Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3339 0 пікір 16 Ақпан, 2012 сағат 09:22

Жәди Шәкен. Ақсүйек пен құл һәм оралмандар

Қазақтың қай данышпаны қара сирақ кедейден шықты, оны дәп басып айта алмаймын. Ал ел мен жері үшін күрескендердің басым пайызы ақсүйек тұқымы. Кемінде нағашы жұртынан келген тектілік қаны бар. Кешегі қазақ хандарын айтыңыз, бергі әдебиет шаңырағын көтерген Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтар бастаған серке топтың тегіне үңіліңіз.
Осы арада ақсүйектік ұғымына аз анықтама бере кеткеніміз артық болмас. Тіршілік тірегі малмен көгендесіп жататын қазақ баласы әр малдың жілік сүйегі мен оның майына қарап ақ немесе қара екенін, осы арқылы түлігінің күйін айырады. Тұралаған тұлпардың жілік майын ағартып бәйгеге қосқан аңызын да талай естігенбіз. Сондай тұлпарлардың лай су ішпей тек қана тұманың көзінен, өзеннің ортасынан ғана су ішетінін, шалғынның сонысын жүзіп оттайтынында білеміз.
Осы қасиеттерді бойына сіңірген хан, би-шешен, бай, батыр-балуан, оқымысты тұқымын біздің қазақ «ақсүйек» немесе «текті әулет» санайды. Ал неше атасынан кедейлік кесірі үзілмеген, ойы бойынан аспайтындарды - «шыптасына шыбын қонбаған», «ту бие соймаған, тұтам қазы жемеген», «тегі жаман қара сирақ», «тексіз», «көргені жоқ көргенсіз» деп кемітеді.  

Қазақтың қай данышпаны қара сирақ кедейден шықты, оны дәп басып айта алмаймын. Ал ел мен жері үшін күрескендердің басым пайызы ақсүйек тұқымы. Кемінде нағашы жұртынан келген тектілік қаны бар. Кешегі қазақ хандарын айтыңыз, бергі әдебиет шаңырағын көтерген Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтар бастаған серке топтың тегіне үңіліңіз.
Осы арада ақсүйектік ұғымына аз анықтама бере кеткеніміз артық болмас. Тіршілік тірегі малмен көгендесіп жататын қазақ баласы әр малдың жілік сүйегі мен оның майына қарап ақ немесе қара екенін, осы арқылы түлігінің күйін айырады. Тұралаған тұлпардың жілік майын ағартып бәйгеге қосқан аңызын да талай естігенбіз. Сондай тұлпарлардың лай су ішпей тек қана тұманың көзінен, өзеннің ортасынан ғана су ішетінін, шалғынның сонысын жүзіп оттайтынында білеміз.
Осы қасиеттерді бойына сіңірген хан, би-шешен, бай, батыр-балуан, оқымысты тұқымын біздің қазақ «ақсүйек» немесе «текті әулет» санайды. Ал неше атасынан кедейлік кесірі үзілмеген, ойы бойынан аспайтындарды - «шыптасына шыбын қонбаған», «ту бие соймаған, тұтам қазы жемеген», «тегі жаман қара сирақ», «тексіз», «көргені жоқ көргенсіз» деп кемітеді.  
Қазақ сынды қайсар, текті халықтың сол ақсүйектігін құртуда жер бетінің жегі құртындай болған комунистік жүйе көп жұмыс жүргізді. Әсіресе, Кеңес одағы және оның айла тәсілін көшіріп қолданып, өз тәжірибесімен жетілдіре пайдаланған қытай комунистері қазақтың не бір асыл тектілерінің түбіне жетті. Бізді ақсүйектіктен айырып, қара кемік күс табан құлға айналдыруды ойлады. Міне осындай қиын тұстарда қазақ даласында әр түрлі көтерілістер жүз берумен бірге шетке қашу жағдайы қалыптасты. Осындай оқиғаларды еске алған ата-әжелеріміздің сол дәуірге нәлет жаудырып «құл құтырған заман» деп атағаны бар. Ақсүйек, текті әулетке қарсы тұру және оларды түбегейлі жоюға бағытталған күрес құл-құтандарды пайдаланды. Оларды белсенді, батыр, сенімді топ санап, ел серкелеріне айдап салды. «Аюдың өз майы өзіне дәрі» дегендей қазақты қазаққа салып құртуға әрекеттенді. Солай етті де. Соның салдарынан текті әулеттің жарымынан артығы жат жұртқа қашып құтылса, қалғаны өз жерінде отырып ажал құшты. Өздері ғана емес, олардың тұп тамырына балта шапқан кеңестік зұлмат тұқымын тұздай құртуға кірісті.
«Қозғал, аш та жалаңаш құлдар,
Қозғал, бүкіл күйзелген жан!» деген тектес комунизим елесін қуған интернотционалдық әндер жаңғырықты.    
Ендігі жерде «би жоқта құл жүреді жораға, ит жоқта шошқа үреді қораға» дегендей, шындық жалғанға, шымшық бұлбұлға айналды. Кеңестік кезеңнің мектебінен өткен адал шәкірттері солардың «сценарин» орындау үшін сахнаға шықты. Діннен, ділден, тілден айыруға әрекеттеніп, халқын тексіздікке баулыды. Жетпіс жылдық жеңіліс тексіз буыннан шыққан бірнеше буынды өмірге әкеліп үлгірді. Өзі әлсіз тұқым арақ-шарап, темекі тектес улы заттармен уланып қана қалмай, жатырына шапқан жаман айғырдың күйін кешті. Тектеусіз қыз тексіз ұлға жүкті болды. Қан лайланып, тұнығымыз былғанды. Аталар ат тонын ала қашқан «қатын ортақ, қазан ортақ» заманды да көз көрді. Тексіз ғана емес мәңгүрттік жайлаған «жаңа қазақтар» пайда болды.                 
Адасқан халықты Алла ғана құтқарды. Көзімізден басқасының бәрі орысқа айнала бастаған аянышты кезеңде тәуелсіздіктің таңы қайта атты. Дегенменде дені тексіз әулеттен шыққан билік құрамындағылардың біразы орынтағында қалды немесе олардың ұрпағы орын жаңалап жаңа билікке араласты. Хан, бегзададан емес қарашадан, құлдан шыққандардың көбі алдындағы асты апыл-ғұпыл жей салуға, елді ойламай өзін тойдыруға әрекеттенді. Соның салдарынан «ішіп қойды, жеп кетті» сынды жексұрындық көбейді. Өзге түгілі тулақтай жердің туталақайын шығаруға албарынды болғандар халықтың қазынасына қол салды. Қазаннан қақпақ, иттен ұят кетті. Сөйтіп «сыбайлас жемқорлыққа қарсы» деген атпен тағы бір жемеңқорлар қалыптасты. Шетелге қашу, сол елден үй-жер алу, өзге елдің банкіне ақша қою секілді жаңа үрдіс «модаға» айналды. Кедендіктер кеңірдегін тойдыра алмай әлекке түссе, мұнай алпауыттары құдайынан мұнайын артық көріп, ойына келгенін істеді. Қолынан келгендер қонышынан басып, қара халық күйзелді. Ұлтшылдар мен елім деп еңірегендер биліктен, дастарқаннан шеттетілді. Құл тұқымынан шыққандар өз тексіздігін осылай дәлелдеді.

Ендігі жерде қара кемік жілікті ағартып ақсүйектік жасау үшін келесі  ұрпақтың санасынан адалдық күтетін дәуір басталды. Мешіт, медреселер көбейіп жатыры таза иманды аналар бой көрсетті.

Десе де біздің билік еркін ойлы, тәуелсіз санадағы қазақтарды басқаруға қарағанда  құлдық идеяның құрығынан құтылып үлгермеген тексіз әулетке қожалық жасаудың оңайлығын тез түсінді. Сол үшін де шетке жан сауғалап кеткен қазақтарды «қашқын» атап, олардың ұрпағына үрке қарайтындар шықты.

Осы арада бүгіндері «оралман» деген атты еншілеп, «төртінші жүздің» өгей баласындай төрге оза алмай жүрген «қашқындар» әңгімесі ауызға түседі.
Оралманның бәрі қашқын емес. Пұшпағы кеңге жайылған ежелгі түркі даласының шығыс бөлігін басып жатқан - бүгінгі Шынжаң өлкесі және оның құрамындағы Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары, арғы жағында жатқан Бай-Өлке, Қобда өңірлері ежелден өз мекеніміз. Жоңғарлар жеңілгеннен кейін осы өңірге беталған қазақтар 1760 жылдардан бастап сол жерлерге қоныстана бастаған. Оның қарапайым ғана бір мысалы, 1860-1870 жылдары шамасы Алтай өңірін мекендеген керейлерге ат басын тіреген аға сұлтан Құнанбай: «өркені өсіп, керегесі кеңге жайылған ақ пейіл елі, ат ұстар ері бар Өр Алтай керейі түбі қазақтың бір тинағы болады екен» деген екен. Кеудесі кең дала данышпаны 1930 жылдың алды-артындағы қуғын-сүргін кезінде Бердеш Әзімбайұлы, Зият Шәкәрімұлы бастаған өз әулеттерінің, Әбдікәрім болыс бастаған талай текті тұқымның сол елді паналайтынын алдын ала сезген де шығар.

Бұдан біз «қаш-қаш» заманынан бұрын-ақ бұл өлкелерде қазақтардың мекен етіп отырғанын әбден білеміз. Ендеше ежелгі өз мекенінде отырып, отаны орда болған шақта қайта оралған қандасыңды кінәлау сананың таяздығы ғана емес, қандағы бауырмалдықтан гөрі безбүйрек құлдарда болатын одағай мінезді көрсетсе керек. Манағы айтылған құл тұқымының бір тексіздігі дәл осында жатыр.

Тәуелсіздік текті, асыл ақсүйек тұқымнынан аман қалған өрен-жаранды ата топыраққа жеткізуге орай жаратты. 1956-1957 жылдары және 1962 жылы отанына оралған бірнеше жүз мың қазақты айтпағанның өзінде 1991 жылдан кейін ортамызды толтырған миллионға жақын қандасымыз өзінің жүрегін ғана емес таза ділін, тілін, салт-дәстүр, ғұрып-әдет, ұлттық рухын әкелді. Бірақ олардың бойынан такаппар ақсүйектікті, құлдыққа, бұғауға көнгісі келмейтін асау мінезді байқаған құлдық санадағылардың көбі үрке қарады. Кеңестік кезеңнің құл шекпенінен шыққандарды басқаруға қарағанда ноқтасыз өскен «жабайылырды» көндіру қиын көрінді. Сөйтіп қандық жақындықтан гөрі демографиялық қажеттілік үшін жыртығымызды жамауға кірісіп, ел бойынша қазақтық пайызымыз 60-тан асқасын оларға кекірелей қарадық. Кеудесінен итермесек те кедергісін азайтуға құлықтық танытпадық. Сөйтіп тау суындай ағылған қазақ көші соңғы жылдарға келгенде тоқырауға бет бұрды. У-шу көбейді, кінәні солардың бойынан ғана іздеп тұратын солақай көзқарас бой көрсетті. Желкесіне мініп алып, құлдыққа ұстаған орыс «туысына» өмірбақи аузын ашып көрмеген «көсемдер мен шешендер» өз қандасына келгенде қабаған итше ырылдайтынды тапты. Тіпті беделді басылымдардың өзі ұялмай-қызармай ұлт ішіндегі алалықты үрлеуге барды. Бір ұлттың халқы оралман және жерлік болып екіге жарылып қана қалмастан дін жағынан да жақ-жақ бола бастады. Имандылыққа бет бұрғандардың арасына іріткі салып, исламға көлеңке түсірушілер де көбейді.

Жақынғы күндегі Жаңаөзен оқиғасын оралман аталған өз қандасымызға таңбақ болғанымыз бен ел газеті «Егемен» арқылы алыстан оралған қандасқа егемендіктің емес құлдың санасымен қарсы сөз айтуымыз соның бір ғана мысалы. Бір-бірін бауырына тартатын, ауыл мен алашы түгіл адамзатты бауыры санайтын тектіліктің үркуі осыны көрсетті.
Жат жұртта жаутаңкөз болған 5 миллион қазақ түгілі жау қолында қалған жалғыз ұлды құтқару жолында басын бәйгеге тіккен баһадүр бабалар рухы еске түссе кеңсірігің удай ашиды. Көзіңнің алды тұмандап, сол тұманның аржағынан телмірген милиондаған жанарды көресің. «Қазағым, қайран елім, қайран жұртым» деп ұртыңды тістейсің. Құлдық санадан құтқара көр деп Аллаға бас ұрасың.
Шын мәнінде «баяғыда моңғолдан, қытайдан, өзбектен келіп еді» - деп өз бауырымзды өгейсіту, оралман атау, олардан пәле іздеу ең үлкен сауатсыздық саналады. Олар әлде қашан Қазақстан Республикасының  азаматтығын алған. Осы елдің тұрғылықты халқы қалай күн көріп жатса, солай тірлік кешіп жатқан қара көз туыстарымыз. Олардың әлсіздігі немесе кемшілігі көрінсе ол біздегі көші-қон жұмысының ретсіздігі мен заңның атқарылуының әлсіздігін көрсетеді. Емханадағы ауруды «неге ауырасың?» деп кінәлай бергенше аурудың алдын алу шараларының дұрыс атқарылмай, ауырмайтын жолды көрсете алмағандығымызды, дәрігерлер жұмысының сылбырлығын сынауымыз керек қой.
Ел болып етек жауып жалпақ жаһанға өзімізді жарнамалап жатқанда өзге жұртта өгейлікпен тірлік етіп отырған қандастарымыз сол елдегі басым ұлттың телегейіне шөгіп бара жатса, көре тұрып көрге құлап бара жатқан бауырымызға қол ұшын бермеу тексіздіктің көкесі саналар еді. Елімізде болып жатқан әр күнгі жаңалықты сағат сайын қадағалап отырған алыстағы ағайындар бір ауыз жылы сөз естісе, жылап кқрісуге бар.Олар жылы мейірге, отанының алақандай жеріне зәру. Сондықтан біздің жайлы пәтерде отырып, ойланбай айтып қалған бір ауыз одағай сөзіміз бес миллион санды ұстайтын талай қазақтың тағдырына тас атқандық болуы әбден мүмкін. Көлдей көз жасына тоғытылған ет бауыр жақынымыз атажұртында емес, ажал дариясында шырқыраса, обалын кім көтереді!? Ондайда кешегі байшылдар-ақсүйектер тұқымы болған Алаш көсемдерінің рухы да тыныш жата алмас.

Адасқанымыз үйірімізді тауып, текті жаралған ұлтымызды өз тегіне қайтуға шақырсақ тарыдай шашылған қазақтың тұлғасын таудай биік мәртебеге көтерер едік. Жетпіс жыл жете алмаған «комунизимге» - «қазақтың комунизиміне»  жүректің шуағымен, пейіліміздің періштелігімен ғана жете аламыз. Сонда ғана жоғалтқан тектілігіміз ұясына қайта қонып, ұлылық сипатымыз ұрпағымыздың бойына дариды. Сонда ғана киелі жердің иесі болған аталарымыздың мазарын бауырына басқан қазақ топырағын арымыздың тазалығымен алаңсыз басып жүре аламыз.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5598