Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әліпби 5548 16 пікір 11 Желтоқсан, 2020 сағат 13:19

Ақаңның әліппесіне неге оралдық?

Ақыметті қамап, еңбектерін зынданға тастағаннан бері қырық түрлі әліппе шықты. Ал біз бір ғасырдан бұрын жазылған Ақаңның әліппесіне қайта оралып отырмыз. Өйткені жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарына дейін жасалған рухани дүниелердің ғылыми негізі мықты болды. Ол кезеңге дейінгі туған оқу құралдарының мазмұнына саясат әлі араласа қоймаған еді. Мұндай қоспасы жоқ тазалық сол кездегі гуманитарлық бағыттағы қазақ ғылымына түгелдей тән. Жиырмасыншы жылдың аяғынан бастап кеңес үкіметі барлық салаға өз саясатын тыға бастады. Басқаны анық білмеймін, қазақ тіл білімі кеңестің саясатына малтыққаны сонша тәуелсіз болғанымызға отыз жыл болса да, әлі күнге дейін Ақымет салған өзіміздің төл арнамызға түсе алмай жатырмыз. 

Әупірімдеп жүріп Әліппеге қайта оралғандай болдық. Оның бағдарламасында әлі жетілдіретін жері көп. Әзірге Ақыметтің әліппесі несімен артық, соны айтайық:

1, Адамның өзінде кәмілдік болмаған соң, ісінде де кәмілдік жоқ – деп түйген ұлы ұстаз әліппе жазуды өзінің 14 жыл бала оқыту кезінде жинақтаған тәжірибесі негізінде қолға алған. 

2, Ақаң 1926 жылғы Бакудегі жиыннан кейін: «Біздің 10-ныншы жылдары шығарып ескі қоймаға тастаған нәрселерімізді кейбіреулер 26-ншы жылдарға дейін тұтынып келіп отырып, соны өзгерту ниетке жаңа ғана кіргенін өздерінше бір артықша жаңашылдық деп біліп, өздерін әлдеқандай өзгерісшіл көріп жүр екен дейді. Яғни бұдан бір ғасыр бұрын озық әліпби де, озық әліппе де бізде болғандығынан көбіміз қазір хабарсызбыз.

3, Ақаң қазақтың дыбыс жүйесін тәртіптеген алғашқы кітабын Орынборда 1912 жылы шығарды. Бұл әліппелер толықтырылып, түзетіліп, өзі айдалып кеткен 30-жылдарға шейін Орынборда, Ташкентте, Қызылордада 10 шақты рет қайта-қайта басылып тұрды. Яғни, Ақаң әліппесін үнемі жетілдіріп отырды.

4, Ақаңнан кейін бүгінгі «Сауат ашуды» қосқанда қырық түрлі әліппе жазылды. Бірақ төл дыбыстарға негізделіп қасына мұғалімдерге арналған «Баяншысы» бар, ол аз десеңіз сөйлеу, оқу, жазуды қатар ұштастырған «Тіл жұмсары» тағы бар, кешенді дүние жасалған емес.

5, Ақаң қазақ тілінің табиғатын жіліктеп, талдап, әлемнің басқа тілдеріне арналып жасалған әдістемелерді  қарастырып (шағын сөз әдісі, жазу, оқу әдісі, ескі емле әдісі, дыбыс айыру әдісі), олардың арасындағы типтік айырмашылықтарды анықтаған. Тіліміздің табиғатын бағамдай келе, қазақ тілін оқытуға сай келетін дыбысты әдісті дәл таңдаған.

6, Бүгінгі білім беру кеңістігінде шетелдік және отандық әдіскерлер «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы, «Инсерт» стратегиясы сияқты тағы басқа оқытудың түрлі әдістерінің ерекшеліктері мен ұстанымдарын жаңаша бағыт ретінде атайды. Ал тарихқа үңілетін болсақ, бүгінгі жаңашыл деп табылған оқыту технологияларының көбі Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінен табылады.

7, Бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы боларға тиіс деп айтуға болмайды. Екеуінің тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс екіншісіне де қолайлы болуы мүмкін. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды деп түйеді Ақаң. Ал біз қазір түбін тексермей, өзгеге маймылша еліктейміз.

8, Балаға қара таныту кезінде ғалым дыбысты әдістің артықшылығын айта келе,  «жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды ажырата білу керек және ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек. Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек» деп әріп пен дыбысты айырудың әдіс-тәсілдерін сатылап көрсетіп береді.

9, Телжан Шонанов Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен хат танып кету үшін небәрі төрт-ақ апта керек екендігін айтады. Сол кезде бұндай тез сауаттануға Ахмет Байтұрсынұлының тапқан әдістемесі демеу болса, екінші жағынан тіліміздің сымдай тартылған ішкі жүйесі көмектескен. 

Бүгінгі кеңес зәрімен уланған әліпбишілер мен әліппешілер де Ақаң салған арнаға түспей оңбаймыз.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499