауалдар болатын».
1855 жылы Қызай елінің бір бөлімі Бұраталаға келіп тоқтаса, бір бөлімі Іле жеріне көшіп кіреді. Жоғарыдағы Шоқанның естелігіндегі сөз осыны растайды. Ал тарихшы ғалым Нығмет Мыңжани 1830 жылы және 1877 жылдардағы соғыс аласапыраны қазақтардың іргесін шайқалтты. Қазіргі Еміл өңірін және Толы ауданын мекендеген қазақтың қызай тайпасы соғыс жаукершілігінен үркіп, Еренқабырғаға шығып, Ұрімжі өзенінің басына дейін келді. Одан Тиян-Шан тауын бойлап, батысқа қарай ойсып, Іле өңірін мекендеп қалды. Бұдан бұрын бұл өңірді қазақтың үйсін, дулат, албан, суан тайпалары мекендеп келген еді. Қызайлар ауып кеткен соң неше жыл иен қалып тусып кеткен жерге 1860 жылдан 1875 жылға дейін Алтайдан қазақтар іркес-тіркес ауып келіп орналасты», – деп жазады. Нықаң жәнеде: «1871 жылы Шар россия аскерлері Ілені жаулап аларда мекендеген Қызай тайпалары басқа да ұлт халықтарымен тізе қоса отырып, Орыс үкіметінің шапқыншы аскерлеріне соққы берген», – деп деректейді. Одан ары: «Орыс аскерлері Құлжа қаласына кіргеннен кейін де қызайлар ерлікпен күрес жүргізіп, орыс аскерлеріне ақырғы рет соққы беріп, Россия патышасының үстемдігіне бағынудан бас тартып, Бұратала жаққа қоныс аударған», – деген мәлметті келтіреді.
Цин империясы 1762 жылы күзде Іле Санхун мекемесін құрып, Тиян-Шанның оңтүстүгі мен солтүстігін аскерй әкімшілік тәсілмен басқарып тұрған болатын. 1765 жылы Үштұрпанда шаруалар көтерілісі туып, көтеріліс тұтас Оңтүстүк ШыңЖаңды шарпыйды. Шиң үкіметі көтерісшілерді аяаусіз жаныштап, 1767 жылы оңтүстіктегі көтеріліске қатынасқан ұйғырлардан 60 мың отбасын Ілеге сүргіндеп, тың игеріп, егін салғызады. Оларды тараншы деп атайды. Тегінде Ұлы жүздер Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Іле өзенінен Сырдәриясына дейінгі байтақ өңірде көшіп-қонып тіршілік еткен ел. Ежелгі тарихи жазбаларда осы өңірлерді «Үйсіндердің ата мекені» деп атаған.
Жоңғарлар тыныштандырылғаннан кейін, қазақтар Алтай, Тарбағатай, Тәңір таулары мен Ертіс, Іле алқабындағы адамы селдіреп тусып кеткен шұрайлы жерге келе бастады. Сол кезде Тоқтабарлық, Майлы-Жәйір, Еміл бойына ілгерінді-кейінді келіп ірге тепкен рулардың бірі қызайлар. Қызайлардың Тарбағатай өңіріне келіп алғаш мекендеген жерлері Емілдің жоғары қайнары, Тарбағатай мен Орқашардың түйіліскен жері, Қараеміл, Желдіемыл, Сарыемыл екен. Одан соң Тарбағатай туының түстік баурайы және тау сағаларындағы Құмақ, Сәтек, Көрбұлақ, Опалы, Құсық, Қарабас, Майқайың, Байқоңыр, Қорлыбай, Малдыбай, Көжібай, Жанмырза, одан батысқа қарай Бақты, Барлыққа қарай Қамысты, Жыланды, Жәнкісі, Шегір, Барлық тауына таяғанда Жалпақтал, Көлденең, Торғай, Барлықтың орта бөлігін кесіп өтіп, Құлыстайдағы Емілге құиятын Қарабұра өзені, өзеннің тау жақ сағасындағы Ақтөбе (Қызайдан шыққан Балапан әулиенің зираты осында), Ақтөбеден шығысқа қарай Барлықтың солтүстік баурайына қоныстанады. Алтын-Еміл, Бәйбіше, Құлыстайды айнала көсіліп жатқан осы бір кең өлкені кезінде қызайлар мекендікендіктен бір талай жер аттары қызайдың адам аттары мен аталған. Құмақ, Сәтек дегендер қызайдан шыққан, Еміл деген сөз әрі батыр әрі бай адамның бөлек отыратын екі әйелінің аты екен. Қорлыбай, Малдыбай, Күжібай, Жанмырза және барлықтағы Торғай, Балапан, Бәйбіше дегендер Қызай руларының елбасы, батырларының қоныстары.
Сыр бойынан жылжығаннан тартып, 100 жылға таяу уақытта өсіп-өнген қызайларды Тарбағатайдағы қоныстарынан алдымен найман ішіндегі өскен ру Бәйжігіттер ығыстырыпты. Сонан Барлықтағы қызайлар Барлықтың шығысы мен батыс оңтүстігіндегі Майлы, Қарадыр, Қарағанды, Қожеке, Қызылтуға дейін қоныстанады (Қызылту қазіргі Жың ауданы мен Майлы аралығында, Шағантоғай, Дөрбүлжін, Толы аудандарына қарасты қыстаулар). Қараеміл, Сарыеміл, Желдіемілден ығысқандар Орқашарды басып өтіп, Құлыстайдың түстігіне Мұқыртай, одан Жайыр үстіртіне қарай ойысады. Сонымен қазіргі Толы, Дөрбүлжін, Шиху, Қарамайлы, Бүрген текше, Марқатас, Арсалаңкөл қызайлардың қоныстары болыпты. Марқатаста Шедек зираты бар. Қызылту өңіріне көшуге Қобық торғауыттарының қысымы да себеп болған. Ол маңда шегелек зираты бар. Шегедек қызайдың батыр қызы, «Шегедек» өз аты емес, моңғолша Камзол деген сөз. Шегедек қызай елін қуғындаған торғауыттарды осы кезеңде сауыт киіп, оқ жаудырып қуғыншыларды бөгейді. Сонда бір қалмақтың батырына «Шегедектің қолтығынан ат» деп жөн көрсетеді. Қыз қолтығынан оқ тиіп өледі. Осы жердегі оның зираты «Шегедек зираты » деп аталады. Қызайлар Тарбағатайдан Бұраталаға Іле өңіріне қоныс аударған кезде Абақ керей рулары әлі көшіп келмеген. Тарбағатайдағы шаруалар көтерілісі тұсында жаугершілік ішінде қалған қызайлар бұл жер бізге мекен болмайды деп 1863-1866 жылдары аралығында алдымен Еренқабырға жаққа ауады. Сонда көш барысында Манасбай, Санжы, Тақия деген кісілер туған. Бұл жақтан тыныш, жайлы мекен табылмаған соң, қайта Батысқа ойсып Бұратала, Іле өңіріне көшеді. Себебі, Қызай ана тірлігінде өз ұрпақтарына «Ел өсіп жерден қысылсаңдар, атам Бәйдібектің атамекені Ілені табыңдар», – деп өсиет қалдырған екен.
Осы көш барсында 1500-ге жуық түтіннен соғыста қырғынға ұшырап және қолды болып, қайта қайырылғанда шамамен 900 дей түтін келген деседі. Сол көште бір бөлім ел дүңгендер мен соғыса жүріп, Манасты өрлей Күнес жаққа асқан. Кей ауылдар Жыңға келіп Көрсайдан асқан. Бір талай ауыл Бұраталадан өтіп, Көктау, Көкжамбасқа барған. Алдымен барған ауылдардан Боқаш Көкетау, Талдыға, Сасан Көкжамбасқа, Құдайменде Ортағасыры мен Байынқараға орналасыпты. Бұлар сол жерлерді қыстап, көктеп, жазда Сайрамның төріне, Құсемшек жотасына, Кертас жайлауларына дейін келіп отырған.
Жазба және ел аузындағы аңыз деректерге қарағанда қызайлар 1865– 1871 жылдар аралығында Іленің бұрынғы Құлжа, Сүйдің және көне Қорғас ауданы өңіріне дейін асып түсіп қоныстанған. «ШыңЖаңның қысқаша тарихы» деген кітапта 1869 жылы қыс маусымында Ресей әрмиясы Қорғас өңіріне шапқыншылық жасап кіріп, сол жердегі қазақтың қызай руының 25 мың тұияқтан астам малын айдап әкетті. Осы байланыспен Іленің жергілікті үкіметі Верниға (Қазіргі Алматы қаласы) адам жіберіп, Ресей жағының төлем беруін талап етті» делінген. Екі жыл өткен соң 1871 жылы шілдеде Ресейдың Ілені жаулап алуға жіберген әрмиясы Сүйдінге және Құлжа қаласына басып кірген кезде «Қазақтың Қызай руы қалаға кірген шапқыншы армияға соңғы рет ерлікпен соққы беріп, Көгаршын тауынан асып өтіп, Бұратала өңіріне шегініп кетті», – деп жазылған.
Іледегі шаруалар көтерілісі тусында құрылған «Іле сұлтандығы» атты жергілікті үкіметті қазақтар «Қара сұлтан үкіметі» деп атаған. Оның мән-жәйі былай еді. 1864 жылы Іледе әр ұлт халқы Іле мекемесімен бірлесіп, салықты ауырлатып, халықты езе түскендігі себепті Цин патшалығы құрған әскери мекемеге қарсы көтеріліс жасады. Кек оты бірден көтеріліп, тұтас Іле өңірін шарпыды. Алғаш күрек, кетпен, сойыл, шоқпармен ереуілге шыққан халық ендігі жерде қарулы күш жиып бірігіп, шеп жайып, қарулы күреске өтті. Іленің таулы өңірін мекендеген қазақ малшылары да көтеріліске белсене қатысып, көтерілісші қосынға келіп қосылды. Қосын көлемі тез арада ұлғайып 30 мың адамға жетті. Көтерілістен үрейі ұшқан Шиң патышалығы Жаң Шиң генаралды қызметтен қалдырып, орнына Мың Шүйді тағайындайды. Ол көтерісшілерді алжастырып, олармен елдесуді сылтауратып, мырза қамақта жатқан Маземзатты босатып, оған жол көрсетіп, көтерісшілерге жібереді. Ол қосынға жалбызбалап кіріп, көтерілістің басшылық ұқығын қымқырып алып, өзін «Іле сұлтаны» деп жариялайды. Соңында бұл сүлтандықты Әбдуәли Ыбырайымұлы тартып алады да «Жаһан балуан Баһадурхан Әбуәли Әлықан» деген атпен сұлтан болады.
Әлқан сұлтан 1866 – 1871 жылдар аралығында Іленің басынан аяғына дейінгі кең байтақ өңірге үстемдік етумен бірге, қазіргі Бұраталадағы Утайдан Ортақсары, Ақбайталдың асуына дейінгі аралыққа қоныстанған қызай елінің жерін де өз басқаруына алған Әлықан Ресей Ілені жаулап алған 1871 жылы шілдеге дейін сұлтандық тақта отырған.
Заман осыншама аумалы-төкпелі болса да, қызайлар бұл кездерде Іледегі Қарасұлтанға да, Бұраталадағы моңғол сұмындарына да салық төлемеген. Қара сұлтанмен және моңғолдармен болған дау-жаңжал міне, осы істерден туған. Бір бөлімі Бұраталаға ауып кетіп тұрған. Сойтіп олар бір жерді түбегейлі қоныстанбай, тек иен жерлерде емін-еркін көшіп-қонып жүрген.
Қызайлар қазақтың ата мекені көрікті Іле өңіріне қайта оралған кезде, бұл жерде Ұлы жүз үйсіннің албан, суан қатарлы руларды және аздаған ұйғыр, моңғол, дүңген, сібе-солаңдар бар еді. 1871 жылдан 1881 жылға дейін Ресей Ілені он жыл басып жатты. 1881 жылы «Қытай – Ресей Іле келсімі» жасалды да он жыл бойы жаулап жатқан Ілені Ресейден Қытай 1882 жылы тамызда ресми қайтарып алды. Соның нәтижесінде, қызай рулары 1882 жылы тамызда Көкқамырдың Майтөбе жайлауында кеңес өткізген (Бұл ара сол кезде Байеке бидің жайлауы екен, ондағы бір бұлақ суы май болып ағатындықтан бұл «Майтөбе» деп атаныпты). Осы кеңесте Қызай рулары бір ауыздан Бұраталадан Ілеге көшеміз деп қаулы мақұлдапты.
Қызай елі Ілеге келерде Құдайменде тәйжі қасына үш болысты (Байеке, Бұқаш, Сасан) ертіп, Іле генералы Мың Рүйге (ұты Манзу) жолығып, көшіп келу жағдайын айтады. Сонымен бірге, генералға: «Біз ежелден осы Іле өңірінің тұрғындары едік. 1680 жылдары Жоңғар шапқыншлығы салдарынан басқа жаққа ауып кетіп, аруақты анамыз Қызайдың өсиеті бойынша атамекеніміз 3000 отбасы, бір тәйжілік, үш болыс ел болып қайта оралып отырмыз. Біздің осы ұлы көшіміздің қамқоршысы болып, қайта оралған халыққа қол үшін беріңіз!», – дейді. Іле генералы олардың бұл тілігіне мақұл болып, үш мың түтін қызай отбасын ырысты Ілеге бір жолата орналасты.
Әсілінде, XIX ғасырдың орта шенінен бастап-ақ қазақтар Ілеге көптеп көшіп келе бастаған. Циң империясының қазақтарға бір тайжы, 14 ақалақшы, 4 мампаң, 24 заңгі, 27 күнде, 77 елубасы, 4 басшарлаушы, 27 кіші шарлаушы жиыны 117 мансаптыны тағайындайды. Қазақтарға қатысты істердің барлығы Іле генарал жамбылының басқаруында болған.
Іле генаралы арнаулы қазақ басқармасын құрып, қызайлардың болыстық құрылымына өзгеріс енгізіп, ақалақшылық түзімді жолға қойяды. Бұдан бұрын қызайлар үш болыс болатын, Тәңірбердіге Бұқаш, Тілеубердіге Бәйеке, Бегімбет, Дербіске Сасан, бұл ақалақшылар Күредегі қазақ басқармасына төте қарайтын болады. Сол Қазақ басқармасының бастығы Томашы деген адамның жауапты болуымен төрт қызайға өріс-қоныстық жерлер бөлініп беріліп, заңды түрде тұрақтандырылады. Бәйеке би бастаған жолболды мен торғайға Текес, Моңғұлкүре өңірі беріледі.
Қызай елі ілеге келіп қоныстанған соң, Циң үкіметі ақалақшы (болыс деп аталады), Мампаң (Ақалақшының орынбасары), Зәңгі (Жүз басы), Күнде (заңгінің орынбасары), елубасы сияқты басшылық түзімін атқарған ақалақшының жылдық еңбекақысын 80 қой, зәңгінің еңбекақысын 40 қой, күнденің еңбекақысын 18 қой, елубасының еңбекақысын 10 қой деп белгілеп, бұл еңбекақыларды қарасты отбасыларынан жинап алған.
Ілеге алғаш келгенде Қызай үш болыс (ақалақшы) ел болып ақалақшылары Байеке, Сасан, Бұқаш болған. Циң үкіметі малды жылқыға шалып, ақалақшылар арқылы әр жүз жылқыдан бір жылқы салық жинап, үкіметке тапсырып отырған. Қызай елі Ілеге алғаш көшіп келенде, Іле өңірінің тауы сыңсыған, қалың ну орман, бөктері бұта-бүрген, қараған, тобылғымен ойы қопалы қамыс, қалың ши, қарақұраймен көмкерілген алқап екен. Ол кезде ел көшкенде өзен, бұлақтардың бойынан қалың ағашты кесіп, жол ашып, көш өткізеді екен. Осы бір ортасы ойылып, шеті шетінеп көрмеген қалың жыныс, тусыған орта, қоңыр аңдардың да қолайлы мекені екен.
Қызай елі Іле өңірне оралған соң, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған өмір басталды. «Топырағын таппаған дән өнбейді», – деп халқымыз тегін айтпаса керек. Бүлдіргені бүйректей, бөденесі үйректей, ырысты дарқан далада қызай елінің мал-жаны қауырт өсіп, бұрынғы үш болыс елге Ұлы жүз албан, суан қосылып, жалпы төрт болыс ел осы бір қасиетті мекенде тынысты тіршілік етеді. Демек, қызай елінің Ілеге көшуі – аса көрегендік, дұрыс талғам болған. Бұл қасиетті қызай анамыздың тірлігінде өз ұрпақтарына қалтырған «Ел өсіп жерден қысылсаңдар, әкем Бәйдібектің атамекені Ілені табыңдар» деп көрегендікпен айтылған өсиетінің дұрыс болғанын дәлелдейді.
Тәңірбердідегі екі болыс ел Ілеге келгеннен кейін, шамамен 1885 жылдары Бұқаш пен Байболаттың бастауында Бұраталадан көшіп, Көкқамырға келіп орналасады (Білікшіден Жарынқол – Жартоғанға дейін). Кейін екі болыс елге Көкқамыр тарғалаң келіп, бір бөлімі қыста арғы бетке Құсемшек Бұраталаға қыстап жүреді. Солтангелді руы бір жыл Тоғызтарауға өтіп қыстайды. Олар Тоғызтараудың қарасуығына шыдай алмай қайта көшіп, Көкқамырға өтеді. Сол кезде Күнестің күнгейін Торғай елі мекендейтін еді. Тәңірберді кісілері Күредегі үкіметпен келісіп, Торғайларды көшіріп, Күнес күнгейін босатып алады. 1888 жылы Тәңірбердіден Жолымбет, Құттымбет, Есенгелді, Солтанкелдінің жартысы, Қоңырбайдың бір бөлімі Күнестің Тасөткел, Қаумен түбегі деген жерден тартып, Ластайға дейін орналасады. Бастап келгендер Кәдірсіз ақалақшы, Стамбек мампаң, Бұқашай мампаң, Қоңыз зәңгі, Шылғау зәңгі деген адамдар еді. Жер бөлісінде алдыңғы жер таңдау Құттымбет Кәдірсіз ақалақшыға беріледі. Құттымбет руы Ұтыдан Темірлікке дейін орналасады. Екінші кезекті жер таңдауды Құдайназардың үлкен баласы Ыстанбек алып, Жолымбет руы Төтеге орналасады. Үшінші кезекте жер таңдауын Бұқаш алып, Темірліктің ағынынан жоғары Үшкептердің Жабайысайына дейін Есенгелді руы орналасады. Солтангелді Коңыз зәңгі мен Қоңырбай Шылғау зәңгі жерге таласып қалады. Талас Кәдірсіз ақалақшының билігіне көнбейді. Ақалақшы Сасан болысты шақырып, ұтыда жиын ашады. Сасан Кәдірсіз ақалақшыдан жер бөліс жағдайын ұққаннан кейін: «Алдынғы екі таңдауды Құдайназардың екі баласы Жолымбет пен Есенгелді алыпсыңдар, ендігі таңдау Қоңырбай Шылғаудыкі болады. Солтангелді Қоңыз сен елдің шеті, жаудың беті болса да, Ааралтөбеге барасың», – деп кесім жасайды. Қоңырбай Шылғау Ұты мен Төтенің ортасын алады да, Қоңыз бастаған Солтангелді Аралтөбеге кетеді. Сол кезде Солтангелді де Қоңыз зәңгі, Жылқайдар елубасы, Тұрдығұлдан Бармақ елубасы екен. Бұл арада Аралтөбеге ілінген соң ақылдасып төмендегідей жер бөлсін жасайды:
– Қарымбай руы Жабайы бұлағынан шығысқа қарай Қарағайлысудағы Бердіке бұлағының өргі жағасындағы төбеге дейінгі жерді алады. Одан өрге Қарағайлысудың аралығына Қонысбайдың Аймаңдай бастаған ауылы орналасады. Қарағайлысудың ағарынан шығысқа қарай Сарысайға дейін Есенбай, Бөрібай рулары орналасады. Сарысайдан шығысқа қарай Кеңсудың суағары мен Көлденең бұлақтың басына дейін Малтабар, Шәкіл рулары орналасады. Кеңсу ішіне Қожабек руы қоныстанады. Кеңсудың шығыс жақ босағасынан Баянжүректің айналасына Тұрдығұл руы орналасады. Аралтөбедегі жер бөлісі осылай сәтымен бітеді. Осы алғашқы жылы Қожабектен Нарынбай бастаған 18 отбасы, Тұрдығылдан Мойнақ бастаған 33 отбасы, Қарымбайдан Қоңыз бастаған 21 отбасы, Малтабар, Шәкілден 28 отбасы болып, жалпы 100-дей отбасы көшіп келіп орналасады. Олар бір бөлім шаруашылығы бар, өзіне өзі сенімді, әл ауқатты отбасылар еді. Ал Бұраталада қалған шаруасы орта, төмен адамдар кейінгі жылдарда арт-артынан көшіп келіп, түтінбасы, малбасы күн сайын арта береді. Адам іргесі тимеген ту жер жұрт көңіліне жағып шаруашылығы шалқып, халық тұрмысы біртіндеп жақсаруға бет алады. Адамдар әр сай, әр жерде қысы-жазы киіз үймен отырып, малшаруашылық өнімдерін азық етеді.
Бұл мақала Андас Омарақынұлының түрлі басылымда жарық көрген еңбектері мен қол жазбалары негізінде дайындалды. Кирилшеге түсіріп, реттеген Қажет Андас.
Жалғасы бар...
Андас Омарақынұлы
Abai.kz