Ичкерияның Ресейді «Жаңа Жылмен құттықтауы»...
1994 жыл. 31-желтоқсан. Грозный қаласы. Ресей әскері Шешенстан астанасына кіріп, бір ай бұрын туындаған әскери конфликтi түбегейлі шешпек болды.
1994 жылы 11 желтоқсанда «Бірінші шешен соғысы» басталды. Орыс әскері Шешенстанға басып кірді. Алайда киліккенге Ичкерия илікпеді.
«Жаңа Жылдық шабуыл» кезінде Ресей әскері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен шығынға ұшырады. Кей деректерге сүйенетін болсақ, 1 қаңтар РФ қорғаныс министрі Павел Грачевтің туған күні болатын. Сондықтан қолбасшының туған күніне Грозныйды сыйға тартуға бейресми бұйрық берілген. Грачевтің өзі болса «кімде-кім Президент сарайына туды бірінші тіксе, сол Ресей батыры» атағын алады деп уәде берді. Қалаға басып кіретін 4 қолбасшының барлығына 4 ту берілді. Грачев журналистерге «Грозный және шешен мәселесі түнгі 12-ге дейін толық шешіледі» деп сұхбат берді. Алайда Грачевке сыйлыққа Грозный емес, табыттар келіп жатты.
Басында шабуыл сәтті өткендей көрінді. Таң атысымен 31-желтоқсанда Грозныйға 15 мың мұздай қаруланған орыс әскері кірді. Олар кішігірім қарсылықтарды жоя отырып, қала орталығына жетті. «Қаланы алдық» деген хабарлама басшылыққа жетіп жатқан болатын. Алайда бұл қаланы қорғау тапсырылған Аслан Масхадов құрған тактика еді.
Күн ұясына кірді. Сол сәтте Ресей сарбаздары үшін нағыз тозақ басталды. Қараңғылықпен бірге қара түнек қоса келді. Грозныйдағы әр үйдің терезесінен, әр көшенің қиылысынан, әр ағаштың түбінен оқ қарша борады. Гранатометтер танктерді өртеп жатты. Атыс арасында «Жаңа жылыңмен Ресей» деген дауыстар естіліп тұрды. Бұл расымен Ичкерияның Ресейге «Жаңа Жылдық сыйлығы» болатын. Түнгі 12-де соғыстың біткенін жарияламақ болған Грачев, «Көмек жіберіңдер» деген хабарламаны минут сайын алып отырды.
Бір күннің ішінде Ресей әскері 26 Т-72 танкісінің 20-сын, 120 БМП-ның 102-сін, 6 ЗПРК «Тунгуска» зениттік қондырғысын толықтай жоғалтты. Адами шығын 1000-нан асты. Осылайша 12-де аяқталуға тиіс соғыс, 2 жылға созылып кетті...
Асхат Қасенғали
Abai.kz