Жексенбі, 20 Сәуір 2025
Жаңалықтар 3094 0 пікір 16 Наурыз, 2012 сағат 06:55

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Қылмыстан көзі ашылмаған адамның қырсықтан көзі ашылушы ма еді.   Қырсық мені енді класта шалатын болды. Бас мұғаліміміз есепке ғана емес, саясатқа да жүйрік болғандықтан, мені шалып жығудың амалын әр күні тауып отырды. Амалы табылмай қалған күнде де, қара мұрты маған ит көрген мысықша едірейіп, «гүрілдеп» тұратын болды.

- Ей, лақкөз, сүрт қара тақтайды! - деді класқа кірісімен,- сенсің ғой осынша былғаған!

- Мен емес! - деп барып сүртемін.

- Алдыда отырған сен болмасаң кім?!

- Мен класқа кіргелі орнымнан тұрғаным жоқ.

Класта күлкі  үні естілсе менің күлкім болып естіледі:

- Ей, текекөз, немене мәз болып отырсың? - дейді.

- Мен емес.

- Енді кім? - деп шаңқ ете түседі.

- Арт жақтан шықты.

- Сеніңше бар пәле арт жақтан шығады ғой! - Мен онысына жауап бермей құтыламын. Бірақ сонда да құтқармайды. Аппақ шытымен мұрнын баса қояды бір кезекте:

- По, мөңкітіп жіберді ғой!... Ашыңдар терезені! Ей, текешік, бар, далаға шығып кел! -  Арт жақ ду күледі!

- Мен емес, мұғалім! - деп жәбірлене қараймын оған.

- Енді кім? - деп шаңқ ете қалады, - дәл алдыма отырып алып... Сен емей кім?!

- «Арт жақтан!» - деп кекетіседі арт жақтағы ерке тайыншылар.

V

Қылмыстан көзі ашылмаған адамның қырсықтан көзі ашылушы ма еді.   Қырсық мені енді класта шалатын болды. Бас мұғаліміміз есепке ғана емес, саясатқа да жүйрік болғандықтан, мені шалып жығудың амалын әр күні тауып отырды. Амалы табылмай қалған күнде де, қара мұрты маған ит көрген мысықша едірейіп, «гүрілдеп» тұратын болды.

- Ей, лақкөз, сүрт қара тақтайды! - деді класқа кірісімен,- сенсің ғой осынша былғаған!

- Мен емес! - деп барып сүртемін.

- Алдыда отырған сен болмасаң кім?!

- Мен класқа кіргелі орнымнан тұрғаным жоқ.

Класта күлкі  үні естілсе менің күлкім болып естіледі:

- Ей, текекөз, немене мәз болып отырсың? - дейді.

- Мен емес.

- Енді кім? - деп шаңқ ете түседі.

- Арт жақтан шықты.

- Сеніңше бар пәле арт жақтан шығады ғой! - Мен онысына жауап бермей құтыламын. Бірақ сонда да құтқармайды. Аппақ шытымен мұрнын баса қояды бір кезекте:

- По, мөңкітіп жіберді ғой!... Ашыңдар терезені! Ей, текешік, бар, далаға шығып кел! -  Арт жақ ду күледі!

- Мен емес, мұғалім! - деп жәбірлене қараймын оған.

- Енді кім? - деп шаңқ ете қалады, - дәл алдыма отырып алып... Сен емей кім?!

- «Арт жақтан!» - деп кекетіседі арт жақтағы ерке тайыншылар.

Өзі де арт жақтан шықпай, алдыдан шығады деймісің! - десіп, бұл сөздің қисындылығына бүкіл класс күледі.

Мен тұқыра түсемін. Бұл қылығым - мойындау іспетінде көрінетінін сезсем де, нақақтығына булығып тұқырамын. Қуанышқанның мұрнынан қан шықпай тұрғандай, менің мұндай иісім де шықпаушы еді. Енді бүкіл класты мүңкітетін болыппын.

Сөйтіп жүріп, басым жерден алынбайтын күйге түстім. Жасып кеткендігімнен сабақ сұрауына жауап қайтаруым қиындай берді. Әсіресе, есеп сабағында қара тақтайға шығарғанда жүрегім атша тулайды, өйтетіні, Арысбек әмсе зекіріп шығарады:

- Ей... Кім еді, ей, текекөз!.. Не ғып отырсың бақырайып, шық қара тақтаға! - дегенде-ақ есім шығып кететін.

Менің көңілдес сабақтастарымның арасында Арысбек мұғалімге ең батыл пікір айта алатыны - Қиялзат еді. Әкесі сол кезде Дөрбілжіннің ең абыройлы адамдарының бірі, ауқатты саудагер болатын. Қиялзат ақтарыла сырласып, ағыл-тегіл күлетін ақ көңілділігімен бізге жақындасып кеткен. Менің ұмытылып қалған өз атымды Арысбекке сол ескертті бір күні:

-  Мұғалім әбзи, оның аты Биғабіл емес пе!

- Мейлі, не болса ол болсын, мұның атын есіме сақтай алмай қойдым.

Мен солай қолмен түртіліп, азумен мыжылып қара тақтайға шыққан бір күні айтып тұрған мысал есептің сөзін де ұқпай аңырып қалдым. Құлағымның шуылынан ба, жүрегімнің дүрсілінен бе, әйтеуір естімей жалтақтап қарай бердім. Мұғалім ырши тұрып қасыма жетіп келді:

- Не деп тұрмын мен саған?! Жаз! - деп шаңқ ете түсті де, желкемнен бір түйіп қалды.

Не деп жазарымды онан сайын білмей тұрып қалдым. Қатты сөйлегенде шаңқылдап кететін ащы үні құлағымды онан сайын бітеп тастағандай, автоматша жітірмелетіп сөйленетін сөзі, қанша айтқанымен миыма кірер емес. Маңдайымнан тер бұрқырап кетті. Жазсам да сөз тастап әр жерінен бір жазыппын. Шапалақтап-шапалақтап жіберді де, қара тақтайды қайта сүрткізіп тастады.

- Мәкен, бері келші, сен жазып берші мынаған!

«Жанасқыш тайыншаларының» ең үлкенін осылай еркелетіп атап, күлімсірей шақырып еді, сол көккөз «жау» күле шықты да, мұғалімнің бір-бірлеп нақтап айтып берген мысал есебін асықпай, нақтап жазып шықты.

- Сен мені емдің ғой енді! - деп күбірлеп, менен өшін ала қайтты сонан соң.

- Ал, шығар! - деп зекіді мұғалім.

Мен қара тақтаға қарап тұрып қалдым. Қайта-қайта оқысам да ұқпадым, шығара алмай қойдым.

- Кім шығарады? - деп мұғалім оқушыларға қарағанда, мен де қарадым.  Мұғалім қанша жалтақтағанымен «жанасқыш тайыншыларынан» ешкім қол көтермеді. Алдыңғы жақта отырған менің достарымнан бірнешеуі өршелене, қатар көтерді қолдарын. «Дұшпанына шығартып көзіне түрткілеткенше, өзіміз шығарып берейік!» дегендей ажар бар сияқты. «Мен!», «Мен!», «Мен!» десті. Менімен бір партада отыратын Бексапа жұлқынып жетіп келген соң мұғалім еріксіз соған шығартты.

Арысбектің ажуалы, ащы сөздерінен тағы да жұтып-жұтып алып партама уланған адамша сылқ түсіп отыра кетіп едім. Менімен бойы теп-тең шикі сары Бексапа маған жақындай түсіп, жалтақ-жалтақ қарай берді. Оның өткір сарғыш көк көзі сәл қызғылт тартып, жасаурап тұрғаны байқалды.

- Саған не болды?! - деп сыбырлап, алдындағы дәптеріне үңілген болды, үндемедім. Ержүрек-өжеттігіне мені де шақырғандай, ол тамағын ақырын ғана бір кенеп алып, сөзін тез-тез жалғастырып жіберді, - сені сындырмақшы, бәріміз біліп отырмыз. Сен сынбай қой!.. Ішіңнен ерегісіп алсаң сынбайсың!.. Қорқытқан сайын қатайып алу керек, ештеңе етпейді!...

Мен қатайып кете алмадым, іштей мұқалып, босай бердім. Барлық мазаққа мойындағандай, үн-түнсіз жасыдым. «Дұшпандарыма» ғана емес, дос сабақтастарыма да тең байланыс жасай алмайтын, тартыншақ болып қалған сияқтымын.

Басқа оқушылардан ешқандай зәбір көрмесем де, мектеп маған бас мұғалімнің қабағындай ызғар шашып, суынып кетті. Сөйтіп, мен 1937-1938 жылдық оқу маусымының ақырғы сынауынан сіңірім ілініп әрең өттім.

Сабақ оқудың өзі қызық ойын сияқты білініп, оқыған сайын өрге тартқандай көңілі көтеріле түсетін жақсы оқушының қасиеті сол жаз менен тым аулақта қалды да, ыңғай ойыншы балаларды жанасалап, солар бар жерде ғана жасай алатындай, басқаша тіршілікке ойысып кеткенімді сезбей де қалыппын.

Емілдің терең бөгеу айдыны біздің көшенің тұсында ғана еді. Жазда балалардың үзілмейтін, ең думанды мекені сол болатын. Біз  содан шықпайтын "қара балыққа" айналып кеттік. Біздің  көшенің  балалары су өнерінің барлық түріне жетілді де, сол өнерлілерді  қуалай сүңгіп мен жетіскендей болдым. Жетіскен сайын жетіліп, ол  жетілу желік бітірді де, күндіз үй көруді қойдым. Қаладан 30-40-тан жиналып келетін балалар, біздің шеттің алты баласының қабағына қарап шомылатын халге түсті. Алты "жайын" бірдей атылып, биік жардан секіргенде, шабақ балықша тым тырақай қашып, көлді босатып бермесе жұтылатындай көреді. Бірақ, солардың ішінде "жайындардың" кезіккені ғана болмаса, ешқайсысы "жұтылмай" аман қашатын. Жәкен екеуміздің "дұспандарымыз" сол жазда, сол айдында бір-екі реттен шиқылдаған  соң келмей қойып құтылды.

"Жайын" дәрежесіне енді жетіп "абырой" тауып қалған мені  әкем қатты масқаралады бір күні: дар басында жалаңаш тұр едім, қолында ұзын таяғы бар, ту сыртымнан келіп қалған екен:

- Оқу қайда?! - деп ақырып қалғанда бір-ақ білдім де, киімімді  іліп ала қаштым.

Жалаңаш болғанда да, тырдай едім. Таяғын лақтырып кеп қалды, тимей қалған соң ала салып тағы қуды.

- Жыл оқып тапқаның алпыс номер! Алпыс күн ойнасаң да әлі  үй қарасын көрмейсің, сабақ қайда қалды? Бәріміз жалданып  оқытқандағы үмітімізді ақтағаның осы ма!... Алған бәйгең алпыс па!...

Қашып бара жатып естігенім осы сөз болды. Бұл сөзді естіген  өзім ғана емес, су бойындағы балалар ғана емес, әкемнің зор дауысы бүкіл көшеге жайылды. Бұрыла қашар басқа жол болмағандықтан, жар бойлап зытып, жалаңаш қалпымда көшеге шыға келіппін. Қуып келе жатқан құба таяқ, әй-шайға қаратар емес, ерсілі-қарсылы екі қақпаның алдына топталған екі топ қыз-келіншектің арасынан зырылдатып өте шығып, ат бойлап кететін төте жолдағы жоңышқаға кіре жөнелдім. Артымда дуылдап мазақ-күлкі сайрауда. «Алпыс номер» жайлы әкем тағы айқайлап, жар салып келеді, оның жетісе алмай сәл кейінірек қалғандығы ғана іш киімімді теріс болса да киіп алуыма мұрсат берді.

Енді бұл көшеге қайта көрінер жайым қалмағандай, әшкереленген «алпыс номердің» үстіне айрандай төгілген бетіммен жер бастырып, бірнеше күн үйден шығармай тастады. Әкемнің айтқан әділ таразылығы құтқармас құрсаудай бүріп алды мені. Одан кейін қайталай қыжырытпаса да, сол бір шыншыл сөгіс әр күні айтылып тұрғандай бүре берді. «Екі аға жастық өмірін жалшылыққа кім үшін беріп жүр?... Інім кім үшін сауыс-сауыс сары ала боқшылыққа байланды. Жоқшылығына қарамай әке-шеше мені не үшін сетер етіп әлпештеп жүр! Диуана дегізбеуге тырысып, өздерінде жоқты кигізгендегі тапқаным осы масқаралық па!» Үйден шықпай көшірме кітап дәптерлерімнің барлығын жайып салып, соған үңілумен болдым. Біршама қиынырақ деген есептерді белгілеп алып, соларды басынан бастап қайта шығарып үйрендім. Мен де өзімдегі кемді толықтырып, жоқты іздеп табуым керек қой, қолымдағы барды әр саққа жүгіртіп пысықтадым. Пысықтаған сайын өзімді қиынға салудың талай есебі табылды. Оқыған аз нәрсемнің өзінен бұрын өзім ескермеген көп жұмбақ шыққандай. Соларды шешудің өзі ең қиын ойын сияқты. Басқа ойын іздеу ұмытыла берді. Бір шақ үйге шақырып отырғыза алмаған әке-шеше енді мені бір уақыт үйден шығуға, өзен бойына барып ойнап келуге қузайтын болды. Анда-санда шыға қалсам, әлгі «масқара көшеге» баспай, ыңғай сырт жақпен жұрттың тынығатын мезгілінде ғана шығып жүрдім. Онан да қала ішіне кіріп қайтуым көңілді сияқты.

Жаз басында Үрімжіге шақырылып кетті деп естілген Керім Шиянжаң мен жол құрылысының бастығы - Құсайын сол бойы қайтпай қалыпты. Ол кеткендердің дерегін бала-шағалары да білмейтіндігін күзде естідік. Олар туралы ешкім еш нәрсе айта алмайды екен. Жұрт олардың бала-шағаларының ешкім ұрмай-ақ жүдеп, ешкіммен байланыс жасамайтын томаға-тұйық халге түсіп қалғандықтарын ғана біліпті. «Қолға алыныпты», «қамалыпты» дейтін суық хабар тым жасырын сыбырмен ғана таралып жүр екен. Жұрт оларға «қиянаттан», «парақорлықтан» дегендей еш кінә тақпай ішінен ғана күрсінетін көрінеді.

Аудандық өкіметке Ли фамилиялы жаңа Шиянжаң тағайындалып келіпті. «Бұл да Керім Шиянжаңның орнын өгейсітпейтіндей, халыққа тым қайырымды кісі екен» деген сөз тарады. Бұл мақтау алдымен дау-шарға көп араласатын адвокаттан шықты да, рас солай екені жұртқа тез байқала бастады. Ли Шиянжаң келісімен бірнеше жиындар ашып, халыққа жағымды сөздер сөйлепті. «Ұлттық мектептерді кеңейту», «қоғамдық ұйымдарды толықтап, олардың ісін батыл жүргізу», «клуб салу» істерін келе қузай жөнеліпті. Сол орындардың бәрін өзі жаяу аралап көріп жүреді екен.

Дөрбілжіннің батыс жақ бетіндегі «Жер Дөрбілжін» деп аталған ежелгі қорғанның шығыс жақ іргесін тегістеп, үлкен клуб салып жатқанын көрдім. Төрт бұрыш қорғанның дәл ортасында алғашқы заман айдаһарының басындай көрініп, қалқиып тұратын пұтхананы тып-типыл етіп, теп-тегіс кең майдан жасапты. Сөйтіп «жын бар», «шайтан бар» деп біз маңайынан өте алмайтын ең қорқынышты өңір мәдениет орталығына, жарыс пен бәсеке майданына айналыпты.

Жүздеген жұмысшының мұндағы қызу еңбегі біздің мектептің терезесінен көрініп тұрады екен. Тоғызыншы ай туып мектепке қайта жиналғанымызда, темір шатыры шегеленіп болған, тау заңғарындай клубқа шалқая қарап тамашалайтын болдық. Мектебіміздің маңы былтырғыдан қызық көрінді. «Осы қызықтың ортасында мен тағы бұзық аталамын-ау!» деген күдікпен келіп едім. Мұғалімдер бөлмесіне кіріп сәлем бергенімде «қара мысық» күржимей, құйрығын жыбыр еткізді, күлімсірей қарады Арысбек.

- Биғабіл, тізімдеткелі келдің бе? - дегенде турарақ қарап едім, рас жылы көрінді. «Атымды жап-жатық, дұп-дұрыс атады ғой!» деген таңданыс пен қуаныш аралас, жан-жағына енді қарадым. Расында Арысбек емес, осы бөлменің өзі жылынған сияқты. Мектеп меңгерушісі бейуаз Қалымынан басқа, гүлдей жайнаған жап-жас үш мұғалім келіпті. Бұлардың біреуі таныс, «өлген адамды да күлдіретін» мысқылшыл Дәулет Шәуешектегі мұғалімдік мектепте оқып жүр деген, Дөрбілжіннің өз жігіті. Демалысқа келген кездерінде бізбен аздап асық ойнаған, артықсынуды білмейтін жігіт сияқты көрінген. Биылғы жаз терең бөгеуге барып шомылғанда біздің «жайындар» оны су астынан бірер рет тарта кетіп шиқылдатуға қимап еді, сонымыз жақсы болыпты!

Жаңа мұғалімнің тағы біреуі - сырт таныс, дөрбілжіндік Мақат - асқан кербез, сұлу, сылқым көрініп еді, сонысынан ғана секем алмасақ күдірейіп гүрілдерліктей «қара мысығы» жоқ қой, әйтеуір.

Менің көзімді ең көп тартқаны - бұрын мүлде бейтаныс, жылы жүзді ақ сары мұғалім болды. Аты Танысқан екен. Бет пішініндей үні де жарасымды, жатық та анық сөйлейтін шешенділігімен көзімді тартса, жоқтамаға қарап бір рет шақырған соң-ақ атымды біліп ала қоюы - өзімді тартып ала жөнелгендей болды. Оның сабақ өткендегі барлық кейпі зор өнер сияқты көрінді маған. Сөйлеп тұрғанда оның көкшіл көзінен таса ешкім қалмайтындай. Сөйлеген тақырыбынан күңгірт еш жай қалмайтындай. Ай мен күндей, әлемге бірдей, өз денесінен нұр шашып тұратындай әсерлендірді. Сабағымыздың барлығы көшірме еді. Өз сағатында әр сабақтың лекциясын тыңдап, конспекті көшіретінбіз. Ал көпшілігіміз Тынысқанның өткен сабағын сол сабақтың өзінде-ақ игеріп алатын болдық. Есеп сабағын тағы да Арысбек жүргізіп, күніне бір рет «текекөз» аталғаныма жасығанды қойдым. Күніне екі не үш сағат біздің класта болатын Тынысқанның тыныс беруімен менің тұтық үнім ашылып, күрмеулі тілім шешіле бастағаны байқалды. Сабақтастар іркіліп қалған сұрауларға әмсе мен құлшынып жауап беретін болдым.

Сөйтіп әр күні көзге түсіп жүргендігімнен болса керек, бір күні түстен кейін мұғалімдер тобымен кіріп келді де, ең алдындағы Тынысқан мені нұсқады:

- Міне, мынау болады!.. Биғабіл, түрегел! - деді, мен орнымнан атып тұрдым. - Алдымен осыны жаз! - Қағаз алып кірген Дәулет мұғалім менің атымды жазғандай болды, Арысбек мырс ете түсті:

- Сайтан білсін!.. Бұдан не шығады! Неше жүз адамның алды тұрмақ осы класта тақтайға шықса ес-ақылы қалмайды, сахнада бедірейіп тұрсын деймісің?

Менің жүрегім зу ете түсті.

- Жоқ, ең өткірі осы, осындайдан шығады!

- Өлең айтқызып көрсек қайтеді, - деді Дәулет, жатып атарлығымен мені бір қинап алғысы келген сияқты.

- Қазір өлең айт деп қыстаса сен де айта алмай, бұқаша божбия қаларсың! - деп Тынысқан күлді оған. Аздаған шұбары бар, май басты жуан Дәулетке қарап түгел күлісті, - мұның хорға жақсы қосылатынын байқағанмын. Біздің орындайтын номерлеріміз өлең ғана емес қой, декламация да, пьесса да болады. Бәрін де үйренеді бұл, әлі ашылады! Тынысқан мені солай мақтап бекітті де, Бексапа мен Қиялзатты атады. Бұл екеуіне ешкімнің пікірі болмады. «Ең жоғары класымыз осы» десіп біздің кластан жеті-сегіз «әртісті» бір-ақ тізді сөйтіп. Арысбек қипыжық қағып, нұсқай түссе де, оның «мықтыларын» жаңа мұғалімдер қабылдамады. «Қой, ол өгіздерді» десіп қалды күбірлеп қана.

«Дес алуымыздың басы осы дескендей, біз бұл сөзді естіген соң бір-бірімізге қарап жымиысып алдық. Тынысқан Дөрбілжін клубының ашылған тойына, жаңа сахнаға қойылатын ойын дайындығына шығатындығымызды айтып, бізді ерте жөнелгенде, Бексапа менің иығыма қолын арта шығып, арқамнан қағып-қағып қойды. Жалт қарасам, жазғытұрымғы менің       рухани ойраншылығымды көргендегісіндей, сарғыш көк көзі тағы да қызғылт тарта қалыпты. Қуанышқа да, қайғыға да ортақ, шіркін достық көңіл күйіміз тағы да іштен білісті.

- Тайыншаларын жасырып емізгеннің үстіне, жемдесе де жеткізбейік! - деді, - енді «өгіз» аталды ғой!

Менің қауіпім олармен емтихан мәселесінде болмай, енді көзіме сахна қатері елестеп, көңілімде «қорыққан адамнан жағымды үн шыға ма, енді көп халықтың алдында сахнада масқараланбасам не қылсын!.. Көшеде жалаңаш қашудан ол қиынырақ болар-ау!» деген үрей кеулеп келе жатқан.

- Сахнада үнім шықпай қалса, не сөзді ұмытып қалсам қайтемін, ей!? - деп үдірейе қарадым Бексапаға.

- Несі бар, сөзін мұғалімнің бірі айтып тұрады! Және сахнада сені  ешкім "текекөз" деп жасытпайды ғой, біреу қасақана айтса да  текірейіп алып соға  бермеймісің!..

Жаңа талапппен бірге туған жаңа күдігім жайына қалды. Тынысқан менің әлсіздік жағымды білетін сияқты, маған "қатерлі  міндет" артпай, орындай алатын рөлімді тауып отырды. Бірнеше  оқушыдан құралған хор номерлеріне шығарғанда, дәл артыма  қаймықпайтын өр дауысты Қиялзатты, қатарыма жіңішке үнді,  өткір  Бексапаны тұрғызды.

Мен өз әсерімен баурап, жаңа рухта тәрбиелейтін таланттыларды алғаш рет осы ойын дайындығында көрдім. Айтбектің аспан қамшылайтын болат шыбықтай асқақ әні, Тынысқанның нәзік толқынды скрипкасы, Дәулеттің іштен бұра түсетін күлдіргісі жай тамашашылардың өздерін де әртіске айналдыратындай. Бұл үшеуіндегі қабілет осы айтылған үш түр ғана емес, әрқайсысы сан қилы рөл атқаратын тума әртістер болып шықты. Әсіресе, Айтбек пен Дәулет бас қосқан жерде көп қапалы, ішқұсталықты көп көрген ер, әйел неше жүз өнерпаздың бір үйде бас қоса қалғандағы ойынындай думандатады екен.

Сахна шығармаларымен қамдап, жаттығуды басқарып жүрген Елсадықтың режиссерлігі мен суфлерлігі мені бәрінен де жоғары мектеп сияқты қызықтырды. Ол қандай кейіпкердің, қай сипаттағы сөзі болса да, әртістерге дәл өзіндей сөйлеп үйретіп жүрді. Сахна шығармасын оқып ойната отырып, қарапайым қоңыр ғана үнмен қыз да, кемпір де, шал да, жігіт те, олардың ішінде батыры да, қорқағы да, ұялшағы да, өткірі де болып жүз құбылысын да дәл бейнелеп үйретеді. «Әртістердің әртісі де, ми көзі де осы кісінің өзі екен» деп түсіндім мен. Бұл кісі суфлер болып отырғанда мен де әртіс болып шыға алатын сияқтымын. Әр күні түстен кейінгі уақытта жаттығу өткізген соң қолында бар әртістеріне Елсадық қатты разы болды:

- Сіздер арқылы әрқандай үлкен драманы орындауға болады екен, - деді де күрсініп алды, - біздің осы елде әйелдер өте артта қалған ғой, артисткадан жоқшылықты көбірек тартатын сияқтымыз. Жаңа ашылған қыздар мектебінен «қарызға бірнеше қыз сұрап ала тұрамыз», бірақ, олар «маймиып, қаймиып» қанша қатынасаалар дейсің және олар қыздан басқа әйел болуға тіпті де разы болмас.

- Одан қам жемеңіз, - деді Айтбек. - Қыз әкеліп берсеңіз болғаны, шешесі де, шалы да өзім болып шығамын.

- «Әкесі боламын» демей, «шалы боламын» деуін қарашы мына азбанның! - деп Дәулет оның иығынан түйіп жіберді. Жалған күйгелектікпен, күреңітіп божбия қалды өзі, - сенен басқа «шалы» боларлық ешкім жоқ па екен!

Біздің сабақтастар ду күлді. Елсадық бізге бір қарап қойды да:

- Оқушылар отыр, жігіттер! - деп күбірледі, - тәртіп алдымен өздеріңізде болуға тиісті. Алдын ала айтып қояйын, қазір бізге көмектесуге қыздар мектебінен екі-үш бойжеткен келеді. Оларға туысқан ағаларыңдай қамқор болыңыздар! Әрқандай бейбастақтық болмасын, мұндай қалжыңның иісі де шықпайтын болсын, үркітіп аласыздар!.. Оларды бар ой-саналарыңызбен көптеп қатынасуға қызықтырыңыздар!.. Бұл - біздің қоғамымызда тарихи, зор жұмыс. Ең қатты қарайтын тәртіп осы, артисткалдарды тек осы тәртіппен ғана тәрбиелеп шыға аламыз!

- Үйрене келе біздің мына азаматтардың өздері де қыз рөлін алып шығатын болады! - деп Тынысқан бізге үміттене қарады, - қараңызшы, қайсысы қыздан кем!

Дәулет маған қарап жымиды:

- Әнебіреуі тіпті мөлдіреген қара көздің дәл өзі.

Бірнешеуі қатар күлгенде, мен төмен қарай бердім. Ұялыңқырап қалсам да жақсы лепес сезіндім. Осы таңертеңде бір рет «текекөз» аталып едім ғой? Бұл жәбірді Қиялзат Дәулетке айтқан болып, көпшілікке әшкерелеп тастады:

- Мұғалім, класта Биғабіл «Текекөз» деп шақырылудан қатты жасиды! Қазір де есіне сол түсіп қызарып отыр!

Елсадық маған бағдарлай қарап алып сөйледі:

- Жоқ, олай емес, әсте теке көз емес! Текенің көзі қандай болушы еді, - мен онан сайын тұқырдым, - бұл баланың кішілеу көзі қаншалық ашуланғанда да тасырайып көрінбес. Ол оты бар нағыз өжет көз! Адам көзінің отынан талай үміт күтуге болады.

Арысбек мұғалімге көзімнің қиығымен қарап қойып едім. Ерні мен мұрны жыбыр-жыбыр етіп, ол құйқылжып отыр екен. Біреуге жағайымсырау да, иә қағытпа сөз айтарда осылай тұла бойымен күліп, құйқылжып кететін.

- Мұның кей кезде бедірейіп қалатыны бар, - деп, сөзінің жалғасы бардай тамағын кенеп-кенеп қойды. Бірақ жалғасын Елсадық күтпей сөйлеп кетті. Тегі ұялшақ оқушыға тағы да дық салатын сөзді сөйлетпейін дегені болса керек.

- Менің атам Құрман деген кісіні өз заманында «Қоңыз» деп атаған екен, - деп қалып еді, мұғалімдердің барлығы ықылас қойып қарай қалды, - сол кісінің қоңызға ұқсарлық титтей де белгісі жоқ еді. Жуандығына қарай бойы да бар болатын. Әртүрлі жағдайда ұнамды-ұнамсыз заттар тағыла да береді.

Бір столдың үстінде аяғын салбырата отырған Бірке мұғалім мұртын бір сылап қойып, еңкейе түсті Елсадыққа.

- Әңгіменің қызығы енді келді! - деп жымиды ол, - біз жаттығуға әйел балаларды күтіп отырмыз ғой, ал Елеке, олар келгенше сол «Қоңыз» батыр жөнінде әңгімелеп беріңізші, орайы келе қалды!

- Ол недәуір ескірген заманның адамы ғой, қазіргіге дұрыс есқатар жайы жоқ!

Дәулет пен Айтбектер қузай түсті.

Мәнчің хандығына қарсы адамның көміліп қалған әңгімесін енді ашық естісек, не қатесі бар! - деп Тынысқан орындығын сүйрей барды да, Елсадықтың дәл қарсысына барып отырды.

-  Шынжаң тарихи жөнінен таза тақырамыз, Елеке!

- Шынжаңда Мәнчің хандығына қарсы көтеріліске ең күшеп қатысқан кісінің бірі Қоңыз батыр деп қана естігеніміз бар, - деді Арысбек, - сол кездегі мекені қай жер ол кісінің?

- Осы Тарбағатайдың теріскейі екен, - деп Елсадық жауабын қысқа қайырып, біраз кідірді. - Ол кезде шекара шектеуі болмаған. Ол беттен бұл бетке қазақтар ауыс-күйіс жүре береді екен. Мал ауысып, сүйек шатыс құдалығын, туысқаншылық байланыстарын қуалап, аралысып тұратын. Әкесінің туыстары түгелімен осы жақта болған соң, Құрман дерлік осы жақтың адамы сияқты жүріпті.

-  Осы Шынжаң Мәнчің хандығына қашан қараған?

- Ол кезде Шынжаң деген атау жоқ қой. Еренқабырға тауының оңтүстігі Қашқария, солтүстігі Жоңғария деп аталған моңғол боданы болған. Жоңғарлар батысындағы көрші қазақтарды (сол кездегі ынтымақсыздығын пайдаланып) көп ойрандаған. «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» деп аталған жұт қырғындар сол жоңғар шапқыншылығының естеліктері. Тек қазақтардың басын қосқан Абылай ханның тұсында ғана жоңғарлар ойсырай жеңіліп, шығыс жағынан кірген Мәнчің армиясына жем болыпты. Ал, Қашқарияны Аппақ қожа өздігінен өткізіп берген соң, Мәнчің хандығы екеуін қосып, «Шынжаң» яғни жаңа шекара, «Жаңа жер» деп атаған екен. Бұл атау 1758 жылдың алды-артында ғана шығарылған сияқты.

- Көтеріліске Қоңыз батыр қашан қатысқан?

- Ал, Мәнчің хандығына қарсы жергілікті халықтың көтерілісі көп болған ғой, 1866 жылы осы Мойынтал төңірегінде - Еміл бойында болған бір соғысқа қатысып қалған екен. Қатысайын деп те қатысқан емес, тосын кездесіп қалған көрінеді.

- «Бор батырдың көтерілісі болып жатыр, Шәуешектегі туыстар тұрмыс жағынан күйзеліп қалыпты» деп естіген теріскей жақтың елі көмекке бірнеше жүз қой, жылқы жиып, туыстарына таратып беруге «Қоңызды» басшы етіп жіберіпті. Ол кісі де батырсымақ болғандықтан, найзасын тақымына қыстыра жүретін адам екен. Тарбағатайдың бергі бөктеріне малды өткізісімен, «ер азаматтың барлығы Емілде Мәнчің армиясымен соғысып жатыр» дегенді естіген Құрекең Қарабас атымен шауып ала жөнеліпті: жалғыз батыр жау жеңе ме, ел аузының көпірме сөзі болса керек, немесе бір абыройдың орайы келген болар, Шәуешек пен Мойынталдың арасындағы бір жазықтан самарадай болып екі-үш жүздей көтерілісші көрініпті де, Құрман соған жете бергенде тұс-тұстан үкіметтің қара құрым атты әскері келіп қалыпты. Қоршауға түскенін білсе де, Құрекең көтерілісшілердің сол бір тобына ызғытып барып бір-ақ қосылып дейді. Мәнчің армиясы қоршап жоғалту пиғылымен шеңберін тарайта беріпті. Ол кездегі соғыстың бастама дәстүрі жекпе-жекке шақыру, дауыс жетер жерге келгенде көтерілісшілердің бір басшысы айқайлап, жекпе-жекке шақырған екен, жау жақтың қолбасшысы оған жауап қайтармай, садақпен атқылауға бұйырыпты. Бас батыр - қолбасшының өзі ғой. Қоңыз атын тебініп қалып, дәл соның өзіне найзасын кезей ұшыпты. Қарабас сайысқа дағдылы өте шапшаң ат екен. Қорғаушылары жебе іліп көзеп, садағының адырнасын тартқанша Қоңыз құйғытып барып, найзасын өндіршектен сүңгітіп үлгеріпті дейді. Қолбасшы қорқырай құлағанда, қорғаушылары тым-тырақай қашқан екен. Қоршау ыдырап, армия шегіне бастапты. Қоңыздың соңынан көтерілісшілер де шабуылға өтіп, оған сырттан көмекші қол да келіп қалған екен. Мәнчің армиясы быт-шыт болып шығысқа қарай бөліне-бөліне қашыпты.

- Бор батырдың Шәуешектегі жеңісі - Қоңыздың осы ерлігімен болған деп үлкен ағамыз айтушы еді, бірақ мұның қаншасы рас, кім білсін. Ауыз әңгімесі қашанда әсірлеуімен өсіп кетеді ғой. Бірнеше шежірешіден мен де дәл солай естіп едім, дұп-дұрыс екен.

- Сол кезден хабары бар адамның бәрі де осыны айтады! - десіп кексе мұғалімдер де, Арысбек те, Бірке де растап қойды.

- Көтерілісші дүнгендер мен ұйғырлар, тіпті қазақтың да көпшілігі Қоңызды бұрын мүлде танымайды екен. Бір «Қарабас» атты қазақ келіп осыны істеді деп Шәуешекте көтерілісші қолбасшыларына хабарлапты. Жау беті мықтап қайтарылған соң Қоңыз көмекке әкелген малына қайтып бара жатқанда, алдынан көп адам шығып, Қарабас атынан таныпты да, оны ақ киіз, кілем жайып түсіріп алыпты. Ол кездегі жергілікті халықтың салтында ең зор құрмет ақ киізге отырғызып көтеру ғой. Шәуешекке ақ киізбен көтеріп апарыпты. Қоңыз әкелген малының бір бөлігін Бор батырға тапсырып, көп сыйлыққа бөленген малшыларын қайтарып жіберіпті де, өзі Бор батырмен бірге Мәнчің армиясын қуып кетіпті. Одан кейін қаншалық ерлік көрсеткенін білмеймін. Әйтеуір, Үрімжіге, одан Шынжаңның сол кездегі орталығы Гушыңға дейін жау қуысып барып қайтқаны рас екен. Манас өзенінің басындағы бір шатқал қазірге дейін «Қоңыз бекінісі» деп аталып жүр.

- Бор батыр кім өзі?

- Көтеріліс қалай жеңіліпті?

- Бор батыр - дүнген, кәсібі - арбакеш дейді. Көтерілісте күшімен, ержүректілігімен көзге түсіпті де, сол реткі көтерілістің қолбасшысы болып шығыпты. Ол Шынжаңдағы Мәнчің генералдарының әрқандай қысымына шыдап күрескен табанды қолбасшы болған екен. Бірақ, өзінің жақын дүнгендерінен сатылған бір тыңшының уынан өліпті. Көтерілістің көбін осылай, басшыларын жансыздар арқылы өлтіру жолымен жаныштап отырған ғой.

- Мәнчің хандығының Шынжаңдағы өктемдігі құрымаса, Елекең осы тарихты ішінде шірітер еді.

- Бұл әңгімені сөйлетуіміздің өзі де бостандықтың нәтижесі ғой, - десті мұғалімдер.

- Ереке, сіз бұрын сол атаңыздың атын атаудан да қорқып келдіңіз-ау деймін! - деп Дәулет күлді, - қазірге дейін соның белгісі бар, ыңғай бұққан адамша жүресіз.

Елсадық кең тыныстағандай соза күрсініп алды:

- Ұлттар ынтымағы жағынан алғанда қазір де пәлендей жарақты әңгіме емес қой бұл. Қолқалаған соң түскен көңілшектігім болмаса, тарихшылығым қай тасып жүр дейсің.

Есіктің өз сықырындай ғана өте ақырын шертілген дыбыс естілгенде ұстаздар өздерінің ұстазы келіп қалғандай елеңдеп орындарынан тік тұрысты. Елсадық бәрінен бұрын тұрып барып, қазақ ұйымының қақпасынан мен алғаш көргендегідей, есікті кең ашып тастады.

- Келіңдер, балалар, келіңдер. Бәрі өз аға-бауырларың, тартынбаңдар!

Үш бойжеткен, Елсадықтың әлгінде ғана айтқанындай, «маймиып-қаймиып» әреңге кірді. Үзіліп кетердей әрең басады аяқтарын. Драманың айтыс-тартысына қалай шыдар екен деп жаның ашығандай. Жуан тұғырлау, үкісіз төбетайлы қып-қызыл бойжеткен мойны талып кеткендей басын бір кекшең еткізді де, батылдыққа бекігендей ширай өрлеп, төрден бостатып берген ұзын орындыққа алдымен келіп отырды. Талшыбықтай бұралған сұңғақ бойлы ақ сұр қыз да, қара көзі шоқтай жайнаған қара торы қыз да желкелеріне тастаған орамалдарының ұшынан ұстап, буындары құрып кеткендей сылқ-сылқ ете түсті орындыққа. Бірінен-бірі өткен ұзын бұрымды әсем қыздар екен. Келбет жағынан мектеп бойынша таңдамалылары болса керек.

Айтбек пен Дәулет өздеріне бітіп көрмеген бейтаныс әдептің бәрін жиып алғандай, сыпайылықпен тік тұра қалыпты. Танысқан оларға миығынан күле қарады да:

- Сендер де отырыңдар, момындарым! - деп отыра кетті, - қыз рөлін ойнай алады екенсіңдер!

Дәулет отыра бере, Айтбекке ренжи қарап қойып сөйледі:

- Мынау қыз бала бола алмайды, жаңа көрдім, мұрны қолағаштай екен, кемпір болсын!

- Сенің мойның жетісіп-ақ түй, пішіт әдиахал майтұмшығым! - деп Айтбек бет аузын кемпірше тыржита қойды. Езуі бір жақ құлағына жете қисайып, қалың ерні адам баққысыз салпия қалыпты. Бөлме іші күлкімен ду сілкінсе де, ол екеуінде жымиыс ізі де жоқ, біреуі ренжісіп, біреуі салпиған күйі аңдысып отырып қалыпты. Қыздар сықылық қағып тұншыға күлісті.

Салқын шырайлы Елсадық мырс-мырс күліп, қыздардың күлкісіне зейін қоя қарап алды.

- Балалар! - деп қалғанда олар күлкісін тез жиып, қарай қалысты, сонда да шиқ-шиқ ете түсіп отырды. Елсадық оларды көзқарастарынан да бажайлай жалғады сөзін, - тұңғыш рет көріп отырған клубымыздың тойына арнап, соның жаңа сахнасына театр дайындамақшымыз. Сіздердің көмектесулеріңізге мүдираларыңыз - («мектеп меңгерушісі» деген сөз, арабша әйелдерге «мүдира», ерлерге «мүдір» айтылады. - Ред) Талиға рұқсат еткен, айтқан шығар?.. Әр күні түстен кейін мұнда келіп қатынасуларыңызды ұйым жағынан үйлеріңізге де айтып рұқсат алғанбыз. Ешқандай сөлекет іс болмайтынына сендіргенбіз. Ол сенімімізді осы отырған бәріміз ортақ атқарамыз. Кей күні кешірек тарайтын жағдайда үйлеріңізге ұйымның арбасымен жеткізіп тұрамыз. Ойын қойылып болғанша, сабақтан ақсамау үшін іңірді, таңертеңгі уақытты мықтап пайдалана тұрсаңыздар болғаны! Ал сіздер бұрын үйде, әке-шеше қормалдығында ғана өстіңіздер ғой, әлеуметтік күреске, қоғамдық өмірге қатынасуларыңыздың басы осы. Мұның өзі сіздер үшін үлкен мектеп. Ойын-сауық тәрізінде көрінгенімен мұны да мектеп деп танып қатынассаңыздар орасан зор мектеп. Мектеп бола білу үшін жарамсыз мінез-құлықтардан сіздерді сақтайды. Қорғанбайтындай, батылдықпен қатынасыңыздар!..

- «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!» - деп қойды Дәулет. Айтбекке тағы да сол ренжулі қабағын көрсеткеніне әр жерден күлкі қайта шықты.

- Иә, бәріңізге айтқаным, - деп Елсадық сөзін күлімсірей жалғастырды, - біз көп артта қалған халықтың балаларымыз ғой. Мешеулігімізден мазаққа, қорлап-қомсынуға көп ұшырап, қорсынып-жасып өскен ұрпақпыз! - Бұл сөзге келгенде Елсадықтың көзіне жас іркіле қалды, - ең өжеті - өнер шығарады деп жиып отырған осы топтың өзінде де сондай жасықтар баршылық көрінеді. Бір-біріңізді мазақтап, жасыта түсу жағында болмай, қайрап жетілдіре түсу, қолдап өрлете түсу жағында болыңыздар!.. Семіп қалған ұлттық мәдениетіміздің өніп-өсуден үміткер ұрығы - сіздер деп сеніп отырмыз. Өркендеріңіздің күн санап өсуін, пәк-таза өсуін төрт көзбен күтуден басқа, қартайған біздей аталарыңыздың өнер үйретер шағы өтіп кеткен!

Елсадық көнетөз көк бешбетінің жанқалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Жаңа ғана жайраңдап отырған күлкінің ізі қалмай, жиылғандар жым-жырт ойлана қарасып отыр еді, - неткен қазымыр шал деп қалмаңыздар, бұл айтпаса болмайтын сөз! - деп қайта күлімсіреді, - ал енді басталық!

- Мұндай сөздің көптігі бола ма!

- Елеке, дәл мұндай шипалы сөзді мен бұрын естігенім жоқ, қалжың емес!.. Енді бірер минут сөйлесеңіз мына жынды да жылап жіберіп, жазыла қалар еді! - деп Дәулет тағы күлдіргенде, жаттығуымыз бастала кетіп, алдымен Дәулеттің өзі шал болып отыра қалды.

«Тергеушім», Елсадық деп аталған осы кемеңгер сойқанның шыншылдығы мүңкіп тұратын, осындай жиіркенішті нәрін аш бөріше қомағайлана сіміріп, әр сөзін қақас жібермей, қызыға тыңдап едім. Осы материалды оқығанда сіздің де көзіңіз қызарып кеткен шығар. Әсіресе, әлгі бір бейғам сөйлей салған тарихи әңгімелерін, ұлттық мәдениет жөніндегі мұңын қазіргі күнде қандай жанкешті сөйлей алар! Осы сойқан сіздің қолға бір түссейші, шіркін! Қысып отырып, қырындысына дейін шығарып алсаңыз, соның өзі-ақ сіз үшін өмірлік азық болмас па еді!..

Амал қанша, ол сіздің қолға енді түспейді, сізден бұрын оны Шың Сысай жалмап кеткен. Сөйтсе де, өкінбейміз, менің әлгіндей қылмысымнан нәр алып қалған шәкірттері қолыңызда ғой, бұлардың еті қандай жұмсақ!

VI

Елсадықтың уақытты қайдан табатынын біз ұға алмай таңқалып жүрдік. Ол кісі жаңадан құрылған бір үлкен ұйымның бастығы ғой, бірақ, ұлттық мәдени-ағарту жөніндегі үлкенді-кішілі жұмыстың бәріне де оның жүгіріп жүргенін көреміз. Қыл аяғы сахнаға керекті киім-кешек пен қазақ тұрмысының декорациясына да сол кісі жүгіреді. Мәселен: Сасық байлар қызының киімін, киіз үйдің басқұры мен аяққабын басқа қызметкерлерге бермей, сол кісінің қолына ғана тапсырады. Мезгілге, заманға, саясатқа лайықты хор текстері де, мектеп өлеңдері де сол кісінің қолынан шықпаса дәмі татымай жүрді. Ешқандай сабақ өтемей-ақ, ол кісі қайсы оқушының сабаққа қандай екенін де айтып жүреді. Кейде тіпті бұл жөніндегі шын бағаны сол кісінің аузынан естиміз. Елсадықтың соншалық албарынды болып, бар ұсақ-түйекке араласып жүруінің пайдасын көп өтпей көрдік: есік ашу салты өткізілісімен-ақ, Дөрбілжін клубы ұлттар мәдениетінің, әрбір мектептің жарыс, бәсеке орнына, сынау мектебіне айналып кетті. Қала ішіндегі ұлттық алты мектеп пен ұйымдардың қойған концерт-театрлары билет сатылып халық алдында қойылуымен қабат, комиссия бағасынан өтіп, нәтижесі аудандық өкіметтің алдындағы қара тақтаға жазылатын болды. Жаңа жыл қарсаңымен сол клубта алты мектептің қатарлас кластары бойынша қоспа емтихан алынып, оның да кластық жалпы нәтижесі жарияланды да, озғандары сыйланды.

Қыстың ұзақ іңірлерінде барлық мектептің алдыңғы сынып оқушыларына қоғамтану сауатынан Ли шияжаңның (мектеп директоры) өзі сол клубта бір ай лекция өтті. Тағы да Елсадық пен Тынысқан екеуі ұйғырша аударманы екі жағымыздан қазақ тіліне аударып түсіндіріп отырғандықтан, бұл курстың да қоспа емтиханынан жақсы өттік!

Бірақ, бұл лекцияларда көбірек аталған Маркс пен Дарвин бізге қиын жұмбақ ретінде қала берді. Бұл курстың мақсатын артынан түсіндік: бізбен бірге қаладағы барлық мұғалім қатысып еді, анығында біздің атымызбен соларға ашылған курс екен.

Өзімізге бұрын бейтаныс қызулы бұл қимылдың барлығы қоғамдық бір алып тауықтың сан мыңдаған жұмыртқа шайқап жатқандай еді. Сол кең бауырдың қызуы әсіресе біздейлерге дөп тигендей, тез жандана бастады. Бірақ, сол алып тауықты алғашқы кезде «Шыңдубан» атамыздың өзі деп қана түсініп, Ли Шиянжаң мен Елсадықтарды соның жылуы ғой деп қана танығанбыз. «Шың Сысай емес, біз» деп ол шақта коммунистердің қайсысы айта қойсын.

1938-1939 оқу жылының сол қысын біз майда шуақ көктемдей сезіндік. Емілдің қатерлі мұзын кесе, қызыл суын кеше жүріп, күндіз болсын, түн болсын әрқандай бәсекені қалмай өткіздік. "Жанасқыш  тайыншалар" осы жағдайда да ұрлап емуін қоймап еді. Біз онысын елемейтін де болдық. "Мейлі жасырын емізгенді қойып, желінін  кесіп берсе де, біз олардан енді мұқала қоймаспыз. Олар  мұғалімін шылп-шылп емгенімен, өмірдің өзі емізіп жатқан бізден озғанын көрерміз" дестік.

Жаздық демалысқа шыға, аудандық қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы Бексапа мен мені көшірме хатшылыққа тартты да, біз демалыстың үш айына "бала қызметші" болып істедік. Жиырма сәріден еңбек ақымыз бар. Күзден бастап орталау класқа шығамыз ғой.

"Орталау қазақ болар жылды өз еңбегімізбен қарсы алып ұқсақ  қандай жақсы!" деп құлшына кірістік. Міндетіміз - ауданға  қарасты  барлық райондағы қазақ түтіндерінің сандық тізімін кесте  бойынша реттеп көшіру екен.

- Алдымен әр районның әрбір зәңгілігі бойынша белгі қойылған оқушыларды айырым-айырым дәптерге бір көшіріп шығыңдар! - деді Елсадық, - биыл сендердің мектептерін - орталау мектеп болып кеңейеді. Қалаға келіп оқи алатын ауқаты бар семья балалары түгел осында келіп оқиды... Жаңа салынатын мектептің орнын көрдіңдер ме, жер жамбылдың оңтүстік-батыс бұрышы. Бұл мектеп аудан  бойынша, тіпті аймақ бойынша ең көлемді,  ең көрікті мектеп болып, клубымен, жатаханаларымен  салынады.  Ұйым бұл мектепті салу  үшін, қазақ байларынан екі мың қой жинады!

Бексапа маған қарап күлімсіреп қойып күбірледі:

- Аудандағы барлық бай балалары келіп оқыса, "жанасқыш тайыншалар" тағы көбейеді екен ғой!

- "Жанасқыш тайынша" деген не?- деп Елсадық елеңдей сұрап еді, сары Бексапа қызарақтай күліп, жауабын маған жалтақтай түсіп  қайырды:

- Бай балаларының көбі мұғалімдерімен тең жүреді. Емтихан  уақытында кей мұғалімнің етегіне жабысып, сұраулардың жауабын  айтқызып алады. Биғаділ оларға "жанасқыш тайынша" деп ат  қойған.

Елсадық күлімсірей сұрады менен:

- Ал оны бұзау демей  "тайынша" деп атауың қалай?

- Олар, - деп кібіртіктедім мен, - ондайлар... Қысыр емген  тайынша сияқты  күйлі... Дүмдей-дүмдей болады:

Елсадық даңғырлаған үнімен қатты  күлді,  - "Дұрыс! Дұрыс! Дұрыс атау", - деп ар жағындағы жалпақ столда отырған Ақыш  атты  бухгалтерге  қарады. Сөзге де, күлкіге де көп қатынаспайтын ол сылқ-сылқ күліп еді.

- Ал олар сұрағанада мұғалімдер айтып бере ме? - деп жымиды. Алдындағы есеп цифрларына қарай отырып, оған жауапты Бексапа  анықтап  қайырды:

- Кейбірі тіпті айтып беруі үшін маңайлайды. Бірақ... бір-екеуі ғана... басқасы бар оқушыға  бірдей.

- Педагогикаға бүтіндей жат қылық қой, ә!- деп күрсінді Елсадық. - Безобраз - деді Ақыш, -"қыз жымимаса, жігіт күлмейді" деген мақал бар, айтып бермейтін мұғалімнен оқушылар сұрай алмайды  тегі, жапсарын сипалап тауып дәніккен оқушылар бар ғой! Елсадық қызықсына қарады бізге:

- Кластарыңда  "жанасқыш тайынша" нешеу еді?

- Әр класта бар, - деді Бексапа - біздің класта үш-төрті бар.

- Мұғалімдерден сендер сұрамайсыңдар ма?

- Біз сұрай  алмаймыз,  сұрасақ та айтпайды.

"Емізіп қоятын" мұғалімдердің кім екенін олар бізден сұрамады да, біз айтпадық.

- Оқушылардан не қиын сөз шығып тұрады, иә! - деп Ақыш тағы  күлімсіреді. - Оқушылық деген адамның ең қызық шағы  ғой, шіркін!

- Оқушылар -  тамыршы да, сыншы да ғой. Әсіресе қазіргі біздің оқушылардың көбі мектеп есігін әр қилы тұрмыс көріп, ес жия  келіп ашқан. Бұлар мұғалімнің әр қылығын мүлт жібермей байқап отырады. Бұлармен уақыт тауып сырласып тұру қызық-ақ. Өздерінің дұрыс тәрбиеленуі үшін не істеу керек екенін өздері  үйретеді... Жарайды, балалар, бұл тілектеріңді ұқтық. Алдағы оқу  маусымында бай балалары көбірек келгенімен, қолдан келісінше  жанаса  алмайтын етерміз. Олай ету, әсіресе солардың өздерінің білім алуы үшін қажетті жұмыс. "Көш жүре түзеледі" дейтін мәтелді түсінесіңдер ме?

- Иә, бәрі де ақырын-ақырын түзеледі. Бірақ, әрбір оқушы бұл  мәтелді өзіне қолданса дұрыс емес. Сіздер өз кемшіліктеріңізге кешірімсіз қарап әдеттенсеңіздер ғана жақсы адам  боласыңдар!.. Ал, менің бір жұмысым қалып барады екен, кеттім. Белгіленген оқушылардың тізімін тезірек көшіріп берсеңіздер болғаны, басқасын  асықпай, сегізінші айдың соңына дейін бітірерсіздер. Демалыс  уақыттарыңызда қарсы бөлмедегі кітапханаға кіріп, газет оқып  тұрыңыздар. Қазір дүниеде қатерлі де, қызық та оқиғалар болып  жатыр.

- Біз сол санды мәліметті көшіре жүріп, ұйымның мәдениет бөліміндегі кітапханаға әуестеніп алдық. Бірақ, дүниенің - "қызығы" мен "қатерінің" қай жерде екенін, әрине, бірден ұға алмадық. "Шынжаң" газеті мен "Тарбағатай" газетіне 1938 жылы күздегі сандарынан бастап "Мюньхен шарты", "фашизмнің білік бірлеспесі" сияқты біз білмейтін сөздер шығыпты. Тісіміз батпайтын "білік-бірлеспені" былай тастап, дүниеге үш жау пайда болғанын ұқтық. Олар - Германия, Италия, Жапония фашизмі,  барлық қатал  сөздер осыларға қаратылып тұрғандықтан, Жапония Жуңгоны жұту соғысын  жүргізіп жатқандықтан, дүниенің "қатері" осы үшеуі екенін аңғарамыз. Ал, "қызығын"  іздеп таба алмай тінтіне бердік.

Меніңше, "қызығы" - Қазақстанның өзіме түстаныс газет-журналдары болып көрінді. Мұнда үзілмей келіп тұрады екен. Қызықтап соған көбірек үңіліп жүрдім. Көзім үйренісе әріптеуді  қойып, тез оқи алатын болуым тіпті қызықтырды. Мәдениет бөліміндегі Айтбектің  алдына ауық-ауық келіп  жүрдік.

- Ассалаумағалейкум! - дейміз. Сәлемді ол әсте дұрыс қабылдамайды, "А?" деп орнынан тік тұратын.  Оның тосын қожыраң ете түсуінен кейде шошып, кейде ұялып қалатынбыз. "А?" деп қайта  сұрағанда, қайтадан сәлем беру, әрқандай адамға жайсыз тиетін жұмыс қой.

- Сіздің қазынадан біраз оқиық деп келдік.

Ал, әлгі сөздердің "газет-журнал" дегн сөз бе, иә "шахмат-дойбы"  деген сөз бе? Ұзындығына қарағанда әйтеуір бір сөз емес екенін ғана түсінеміз...

Бір-екі күннен соң байқадық, оған сәлем бермей кіру де  жайсыздық тудырады екен. Бағанадай денесімен орнынан құлай түрегелді де, ұстазы келгендей қауғалақтайды.  "Ассауламағалейкум,  ассалаумағалейкум, ассалла! - деп неше адам кірген болса, сонша сәлем беріп, қазбалай амандасып қол алысады .

Сол өткелектен күніне бір рет өте жүріп, мен Қазақстанның "Коммунист" журналынан бірнешеуін оқып шықтым. Көзімнің көп  тартқаны Жетісу қазақтарының азып-тозуы, Жуңгоға қашуы жайлы бір сын мақала болды. Мәселе асыра сілтеушілік пен бүлдірушілердің ісі болып қорытылыпты. Коммунистер туралы  менің көзімдегі түссіз күңгірт перде  ашыла қалғандай, жан-жағым жарқырай түскендей болды. Жан түршігерлік күйзеліске түсіп, туған  жерден қашуымыздың айыпкері - Ақтай, Санатпай тыр жалаңаш  алдымда тұрғандай, әкесін тілдеп жібергенімді де аңғармай қалыппын.

- Кімді боқтайсың ей, - деп қалды Айтбек.

Өзім ұялып та, сасып та қалдым. Оны  боқтамағанымды анықтап түсіндірмесем  сенбейтіндей көрінді.

- Совет Одағында Ақтай, Санатпай дейтін бұзықтар бар еді, соны!

- Е, олар не ғып жүр  мұнда?

- Солардың атамандары Советте енді ұсалған сияқты, міне мұнда!

- Үй, өзің  жермен бірге жасап келген бір  мәртесе сияқтысың  ғой,  бұл әріпті қашан оқып едің?! - деп алып, ол  арғы-бергімді сұрай  жөнелді. Маған жақындаса қалды. - Е, солай де, балақай, менің жерлес бауырым болып шықтың ғой өзің! Мен де  сол жақтан келгенмін.

- Сіздер қашан келіп едіңіздер?

- Отызыншы жылы өттік.

- Шәріпхан дутыңға... - деп Бексапа тағы да сөйлей бергенде, жаңа тағайындалған Нұржан атты орынбасар Шиянжаң қарсыдағы бөлімнен Елсадық пен Ақышты бастай кірді. Айтбек оларға  қарамай шығып кетті де, бес-алты  орындықты бір-ақ көтеріп қайта  кіріп, сәлем беріп күлдірді.

- Айтбек дейтін азаматымыз осы,- деп Елсадық Нұржанға таныстыра бастап еді:

- Шиянжаңды алдыңғы күні қарсы ала шыққанда көргенмін, - деп Айтбек таныстыруды талап етпей, жалбырай амандасып, күлкіге  батыра түсті, - ұлықты көргенде жылаған бала да уанбай ма, көре  салысымен тұра  жөнелгенім сол!..

Нұржан екі  бетінен қаны тамған қып-қызыл, тым көрікті жігіт екен. Тіп-тік бойы, қап-қара көзі мен жаудыраған ақ бөрте жүзіне су жаңа қара көк костюм-сымы сұлулық нұрға бөлегендей жарасыпты. Өзі Шәуешектегі бір татар байының жалшысының баласы екен. Шың Сысай үкіметіне тездетіп кадр жетістіріп беру үшін Ташкентте  ашылған екі жылдық мектептің екінші курсын 1937 жылы бітіріп шығыпты. Ыңғай  атақты бай балалары жіберілген бұл мектептен Нұржанның оқып шығуы бір қызықты комедия болғандай.

- Өз баласын басқа мемлекетке жіберіп, "айырылып қалудан" қорыққан әйеншек байлар жалшылары мен қоңсыларының  балаларын өз балам деп ұстап беріпті. Нұржан - сол жалшылық қылмыспен "ұсталып" кеткендердің біреуі. Бұлар сыпыра "оқымысты ұлық" болып жетіп келгенде, алдамшы  байлар өздерінің алданып қалғанын бір-ақ біліп, өз маңдайларын өздері  шапалақтаған екен.

Нұржан келісімен Үрімжі аймағына қарасты Құтыби ауданына Шиянжаң болып тағайындалыпты да, бір жылдан соң осы Дөрбілжінге ауыстырылыпты.

Бізге бұл кісінің үн-әуені қоңыраудай сылдырлап сұлу естіліп еді. Сөзді тоқтап-тоқтап өте сыпайы сөйлейді екен өзі. Сөйтсе де, бірнеше реткі сөзінен тұтықпалығын білдірмеу үшін осылай кідіре  сөйлейтіндігін байқадық: сөйлерде тамағы  бір-екі  бүлкілдеп  алады екен. "Кы...кы...кы" бас дыбысты қайталақтауын сыртқа  шығармай, солайша көмекейден  ғана бүлкілдететін сабырлылығын да ұнаттық.  Егер сөйлеуге асықса шатақ шығатын көрінеді.

- Айтбек... Әлгі бір... Шәріпқан төре жайындағы... әңгімеңді айтсаңшы, тағы...тағы.. біз де естиік! - деп  қолқалады ол.

- Тақсыр, ол әңгіме емес еді, әнеу шөкімайлар сұраған соң айтпақ болғанмын.

- Ы...ың... Алтайдан... келді дей ме сені?.. Қашан  келдің?

- Алдыңғы жылы. Шәріпқан төреге қорғаушы әскер болып, содан босап қайтқанмын.

- Ы-ы... Ол... бұрыннан әскер ұстап тұратын адам ба еді?

Бұған жауапты Елсадық қайырды:

- Шәріпқанның аталары да жасақ ұстап келген деседі. Шәріпқан апрель төңкерісінен кейін дутың сайланған соң, екі жүз шамалы қорғаушы  әскерден айырылмапты.

- Шиянжаң, білетін шығарсыз, Шәріпқан төрені былтыр осы жерде қарсы алып, Үрімжіге ұзатып салып едік.  Алтайға содан бері қайтпады ғой, Үрімжіде не ғып тұр ол? - деді Айтбек.                                                                                                                                                                   - Ағаңның жайын... Өзің білмесең... Біз қайдан білейік!.. Жә, өзің айтшы... Алтай, Көктоғай ауданында... Бір көтеріліс болыпты дейді ғой, одан... не білесің?

- Шәріпқан дутың Үрімжіге шақырылып кеткен соң ба!.. Білмеймін ойбай, көтеріліс көрсем көзім шықсын.

- Ол төрелеріңнің... Көктоғайда кімі бар  еді?

- Білмедім, не болған екен, тақсыр?

- Түсінбестіктен Көктоғайда бір уақиға туылыпты деп естіп едік, сол екен ғой! - деп қалды Елсадық. Ақыш  анықтай сұрады:

- Ауыз өсектен әртүрлі естідік, шынында қалай туылған уақиға екен өзі?

Сұраймын деп сұрауға ілініп қалған Нұржан қысыла отырып өз естігенін айтты. Елсадық пен Ақыштың оған сөз қыстыра отырып толықтауымен уақиға недәуір толық болғандай бізге.

Көктоғай ауданының қиырырақ бір районынан Есімхан дейтін үкірдайы былтыр Үрімжіге шақырылған екен, шақыру қағазға ол: "науқаспын, бара алмаймын"            деп жауап қайырыпты.  Шақырылуынан-ақ секем алып, қамдана бастаған сияқты, өзіне  қарасты молқы, қарақас руларының етегін жия қоныстандырыпты да, ел адамдарын жиыпты:

"Үрімжіге шақырылып барған адамдар қайтпай жатыр, енді  мені де шақырды, қайтсек болар екен?" деп кеңеске салыпты. Сол жиын жиырыла түсіп шиыршық атқан қатты түйіншекке айналыпты да "былтыр кеткен Ақыт қажы мен Шәріпқан дутың қайтып келмей, Үрімжіге ешкімімізді  жібермейміз!" деген қаулыға келіпті. Мықты азаматтардан сол жиынның өзінде-ақ құралды-жасақ  ұйымдастырыла қалса керек. Өздерінің ұйитын ғұламасы әрі атақты ақыны қарт Ақытты айдап әкеткенде айыра  алмай қалуларына қатты ашынып тұрған жалынды азаматтар, бұл рет мұсасына мықтап мінген көрінеді. Олар осындай бір "сұмдық" райға келіп тұрғанда  ауданның ханзу Шиянжаңы жиырма шақты құралды әскер ертіп, Есімханды өзі "шақыра" келген екен.

Оның шыққанын күні бұрын естіп, ауылдан ауаша үй тіккізіп қойған Есімхан, Шиянжаңды (әкімді)  "қауқалақтай" қарсы алыпты. Дереу бірнеше қой сойғызып, өз еліне "шақырып келтіре алмайтын  Шиянжаң тақсырдың өзі келгенде енді дәстүр бойынша түстік  беріп" күтпей жібермейтінін, сонан соң өзі еріп бірге кететінін айтып, асты-үстіне түсіпті. Сол бір түстік асын кешке жақын әрең беріпті де, түнде жолдың қауіптілігіне сендіріп, еріксіз қондырыпты.

Сыртқа күзетші қойып, мылтықтарын құшақтай отырған қонақтарына қонақ иесі әзіл тастапты сонан соң:

- "Япырмай, Шиянжаң тақсыр-ай, құтты мешін үйімде қонақ болып отырғанда бір-бір көсеулеріңізді қолдан тастамай, шошаңдатып отырсыздар-ау , бірге аттансам, осыларыңызбен мені  түртпектеп көсемексіздер ме,  қалай?!"

Бұл ұтқыр қалжыңды тілмашынан толық түсінген Шиянжаң ыржия күліп бірдеме деген екен. Әскерлер мылтықтарын керегеге  сүйеп-сүйеп қоя салыпты.

- Үй, менің қалжыңыма бола құралды бұлай шашып тастасаңыздар, біреуі жоғалып кетіп, мен жоғалып қалмайын, ұры-қары баршылық жер бұл!.. Және  мен намаз оқитын адаммын, жиып бір-ақ жерге қойыңыздаршы! - депті. Әскерлер мылтықтарын жиыстырып, өз командирінің іргесіне қойып жайласқан кезде Есімхан ұзын шапанын жамылып, дәрет шәугім алып сыртқа шығыпты. Шағын ғана қара сақалды, мұртты, зор денелі Есімхан, дәрет алу сылтауымен  қарулы күзетшінің алдынан жанап өте берген екен, шала тіл білетін ханзу әскер: "баты... ыр..р..!  Паруан!" деп арзан ғана жымия күлкісімен арқасынан қағып-қағып қалғанда, Есімхан шап беріп кеңірдектен ала түсіп, үнін шығартпай  көтере жөнеліпті. Іргедегі жартастан баспалап отырған бір топ жасақ дәл осы сәтте лап беріп, қонақ үйге кіріп келмесі бар ма. Мылтықтарын кезене қалғанын бір-ақ білген Шиянжаң да дайын отырған екен: ең алдында кірген бір жас жігітті жан құралымен атып қалғанда, өз кеудесіне де бесатардың бір оғы сап ете түсіп, сеспей қатыпты. Қалың шапанның шені ғана түрілген әлгі жігіт құралға қол соза берген командирді сұлатыпты. Қалғанын қымырлатпай басып, бір-бірден шығарып әкете беріпті сонан соң. Бірін қалдырмай  өлтіріп, таң бозара Алтайдың қиын түпкіріне елді көшіре жөнеліпті... Есімхан өз елімен сол таудан әлі түспеген екен. Үкімет осы жақында Алтайдың "игі жақсыларынан" неше рет елші салыпты: түсінбестіктен өтілген мәселе екенін, анығында  Есімхан үкірдайды құрылтайға уәкіл етіп, дәрежесін өсіру үшін шақырғанын, бұл мәселеге де Шыңдубан жанабының кешірім еткенін айтып, тіпті дубанның өз атынан жолдаған кешірім хатын да жіберіп, үгіт жүргізген екен. Бір адам қайтпай жатыр дейді.

Нұржан қайтуға ыңғайланған соң орындарынан бәрі тұрды да, есікке баяу беттеп барып кідірісті. Нұржан өз тұжырымын айқындай түсті:

- Ы... Ым, үлкен үкімет... Мынадай қамқорлық... Кешірім хат жариялап жатқанда... Сенбеудің өзі надандықтың белгісі ғой...

- Иә, жаңа үкімет өтірік кешірім жариялай ма! - деп қостады  Ақыш, - кешірім жарияламай-ақ әскери қоршау жарияласа, сол аз ғана топ не бітірмек!

Елсадық  басқашарақ түсінік айтты:

- Ол елдің надандығының ғана нәтижесі емес, оған көп заманнан теперіш, террорлық жайлап, дені сау, ниеті дұрыс бір үкімет көрмегендік те себеп болған шығар. Секемшіл болып, сенуден қалған халық қой! Мына жаңа үкіметтің кім екенін әбден көріп сенгенде қайтады. Үңгірден өздері-ақ шығар әлі.

"Үрімжіге шақырылған адам қайтпайды" дейтін сондай күмәнді сөз естілсе де, өз түсінігіме "білгір" ағалардың осы сөздері қосылып, "Шыңдубан" атамыздың данышпандығына сене түстім. Осы  әңгімеден соң екі-үш күн өткенде  клубта "Профессор Мамлюк" атты кинофильм қойылды. Ақша жақжұтттылығынан киноға баруды артық шығын санап жүрсем де "профессор" дегеніне қызығып барып едім. Өз күткенімнен де қызықты көрінді. Ең қатерлі операцияны меңгеріп жүргізетін, бірден-бірі таңдаулы дәрігер екен. Герман  фашистері басып алған Чехославакияның тұрмысын көрсететін Совет фильмі екенін айтты білетіндер. Профессордың герман фашизміне қарсы төңкерісші ұлының жауынгерлігі мені қатты қызықтырды. Киноны көріп отырып, мен сондай төңкерісші, әр қандай қатерден қорықпай, батыл қимыл жасай алатын, оқтан шімірікпейтін, өз халқы үшін өлуді ең қасиетті тіршілік деп есептейтін қайсар жігіт болғым келді. Әкесі атылып, уақиға трагедиямен аяқталса да, сондай болуға қызықтым.

Бірақ, "ондай болатын заман жоқ" сияқты маған. "Мұндай жақсы үкімет тұрғанда, ондай төңкерісші болып не істемекпін" дегендей, өрекпіген арманға жетуіме өкіметтің жақсылығы бөгет болатындай сезілді. "Қарсы күрессіз-ақ халық талабын бір-бірлеп орындап беріп жатқан Шыңдубан үкіметіне жамандық істеу дұрыс па, халық сүйе ме оны, "білгір" ағаларымыздың айтқанындай надандық, ақымақтық саналмай ма! Осы кинодағыдай бір қанішер үкімет  болса еді, бүкіл адамзат сүйенерлік мұндай қайратқа сонда мінуге болар еді ғой!" Мен сол кинодан осындай  балалық қызық әсермен шықтым. Осы  бір күлкілі сезім менің басыма сол күлкілі күйінде желімдей жабысып, жүзіммен бірге сарғайды да, шашыммен бірге ағарды, ұмытылар емес. Шың Сысай зұлымдығының "халықшылдықпен" бүркеліп жатқанын ол кезде қайдан білейін!

Сол жылдың күзіне таянғанда, Елсадық Үрімжіге шақырылды. "Қазақ, қырғыз, моңғол құрылтайы" ашылады деп, Дөрбілжіннен бірнеше адаммен бірге шақырылды. Кетерде-ақ сұры, әжімді жүзінің жайма шуақ, кең ойлы өз қалпын көрдік. Әйелі мен екі баласының тұрмыс жайын Ақыш бухгалтерге тапсырды да:

Базар қазір кең ғой, мен қайтқанша оншалық қинала қоймас! - деп тоқтап, Бексапа екеумізге де қолын ұсынды, - балалар, сендердің маған не міндет артатындықтарыңды түсінемін, баспа-оқу құралдары мүлде жоқ қой сендерде. Бұл мұқтаждықтарыңды сұрарлық орындарға артығымен-ақ  жеткізермін ! Ал менің сендерге тапсырарым біреу ғана!.. Жа...қ...сы оқыңдар! - Біз сол кісіден сондай үлкен үмітпен  қалдық.

Мектебің қайсы десе, әр күні көріп жүрген өзіміз де қарап тұрып қалатындай, асты-үсті жалтырап сырланған кемелді кең мектепке келіп түстік. Тар болмаса да бала жарысарлықтай ұзын залдың ең төріне көлденең салынған шағын ғана әдемі клубтың дәл алдындағы  сынып бізге тиді. Оқушы көбейіп, сабағымыз бұрынғыдан әлдеқайда қызулы басталды. Баспа-оқу құрал ала қайтар деген үмітпен әр күні  күтсек те, Елсадық қайтпады, жолына қараудан жалықпадық біз.

Үрімжідегі  "моңғол-қазақ" мектебі деп аталған мектепті бітіріп, және бірнеше жаңа мұғалім келді бізге, оқу программамыздың былтырғыдан өзгешелігі көбірек көрінді, "қызықты" пән сабақтары  недәуір көп сағатқа көтерілді. Бұларға қосылған жаңа пәндер де недәуір молайды. "Ханзуша" тіл де қосылып, күнара өтілетін болды. Тарих пен саясат сабақтары бірыңғай елімізді таныстыру ретінде жүргізілді.

Бұл күз әлеуметтік қимыл жөнінде де біраз өзгешелік ала  келді. "18 сентябрьді" қаралы күн ретінде, "10 октябрьді"[1] бостандық күні ретінде қарсы алатын болдық. Бұрын "ұлы 12 апрельден" басқа ескерткіш күндер бізге бейтаныстау болып келген. Бұл күндерге арнап арнаулы клуб сахнасында жаңа концерт  номерлері мен жапон  фашизмін масқаралайтын шағын пьесалар дайындадық. Жаңа оқушылар мен жаңа мұғалімдердің көбеюі мектебімізді әртістермен де недәуір толықтандырып жіберді.  Әртістік жағынан енді қыздар мектебіне де мұқтаждығымыз түспейтіндей өзіміз "сыпыра қыз" болып, "бойжетіп" қалыппыз. Қыр мектептерінен өз қалыбына құйғандай не қилы "жауыз бәйбішелері" мен "тозақы тоқалдар" да келіпті.  Бірақ, жаттығу алдында болатындай былтырғыдай құнарлы тың әңгімелер болмады биыл. Мен оны алғашқы Елсадықтың жоқтығынан көріп едім.

Артынан байқасам мұғалімдер сыршыл әңгімеден қорқатын сияқты. Сылдыр күлкіге ғана әуестенетін бола қалыпты. Үрімжіден оқып келген  алтайлық бір мұғалімнің сабақ беруге де, жаттығуға да келмей қалуы жайлы сөз болды бір күні.

- Кеше түстен кейін Алтайдан хат келген оған! - деп Дәулет мұғалім бір себеп айтты, - сол хатты оқи салып сұрлана қалып еді."Не бопты" деген сұрауыма жауап қайтармай жөнелген.

- Енді  білдім, құдай біледі соның байы өлді! - Дәулет ду күлген күлкішілерге тағы да өкірештей түсті, - е, күлетін не бар, байы өлген қатындарды мен көрмеді  дейсіңдер ме! Әкесі өлсе түсі оншалық бұзылмайтын!

Алтайлық мұғалімнің ағасы өлгенін естідік ертеңіне. Одан екі күн  өткенде Қобықсарыдан келген бір сабақтасымыз да үйінен хат тапсырып алып,  жылап қайтты. Оның Алтайдағы нағашы  атасы  өліпті.

- Бұл алтайлықтардан суық хабар неге келе береді? - деді Бексапа маған сыбырлап, - жазда естілген Есімхан көтерілісі қырғынға ұшырамады ма екен?

Маған да сол күдік келе қалды.

- Кешірім етіп шақырғанға келмеген соң әскер шығып қырып тастамады ма екен?! - деген тұспал айтты.

Сөйтіп, бұл өлімдер жайлы екеуміз екеулеп сұрастыра бердік. Сырластың сырласын қуа берсең сырдың түбіндегі естілмей ме!.. Тұспалымыздың түп негізі болмаса да түтіні дұрыс болып шықты. Нағашысы өлген әлгі сабақтасымыз Есімхан көтерілісі жайлы біздің білетінімізді естіген соң түгел айтып берді.

Қан төгіп қатерлі тауға шығып алған Есімхан үкірдайға Сарысүмбеден өзінің сенетін "жұрт беделділерінен" бір топ адам жіберілген екен. Олар: ұғыспастықтан болған қантөгісті үкіметтің мүлде кешіргенін, халықты аздырып-тоздыратын қырғыннан сақтап, енді тыныштандырса халық үшін де, үкімет үшін де зор қызмет болып сыйланатынын, Есімханның өз ықтияры болмаса ешқайда шақырылмайтынын, бедел-абыройы қорғалып өсірілетінін құран ұстап отырып айтыпты. Есімхан да, оның ақылшы мықтылары да Алла атымен айтылған бұл антқа сеніп, елді қайта көшіріпті. Бұл сенімге Сүлеймен батыр атанған бір қарт пен Есімханның шабарманы  Оспан дейтін мерген ғана сенбей, жартасқа тығылып қалыпты да, басқа ел түгел етекке түскен екен. Есімханмен бірнеше білікті кісілерді аймақтық үкімет "сыйлау" атымен дереу  Сарысүмбеге шақырып әкетіпті де, халықты әскер қоршап, құралдарын сыпырып алыпты. "Сыйлауға" шақырылғандарға ертеңінде-ақ үкім жарияланыпты.

Біздің мұғалімнің ағасы мен сабақтастың нағашысы сол  Есімхандармен бірге атылған болып шықты. Алданғандықтарына  қатты өкінген сол елдің азаматтары тауда қалған Сүлеймен мен Оспанды іздеп қайта кетіп, қайта ұйымдасып жатыр екен.

-  Енді одан да үлкен ақымақтық іздеп  кетіп  жатқаны ғой! - деді Бексапа маған былай  шыға бере, - бір үкірдайдың ғана елі үкіметке қарсы көтеріліп, не таппақ екен, ендігі іздегені жаппай қырылу ғой.

Мен Есімханның алдауы мен үкіметтің алдауын сайма-сай, тепе-тең деп түсінгенімді  айттым:

- "Сыйға-сый - сыраға бал!" дегендей үкім екен, өздері қой  сойып, сыйлап отырып қырған-ды, сыйлаймын деп шақырып алып қыру әділдік емес пе?! Біздің мына Ли Шиянжаңды осы аудандағы бір үкірдай өлтірсе, оған үкімет тұрмақ  өзіміз де өштесер едік.

Бұл уақиғаны естігенде, қазақтығына іштей ашынғаныммен,  "бұзықтығына қарай қолданған жазаны әділдік" деп есептедім. Бексапа бағдарлай қарап сұрау қойды маған:

- Егер Есімхандар сақшының бастығын өлтірсе қайтер едің?

- Онда мейлі, бар сақшысын бірге қырса да, Дөрбілжін оған қайғырмас. Халық оны көргенде кірпідей жиырылып жүрмей ме!

- Ендеше, Көктоғайдың Шиянжаңы да осы сақшы бастығы тәрізді адам болса керек. Жиырма әскер ертіп, шақыруға өзі барғанын көрмеймісің! Егер Есімхан оны алдап соқпаса, алдап әкеткелі барған ғой. Үрімжіге рас жиынға шақырылса, көп әскер ертіп барып шақырушы ма еді!

Бексапаның бұл пікірі менің ойыма қона кетсе де, Шиянжаңдар мен сақшы бастықтарына бір көзбен қарағым келмеп еді. Бірақ, қарсы айтар дауым болмай қалды да, оны басқа сұраумен шалып көрдім.

- Осы біздің ауданға Шиянжаңдар, сақшы бастықтары қайдан келеді?

Бексапа аңыра қарады маған:

- Екеуі де - Шыңдубанның тағайындауымен келмей ме!

- Олай болса, бізге келген Шиянжаңдар халықтың қамын жұтқандай қайғыра келсе, сақшы бастықтары мылтықтың қара дәрісін жұтқандай қап-қара сұры болып, зәрлене келетіні несі?

Бексапа күле ойланды.

- Екеуінің міндеті екі түрлі емес пе, мылтықты әскердің күлгенін көрмеппін. Әр адамның оң иығында отырып, ыңғай жақсылықты жазатын "Караман-Кативан" мен сол жақ иықта отырып, ыңғай күнәні жазатын "Малайкаты басшұрды" Нәбиолла молда оқытпап па еді. Әр адамның екі иығына қондыратын екі түрлі періште сияқты. Бұл екеуінің міндеті де екі түрлі болса керек.

- Жамандықты-қылмысты істерді Шиянжаң да тексереді. Ал, сақшы кейде жақсы істерді істеп қойып жүрмей ме, мысалы: апиын, наша тартқандарды, құмар ойнап, ұрлық қылғандарды ұстайды ғой. Бірақ, олардың көбінесе, бұзық, зорекер жақты қолдап, ыңғай байлар мен қанішерлер жақта тұратындықтарын көреміз ғой!.. Халық олардан сол үшін жиреніп жүрмей ме... Мысалы: менің әлгі бір Дәмеш дейтін әпкемді нақақ қамалғандығын біліп, Керім Шиянжаң түрмеден босатса да, сақшы бастығы көнбей және бір жыл өзі қамап және бір жылды кепілінің кепіліне қаматты. Ақыры кемпірлер барып тартып алып шықпаса, сол Дәмеш әлі жататын еді. Меніңше Шиянжаңдар мен сақшы бастықтары бір-біріне мүлде ұқсамайды, мінез, түр пішіндері де екі түрлі, заңдары да екі түрлі сияқты. Біздің Нұрасыл дейтін ағамыз "екі басты үкімет" деп еді. Қазір мен сол сөзді көбірек ойлайтын  болдым. Шыңдубан атамыз сол екеуінің көсемі болса, бұлар неге екі түрлі болады?

- Мұны басқа біреуге сөйлемейік! Былтырғыдай емес, биыл мұғалімдер де сөйлеспейтін болғанын сездің бе... Бәрі де сақшыдан қорқатын болып қалды.

- Өзім де сенен басқаға айтып тұрғаным жоқ, әлгі періштелерді мысал еткен сөзіңе қарай сөйлегенім... Ал Шиянжаңды неге өлтірді екен Есімхан?

- Шиянжаң  әскер ертіп,  айдап әкетуге келгенін білген  ғой.

- Біздің Шиянжаңға олардың Шиянжаңы ұқсамағаны ма? Біздің Шиянжаңдардың өзі ұсталып жатса, олардың Шиянжаңы басқаларды ұстағалы жүр ме?

- Мен де түсінбедім соны,- деп күлімсіреді Бексапа, - бірақ, Алтайдың халқы өте тентек дейді.

Менің есіме де жаздағы Нұржан мен Айтбектің сөзі қайта орала кетті. Әсіресе Елсадықтың пікірі бұл мәселеге толық жауап болып  қона қалды.

1940 жылдың басталар шенінде Бексапа тағы бір сыр жеткізді маған!

- "Пәндихуй" атты бір ұйым бар екен, Дөрбілжінде де  құрылыпты. Бұл жердегі бастығы Ли  Шиянжаң  көрінеді, оған мүше болса өте жақсы дейді. Айырым жиналыс ашып, көп адам ұқпайтын мәселелерді Ли Шиянжаңның өзі сөйлеп ұқтырып тұрады екен. Менің ағам соған мүше болыпты.

-   Біз де кірмейміз бе?.. Оқушылар  қатынасуға бола ма екен?

- Біздің жасымыз толмайды ғой, ол ұйымға мүшені талғап тартады, шарты қиын дейді. Аға "ол ұйым кейінірек коммунистік партия деп аталатын шығар, олай болса, мүшелері коммунистер деп аталатын болады" - дейді.

- Мейлі қалай аталса да, сол ұйымға кіруді сұранып, шартын ұғып алайық!

- Егер коммунистік партия болса, оның ең қиын бір шарты "құдайды жоқ" деп діннен безуі дейді. Бірақ, қазірше ол шартқа қатты қарамай тұр екен.

- Онда біз мүше бола алмайды екенбіз, - деп күрсіндім мен, - оған құдайдан безгендер кірсін!.. Оған мүше боламыз деп шоқынсақ, әке-шешеміз не дер, ел не дер!

- Жоқ, кейін шоқынатындарды да қабылдамайды дейді. Шоқынғандар да өздерінің құдайларына шоқынбай ма, құдай атаулыны мүлде жоқ деп түсінуі керек!

- Онда, олай болса... кәпірге де, мұсылманға да бірдей шарт қойса, ол жағы әділдік екен!.. Бірақ құдай жоқ деп қалай шыдарсың! «Үй,дөрт аяқ!» деп қазірше нажағай тастап жібере қоймаса да, ол дүниеде оңдырмас, шыңғыртып отырып сымыңа жіберткізер!

Бұл сөзге Бексапа екеуміз де күліп жүре бердік. Бұл туралы сөзді де доғардық.

Жаңа жылды қарсы алу жиыны өтісімен клубта Ли Шиянжаңның лекциясы тағы басталады. Тіп-тік, ұзын бойлы, сопақ басты, сүйекті кісі бұрынғыдан да арық, бұрынғыдан да жүдеу көрінді. Келген кездегі қоңырша жүзі тіпті сұрлана түсіпті. "Бұл да Елсадық тәрізді шыр бітпейтін адам екен" дестік. Мансаптылардың кейбірінің майы өзінің мансабымен бірге өседі ғой. Бұл кісілер қызметі өскен сайын қуырыла беретін сияқты. Ал, қушиған сайын құрметі асып барады өздерінің. Бұл оларға құдайдың май орнына берген сыйындай көрінді. Тегі менің өз шешем сияқты, шын қамқордың сырт белгісі осылай болар ма? Ол бұл жолы лекциясына да Маркс пен Дарвин көбірек араласқанымен, былтырғыға қарағанда онысы біршама түсініктірек болды. Сөз адамның пайда болуынан басталып, біз білетін "Адам ата, Хауа ана" жайына қалды да, маймыл тұқымдас бір жануардан таралғанымыз жөнінде дәлелдер дамып, көбейіп отырды. Ешқайсысын бетке қаға  алмайтындаймыз. Құдайдың бар-жоқтығы туралы бірдеңе ұғайық деп тесірейгенімізбен, ол жөнінде ләм демеді. Қайыспас дәлелге толы бұл қасиетті сөзге "Қасиетті құдайды" біз де араластырмай аңдадық. "Иә, құдай тағала адамды жаратқанымен, адамзат тарихына, әділеттік пен арамзалыққа, жауыздық пен жазықсыздыққа... Тіпті, ешқайсысына қатыспаған-шатыспаған сияқты ғой, бәсе!" деп қана түсінгендей болдық. Кейінгі лекциядағы тарих тақырыбындағы түсініктер де біздің сол қисынымыз расталған сияқты болып отырды. Әр дәуірдегі сойқан сол дәуірдің өз қожаларынан таралып отырған. "Құдайды қорғау әділдік болмайтын сияқты". Анау жылдағы Бағалдайдың егіндігінде ойлағаным дұрыс түсініктей болып сезілді өзіме.

Осы курс аяқтала бере, Ли Шиянжаң да Үрімжіге шақырылып кетіп, сынау алынбай қалды. Кешікпей орнына келген басқа бір "Жаң" фамилиялы Шиянжаңды қарсы алдық. Кептердің айғырынша басын төмен сала шұлғып, гуілдеп сөйлеген сөзінен: "Ұлы көсеміміз Шыңдубан, Жаң жуши жасасын!" деген ұраннан басқа түйір таба алмадық та, қарнымыз ашып шықты бұл кісіден. Уақыт өте келе Ли Шиянжаңнан басқа тұрғыдағы адам екендігі байқалады, оқушыларды былай қойып, клубта халыққа көрінуді қаламайтын Шиянжаң болып шықты.

Сабақтастар арасын сумаң қағып, суық хабарлар кезді: Ли Шиянжаң тұп-тура Үрімжінің түрмесіне барып түсіпті. Былтырғы "қазақ", "қырғыз", "моңғол құрылтайына" кеткендерден де бірсыпырасы қолға алыныпты. Елсадықтың ағасының мектептегі немерелерінен естуімізше, одан "екі ай бұрын солғын ғана амандық жазылған хат келген екен: "Құрылтай аяқталысымен халық қолындағы мылтықтар түгел жиылады. Осы науқан орындалып болған соң қайтасыңдар" деп уәкілдерді түгел тоқтатып қойды. Ағайын-туыстардың барлығына сәлем, шиті мылтық шықса да кесір болады. Ондайларың болса, сақшы орнына күні бұрын тапсырып беріңдер!" деп жазыпты. Ал, мына суық сөз шыққалы Елсадықтан хат келгенді қойып, ешкім атын атамайтын да бола қалды.

Ішін тарта күрсініп, ішегін тарта күлетінді шығарған жұрты "ұлы көсеміміз Шыңдубан Жаң жуйши жасасын!" деген ұранға келгенде шошынғандай қатты шыңғырып жүр еді. Жиі де ұзақ созыла көтерілетін болды. Бұл ұран, "көсем", "данышпан" атаулары аспанды жаңғыртып әкетті.

Көсемнің беделі "көкке өрлеуіне" қарап, биылғы он екінші апрелді де көкке көтере қарсы алуға дайындалып едік. Ернімізді кезертіп, санымызды көгертіп жүріп істеген дайындығымыз зая болды биыл.

Алаңға ұрандатып, жалаулата тізіліп жетіп барсақ, қып-қызыл болып жасалған мереке сахнасының маңдайшасындағы екі ту төмен салбырай қалыпты. Бір үлкен азаның нысаны еді бұл.

- Биыл мереке салты өткізілмейтін болды, - дейді үкіметтің бір адамы сол сүлкиген сахнаға шыға келіп. Жаңа ғана жылап шыққандай қабағын қарс жауып алыпты өзі, - көсем азалы, інісі Шың  Сиши жанабы қаза тауыпты. Бүкіл Шынжаң бойынша бұл жолы мереке шектелді!

Осыны айтты да, қағазға көшіріп әкелген бірнеше ұранды айқайлатып-айқайлатып, мерекешілерді тарата салды. Бәрі сол "азалы", "ұлы көсемге арналған жасасындар" екен! "Інісі неден өліпті?" деген күбірлі сұрауларға ол жерде жауап шықпаған еді. Жұрт тарасымен, оның жасанды хабары да өре жөнелді: "алдыңғы күнгі бір түстік демалыста жан құралын кереует алдындағы стөлге қоя салған екен. Кішкене баласы сонымен ойнап тұрып басып қалыпты". Осы хабарға қанағаттанып жүргенімізде, қарнымызды тіпті қатты ашыратын қатал шындық хабардың нақтылы өзі жетті. Бексапа екеумізді дағдартқан кей сұраулардың да жауабын ала жетті.

Шың Сысай Шынжаңға келіп, таққа шығардағы келісім бойынша Жуңғо коммунистік партиясынан келіп, мұндағы үкімет құрамында істеп жүрген бірсыпыра коммунистер бар еді. Оларға үкімет жағынан зиянкестік төне бастағалы алға басар кіші Шың ағасына наразылық рай байқатып жүр екен. Сол інісін оңаша үйінде "көсеміміздің" өзі атыпты. "Осы реткі апрель мерекесі - тақыт үшін қатер" дейтін күдік сыбыстар арты қуыс "данышпанның"  мықтап тігілген құлағын ыңғырудай түршіктірген екен. Алдыңғы қатер осы болар деп інісін атып салыпты да, аза киімін киіп ала қойыпты. Жариялау қисыны кішкене баланы тауыпты.

Кабинетінен шықпай жатып алса да, "сол көсемге" арналған "жасасын" бұрынғыдан өршелене жауды. Шынжаң қалаларының бос дуалы қалмай ұрандатып-ұларлатып, қып-қызыл ала болып боялып жатты.

"Тергеушім",  "қарғайын десем - жалғызым, қарғамайын десем - жалмауызым" депті, бұл - жалғыз ұлының қылығына құсаланған бір кейуананың сөзі болса керек. Мен де осы Шыңдубанымыздың түсіне қарап "жалғызым" көрініп жүр, кейінгі мына ісіне қарап, "жалмауызым" осы ма екен деп ойлап едім. "Жасасынымыз" жер көкті жаңғырықтыра барады.

Мұндай құбылыс ертегі-аңыздарда көп кездеседі ғой. Жолбарыстың жауыздығын әшкерлеген сайын түлкілердің "жөке-жөкесі" көбейе түсетіні сияқты, зорекер қарақшы алдында "ағатай, ағатай" да көп естілмей ме?!

Шың Сысайдың террорлығы күшейгенде, оның атына "данышпан көсем" жамалып, бара-бара "жасасын" дейтініміз күндіз-түні нөсерлетті. Өйткені оның кесі аулайтын қара машинасы күндіз-түні жортатын болған.

Қорықпайтын адамға қай-қашан "ағатай" да,  "жасасын" да шегінен артық айтылмайды. Ұлыққа былай жалбарыну, қарапайым, "надан" адамзат, әсіресе қытай халқы көп-көп өткізген қылмыс.

Ағатай, мен де сол әлсіз күнәһарлардың бірімін.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



[1] 18-қыркүйек -1931-жыл Жапонияның шығыс-терістік төрт өлкеге шабуыл жасаған күні.

10 - қазан - Шин империясы аударылып, Жұңхуа Минго құрылған күн.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2061
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4923
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4124