Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4109 0 пікір 5 Наурыз, 2012 сағат 11:01

Бақыт ЕЖЕНХАНҰЛЫ, тарих ғылымының докторы, шығыстанушы ғалым: Мәнжүр тілін мәжбүрліктен үйрендім

Мамандардың айтуына қарағанда, дүниежүзіндегі ең бай қорлардың бірінен саналатын Қытайдың бірінші тарихи мұрағатының қорында он миллиондай тарихи құжат сақтаулы жатыр екен. Осындай дүлей дүниенің ішінен қазақ тарихына қатысты деректемелерді табу және оны аударып, жүйелеп, ғылыми айналымға түсіру екінің бірінің колынан келе беретін, ат үсті шаруа емес. Өйткені бұл құжаттардың барлығы көне қытай тілінде, немесе мәнжүр тілінде, болмаса шағатай тілінде, не болмаса тот-моңғол тілінде, тіптен парсы, тибет тілдерде жазылып, сақталған болып шықты. Әңгіме осы жерден басталады. Қытайдың көне әдеби тіл-жазуын екінің бірі танып, түсіне бермейді.

Мамандардың айтуына қарағанда, дүниежүзіндегі ең бай қорлардың бірінен саналатын Қытайдың бірінші тарихи мұрағатының қорында он миллиондай тарихи құжат сақтаулы жатыр екен. Осындай дүлей дүниенің ішінен қазақ тарихына қатысты деректемелерді табу және оны аударып, жүйелеп, ғылыми айналымға түсіру екінің бірінің колынан келе беретін, ат үсті шаруа емес. Өйткені бұл құжаттардың барлығы көне қытай тілінде, немесе мәнжүр тілінде, болмаса шағатай тілінде, не болмаса тот-моңғол тілінде, тіптен парсы, тибет тілдерде жазылып, сақталған болып шықты. Әңгіме осы жерден басталады. Қытайдың көне әдеби тіл-жазуын екінің бірі танып, түсіне бермейді.

Өйткені ол бір замандарда бізде де әдеби тіл - жазу ретінде қолданыста болған шағатай тілі сияқты қазір қолданыстан қалған тіл - жазу. Мына, сол жұмысты қолға алып, жаңағы мол мұрағатты қазақ тарихының кәдесіне жарату үшін сол тілді білуің керек. Құдайға шүкір, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында, осынау игілікті іске Қытайдан атамекеніне оралған оралман ғалымдарымыз үлкен үлес қосуда. Олардың дені Тәуелсіздікті алған бетте-ақ жаңаша көтеріліп жатқан Қазақ елінің ордасына бір-бір уық болып шаншылып, шаңырақтың шайқалмай, елдің еңсе көтеруіне, демографиялық жақтан жетілуіне, ғылым мен өнеріне үлкен үлес болып қосылды. Бұған да, міне, 20 жылға жуық уақыт болыпты. Міне, осындай отаншыл топтың маңдай алдында көрнекті тарихшы ғалым, ориенталист Бақыт Еженханұлы да бар.

Ол жойылып кеткен мәнжүр тілін үйреніп, Абылай ханның Цин патшасына жазған хатын (суретте) оқуының арқасында қазақ тарихын жаңаша түзді.

- Сізді қытай тілін қытайдың өзінен артық біледі деп естиміз...

- Мен Шығыс Түркістанның Құмыл аймағында дүниеге келгенмін. Әкем өз заманында сол аймақтың уәлійі (біздіңше облыс әкімі) болған. Менің жан-жақтылы білім алуыма, ғылым жолына түсіп, кемелді азамат болып қалыптасуыма әкемнің көмегі аз болған жоқ, әрине. Балабақшадан бастап, мектепте де, жоғары оқу орнында да қытай тілінде оқыдым. Қытай тіліне жетік болғанымның арқасында қытай шәкірттерін алдыма түсіре қоймадым. Жалпы, ішкі Қытайдың шекарасындағы қалалы жерде туып-өскен соң, қытайтілді қазақ болдым. Қазақшам өте нашар еді. Қайта демалыс уақытында нағашыларымның ауылына барып жүріп, қазақша ептеп тіл сындырдым десем болады.

- Қытайдағы екі миллионға жуық қазақтардың арасынан тұңғыш рет ғылым докторлығын небәрі 28 жасыңызда қорғапсыз.

- Қытайда «Мәдениет төңкерісінен» кейін, яғни 1949 жылдан 1978 жылға дейін ғылыми атақ, дәреже беру мүлдем тоқтатылған, жойылған. 1978 жылдан басталған реформаның арқасында ғана ғылыми дәреже беру қалпына келтірілді. Сондықтан аттөбеліндей қазақтарды былай қойғанда, оған дейін докторлық ғылыми дәрежесін қорғаған қытайлардың өзі де жоқтың қасы болатын. 1984 жылы магистратураға, одан докторантураға түсіп, өзіңіз айтқандай, 1990 жылы 28 жасымда ол жақтағы қазақтардың арасынан тұңғыш докторлық ғылыми дәрежеге қол жеткіздім.

1991 жылы Үрімшідегі Шыңжаң университетіне келіп, жұмысқа орналастым. Екі жарым жылдай сол жерде қызмет істедім. Профессорлық атақты да, жайлы үйді де берген. Сол арада Қазақстан тәуелсіздік алып, шаттығымызда шек болған жоқ. Өлгеніміз тіріліп, өшкенміз жанғандай күй кештік. Бұл жақта құшағын жайып, қарсы алып тұрған жақын туыс, жанашыр жақын жоқ. Сонда да тағдырымызды ұлттың тағдырымен байланыстыруға бірден бел будық. Бәрін тастап, 1993 жылы мамыр айында алғашқы көштің қатарында Қазақстанға көшіп келдім. Артымнан әке-шешем, бауырларым, нағашыларым бәрі көшіп келді. Ата-анама топырақ осы жерден бұйырды.

- Бұл жаққа келген соң қиналып қалған жоқсыз ба?

- Алғашында қиналдық қой. Біз ғана емес, жергілікті халықтың өзі қиналып жүрген шақ. Ғылым-білім саласы мүлдем тоқырап тұрған кез. Сол кезде жанбағыс үшін аздап сауда-саттыққа да араласып көрдік. Марқұм Манаш Қозыбаевтың қол астында жұмыс істедім. 1995 жылға дейін Ұлттық ғылым академиясының Шығыстану институтында еңбек еттім. Бірақ ол жерден еңбекақы ала алмадық. Абылай хан атындағы әлем тілдері университетінде сабақ бердім. 2003 жылы Шығыстану институты «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша арнайы жұмысқа шақырды. Осы жерде «Қазақ тарихына қатысты қытай деректемелері» деген тақырыптағы «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жүзеге асырылуға тиіс аса ауқымды жобаны қолға алдым.

- Қазақ тарихына қатысты құжаттардың басым бөлігі Қытайда сақталған деген сөз рас па?

- Солай деуге де болады. Жалпы саны төрт мыңдай. Бес мың жылдық тарихы бар елде құжаттарды сақтау тәртібі керемет жолға қойылған. Сақ, Ғұн дәуіріне қатысты ол жақтағы тарихи құжаттар жұртқа белгілі болғанмен, кейбірін қайтадан зерттеу керек. Қазіргі қазаққа тікелей қатысты құжаттарға келсек, олар XVІІІ ғасырдың 50-жылдарынан кейін пайда болған. Яғни, Шин патшалығы жоңғар-қалмақтарды жою мақсатында қазақ даласының шетіне тұяқ іліктірген соң басталған. Түрлі мақсаттармен қытайлар қазақ даласына елшілер жіберген. Осы кезден бастап Төле би, Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан, Болат хан, Әділ сұлтан, Бопы, Көгедай және басқалары Шин патшасының билеушілеріне, патшаларына ресми хаттар жазған. Әртүрлі мазмұнда жазылған бұл хаттардың саны қазір 100-ден астам екендігі анықталып отыр. Бұл хатнамалар қазақ елінің мемлекеттік тарихы үшін аса маңызды деректемелер екендігі даусыз. Ендігі бір пара құжаттарда қазақ-қытай сауда қарым-қатынастары туралы, Абылай хан, Әбілмәмбет, Қабанбай сынды қазақ көсемдерінің осы екі жақтылы сауданы жүзеге асыруда атқарған рөлдері көрініс тапқан. Бұнда Шин патшалығының сауда-саттықта ұстанған баға саясаты мен сауда-саттықты жүзеге асырудағы әдіс-амалдары жазылып қалдыр- ылған. Сонымен қатар қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат, қазақ-орыс қарым-қатынастары туралы да аса құнды тарихи құжаттар табылып отыр. Табылған, танылған мұрағаттар бұлармен ғана шектеліп қалмайды, қазақ-мәнжүр дипломатиялық байланыстары туралы құжаттар, қазақ халқының жан саны туралы да мәліметтік құжаттар кездесіп отырады. Мұның бәрі екіжақты байланыстың жандануының арқасы. Қытайдың үш қаласында: Құлжа, Үрімші, Шәуешекте тұрақты түрде үлкен жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Ішкі Қытайдан әкелінген торғын, жібек маталар қазақтың малына айырбасталып отырылған. Алыс-беріс күшейген.

- Қайбір жылы қытай мұрағатынан Бұхар жыраудың өлеңдері де табылды емес пе?

- Ол өтірік сөз. Кейбіреулердің бұрмалап жүргені ғой. Олай дейтінім, Пекиндегі ең үлкен мұрағатта жұмыс істеген санаулы ғана адамдар бар. Ондағы қазақ тарихына қатысты мәліметтерді басқалардан кем білмеймін. Бұхар жыраудың өлеңін еш жерден кездестірген емеспін. Қазақ елі мен Шин патшалығының қарым-қатынасы тек 1754 жылдан кейін ғана басталған. Оған дейін де қытайлар азғантай мәліметтер жинастырған, бірақ қазақтың нақты бір жырауының не биінің өлең сөзі Пекиндегі бірінші мұрағатқа түсуі мүмкін емес.

- Мұны айтып жатқаным, осындай үрдіс көбейіп кетті, қытайдың ұлы ақыны Ли Байды Елібай есімді қазақ ақыны етіп жатыр дегендей...

- Қытайдан қазақтың атасын іздеу ұят нәрсе. Әрине, көрші елдермен мыңдаған жылдар жүлгесінде өзара ықпалдасты түрде өмір сүріп келгендігіміз, әсіресе, қытай өркениетімен тығыз қарым-қатынаста болғандығымыз белгілі. Өркениеттердің тоғысуын зерттеу керек, бірақ Ли Байды қазақ қылу өзіміздің мүддемізге де, тарихи шындыққа да сай келмейді.

- Қытай мұрағаттарындағы қазаққа қатысты тарихи құжаттар қай тілде сақталған?

- XVІІІ ғасырдан басталған тарихи құжаттар мәнжүр тілінде жазылған. Мұның себебі мынада - Қытайды үш ғасыр билеген мәнжүр патшаларының қатаң талабы бойынша, құжаттар тек мәнжүр тілінде жазылған.

- Мәнжүр деген қандай халық?

- Олар - Қиыр Шығыстан шыққан жартылай көшпенді, жартылай отырықшы ел. Тілі - Алтай тілі жүйесіндегі мәнжүр-тұңғыс тіліне жатады. Өте жауынгер халық болған. Орталық Азия халқының салт-дәстүрін, мәдениетін ертеден білген, араласқан елді екеу десек, олар - орыс пен мәнжүр. Екеуінің де түбімізге жете жаздағаны сондықтан. Бұлар қытаймен ертеден тығыз араласқан ел. Қытайды үш ғасыр билеген мәнжүрлердің патшалығы 1911 жылы қытайлардың тарапынан құлатылғаннан кейін, өздері де арада бір ғасырға жетпейтін уақыттың ішінде қытайға сіңісіп, жұтылып, қытайланып, құрып жоғалды.

- Мүлдем қалмады ма?

- Қытайдағы аз санды ұлттар ішінде өздерін «мәнжүрміз» дейтіндер бар. Олары енді, өтірік болар, себебі тілдерін білмейді. Мәнжүр деген қалмаққа да, түркіге де жатпайтын, өз алдына жеке-дара ел. Мәнжүр тілі деген қазір өлген тіл. Оның тіл-жазуын қолданып отырған қазір ешқандай халық жоқ.

- Осы жойылып кеткен мәнжүр тілін қазақтан сіз ғана біледі екенсіз. Қайдан үйреніп жүрсіз?

- Жойылып, жоғалып кетті дегенмен, мәнжүрлердің бір қызық тарихы бар. 1761-1762 жылдары Мәнжуриядан бірнеше мәнжүр, моңғол тектес халықты қазақ даласымен түйісетін шекара түбіне қорғаныс үшін көшіреді. Өзіміздің Қорғас шекарасынан ары, Қалжақ кеденінің арғы жағында Шапшал деген аудан бар. Сол жерде 20 - 30 мың жан саны бар «сібе» деген халық тұрады. Ал «сібе» мен «мәнжүр» қазақ пен қырғыз сияқты. Сібе жұртының әдеби тілі мәнжүр тілі болған. Жастары білмесе де, қазір сібелердің 60-70 жастағы сауатты қариялары мәнжүр тілін оқи алады. Саусақпен санарлықтай қалған сондай бірлі-жарым көнекөз ғалым қариялардың бірімен Үрімшіде мақсатты түрде танысып, үш жылдай бірге жұмыс істедік. Сол арқылы мәнжүр тілін иегеруге кірістім. Ондағы мақсат - қазаққа қатысты мәнжүр тіліндегі тарихи құжаттарды зерттеу. Мәнжүр тілін білмей, аса құнды тарихи мұрағаттарды қазақ тарихының кәдесіне асыра алмайсыз. Әрі қолға түскен тарихи құжаттардың басым көп бөлігі де осы мәнжүр тілінде. Бұл құжаттарды танып, түсінетін маман тарихшы қытайдағы қазақтарда да, қазақстандағы тарихшы ағайындарда да жоқ. Қысылшаң сәтте Еженханұлы әлдеқашан өлген мәнжүр тілін үйренуге бел байлайды. Отандық тарихтың көсегесін көгертіп, ашық қалған ақтаңдақ тұсын толықтырар тарихи кезеңнің күнде туыла бермейтіндігін жан жүрегіммен сезіне отырып, алдыма үлкен мақсат қойдым. Күнді-түнге жалғай жүріп, мәнжүр тілі мен жазуын ақыры үйреніп шықтым.

- Мәнжүр жазуы ғылыми тілде қалай аталады?

- Мәнжүр жазуы ғылыми тілде «көне ұйғыр жазуы» деп есептеледі. Бұл тек ұйғырға қатысты емес, Еуразия даласындағы түркітілдес көшпенділердің жазуы болған. Ұйғыр хандығы жойылғаннан кейін бұл жазуды найман хандығы пайдаланған. Найман хандығын басып алған соң, олардан моңғолдар үйренген. Моңғолдардан мәнжүрлер үйренген. Әрқайсысы, әрине, өз тілдеріне сай өзгерістер енгізіп отырған. Бірақ түпнұсқасы көне ұйғыр жазуына барып тіреледі.

- Айтпақшы, мәнжүр тіліндегі Абылай хан жолдаған хатты түпнұсқа деуге бола ма?

- Түпнұсқа қалмақ тілінде де болуы мүмкін. Әлі табылған жоқ. Бәлкім, табылып та қалар. Ал мынау бізге жеткені - мәнжүр тіліне аударылған нұсқасы. Ал бұрын ғылыми айналымда болғаны - қытай тіліне аударылған нұсқасы.

- Қытайда қазаққа қатысты төрт мыңдай құжат бар дедіңіз. Оның қаншасы зерттелді?

- 2003 жылдан бері 600 - 700-дейін ғана қазақ тіліне аударып біттік. Ең үлкен құнды құжат - хан-сұлтандар мен билердің хаттары. Ол хаттар 1755 жылдан басталған, саны 130-дай. Шағатай және қалмақ тілінде жазылған.

- Көзіқарақты жұртқа тарихтан белгілі, қытай тарихшылары да, жалпы исі қытай елі де қазақтар бізге бодан болған, бағынышты болған дегенді айтып та, жазып та келгені белгілі. Оны айтушылар дәлел ретінде Абылай ханның Еженханға «бодан болып бағынып, қарашаң болып мойынұсынамыз» деп жазған хаты бар дегенді көлденең тартатын еді. Сіз осы хатты шұқшия зерттеп, мұның мүлдем басқаша екенін жарияладыңыз.

- Қытай деректемелерін қолға алған кезде, ең бір шұқшия қараған тұсым да осы хаттың әртүрлі нұсқасы болды. Соларды тауып, салыстыра зерттеу жүргіздім. Өйткені он сегізінші ғасырда қытайдың бодандығына барып мойынын сұғатындай Абылай ханның басына қаралы күннің туып тұрмағандығы белгілі болатын. Осында қалайда бір шикілік барын сездім. Әсілінде, Абылай хан мәнжүр-қытайдан барынша тәуелсіз, олардың ықпалынан барынша аулақ болу саясатын ұстанған азаткер көсем екендігі тарихтан белгілі. Қазақ елінің бақытына қарай, жоғарыдағы хаттың Тот-моңғол тіліндегі, мәнжүр тіліндегі, көне қытай тіліндегі аудармаларын мұрағаттан тауып, қолыммен ұстап, көзіммен көрдім. Алаш жұртын азаттыққа алып шыққан ұлы ханының қолы тиген осы хатты қолыма ұстаған кезде, бүкіл жан дүниемді ыстық бір ағыс шарпып өтіп, көзіме жас толып кетті. Әлгі хаттың әлденеше аудармасын түпнүсқадан салыстыра отырып зерттегенде, әлгі жаһанға жар салып жүрген хаттағы «бодандық», «құлдық» туралы айтылған сөз - қисынсыз, жалған болып шықты. Абылай ханның шин патшасына хат жазғандығы рас, хатты олардың тапсырып алғандығы да рас. Мәселе - хатты аударған кезде, отаршыл озбырлар хатта айтылмаған «саған бодан болам, құл болам» деген сөздерді жат ниетпен хат мәтініне жапсырып жіберген болып шықты. Аталмыш «Абылайдың хатының» қытай тіліндегі нұсқасы өз кезінде өңделіп, өзгеріске ұшыраған сенімсіз құжат, сондықтан бұл құжатты негіз етіп жасалған тарихи тұжырымдамалар да жалған» деп жаздық та. Осы күнге дейін осы хатты дәйек ете отырып қаншама тарихи тұжырымдар жасалып, қаншама еңбектердің жазылғандығы, қазақтың елдік тарихына қаншама көлеңке түсіп, еңсемізді албастыдай басып келгендігі белгілі.

Жоңғарлар жойылғаннан кейін, Шин патшалығы қазақ елінің қарулы күшімен бетпе-бет келіп, қазақ қылышының қаһарын байқағаннан кейін, бейбіт мәмілеге қарай бет бұрғандығы, осыдан кейін екі елдің бітімге келгендігі, бір-біріне елшілер жіберіп, саяси-дипломатиялық қарым-қатынасқа түскендігі құжат сайын көрініс тауып отырады. Міне, осы құжаттардың барлығы қазақ елінің сол тұста тәуелсіз ел ретінде өмір сүргендігін, Шин патшалығымен терезесі тең ел ретінде де дипломатиялық қарым-қатынас жасағандығын айғақтайды.

- Бұл өзі айтарға ғана оңай болғанымен, қытайдың бірінші тарихи мұрағатына кіріп, ондағы тарихи мұрағаттарға қол жеткізудің өзі оңай бола қоймаған шығар.

- Ең бастысы, кол жеткізген күннің өзінде ондағы қазақ елінің тарихына қатысты әлденеше тілде жазылып, сақталған тарихи мұрағаттарды танитын, табатын, оның тілін түсініп, аударып, ғылыми айналымға түсіретін білікті кәсіби тарихшылар болуы керек. Құдайға шүкір, өзімді айтпағанда, Сұңғатайұлы, Ошанұлы қатарлы ғалымдарымыз қытай мұрағаттарынан қазақ тарихына қатысты қытай тіліндегі 500-ден астам, Шағатай тіліндегі 60-тан астам, ойрат тіліндегі 40-тан аса, сондай-ақ мәнжүр тіліндегі 3000-нан астам мұрағаттық құжаттарды тауып, оларды қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға түсіріп жатыр. Қазір бұл аса құнды тарихи құжаттар көп томдық жинақтар түрінде жарияланып үлгірді. Әлі де ондаған томдық құжаттар жинағы қазақ тіліне аударылып, жүйеленіп жарыққа шығуын күтіп жатыр.

- Қазақ тарихының ашық қалған ақтаңдақтарын толтырып, отаршылдар бұрмалаған тарихты өз арнасына қайтадан бұру үшін жан-жақты білімді ғалымдар ауадай қажет. Осы орайда қытайдың көне тілі мен мәнжүр тілін жаңғақша шағатын сізді ағылшын тіліне де жетік деп естиміз.

- Ағылшын тілін мектепте, жоғары оқу орнында оқыдық. Жаман оқыған жоқпыз. Кейін өз бетімше жетілдірдім. Қазақ тарихына қатысты тарихи деректемелерді тек қана қытай мұрағаттарынан іздеумен шектеліп қалмай, басқа да өркениетті еуропа жұртының бай тарихи мұрағаттарынан да іздеу керек. Алдыма осыны да мақсат етіп қойдым. Ұлттық ғылым акедемиясының шығыстану иниститутының жетекшісі Меруерт Әбусейітова ханымның тікелей жетекшілігімен Париж, Лондон қатарлы шаһарларда болып, ондағы әйгілі мұражай, мұрағаттарда отырып, ол жақтан да қазақ тарихына қатысты аса құнды тарихи құжаттарды, карталарды, қазақ даласы мен қазақ халқы туралы жазылған ерте кездегі естеліктер мен саяхатнамаларды тауып келген жайымыз бар. Олардың да қазақ тарихына жаңа бет болып қосылып, ғылыми айналымға түсуі, алдағы күнің еншісінде деп білеміз.

- Жаңағы айтылған ұлан-ғайыр тарихи мұрағаттарды танып, тауып әкелген, оны жүйелеп, ғылыми айналымға түсірген еңбегіңіз қазақтың тарих ғылымында, қытайдағы тарихи мұрағаттар мен деректемелерді жүйелі түрде тапқан, ашқан және зерттеп ғылыми жүйеге түсірген алғашқы ғалым ретінде тарихта қалары шүбәсіз. Осы салада істеген аса ауқымды еңбегіңіз мемлекет, әріптестеріңіз тарапынан қаншалықты бағаланды?

- Өткен жылы Қазақстанның кәсіби тарихшыларының тұңғыш құрылтайы Астана қаласында өткендігі белгілі. Бүкіл тарихшылар қауымы бас қосқан осы алқалы жиналыста бес тарихшы ғалым «Қазақсан Республикасының ғылымына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сол бес ғалым-тарихшының қатарында мен де бармын. Кәсіби тарихшылардың тұңғыш құрылтайында мұндай марапатқа ие болу екінің бірінің маңдайына бұйыра бермес бақыт деп білемін. Ендеше, еңбегімнің ғалымдар тарапынан бағалануы осы емес пе?! Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігі «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен арнайы марапаттады. Ел-жұрттың еткен еңбекті бағалауы деген - осы.

- Қазір «қазақта бұрынғы заманда шекара болмаған» деген сөз айтылып қалып жүр. Тарихи құжаттарда осы мәселеге қатысты айтылған сөз бар ма?

- Бар. Абылай хан Шин патшасына жазған хатында өзі билейтін аймақтың Тарбағатай, Іле Алатауы мен Күнгей Алатаудың арасындағы үлкен белге дейін жеткенін баяндайды. Осыдан-ақ Абылай хан кезіндегі қазақтың шығыстағы шекарасы қазіргі шекарамыздан кем емес деуге болады.

- Cізді тарихшы ғана емес, талантты ақын деп те естиміз. Кезінде қытайдың классиктері ғана жарияланатын, астаналық әдеби журналдарда қытай тілінде өлеңдеріңіз жарияланып тұрыпты. Бұның өзі сол кездегі қытайдағы қазақ жастарына үлкен өнеге болған екен. Ақын Алмас Ахметбекұлы қазақ тіліне аударған сондай өлеңдеріңіздің бірі бізге де ұнады.

- Ол енді жиырма мен отыз жастың арасындағы жалынды шақта жазылған өлеңдер ғой. Жас кезде жазғаныңдай қайдан болсын. Қытайша өлең жазған соң, бір кезде қазақ емес, қытай ақыны болып есептелдік. Қытай поэзиясы ретінде бағаланды. Бір нәрсені мақтанып айта аламын, ол әлгі қытайша жазылған өлеңдердегі ой-арман, пиғыл, ниет, көңіл-күй түгелдей қазақы болатын. Оны қытай тілін білетіндер сезеді. Бірақ бізден кәсіби үлкен ақын шықпады. Қазір ғылыммен айналысқалы поэзияны мүлдем қойып кеттім.

- Қытайтану саласында бізде қаншалықты іргелі ғалымдар бар?

- Біршама бар. Бұрынғылардан профессор Клара Хафизованы, кейінгілерден Қытайдан келген Тұрсынхан Зоконұлы, Сағынтай Сұңғатай, Ошан, Нәбижан Мұхаметұлы, секілді ғалымдарды бөліп атар едім.

Құдайға шүкір, 2003 жылдан бері қазақ тарихына қатысты жиып-тергеніміз он том болып басылып шықты. Екі томы баспада басылуға дайын тұр. Міне, осының бәрі жиырма жылдығын атап өткен Тәуелсіздіктің арқасы. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Қазақ елі әлемдегі ең озық елдердің бірі болуға толық құқылы. Соған сенеміз, сол үшін жұмыс істейміз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Төреғали ТӘШЕНОВ

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329