Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4214 0 пікір 20 Ақпан, 2012 сағат 04:03

Интернет-конференция: Досай Кенжетайұлы (Басы)

Интернет-конференциямыздың құрметті қонағы Досай Кенжетайұлына қойылып жатқан сауалдардың дені дін тақырыбын құрайды. Өзі де осы мазмұндағы сауалдарға білімі кемел ғалым оқырман қауымның білгісі келетін қандай мәселеге болса да ыждағатпен жауап беріп отыр.

"Абай-ақпарат"

- Ассалаумағалейкум, Досеке! Сіздің "сопылар ісі" кезінде Исматулла Мақсұмды қорғауға қатысқаныңыздан хабардармыз. Тапсырыспен жасалған жала екені айқын көрініп тұрса да бұл істі біржақты қарап, Қазақстандағы сопылықты жаңғыртушыларды 12-14 жылға соттап та жіберді. Сұрайын дегенім, Сіз Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде осы жайды Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне шығара аласыз ба?

Құқықтанушы.

 - Мен қауіпсіздік кеңесінің мүшесі емеспін.  Оның үстіне «сопылар ісі» қазір тек Қазақстанда емес, әлемге жария құбылыс болып тұр. Соттың үкімі негізсіз қиянатқа толы екендігі қоғамға белгілі болды. Бұл діннің саясиланғанының көрінісі. Сот ісіне сарапшы ретінде ресми шақырту алған кезімде осы жағдайға куә болдым. Бұл мәселе мемлекеттің қауіпсіздігіне де ұлттың болашағына да алаңдатушылық туғызып отыр. Сондықтан бұл құбылыс онсызда «күн тәртібінде» тұр деп ойлаймын.

Интернет-конференциямыздың құрметті қонағы Досай Кенжетайұлына қойылып жатқан сауалдардың дені дін тақырыбын құрайды. Өзі де осы мазмұндағы сауалдарға білімі кемел ғалым оқырман қауымның білгісі келетін қандай мәселеге болса да ыждағатпен жауап беріп отыр.

"Абай-ақпарат"

- Ассалаумағалейкум, Досеке! Сіздің "сопылар ісі" кезінде Исматулла Мақсұмды қорғауға қатысқаныңыздан хабардармыз. Тапсырыспен жасалған жала екені айқын көрініп тұрса да бұл істі біржақты қарап, Қазақстандағы сопылықты жаңғыртушыларды 12-14 жылға соттап та жіберді. Сұрайын дегенім, Сіз Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде осы жайды Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне шығара аласыз ба?

Құқықтанушы.

 - Мен қауіпсіздік кеңесінің мүшесі емеспін.  Оның үстіне «сопылар ісі» қазір тек Қазақстанда емес, әлемге жария құбылыс болып тұр. Соттың үкімі негізсіз қиянатқа толы екендігі қоғамға белгілі болды. Бұл діннің саясиланғанының көрінісі. Сот ісіне сарапшы ретінде ресми шақырту алған кезімде осы жағдайға куә болдым. Бұл мәселе мемлекеттің қауіпсіздігіне де ұлттың болашағына да алаңдатушылық туғызып отыр. Сондықтан бұл құбылыс онсызда «күн тәртібінде» тұр деп ойлаймын.

- "Сопылықтың неге міндетті түрде исламмен байланыстырылатыны түсініксіз. Сопылық бұрынғы дәстүрлі дүниеден жеткен көне, қасиетті ілім. Бүгінде кейін пайда болған дағдылар мен ғұрыптар өздерін дәстүр қылып көрсеткісі келеді. Бірақ шындығында олай емес. Ең соңғы зерттеулерге қарағанда дәстүр осыдан 11500 жыл бұрын жойылған. Дәстүрдің (біз бұл жерде әлмисақтық дәстүрді айтып отырмыз) кейбір қалдықтарын Индияда сақталып отырған касталық жүйеден іздеуге болады",- дейді сіздің алдыңызда ғана осы конференцияның қонағы болған Таласбек Әсемқұлов. Ал, сіз не дейсіз?.

- Сопылық феномені ислам топырағында пайда болды. Оның негізі Құран мен Сунна. Сопылық философиясы «әлмисақтық дәстүрді» емес, Құрандағы «әл мисақ» құбылысын өзіне тұғыр етіп алған, соның негізінде өзінің ұстанымы мен идеясын анықтаған. Былайша айтатын болсақ, Құранда, Алла «рухтардан сендердің жаратушыларың кім?» деп сұрайды. Олар да «Жаратушымыз Сенсің» деп жауап береді. Осы Алла мен рухтар арасындағы диалогты,  анттасуды, мисақ деп атайды. Сондықтан қазақтарға «Қашаннан бері мұсылмансың», - деп сұрағанда «әлмисақтан бері мұсылманмын» деп жауап беретін болған.

Жоғарыдағы автордың пікірі кешегі ориенталистердің тұжырымдамасының көшірмесі сияқты көрініп тұр. Қысқасы ориенталистердің бір тобы сопылықтың тегін Үнді діндері мен діни философияларынан іздейді. Мысалы, Вахдат-и вужуд доктринасы мен "Веда" мектебі арасында ұқсастықтар, Мәулана өлеңдері мен "Гита Говинда" арасында, В.Джонес Ибрахим бин Атхамның өмірімен Будданың өмірі арасында ортақтықтар тапқан Кремер мен Розан "Упанишатқа" сопылық ойлауды жақындастырған Толюк пен Гортен сопылықтағы үнділік "табиғатты" тапқандар кең мағынада өздерінің жеке тұжырымына сүйенеді. Дәлірек айтқанда сопылық ойлау мен үнді идеялары арасында жасаған Бирунидің кейбір еңбектеріндегі бұрынғы аналогияға негізделеді. Үнді ойлау жүйесіндегі патанкали және йога-сутра сопылыққа әсер ете алмайды. Өйткені, бұл ағым сопылықтан, тарихи тұрғыдан Халлаж бен Баязид өмір сүрген ғасырлардан кейін пайда болған. Тарихи тұрғыдан кейін пайда болған ағым, өзінен бұрынғы сопылыққа қалай негіз бола алады?

Тағы бір топ зерттеушілер, Бирунидің "суфи" сөзінің грек тіліндегі "софос" сөзінен шығуы ықтимал" деген сөзін негізге алып, сопылықтағы негізгі ойлау жүйесінің пифагоршылдық, платоншылық және неоплатоншылдық философиясындағы ұқсастықтарға сүйене отырып, сопылықтың тегін грек философиясы арқылы түсіндіруге тырысқан. Мысалы, М.А.Убицини, Гаммер, Е.Ренан, Никольсон, Венсинск және т.б. ориенталистерді осы топқа жатқызуға болады.

Негізінен сопылықтың шығу тегін әртүрлі дін және философиялық қалыптармен анықтағысы келгендердің пікірлері өзара қайшылыққа толы. Никольсон сопылықтың тегін бірде үнді философиясына, бірде христиан дініне апарып тірейді. Ренан да бірде иран, бірде грек философиясына негіздейді. Өздері өздеріне қайшы келіп отырады. Сонымен қатар бұл топтағылар бірінің идеясын бірі ешқашан қабылдамайды. Керісінше бірін бірі жоққа шығарады.

Батыс ориенталистерінің сопылықты түсіне алмауын табиғи қабылдауымыз керек. Өйткені сопылық исламға тән құбылыс. Егер сопылықтың негізі мен тегі жағынан дегдарлық пен тақуалықтан, Құран мен пайғамбардың діни тіршілігінен шыққандығын қабылдайтын болсақ, оның тегін неге басқа бір мәдениеттерден, діндерден іздеуіміз керек. Батыс зерттеушілері Маргулио мен А.Массигнеон, Тримингем, Корбин, Каспер, Гардет және т.б. ориенталистер сопылықтың түп-тамырының исламда екендігін енді түсіне бастады. Мысалы, кезінде сопылықты христиандық арқылы түсіндірген Тримингем "Исламдағы сопылық тариқаттар" атты еңбегінде сопылықты исламның өзегінен шыққан табиғи даму құбылысы ретінде көрсетеді. Құран Хз. Пайғамбарды парыз болған ғибадаттан тыс, түнде намаз оқуға, Алланы еске алуға (зикр), Құран оқуға шақырады [Аяттарды оқып көріңіз: 17/7;52/48-49;76/26;]. Осы аяттар негізінде "тахажжуд" намазы мұсылмандарды дегдарлық пен тақуалыққа итермеледі, Пайғамбар да ораза парызынан тыс ораза ұстаған. Ораза айларының ортасы, басы, соңында "ғарға" кірген. Хира тауына, үңгірге барып терең ойға, зікірге түсетін болған. Пайғамбар жеке, әрі қоғаммен бірге бұл ғибадаттар мен ритуалдарды орындаған. Бірақ, тарихи үдерісте, сопылық әр түрлі уақыт пен кеңістіктерде, кейбір қажеттіліктерді жауаптандыра отырып, негізгі өзегіне зиян келмейтіндей даму жолдарынан өтті.

Дегенмен дін құбылысының табиғатына сай сопылық та уақыт пен кеңістікке қарай әрбір ұлттық мәдениеттердің іздерін өз бойында тасымалдауы ықтимал. Мысалы, Қожа Ахмет Иасауи тариқатында дәстүрлі түркілік дүниетанымдық қабаттардың іздері бар. Сопылыққа Фараби, Ибн Араби, Сухрауарди сияқты ойшылдар арқылы неоплатондық элементтер де кірген. Бірақ, бұл сопылықтың ислам дінінен шыққандығына ешқандай да нұқсан келтірмейді.

- Досеке, Абай.кзны біреулер сопылардың сайты деседі. Бірақ, Абай.кз барлық діни ағымдарға ашық сайт сияқты. Оған сайттың архивіндегі мақалалар мен сұхбаттарды мысал ете аламын. Сіздіңше, дін таласын көлеңкеде ұстаған дұрыс па, әлде, Абай.кз сияқты ашық талқыға салған дұрыс па?

- Меніңше дін таласы екі басқа дін арасында жүреді. Бізде мысалы миссионерлер ішімізден өздеріне жақтас табу үшін жан таласып жатыр. Ал қазақтар бірігіп, осындай қитұрқы диверсияға қарсы тұрудың орнына, өзара БАҚ-та, діни танымда тартысып, потенциялымызды сарп етіп отырмыз. Ал сайттағы пікірталас туралы айтатын болсақ, барлығы ислам діні негіздерінің танымдық қырларының өкілдері екендігін көрсетіп жатыр. Бұл табиғи құбылыс. Жас баланың «менің анам ең сұлу дегені сияқты». Ашық талқыдағы жастардың бір біріне қарсы жауаптарында ғылыми уәж жоқ. Тек қана форма. Олар ҚМДБ атынан, сопылар немесе салафилік тұғырдан жақ жақ болып жатыр. Енді осыларға қарап қоғамдағы діни танымның қабаттарын тануға болады. Оның үстіне діни психологияда коллектившілдік немесе жамағаттық ерекшелену басым болады. Бұлар діни тәжірибе феноменінің табиғатында бар нәрсе. Енді менің ойымша осы қабаттардың бірер өкілін ашық көрсетіп, адресін жазып соған тікелей сұрақтар ұйымдастырса, сонда олар да дін ғылымында ізденіп тереңдей бастайды. Әрі мәдениет қалыптасады. Жалпы бүгінгі қоғамдағы реалды болып жатқан мәселелерді бүркеп, жасырып, өтірік ақпар беріп шеше алмаймыз. Халықтан несін жасырамыз, ол АЛХАЛИҚ-тың көрінісі емес пе!

- Құрметті Досеке!  Сізден сұрайын дегенім, бұл күнге қалай ғана тап болдық?

Сонау 90-жылдардың қатерлі өткелінің өзінде ұлттық мәдениетіміздің өзегі - сопылық пен салт-дәстүрімізге құрметіміз кіршіксіз еді. Елбасымыздың барлық кітаптарында дерлік осы жол дәріптеліп келді. Енді келіп Азаттығымыздың жиырма жылдығы белесінде бұл құндылықтарымыз адасушылыққа, оны насихаттау қылмысқа айналды. Маман ғалым ретінде осы суфизмофобия мен дінді бір текті өлшемге тоғыту сеңінің артында ішімізде не сыртта болсын, қандай «ойыншылардың» бейнесі қылтиятынын тап басып айта аласыз ба?

Абзал Алматыдан.

- Рас кешегі кеңестік атеистік жүйе кезінде ұлттық болмысымыздың ескерткіштері сияқты көрінген, солай қабылданған Иасауи кесенесі мен руханияты ғана көңілге медеу сияқты болатын. Бірақ сол кезеңде де сопылыққа кеңес билігі қырын қарайтын. Себебі сопылықта өз ішінде қамтылған ұлттық болмыстық мән сақтаулы болатын. Оны дамыту, совет адамына, саясатына қауіпті болды. Сөйтіп жүргенде Иасауи мен Маркс ілімдерінің формалық ұқсастықтарын насихаттайтын ғылыми атеизм мамандары шықты. Атеистік қоғамның секулярлық ұстанымының тысында сопылыққа деген көзқарасы осылай болды. Ал жалпы Батыс пен Шығыс арасындағы жарыстан қалып қоюдың негізінде суфизм жатыр деген идеяға да екі ғасырдан асты. Бұған ориенталистика, европаценртистік тенденция, сонымен қатар исламдағы захири дін өкілдерінің де қатысы болды. Сонымен өзара танымдық теке тірестен туындаған сызат ақыры суфизмофобияны алып келді. Бұл Абайдың кезінде де болды.  Бұл битке өкпелеп тонды отқа жағумен тең құбылыс еді. Ал Исламның мәні тоқырап кете барды. Барлығы діни білімнің таяздығы, тарихи сабақтастықтың жоқтығы мен сыртқы саясаттың да ықпалынан туындап жатты. Оның үстіне қазір жахандық үдерістің мақсаты орындалып жатыр. Онда сенің құндылық деп қарағаның құнсызданып шығу керек, соның арқасында өзінің шаблонын қабылдауың керек. Осы орайда оның шаблоны -- «иегінде көлдей сақалы бар, қолында калашников автоматы бар мұсылман типі». Міне осы мәселелер Батыстың «социальная инжинерия» теориясы арқылы жүріп жатқанына қарным ашады. Көріп, біліп отырып тоқтата алмаймыз. Дәрмен жоқ. Неге?  Себебі осы теорияға яғни, балтаға сап болып отырғандар өз ішімізде. Олар өздерінің кімнің тапсырмасын орындап жатқанынан да бейхабар. Соның нәтижесінде «Мылтықтың басуына киіктің қасынуы» сай келеді емес пе. Сопылар туралы келеңсіз ақпарат жиналды. Иасауи атын атау қазір абсурд хәлге келді. Оған бүгінгі өзін осы жолда жүрміз дегендердің де үлесі бар.

- Досай Кенжетайдың азаматтық позициясы жолында табандылық көрсетіп, жазықсыз сопы азаматтарды жаладан арашалау жолындағы шын ғалымға тән қадамдарына ырзалығымды білдіремін. Ғылымның асқарынан көрініп, Тынышбаев, Сәтбаев, Бекмаханов, Машанов сияқты халық ардақтайтын ғалымдар қатарынан орын алыңыз.

Бектұр

- Рахмет! Менің араша болып жүргенім дін мен мемлекет арасындағы зайырлылық ұстанымының басшылыққа алынбағандығына наразылық еді. Бұл дін мен мемлекет қатынасындағы ең басты саяси қателік болатын. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Сындарлы он жыл» еңбегіндегі қоғам және дінді реттеудің механизмдерін ашық көрсеткен болатын. Бірақ амал қанша оны ескерген сотты көрмедім...Ғалым ретінде осыны көріп, біліп отырып үнсіз қалуға болмады. Ал сопылардың да өзіндік қателері жоқ емес, бірақ сотталатындай жазығы да, қылмысы да жоқ екендігіне көзім жетті.

- Ассалаумағалейкүм, Досай аға! Менің мынандай сұрақтарым бар еді: Сіздің Иассауи жолы туралы диссертацияңызды оқып шықтым. Ұнады. Бірақ мен Иассауи жолының тарихын білгім келеді. Зікірия Жандарбектің Иассауи тарихаты туралы монографиясы көңілімнен шықпады. Иассауи жолының тарихы туралы қысқаша мағлұмат бере аласыз ба?

- Иасауия тарихы туралы З.Жандарбектің еңбегі өте құнды еңбек. Дегенмен сізге қысқаша мағлұмат бере кетейін. Қожа Ахмет Иасауидің өмір сүрген кеңістігі мен уақыты түріктердің төрт ғасыр бойы исламмен танысып, кей тұстарда қауым-қауым болып ислам дініне кіре бастаған кезең екендігі тарихтан мәлім. Иасауиге дейінгі төрт ғасырдың нәтижесі ретінде алғашқыда Аббаси халифаты билігіне қарасты Тұлын (868-905), Саж (890-929), Ихшидилер (935-969) сияқты жартылай тәуелсіз түрік саяси биліктерінің артынан Еділ-Бұлғар хандығы (922ж. ислам дініне кірген), Қарахан (Исламды 944/945 ж. қабылдаған) (840-1212) билігі, Ғазнауи (963-1186), Селжұқтар (1038-1194) және Хорезмшах (1092-1221) мемлекеттері алғашқы және өте маңызды түрік-ислам мемлекеттерінің пайда болулымен бірге тамыры тарихтың тереңінен келе жатқан дәстүрлі түркілік дүниетанымдық мәдениет құндылықтарының исламдық мәдениет және өркениет қабаттарымен танысуы нәтижесінде жаңа түрік-ислам мәдениеті мен өркениеті қалыптаса бастаған болатын.

Иасауи ілімінің қалыптасу кезеңінің алғашқы тарихи, діни, саяси негіздері XІ ғасырларға дейінгі түріктердің мұсылман кеңістігі ішіндегі әр түрлі ағымдардың пайда болуымен қатар жүріп жатқан Ислам Аббаси халифатынан тәуелсіз жекелеген саяси биліктердің (хандықтардың) қалыптасу дәуіріне сай келеді.

Иасауи ілімі уақыт тұрғысынан ХІІ-ші ғасырдың жартысында Мавераннахр, Түркістан, Ферғана яғни, бүгінгі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркменстан мен Тәжікстан территорияларына таралды. Түркілік мәдениет негізінде құрылған барлық тариқаттар осы Иасауи ілімі - жолы негізінде қалыптасты. Мұны Нақшбандиййа (Мұхаммед Бахауиддин Нақшбанди (1389 ж.қ.б.) мен Кубрауиййа (Нажмаддин Кубра-1221 ж.қ.б.) силсиласындағы Ахмет Иасауи шәкірттерінің орын алуынан-ақ көруге болады. Иасауи мәдениетінің Үндістандағы мұрагерлері Хайдариййа тариқаты болатын. Бұл туралы деректер ХІҮ-ші ғасырда Ибн Баттута Саяхатнамасында, кейіннен Симон Дигбу, Терри Зарконъе сияқты Батыстық ориенталистердің еңбектерінде кездеседі. Онда Иасауи дәруіштерінің ХҮІ-шы ғасырға дейін Синд, Пенджаб аймақтарында өзі ілімдерін таратқандығы туралы мәлімет бар. Кіші Азия-Анадолыда Иасауи ілімі ХІІІ-ші ғасырдың бірінші жартысынан бастап Хайдарилік тариқаты арқылы ене бастады. Құтб-уд-дин Хайдар (ХІІІ ғ.) кейіннен ХҮІ-шы ғасырдың басында құрылған Бекташиййа тариқаты да Иасауи ілімінің жалғасы ретінде тіршілігін жалғастырып келеді. Алтын Орда дәуірінде Өзбек Хан (1313-1341) кезеңінде исламның ресми дін ретінде танылуы нәтижесінде суфилік Еділ бойына 13-14 ғ. енді. Суфилікті бұлғарларға әкелген Иасауийа тариқатының өкілдері болды. Осы суфилердің арқасында ислам қалалықтардың, саудагерлердің діні сипатынан арылып, дала, көшпелілерге, әсіресе ауылдық елді мекендерге тереңдеп жайылады.

Бұл кеңістікте Иасауи ілімі исламның өзі және өзегі ретінде қабылданып, ХІІ-ХІҮ ғасырлар арасында Орта Азия, Таяу Шығыс, Үндістан жерлеріндегі саяси оқиғалар, мәдениет көші негізінде Хорезм, Хорасан, Азербайжан арқылы Кіші Азия-Анадолы топырақтарына, одан Балқан, Еділ-Оралға дейінгі аймаққа жайылды. Бірақ, Иасауийа тариқатының ықпалы кейінгі дәуірлерде қазақ-қырғыз арасында шектеліп қалды. Иасауи жолы ХҮІ-ші ғасырға дейін Ферғана, Ош, Өзбекстан жерінде өзінің жандылығымен танылса, ХІХ-ғасырдан ХХ-ғасырдың 70-ші жылдарына дейін яғни, Кеңестік дәуірде де аты аталған аймақтарда тіршілігін сақтап келді. Иасауиййа тариқатының ХІХ- ғасырдың екінші жартысында Қырғызстанда  "Лахшылар" (Аллаһчи) атымен Сәнуар (1870) шайхтың басшылығымен қайта жаңғырып, кейіннен бұл тариқат советтік режимге қарсы "ғазауат-жихад" көтерілістеріне мұрындық болған. 1920-жылы осы "Лахшылар" тариқатының жалғасы ретінде Әбутәліп Сатыбалдыұлы деген шайхтың басшылығында "Шашты ишандар" тариқаты шығып, советтік атеизм үгіт-насихатына қарсы астыртын іс-шаралар жүргізген. 1955-жылы да Өзбекстанда да Мадарифұлы Тұрсынбай Ишан басшылығында кеңестік жүйеге қарсы ашық жихад жариялаған. 1961-жылы бұл әрекет әшкереленіп, Кеңес Өкіметі оларға қарсы Орта Азия Дін Істері Басқармасы арқылы күрес жүргізген. Нәтижеде суфилер жеке жеке тұтқындалып, Сібірге жер аударылған. Бұл туралы деректерді қырғызстандық Мамбеталиев Сатыбалдының 1969 жылы жарияланған "Киргизиядағы кейбір мұсылман ағымдарының қалдықтары және олардың тарихы" атты еңбегінен, сонымен қатар Кеңес дәуірінде де Иасауи ілімінің сақталуы мен қоғамдағы орны туралы француз зерттеушісі Александр Беннигсонның "Суфи және Комиссар: Ресейде Ислам тариқаттары" атты кітабынан табуға болады.

Иасауи ілімінің дүниетанымымыздағы, мәдениетіміздегі маңызына оның мұрасын көрсететін рисалалар, трактаттар арқылы да көз жеткізуге болады. Алдымен Иасауи мәдениетінің айнасы ретінде танылатын Диуани Хикмет, Фақрнама және Мират-ул Қулуб (Көңілдің айнасы) рисаласын атап өтуміз керек.

Имам Хусамеддин Хүсайн бин Али Сығнақидың (1311 ж. қ.) "Рисала-и Хусамеддин-и Сығнақи немесе "Манакиб-и Ахмед-и Иасауи" атты еңбегі бар. Бұл еңбек Ахмет Иасауи және Иасауиййа тариқаты туралы кейіннен жазылған еңбектерге дерек көзі болған. Мысалы Алим Шайх "Ламахат" және Мұхаммед Шариф өзінің "Хужжат-ул Закирин" атты еңбектерінде осы рисаладан пайдаланған. Бұл рисалада Иасауидің аңға салар құсы-бүркіті мен тазылары болғандығы туралы мәліметтермен қоса сұхбатынан дәріс алған есепсіз шәкірттері жөнінде айтылады.

Оның салып кеткен арналары негізінде түркілік мұхиттың түкпір түкпірінде көптеген тұлғалар өсіп жетілді. Мысалы Абдул Фараж әл-Уасифидің "Тириак-ул Мухиббин" атты (1275-1343) еңбегінде Қажы Бекташ Әулиенің (1352-1430) Ахмет Иасауи жолының мұрагері ретінде оның рухани силсиласын (шынжыр-шежіре) да келтірген.

Иасауиййа тариқатының өкілі Сұлтан Ахмет бин Махмут Хазини ал-Хисари (1593-4), "Манба ул-Абһар фи рийаз-ил-Абрар (Әулиелердің бақшаларындағы теңіздің қайнар (бұлақ)лары" атты еңбегін 1586 жылы жазған. Бұл еңбекте, кемел адамдардың өмірі, істері, ахлақи-рухани фазылдары, "сыр теңіздері", әділет, беріктіктері, ғайып сырлары, тариқат, хақиқаттан мәлімет берілген. Иасауидің өмірі, ілімінің мәні, сопылық ойларынан мәлімет бар. Иасауидің "өлмес бұрын өлу" концепциясы мен "фақр" философиясы кеңінен түсіндірілген.

Бухаралық Азизуддин Насафидың (өл.ж.1281-1282) "Инсан-и Камил" атты еңбегі ХІІІ. ғасырда (1262-1281) парсы тілінде жазылған. Мавераннаһр және Түркістан аймағындағы сопылық дүниетанымдық мұхиттың категориялық және ұстындық жағынан түбі бір. Бұл кітапта кемел адам мәселесі сопылық-философиялық тұрғыдан түсіндірілген.

"Шараит-ул-Иман" (Иманның шарттары-Қазан-1901 ж.б.) атты кітаптың соңында "Кімнің силсиласынансың? (Кімнің жолындасың)" деген сұраққа "Қожа Ахмет Иасауи жолындамын" деп жауап берілген. Бұл мәлімет Иасауи дүниетанымының сол дәуірде ұлттың болмысын анықтайтын критерии ретінде қалыптасқандығының дәлелі.

Бұлғар тарихы туралы рисалада "Рисала-и-Тауарих-и Булғарийа"(1588 жазылған. Қазанда 1902 ж. қайта басылған)-Иасауидің сол аймақтағы шәкірттері туралы мәлімет бар. Молла Жамидің "Нафахат-ул Унс" атты кітабын шағатай тіліне аударып, оған Түркістанның мәшһүр әулиелерін қосып жазып, тарихи құнды мәлімет қалдырған Әлі Шер Науаи өзінің "Насаим-ул Махаббат.." атты кітабында Иасауи туралы "Түркістан жұртының құбыласы" деп баға берген.

Жалпы, ХІХ ғасырға дейінгі медреселерде "Әліпби", "Иман шарт" "Кауаийид-ул Ислам" "Шараи'ит ул-Ислам", 'Илм-ул-Хәл" "Әптиек" (Хафт-аяқ Құранның жетіден бір бөлігі); "Құран", "Сират-ул анбийа" және т.б. араб, парсы, түркі тіліндегі кітаптар Иасауи ілімінің негізінде жазылған болатын.

Иасауидің алғашқы халифасы (шәкірті) атақты Арыстан Бабаның ұлы Мансұр Ата (1197), екінші халифасы-Сайид Ата Хорезми (1218); үшінші халифасы-Сүлеймен Ата Бақырғани (1186). Иасауидің ең мәшһүр халифасы Сүлеймен Бақырғани (Хаким Ата) екендігі жайында Кашифидың "Рашахат-ул айн-ил хайат" атты кітабынан көруге болады. Оның мұраларындағы негізгі тақырыптар, сопылық-дәруіштік хәлдер, хикметті сөздер категориясы оның Иасауи дәстүрінің мирасшысы екендігін көрсетеді. Оның мұраларында Диуани Хикметтің рухы жанданып, жалғасын тапқандықтан, Фуат Көпрулу Сүлеймен Атаны "Иасауидің хикмет дәстүрін жалғастырушысы әрі жаңғыртушысы" ретінде бағалайды.

Тағы бір мәшһүр халифаларының бірі Иасауидің "Мират-ул Қулуб" атты мирасын хатқа түсіріп, аманат қылып қалдырған Суфи Мұхаммед Данышменди (шамамен м.1220 қ.б.) болып табылады.

Иасауидің тариқаты Зеңгі бабамен жалғасады. Садыр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шайх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да оның шәкірттері саналады. Александр Беннигсон Иасауидің Шопан Ата және Қара Баба атты шәкірттерінің болғандығын айтады. Иасауидің шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: "Мутасаууфтардың (суфилардың) биографиясы жайлы еңбектерде Ирақ, Хорасан және Мавераннаһр суфилерінен басқа түрік шайхтары деп жүрген суфилердің барлығын дерлік Иасауийа тариқатының шайхтары еді", - дейді.

Түркиялық Иасауитанушы-әдебиетші ғалым Кемал Ераслан Иасауидің хикмет дәстүрін жалғастырушылар ретінде Құл Сүлеймен, Азим Қожа, Мешреб, Қожа Хамид, Құл Убайди, Хувайда, Құл Шерифи, Наубати, Қани, Ғариби, Дәруіш Әли т.б. суфи-дәруіштерді атайды. Науайи, Фузули, Мақтұмқұлы, Юнус Әміре, Мевлақұлы мұраларын оқи отырып, Иасауи дүниетанымын, дәстүрін, тілі мен ділін, жалпы дәстүрлі түркілік сопылық рухты көруге болады. Өйткені, Иасауи мәдениетін, ілімін таратушыларда идея-мұрат, термин, түсіндіру әдістері ортақ. Иасауи жолының мұрагерлері Азербайжанда Насими, Хасаноғлу, Омар Раушани болса, Түрікменстанда мәшһүр Мақтұмқұлы Иасауиді "Ей дүниенің иесі-тірегі, Ахмет Иасауи, Менің "Сахиб- Жамалымды"(Менің Тәңірімді) көрдің бе?, Хырка киген Қожа Ахмет Сайрамдадүр, Сайрамда", - деп танытады. Қап тауы жағында да Қопыз Абдулла, Умми Кемал, Абдурахман әл-Қақашора Дағыстани сынды Иасауи ілімінің мұрагерлері бар.

Иасауи ілімінің қазақ жеріндегі мұрагер-сүлейлері ретінде Қарасақал Ерімбет, Дүр Оңғар, Бұдабай Қабылұлы, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Құлан Алдабергенұлы, Даңмұрын Кенжебекұлы, Рахмет Мәзқожаұлы, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Қуаныш Баймағамбетұлы т.б., ақын-жырауларды сонымен қатар Асанқайғы, Бұқар жырау, Ақан сері, Абай, Шәкәрім, Мәшхүр Жүсіп т.б. атауға болады.

- Шакәрім қажы "Қалқаман-Мамыр" поэмасы арқылы 7 атадан қыз алыспау салтын сынаған ба, жақтаған ба, түсіне алмадым. Оңтүстіктегі менің ауылымда осыған ұқсас жағдай болып, у-шу көтерілген. Сол кезде менің аталарым 5-ші атадан қосылатын, бірақ бір біріне үйленгісі келген екі жастың басын шауып тастай жаздапты. Әйтеуір, екі жас райынан қайтқан соң менің аталарымда ашуын басыпты. Осындай жаға ұстататын жайттарға Сіз не айтасыз?

- «Қалқаман Мамыр» поэмасында, екі жастың өзара махаббаты болғанмен, отбасын құра алмайтындығы айтылады. Ел екі жасқа қарсы шығады. Бұл сюжет «Еңлік Кебекте» де бар. Сондағы Кеңгірбай сияқты болғым келіп тұр, оған рұқсат беретін болса, бұл құбылыс ел арасында жаппай етек жайып кетуі мүмкін, сондықтан туыстар арасында некеге жол жоқ. Ол біздің бабаларымыздың салты. Ол құндылық. Ал құндылық сыналмайды. Ол дәріптеледі, насихатталады. Қыз алысу мен қыз берісу қазақы мұсылмандықта өзіндік ерекшелігі бар құбылыс. Шариғат бойынша бір анадан сүт ембесе, немере туысымен де некелесуге рұқсат. Мысалы өзбек және т.б. халықтардағыдай. Шариғат жеті атаға дейін үйленбеуге де рұқсатпен қарайды. Мұны қазақтың артықшылығы деп бағалар едім. Медицина да дәлелдеп отыр. Жалпы мына жахандық үдеріс кезінде дәстүріміз бен салтымызға мейлінше берік болғанымыз абзал. Ұлттық ерекшелік сонда сақталады.

- Нақышбандия тариқатының қазақ тарихындағы рөліне қандай баға бересіз? Олардың шын аты Нахшилар дейді, "банди" дегенді жалғаған большевиктер деседі, осы рас па?

- Бахауддин Нақбандия жолы да Иасауи жолы негізіне құрылған. Қазақ мұсылмандық тарихында олардың да үлесі мен өзіндік орны бар. Ол - Ханафи мазхабы мен Матуруди ақидасы негізіндегі сунни тариқат. Кешегі орыс отарлауына қарсы, одан кейінгі кеңестік идеологияға қарсы соғысқан бабаларымызды орыстардың «бандиттер» деуінің артында осы сопылықтың тарихи орны болғанын көруге болады. Бірақ, Нақшибандиттер деген сөздің екінші бөлігіндегі бандиттер деген сөзді ғана алып соларды «бандиттер» деген. Яғни, сопылар дегені еді. Біздің ұлт азаттық соғыстың бел ортасында адам рухының инженерлері осы сопылар болғанын тарих көрсетіп отыр.

- Бұхар Жырау мен Мәшһүр Жүсіпті бір журналист нақышбанд қылып жіберіпті. Ұмытпасам «Жас Алаш» газетіндегі Сайлау Байбосын болса керек. Мен бұған келісе алмадым. Сіз ше?

- Рас, Шәкәрім, Мәшхүр, Қалжан ахун сияқты бабаларымыз нақшбандия тариқатының өкілдері, «бирадары» болған. Жалпы нақшбандия тариқат ретінде қазақ руханияты тарихында 18-19 ғасырларда кеңінен орын алған. Әсіресе жоңғарға қарсы соғыста нақшбандилер белсенді болды. Соның арқасында қазақ, өзбек, қырғыз әскерлері қосылып жоңғарға қарсы тұра білді. Ол да қазаққа жат тариқат емес.

- Мен нақышбандтар жиі мақтаныш қылатын пірлерінің тізбегін көріп шықтым. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с-нан бастапты. Хамаданиге дейінгілерді таныдым. Ары қарай бірде біреуін қабылдай алмадым. Өйткені іштерінде қазақ жоқ. Мөңке би қайда, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қайда? Қазақ сахарасында қаншама әулие, бектер өткен. Солардың бірде біреуін таппадым тізімдерінен. Қазақтың иісі жоқ. Қазақтың иісі жоқ бұл пірсымақтардың жолын қазаққа тықпалай берудің не қажеті бар?

- Нақшбандия тариқатының шайхтары көбіне тәжік, өзбек арасынан шығып отырғандығы мәлім. Тариқат нәсіліне емес, адамның діліне қатысты мәселе. Ал силсиладағы тізімдерде  сол жолдың шайхтарының ғана аты аталады. Иасауи мен Нақшбандия арасындағы силсилада бастау ретінде Иасауия Хз.Алиден басталса, Нақшибандилерде Хз.ӘбуБакрден басталады. Барлық тариқаттар Иасауи силсиласын «силсилат ул захаб» ретінде мойындап, құрметтейді. Ал сіз айтқан Мөңке, Қазыбек, Төле, Әйтеке билер олар шайх болмаған, екеншіден силсилада «хожаган әулеті ғана» орын алады. Бұл мәселе осылай. Сосын «олардың жолы» «біздің жол» деген болмайды барлығы исламдағы арды түзеуге бағытталған ортақ рухани, моральдық кемелдену жолдары. Екі жолдың айырмашылығы методтарында ған. Ұстанымы мен идеясы бір. Бүгінгі өздерін «Иасауи жолындамыз» деп жүргендердің "Иасауи тариқаты - қазақтардікі, нақшбанди тариқаты - өзбектердікі" деген ұстанымы түбірімен қате. Ешқандай ғылымға, тарихқа, мәдениетке де, діни танымға да сай келмейтін тұжырым. Сонда Құнанбай, Шәкәрім мен Мәшхүр Жүсіп қазақ болмағаны ма? Абай да Шәкәрім де Мәшхүр де нақшбанди тариқатынан сусындаған. Жалпы тариқаттарды қарама-қарсы қою, сопылықтың мәнін білмеушіліктен туындайды.

- Иассауи силсиласы үзілген деген ұшқары пікірлерге жаным қынжылады. Бұл пікірді орталық мешіттегі молдаларымызда айтады. Иассауи жолы - Құдайдың жолы. Құдайдың жолы не үшін үзілуі керек? Иассауи жолы Карл Маркстің коммунистік идеясы емес ғой үзіліп қалатын?

- Кезінде Клара Тәжікова Иасауи мен К. Маркс ілімдері арасында ұқсастық пен параллелдіктер іздеп кітап жазған, соны оқып көріңіз. Дұрыс айтасыз, Иасауи ілімі К. Маркс идеологиясымен үндеспейді. Бірақ бүгін Қазақстанда Иасауи жолындамыз дегендер - түрмеде, ал Маркс жолындамыз дегендер - Парламентте отыр. Коммунистік идеологияның үзілгені қайда қалды? Ал Иасауи жолының баяндылығы қайда қалды? Көрдіңіз бе, қоғамда саяси тұрғыдан логикаға сыймайтын осындай мәселелер кездесе береді екен.

Иасауи ілімі - сопылық дүниетанымға негізделген. Басты ұстанымы - ғашықтық, мұраты - Алла. Бұл ілім діни терминологияда "хәл ілімі" деп аталады. Абай айтқан "терең ой" осы Иасауи ілімінің негізгі ұстыны болып табылатын "ішкі көздің ашылуына негізделген. Бұл ілім бойынша мәннің мәні - Алла. Сондықтан әлемнен форма емес, мән ізделеді. Бұл толығымен діни танымдық тенденция. Үйлесімділік басты шарт: Алла мен адам, әлем мен Құран арасындағы үндестік айқын. Иасауи ілімі - Құран мен Хадиске сүйенген - ар түзейтін ілім. "Менің хикметтерімнің мәні Құран" - деген Иасауи Аллаға да, сөзіне де, пайғамбарына да махаббатпен үндескен.

Иасауи ілімі бүгінгі қазақ мұсылмандығының негізі. Сондықтан біз Иасауи жолындағы қазақ мұсылмандарымыз. Иасауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақаидтық (доктриналық) жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы.

Кешегі жетпіс жылдық қыспақта, бодандықта болған кезімізде, біздің тарихымызды зерттеген орыс ориенталистері, руханиятымыздың негізінде осы Иасауи ілімі мен мәдениеті жатқандығын дөп басқан. Сөйтіп бұлардың арасына іріткі салу немесе тариқаттар арасында жік салу мақсатында суфилерді олардың зікірлеріне қарап, "Лахчилер, Алаһушылар, Ақұдайшылдар" деп бөлген. Лахчилер - Қырғызстандағы, Аллаһушылар - Өзбекстандағы, Ақұдайшылар - Қазақстандағы Иасауи жолындағылар.

Кешегі дінсіздендіру және құдайсыздандыру саясатынан, сұмдық апаттан ұлттығымызды аман сақтап қалған Иасауидің рухы, ілімі, мәдениеті, жолы, кесенесі және ізбасарларының шығармалары негізіндегі абайтану, әуезовтану, түркітану, иасауитану сияқты ғылым салаларының жанды тұтылуы болатын. Иасауитану саласы бойынша Иасауи мұрасы негізінен үш саладан тұрады. Біріншісі, Иасауи жолы, яғни тариқаты. Екіншісі, Иасауи ілімі. Үшіншісі, Иасауи мәдениеті.

Иасауи тариқаты - сопылық психотехникалық тәлім-тәрбиелік жүйесі бар, ұстаз бен шәкірт арасындағы шынжыр (силсила), дәстүрлі сабақтастығы бар жол. Бұл жолдың бастауы Хз.Мұхаммед пайғамбарымыздан Хз.Алиге одан Хз.Мұхаммед-Ханафиямен жалғасып, Иасауи және оның жолын қуған шәкірттерімен шынжыр, рухани желі арқылы созылып жатыр. Иасауи силсиласы - түркі тарихында "алтын шынжыр" немесе "ұлы тариқат" деген атпен белгілі. Иасауи жолы - тариқат деген сөз. Ал силсила, ұстаз бен шәкірт арасындағы тарихи сабақтастықтың жалғасын білдірді. Иасауийа тариқатының соңғы шайхы - ұстазы бұдан бір ғасыр бұрын дүниеден өткендіктен силсиласы тоқтаған тариқат дейміз. Бірақ, бұл силсила тоқтағанымен оның ілімі мен мәдениеті тіршілігін тоқтатқан емес.

Бүгінгі Иасауи тариқатының ұстазы - Исматулла Торбайұлы. Ұлты қазақ, өзі қадирийа тариқатынан шәкірт тәрбиелеу үшін берілетін рұқсат (хатт-и иршат) алған. Силсиласы бойынша қадирийа жахрийа тариқаттарында болғанмен, бүгінде Иасауи, Шәкәрім, Мәшһүр еңбектері негізінде жаңа Иасауи мәдениеті мен ілімін насихаттауда. Негізінен сопылық тарихында бұл құбылыс көп кездеседі. Басқа тариқат шайхы келесі бір тариқаттың басында иршатта, яғни рухани ұстаз бола береді. Мысалы бір тариқат шайхы күтпеген жерден қайтыс болып орнын басатын кемелдікке жеткен шәкірттері болмай қалуы мүмкін. Сондай жағдайда басқа тариқат шайхының рухани тәрбиесі мен рұқсатын алып қайтадан өз тариқатын әрі қарай жалғастыра береді. Негізгі ілімі - сопылық, әдістері зікір, сұхбат ұйымдасуы қоғамдық негізде Қазақстанның басты орталықтарында өкілдері бар. Жоғарыда айтылғандай бұқаралық ақпарат құралдарында жеткілікті дәрежеде сынға ұшырады, жазықсыз сотталып та кетті.

Тарихтағы Иасауи мәдениеті мен бүгінгі Иасауи мәдениеті арасында айырмашылық болатыны сияқты, «бүгінгі Иасауишілдер» мен тарихтағы Иасауи тариқаты бір емес. Әрине, уақыт пен кеңістік, адам факторы, тарихи сабақтастықтың үзілуінен туындаған айырмашылықтың болуы табиғи құбылыс. Бұл топтың Иасауи туралы теориялық ғылыми және агиографиялық зерттеулер, діни сопылық философия, сопылықтың теориялық және практикалық ұстындары рухымен, қоғаммен, уақытпен үндестігі, үйлесімділігі жағынан кемшін тартып жатқан тұстары да жоқ емес. Дегенмен қоғамда өздерін қабылдата алатын әлеуметтік қабаттары бар. Міне, Иасауи ілімі мен мәдениеті бүгінгі таңда Қазақстанда қайта жанданып отыр. Бірақ жандану мен даму бір емес.

- Тарихта иасауишілдер мен нақышбандтар қырқыспасада қырғи қабақта өмір сүрген деседі. Олардың тарихтағы ара-қатынастары туралы білгім келеді.

Жанарбектен.

- Тарихи тұрғыдан екі тариқат арасында қалыпты рухани, тарихи, мәдени байланыстар бар, болған. Нақшбандия тариқаты Қазақ еліне бір қолына Иасауи хикметтерін ұстап келмегенде бәлкім, қабылданбас па еді. Екі тариқаттың ұстанымы да ғашықтыққа негізделген, идеялары бір - Ол Алланың жамалы. Екеуі де Матуруди ақидасы, Ханафи фиқхына негізделген. Бірақ, психотехникалық және методологиялық айырмашылықтары бар. Зікірлері екі түрлі хафи, жахри болғанмен, мазмұны бір. Алғашқы кездері екі тариқат шайхтары өте төзімді, толерантты, бір-бірін сыйлайтын, сұхбаттарында нұр шашылып, зікірлерінде әрі хафи, әрі жахри зікір сала беретін. Кейіннен Қазақ хандығы өз алдына бөлініп шыққаннан соң ақ екі тариқат арасында саяси бәсеке басталды да кетті. Бұл жарыс жақтас жинау, саяси бедел жарысы, байлық пен мансапқа ұласып кетті. Жалпы танымдық, теологиялық жағынан екеуінің арасында айырмашылық жоқ. Тәуелсіздіктен кейін «Иасауи тариқаты қазақтардыкі, нақшбанди Өзбектердікі» деген В.Бартольтың үстірт тұжырымдары Қазақстандағы сопыларды екі лагерге бөліп тастады. Шындығында Нақшбандия тариқаты өзбектікі де емес, қазақтыкі де емес, тариқат феномені кеңістік және мәдениет жағынан универсалды табиғатқа ие. Оны Европадағы (Кипр орталығы), Англия, Франция, Америка, Мысыр, Пакистан, Туркиядағы Нақшбандия орталықтарынан көруге болады. Қазақстандағы Сулайманшылар да сол тариқат өкілдері. Жақынымыздағы Өзбекстанның Ферғана жазығы, Қырғызстан мен Тәжікстанда да бұл тариқат белсенді. Кезінде Кеңес дәуірінде Нақшбандия тариқатының орталығы Түркістандағы Құшата елдімекені болатын.  (Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3587