Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңғырық 9222 12 пікір 15 Желтоқсан, 2020 сағат 11:21

Француз тарихшысы «Желтоқсан көтерілісі» туралы не жазды?

Элен Каррер д'Анкосс

Студент кезімнен бері өзіме ұнаған газет мақалаларын қиып алып сақтап қоятын әдетім бар еді. Олар тарих куәсі ғой. Талай жылдан бері жиналып қалған сол қағаздарды ақтарып отырғанымда, Мәскеуде француз тілінде шығып тұрған «Nouvelles de Moscou» («Мәскеу жаңалықтары») газетінің 1989 жылдың 23 шілдесіндегі санынан алынған қиындыға көзім түсті.

Сексенінші жылдар Михаил Горбачевтің қайта құру, демократия, ашықтық саясатының кең насихатталып, бұрын тыйым салынған Батыс зерттеушілері мен жазушыларының көзқарастары Кеңес Одағы баспасөзі бетінде ара-тұра болса да, жариялана бастаған кез. Мына газеттегі шағын мақалада да есімі әлемге әйгілі француз тарихшысы, «советолог» Елен Каррер д'Анкосс Кеңес Одағындағы ұлтаралық қатынастарға өз көзқарасын білдіріпті.

«1986 жылдың желтоқсанында Алматыда халық орталық биліктің республикалық коммунистік партияның басшылығындағы қазақ Қонаевты орыс - Колбинмен алмастыру туралы шешіміне қарсы көтерілгеннен бері ұлтаралық қатынас Михаил Горбачевтің әрекет ету қабілетіне және қайта құрудың болашағына үлкен сын болатынына ешкім күмәнданбайды», - деп жазады Елен Каррер д'Анкосс.

1988 жылдың ақпанында басталған әзірбайжандар мен армяндардың Қарабақтағы, 1989 жылдың сәуіріндегі Тбилисидегі, сол жылдың маусымындағы Өзбекстандағы қанды қақтығыстарды айта келіп: «Мәскеудің шешіміне қарсы бағытталған Алматыдағы көтерілістен айырмашылығы - олардың бәрі де басында ұлтаралық қақтығыс сипатында басталып, тек кейіннен, Мәскеу бұл шиеленістердің шешімін таба алмағандықтан орталық билікке қарсы бағытталған қозғалысқа айналды», - дейді.

Аудио

Шынында, қазақ жастары алаңға шыққанда орыстарға қарсы емес, Мәскеу билігінің өктем саяси шешіміне қарсы болғандықтан шықты. Бұл туралы марқұм Дінмұхамед Қонаев та өзінің «Өтті дәурен осылай» атты естелігінде: «Алматыдағы желтоқсан оқиғасы ешкімнің арандатуынсыз болған және одан ұлтшылдықтың ауылы алыс жатыр еді. Жастар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына республикада жан баласына белгісіз және беделі шамалы біреудің сайлануына қарсы шықты, одан басқа зәредей бөтен ой болған жоқ», - деп жазады.

Бұл қазақ халқына тән ұлтаралық қатынастардағы парасаттылықтың, төзімділіктің мысалы. Әрине, көп арасында қазақты орыстарға қарсы қойған арандатушы елірмелер де болды ғой, бірақ қазақ жастары ашуды ақылға жеңдіре білді.

Тағы бір назар аударарлығы Елен Каррер д'Анкосс біз әлі күнге дейін «желтоқсан оқиғасы» деп, бет-бедерін «жұмсартып» айтып жүрген тарихи оқиғаны сипаттағанда үнемі «көтеріліс» (soulevement) деген сөзді қолданады. Кеңес Одағы кезінде «көтеріліс» деген сөзді айтудың өзі қауіпті болғаны рас. Енді жалынды жастардың желтоқсандағы тоталитарлық билікке қарсы бас көтеруін жай ғана «оқиға» емес, көтеріліс деп тура мағынасында айтатын кез келген жоқ па?..

Марат Ермұқанов

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048