Ырыс Аманкелді. Ақ үй хикаялары
Ағымдағы ұлу жылында алып Атлантиканың арғы жағалауындағы "жұлдыз-жолақты" жұртшылықтың, кезекті президент сайлауында қарекетсіз қадам жасап, сәттілікті сарп етуіне құқығы жоқ. Оқиға ілгерідегідей қайталанып, "көсем таңдауда мүлт кету" орын алса, әлемдегі экономикасы алып, IV ғасырлы өткені бар халықты тарих соты кешірмейді. Ендігі кезекте, Батыс Жартышардағы "американдық ұлттың" ерік-жігері, "бақыты басынан тайған" басшыны немесе "пиар командасы пәрменді" тұлғаны тұрып қарсылуға қауқарсыз. Ақ үйдің табалдырығын қос мәрте аттап, "террорист" атаулының соңына тазы жүгірткен Джордж Буш пен мемлекет тарихына "түрі мен түсі" тұрғысынан таңсық келген Барак Обаманының төккен тері мен сіңірген еңбегін салыстыра таразылау - бүгінде американ жұртының сайлау алдындағы бас қатырар машақаты болыпты .
Ағымдағы ұлу жылында алып Атлантиканың арғы жағалауындағы "жұлдыз-жолақты" жұртшылықтың, кезекті президент сайлауында қарекетсіз қадам жасап, сәттілікті сарп етуіне құқығы жоқ. Оқиға ілгерідегідей қайталанып, "көсем таңдауда мүлт кету" орын алса, әлемдегі экономикасы алып, IV ғасырлы өткені бар халықты тарих соты кешірмейді. Ендігі кезекте, Батыс Жартышардағы "американдық ұлттың" ерік-жігері, "бақыты басынан тайған" басшыны немесе "пиар командасы пәрменді" тұлғаны тұрып қарсылуға қауқарсыз. Ақ үйдің табалдырығын қос мәрте аттап, "террорист" атаулының соңына тазы жүгірткен Джордж Буш пен мемлекет тарихына "түрі мен түсі" тұрғысынан таңсық келген Барак Обаманының төккен тері мен сіңірген еңбегін салыстыра таразылау - бүгінде американ жұртының сайлау алдындағы бас қатырар машақаты болыпты .
Адамзат өркениеті XXI ғасырға аяқ басқалы тұрған шақта алып елдің "идеал патшасы" бейнесінде билікке келген "Буш дәуірі" алғашында ақ жауындай толастамай, аяғында ұлы империя көпшілігінің "тас атуынан" тарих сахнасымен мәңгілікке қош айтысқаны мәлім. "Клинтонның кереуетіне" жайғаса сала, Бен Ладеннің басқыншылығына булыққан "43 президент" сұқтануға сылтау тауып, Ауғанстан алқабына адымдай, Ирактың мұнайына ауыз салуға бел байлағаны, сол тұстары Хемингуэйдің отандасарына жаққан сыңайлы көрінді. Олай деуімізге, сол бір өтпелі кезеңде "Техастан шыққан сенаторды" ел іші, жұрт арасында жақтаушылар мен құптаушылардың саны орасан болғаны дәлел. Әйткенмен, көптің көкейінде "қанды оқиғамен" көбірек сақталған президент, денсаулық сақтау, білім беру және әл-ауқатты арттыруда "риясыз" реформалар жүргізіп, кәсібінің байыбын тапқандай болған-ды. Дегенмен, кезекті сайлауында мол пайыз дауыспен масайраған Буштың беделі, "Ирак журналисінің тура ұшқан туфлиі" сынды оқиғалардан кейін, төменге қарай тіке құлдырады. Атлантиканың қос беткейінен тоқтаусыз жауған масс-медианың шабуылынан соң, Джордж кіші Буш тақта отырған сегіз жылдың қорытындысын "бейкүнә бейне" ретінде тәмамдағаны рас. Бар артылған кінәсі сол - бастаған ісін бел ортадан тастап, соңына дейін тындыруға дәрмені жетпегендігі. Ал бүгінде жағдай жаңа, ахуал өзгеше, әрине. Десек те, осы күнде "афроамерикандық" президенттің өкілеттігінен өкпе тауып, Буштың Обамадан моральдық жеңісін дәріптеушілердің саны ұлғая түскені белгілі. Себебі айқын - әл-ауқаттың азуы, тұрмыс-тіршіліктің төмендеуі және мемлекет саясатына деген салғырт ұстаным.
2009 жыл. 20 қаңтар. Америка өткеніне терең із қалдырмаса да, қара нәсілді жұртшылықтың тарихына алтын әріппен жазылған күн. Түп-тұқияны қара құрлықтан бастау алатын "Кения баласы" әлем саясатында " соғұрлым жайдары сипат" таныта алғанымен, бойынан жүгіруге бейім халықтың шыдамдылығын, табандылығын паш етуге үлгермей-ақ келеді. Оның Ирак пен Ауғанстан жерінен әскерді кейін қайтару және терроризммен күресті тоқтату бастамасы Нобель сыйлығымен бағаланса да, өз Отанында "қол соғатын" қолдау таппаған сыңайлы. Осылайша, АҚШ-тың дәстүрлі жаулап алу саясатын жібітіп, НАТО-ны жерге қаратқан президент, өз бұқарасының бақытты ғұмырынан бұрын, әлемнің әлеуетін көп ойлап кеткені рас. Бейбітшіліктің бас қаһарманы образындағы ол, экономикалық өсудің кері тартпа механизміне айналғаны да шындық . Әрине, Америка үшін. Бәріне жауап ретінде, "1-террорист - Усама Бен Ладеннің" көзін түпкілікті жойғанымен, оның саяси аренадағы беделі соншалықты өсе қоймапты. Буштың барында, Мәскеу мен Пекин Вашингтонды жек көрсе, бүгінде мысқылмен қарайтын халге жеткен. Әрине, осының барлығы - жаңа сайлауға бет түзеген Обаманың имиджіне қайшылықты құбылыстар. Оны кейде Билл Клинтонмен де көп салыстырады екен. Саясатшылар пікірінше, Клинтон мен Обама тумысы мен мінезі маңайынан ұялас жандар. Барак та, 1993 жылы билікке еш тәжірибесіз келген Билл мырзаның өткенін қайталады. Әйткенмен, Клинтон белгілі бір уақыт шеңберінде мол шеберлік жинап, АҚШ-тың және әлемнің XX ғасырдағы ықпалды лидеріне айналды. Барактың айыбы - сол тәжірибені игергісі келмегендігінде. Дегенмен, мұның барлығы - алып-қашпа пікірлер қана.
Былтырғы жылдың 4 сәуірінде игілігі мол - Иллинойстан Хусейн Барак екінші рет президенттікке өз кандидатурасын ұсынды. Көп уақыт өтпей қарсыластары оны қатты айыптады. Қарсы партияның артқан кінәсі - Америка жерінде туылмаған тұлға президент бола алмайды. Әйткенмен, даудың соңы құжат тексерумен аяқталғаны мәлім. Осы тектес республикашылар мен демократтардың тынымсыз текетіресі "2012 жылдың 6 қарашасы" жақындаған сайын, "беті тұнық, асты лай" сұрқия амалдарға жүгінудің сипатында өрби түсетіні таңғажайып жайт бола қоймас. Мұндай айла-тәсілдер президенттің маңдайына қатты тигенімен, қайтпас қайсар Обама және оның "құрығы ұзын" пиар командасы сайлауға сақадай сай.
Сайып келгенде, АҚШ-тағы сайлаудың жалғыз Американы ғана емес, бүкіл әлемді толғандыруы шарт. Жер беті саясатында Орта Азияның барыс бейнелі жұрты - қазақ мемлекетінің де өтпекші отырған науқанға пікір білдіруге құқығы толыққанды. Қазақ әлеуметін Барак Обаманың дүниедегі тыныштықтың қорушысы бола тұра, 2010 жылы Астанадағы ЕҚЫҰ-ның саммитіне келмегені қызықтырады. "Ақ үйден - Ақ Ордаға" бас сұғудан бас тартқан президенттің "жасампаз елге" көзқарасы қандай екені беймәлім. Екінші мәрте билікке келсе, 300 миллион жұртының уәдесінде тұрамын деумен, Американың мұнайлы орта - Ливия, Сирия, Кувейт сынды елдердегі саясаты мен тәртібін күшейтпесіне кім кепіл. Мұнай қоры жөнінен әлемде алдыңғы ондықтағы Қазақстанның маңдайына біткен қазба байлығының, АҚШ президенттерінің жоспарында кездеспейді десек әбестік болар. Даму мен өркендеудің негізгі факторы сипатындағы қазақ мұнайы онсыз да жемқорлықтың маздай жанған жалыны болып тұрғаны, жасырын емес қой. Дегенмен, алып империяға кім басшы болса да, әлем жұртшылығына тек жақсылықты үндей білсе болғаны.
Ырыс Аманкелді
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университеті
журналистика факультетінің
3 курс студенті
«Абай-ақпарат»