Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 5270 5 пікір 2 Ақпан, 2021 сағат 16:09

Қорғаныс министрлігі «рейдерлік» жасап отыр ма?

Осыған дейін (былтыр) ҚР Қорғаныс министрлігі мен Алматыдағы «Global Ecological Group Almaty» атты ірі логистикалық компания арасында 15 гектер жер үшін талас туып, іс сотта қаралғаны туралы ақпарат шыққан еді. Бұл іс қоғамдық резонансты тудырған мәселе болғандықтан, ел ішінде қызу талқы болды.

Мәселе мынадай:

«Global Ecological Group Almaty» ЖШС – бұл Орталық Азиядағы баламасы жоқ логистикалық терминал кешені. 2015 жылы кешеннің ашылуына экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-әкім Ахметжан Есімов бірге келіп қатысқан. БАҚ аталған логистикалық кешенді «еліміздегі тұңғыш Халықаралық «А+» деңгейлі кешен» деп жазған.

Оның құрылысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша, Алматы қалалық әкімдігі бюджетінен 4,5 миллиард теңге бөлінген. Ал көпфункционалдық кешеннің жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құраған.

Қазір бұл көпфункционалды логистикалық хабта 50-ден аса ірілі-ұсақты компания импорттық тауарларын сақтап отыр екен. Бір терезе форматында жұмыс істейтін логистикалық кешенде тек азық-түлік пен фармацевтикалық тауарлар ғана емес, тұрмыстық және электроникалық техникалар мен халықтың күнделікті тұрмысына қажетті тауар түрлерінің барлығы сақтаулы. Қазақстан нарығындағы үлкенді-кішілі компаниялар өздерінің импорттық тауарларын осы жерге әкеліп, кедендік рәсімдеуден өткізіп, сақтайды және еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтеді. Аталған кешен пандемия кезінде фармациевтикалық өнімдерді сақтау үшін пайдаланылған.

Логистикалық терминалдың жалпы аумағы 15 гектер жерді алып жатыр. Ал қоймалардың жалпы көлемі 45 мың м2. Мамандардың айтуынша, нарықта осы секілді қоймалардың бірнеше категориясы болады. Олар: С, В және А классты қоймалар. Біз сөз етіп отырған «GEGA» ЖШС қоймалары жаңағы Халықаралық талаптардың барлығына сай келетін – А классты қоймалар санатына жатады екен.

Міне, осы аймақтағы ең ірі логистикалық кешеннің тағдыры қазір қыл үстінде тұр екен. Кәсіпкерлер мен кешен басшылығы осыны айтып дабыл қағуда. Енді түсінікті болуы үшін, рет-ретімен жазайық...

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жаңағы «GEGA» ЖШС үстінен сотқа шағым түсіріп, логистикалық кешен орналасқан 15 гектар жерді министрлік меншігіне қайтаруды талап қылған. Ал Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы былтыр шілде айында Қорғаныс министрлігінің талабын қанағаттандырып, логистикалық кешенді үш айдың ішінде сүріп тастау туралы шешім шығарған.

Склады

«Қазір бұл қоймалардың барлығы 100 пайызға толып тұр. Мұнда азық-түлік тауарларынан бастап түрлі медициналық аппараттар мен дәрі-дәрмектерге дейін сақтаулы. Коронавирусқа қарсы мемлекеттік резервтегі тауарлар да осы жерде сақтаулы.

Былтыр біз Қорғаныс министрлігінің талап арызы бойынша өткен сотта жеңіліп қалдық. Олар 1940 жылғы бір құжат бойынша, логистикалық кешен орналасқан жер министрлікке тиесілі дегенді алға тартып отыр.

Дәл осы компанияның құрылысы басталған кезде, құрылысы аяқталып, кешен пайдалануға беріліп жатқан кезде Қорғаныс министрлігі қайда қарап отырған? Енді міне, кешен толық қарқынмен жұмыс істей бастағанда, мемлекетке де пайда әкеле бастағанда Қорғаныс министрлігі 80 жыл бұрынғы құжатты тауып алып, жерге таласып отыр. Дәл осы аумақта бізден бөлек оншақты компания бар. Ал министрлік олардың ешқайсысына емес, дәл біздің жерімізге таласып отыр», - дейді компания өкілдері.

Қазір «GEGA» ЖШС Алматы қалалық сотының шешіміне аппеляциялық шағым түсірген.

«Informburo.kz» сайтында, даулы жердің меншік иелігіне қатысты хронология жариялаған екен. Ол бойынша:

  • 1940 жылғы Халық комиссарлар кеңесінің шешімімен Түркістан әскери округіне казармалық үйлер салуға 477 гектар жер берілген.
  • 1999 жылы Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпуновтың шешімімен «Алматы аудандық эксплуатациялық бөлімшесіне» РМК (әскери бөлімше) әуе базасын істету үшін тұрақты түрде жер пайдалану құқы берілген. Алайда, Қорғаныс министрлігі жерді куәландыратын құжаттарды әзірлемеген. Сондықтан, министрлік меншігіне 147 гектар жер ғана берілген.
  • 2005 жылдың 18 қарашасында сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің шешімімен, 1999 жылғы шешім күшін жойған. Ол бойынша, министрлік меншігіне берілген жер көлемі 126 гектарға дейін қысқарған. Алматы әкімдігі Қорғаныс министрлігіне жер берген кезде, даулы 15 гектар жер ол территорияға кірмеген.
  • Ал 2005 жылдың 28 қарашасында 15 гектар жер «GEGA» ЖШС меншігіне сатылған. Сатып алу-сату келісімшарты 2005 жылдың желтоқсанында жасалған. Келісім сомасы – 130 миллион теңге болған. Жеке меншік құқын дәлелдейтін акті берілген. Мемлекеттік тіркеуге алынған.
  • 2006 жылы «GEGA» ЖШС жерді «Казкоммерцбанкке» кепіл ретінде өткізген.

Логистикалық орталық қазір №53975  «Первомайский» әскери  бөлімшесінің дәл жанында орналасқан. Әскери бөлімше аумағында ұшып-қонуға арналған жолақ орналасқан. Осыған дейін бірнеше сот процессі өткен. 2020 жылдың 27 шілдесіндегі сот процессінен өзгесінің барлығында Қорғаныс министрлігі жеңіліп келген. Ал былтырғы шілдеде Алматы соты логистикалық кешенді толық сүріп тастап, жерді министрлікке қайтару туралы шешім шығарған.

80 жыл бұрынғы бұйрықтың қандай күші бар?

Қайролла Әлішев, компания өкілі:

- Кедендік рәсімдеу, тауарларды сақтау және жөнелту қызметтерін атқаратын көпфункционалды логистикалық орталық 2015 жылы Елбасының өз бастамасымен ашылған. Орталық Азиядағы ірі логистикалық кешендердің бірі. Бұл нысан өз жұмысын бастағалы бері мыңнан астам мамандарды қабылдап қана қойған жоқ, оларды Халықаралық талаптарға сай, қайда даярлау курстарынан өткізген.

Бес жылдан бері тып-тыныш жұмыс істеп келіп, енді Алматы қалалық сотының шешімін естігенде  есеңгіреп қалдық. Бұл логистикалық нысан. Мемлекеттің шығынын кім өтейді? Министрлік осыған жауап бере ме?

Министрлік дәлел ретінде келтіріп отырғаны – ол 1940 жылғы бұйрық. Одан бері Кеңес өкіметі тарады. Қазақстан Тәуелсіздігін алды. Қазір ол құжаттың қандай күші болуы мүмкін?

Бұл жерде нысан жабылатын болса, нарықтағы азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасы өсетінін өздеріңізде біліп отырсыздар. Осы жерде қаншама компанияның тауарлары сақтаулы. Нысан сүрілетін болса, олар тауарларын қайда апарады? Олар басқа логистикалық кешендерге ауысуы үшін көп уақыт қажет. Шығыны да көп. Алматы қаласының барлық дүкендері мен дәріханаларына тасымалданатын азық-түлік пен дәрі-дәрмектің, тауарлардың бағасы өсетіні айдан анық. Сондықтан, бұл стратегиялық обьек деп санар едім. Мұны жою дегеніңіз – құйылған инвестицияларды жою болып табылады. Бұл халыққа келтіріп отырған қиянат.

Біз аппелляциялық шағым бердік. Бірақ сот ол бойынша арызды әлі қараған жоқ. Жағдай өзгерген жоқ десе де болады. Алматы қалалық сотына қайта шағымданған болатынбыз. Қазір екіұдай жағдайда отырмыз. Жұмысшылар алаңдаулы.

Бұл рейдерлік әрекетке ұқсайды!

Зоя Замашикова, компания басшыларының бірі:

- Соттың қоймаларды түгел сүріп тастау туралы шешімі шыққалы бері, біздің бас қатырып отырған тағы бір мәселе – бізде жұмыс істейтін мыңдаған адам енді қайтпек? Біздің компаниямызда дәл қазір 1200-ден аса адам жұмыс жасап жатыр. Олардың дені осы Түркісіб ауданының азаматтары. Олар осы жерден өз отбасыларын асырап отырған қарапайым азаматтар. Олар қайтпек? Қазіргідей дағдарыс кезінде оларға жұмыс табыла ма?

Былтырғы жыл Қазақстан экономикасы үшін қаншалықты ауыр жыл болғанын жақсы білесіздер. Соның өзінде біз мемлекеттің қазынасына 300 миллион теңге салық төледік. Енді ғана табыс әкеліп, ел қазынасына миллиондап салық төлей бастап едік, бізді соттан сотқа сүйреп жатыр.

1200 жұмысшы енді қайда барады?

Жаңағы бұйрықты 80 жылдан бері ешкім көрмепті, архивте жатыпты. Ешкім онымен бас қатырмапты. Ал енді біздің компания аяққа тұра бергені сола-ақ екен, біреулер жаңағы 80 жыл бұрынғы бұйрықты іздеп тауып алыпты. Бұл рейдерлік әрекетке ұқсайды. Жаңағы 80 жыл бұрынғы бұйрық бойынша, біздің жанымызда орналасқан тағы оншақты нысан да сотқа тартылып, сүріліп тасталуы керек еді. Алайда, оларға ешкім ештеңе деген жоқ. Тек бізге ғана шүйлігіп отыр. Мұны енді рейдерлік демей не деуге болады?

Алматы нарығында бізге ыңғайлы орын жоқ 

Айдар Алишев, кәсіпкер:

- Бұл жерде кешеннің сүрілуі туралы шешім тек компанияға ғана емес, бізге де тікелей қатысты болып отыр. Өйткені, біздің тауарларымыз осы жерде сақтаулы.

Қазір біз Алматыда бар барлық қоймаларды зерттей келе, тек тауарларымызды көшіріп апарудың өзіне жарты жылдай уақыт кететінін есептеп отырмыз. Ол қойманы зерттеу, келісімшарт жасау т.б. Алматы нарығында бізге ыңғайлы орын жоқ.

Қазір осы қоймада 46 мың тонна тауар бар. Осы 46 мың тонна тауарды тасу үшін 1200 жүк көлігі керек. Бір жүк көлігі 2 сағатта жүк басады деп есептесек, тек жүкті көліктерге тиеу үшін ғана ең азы 100 күн керек. Онда да үзіліссіз жұмыс істейтін болсақ... Көшіріп апаратын қоймаларды, сөрелер мен қойма жабдықтарын ретке келтіру үшін, зат, тауар сақтауға ыңғайлы жағдай жасау үшін бізге қосымша қаражат керек.

Мұнда тек азық-түліктер мен дәрі-дәрмектер ғана емес, электротехникалар, тұрмыстық техникалар, халықтың күнделікті тұрмысына қажетті тауар түрлерінің барлығы бар. Қазір ол компанияларға: «кешен сүріледі, басқа жаққа көшіңіздер», дейтін болса, Алматы нарығында кем дегенде жарты жыл дағдарыс болады. Тауар бағалары көтеріледі т.б. Ол жарты жыл жаңағы басқа қойманы іздеп табуға, орналасуға кететін уақыт пен шығын есебі...

«Azattyq-ruhy.kz» сайтының жазуынша, осыған дейін Қорғаныс министрлігі нысан 28 қазанға дейін бұзылуы тиіс, деп мәлімдеген. ҚР Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі Ғани Нүсіпов:  «Қазіргі уақытта логистикалық орталық сот шешімін орындау үшін қосымша уақыт сұраған. Жерді босату бойынша сот шешімі әлі орындалған жоқ. Нақты қанша уақытқа алғаны туралы ақпаратты айта алмаймын. Министрлік сотты ұтты, олар босатуы керек. Біздің талап өзгерген жоқ, бұрынғыдай жерді қайтарып беруді сұрап отырмыз. Себебі қойма кешені әскери ұшақтардың ұшу жолағына жақын орналасқан», - деп пікір білдіріпті.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикерлердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада аттары аталған екінші тарап редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354