Министр Ноғаев Қазақстанды Ресей газына тәуелді етпек пе?
24 қараша күні өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Шығыс өңірлерді газбен қамтамасыз ету үшін Ресей Федерациясынан газ құбырын тарту керектігін айтты.
Министрдің сөзінше, құбыр «Барнаул – Рубцовск – Семей – Өскемен» бағыты бойынша салынуы тиіс. Ал, қазір бұл мәселе Ресей тарапымен пысықталып жатқан көрінеді.
«Бұл ретте Семей маңында Павлодар облысына қарай бұру жоспарланып отыр. Аталған бағыт бойынша газ құбырын салу саны осы өңірлердегі 2,1 млн адамға көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік береді. Тұтыну көлемі жылына 2,3 млрд м3 деңгейінде болжануда. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін анықтау үшін «ҚазТрансГаз» АҚ мен «Газпром» арасында жұмыс тобы құрылып, бұл мәселе Ресей тарапымен пысықталуда», - деді Нұрлан Ноғаев.
Елді газбен қамту деңгейі 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 51,47 % болған. Бұл дегеніңіз Қазақстандағы 9,5 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді деген сөз. Ал, Шығыс өңірді Ресей газымен қамтамасыз етсек, 2023 жылы елдің 55%-ы газбен қамтылады-мыс.
Ал, қазір Қазақстанда бар газ ресурстары елдің ішкі қажеттілігін жабу үшін жеткілікті. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия 3,8 трлн м3 көлемінде өндірілетін газ қорларын бекіткен. Оның ішінде ілеспе газ – 2,2 трлн м3 және табиғи (бос) газ – 1,6 трлн м3 болыпты.
Барлық барланған газ қорларының 98%-ға жуығы Қазақстанның батысында шоғырланған. Ал, шығыс пен солтүстік өңір, оның ішінде бас қала деген статусы бар Нұр-Сұлтанда әлі газ жоқ.
Ноғаевтың айтуынша, қазір Нұр-Сұлтанды газдандырудың 1-ші кезеңі жүріп жатыр. Ал, 2 және 3 кезеңнің жұмыстары әлі де жобаланып жатқан көрінеді.
«Елорданы газдандыру 3 кезекке бөлінген. Қазіргі уақытта әкімдік 9 іске қосу кешені бар 1-ші кезектің құрылысын жүргізуде. Елорданы газдандырудың 2 және 3 кезегі бойынша қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жүргізілуде», - депті министр.
Ал, осыдан бес жыл бұрын газ тасымалдау және ішкі газбен жабдықтау бойынша Қазақстандағы негізгі ірі компания «ҚазТрансГаз» «Қазақстан енді импорттық газға тәуелді емес», деген болатын.
Нақтырақ айтсақ, компанияның сол кездегі төрағасы Қайрат Шәріпбаев: «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының «С» сызығын пайдалануға беру арқылы біз газ импортынан толық бас тарттық», депті.
«Бейнеу-Бозой учаскесінің құрылысы және «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының «С» сызығы бұл отандық газ саласындағы соңғы жылдардағы басты оқиғалар. Ағымдағы жылдың (2015 жыл) 17 қарашасында осы газ құбырларын пайдалануға берудің арқасында біз газ импортынан толығымен бас тарттық, сол арқылы елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз еттік»,- деген екен Шәріпбаев.
Айта кетейік, 2015-2020 жылдар кезеңінде республикалық бюджет есебінен өңірлерді газбен қамту үшін 125 млрд теңге мөлшерінде трансферттер бөлініпті. Оның ішінде соңғы 2 жылда бөлінген ақша 76 млрд теңгені құраған.
Қуат Домбай, PR маманы:
- Бұл неғылған ақымақ шешім?! Қазақстан үшін аса маңызды әрі сезімтал облыстарға Ресей газын кіргізуді қалай түсінеміз? Ресей осы газ құбырлары арқылы Еуропаға, Украина мен Гүржістанға қалай қысым жасағанын ұмыттық па? Әлде бұл саяси мәселе емес немесе біз олардан өзгешеміз дейсіздер ме?! Дәл осы шешім арқылы Қазақстанның тұрақтылығы саудаға салынып отыр. Өзімізде газ бар. Оны қайда жұмсайтынымызды білмей отырғанымыз тағы рас. Бұл барып тұрған опасыздық! Басқа сөз жоқ!
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz