Әділбек Ыбырайымұлы. Уақыт ұжданы
Әлем - ұлы жазушы Л.Толстойды білгенімен оның діни ілімінен әлі де бейхабар. Өмірінің соңғы 30-40 жылында Лев Николаевич жаратушы хаққа жүзін бұрып, оның рухымен біте қайнасты. Соның негізінде әртүрлі пәлсапалық ілімнің жалғандығын көрсетті. Әсіресе, православ шіркеуінің қате ұғымын нұсқамай өте алмады.
Сөйтіп, Лев-ұстаз адам өмірінің алдында - мемлекет, адам жанының алдында - шіркеу бекіткен, қалыпты дүниелерге қырын келді. Кейінгі жүз жылдықта Толстой өмірінің мәні мен еңбегін жасырып, оны бұрмалау - құдайсыз биліктің шенеуініктерімен қатар жалған сенім өкілдерінің айнымас мақсатына айналды. Билік пен шіркеудің институттары жазушының діни ойларынан туындаған маңызды дүниелерді адамзаттың өмірінен алып тастауға бірлесе күш салды.
Осында кездесетін келеңсіздікті екшей отырып, мұсылман баласына сүннет болып табылатын исламды тануға кеңінен көңіл бөлудің мәнін тереңірек ұғасың. Жүйелі діни-ағарту шаралары қолға алынса, имамдарымыз уағыз бен ілімді ұштастыра білсе деген тілек арта түседі. Сонда иманын қасым етпейтін, сауапты істі өмірлік мұратына айналдыратын ибалы ұрпақтың бұдан да былай молаяры шүбәсіз.
Әлем - ұлы жазушы Л.Толстойды білгенімен оның діни ілімінен әлі де бейхабар. Өмірінің соңғы 30-40 жылында Лев Николаевич жаратушы хаққа жүзін бұрып, оның рухымен біте қайнасты. Соның негізінде әртүрлі пәлсапалық ілімнің жалғандығын көрсетті. Әсіресе, православ шіркеуінің қате ұғымын нұсқамай өте алмады.
Сөйтіп, Лев-ұстаз адам өмірінің алдында - мемлекет, адам жанының алдында - шіркеу бекіткен, қалыпты дүниелерге қырын келді. Кейінгі жүз жылдықта Толстой өмірінің мәні мен еңбегін жасырып, оны бұрмалау - құдайсыз биліктің шенеуініктерімен қатар жалған сенім өкілдерінің айнымас мақсатына айналды. Билік пен шіркеудің институттары жазушының діни ойларынан туындаған маңызды дүниелерді адамзаттың өмірінен алып тастауға бірлесе күш салды.
Осында кездесетін келеңсіздікті екшей отырып, мұсылман баласына сүннет болып табылатын исламды тануға кеңінен көңіл бөлудің мәнін тереңірек ұғасың. Жүйелі діни-ағарту шаралары қолға алынса, имамдарымыз уағыз бен ілімді ұштастыра білсе деген тілек арта түседі. Сонда иманын қасым етпейтін, сауапты істі өмірлік мұратына айналдыратын ибалы ұрпақтың бұдан да былай молаяры шүбәсіз.
Шүкір, елімізде ислам діні өркен жайып, қоғамдағы рухани өмірдің бір көрінісі болып отыр. Көксегені - имандық, аңсағаны - тұтастық. Осындай адамзатты берекеге үндеген дінге Лев Толстой да мойынсұнды... қабылдады деген де әңгіме ара-кідік естіліп қалары бар. Сол уәждің ақ-қарасын айыруға да талпынып көрдік...
*** *** ***
- Денеңе жарықты көз түсіреді. Мөлдіреген қос жанардан бойыңа нұр құйылады. Ал қарашығың бұлдыр болса, онда бүкіл тұлғаң күңгірттікке көмілгені көмілген.
1. АЙЫПТАУ
Менің шіркеуден безе қашқаным, бұл - мүлде әділетті іс болды.
Бұлай айнуым - құдайға қарсы болғандығымнан емес,
керісінше мен оған жан дүниеммен адал қызмет еткім келді.
Л.Н. Толстой
Синодтың 1901 жылғы 2 ақпандағы № 557 анықтамасы «Церковных ведомостях» басылымында жарияланып, орыс қоғамының әңкі-тәңкісін шығарды. Онда есімі әлемдік деңгейдегі адам - граф Лев Николаевич Толстойдың православ шіркеуінен аласталғандығы айтылады.
Көпшіліктің көкейіне ізгілік сәулесін шашқан жазушының «айыбын» әшкерелеу, әлдекімдер үшін тиімді де болған шығар. Немесе бұл, мүдделер «соғысының» мігірсіз жалғасы ма? Қайткен күнде де қазан төңкерісі алдындағы орын алған Ресейдегі мәдени жағдайдың сиқы көрініс берді. Сонымен қатар, синодтың сол ұйғарымы күні бүгінге дейін дау туғызып келеді.
- Белгілі бір пайымда граф Толстойдың шіркеуден сырт айналуы, барлық секулярлық орыс мәдениетінің шіркеуден тануы сияқты боп тұрады. Соңы, тағдырымызды талқыға салған шешімге ұласып, Ресей денесіне мезгілінен бұрын жарақат түсті. Оның ақыры - елді ыдыратушы дертке алып келді. Кейде «күллі заманауи әдебиет және біздің баршамыз жүзімізді шіркеуден теріс салуға үлес қосып жүрген жоқпыз ба?» деп те ойланамын.
Париждік жазушы Вячеслав Репин осылай күңіренеді. Оның көмейінің бүлкілінен аңғарылатыны - қоғамға сана мен түйсігі біртекті тұлғалар ғана қажет.
- Бұл актіні шіркеу елден іргесін аулақтап, барлық зайырлы орыс мәдениетін өзінен айныту үшін ойлап тапқан жоқ. Ол кезде қоғамда дін үйіне айыптай қарайтын пиғыл өршіп тұрған. Осы ахуал да қатал шешімнің шығуына ықпал етті. Мұның бәрі шынайы православ дініне ара түсіп, лажсыздан жасалған канондық қадам. Олай етпесе Лев Толстой сияқты әлеуетті тұлғаның жасаған шабуылынан дін қорғалмай қалар еді.
Вашингтон және Сан-Францисконың епископы Василий Родзянко синод шешімін қорғаштай, бәйек қағады.
- Сол жылдары белең алып кеткен орыс зиялылары пайымының аумалы-төкпелілігінен, ақырында, жиырмасыншы ғасырдағы оқиғалардың салдарына әкеп ұрындырды. Шіркеудің алдына жалпы жұртшылықпен қалай қарым-қатынас жасау керектігі жөнінде күрделі мәселе қойылды. Байыппен қарасақ, ақыл-парсатқа өте үлкен әсерін тигізе алатын адам жолдарына кесе-көлденеңдемегенде, мұндай үзілді-кесілді қатал қадамға бармас па еді?..
Бір уақ дін үйі де құдайға сенушілер үшін, оларды қорғау үшін өз позициясын көрсетіп, белгілі мәселелер төңірегінде үн қатуы керек болды. Бірақ, «шіркеу Лев Толстойды күшпен қуып шығып, қарғыс айтты» деген әңгімелер шындықпен жанаспайды. Ол тек қасиетті босағадан аластатылды. Егер ғибадат етуге қайтып оралса, «ондай көзқараспен рәсімдерге қатысуына жол бере алмаймыз» деп, жұрт ашық түрде дін қызметкерлеріне мағлұм етері кәміл.
Епископтың шыр-пыры шығып, поптар мекенінің тұжырымына шаң жуытқысы жоқ.
Жалпы, шіркеуді жағымсыз кепте суреттеген орыс әдебиеті сирек. Ал кез-келген киносы кейіпкердің мойнындағы алқасын көрсетсе де православ дінінің элементі - айқышты міндетті түрде экранға әкеледі. Қазақ сахарасында тәрбиеленген қолбасшы Александр Невский туралы фильмде осындай деталь болмай қалды деп, атеизм салтанат құрған кеңес өкіметінің тұсында прокаттан алып тастағаны мәлім. Сондықтан, дәтіне беріктігі жағынан орыс мәдениетін айыптау - күнә.
Ал, өзіміздің қазаққа келсек, негізгі түп қазықты ұстану қағидасы сақталмайды. Кеңестік заманның тұсында ислам дініне бірде-бір туынды рай бермеді. Киноларымыздың ешбірі әлгіндей маңызды элементтерді пайдаланған жоқ. Әлі күнге - сол. Шынтуайтына келсек, қазақты ұлт ретінде жойылудан сақтап қалған мұсылман діні еді. Тілден айрылдық, тіл кеткен соң халықтық жадымыз бұзылды. Якуд халқында бұлардың ешқайсысы қалған жоқ.
Қызыл империя кезінде еміс-еміс құлағымызға жеткен әлемдік жазушы Л.Толстойдың шіркеуден сырт айналуы жөніндегі ақпарат, атеистердің тіліне әдемі тиек болды. Сонымен қатар «орыс әлемінің» қанатының астына енген өзге ұлттарды ойландырып қойды. Түйсігінің түбінде дыңылдап жатқан сан қилы сауал елді туа біткен дініне жақындата түсті. Онысын ашық айтпаса да, ислам туралы жөнді ештеме білмесе де, бір Алланың барына мінәжаттықпен бет сипай берді. Осы амал ғана қазақ санасының 25-30 пайызын ұлттық рухтан айырмай ұстап қала алды. Лев Николаевичті аластаған үкім түйсігімізде имани дінімізді қолдайтын иммунитет талшығының жандануына, ол түтікшелердің өлмеуіне әсер етті.
Сол бір христиан руханиятының ұйғарымы төңірегінде ушыққан айтыс-тартыста қарсылық білдірушілердің ешбір тараппен бітімге келмейтіндігі таңдандырады. Лев Николаевичтің атына айтылған айыптау сөз - пікіріне құлақ аспауға ешкімнің құқы жоқ адамдардың аузынан шықты. Оның зілі мен өткірлігі жұмыр бастыны бейтарап қоймайды. Сондай ойлардың бір-екеуі мынандай:
Митрополит Анастасий (Грибановский):
«Оның қолымен әзірленіп және моральдық тұрғыда санкция берілді» деп, Лев Львовичтің әкесі жөнінде айтқанындай, «азулы да аршынды әдебиет соқасымен орыс топырағын күні бұрын төңкеріске арнайы қопсытқан» Толстой - христиан дінін бұза отырып, пұтқа табынушылыққа негіз салуымен әлемдік процесте өз орынын иеленеді».
Ғибадатханашы Феофан Затворник, діни әріптесіне былай деп жазады:
«Сіз, «Толстойдың шығармаларын оқып алып, көптеген адамдар басқа дінге өтіп жатыр» деп еске салыпсыз. Ғажап! Сол Левіңде ешқандай сенім жоқ. Онда Құдай да, жан да, болашақ өмір де жоқ. Ал Құдай Иса Мәсіх - қарапайым адам. Исаның жазбаларында Құдайға, Мәсіх Тәңірге, қасиетті шіркеу мен оның құпияларына нұқсан келтірген кісі, ол - ақиқат патшалығын бұзушы, Құдайдың жауы, шайтанның қызметшісі».
Граф Толстойдың дінбасыларына жүгінген хатына Иоанн Кронштадтский әкенің жауабы:
«Лев Толстойдың түпкі арнасынан шатасуы мынада: Мәсіхтің таудағы уағызы және оның жауыздыққа қарсы тұрмау туралы сөзін оқи келіп, оны талдағанында шығармасының негізгі көзқарасынан көрінетіні - таудағы уағызды да, зұлымдыққа қарсы келмеу туралы өсиетті де мүлде түсінбеген. Таудағы уағызда христиандық өмірдің негізгі мәнін көрсететін рухани жұтаңдық және оған бойұсынып, опық жеу туралы өсиет бар. Ал Толстой сайтан сияқты насаттанып, тәубеге келудің қажеттілігін мойындамайды. Мәсіхсіз және оның шарапатынсыз, оның азап шегуі мен өлімін өтейтін дінсіз әлдебір өзінің күшімен кемеліне келуге үміт артады. Ал, зұлымдыққа қарсы тұрмау астарын жауыздықты кереғар мақұлдау деп түсінеді. Күнәдан тайынбау немесе дандайсу мен нәпсіні тыймау - әрқилы заңсыздықтарға даңғыл жол салып, сайып келгенде, сайтанның дем берушісі, адамзатты құртушы және Мәсіхтің ең барып тұрған дұшпаны етіп шығарады».
Архиепископ Никон:
«Шіркеу, біздің қайырымды шіркеу, мұндай құдайға тіл тигізуді бастан кешкен емес. Содан кейін Толстойды өзімен тығыз қатынаста болудан аластады. Біздің зиялы қауым күмәншіл ғой? Олар енді ғайбат сөзге қатысты шіркеудің жасаған төрелігін байқамаған сыңайсиды... Осыдан кейін «ойпырмай, бұл зиялылардың «христианбыз» деуге құқылары бар ма?» деген сауал туындайды».
Кейініректе графиня София Андреевна Толстойдың Петербор митрополиті Антонға (Вадковский) жазған хаты жарияланды. Онда сол күннің оқиғалары мейлінше нақты баяндалады. София Андреевна мұның мүлде жеке басының күйеуіне жасаған шабуылы емес екенін, оны жұртшылықтың түсінбегенін күйіне отырып ақтарады.
Егер, іс - граф Толстойға қарсы жеке шабуылда болмаса, мұндай мәмілесіздікті немен ұғындырған жөн? Араны жарастыруға шақырғандай көрінетін адамдарда наразылық дерті әбден ушыққан. Лев Толстойдың парызды жолдан «жаңылушылығын» әшкерелей отырып, шіркеу тым қатыгездікке барған сыңайлы.
- Дін мен ішкі сенімге қатысты мәселе ашықтан ашық талқыға түссе, қандай адам өзін белгілі бір шектеу шеңберінде ұстай алмақ? - дейді епископ. - Көне дәстүрмен күресу кезіндегі көріністі еске түсірейікші. Сол дәстүрді ұстанушыларға және олардың орыс шіркеуіне деген қарым-қатынасына көз жүгіртейік. Ариандық дау-дамай уағын жадымызда жаңғыртайық. Ғибадатханашы Николай тұңғыш әлемдік шіркеу мәжілісінде Арияның қасына келіп, бүкіл елдің көзінше бетінен шапалақпен тартып жіберген. Аңызға жүгінсек шіркеу Николайды айыптап, бұл үшін оны қамауға үкім шығарған.
Діни соғыстар, әсіресе, орта ғасырдағысы тектен-текке ең қатыгез деп саналып отырған жоқ. Әрине, мұнымен ол қантөгістердің бәрін ақтап алуға ден қойғандай көрінгіміз келмейді әрі біздің әңгіме ондай пиғылды білдірмесе керек. Бұл оқиғалар пенденің пенде екендігін танытады. Әлбетте, осының бәрінен, дүлей ашудан жоғары тұру керек еді. Бірақ, амал қанша. Христиандар бар ынта-шынтасымен күресіп жүрген діндерінің шын мәнінде адамға деген сенім екенін жиі ұмытып кете береді. Толық мағынасына сай сенім арқылы Ол адам болады. Ол айқыш ағашқа жүзін береді. Ешкімнің бетіне жел болып қарсы тимейтін, Исаны керіп қол-аяғын шегелегендердің күнәсі үшін Құдайдан жалбарынып кешірім сұраушыға айналады. Осы пайымның үдесінен қарағанда мен шіркеудің үзілді-кесілді позициясы қате болды деушілермен келісемін. Бірақ тарихи көзқарас тұрғысынан ұғынуға талпыныс жасасақ, онда Иоанн Кронштадтский сияқты адамдардың өзі, жадына туа біткен дінді қорғау туралы сөз қозғалғанда ерік-жігерлерін билей алмай қалатынын ескеру керек. Егер менің алдымда Лев Толстойдың өзі отырса, не айтқан болар едім, білмеймін. Мүмкін мен де өз-өзімді ұстай алмас па едім... - деп, қорытады ойын.
Еп.Василийдің байламы - пенделік санатынан әрі аспаған. Иса уағызын «біреу жағыңнан шапалақпен тартып жіберсе, екінші бетіңді тос» деген қағидамен жүргізді. Бірақ бұны сол сенім иелерінің дені әлі түсінбей келеді. Өздерінің наным-сенімдерін қорғау үшін күш жұмсауға, әлімжеттікке барады. Күні бүгінге дейін соғыс пен қан төгіс конфессиялық иланымның үйлеспейтіндігінен екені бесенеден белгілі. «Христиандар бар ынта-шынтасымен күресіп жүрген діндерінің шын мәнінде адамға деген сенім екенін жиі ұмытып кете береді» деген епископтың сөзі шындық. Дүлей ашудан жоғары тұру - рухтың тапталғаны деп ұғатын догмалық долбарлар кеудеге беріш болып байланған.
Жоғары білімді, жауапты мемлекеттік қызметтегі бүгінгі күнгі христиан азаматынан Лев-ұстаз бен шіркеу жөнінде сұрадым. «Араларынан аластап, өте дұрыс жасаған». Жауабын шолақ қайырып, жазушыға деген жиренішті кейпін көрсетті. Бұдан кейін қазіргі заманның діни өкілі, патриарх кеңесінің мәдениет жөніндегі жауапты хатшысы Тихонге (Шевкунов) жүгіндім. Архимандрит: «Шіркеуге қарсы сөйлеп, жасаған қадамы православ ой-санасы үшін сұмдық дүние болды. Мұнымен қатар оның өмірінің соңғы 10 жылдағы қызметі, өкінішке орай, өзі сүйген Ресейді шынтуайтында күйретуші күшке айналды. Ол соншалықты еңбегін сіңіргісі келген халқына сор алып келді. Большевиктердің көсемі Толстой тірлігінің дәл осы бағытын бағалап, оны «орыс көтерілісінің айнасы» деп тектен-текке айтып отырған жоқ» дейді.
Үшінші мыңжылдық, озық өркениет, жаңа сатыға көтерілген адам санасы дейміз, сөйтсек - түйсік өзгермеген.
Өйткені, дін идеалогиялық қару. Оның неғұрлым кең әрі табанды дамуы - белгілі бір ұлт мәдениетінің, ділінің, тілінің қарыштай ілгерлеуіне жол салады. Келесі бір өркениетті экспанциялауға әлеуетті арттырады. Осыны әбден түсінген олар кедергінің бәрін аяусыз таптап өтіп, бір ғана сенімге үстемдік бергілері келеді. Бұл мақсатта тек қаруға ғана қол созбайды, айлаға басып, гуманитарлық ынтымақтастық аспабын алға тартады. Сол арқылы бірыңғай Еуразиялық мәдени кеңістігін құру тәрізді үнемі бастамаларды көтеріп отырады. Астарында күллі ресейлік патриотизм мен мәдениеттің төңірегінде барша халықты топтастыру идеясы жатыр. Оған қазақ ертегісіндегі денесі жартылай тасқа айналған Олжас сыңайлы «қаһармандар» қолдау білдіріп, өңеші жыртылғанша айқайға сүрен қосады.
«Христиандар үшін ешқандай күрделі метафизика жоқ және болмайды да, - дейді ұлы ұстаз Лев Николаевич. - Христиан ұғымындағы метафизика деп атауға болатындардың барлығы, баршаға түсінікті қарапайым ережеден тұрады: күллі адамзат - Тәңірінің перзенті, бауырлар. Сондықтан олар Әкелерін, бауырларын сүюлері тиіс. Сол себепті өзгелердің саған мейіріммен қарағанын қалайтыныңдай басқаларға да сондай бауырмалдықпен қарағаның жөн».
*** *** ***
- Былапыттан бітелген жанармен қоқым тұтқан бауырымның көзіне қалай қарай аламын? Ең әуелі өзіңнің көзіңді тазалауың керек, ал біздің арамызда кімнің көзі таза дейсің...
2. ҚУДАЛАУ
«Ес тоқтатып, белгілі жазушыға айналғанға дейін Лев Толстой жас кезінде алақұйын өмір кешті. Бірізді көзқарастан ауытқымады, үнемі парызын бұлжытпай орындаған жоқ. Кейде сотанақ әрекеттер жасап қойды. Онысына жылдар бойы өкініп, ұялып жүргені белгілі» деген тұрғыда пікірлер бар.
Әрине, кім болса да жас кезінде аңғырттықпен жайсыз істерге, олқылықтарға жол беретіні кез-келген пендеге тән нәрсе. Оның үстіне тағдырдың өзі оған Пушкин және көптеген басқалар тәрізді еркіндікті көлденең тосты. Мұның бәрі сондағы қоғамның характерлік нышаны, өкінішке орай, жалпы реңкі болатын.
- Бұрынғы және кейінгі Толстойдың арасындағы айырмашылық мынада сияқты, ертедегі Толстой опық жеп, өкіне алатын, - дейді еп.Василий. - Күнәһарлық дегеннің не екенін ажыратты. Адамның осалдығы дегеніміз не екенін білді. Бір тұстарда берік және қажырлы болса, басқа тұстарда ол өте әлсіз еді.
- Оның сенімі біртіндеп өзгере берді, - дейді биограф Эльмер Мод Толстой туралы. - Шығыс жазбаларымен (үнді, қытай) танысу шамасына қарай, ақырында, ұлы діннің түбірінде жатқан бөлініп, уатылған ырымшыл нанымдардың мәнін ұғынып, білді. Ол Мәсіхтің жеке тұлғасының өзіне, Інжілдің дәлме-дәл фразеологиясына және нақты сөздеріне тым аз, болмашы мән беретін болды.
Толстойдың өзі: «Исаның доктринасы мен үшін ежелгі мысыр, еврей, үнді, қытай, гректерден алған ғажайып діни доктриналардың тек біреуі ғана болып табылады. Исаның қағидасындағы басты дүние - Құдайды сүю. Яғни, жер бетіндегі барша данагөйлер: Кришна, Будда, Лао-Цзе, Конфуций, Сократ, Платон, Эпиктет, Марк Аврелий, сондай-ақ, Руссо, Паскаль, Кант, Эмерсон, Чанинг және басқа да көптеген ғұламалар ешкімді шет қалдырмай, күллі жұмырбастыға дәл солай уағыз айтты. Ақиқи дін мен өнеге - бүкіл жерде және әрқашан да бірдей, менде христиан дініне ерекше ықылас жоқ. Егер Исаның доктринасына қызықсам, бұл біріншіден, менің христиандардың арасында туып-өскендігімнен, екіншіден, шіркеудің шығарған паразиттік фальсификациясынан шынайы доктринаны аршып алу ісінен үлкен ақыл-ойдың ләззатын таптым» дейді.
Ойшылдың діни мұраты 1880 жылғы жазған кітабы «Тәубе етуден» басталып, 1910 жылғы «Өмір жолы» деген орасан күрделі еңбекпен аяқталады. Толстой өзінің соңғы отыз жыл ғұмырын христиандық ілімнің ақиқатын түсіндіруге жұмсады. Уақыт жағынан Иса-ұстаздан өте алшақ, ал ілімінің маңызын ұғудан одан да әрмен алыстаған бүгінгі заманғы адам баласының оны басшылыққа алу қажеттігіне тоқталады.
Әлем халқын бір ғана Әкені - Құдайды танитын біртұтас адамзат отбасына, адамдар бауырластығына біріктіруді көздеген Мәсіх ілімінің парасын аша отырып, Толстой сонымен қатар әлемді бөліп жатқан мемлекет жүйесіне тимей; қолданыстағы қоғамдық, мәдени, ғылыми құрылымдарды әшкерелемей; қазіргі әлем құрылысын ақтайтын әртүрлі пәлсапалық ілімнің жалғандығын көрсетпей; бәрінен бұрын әлемнің бөлінуіне басты кінәлілерді - әртүрлі шіркеу ілімдерін - «жалған сенімдерді», соның ішінде православ шіркеуінің ілімін нұсқамай өте алмады. Лев-ұстаздың қызметі адам өмірінің алдында - мемлекет, адам жанының алдында - шіркеу бекіткен, қалыпты дүниелерге қырын келді. Толстой өмірінің мәні мен еңбегін жасырып, оны бұрмалау - құдайсыз биліктің шенеуініктерімен қатар жалған сенім өкілдерінің түпкілікті мақсатына айналды. Билік пен оның институттары, шіркеу мен оның тармақтары Толстойдың діни ойларынан туындаған маңызды дүниелерді адамзаттың саналы ғұмырынан алып тастауға бірлесе күш салды.
Адам санасын ақиқатты түсінуге бастап және осы ұғымға сәйкес өмірін өзгертуге үндеген Толстойдың негізгі еңбектері көзі тірісінде Ресейде жарық көрген жоқ. Толстой діни ойшыл, христиан ілімін уағыздаушы ретінде қатал тұрғыда қудалауға түсті. Өлтіруге бел байлағандардың қорқытып-үркітуін бастан кешті, бірде пошта арқылы асылып өлсін деген мағынада шыжым да жіберіпті. Әртүрлі жылдары Толстойдың ең жақын көмекшілері мен ниеттестері де қаһарға ұшырады (жеке хатшысы Николай Николаевич Гусевті Ясная полянадағы үйден алып кетіп, түрмеге отырғызады, соңыра Чердынь уездіне жер аударды. Владимир Григорьевич Чертковты тұтқындаймыз деп үрейлендіріп, Ресейге қайтып оралуға құқық бермейтін тәсілмен шетелге қуып жіберді).
Толстойдың тиым салынған шығармаларының әзір тұрған баспаханалық терілімдері аяусыз шашылды. Ал жарық көрген кітаптарының тиражы тұтқындалып, отқа жағылды. Кейбір данасын таратып үлгергендерді абақтымен үрейін ұшырды. Шығарушыларды сот және айыппұлмен қорқытты. Соңыра әкесіне шексіз берілген кіші қызы Александра кеңестің алғашқы тасбұғауынан қашып құтыла алмады. Бәденіне төңкерістің бәлесі байланған, адам құлағы естімеген тұрғыда бірін‑бірі өлтіруге әзір тұрған ашынған ресей қоғамы Лев-ұстазды да назардан тыс қалдырмады. Олар - ешқандай уақытта ешкімнің көңілін көншітпейтін әрі Толстойға таңылған - жауыздыққа зорлықпен қарсы келмеу жөніндегі Мәсіхтің өсиетіне наразылығын білдірді. «Егер зұлымдыққа қарсы тұрмасақ, онда барды тартып алады, сонымен біздің өміріміздің мән‑мазмұны жойылады. Не мемлекет, не меншік, не отбасы болмайды. Өзіме, үй ішіме, халқым үшін әзірлеп, жинап, жасаған қорымды әлдебір озбыр адам иемденбек... оған беруім керек екен. Сонда неміс, француз, түркілер келіп жиғанымның бәрін алып жатса, оның алдында қол қусырып, тізе бүгуім тиіс пе?» деген сауал атойлай естілді.
Толстойды қудалаушылыққа лажсыз қатысты болып, сол арқылы бір жаннан келесіге тарап жатқан ақиқат қозғалысының жолына тұрмау үшін А.Блоктың кеңесіне құлақ салған жөн: «рухың мен бойыңдағы қуатыңды елесті істің мұрагерлік дерті мен құр сандырағы әлсіретіп кетпей тұрғанда Толстойды түсінуге жастайыңнан асығуың керек». «Білгірлердің» шұбалаңқы жорамалдарына және оның дүниетанымын зерттеушілердің жалған түсіндіруіне малтықпас үшін, шынтуайтында, абызды әріден оқып, зерделеген ләзім.
Лев-ұстаз бен оның ілімі туралы жазған пікірлестерінің еңбектеріне де қатысты дәл осындай жағдай орын алды. Ойшыл өмір - биік өнегелі өреден туындайтынына куәлік беретін Маховицкийдің (Толстой өмірінің соңғы жылдарын бірге өткізген) құнды кітабы «Ясная поляна күнделігі» соңғы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Жазушының жақын досы, көмекшісі, бірдей сенім ұстанған В.Г.Чертков жылдар бойы Толстойдың ойларын жинаған (В.Г.Чертков туралы Л.Толстой «екеуміздің бірдей ойлайтынымызға таң қаламын» деген екен). Діни пайымдардың шыңы болып есептелетін осынау рухани азықтан адамдарды айырды. Бұл еңбек қылмысты түрде толстойлық мұрахаттардың бірінде кәдесіз нәрсе ретінде тығулы жатыр.
Будда, Конфуций, Лао-Цзы, Сократ, Иса сияқты Ресейде Толстойға дейін өзінің рухани ұстазы болған жоқ. Бұл ролді император Константиннің кезінде Інжіл мәтінін көшіріп жазып, орыс топырағына әкелген Владимир княздың уақытынан бері мемлекетпен одақ құра отырып (Мәсіх ілімін өзінің түсіндіруімен), православ шіркеуі орындап келді. Дін үйі - адам құлдығын, өлім жазасын, жабайылықпен кісі өлтіруді мақұл көретін - «мәсіхсүюші әскер» құруға жол берді. «Антихрист. Проклятие христианству» деген еңбегінде неміс халқының көрнекті философы Фридрих Ницше «Христиандықта ақиқаттың пұшпағымен не адамгершілік, не дін шектеспейді» деп жазады.
Христиандық ілімді таза қалпында қайта тудырушы Толстойдың бітіспес жауы және қудалаушысы - шіркеу мен мемлекет болған әрі болып қала беретіні таң қалдырмайды. Ақиқатты өзінің заманы мен төл халқына ғана емес, басқа уақыт пен басқа халыққа апарушы ұлы рухани ұстаз шіркеу мен мемлекеттің ықпалымен адамзаттың саналы өмірінен алынып тасталды.
Одан кейінгі қазан төңкерісі жылдары рухани жұтаң қоғамға ауадай қажет Толстой жазбалары Щукин үйіндегі (бүгінде Кропоткинский көшесіндегі Көркемөнер академиясының ғимараты) болат бөлмедегі «зынданға» тасталды. Оған кіруге аз ғана адамның рұқсаты бар еді. Қалғандарына діннен безген көсемнің бұқараны ағартушы серіктес әйелі «тек менің сүйегімді аттап өтсең, барасың» деп мәлімдеді.
Бұрынғысынша бүгінгі күнде де ұлы жазушының аса көрнекті көркем туындылары басылып шығып, мадаққа кенелуде. Толстой өз өмірінің басты мұраты ретінде көріп, дәл сондай әлеуетті шығармашылықпен қайта тудырған Мәсіхтің діни ойлары - қабылданбай, келемежге ұшырауда. Атеизм басшысы Толстой философиясын «талғампаз попшылдық» деп атады. Православқа бойұсынған бұрынғы марксист Бердяев жауыздыққа зорлықпен қарсы шықпағанына ұстазды кінәлайды. Өйткені ол өзіне жүгінген жұмысшыларды «Бұдан да жаман болады. Билік басына әлдеқандай «адвокатишка» келеді» деп (Ульянов-Ленинді күні бұрын болжаған), төңкеріс жасамауға иландырады.
Қызылдардың бас идеологы қайтыс болғаннан кейін, онда да жазушының ұлы діни ойларын таныған адамдардың табандылығының арқасында еңбектерін толық түрде шығара бастады. Бұған пікірлестері В.Г.Чертков пен Н.Н.Гусев сияқты азаматтар көп қажыр-қайрат жұмсады. Кеңестік халық коммисариатының Толстойдың күллі шығармасын қалдырмай басу жөнінде шешімі 1924-ші жылы қабылданса да бұл шара 1950-ші жылдардың соңына қарай әзер аяқталды. Алайда бүгінгі күнге дейін олардың кейбірі қолға түспейді. Себебі, тиражы мардымсыз - 5 мыңға жетпейтін. Сонымен қатар кітапхана қорында барлары саналы түрде жарамсыз деп танылып, жойылды.
Үнсіздік пен қасақана жасырудың арқасында ойшыл, дана, өмір ұстазы Толстой Ресей мен әлемге беймәлім күйінде қалып отыр. «Толстой парақшалары» әдейі бүркемеленіп, жасырылған дүниені бұқараға қайтара алады. Оның арасында «Інжілдің қысқа мазмұны», «Балаларға арналып мазмұндалған Мәсіх ілімі», «Христиандық ілім» еңбектері бар. Бұлардың бәрі адамзаттың жаңа игілігіне жол салады.
Қазір рухани қайта жаңғыру қажеттігі жөніндегі әңгіме тұс-тұстан естіліп қалатыны бар. Бірақ Толстойды еске алатындар өте аз. Ұлы рухани ұстаз ретінде, ол турасында жеріне жеткізе еш айтылмайды. «Прогресстің» де, «өркениеттің» де назары оған ауған жоқ. Толстой дүниетанымына үңіліп, оны өмірде тірілту - құрып кетудің алдында тұрған адамзат баласына ара түсуді білдіреді.
Бүгінгі орыстың зиялы қауымы Толстойға қатысты діннен қуушылықты шіркеудің алып тастайтын уақыты жеткенін ауық-ауық айтып қояды. Бірақ ол шара қайткенде де жүзеге аспай келеді. Ғасырдан астам уақыт өтсе де шіркеудің ұстанымы өзгерген жоқ. «Лев Толстойдың шығармашылығына берілген жоғары бағаға қарамай және оның өлгеніне 100 жыл толса да жазушыдан православ шіркеуінен аласталған айыбын алып тастау мүмкін емес. Өйткені Толстой шіркеуден өзін өзі аластаған» дейді патриарх кеңесінің мәдениет жөніндегі жауапты хатшысы, архимандрит Тихон.
*** *** ***
- Бір көзіңмен аспанға, келесісімен жерге қарай алмайсың.
3. ТОЛСТОЙДЫ ТАНУ
- Мен діннің сыртқы ғибадатында және құдайды ұлықтауда көптеген өтіріктер барын көрдім, - деп бастайды жазбаларының бірінде абыз Лев. - Халық бұл жалғандықты сауатсыздығынан, енжарлығынан және ойланғысы келмейтін жалқаулығынан байқамайтынын түсіндім. Құдайға сенетін білімді адамдар маған «өтірікті аңғарғаннан кейін, оған көзді жұмып қарауға болмайтынына» кеңес берді. Тәңірге иланушының міндетін орындай отырып, өмір сүруді жалғастырғаным сайын жалғандық одан әрмен жаныма батты. Ар-ұжданым бұл ілімде өтірік қай жерде аяқталып, қай жерде шындық басталатынына зерттеу жүргізуді талап етті. Менің ішкі арпалысым, ақырында, бұған бұрынғысынша қасақана көз жұмып қарай алмайтындай жағдайға әкелді. Өзім меңгергім келген діни ілімді мұқият зерделеп шығуым керек болды.
Әуелгіде мен священниктерден, монахтардан, архиерейлерден, митрополиттерден, діннің білгірлерінен түсіндірулерін сұрадым. Түсіндірмелерінде ұғынықсыз, тұманды да күмәнді күңгірт әрі кереғар тұстар болды. Бәрі қасиетті әкелерге, катехизистерге, дін іліміне сілтеме жасады. Содан кейін қасиетті кітаптарды алып, оқи бастадым. Міне, сол оқуым - біздің иерархиямыз ғұрпына айналдырып, халыққа үйретіп жүрген дін барып тұрған жалғандық қана емес, адамдықтан жұрдай алдау екеніне менің көзімді жеткізді. Мазмұнынан оның тіршілік мәні мен өмір туралы ілімді түсіндіруге бағытталмағаны анық аңғарылды. Көкейіме қонбаған ең нағыз түсініксіз, қажетсіз ережелерді тиянақтап, керісінше бұл ережелерді мойындамаған дүниелерді жоққа шығарады. Осы байламдар, еріктен тыс басқа дін іліміне (христиан тармақтары. Авт.) көңіл аударуға мәжбүрледі. Олар да дәл православ ұғымы тәрізді дауға толы екен. Біреуі қисынға сыймайды, келесісі шамалы жөнге келіңкірейді. Бірақ, барлық дін ілімі бірдей өмірде қолдануға қажетсіз және түсініксіз ережелерді мақұлдап, солар үшін бір-бірін теріске балап, христиан іліміндегі адамдарды біріктіру басты қағидасын бұзған.
Соңында мен ешқандай шіркеудің жоқтығына көзімді жеткіздім. Әртүрлі ағымдағы христиандардың бәрі өздерін нағыз христиан деп санап, басқаларды мойындамайды. Діндерінің жаманды-жақсылы сақталуын оның ақиқаттығынан емес, өздерінің сол дінде туып, оны нағыз дін деп атайтындықтарынан екенін ұға алмады.
Шіркеу біреу, екеу емес, мыңдаған дін үйлері бар, бәрі бір-бірін жоққа шығарды. Әрқайсысы тек өздерін «нағыз қасиетті, әлемдік деңгейдегі алқалы апостольдік» деп, біртұтастығын мәлімдейді. Мың бөлек наным иелері өз сенімін дұрыс деп есептеп, бірін-бірі жау көріп, қарғыс айтқан. Католиктер, лютерандар, протестанттар, кальвинистер, шекерлер, мормондар, грек-православтар, ескі нанымдағылар, поптықтар, попсыздар, молокандар, менониттер, баптистер, скоптықтар, рух күрескерлері т.б. және б., бәрі бірдей дінімізде қасиетті рух бар, оның басшысы Мәсіх, қалғандары адасуда деп нандырды.
Сөйтіп, мыңдаған діннің әрқайсысы жеке-жеке өзін шүбәсіз түрде «жалғыз қасиеттісі» деп санайды. Ғибадат етушілердің әрбірі ұстанған бағытын нағыз хақтың жолы дей тұрып, басқа дін иелері де дәл солай өзінікін ақиқатқа жатқызып, қалған жұртты ерестер деп есептейтінін біледі. Таяуда өзімізді өзіміз алдаудың 1800 жылы болады, одан әрі де жалғаса бермек.
Ертеде-ақ, өте ертеде, еркін ойлайтын адамдар осы келеңсіздікті келемеждеп, мұның қандай деңгейдегі ақымақтық екенін анық көрсетті. Христиан діні, оның барлық бұтақ-тармақтарымен әуелден өмірін тоқтатқанын, жаңа діннің келетін уақытының жеткенін олар айқын дәлелдеді («Жаңа дін туралы ой Л.Толстойдың 27 жасында көкейінде бой көтерген. Бұлай деуге оның сол кездегі күнделігі куә» дейді архимандрит Тихон). Тіпті, кейбірі жаңа дінді ойлап тапты. Бірақ оларды ешкім тыңдап, соңынан леспеді. Барлығы бұрынғысынша айырықша төл христиан дініне иланады: котоликтер - өзінікіне, лютерандар - өзінікіне, біздің жікшіл-поптықтар - өзінікіне, попсыздар - өзінікіне, мормондар - өзінікіне, молокандар - өзінікіне және мен шұқшиюды құп көріп отырған православтықтар - өзінікіне.
Бұл нені білдіреді?
Бұл ілімнен адамдар неге сырт айналмайды?
Дінді жоққа шығаратын, еркін ойлайтын адамдардың бәрі және барша дін өкілдері келісетін жауап біреу - Мәсіх ілімі көңілге ыстық және онысыз өмір сүре алмайды, сондықтан ол қымбат. Бірақ, олай болса, неге Мәсіх іліміне сенетіндер әртүрлі ұғымға бөлініп кетті және уақыт өткен сайын одан әрі бөліну үстінде? Неліктен бірін-бірі жоққа шығарады, айыптайды, бір сенімге келе алмайды? Бұған жауап тағы да қарапайым және айқын.
«Мәсіх өзінің мәніне қарай қасиетті және қияс кетпейтін, өзгелерді мінәжатқа үйіре алатын, үйіруі тиіс біртұтас, нағыз шіркеуді анықтап берді» дегенді мақұлдайтын, дәл осы шіркеу туралы ілім - Христиандардың бөлінуіне себеп болып отыр. Шіркеу турасында мұндай ұғым қалыптаспаса, христиандар арасындағы жіктелу орын алмас па еді...
Ізгі жол - Мәсіхтің өмірі мен істеген ісінен туындады. Барлығы Мәсіхтің ісін жалғастыруға, яғни, тек қайырымды іс істеу үшін өмір сүреді. Жалғыз осы шарада ғана олар бір арнаға тоғысады. Менің өзімді дінге өмірдің мәнін іздеуім алып келді, демек, «қалай өмір сүру керек?» деген өмір жолын тану. Мәсіхтің уағызына мінәжат ететін адамның өмірін көріп, оған жабыстым да қалдым.
Мен үшеу-төртеу емес, әртүрлі діни сенімдегі мейірбан адамдарды бақыладым. Барлығынан Мәсіх іліміне негізделген бір ғана ұғымды байқадым. Күллі христиан секталарынан қайырымдылықтың, жауыздықтың барына, қалай өмір сүру керектігіне қатысты байламға толықтай келісетіндіктерін көрдім. Осы адамдардың баршасы өздерінің бұл көзқарастарын Мәсіх ілімімен түсіндірді. Наным-сенім бөлінгенімен, оның түбі біреу: күллі діннің негізінде жалғыз ғана ақиқат бар. Енді менің осы ақиқатты білгім келеді. Діннің ақиқаты - христиандарды мыңдаған сектаға бөлген Мәсіх сыр-баяндарының жекелеген түсіндірулерінде емес. Мәсіхтің өзі ашқан ең алғашқы сыр-баянда жатуы тиіс. Бұл ең алғашқы үн - Мәсіхтің өз сөзі - Інжілде. Мен сондықтан Інжілді зерттеуге ден қойдым.
Шіркеудің үйретуі бойынша ілімнің мәні бір ғана Інжілде емес, сақтаулы тұрған күллі жазбалар мен мұраларда екенін білемін. Қасиетті түсіндірмелер жалғыз шіркеудің еншісінде. Оның үстіне әрбір тұжырымдама әрқилы шіркеулердің кері ұғындыруынан бұзылып отырды. Өйткені, барлық қасиетті шіркеулер бірін-бірі тән алмайды. Оқуға тиым салу мен жазбаларды түсіну әлгі күнәлі түрде ұғындырудың «жемісі». Оны шіркеу іштей сезінеді.
Құдай адамдарға ақиқатты ашты. Мен адаммын, сондықтан оны білуге қақым ғана болып қоймайды, сол мүмкіндікті пайдалануым тиіс. Ақиқатқа ешқандай делдалсыз бетпе-бет келуім керек. Егер бұл кітаптарда Құдайдың сөзі болса, Ол менің ақылымның әлсіз тұсын біледі. Мені алдауға апармайтындай етіп айтады. Түсінік берушілер жаңылысып, ұғымның сан тарауға бөлінбеуі үшін кез-келген адамға дербес түсіндірме жазуға жол беруге болмайды деген шіркеудің дәлелі мен үшін мәнсіз. Егер шіркеудің түсіндірмесі түсінікті және бір шіркеу - бір ұғым қалыптасса, онда оның мәні болатын еді. Бірақ шіркеудің Құдайдың ұлы мен Құдай туралы, үш тұлғадағы Құдай, бейкүнә қалпында бала сүйген қыз, нан деп жейтін Құдайдың денесі мен қаны туралы және т.б. түсіндірмелері дені дұрыс басқа сыймайды. Әрі, ұғым жалқы емес мыңға тарта өрбісе, бұл дәлелді қанша қайталаса да ешқандай мәні артпайды. Енді, керісінше, жамиғат мақұлдайтын түсіндірме керек. Ал түсіндірме ақылға сыйымды болса ғана жаппай келісімін береді. Көкейге қонса ғана әртүрлілікке қарамай біз барлығымыз қосыламыз. Құдай бәрін жасай алады, бұл - шындық, бірақ ол бір нәрсені істей алмайды - ақымақтық сөз айтпайды. Ал, мұндай түсініп болмайтын сыр-баян жазу, ақымақтық.
Үмітімді үзіп, өзімді-өзім өлтіруге алып келген, «менің өмірімнің қандай мәні бар?» деген ақылмен шешілмейтін мәселеге жауап беретін дүниені - сыр-баян деп атаймын. Жауап түсінікті және ақылға қайшы келмеуі тиіс, себебі қайшы ұғымдағы жауапқа мен сенбеймін. Ол тек ұғынықтылығымен қоймай, санау білетіндердің шексіздікті шарасыз мойындайтынындай, бетімен кетпей, ақылға қонымды болуы керек.
Дін - шіркеудің ұғымы бойынша - адам жанына қорқыта отырып, жүктелетін міндет. Менің ұғымым бойынша дін - ақылдың әртүрлі амалына сүйенген нанымды негіз; онысыз өмір сүріп, ойлануымыз мүмкін емес білімнің көзі. Адам ақылымен жете алмайтын дүниеге апарар білімді мен Мәсіх туралы хикаядан іздеймін. Сондықтан оған ең қатал парасат талабымен ден қоямын.
Шіркеудің айтуы бойынша сыр-баян 27 кітапта жазылған. Құдайдың сыр-баяны парақтар мен қаріптердің санымен өлшенуі мүмкін еместігіндей, хикаяның мәні 27, не 5, не 138 кітапта ашылмайды. Құдайдың сыр-баяны қағазға түскен хаттың 185 парағында деу, әне бір адамның жаны 15 пұт тартады немесе шамның жарығы 7 ширек өлшем деумен бірдей. Сыр-баян адамның жандүниесінде, ал адамдар оны бір-біріне табыстап, жазып алып отырды.
Дін үйінің қабылдамаған жүзден арта Інжіл мен Жолдаулар болғаны жазбалардан мәлім. Соның ішінен шіркеу 27 кітапты таңдап алып, оларды канондық деп атады. Хикаяны бір кітаптар жақсырақ жеткізсе, кейбіреуі нашар екені айқын.
Ол өзі таныған діни ілімді бөліп алуы үшін, бір тұстарына шек қоюы керек еді. Бірақ ондай шек белгіленіп, толық ақиқатты шылғи өтіріктен бөле алмады. Хикая - ақтан түнекке түскен немесе ақиқаттан өтірікке құлаған көлеңке сияқты. Әлгі шекті қайдан жүргізсе де қап-қара тұстан көлеңке ажыраған болар ма еді...
Дәл осыны шіркеу жасап көрді: хикаяларды сұрыптап, бір кітаптарды канондық ал келесілерін апокрифтік деп атады. Жаңаша зерттеулер көрсеткеніндей, іріктеуді тыңғылықты жүргізген. Қосып-алатыны жоқ. Барлық жақсылары мен мәшһүрлерін канондық кітаптардың қатарына жатқызған. Бұл аздай, кейбір хикаяларды апокрифтік кітаптардан қабылдаған.
Міне, шіркеу, осы тұста күнәға батты. Өзінің танымаған дүниелерін қабылдауға деген ересен құштарлығы оянды. Талап-өлшемді белшесінен баса отырып, беталбатты түрде жазбаларға мінсіз деп қарады. «Барлығы - қасиетті рухтан, әрқандай сөз - ақиқат» дегенге тоқтады.
Осы қадамымен барша айғақ нәрселерді бүлдіріп, зақым келтірді. Хикаяларға ақ, жарық және сұр жолақ күйінде «дұрыс» деген мөрін қойды. Апостоль әрекеттері, күнә мен ішкі үрей туралы Паулдың кеңесі, апокалипсис сандырағы және т.б. толып жатқан ғажайыптар - барлығы қасиетті бұйым болып шықты.
Сонымен, 1800 жыл қолданыста жүрген бұл кітаптар сол қалпынша - өрескел, қисынсыз, мәнсіз орындалған, ұғымға қайшы келетін түрде - біздің алдымызда жатыр. Жазбаның әр сөзі нағыз қасиетті дегенге жол беріп, қайшылықтардың жігін жатқызып, оларды түсінуге анықтама жасап, шіркеу барынша ұмтылып бақты. Осы бағытта не тындыруға мүмкіндік болса, барлығын тиянақтап, тәптіштеді. Яғни, мәнсіз нәрселерге үлкен мән берді. Бірақ алғашқы алжасулары қатерге әкеп ұрындырды. Нағыз қасиетті деп танығаннан кейін көзді тарс жұмып, кереғарлықты жасырып, үстін-үстін қотыстыра өтірікті сапырды. Әйтеуір, әрекетін ақтап алуға тырысты.
Сонымен, қатарынан 27 кітапты оқып шығып, шіркеудің пайымымен әр сөзді ақиқат деп тануға болмайды және керегі де жоқ. Олай жасасаң дәл шіркеудің барған жеріне барасың, яғни, жазбаның христиан дініне тиесілі мазмұнын түсінем деп, өзіңді-өзің жоққа шығарасың. Ең әуелі, қасиетті жазба деп аталатын 27 кітаптың қайсысы азды-көпті мәнді, маңызды - осы мәселені шешіп алу керек. Содан кейін ең маңыздысынан оқуды бастаған жөн. Күмәнсіз, ондай кітаптарға төрт Інжілдің мазмұны сәйкес келеді. Олардың алдындағы жазбалар, әрі барғанда, Інжілді түсіну үшін тарихи материал ғана бола алады. Барлық одан кейінгі жазбалар - осы кітаптардың түсіндірмелері іспетті.
Алайда, басқадай дүниені араластырмай, тек төрт кітаптың мазмұнынан ең елеулі сыр-баянды, ең басты ілімнің негізін іздеу керек. Мұны мен олардың алжастыруынан үрейленетіндігімнен айтамын. Ондай мысалдар жеткілікті.
Бұл кітаптардан көкейге қонымды нәрселерді сұрыптамақпын. Өйткені түсініксіз нәрсеге ешкім сене алмайды және түсініксіз білім білместікпен, білмейтіндікпен бірдей. «Мен кіммін?», «Құдай дегеніміз кім?», «Күллі сыр-баянның басты, біртұтас негізі қайсы?» деген сұрақтарыма жауап іздеймін.
Сондықтан түсініксіз, бұлыңғыр, жартылай ұғынықты тұстарын қалауым бойынша емес, олар әбден түсінікті тұстармен неғұрлым үйлесімді, бір негізге баратындай тұрғыда оқимын.
Осындай әдіспен сыр-бянның өзімен қоса ол туралы жазбаларды да бір емес, екі емес, бірнеше мәрте оқып, мен күллі христиандық хикая төрт Інжілде жатыр деген байламға келдім. Көне өсиет кітаптары Мәсіх ілімі таңдаған формаларды түсіндіруге ғана қызмет етеді. Бірақ Мәсіх ілімінің мәнін көмескілендіргеннен басқа ешқандай ұғындырмайды.
Иоанн, Жақыптың жолдауларында жағдайдың оқшаулығынан өрбитін ілімнің жеке түсіндірулері мәнді. Кейде Мәсіх іліміне қатысты жаңаша қырынан айтылған нәрсені ұшырастыруға болады, бірақ түпкілікті тыңнан ештемені таба алмайсың. Өкінішке орай, әсіресе, Паулдың жолдауларында оқушыны түсінбеушілікке ұрындыратын, ілімнің өзін көмескілендіретін тұстары өте жиі кездеседі. Апостоль әрекеттері сияқты Паулдың көптеген жолдаулары жалпы Інжілге және Иоанн, Петр, Жақып жолдауларына ешқандай қатысы жоқтығымен қоймай, оларға қарсы келіп отырады. Апокалипсисінде, тіпті, ештеме ашып айтылмайды.
Бастысы, олар әртүрлі уақыттарда жазылса да Інжіл барша ілімнің мазмұнын құрайды, қалған барлығы олардың түсіндірмелері.
Мен Інжілді грекше түпнұсқасынан оқыдым. Мағынасы мен лексиконын сақтай отырып аудардым. Хикаяны шіркеу өзінше түсініп және мәнін анықтап, құрастырып қойғандықтан, тіліміздегі бар сөздерді аударудан ара-тұра тартынып отырдым. Әртүрлі лақаппен болса да бірдей оқиғалар мен бірдей ілімді баяндайтындықтан төрт Інжілді тәржімалаудан бөлек, оларды бір кітапқа әкеп топтадым.
Інжілді біріктіруге көптеген әрекеттер істелді. Мен білетін - Arnolde, de Vеnсе, Фаррар, Рейс, Гречулевичтер тарихи негіздерді басшылыққа алды. Бірақ олардың бәрі сәтсіз аяқталды. Мен оның тарихи мәнін мүлде бейтарап қалдырып, тек ілімнің мән-мағынасы бойынша біріктіремін», - дейді Лев Толстой.
«Шынтуайтында да мың бөлек дінге берілгендердің әрбірі өзінің сенімін дұрыс деп есептеп, бірін-бірі жау көріп, қарғыс айтты. ...лютерандар, протестанттар, кальвинистер, поптықтар, попсыздар... т.б. және т.б.».
Лев-ұстаздың бұл сөзі бәрімізді терең ойландыруы тиіс.
Ал осы хал ислам дінінің де басына апат болып үйірілуде. Әлемде Құранның бір ғана нұсқасы барлығына қарамай уаххаби, таблиғ жамағат, хизбут тахрир, құраниттер, сәләфилер, тәңіршілер және біз білмейтін т.б. сандаған секталар қазақ ұғымын ұңғуарлап, жайлап барады.
Мұсылманшылықтың әһлү сүннет пен шиит тармағын дұрыс түсіндіріп, қақ Құранның құдіретін Мұхаммед пайғамбарымыздың үмметіне бұлтартпай жеткізу - имамдар мен қазіреттердің қасиетті де өмірлік парызы болса керек. Рухани экспансияға енді бұдан былай қазақ санасын алдыруға жол бермеу - тағдырымызға көлденеңінен балта шабатын қаракетке тосқауыл қою деп ұққан жөн.
*** *** ***
- Мінсіз қарашық қай жер жақсы - денеңді сол жерге алып барады; көзің көрмесе, жауыздыққа әкеп тірейді.
4. ӘДЕБИЕТТІҢ ДІНГЕ ЫҚПАЛЫ
Православ дінін қызғыштай қорып жүргендер Лев Толстойдың шығармашылығын кері итереді. Олар оның көптеген идеяларының бірі - соңыра келіп жеткен шіркеуді қудалаушылыққа дәйек болды деп есептейді. Бірақ бұл, әрине, өте қарапайым көзқарасты білдіреді. Ол - білімі таяз, зайырлы өмір мен мәдениеттен мардымсыз хабары бар адамдарға тән.
Бір бойжеткен рухани әкесіне айналған мәскеулік монахтан көкейіне қатты әсер қалдырған «Лев Толстойдың кітабын оқиын ба?» деп сұрайды. Жауап үзілді-кесілді болған: «тартына тұрыңыз». Священник Толстойдың кітаптарын «дін бұзар» деп атаған. Әбден әбіржіген қыз танысы В.Репинге неғұрлым қамқор пікір естимін деген үмітпен ақыл сұрай хабарласады.
«Не деп жауап беретінімді білмесем де оған түсіндіруге тырыстым, - дейді жазушы. - Иланатынымыз бар немесе Құдайға сенуді өзінің парызы деп санайтындар бар, бірақ зайырлы қоғамда өмір сүретін біздің бәрімізге белгілі бір жауапкершілік жүктелген. Біз өз заманымыздың перзенті болып қалуымыз тиіс, өте тік айтылған жәдігөй жауыздықты естімегендей сыңай таныту керек. Дін үшін қоғамда өмір сүруден бас тарту, шіркеудің мүддесінен шықпай немесе шіркеу әкімшілігінің төменгі звеносында күн кешу - әлдебір жабық клубтың мүшесіне сайланғандар үшін артықшылыққа айналмауы тиіс».
Поптардың діншілдігі мен қатар әдебиетті тану зердесінің ілгерлілігіне таңданасың. Бұған еп. Василийдің мына ойлары дәлел: «Орысты шоқындырған княз Владимирдің қадірі зор. Бірақ, ертеректе Владимир христиан дінінің адамдарын қудалауға ұшыратқан апостол Паулға ұқсас еді. Шіркеу жас Владимирді Паулмен салыстырады. Әлбетте, мысырлық Марияның күнәға толы өткенінен теріс айналғанындай, олардың да күнәға батқан бұрынғы өмірін дін үйі қабылдай алмайды. Тәубеге түсіп, мойынсұнғанынан кейін барып «қасиетті» деп қастерлей бастады. Ал, Лев Толстойға келсек, ол кері жағдайды бастан кешті. Бізге кейінгі Толстой тиімді емес. Оның ертеректе жазылған «Балалық шақ», «Бозбала шақ» және «Жастық шақ» шығармаларын қарап көріңіздер. Мысалға, «Жастық шақтағы» «Тәубе ету» тарауын қайта оқысаңыздар, сіздер бұл мүлде ондаған жылдар өткеннен кейінгі Толстой еместігін түсінесіздер. Ой-пайымы жағынан бөлек. Онда христиан дінінің пайда болуын қандай керемет баяндаған. «Соғыс пен бейбітшіліктегі» княжна Марияның кейбір ойларын айтпағанда, мұндай сипаттамалар кейінгі шығармаларында да ұшырасады. «Анна Каренинада» да бар. Осының бәрінен біз бас тарта алмаймыз.
Сондықтан, талдап қорыта келіп, «не жазса да Толстойды оқуға болмайды» деу, алжасқандық. Ой-пайымы өзгеріп кеткенге дейінгі шығармаларымен, Толстой көп жағдайда бізге көмектесе алады. Тіпті, күрделі әрі күмәнді шығармасы «Крейцер сонатасында» ақыр аяғында үрейлі дәнеңе жоқ. Толстой тек адам табиғатын айнытпай ашып көрсетеді. Егер ол «мұндай дүние болмайды» дегендей жауып-жасыруға тырысса, сонысымен кәдімгі қарапайым пелагианттық ересьтікке бой ұрар еді.
Пелагианттық ересьтіктің мәні адамзаттың күнәға батуы ештеме етпейді, ол бұрынғысынша бейкүнә қалпында қалады деп пайымдауда. Шын туайтында солай ма? Жоқ. Көп дүние өзгереді. Осының бәрін жазушы жайып салғаннан кейін, көзқарастық өлшемнің белгілі бір бұрышынан қарағанда бұл, кәдеге де жарауы мүмкін. «Крейцер сонатасының» соңында «Бала тууға болмайды, өйткені ол ләззаттық елітумен байланысты. Егер сіз бала сүйгіңіз келсе, онда асырап алған жөн» деген пікірді қозғайды. Мұнымен келісуге де немесе келіспеуге де қақымыз бар. Христиан дінінің некеге қатысты ақиқатынан алыстатып жіберетіндігін ескергендіктен, дауласпай қалуға әддің жоқ. Ал, «Анна Каренинасында» бір отбасын келесісіне қарсы қоя отырып, сабырлық пен имандылықты әдемі көрсете білген.
Міне, бертін келе сол шынайылық Толстойда ешқашан болған жоқ. Оны ертеректе жазған шығармалары ерекшелендіріп тұрады. «Қайта тірілу» («Воскресение») романы жарық көргеннен кейін ол өзінің шіркеуге қарсы құлқын біржола түпкілікті анықтады. Туындыны суреткерді даңққа бөлеген шығармаларының қатарына жатқыза алмаймыз, егер Толстой тек «Қайта тірілуді» жазған болса, үлкен жазушы ретінде танылмас еді. Оның «Балалық шақтағы» шынайы, таза, тіпті, литургиялық дүниесі бәрі кейінге ысырылып қалды. Шіркеуден, шіркеудің негізгі парыздарынан кері кету көрініс тапты. Сонымен бірге оның жазушылық қызметі көркемдік дүниеден біртіндеп, публицистикаға айнала бастады. Шын мәнінде Толстой өзін жоғалтты. Үлкен суреткер және жақсы психолог болғандықтан ол мұны толық түсінді де».
Әрине, халықтың ортақ қазынасына айналған интеллектуалдық дүниеге қатысты әркімнің пікір айтуға қақысы бар. Бірақ, кейде шығарманы толықтай білмегеннен кейін үстірт ойлар да ұшырасады. Еп. Василий Лев Николаевичтің шығармаларын жеріне жеткізе оқымаған тәрізді. Сондықтан, пікірі де жалаң. Әйтпесе, «Қайта тірілу» романында Исаның ілімін қоғамның арасына мейлінше орнықтыра түседі. Інжілді өмір сүру кодексіне айналдыруды ұсынады.
Інжіл туралы сөз қозғалған соң шіркеудің қызметі мен догмалық өнегесіне қатысты ара-тұра әңгіме айтылады. Исаның денесі деп - нан, қаны деп - шарап ішу Мәсіхті қорлап, келемежге айналдыру екені ешкімнің қаперіне кірмейді. Священник алып шығып, елге сүюге ұсынатын салбыраған медальоны бар алтын айқыш - пайғамбарды керіп өлтірген дәл сол дар ағашының бейнесі. Исаның тиым салған дүниесі енді оның аты таңылып жасалуда. Кез-келген дін - сипатына сәйкес сүйіспеншілік пен мейірімді уағыздауы тиіс. Бірақ, сәндік үшін немесе имандарын әйгілеп, мойындарына дар ағашын таққандар ашық түрде адам өлтіру мен қатыгездікті уағыздап жүргендерін білмейтініне кейиді ұстаз.
Негізі, киелі кітаптың парасын парасатына айналдырған басты кейіпкер - бұзылған әйелдің тағдырын қайтадан идеялдық категорияға әкелу үшін, бар өмірін мансұқ етеді. Кез-келген пенденің бойындағы рухтың жаңғыруына, яғни, тірілуіне әркезде мүмкіндік барын көрсетеді. Осы арқылы автор азып-тозып бара жатқан орыс қоғамын ұлағаттылыққа, мейірмандыққа үндейді.
Әлем тұтас мойындаған Л.Толстойды орыстың ұлы ақыны, драматург, публицист А.Блок өте жоғары бағалады. Оның «Қайта тірілу» романын өтіп бара жатқан жүзжылдықтың болашаққа айтқан өсиеті ретінде қарап, қабылдады. Лев-ұстаздың бұл соңғы романының бір көрінісінен әсерленгені сондай 1910 жылғы 14 маусымда «Шойын жолда» («На железной дороге») деген өлең жазды.
Таң қалатынымыз жамиғаттың, әсіресе, жас кезінде православ шіркеуіне немесе діншілдікке дәл осы Толстойдың кітаптарын оқуы негізінде, оның Ресейге деген әлдебір терең сүйіспеншілігін сезінгендіктен келгендігі туралы мысалдар жеткілікті.
«Көптеген адамдар дінге Толстой арқылы бет бұрды. Бірақ ойшыл, публицист арқылы емес жазушы арқылы келді. Дәл осы жағын ескергенде Толстойдың кітаптарын оқудан айнытқан поппен келісу, маған өте қиынға түседі. Мен мұнымен бір қарапайым себеп бойынша келісе алмаймын. Өйткені бұл нағыз шіркеулік жол емес, - дейді епископ. - Шіркеулік жол әрқашан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, ішкі тазалыққа үндеуді ұстанған. Әлдебір жағымсыз нәрсеге жақындаудан бас тартуға қолмен кескендей тиым салу, православ дінінің тарихи дағдысында жоқ көрініс. Бұл, шамасы, католиг дінінің сипатына тән нәрсе.
Бізге радикальдық әдістер қажеті жоқ. Сүйіспеншіліктің күшімен, сенімнің ықпалымен анағұрлым үлкен нәрсеге қол жеткіземіз. Толстой үшін құдайға жалбарыну керек, оған қарғыс айтуға болмайды. Қасиетті әкелер: «Күнәһарды сүй, бірақ оның күнәсін жек көр» деген. Сондықтан әртүрлі күнәһарды сүйіспеншілікпен қабылда. Бірақ бұл ретте өз қағидаттарыңа мүлтіксіз сенімді бол. Оның күнәларын, қателіктерін, ересьтігін т.б. дүниелерін жек көр. Бірін біріне алмастырма. Мұны ең әуелі ішкі сарайыңда пісіріп алуың керек. Сонда барып сен біреудің әлеміндегіні түсінесің. Бұл өте қиын. Өкінішке орай біздің бүгінгі қарияларымыздың бірді бірден ажыратуға әркезде шамасы жете бермейді. Ол үшін туа бітті табиғатыңнан биігірек тұруың керек. Біз кімбіз? Тіпті, данагөй абыздарымыз адамдық табиғатымыздың қаншалықты бұзылғандығын өздерінің тірліктері арқылы өте жақсы біледі.
Бір сөзбен айтқанда, әлі шіркеуден айни қоймаған адам ретінде ертедегі Толстойды, оның көркем шығармаларын қабылдауға болады. Бірақ одан кейінгі пәлсапалық және басқа да идеяларын өмірде ұстанудың қажеті шамалы. Алайда, бұл - оны оқуға тиым салу дегенді білдірмейді. Мысалы сіз Достоевскийдің кітабында адамзаттық күнәмен соншалықты өткір түрде түйісіп, мұны оқудың өзі қауіпті деген ұйғарымға келесіз. «Бәрі маған ұлықсат етілген, бірақ оның бәрі пайдалы емес; бәрі маған ұлықсат етілген, бірақ ештеме мені билеп алмауы керек» деп апостол Паул айтқандай, барлығын оқы, барлығын біл - міне, дұрыс жол».
Епископтың пайымы - осы. Бірақ, әуелгіде «Егер менің алдымда Лев Толстой отырса, мүмкін, мен де өз-өзімді ұстай алмас па едім...» деп, әшкере құлқын көрсетіп қалады... «Бізге радикальдық әдістер қажеті жоқ» деп соңыра майда бүлкекке түседі. Қай сөзіне нануға болады, екі тарапқа кезек бұлтарады.
Қалай болғанда да әдебиет пен дінді астастырғанына, екеуіне ортақ иманды иірім іздегеніне ішің жылиды. Еріксіз біздің молдалардың да зиыны осындай терең болса деп ойлайсың. Қазақ әдебиетінен ислам туралы иірімдерді тауып, орнымен қажетіне жаратса қанекей...
*** *** ***
- Қай көзің жалғандыққа бастаса, соны ағызып лақтырып жібер. Жайнап тұрған екі көзбен жүріп құрығаныңша, қыли болса да сыңар көзбен өмір сүрген жақсы.
5. ШІРКЕУГЕ ҚАРСЫ ІЛІМ
«Толстой парақшаларын» құрастырушылардың ұйғарымы бойынша Лев-ұстаздың «Төрт Інжілді аударып және біріктіру» зерттеу еңбегі жинақталған күйінде басылған. Мұндағы Толстойдың басты жұмысы - тазалау. Інжіл мәтінінің тереңін аша отырып, оған діни ұғым бермейтін, нағыз өнегелі ғұрыптың тірі тәнін көмескілендіретін «арам шөпті» отады. Сананың жете ұғынуына және естуіне кедергі келтіретін қоқыстарды аяусыз лақтырды.
И. Гёте: «Інжілдей жаман жазылған кітапты білмеймін. Ескі‑құсқы сұрықсыз дүниеге дүбәра, тіпті поэтикадан жұрдай аңыздар көмілген. Ғибратты, елеулі тәмсілдер осы аңыздармен ажырамастай астасқан. Бұл кітаппен не жасайтыныңды білмейсің. Өйтіп‑бүйтіп әртүрлі шіркеудің берген түсінігінен өзге, оған тиесілі басқадай түсіндірме жоқ. Алайда, түсіндірулердің барлығы мағынасыз және кереғарлықпен орындалған. Сондықтан кім-кімге де әуелден екі‑ақ жол ұсынылады: мәнсіз дүниелердің бәрін лақтырып тастайсың немесе ұлағатты, маңызды нәрселерімен қатар барлық дәлдүріштерді қабылдайсың» деген екен.
Қасиетті жазбаны тазартқан бұл еңбекке әділетті қарау керек. Мәсіхтің не үшін өмірге келгенін, оны ойшыл әрі өмір ұстазы ретінде терең түсінгің келсе - Толстойдың аудармасын оқисыз. Көпшілік жұрт тәрізді ештеме ұғынбай уақытты текке өлтіргің келсе - Византия уақытындағы Інжілді көшіріп жазғандарды - жалпыға белгілі шіркеу аудармасын оқисыз.
Орнықты оқуды құп көріп, ой тереңін сіңіре түйсінгендер - адам санасына ілімнің нағыз мәнін жеткізу жөнінен Толстойдың алғашқы және жалғыз інжілші екенін таниды.
Уақыттың ұжданына айналған ұлы жазушы Інжілді түпнұсқадан-грек тілінен аударды. Неғұрлым қиын және маңызды тұстарда латын аудармасына (Вульгата) жүгінді. Інжілдегі кейбір грек сөздерінің әртүрлі тілдерде қалай қолданылғанын мұқият қарап, неміс, француз, ағылшыншадағы бірқатар лексикондарға үңілді. Қолжазбаның шимайлы нұсқасынан көрініп тұрғанындай, Толстой 1866 жылы басылған грек‑неміс сөздігі W. Рарені басым түрде пайдаланған.
Ұстаз 1880 жылғы 15 қарашаның шамаларында Н.Н.Страховқа «мен бар күшімді салып жұмыс істеп жатырмын» деп жазды. Атақты романшы граф Л.Толстойдың мүлде әдеттегіден бөлек, жаңа шығармасы жөнінде қауасет баспасөз бетіне шығып кетіп, жазушы өзіне беймәлім З.И.Оразова деген адамның сауалын алады. Петербордан келген хатқа ол 1881 жылғы 27 тамызда: «Иә, мен өз түсінігім бойынша негізгі дені Інжілді баяндайтын шығарма жаздым. Бірақ оны жариялаған жоқпын» деп жауап қайырады.
1895 жылы Лондонда «Төрт Інжілді аударып және біріктіру» еңбегінің 1-томы ағылшын тілінде жарық көрді. Сол жылғы 27 наурызда кітаптың тәржімашысы Д.Кенвортиға Лев-ұстаз: «Кітап әдемі аударылып, басылып шыққан екен. Оқыдым. Бірақ, көптеген кемшіліктер бар. Қайта жазсам мен оны жібермеген болар едім. Әйткенмен енді түзей алмаймын. Басты кемшілік - басы артық филологиялық тәптіштеу» деп, өз кінәратын көре білді.
Д.Кенворти бұл хатқа жауапты 1895 жылғы 3 мамырда жібереді.
«Інжіл туралы сіздің шығармаңызға сыншылар тарапынан көңілдің мардымсыздығы таң қалдырды. Шамасы олар, оның қай тұсынан келетінін білмейді. Ол көп кітаптың арасына өзге дүниеден әкеп қойғандай күйде пайда болды».
Тәржімашы ағынан жарылады. Өйтетіні, Інжілге әлем бойынша тұңғыш мәрте тың көзқараспен қараған Лев-ұстаз еді. Сол кісінің ұлан-ғайыр еңбегінің арқасында православ діні алғаш рет ғылыми тұжырымдардың талқысына ұшырап, бұқараның шынтуайтындағы игілігіне айнала бастады. Туындыға мәтіндік соңғы өзгертулерді Толстой 1907-1908 жылдары енгізді.
Абыздың шіркеуге қарсы ұстанымын жек көретін бір шіркеуші: «Айтыңызшы, Лев Николаевич, Інжілді аударуға қалай ұйғарым жасадыңыз?» деген сұрақ қояды. Толстой ешқандай келемежсіз: «Артиллерия поручигі өзіне арнап грек тілінен кітап аударып алғанында тұрған не бар екен?» деп, тіл қатады.
*** *** ***
- ...Біздің бәріміз адамбыз, соқырмыз, ақиқатты көре алмаймыз.
6. ПЕНДЕ МЕН ПАНТЕИЗМ
«Құдай дегеніміз шексіз Ғалам (Бог есть неограниченное Все), адам дегеніміз Оның шектеп жаратқаны. Құдай дегеніміз шексіз Ғалам болса, адам өзін оның шектеулі бөлшегі ретінде сезінеді? Тек Құдай ғана ақиқатты өмір сүреді, адам оның зат тұрғысында, уақытта және кеңістікте жаратқаны...»
Бұл жолдарды Толстой өлерінің алдында Астапов стансасында қызына айтып отырып жаздырған.
- Ғалам сөзінде қайшылық бар. Өмір сүріп отырған күллі әлемді алғанның өзінде, біз Құдай туралы ол - Ғалам деп айта алмаймыз. - Еп.Василий бірден кесімді ұйғарым жасайды. - Егер, әрине, Толстой оны солай түсінсе өзі білсін. Менің ойымша, ол мұны дәл солай түсінді. Бұл тұрғыда мысал ретінде келтірілген Толстойдың сөзі нағыз мылжың философиялық идея, ондайды «пантеизм» деп атайды.
Дініміздің негізі - теизм. Иә, Құдай дегеніміз Ғалам. Әйткенмен, біздің әлемнің көзқарасы бойынша емес. Әлбетте, мұқым дүниені жаратушы Құдай бар. Демек, оны Ғалам деуге болады. Алайда, Лев Николаевичтің айтқаны тәрізді мүлде олай емес. Ғалам сөзінің астарында ол көзге көрініп тұрған аспандағы бұлт, жұлдыздар, Ай мен Күн деп ұғынады. Климент Римский «шіркеу - Күн мен Айдан бұрын жаралған, шіркеу - Құдайдың, әулие Троицаның, Ғаламның көрінісі, бірақ барлық нәрсенің бейнесі емес» деп бірінші ғасырда-ақ айтқан».
Енді бір мезет еп. Василий келесі тарапқа шығып, шабады. «Ғалам» сөзін аты әлемдік жазушы бұлт, жұлдыз, ай, күн деп ұғынбағаны бастауыш мектептің баласына да мәлім нәрсе. Керісінше нағыз «пантеизм» - епископтың уәжі тәрізді.
Абыз өмірінің соңғы сағаттардағы тарихы қайғылы. Жазушының қанаттастары мен оған төрелік айтқандардың арасындағы қызу ұрыс-талас сабасына түскендей де еді. Толстойдың үй-ішінен қашуы, оның пойызда ұстап қалған науқасы, Шамординода, содан кейін Астаповта тоқтауы, сонда да ең бастысы - шіркеумен мәмілеге келуге ұмтылуы (В.Репиннің ойы), осының бәрі кез-келген романист тәуекелге бара бермейтін әлдебір ойдан шығарылған таңқаларлық трагедияға ұқсайды. Әрі, Лев Толстой шіркеумен бітісуге жол іздеді деген де тұспалға жетелейді.
Лев Николаевичтің «Соғыс пен бейбітшілік» романындағы княжна Марияның прототипі Шамординодағы монахина әпкесіне келгені мәлім. Мына жалған дүниеден опа таппай жаны қысылғанда туған бауырына барады. Содан кейін Оптин жазығына жаяу тартады. Екі аралық жол жақын емес еді. Толстой онда келгеннен кейін қариялар тұрған скиттің (монахтар мекендейтін кішкентай монастырь) тұсына сәл аялдап, ілгері жүреді. Баяғы жас кезі емес, омырауындағы сақалын жел алып қашқан қария әбден қалжырағаны рас.
Оптинде сол заматында Толстойдың монастырьға «келіп кеткені» белгілі болды. Оны күтті. Поптар қауымы үлкен қуанышпен шыдамсыздана күтті. Бірақ, Абыз қайтып оралмады. Екі әлемнің арасындағы әлдебір бітіспес келіспеушілік көзге ұрып тұрды. Осы арада ол өзінің менмендігін жеңе алмады деген пікірлер де көлбеңдейді.
Еп.Василий: «Мұны менменшілік деп те атауға болатын шығар, шамасы. Менің ойлауымша, ол өте өктем сөз. Мен оны ішкі ұяңдық деп айтқан болар едім, - дейді. - Толстой өзін шамадан тыс қармап ұстады. Оның барлық бәлеге ұшырауына мінезі себеп. Тамаша суреткер және ойшыл, сирек кездесетін ақыл иесі, соған қарамастан ол кішкентай адам. Өйткені, Лев өзін қоршаған ортаға тәуелді еді. «Мен туралы не ойлайды?», «Олардың алдына қандай тұрғыда барамын?» деген дүдәмалда жүрді. Осыдан келіп Толстой өзін үнемі теткіп ұстап, өзіне өзі жау және өз құлқының құлына айналды.
Егер мұны шіркеу тіліне аударып көрсек, онда ниет болып шығады. Бұл жөнінде кез-келген оптиндік қария оған: «Ниетіңізге көңіл аудармаңыз. Ол сіздікі емес!» дер еді. Міне, мұндай жағдайдағы дәстүрлі жауап... Ең қауіптісі әлгі ниетпен адам тәжікеге барса сонда басталады. Ол сол ниеттің төңірегінде айналшықтай беріп, жаңқаша өзін өзі орап алды. Тақтайды сүргілегенде ағаштың жаңқасы оралған қалпы ұшып түседі ғой. Оның ішінде не бар? Қуыс кеуек. Сол тәрізді өзіне өзі шырматыла берді. Сонымен бірге біздің ішіміз сияқты, сөйтсек, онда ештеме жоқ, қуыс кеуектен басқа. Бұйығы кепте тұйықталғаннан өзге дәнеңе бітірмеді. Лев Николаевичке бар болғаны ашылу керек еді. Ол ашылмай кетті».
Уақыттың ұжданына айналған ұлы жазушыны «қуыс кеуек» деп айту - мәдениетсіздіктің ең төменгі сатысын көрсетеді. Шынтуайтында православ дінінің қарқынды түрде елдің арасында қабылдануына Толстойдың еңбегі ұшан-теңіз.
«Астаповқа жетіп пойыздан түскеннен кейін Лев Николаевич Оптинге жеделхат жөнелтіп, Иосиф қарияның келуін өтінеді. Бірақ Иосиф қария әлсіз, тіпті, бөлмесінен шыға алмай жатқандықтан монастырдың ақсақалдар бауырластығы кеңесі Варсонофий игуменді (ерлер монастырының басқарушысы) жіберуге ұйғарым жасайды. Варсонофий монахтың Астаповқа келгенінің рас екенін білеміз» деген дәйекті В.Репин тіліне тиек етеді.
Алайда, Варсонофий әкені синодтың жібергенін көпшілік жалғандыққа саяды.
Оқиғаның негізі Астаповта тәртіптің сақталуын қараған ротмистр Савицкийдің рапортында дұрыс баяндалған. Мәлімет бойынша, Варсонофий Александра Львовнаға қысқаша хат (записка) жазып, әкесімен дін туралы ешқандай әңгіме қозғамайтынын және тек «Толстойды көріп, оған ниетін білдіргісі келетінін» ескертеді. Игумен сонымен бірге Савицкийге «егер ол Толстойдан «өкінемін» деген бір ғана сөз естісе, өзінің өкілеттігінің күшімен оны «жалған ілімінен» бас тартты деп санап, өлім аузында жатқанында православ ретінде дем салар едім» деп айтыпты.
Осы оқиғаның желісінде әлдебір дербес, жеке мүдденің тұруы ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. «Неліктен Александра Львовна демі үзіліп бара жатқан әкесінің Варсонофиймен кездесуіне кедергі келтірді? Егер ол Варсонофий әкемен кездесуіне кедергі жасамағанда Толстой шіркеумен бітісер ме еді?» деп өкінеді В.Репин.
Толстойдың үйден кетуі туралы мәселеде бүкіл отбасы Софьия Андреевна жағына шықты деген байлам бар. Шынтуайтында Толстойдың өмірінде шаңырағы үлкен роль ойнады. Жағымды ма, жағымсыз ба оны айыру қиын. Өз ошағының ықпалы, жақындарымен қарым-қатынасы Лев Николаевичтің соңғы шешімінде де көрініс тапты. Бұл тақырыпқа көптеген әңгімелер айтылды. Бірақ мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Ұзақ жылдар бойы АҚШ-та тұрған Толстойдың қызы, марқұм Александра Львовна - 1910 жылғы қарашада әке өмірінің соңғы сағаттарында Астаповте, оның ажал төсегі жанында болған. Ол - өлім аузында жатқан әкесіне Оптиндік монастырдан Астаповқа келген Варсонофий қарияны жібермей қояды. Шешесін де әкесінің жанына жуытпайды. Оның бұл әрекеті «бүкіл отбасы Софьия Андреевна жағына шықты» деп, кесімді айтылған уәжді растамайды. Алайда, мұның бәрі маңызды нәрсе емес. Ең маңызды айғақ: священникпен кездесуден Толстойдың өзі бас тартқан.
Александра Львовна Нью-Йорктің іргесінде тұрмыс кешкенінде өзінен онша қашық емес маңда толстойлық ферма ұйымдастырды. Нәтижесінде - орыс босқындарына көмек беретін Толстой қорының бірден-бір негізін қалаушыға айналды. Ол: «Әкем мен үшін - аса қасиетті. Мен оның қандай адам болғанын білемін. Ол туралы айтқандармен ешқашан келіспеймін. Және, ешқашан да одан айнымаймын!» деп, үнемі қайталаудан жалықпаған. Өмірінің соңына дейін әкесі үшін қасқайып қарсы тұрды, әкесін қорғады және әкесі үшін құдайға жалбарынумен өткен. Әкесін шексіз жақсы көретін.
*** *** ***
- Мінез-құлқың, талпынысың - мұның бәрі сені жетелеп әкеле жатқан жанардан.
7. АБЫЗ
Ізгілікті ғұмыр кешіп, үмбетін имандылыққа бастаған Иса пайғамбар бүкіл уақытта фарисейлермен теке тіресті. Ол өзінің ілімін олардың заңына қарсы қойды. Өмірінің соңында оған бас діни қызметкерлер мен фарисейлер парықсыз түрде тарпа бас салып, кергіге шегеледі.
Сондай-ақ, Иса «жаудан қорғанудың қажеті жоқ, қандай жағдайда да соғыспау керек» десе, шіркеу 1800 жыл бойы бұған қарсы нәрсені уағыздап, қан төгісті қуаттап келеді. Осыны көзімен көріп, жүрегінен өткізген Л.Толстой христиандарға, оның ішінде қандас бауырларына: «Сіздерге «өзіңнің орысыңды сүй, жидті, немісті, французды жек көр» деп айтылған. Ал мен: «Бөгде халықтың адамдарын сүй, олар тіпті күш көрсетсе де жақсылық жаса. Немістерде де, орыстарда да құдай - жалғыз және ешкімді алаламай барлығын бірдей жақсы көреді; сендер де оның теңдей ұлдарысыңдар, құдай сияқты күллі жұртқа қайырымды болыңдар» деймін» деп, өсиет айтқан. Өз халқың мен бөгденің арасын ашып, өзіңдікін қорғап, бөтендікіне залал келтіру - әзәзілдік екенін Абыз ұғындыруға ұмтылды.
Орыстың ұлы ақыны, драматург, публицист Александр Александрович Блоктың 1908 жылғы қыркүйектегі «Золотое руно» журналының санында «Ресей үстіндегі күн» («Солнце над Россией») деген мақаласы жарияланды. Ол онда Лев Толстойдың адамзат үшін орны мен мәнін жоғары бағалайды. «Замануаи Еуропадағы ең ғаламат және жалғыз гений, Ресейдің аса биік мақтанышы, ұлы тазалық пен қасиеттіліктің жазушысы - біздің арамызда өмір сүреді. Лев Николаевич Толстой жер басып жүргенінде бәрі жай ғана, түк емес және қорқынышты ештеңе жоқ. Әзірше көзі тірі, ақбоз атының соңынан сүйретілген соқаның ізімен оның атызда кетіп бара жатқаны, құдайға шүкір, қатерсіз, шыққа толы тұнық таңды білдіреді. Толстойдың келе жатқаны - күннің келе жатқаны. Ал, егер күн ұясына батса, Толстой өледі, соңғы генийден көз жазамыз - онда не боламыз? Тәңір, Лев Николаевич Толстойдың біздің арамызда әлі ұзақ ғұмыр кешуін жаза гөр. Күллі заманауи орыс азаматы идеясының, бағытының, дінінің, дербестігінің, кәсібінің айырмашылығына қарамай, ана сүтімен қоса аз да болса оның ұлы өмір қуатынан нәр алғанын ол білсін, - деп, Александр көкейіндегісін жайып салады.
Лев Николаевич өзі жазған Інжілдің нұсқасында Иса пайғамбардың арыздасу сөзін былай келтіреді: «Егер қоғам сіздерді жек көрсе оған таң қалмаңыздар, ол менің ілімімді жек көреді. Егер сіздер қоғаммен бірге болсаңыздар, онда ол сіздерді жақсы көрген болар еді. Мен сіздерді қоғамнан бөліп алдым, соның есесіне олар сіздерді жек көреді. Егер мені қудаласа, сіздерді де қудалайды. Олар бұның бәрін нағыз Құдайды білмегендіктен жасап жатыр. Мен оларға түсіндіріп бақтым, бірақ олар мені тыңдағылары да келмеді. Олар менің ілімімді түсіне алмады, Өйткені Әкені түсіне білмеді. Олар менің өмірімді көрді, менің өмірім олардың қателіктерін көрсетіп берді. Осынысы үшін олар мені одан бетер жек көрді».
Дәл осылай Лев Толстойдың өмірі мен идеялары көптеген пенденің қателіктерін көрсетіп берді. Өйткені ол - адамзаттың Абызы, тұлғалардың тұлғасы, уақыттың ұжданы еді...
***
Теология ілімін зерттеуге саналы ғұмырын арнағанымен, ол кісінің ислам туралы жазбаларын кездестіре алмадық. Бәлкім, ұшан-теңіз еңбегінің бәрін сарқып қарау мүмкін еместігінен де шығар. Алайда, шындығы - осы. Сондықтан «исламды қабылдады» деу - жаңсақтық. Мұны айтып отырғанымыздың себебі бар. Белгілі дінтанушы, Құран аудармашысы Валерия Порохова «Егемен Қазақстанға» (2010, 24 қараша) берген, кейіннен «Казахстанская правда» газетінде де жарияланған сұхбатында: «Лев Толстой «Мені дін мұсылман санаңыздар» деген сөзін Құранды оқығаннан кейін айтқан. Ұлы жазушының мұсылмандық ғұрыппен жерленгенін білесіз ғой?» дейді журналиске. Бұл сөздерге сұхбат алушы жақша ішінде: «Павел Басинскийдің жақында жарық көрген «Лев Толстой: «Бегство из рая» кітабында жазушының жер қойнына тапсырылған шағын суреттеген тұста «Тело Л.Н. положили в дубовый гроб, без креста на крышке», «Толстого хоронили, как он и завещал, «без церковного пенья, без ладана», без торжественных речей» деген сөйлемдер бар. Бұл қаламгердің христиан дініне сай жерленбегенін көрсетеді. Екінші жағынан, мұны «мұсылмандық ғұрып» деу де онша дәл анықтама емес сияқты» деп түсініктеме береді. Тегінде ақиқат белортада жатады ғой, осы орайда Толстой бір діннен кеткенімен, бір дінге жетпеген деген баға дұрыс болатын сияқты. Бірақ, бір нәрсе - хақ, бір Құдайды танып, соған ғана мінәжат етуге шақырады.
Мәрмар университеті теология факультетінің профессоры, доктор Рамазан Айваллының «Жизнь Пророка Мухаммеда» деген 2006 жылғы Ыстамбұл қаласында «Hakikat Kitabevi» баспасынан жарық көрген кітабында «Была только одна истинная религия Пророка Ибрахима (Авраама, мир ему) - религия Ханиф - религия единобожия. И предки, дед, отец, мать нашего любимого Пророка Мухаммеда (алейхисселям) были мусульманами, их религия была Ханиф» деп жазады.
Ендеше, Лев Николаевичті мұсылман деуге толық имандық тұрғыдан қақымыз бар. Сонымен қатар оның ең соңғы шығармасы - «Қажы Мұрат» хикаясы жазушының жүзін қайда бұрғанын әйгілеп тұрғандай.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы
«Абай-ақпарат»