Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Анық 6948 37 пікір 23 Қараша, 2020 сағат 12:10

Сайлауда қазақ тілі жеңіске жетуі керек!

Таяуда, 18 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVIII құрылтайы болып өтті. Құрылтайда жазушы, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Дәурен Қуат сөз алып, мемлеккттік тіл мен ұлттық мәдени құндылықтарымыз туралы сөз сөйледі. Өз сөзінде жазушы ұлттық мәдени құндылықтарымыз бен мемлекеттік тіл туралы заң қабылдайтын уақыт жеткенін қадап айта келіп, «алдағы Мәжіліс пен Мәслихат сайлауларында саясаи партиялардан бұрын қазақ тілі жеңіске жетуі керек» деді. Біз Дәурен Қуаттың құрылтайдағы сөзін ықшамдап беріп отырмыз.

Белгілі семиолог Ролан Барт «Война языков» яғни «Тілдердің майданы» шығармасында қоғамдық санадағы мәселелер тіл мәселесімен байланысты дейді. Ал біз айтамыз: бізде тіл мәселесі жоқ. (...) бізде тілге деген қарым қатынаста ғана мәселе бар. Көзіміз жетті: тілді үйренгісі келмейтіндер үйренбейді екен. Сөйлегісі келмейтіндер біле тұра сөйлемейді екен. Отыз жыл күттік, енді жетер! Бұдан ары күтуге болмайды. Енді саясатқа ана тілін ардақ тұтатын азаматтар мен мемлекеттік тілді кемел меңгерген жігіттер мен қыздар араласуы керек! Олардың арасында қазақты – «елім» деп, Қазақстанды – «Отаным» деп білетін замандастарымыз, отандастарымыз болса, тіпті, жақсы. Ондай жағдайда біздің әлеуетіміз еселеп арта түседі. «Ауыл» партиясы саяси күрес жолында сондай жасампаз жастарды қатарына тартуды алдына мақсат етіп қоюы керек! Ол үшін алдымен партияның мемлекеттік тіл мәселесіндегі мақсаты – айқын, мұраты – берік болуға тиіс. Байқаймын, партия мүшелерінің арасында әлі күнге: «Бәріне түсінікті тілде сөйлейін» деп, өндіршегін созатындар көп көрінеді. Олар, бәлкім, жақсы адамдар шығар, бәлкім, жақсы атқарушылар шығар, бірақ олар «Ауыл» партиясының шын жанашырлары емес. Саяси аренадағы саяси партиялар партияішілік тазарту жұмыстарын жүргізіп жатады. «Ауыл» партиясына да сондай кадрлық-саяси «санитраия» керек сияқты.

Бізде «қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек» деген идея бар. Бірақ сол идеяны қалай іске асыру керектігіне көп бас қатырмаймыз. Тілдің бәсекеге қабылеттілігін арттыру деген сөз – сөз жарыстыру немесе тіл байлығын таразыға тартып отыру емес. Абай айтқан ғой, «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп. Егер сөз жарыстырсақ, бәрінен озуымыз мүмкін. Тіл – тірі организм. Оған – тілге, заманға сай өмір сүріп, жаңаланып, жаңғырып, қорын байытып тұру керек. Тілдің инновациялануы алдымен сол тілді тұтынатын халыққа керек. Халық өз тілінде барлық ақпаратты ала алатын болса, оған өзге тілдің қажеті шамалы.

Менің ана тілінде дәріс алып жүрген қазіргі студенттерге жаным ашиды. Өйткені оларға керек заманауи оқулықтар тым тапшы. Әсіресе мынау медицина саласында оқитын балаларға обал-ақ. Былай қарасаң, Білім министрлігінен оқулықтарға, ғылыми еңбектерді қолдауға қырауар қаржы бөлініп жатады. «Е» дейсің, қуанасың. Нәтиже – анау. Студенттер орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне шамалары жеткенше қотарады, оны содан соң ағайлар мен апайлар өз аттарынан оқулық етіп шығара қояды. Сөйтіп пайда табады. Білім саласында қазір «бизнестің» осындай бір түрі жақсы дамып тұр.

Мұхтар Шаханов ағамыз бұрын Парламентте стол тоқпақтап: «Қазақ тілді газеттерден орыстілді газеттер көп, оның көбі Ресейден кеп жатыр», –деп айқай салып отыратын. Қазір – ғаламтор заманы. Ғаламторға шектеу жоқ. Шекара дегенді білмейді ол. Бұрын орыстілді газет-журналдарды оқитындар осы күні орыстілді сайттар мен порталдардың алдында отыр. Ресейдің интернет-басылымдары не айтса, соған сенеді. Ал өзге елдің ақпаратын көп пайдаланатын жұрт –  өзі тұрып жатқан елдің емес, ақпарат беруші елдің азаматы болып табылады. Сен біреуге жұмыс тауып бересің, ақша беріп, ас беріп асырайсың, ал оның көңілі басқа жақта. Сондықтан мен халыққа ас беруден гөрі алдымен дұрыстап ақпарат беру керек дер едім. Ақпараттық қауіпсіздік үшін, ақпарат майданындағы бәсеке үшін мемлекет отандық БАҚ-ты, соның ішінде қазақ тілді БАҚ-ты, қазақ тілінде контент жасап отырған интернет-басылымдарды барынша қолдауы қажет.

Біз қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай мемлекеттік деңгейде қолданылмайтынына көп ретте билікті кінәлап жатамыз. Ол – рас. Билік қазақ тілінде сөйлемей Қазақстан толық қазақ тілінде сөйлеп кетпейді. Сол үшін де біз биліктен қазақ тілінің Ата Заңымызда көрсетілген мәртебесін талап ете беруіміз керек. Осы ретте мен «АУЫЛ» ХАЛЫҚТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАТРИОТТЫҚ ПАРТИЯСЫ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫНЫҢ бірі ретінде көрсетілген: «Іс жүргізуде және іс-шараларды өткізуде мемлекеттік тілдің формальді түрде қолданылуын жою арқылы оның мәртебесін арттыру, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмір мен экономиканың барлық салаларына терең енуіне жәрдемдесу» деген ұсынысын ұмытпай күн тәртібіне қойып отыру керек деп білемін.

Жәрдемдескеніміз жөн-ау. Алайда сол жәрдеміңді қайсыбір орта қабылдай қояр ма екен? Өйткені, қазақ тілінің қадамын аштырғысы келмейтіндер қасымызда жүр. Өріп жүр. Оларды біз күнде көріп жүрміз. «Тәшкенде бір апам бар менен де өткен сорақы» демекші, күнделікті өмірде, күнделікті қарым-қатынаста әлгілер керемет белсенді. Өкінішке қарай, тіл жанашырлары олардан мемлекеттік тілдің қолданысын талап ете алмайды. Талап етсе, ұлтаралық дауды қоздырушы болып, басы пәлеге қалып шыға келеді. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнімнің» кері осы – үндемей құтыласың. Әйтсе де, айналамызда болып жатқан сан түрлі оқиғалар, қалыпты өмір сүру мен қалыптасқан құндылықтар бұзылып бастаған мына заманда біздегі жұрттың бәрі «үндемес» ойнап жүре бермеуі мүмкін. Сол үшін де бәріміз мемлекеттік тілге деген көзқарасымызды шұғыл өзгертуіміз керек. Сол үшін де Мемлекеттік Тіл туралы заң керек! Бұл жайтты қазір еліміздегі ұлт өкілдерінің бәрі жақсы түсініп отыр. Біз – Тәуелсіздігіміздің алғашқы төрт-бес жылында-ақ екі рет Конституця қабылдап, кейінгі қабылданған Конститцуяның өзіне бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіп үлгерген елміз. Оның сыртында қабат қабылданған заңдарымыз қаншама? Бірақ, Мемлекеттік Тіл туралы заң қабылдауға асығар емеспіз. Бұған не кедергі? Қаржы жетіспей ме? Уақыт тар ма? Менше болғанда бұған биліктің саяси ерік-жігері ғана жетпей тұр. Басқа түк те емес!

Статистикаға сүйенсек, бүгінгі Қазақстан халқын қазақ тілінде сөйлей алатын, жаза алатын, сөйлеп, жаза алмайтындары қазақ тілін белгілі дәрежеде түсінетін халық деп айта аламыз. Осындай береке бірлікті, осындай мүмкіндікті біз неге орнымен пайдаланбаймыз? Осы мүмкіндікті пайдаланаудың орнына біз неге кері тартатын күштерге ерік беріп қойып отырмыз? Кезінде португалдың ұлы ақыны Фернанду Песоа: «Менің Отаным – португал тілі» деген екен. Португал ақынының сөзін өзімізге аударып айтсақ: «Қазақ тілі – Қазақстандағы барша жұрттың Отаны». Бұл – ақиқат. Және солай болуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза қазақ тілінің еліміздегі ұлтаралық тіл болатын мүмкінідігіне аса мән беріп жүр. Олай болса, алдағы Мәжіліс пен Мәслихат сайлауларындағы жеңіске саяси партиялардан бұрын қазақ тілі жетуі керек.

Сайлауда қазақ тілі жеңіске жетуі керек, мырзалар!!!

«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға сатуға және жалға беруге тыйым салу» мәселесін де партия сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары етіп көрсетіпті. Қодаймын. Қосарым: «Ауыл» партиясы аграрлық сектордағы мәселелерде әйгілі «Алаш» пратиясының ұстанымдарынан айнымауы керек. «Алаш» партиясы арахизмге кетіп қалған жоқ. «Алаштың» айтқаны, ой-арманы, талап-тілегі күнде алдымыздан шығып жатады. Оған күмәндарыңыз болмасын. Сол алашшылар: «Қазақтың малы отын болып жануы керек, түйме болып өңірге қадалуы керек» деп кеткен екен. Бұл дегеніңіз – бүгінгі шикізат пен өзге де өнімдерді соңына дейін қалдықсыз өңдеу технологиясын жолға қою деген сөз емес пе?

Патша өкіметі «қазаққа 15 десятинадан жер берілсін» деп жарлық шығарғанда да алашордашылар оған қарсы болған. Өйткені әр қазақ 15 десятина жерге ғана иелік етіп отырса, байтақ даласынан айрылып қалуы мүмкін еді. Жер мәселесінде «Ауыл» осы «Алаш» бағытанан айнымауы қажет. Өйткені «Алаш» партиясы ұлттық мәселелерде үлкен кәсіби деңгейге жеткен, жан-жақты дайындығы мол, либералды партия болған. Сондай партия мұратын біз бүгін жалғастыра алсақ, ұтылмаймыз!

Қазір қазаққа ақыл айтатындар көбейді. Ұрсатындар көбейді. Қазаққа ақыл айтып, кейіп, ұрсу құқығы Құдайдан Хакім Абайға ғана берілген. Басқамызға берілмеген. Соны білейік. Бұл ретте айтпағым: қазаққа ұрсуды ғадет қылып алған біреулер: «Тіл үйреніңдер» деп ақыл айтады. Сонда қазақ баласы қытаймен істес бола қалса, қытай тілін, өзбекпен бірігіп өрік ағашын ексе, өзбек тілін, ебенекпен қосылып егін ексе, эбенек тілін білуі керек пе? Жо-оқ, істің тілін білуі керек. Істің тілін үйренуі керек. Тілді білуге тиіс мамандар білсін, ал былайғы жұрт істің тілін тас қылып үйреніп алса болды. Инвестицяны барлық ел өз тілінде игеріп отыр. Тек Қазақстан билігі мен бизнесі ғана ивестордың тіліне икемделуді халықтан талап етеді. Бұл – отар елдерге ғана тән ахуал. Тілдік кемсітушілік, өзін өзі қор тұтудың бұл да бір көрінісі. Бұны неге айтып отырмыз, ертең қазақ ауылдарына да инвесторлар келеді. Сол кезде ауылдағы қазақ жастары игіліктен қағылып қалмасы үшін айтып отырмыз.

Білім саласында қала мен ауыл мектептерін салыстырып, таразы басын бірден қала мектептеріне бұра қоямыз. Иә, қаладағы оқу озық. Қаладағы мектептердің базасы жетісіп тұрмаса да, ауыл мектептерінен басымырақ. Осы арада мен бір нәрсеге қайранмын. Ауыл мектебі мен ауылды артта қалған дейміз де, озықтар мен озаттарды ауылдан табамыз. Мысалы, Олимпияда және әлем чемпиондары: Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Мұқтархан Ділдәбековтардың бәрі  ауыл мектебінде оқып, қалаға келген балалар. Осы балалар қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранын асқақтатты. Ауыл әлі де болса, қалаға өзінің рухани әм әлеуметтік мол мүмкіндігін сарықпай құйып жатыр.

Бірақ біз ауылды дағдарыстардың шегінде қалдырып барамыз. Иә, рас, ауылға көмек Үкімет тарапынан беріліп жатқан сияқты. 2002-2005 жылдар аралығында «Ауыл жылы» бағдарламасы қабылданып,  бюджеттен 150 млрд. ақша бөлiндi. Егер рас болса, осы «ауыл жылдары» аясында негiзгi қорды қаржыландыруға 600 млрд. теңге жұмсалыпты.   Сол кездегі Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Қайрат Келiмбетов 2006 жылы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне республикалық бюджеттен 91 млрд. теңге бөлiнiп отырғандығынан хабардар еткені есімізде. Бұл қаржының 64 миллиарды агроөнеркәсiп кешенiн дамытуға жұмсалады деп жоспарланған еді. «Осыншама мол қаржы қайда кетті?» деп ауыл жұрты әлі күнге әркімнен сұрап жүр. Сол сұрақтарға енді «Ауыл» партиясы жауап іздеуі қажет деп ойлаймын. Басқаға болмаса да ауылшаруашылығына бөлініп жатқан қаржы-қаражатты бақылауды, коррупцияға жол бермеуді партия өз міндетіне алуы керек. Сонда «Ауыл» партиясына ауыл халқының сенімі арта түспек.

Ендігі бірер сөз ұлттық мәдени құндылықтарымызды қорғау турасында болмақ.

Өткенде отты суға мелдектеп тойып алған бір есерсоқ қазақтың киелі домбырасын дыңғырлатып шерткен болып отырды да, жерге ұрып жарды. Домбыраны жерге ұрып жаратын кім ол? Бейбастың сол ісі әлеуметтік желілерде тарап кеткен соң әлгі неме: «Тап сол кезде не істеп, не қойғанымды білмей қалыппын, кешіріңіздер» деп құтылды. Жә, кешірдік. Қателік әркімнің басында болады. Бірақ, осындай оспадарлық ертең тағы да қайталанып жатса, қайтпекпіз? Тағы да кешіріп қарап отырамыз ба? «Киелі дүниемнің кепиеті ұрады, тоқтат.!Сен домбыраның басын жарсаң, мен сенің басыңды жарамын» деп бір жігіт ортамыздан жұлқынып шықса, оған не дейміз? Кие, кепиет дегеннен хабарсыз жандар ұлттық құндылықтарымызды тәрк етуді әдет қылып алмас үшін бізге оны қорғайтын заң керек. Яғни, ұлттық мәдени құндылықтарымызды қорғайтын заң керек.

Домбыраның таста бедерленген суреті бар. Ол тасты археологтар «6 мың жылдық тарихы бар тас» деп тапты. Демек, домбыра – ұлттық музыкалық аспап қана емес, адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқан адамзаттық мәдени құндылық. Бұндай құндылықты мансұқтау вандалдық әрекетке жатады. Ал ауылды жерлерде, қырда әлі қаншама құндылықтарымыз жатыр. Осыны ескерейік, ағайын!

Дәурен Қуат

Abai.kz

37 пікір