Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 11942 0 пікір 23 Ақпан, 2012 сағат 11:09

Бүгінгі жанжалдар саяси-идеологиялық емес, діни негізде жүреді

Гүлнар НАСИМОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор:

Гүлнар НАСИМОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор:

- Гүлнар ханым, сіз саяси ғылымның бір арнасы - конфликтология бойынша ғы­лыми диссертация қорғадыңыз. Әң­гі­мемізді осы жанжалдың түрлеріне қа­тысты өрбітсек... XXI ғасырда өмір сү­ріп отырсақ та, әлем мемлекеттері ара­сын­да жанжалдар басылмай келеді. Әлем елдерінің барлығының көксегені да­му мен бейбітшілік ұраны болса да, не­ге әлі күнге дейін қақтығыстар бой көр­сетіп келеді?

- Адамзат өзінің тарихында соғыссыз жә­не жанжалсыз әлемдік жүйе құруға ты­рысып келеді. Дегенмен өткен ғасыр жой­қын әлемдік соғыстармен, идеологиялық жан­жалдармен және бейбітшілікті орнату мен ынтымақтастықтың жаңа түрлерін із­деу­мен белгілі болды. Сіздің сұраққа жауап бе­ре отыра, алдын ала айтқым келеді: өкі­нішке орай, жанжалдар адамзат бар кезде бо­лады және болған да. Шынымен, мо­йындау керек, «неге әлемде, жанжалдардың ал­дын алу мен шешу міндеттері қиын? Мем­лекеттің жетекшілері дипломатияны да­мыту мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жә­не тұрақтылықты орнатуда не істей ала­ды?» деген сұрақтар туындайды. Дегенмен ХХІ ғасыр жанжалдарының мәндік сипаты тұ­рақты және бірқатар жаңа ерекшеліктері бар. Халықаралық жүйенің өзгеріске ұшы­ра­уы жаңа замандағы жанжалдар ерек­ше­ліктерінің табиғи өзгеруін анықтайды. Қа­зіргі таңда мемлекет ішіндегі және асим­­ме­триялық жанжалдар ХХ ғасырмен жә­не ер­те тарихи кезеңдермен салыс­тырғанда ха­лықаралық саясатта маңызды орын ала­ды. Біріншіден, егер де бұрын жан­жалдың сая­си сөздігінде мемле­кет­аралық со­ғыс­тар­ды меңзесе, қазір біз «ға­ламдық күш көр­сету», «тұлға қауіпсіздігі» деген тү­сі­нік­тер­ді қолданамыз. Мемлекет орталық фак­тор болып қала береді, бірақ басты қауіп ту­дырушы болып табылмайды. Сондықтан қа­уіпсіздікті бірегейлендіру мен оған қарсы тұ­ру қиын. Екіншіден, бүгінгі жанжалдар сая­си идеологиялық емес, діни немесе эт­ни­калық негізде жиі жүреді. Сонымен қа­тар діни сипаттың өсуі  ХХ ғасыр бойы ба­ты­с­тық әлеуметтік-саяси ғылымда кең етек ал­ған модернизация теориясына күмән кел­тіруде. Үшіншіден, қазіргі жанжалдарға қыл­мыстық топтар да қатысуда. Идео­ло­гия­лық, отарлау, геостратегиялық және үс­тем­дік қақтығыстарының орнына ай­мақ­тық державалар арасындағы соғыстар кел­ді. Халықаралық қатынастар ұлттық әс­ке­ри күшпен ғана емес, сонымен қатар ха­лық­аралық институттар, трансұлттық кор­по­рациялар, азаматтар мен террористер то­бы және жеке жүйелер қатысатын қиын сая­си процестермен де анықталады. Сон­дық­тан жанжалдың құрылымын анықтау қиын­дай түсуде. Егер бұрын қарама-қарсы топ­тарды тек қана анықтау болса, қазіргі таң­да субъектілер де күрделі, әр алуан бо­лып келеді. Басқа сөзбен айтқанда, қазіргі жан­жалдар қиын сипатымен ерекшеленеді. Жан­жалға қатысушылардың саны көп бол­ған­дықтан, олардың реттеушілікке қол жет­кізуі қиын. Қазіргі таңда жанжалды ше­шу­де оның жаңа заңдылықтарын анықтап, жү­руін бақылауда басқа әдістеме мен кон­цеп­ция керек. Ал мемлекет болса өткен ға­сыр­дағы қауіптің елесімен күресуді тоқ­татып, жаңа туған ғасырдың шынайы қау­піне қарсы бірігуі қажет.

­- Қазіргі таңда делдалдықтың  қақ­ты­ғыстарды шешудегі рөлі әлсіреп кет­ке­ні туралы жиі айтылады. Алдағы уа­қыт­та үшінші тараптың маңыздылығы арта түсе ме, әлде олардың  рөлін ірі державалар иеленіп кете ме?

- Егер де делдалдың мақсаты мақсатты жә­не тиімді делдалдық етіп, жанжалды ше­шу болса. Ал үшінші жақтың мақсаты аг­рес­сия болса, онда бұндай делдалдық қауіпті әрі қатерлі болып табылады. Енді Ка­рабах мәселесін реттеуде серпіліс кү­тіл­ген Армения мен Әзірбайжан прези­дент­те­рінің Қазандағы кездесуін еске тү­сі­ре­йікші. Олар жанжалды шешуге дайын бол­ды ма? Менің ойымша, жоқ. Егер де дел­далға келетін болсақ, олар әр кезде өз­дерінің бейбітшілік қызметтерін риясыз ат­қа­ра ма? Яғни жанжалда үшінші жақтың аг­рес­сияны өзіне қажетті бағытқа бұруға мүд­делі болатыны сирек емес. Эко­но­ми­калық тұрғыдан дамыған және әскери-сая­си күші зор, әлемдік қауымдастықтың кей­бір бөлігі жанжалды реттеудің маңызды бө­лігін өздерінің мойнына алуға ынталанып отыр­ғандығы туралы фактінің бар екен­дігін есімізден шығармауымыз қажет. Де­ген­мен «дамыған субъектілер» сонымен қа­тар кейбір жағдайларда жаңа қақ­ты­ғыстар тудырады. Заманауи жанжалдардың та­биғаты, көбінесе, қақтығыстың алдын алу үшін жаңа мүмкіндіктерді тудыратын, бі­рақ қатысушы елдер үшін көп жағ­дай­лар­да тәуекелділікті жоғарылататын әс­ке­ри-технологиялық және ақпараттық но­ва­ция­лар факторларымен анықталады. Ре­жимді ауыстыру немесе постжанжалдық қай­та қалыптастыру үшін үстем етуші дер­жа­валар  жалғыз немесе басқа мем­ле­кет­термен коалиция құра отырып, басқа мем­ле­кеттердің ішкі істеріне араласу тал­­­пыныстарын қолданғаны құпия емес. АҚШ-тың халықаралық саясаттағы рөлін ес­кере отырып, заманауи жанжалдың «бей­несін» қалыптастыруда негізгі рөлді, аме­рикандық сыртқы саяси және әскери бю­рократия оның әлемдік дамудың басқа кон­фликтогендік сипаттамаларына тө­зім­ділігі, сонымен қатар Вашингтонның жаңа ха­лықаралық жанжалдардың алдын алу­дың және қазіргі халықаралық жан­жалдардың үдемелі қарқындылығын тө­мен­детудің қолайлы жолдары ойнайтын бо­лады. Дегенмен делдалдық институтының бар­лық кемшіліктерінің негізінде оның қызметтерінен бас тартуға болмайды. Егер де ол қолайлы қызметтерді орындамаса, онда әлем толықтай жанжалдарға белше­сінен батар еді. Егер батыс зерттеушілерінің зерттеулеріне сенетін болсақ, онда 1945 жылдан бастап 90-жылдардың басына дейін делдалдық шамамен Африка және Латын Америкасында 2/3 жанжалдық жағ­дайларда, Таяу Шығыста 4/5 жанжал­дар­да қолданылған.

Делдалдық жанжалға түсуші елдерге біржақтылық негізінде немесе саяси және идеологиялық бағытта емес, ал халық­ара­лық құқықтың сақталуында құрылуы тиіс.

- Мысалы, Сирия мәселесіне кел­ген­де БҰҰ-ның тұрақты мүшелері ке­лі­се алмады. Жалпы, бұл жағдайға қан­дай баға бересіз? Сириядағы бір жыл­ға жуық болған соғыстар туралы не айта аласыз?

- Сириядағы оқиғалар - ішкі немесе ай­мақтық мәселелер емес, ал күштердің ға­ламдық тепе-теңдігі анықталатын ма­ңыз­ды халықаралық үдерістердің негізгі ком­поненттері. БҰҰ резолюциясын сылтау етіп, сириялық тәртіпті құлату қадамдары Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты екі мүшесі Ресей мен Қытайдың қарсылығы арқасында жүзеге асырылмауда. Бұл жанжалда бір­неше аспекті бар. Ең алдымен Си­рия­дағы дағдарыстың негізінде оның қо­ға­мының көп бөлігін кедейлер құрайтын өт­кір әлеу­меттік мәселелер жатыр. Со­нымен қатар биліктің қателіктері мен қыл­мы­сы туралы да болып отыр.  Мысалы, жем­қорлық. Бі­рақ осы дағдарыстың басты ас­пектісі - сырт­қы фактор. Қазіргі таңда Си­рия - тек қа­на аймақтық емес, сонымен қа­тар ға­лам­дық саясаттың шоғырланған ор­талығы. Си­рияны Ресей, Иран, Қытай қол­дап отыр. Осы сыртқы аспект үлкен рөл ой­найды. Бір­қатар сарапшылардың ойын­ша, Си­рия­да­ғы тәртіпті жоюға қарсы сырт­қы агрес­сия­ның күшеюі, Иранның ай­мақ­тық по­зи­циясын әлсірету үшін жасалуда. Ал Иран - Ресей мен Қытай үшін маңызды одақ­тас. Сондықтан бұл - әлем секілді ескі дү­ние. Тіпті араб елдерінде алдыңғы жыл­дың басынан басталған үдерістер Таяу Шы­ғыстағы шикізат ресурстарын қатаң ба­қы­лауға алу мақсатындағы геосаяси ойындар екен­дігін менің саясаттанушы студентім де айтып бере алады. Біз көріп отырғандай, Ресей мен Қытай аталған конфликтіге қа­тыстырылуда, сондықтан олар БҰҰ ҚК кез келген біржақты әрекетіне вето жариялау ба­рысында АҚШ мен ЕО елдері ешқандай заң­ды халықаралық-құқықтық негізге ие бола алмайды. Ресей Жерорта теңізіндегі жал­ғыз одақтасын жоғалтқысы келмейді.

Сирияда конфессияаралық соғысқа ұласуы мүмкін азаматтық соғыс қаупі бар екен­дігін барлығы түсінеді. Себебі діни фак­тор - кез келген мүддені жақтаушылар үшін тиімді қалқа. Бірақ Сириядағы қай­шы­лықтың маңызды компоненті ақ­па­рат­тық-психологиялық соғыс екендігі айдан анық. Егер де жанжалға қатысушылар атал­ған мәселені шешуде конструктивті ша­раларды жүзеге асырмаса, толықтай бір ай­мақта үлкен көлемді, көптеген жылға созылатын  тұрақсыздық туатынына күмән жоқ.

- Енді ішкі жағдайға келсек, Қа­зақ­станның имиджі туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Ал сіз 20 жыл ішіндегі Қа­зақ­станның халықаралық қауым­дас­тық алдындағы еңбегіне қандай баға бе­ресіз?

- Бүгінде Қазақстанды әлемдік қауым­дас­тық мойындайды, оның аты танымал бо­ла бастады. Қазақстан көптеген ықпалды халықаралық ұйымдарда жүзеге асырылып отырған өзінің белсенді әрекеттерінің ар­қа­сында әлемде маңызды рөлдерді ой­­найды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас­тап Қазақстан БҰҰ жұмыстарына бел­сенді араласа бастады. Бұл қызметте басты мін­дет халықаралық аренада ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласында ҚР стра­тегиялық мүддесін қамтамасыз ету жұ­мысын жүргізу болып табылады. Қазақстан еш­қашанда әлемдік процесті бақылаушы рө­лінде болмаған. Жиырма жылдық Тә­уел­сіздікте халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауда орасан зор қызмет жа­сады. Ядролық қарудан бас тартты, Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім ша­ралары жөніндегі кеңесті (АӨШСК) құр­ды, Еуразия кеңістігінде интеграциялық про­цестерді бекітті, өркениеттер мен дін­дер диалогін қолдады, міне, Қазақстанның жа­саған шараларының бірқатарлары ғана.

Әлемдік қауымдастықтың біздің бүгінгі жетістіктерімізді мойындауының дәлелі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі болып табылады. Ұйым үшін қиын кезеңде, яғни дербес қауіпсіздік жүйесі болу мүмкіндігінен айырылу қаупі төніп тұрғанда және ЕҚЫҰ-ның кейбір елдерінде бірқатар мәселе жинақталғанда Қазақстан ғана өзіне үлкен жауапкершілікті мойнына арт­ты. Қазақстан ұйымның тиімділігін арттыру барысындағы белсенді қызметі, қазіргі қа­уіп­терге барабар әрекет етуі, ЕҚЫҰ-ның ай­мақ­тарындағы серіктестікті бекітуге талпынысы, халықаралық құрылымға жаңа им­пульс беру қажеттігіне терең түсіністікпен қа­рап отырғандығын көрсетіп отыр және бұ­ны мойындау керек.

Қазақстан тоғыз ай төрағалық ету ба­рысында созылып отырған жанжалдарды рет­теуге байланысты үлкен дипломатиялық ша­раларды жүзеге асырды. Әлемдік қа­уымдастықта серіктестікке жету жолындағы бі­рінші қадам мәдениетаралық диалог бо­лып табылатындығын атап өткен жөн. Бұл ру­хани баюдың негізі және өзара тү­сі­ніс­тік­тің, келісім мен төзімділіктің бекітілуіне мүм­кіндік береді. Осыны мойындай отыра, Қа­зақстан толеранттық идеясын ұсынуда, мә­дени әралуандықты сақтауда және мә­де­ниет аралық диалогтерін дамытуда заң­ды түрде күш салуда. Бұған Қазақстанда жүргізілетін әлемдік және дәстүрлі діндер съезі дәлел болып табылады.

Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету­де Қазақстанның маңызды қадам­да­ры­ның бірі - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыруды ұсынуы. Бұл орай­да Азия континентінде мемлекет­ара­лық қайшылықтар мен келіспеушіліктердің болуына қарамастан, Қазақстан кеңеске қа­тысушы мүше елдердің назарын мем­лекетаралық ынтамақтастықты әрі қарай бекіту қажеттілігіне аударуда. Оның тиімді институттарының бірі болып Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымы табылады. Бұл ұйым тер­роризмге, сепаратизмге және экс­тре­мизмге қарсы күресті маңызды ба­сым­дықтары етіп белгіледі. Қазақстан және ұйым бойынша оның одақтастары көр­се­тілген бағыттар бойынша әрі қарай қатынас ор­натуға ынталы. Шын мәнінде, бір са­уал­нама барысында Қазақстанның әлемдік қауымдастықта алатын орнын көрсету мүм­кін емес. Қазақстан қазіргі таңда тә­уе­кел­ділік пен әлемдегі қауіпке қарсы тұра ала­тын серіктестіктің жаңа түрлерін іздеуде.

Бұл орайда еліміздің Президенті Нұр­сұлтан На­зарбаевтың «Сындарлы он жыл» ең­бе­гінде айтылған сөздері өзекті: «Біз өзі­міз­­дің іш­кі-сыртқы проблемаларымызды мей­­лін­ше бейбіт және күш көрсетпейтін жол­­дар­мен шештік. Егер мемлекет өзінің қа­рым-қа­тынасын келісім мен сенімге не­гіз­дейтін бол­са, қашанда тіл табысар тегер­шік­тің та­бы­латынын біз айтарлықтай айқын се­зіндік.

- Посткеңестік елдердің алғашқы жылдарда саясаты ұқсас болғанмен, ке­йіннен мың сан құбылып кетті. Ұс­тан­ған саясатынан қай мемлекет ұтты, қай елдер ұтылды?

- Иә, бүгінде тек ғана Қазақстан емес, сонымен қатар ТМД-ның басқа да мем­ле­кеттері 20 жылдық тәуелсіздігін қо­рытын­ды­лады. ТМД мемлекеттері сыртқы және ішкі саясаттың басымдықтары мен негіз­де­рін анықтауда және мемлекеттік мүддені тү­сінуде, оған қоса ұлттық мемлекет құру ке­зеңінен өтті. Тәуелсіздік жылдарында мем­лекеттер ТМД елдері мен Достастыққа кір­мейтін мемлекеттер арасынан тиімді се­рік­тестіктерін тауып отырды. Посткеңестік мем­лекеттердің қазіргі заман тарихында қар­улы қақтығыстарға алып келген жан­жал­дар да болып отырды (Тәжікстан, Таулы Ка­рабах, Молдова, Грузия және т.б.). Шы­нын­да, бұл жанжалдар тарихи алғы­шарт­тар­мен, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени, әлеу­меттік-экономикалық және қоғамдық қа­тынастардағы саяси саланың дамуында жүр­ген дағдарыстармен байланысты бол­ды. Менің ойымша, аталған жанжалдардың се­бебі бірқатар елдердің болжамсыздық сая­саты болып табылады және аталған се­беп белгілі жанжалдардың катализаторына ай­налды. Егер де Грузия, Украина және Қыр­ғызстан туралы естігіңіз келсе, осы ел­дер­де болған «түрлі-түсті революцияларды» ес­тен шығармауымыз қажет. Біраз жылдар өт­се де, «түрлі-түсті революциялардан» ке­йін ешбір мемлекетте әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық және саяси жүйеде түбегейлі әрі са­па­лы өзгерістер болмады. Сонымен қатар бұл елдерде қалыптасқан саяси жағдай­лар­дың ерекшеліктерінің бірі - билік үшін кү­рес «жаңадан» қалыптасқан элиталар ара­сында жүруде, бұл өз кезегінде, олар­дың мақсаттары мен мүдделерінің қарама-қай­шылығы туралы, олардың арасында ба­залық келсімнің болмауы мен қоғам ал­дында тұрған мәселелердің тереңдігін көру мүм­кіндігінің жоқтығы туралы айтуға мүм­кін­дік береді.

Тұрғындардың әлеуметтік үміті мен олар­дың қанағаттану көлемінің арасындағы қа­рама-қайшылықтың нәтижесінде, мы­са­лы, Қырғызстанда саяси жүйенің дағ­да­ры­сы­на және жүргізіліп отырған қайта құ­ру­лар­дың тоқтатылуына алып келді. Өр­кениеттік басымдықтар негізінде тү­бе­гей­лі шаралармен күйзеліссіз жүргізілетін әлеу­меттік-экономикалық және саяси ре­фор­малардың іске асырылуы құнды жеке кә­сіби қасиеті бар саяси лидердің же­тек­ші­лігімен ғана мүмкін. Бұндай саясаткерде дағ­дарыс кезінде тиімді шешім ұсыну қа­бі­леті мен жігері және қоғамда келісім мен ты­ныштықты қамтамасыз ететін ұйым­дас­ты­ру қасиеті болуы шарт. Егер елде шие­ле­ністің деңгейі жоғары болса, онда аталған ел­дердің көшбасшылары қоғамдағы әр­түр­лі мақсаттарды және бір-біріне қарама-қай­шы мүдделерді біріктіре алмайды. Қай мем­лекет ұтылды, қайсысы жеңілді, менің ойым­ша, біз баға бере алмаймыз. Оны ел­дер­дің халқы мен билігі бағаласын. Бірақ аны­ғы бір, мақсаты тұрақтылықты қам­та­ма­сыз ету болып табылатын мемлекет ғана әр кезде «ұтыста» болады.

- Әңгімеміздің ба­сында жалпы кон­флик­тология туралы айтып өткен­нен ке­йін Жаңаөзендегі жағдайды айналып өт­кеніміз болмас. Маңғыстау облы­сын­дағы осы жанжал туралы зерттеу жүр­гізіп көрдіңіз бе? Сіз не түйдіңіз?

- Әрине, бұл мәселені Маңғыстаудағы ше­рулерден бастап назардан тыс қал­дыр­ған емеспін. «2011 жылы Маңғыстаудағы ше­­ру­лер: себептер мен салдары» атты «Са­мұ­­рық-Қазына» әл-ауқат қоры ұйымдас­тыр­ған «Экс­перт» клубының отырысына қа­тыстым. Сон­дықтан Жаңаөзен оқиғасын ту­дырған жағ­дайларға терең әрі кешенді кон­флик­то­логиялық талдау қажет. Бірін­ші­ден, оқи­ға­ның негізінде конфликтілік жағ­дай­ға алып келетін әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық мә­селелер жатыр, яғни Жаңаөзен қа­ласы тұр­ғындарының көп бөлігінің негізгі қа­­жет­ті­ліктері қанағаттандырылмауы, жұ­мыс­­сыз­дық, миграция, жемқорлық және т.б. Екін­шіден, аталған оқиға, еңбек кон­фли­к­ті­лерін реттеудің конструктивті техно­ло­гия­ла­рының дамымағандығының кө­рі­нісі бо­лып табылады. Басқаша айтқанда, әлеу­­меттік серіктестік жүйесі жеткілікті қыз­мет етпейді. Біз жұмыс берушілерде  кон­фли­к­тіні реттеудің нақты механизмдерінің жоқ екендігін көріп отырмыз. Кәсіподақта жұ­­мысшылардың мүдделерін қорғайтын заң­ды әдістердің жоқ болуы. Егер кәсіподақ жұ­­мысшылардың мүддесін қорғаса, ай­ты­ңыз­шы, мұнайшылар шеруге не үшін шы­ға­ды? Сонымен қатар жұмысшылар да та­лап­тар қоя білмейді, сондықтан оларды же­­ңіл манипуляциялауға болады.

Жанжалды шешуге бағытталған дел­дал­­дар да болмады. Сонымен қатар ере­уіл­­ш­ілермен ынтымақтастығын көрсетіп, жағ­дайды өздерінің мүддесі үшін пай­да­лан­­ғысы келген бірқатар саяси күштердің бол­­ғандығы мәлім.

Маңғыстаудағы шерулер және Жаңа­өзен оқиғасы елімізге үлкен шығын алып келді. Бүгінде сұрауға болады: мұ­най­шы­лардың кішкене болса да талаптарын орын­дағанда қанша шығын шығатын еді? Ал бүгінде біз не алдық? Қаланы қайта тұр­ғы­зу қажет. Сондықтан Президенттің Жа­ңа­өзендегі оқиғаға баса назар аударуы заң­ды әрі уақтылы деп ойлаймын. Осыған орай Елбасының биылғы Жолдауында өңір­лерді дамыту мәселесі қозғалды. Пре­зидент айтқандай, бұл үшін алдымен жаңа за­уыттар көп салынып, жаңа жұмыс орын­дары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қар­қынды дамуы қажет. Мемлекет өз аза­мат­тарының сондай қуатты өңірлерге қо­ныс аударуына көмек қолын созуы тиіс. Жа­ңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қа­лалардың әлеуметтік қатерге жақын еке­нін көрсетті. Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағ­дай жариялап, қаладағы ахуалды қал­пына келтіру бойынша кешенді шаралар жа­сауға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта он­дағы ахуал қалыпты арнасына түсті. Алайда бұл оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан сабақ алып, ұдайы ескерілуі керек.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Алашқа айтар датым...

Президент биылғы Жолдауында атап өткендей, біз Жаңаөзендегі оқиғадан тиісті түйін жасап, одан сабақ алып, ұдайы ескеріп отыруымыз керек. Қазіргі таң­да келіссөз мәдениетін қалыптастыруды, мемлекеттік органдар мен аза­маттық қоғам институттарының өзара әрекеттесу механизмдерін жетілдіруді жә­не саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді техноло­гияларды жасау қажет. Бірақ бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілуі керек.

Автор: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

http://www.alashainasy.kz/person/31343/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552