Эстония премьері: Ресейге ешқашан қосылмаймыз
Эстония премьер-министрі Юри Ратас оппозиция депутаттарының Ресей құрамына кіру туралы ұсынысына жауап берді.
Оның айтуыша, депутаттардың бұл ұсынысы жауапсыздық әрі мұны Эстонияның барлық саяси күштері айыптауы тиіс.
«Эстония Республикасы Конституциясының бірінші абзацында Эстония - халық жоғары мемлекеттік билікке ықпал ете алатын, тәуелсіз және егеменді демократиялық республика деп көрсетілген. Эстонияның тәуелсіздігі мен егемендігі мәңгілік және бөлінбейді.
Эстония Республикасының Премьер-Министрі ретінде мен Риигикоганың Реформалар партиясынан шыққан Ант Лаанеотс, Урмас Крузе және Юри Джаансон депутаттарының референдумға «Ресейдің құрамында болған Эстония Республикасында өмір сүргеніміз жақсы» деген мүлдем жауапсыз ұсыныстарын айыптаймын.
Мұның бәрін біз Эстония үшін тәуелсіздікті қалпына келтірудің 30 жылдығы қарсаңында көруіміз керек. Бұл ойға келмейтін және дұрыс емес ұсыныс.
Менің ойымша, Эстонияның барлық саяси күштері мұндай ұсынысты сөзсіз айыптауы керек. Республика Президенті де осылай жасайтынына сенімдімін»,- деп жазды Юри Ратас.
Айта кетейік, бұған дейін Эстония оппозициялық Реформа партиясының депутаттары Эстонияның Ресейге қосылуы туралы мәселені ұсынған. Олар осылайша бүкіл дауыс берудің мағынасыздығын көрсеткілері келетіндерін, олардың пікірінше, сұрақтардың әрқайсысына «жоқ» деп жауап беру керек екенін түсіндірді. Кейін оппозициялық депутаттар өз бастамаларынан бас тартты.
Abai.kz