Дүйсенбі, 4 Қараша 2024
Мемсыйлыққа кім лайық? 5134 41 пікір 9 Желтоқсан, 2020 сағат 12:21

Қызғанбаймыз, қуанамыз!

Бәрекелді! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2020 жылғы мемлекеттік сыйлығы «Абыз Әбіш» зерттеуі үшін Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлына, «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы үшін ақын Ақсұңқар Серікке, « Ғұлама-наме» трилогиясы үшін, жазушы Есім Ғарифоллаға, «Ұлы Дала әдебиеті» тарихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін әдебиеттанушы  Жолдасбеков Мырзатайға, «Достояние души» өлеңдер жинағы үшін ақын  Қанапиянов Бақытжанға, «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы үшін  драматург; Мұқанова Розаға,«Періштелердің өлімі» прозалық шығармалар жинағы үшін, жазушы Нұрмағанбетов Тынымбайға берілген екен!

Қазақ әдебиетінің қалың оқырмандары мен жанашырларына да, Мемлекеттік сыйлық алған барлық қаламгерлерге де құтты болсын айтамыз! Жалпы соңғы жылдары осы Мемлекеттік сыйлық төңірегінде көп әңгіме айтылып, өкпе-реніш те болып жататындығы жасырын мәселе емес. Кей жағдайда соны орынды ма деп те қалатынымыз тағы да бар. Тіпті әдеби ортаға есімі де, еңбегі де беймәлім қаламгерлердің Мемсыйлық иесі болып шыға келетін жағдайлар да орын алды. Ал, енді өз басым Мемлекеттік сыйлық иегерлерінің бүгінгі мына тізіміндегі әрбір қаламгер үшін әдебиетіміз ұялмас еді дер едім. Өз басым осы сыйлық алып отырған дәл осы шығармалардың бәрін бірдей оқып, ой елегінен өткізбесем де, осы шығармалардың авторларының қазақ әдебиеті мен өнеріндегі және әр оқырманның жүрегінде берік орныққан орындары бар екендігін айтар едім. Бәрі де таныс,бәрі де өз ортасына, одан қалды әлемдік деңгейдің танымалдылығына көтерілгендер дер едім.

Хат танып, кітап оқи бастаған осы кезге шейін Тынымбай Нұрмағанбетовтың ауыл адамдарының мінезін керемет шынайы суреттейтін шығармаларын іздеп жүріп, сұрап жүріп оқыдық. Енді терең ойлы дүниетанымдық кең тынысты шығармаларын оқып сүйсінеміз.Кейде осы Мемсыйлық жазушы ағамыз Тынымбайға әлдеқашан тиесілі еді ғой деген ойда да болғанымыз анық. Және де,  аты да, заты да дардай, әдебиетке де, мемлекетке де бір кісідей еңбек сіңірген Мырзекең, Мырзатай аға Жолдасбеков те осы күнге шейін неге Мемсыйлық алмай келді екен? Алайын десе, былайша айтқанда қолында тұрған кездер де болды емес пе?

Осы екі ағаның биылғы жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандар қатарынан көргенімде шынында жанкүйер болғанымды да, тілектес болғанымды да жасырмаймын. Осы екі ағамыз да Мемлекеттік сыйлық алды! Көңіл орнына түсті! Көңіл көркейді!

Әдебиет жанашыры ретінде кезінде бірнеше мәрте ұсынылғандарымен сыйлықтан құр қалып келгендері үшін ақын Серік Ақсұңқарұлы мен Бақытжан Қанапияновтан... иә, одан кейін Ғалым Жайлыбайдан да ұялушы едім. Өз басым мұны кезінде Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның бір мүшесі болғандықтан да айтып отырмын. Енді міне, сол ақындар шеп жарды! Кезек Ғалымға да жетер әлі! Осы Серік, Бақытжан, Ғалым сияқты біреуінің өршіл, біреуінің азаматтық, біреуінің сыршыл үндері бар бұл ақындар поэзия әлемінде жарқыл қағып тұрған, адамның ой әлемін биіктетіп ала жөнелер биік тұлғалар. Кім кемсіте алар?! Сыйлық құтты болсын, ақындарым!

Биылғы жылы Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтар төңірегіндегі әңгіме өзгеше сыйпат алғанын байқап жүрдік. Жасыратын несі бар, енді Мемсыйлық иегерлері болуға кім лайықты деген мәселені комиссия қалай шешер екен деп біраз уақыт аңысын аңдып, сырттай бақылап отырған жайда болдық. Комиссияның қорытынды отырысы өткенінен де хабардар болып жүрдік. Енді айтса да болар, сол комиссия мүшелерінің және шығармалары сыйлыққа ұсынылған авторлардың да кейбірімен хабарласып, пікір де алмасып тұрдық. Сол қорытынды отырыстан кейінгі арадағы екі айға жуық уақыт бойы жұртшылық жалпы лауреаттық неше орын барын анық білмесе де, оны сан-саққа жүгіртіп жатты ғой.Баспасөз  беттерінде алуан түрлі сәуегейлік болжамдар да айтылды. Әлеуметтік желілер тіпті пікір таластырып, кейде осы Мемсыйлық төңірегінде айтыс пен тартысқа да кетіп жатты. Зиялы қауым өкілдерін осыншалықты  алаңдатқан  мәселеге, мінеки, енді   нүкте де қойылып отыр.

Тағы да айтайын, кезінде мен де осы комиссияға мүше болғаным бар, сондықтан оның ішкі-сыртқы біраз дүниесін бір кісідей білемін ғой деп ойлаймын.  Білгенімдей, бұл жолы комиссияға төрағалық жасаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев дау-дамайы көп күрделі мәселеде тосын әрі ақылды шешім қабылдаған екен деп сеніммен айтуға болады. Қашан болсын кез келген елдік істі бабымен, байымен шеше білетін Қырымбек Елеуұлы бұл жолы да,  комиссияның қорытынды мәжілісінде «мыналар лауреат болады» деп мәселені сол арада бірден өзі  кесіп-пішіп тастамапты. Өзіміз ашық пікір алмасып жүрген кейбір жекелеген комиссия мүшелелерінің өздер Қырымбек Көшербаевтың соңғы сөзді мемлекет басшысына қалдырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазылығына жүгініпті.

Мемлекеттік хатшының тағы да бір қиналған тұсы - әдебиет пен өнерге бөлінгені  бар-жоғы екі ғана сыйлық болғандығы еді. Ал енді осы  сыйлықты екеу болмаса бесеу жасай ма, жетеу жасай ма,  ол енді  Президенттің ғана құзырындағы мәселе! Алдын ала жарияланған Ереже бойынша сайлаушылардың үштен екісінің ғана дауысын алғандар    лауреаттыққа өтуі тиісті. Бұл жолы осы комиссия мүшелерінің үштен екісінің дауысына  алты үміткер ие болыпты. Әуелгі орын- Екеу! Үміткерлердің екеуін ғана  бөліп алып, жеткілікті дауыс алса да қалған төртеуін сырып  тастау керек пе еді? Жасыратыны несі бар, бұған дейін шектелген орынға ғана шақталып Мемлекеттік сыйлық беріліп жүрді де, шығармалары лайықты болса да шектеулі орынның шеңберіне сыймай қалған қаншама талант пен дарын иелерінің сақтары сынып, тіпті комиисияға мүше болғандардың да жүздері төменшік тарта берген кездерді де көргенбіз.

Биылғы жылды «Абай жылы», «әл-Фараби» жылы деп айдар тағып, атап,   Мемлекеттік сыйлықтарымызға да осы екі ұлы бабамыздың аты телініп отырғанда,  комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев  Мемлекеттік сыйлықтың екі иегерін ғана  өзі атап, «кестім-піштім, болды осымен» деп орнынан  тұрып кетуіне де болатын еді ғой. Кімнің  неше дауыс жинағанын айқындап берген комиссия мүшелерінің пайымын алға тартып,    соңғы сөзді мемлекет басшысына қалдыру  әбден дұрыс болған-ды. Мұхтар Әуезов айтқанындай «Әдебиет ардың ісі болса»  сол арлы істің бір шешімін айту үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінуі комиссия төрағасы  Қырымбек Көшербаевтың жөн білетіндігі еді. Және де осы арада бәрін  «өзім білдімге» салмай, белден баспай, араға біраз уақыт өткізіп барып, қалың оқырман жұртшылықтың  да ой-пікірін ескергендері де жөн болған-ды.

«Ережеде көрсетілгені бар-жоғы екі-ақ орын, ал талаптан өтіп тұрғаны алты адам! Апырмай, ақыры қалай болар екен?» деп сыртта жүрген әдебиет жанашырлары біз де алаңдап болдық. Көптің көңілінен шығар бір  көңіл көншітер әлдебір жақсылық хабарды елеңдеп күткеніміз де  рас. Мемлекет басшысы лауреаттық сыйлықты ең көп дауыс алған екі әдебиетшіге  ғана беріп қоя салуына да болады ғой! Президентіміз  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  мұндай қысқа пайымға бармағанын бүгінгі лауреаттар шоғыры, жетеудің жұлдызды сәті айқын көрсетіп отыр.

Мемлекет басшысы комиссия шешімін де ескерусіз қалдырмай, талап мәресінен өткендердің   алтауын да қолдаса керек. Аламан бәйгеге түскен  үміткерлердің тізімі мен жалпы қоғамда қалыптасқан жағдайды саралап және үміткерлердің төл әдебиетіміз бен мәдениетімізге сіңірген  еңбектерін, сондай-ақ үстіміздегі жылдың ерекшелігін ескере  келе  әділ шешім жасағандығына өз басым күмән келтірмес едім. Біздің хабардар болғанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев осы жеңімпаз алтаудың қатарына жетінші етіп, тағы бір   бір адамды қосуды өзі ұсыныпты дейді. Ол- Тынымбай Нұрмағамбетов екен!  Төл әдебиетіміздің бүгінгі көзі тірі классиктерінің бірі, жетпістің бел ортасынан асқан, қаламы әлі күнге қолынан түспеген сирек дарын иесі,  халқына жыл сайын  жаңа шығармаларын беріп жүрген қарымды қаламгер ағамыздың жетпей қалған бір дауыс үшін биыл да Мемсыйлықтан қағылып қалған болса, ол ағадан бұрын, қазақ әдебиетіне және де Тынымбай ағаның қалың оқырмандарына жасалған обалдық болар еді.

Әдебиет пен өнер саласындағы сыйлықтың  бір орынын  екі адамға бөліп беру  бұрын да  болып келген-ді. Мен осы комиссияға мүше кезімде екі орынды төрт адамға бөліп бергеніміз де  есімде. Осы арада алып қашпа қызыл сөзге ерік бермей, бір мәселенің басын ашып алғанымыз жөн сияқты. Комиссия жарлық шығармайды, комиссия жасырын дауысқа салып, жеңімпаздарды анықтайды да, оны Президенттің қарауына ұсынады. Соңғы шешуші сөз Президентте! Жарлықты тек мемлекет басшысы ғана шығарады. Және де  ағымдағы жылдың ерекшелігі мен маңызын ескеріп сыйлықтардың санын қайта қарау, қаражаты жетпей жатса оған қосымша қаражат қостыру, сондай-ақ Ережеге өзгерістер енгізу сияқты құжаттарды ресімдеу мәселесі Мемлекет басшысының құзырында ғана екенін тағы да ұмытпайық.

Міне, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың   Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2020 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі бәріміз асыға да, ынтыға да тосқан Жарлығы жарқ ете түсті!   Әуелде ережеде көрсетілгеніндей екеу де емес, бесеу де емес,  бақандай жеті бірдей қалам қайраткерлерінің Абай жылында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты алуы төл әдебиетіміздің мерейі, халқымыздың қуанышы! Әрине, сөз жоқ, Президенттің бұл жолғы парасатты шешімін ең әуелі зиялы қауым біз болып, қол соғып қуаттап, қуанышпен қарсы аламыз. Қызғанбаймыз, қуанамыз! Адалын айтар болсақ, биылғы Мемлекеттік сыйлық иелерінің жетеуі де руханиятымызға өздерінің талантты шығармаларымен олжа салып келе жатқан тұлғалар!

Ұлттық әдебиетіміз үшін осы бір қуанышты сәтте бір демде жазылған мақаламыздың соңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі Жарлығы қалың жұрттың күткен ойынан, зиялы қауымның  көкейінен шыққандығын алға тарта отырып, ризашылығымызды білдіреміз!

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың  Абай жылында берілуі және ол сыйлықтың тұңғыш рет жеті бірдей майталман қаламгерлерге бұйыруы да жақсы ырым! Әрдайым халқымыздың жеті қазынасы түгел болсын деп тілейік!

Жабал Ерғалиев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 985
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1346
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1308