Цой неге вакцина салдырмай жүр?
Өткен аптада Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Қазақ билігіндегі қарт кадрлардың бірі Сапарабаевтан сәл ертерек президент кеңесшісі Ерлан Қаринға да вакцина салынған. Ал білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сонау қара күзде (25 қыркүйек) вакцина қабылдаған.
Жоғарыда аты аталған шенділердің бәріне қазақстандық QazCovid вакцинасы егілді.
Қазір елімізде отандақ мамандар дайындаған QazCovid вакцинасынан бөлек, ресейлік вакциналар да сынақтан өтіп жатыр. Соңғысының сапасы жайлы әңгіме көп. Әлемдік деңгейде әлі мойындалмаған Ресей вакцинасын алғашқылардың бірі болып Қазақстан сатып алған болатын.
Ресейлік вакцинаны алу туралы келіссөзді жүргізу үшін Мәскеуге Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой барған еді. Бірақ Цой мырза өзі басы-қасында жүріп сатып алған ресейлік вакцинаны да, отандық мамандар жасаған QazCovid вакцинасын да салдырмаған көрінеді.
Бұл туралы 3 қаңтарда өткен брифинг барысында министрдің өзі айтты.
- Әзірше қазақстандық та, ресейлік те вакцина салдырмадым. Қазір біз қорытынды нәтижені күтіп отырмыз. Содан кейін алғашқылардың бірі болып вакцина салдырамын. Вакцина Қазақстанда ресми түрде тіркеліп, жаппай вакцинацияға шыққан сәтте міндетті түрде, - деді Цой.
Журналистердің сұрағына орай, министр не үшін әлі коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырмай жүргенін түсіндірді. Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрі вакцина салдырса, бұл тұтас халықты вакцина қабылдауға шақыру болып саналады екен.
- Мынаны түсініп алу маңызды. Денсаулық сақтау министрі вакцина салдырса бұл халықты вакцина салдыруға шақыру деп есептеледі. Бұл вакцина қауіпсіз әрі тиімді екені дәлелденгені. Сондықтан біз медициналық жұмысшы ретінде, осы саладағы маман ретінде оның қауіпсіз әрі тиімді екеніне кепіл болуымыз керек. Қазір ол клиникалық сынақтың бірінші және екінші фазасында қауіпсіз әрі тиімді деген қорытынды алдық. Реттеуші ретіндегі біздің міндет - барлық қажет қорытындыны алған соң вакцина салдырып, оны көрсетеміз. Себебі халық оның тиімді әрі қауіпсіз екенін түсінуі керек. Қазіргі уақытта вакцина салдырғандарға келсек, бұл ерікті шара, әркім өзі шешім қабылдайды, бұл клиникалық зерттеу аясында жүріп жатыр. Мұндай зерттеуге қатысу үшін күн сайын дене қызуын өлшеп, қосымша барып, тексерілу керек. (...) Сондықтан біз жаппай вакцинациялау басталғанда әрекет етеміз, - деді министр.
Министр Цой қазақстандық және ресейлік вакцина нақты тіркелуден өтіп, тиімді әрі қауіпсіз екені тексерстен өткенін күтіп отырғанын айтады. Оның сөзінше, екі вакцина да қауіпсіз екенін дәлелдеу үшін министрлік қызметкерлерінің жартысы ресейлік, ал жартысы қазақстандық вакцина салдырады екен.
Abai.kz