Айбын АҚПАТША. Адам капиталынан ақша аяуға болмайды
Атадан - алтау, анадан - төртеу туатын заманның келмеске кеткені қашан?! Ат төбеліндей қазақты толғандыратын басты проблеманың бірі - адами капиталдың аздығы. Құдекең қазақты жер байлығы мен кен байлығынан кенде қылмаған. Жеріміздің астындағы, үстіндегі қазынамыз ешкімнен кем емес. Бірақ ұлы даламыздың ұлан-ғайыр байлығы ұрпағымызға бұйырмаса, онда қазіргі тірлігімізде не мән бар?! Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың Сенат қабырғасында айтқан сөздерінен кейін осындай ойға кеттік.
Естеріңізде болса, министр Сенат депутаттарының бала туған әйелдерге 2 миллион теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төлеу туралы ұсынысын жаратпай тастады. Бұл ұсынысқа қатысты көп ойланып бас қатырған жоқ, ұсынылған қаражатты азайту жағын қарастырып жатуды да бос әурешілік деп білді.
- Жұмыс істеп жүріп, жүкті болған келіншектер онсыз да аз ақша алып отырған жоқ. Жұмыс істеп жүріп декретке шықса, бір миллион алатындар бар. Жалпы орта есепке салсақ, бес жүз мыңдай алатындар бар. Бізде Ресейдегідей емес, бала туу деңгейі жоғары,- деп қысқа қайырды министр.

Ресейдей болсақ, арман не?! Ең болмағанда оннан біріне де жетпейміз ғой ормандай орыстың. Орыстардан он бес есе аздығымыз, қытайлардан 140 есе кемдігіміз ғой біздің осал тұсымыз. Өзіміз менсінбейтін өзбектердің өзі еке есе көп бізден. Тым болмаса жиырма миллионға жетсек, жалымызды күдірейтіп, айбынымызбен-ақ жасқап жүрмес пе едік!
Министрдің айтуынша, Ресейдің демографиялық ахуалы бізден әлдеқайда нашар көрінеді. Орыстардан үлгі алуға болмайды-мыс. Ал Мемдуманың мәліметіне сенсек, біздің министріміз менсінбейтін Ресейде тек балалы отбасылардың саны 50 миллионға жетіп жығылады.
Әңгіменің ашығын айтқанда, Қазақстанда аналар мен балаларға жасалып жатқан қамқорлықтың айырмасы Ресеймен салыстырғанда жер мен көктей. Сенбесеңіз, салыстырып көрейік. Ресей демографияға дем беруді бес жыл бұрын Путиннің президенттігі тұсында қолға алған-ды. 2007 жылдың 1 қаңтарында «Ана капиталы туралы» арнайы федералдық заң да күшіне енді. Аталмыш заң бойынша, екінші, үшінші, төртінші сәбиді өмірге әкелген немесе асырап алған аналардың есепшотына 250 мың рубль ақша аударылады. Бұл қаражат инфляция деңгейіне қарай көбейіп, биылдан бастап 387 мың рубльге жетті. Яғни, дүниеге келген әрбір ұлты орыс сәби өмірге біздің теңгеге шаққанда 2 миллион теңгеге жуық несібесін уыстай келеді деген сөз.
Екіншіден, жаңа туған нәрестенің ата-анасына берілетін бір реттік жөргекпұлдың көлемі 2012 жылдың қаңтарынан бастап 12405 рубльді құрайды. Бұл сома инфляция деңгейіне орайлас жыл санап өсіп отырады. Бұл қаражат аналар бұрын жұмыс істесе де, істемесе де беріледі. Біздегідей жұмыс істегеніне немесе жұмыссыздығына байланысты жырымдалмайды.
Федералдық бюджетті айтпағанда, аймақтар мен қалалардан бөлінетін қаржылай қамқорлық бар. Әсіресе, Мәскеудің экс-мэрі Лужков тағайындаған жөргекпұл жас отбасылардың жыртығына жамау болып келеді. «Лужков жөргекпұлы» тиесілі жандар Федералдық бюджеттен алатын бір реттік «Ана капиталын», бір реттік жөргекпұлды, ай сайынғы жәрдемақыны есептемегенде, тұңғыш сәби үшін - 5 500, одан кейінгі бала үшін - 14 500 рубль бір реттік қаражатты қалталарына салады. Ал егіз немесе үшем тапқан аналар үшін 50 мың рубль ұсынылады.
Юрий Лужков Мәскеу мэрі болып тұрғанда жас отбасылардың алғысын алғанын орыстар әлі күнге жыр қылып айтады. Жастары отыздан аспаған жас ата-анаға қала бюджетінен - 46 мың рубль, екінші сәбиге - 64 мың рубль, үшінші бала үшін - 92 мың рубль табысталады екен.
Ресейдегі соғыс ардагерлерінің отбасында, әскерилердің шаңырағында туған сәбилерге, тағы да басқаларына берілетін жәрдемақы мен жөргекпұлды есепке алсақ, тым ұзаққа кетеріміз хақ. Сол себепті, осы жерден тоқталайық.
Ресей Президенті Дмитрий Медведев демографияға дем беруге бағытталған шаралар 2050 жылға дейін жалғасады деп отыр. Көршіміздің мақсаты - қырық жылдың ішінде еселеп көбейіп, етек-жеңін қымтап алу.
Осыдан кейін министр Гүлшара Әбдіхалықованың жөргекпұл мен жәрдемақыдан қаржы аяғанын қалай түсінуге болады?! Адам капиталының тапшылығын «Ана капиталы» арқылы толтырып жатқан орыстардан үлгі алсақ, оның несі жаман?! Жоқ, біздің министр бала туғандарға берілетін аз-кем қаражатты бұлдап «олар онсыз да аз ақша алып жатқан жоқ» дейді. Аналар мен балалардан қаржы аяған адамның мұндай министрлікті басқаруға моральдық құқы бар ма?!
Келмеске кеткен кеңес үкіметінің тұсында «Бар жақсымыз балаларға!» деген жақсы ұран болушы еді. Балалар мен аналардың қамын бірінші болып ойлауға тиісті министрдің аузынан сол ұранды ести алмағанымыз өкінішті.
«Нұр Астана» газеті