Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5205 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:42

Ақиқаттан адаспа!

 

 

Асыл да ардақты ата дініміз исламды уағыздап, халық көкейіне тұшымды түрде  жеткізу мақсатында облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешіті жанынан үгіт-насихат тобы құрылып, аудандарда уағыз айту жоспары жасалған еді. Осы игі іс-шараның ізімен жақында Қобда, Ойыл аудандарында кездесулер өтті. Кездесуге облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан қажы Есмахан, наиб имам Ғабит қажы Маткаримов, облыстық әділет департаментінің діни істер жөніндегі бөлімінің бастығы және аталған бөлімнің жетекші маманы Руслан Құлдыбаев пен дінтанушы Төлеген Талдыбаев және басқалар қатысты.
Кездесулерге жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, БАҚ өкілдері мен діни бірлестіктердің жетекшілері және аудан ақсақалдары қатысты. Жиындар кезінде облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан қажы Есмахан «Ислам - ынтымақ діні» атты баяндама жасады. Жамағатты имандылыққа, ізгі амалдар жасауға, ақиқатпен жүруге, дін жолындағы туындаған қиындықтарға сабыр етуге шақырды. Аллаһтың дініне жәрдем берушілерге Алланың өз жәрдемін беретіндігін жеткізді. Діни мәселелер туындаған жағдайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкіліне жүгінулерін сұрады. Ислам дінінің ақиқатын түсінуде интернеттен және ҚМДБ-ның құзырына кірмейтін өзге әдебиеттерден ақпарат алуда мұқият болуды ескертті. Сонымен қатар 2009 жылдың мамыр айының 29 жұлдызында жарық көрген «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жаназа пәтуасын» халыққа жан-жақты түсіндіріп, жалпы республика көлемінде жаназа мәселесін бір ізге түсіру жолын жеткізді. Сондай-ақ салт-дәстүр мен шариғат айырмашылығы және ағымдар туралы Құран Кәрім  аяттары және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері туралы сөз болды. «Бәрің Аллаһтың жібіне жармасыңдар және өзара жік-жікке бөлінбеңдер» аятын оқып, «Аллаһтың жібі - Аллаһтың діні» екендігін түсіндірумен аяқталды. Мұнан соң, әділет департаментінің діни істер жөніндегі бөлімінің жетекші маманы Руслан Құлдыбаев «Облыстағы діни ахуалдық жағдай» атты баяндама жасады. Баяндамада облыс аумағындағы діни ахуалды халыққа жеткізіп, діни экстремизмнің қауіптілігінен халықты қорғау мақсатында бірқатар деректер келтіру арқылы діннен келетін қауіптен қорғанудың бірнеше жолдарын ашып көрсетуге тырысты. Атап айтсақ, дәстүрлі діндер емес, яғни «Інжілдік христиан баптистер шіркеуі Кеңесі», «Иегова куәгерлері діни қоғамы» сияқты діни ұйымдар әсерінен жастар арасында мемлекеттік нышандарды құрметтемеу, әскери борышын өтеу міндеттерін орындамау сияқты идеялар тарауда. Осыған орай Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының  2009 жылғы 5 ақпандағы шешімі бойынша «Ата жолы» («Ақ жол») ағымында жүрген топтарға Қазақстан Республикасының аумағында қызмет жасауға тыйым салынған. Осы ағым бойынша қызметті жүзеге асырып жатқан немесе аталған жол бойынша ем алып жүрген адамдар заң саласынан тыс болып есептеледі. Яғни осы тыйым салынған жол бойынша кімде-кім осы қызметті жүзеге асырып жүрген тұлғалалардың қызметіне жүгінсе, онда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 374-1-бабы бойынша  әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны ескертіледі. Яғни, Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған қоғамдық бірлестіктердің жұмысына басшылық жасағаны үшін тұлғаға 100 төменгі есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл белгіленген болса, осы сипаттағы бірлестіктің қызметіне қатысқаны үшін 50 төменгі есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл белгіленген. Ал, егер жеке немесе заңды тұлға тыйым салынған қоғамдық бірлестікке үй-жай ұсынып немесе басқалай қаржылық көмек көрсететін болса, онда жоғарыда көрсетілген баптың үшінші тармағы бойынша оған 200 төменгі есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл белгіленген.
Сонымен қатар Әділет департаментінің діни істер жөніндегі бөлімінің дінтанушы нұсқаушысы Төлеген Талдыбаев  қазіргі таңдағы мұсылмандардың жағдайын, олардың әлуметтік тұрмыстарын, экономикалық ахуалын, білім және ғылымдағы әлеуетін ғылыми деректер арқылы дәлелдеп берді.
Жиын соңында үгіт-насихатшылар тарапынан аудандардағы кейбір түсініксіз сұрақтарға жауаптар берілді.

 


Асқар ЖҰБАНАЗАР, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің баспасөз хатшысы.
«Ақтөбе» облыстық газеті 30 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036