Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 4316 5 пікір 9 Желтоқсан, 2020 сағат 12:50

Бұл менің Үкіметке жолдаған қырқыншы сауалым...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» - деп, атап айтқаны мәлім.

Президент алға қойған осы маңызды міндетті орындау мақсатында, ең алдымен, қазақ тіліндегі терминдерді қалыптастыру процесін жетілдіру және оларды біріздендіру қажет. Бұл ретте өткен жылы Парламент Мәжілісінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында терминологияның өзекті мәселелерін талқылауға арналған ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның қорытындысы бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар жолданған болатын.

Алайда, қазіргі қазақ тілі терминологиясы саласындағы көзге ұрып тұрған кемшіліктер әлі де толық түзетілмей, қоғам тарапынан орынды сынға ұшырап жүр. Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдердің ішінде көңілге қонбайтын аудармалар аз емес. Мәселен, орыс тіліндегі «гостиница» терминінің қазақ тілінде үш түрлі атауы бар: «мейманхана», «қонақүй», «қонақ үйі». Ал тіс щеткасының қазақшасы «мәуесек» екен. Ағылшын тілінен шыққан «тоннель» - «үңгіжол», латыншадан алынған «шкала» - «шәкіл», поляк тілінен келген көп мағыналы «рычаг» - «иінтірек» деп аударылыпты. Ауызекі тілде ешкім айтпайтын, ал іс қағаздарында тым сирек қолданылатын мұндай терминдердің өміршеңдігі өте күмәнді. Олар ана тілімізді байытпайды, қиындатады. Сондықтан да қазақ тілінің терминология саласы түбегейлі өзгеріс жасауды тілейді.

Осындай олқылықтың орын алуының, біздің ойымызша, үш себебі бар:

Біріншіден, Республикалық терминология комиссиясының құрамына тіл мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметшілер, филологтар, аудармашылар, журналист-жазушылар енгізілген. Олардың арасында медицинадан басқа, әлеуметтік және экономикалық салалардың мамандары жоқ.

Екіншіден, Республикалық терминология комиссиясының жұмысына ашықтық жетіспейді.

Үшіншіден, Республикалық терминология комиссиясы консультациялық-кеңесші орган болғандықтан, оның қабылдаған терминдері ұсынымдыққа сипатқа ие, яғни оларды қолдану міндетті емес.

Осыған орай, Парламент Мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында Вице-Премьер Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдап, мынадай ұсыныстарды қарауын сұрадым:

1. Республикалық терминология комиссиясының мәртебесін қайта қарау және ол бекіткен терминдердің мемлекеттік органдарда, меншік түріне қарамастан, кәсіпорындар мен ұйымдардың барлығында, қоғамдық бірлестіктерде іс қағаздарын жүргізуде, білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларында, көрнекі жарнамада бұрмаланбай, бірізді қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау қажет;

2. Үкіметтің 1998 жылғы 21 сәуiрдегi N 367 қаулысымен бекітілген Республикалық терминология комиссиясының құрамын әлеуметтік және экономикалық салалардың тәжірибелі мамандарымен, белгілі сарапшы-ғалымдармен, үкіметтік емес ұйымдардың және зиялы қауымның өкілдерімен толықтырған жөн;

3. Республикалық терминология комиссиясының отырыстары мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық өкілдерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен барынша ашық өткізілуге тиісті. Онда қаралатын терминдердің жобалары осы комиссияның ресми сайтында ғана емес, қазақтілді республикалық газеттер мен әлеуметтік желілерде алдын-ала жарияланып, кең қоғамдық талқылаудан өткізілгені жөн.

Бұл – менің Үкімет мүшелеріне жолдаған қырқыншы депутаттық сауалым.

Кәрібай Мұсырман

Мәжіліс депутаты

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282