Серік Ақсұңқарұлы. ХХ ғасырдың жиырма сәті (Басы)
Поэма-панорама
АВТОРДАН
Бұл жырдың алғашқы нұсқасы 1978-ші жылдың қоңыр күзінде Қарқаралыда, Жиренсақал тауының етегінде қағазға түскен. Қолыма қалам алғалы жаныма маза бермеген жыр еді. Өлеңнің отымен лапылдап, өртеніп кеткелі жүрген кезіміз, ет қызуымен алғаш рет Ахаңа (Ақселеу Сейдімбек ол кезде республикалық басты газет «Социалистік Қазақстан»-ның әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі) көрсетіп едім: «Серік-ау, біз поэма түгілі, өлеңнің өзін қатал тезден өткізіп, әрең жариялаймыз ғой... Тастап кет»-деген.
Тастап кеттім...
Содан бұл туынды 1983-ші жылы «СҚ»-ның төртінші бетін түгел алып, «Құрлықтар» деген тақыраппен жалғанның жарығына шықты. Аталмыш қолжазба сол бес жылдың ішінде қандай өткелектен өтті, оған аузы дуалы қай көкеміз қандай лебіз айтты немесе нендей қатал үкім шығарды-мұны бір Ахаң білмесе, басқа ешкім білмейді...
Басы дауда қалған қолжазба Қазақстан Жазушылар Одағының поэзия секциясында қызу пікір туғызып, сол кездегі цензура мен редакторлардың сүзгісінен әрең өтіп, 1984-ші жылы «Жалын» баспасынан әзер дегенде жарық көріп еді. Әдеби орта, жыр сүйер қауым қуана қабылдап, Ғафу Қайырбеков бастаған, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Күләш Ахметова, Ұлықбек Есдәулетов хоштаған жылы лебіздер айтылды.
Поэма-панорама
АВТОРДАН
Бұл жырдың алғашқы нұсқасы 1978-ші жылдың қоңыр күзінде Қарқаралыда, Жиренсақал тауының етегінде қағазға түскен. Қолыма қалам алғалы жаныма маза бермеген жыр еді. Өлеңнің отымен лапылдап, өртеніп кеткелі жүрген кезіміз, ет қызуымен алғаш рет Ахаңа (Ақселеу Сейдімбек ол кезде республикалық басты газет «Социалистік Қазақстан»-ның әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі) көрсетіп едім: «Серік-ау, біз поэма түгілі, өлеңнің өзін қатал тезден өткізіп, әрең жариялаймыз ғой... Тастап кет»-деген.
Тастап кеттім...
Содан бұл туынды 1983-ші жылы «СҚ»-ның төртінші бетін түгел алып, «Құрлықтар» деген тақыраппен жалғанның жарығына шықты. Аталмыш қолжазба сол бес жылдың ішінде қандай өткелектен өтті, оған аузы дуалы қай көкеміз қандай лебіз айтты немесе нендей қатал үкім шығарды-мұны бір Ахаң білмесе, басқа ешкім білмейді...
Басы дауда қалған қолжазба Қазақстан Жазушылар Одағының поэзия секциясында қызу пікір туғызып, сол кездегі цензура мен редакторлардың сүзгісінен әрең өтіп, 1984-ші жылы «Жалын» баспасынан әзер дегенде жарық көріп еді. Әдеби орта, жыр сүйер қауым қуана қабылдап, Ғафу Қайырбеков бастаған, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Күләш Ахметова, Ұлықбек Есдәулетов хоштаған жылы лебіздер айтылды.
Содан бері аттай 28 жыл өтіпті. Қоғамдық-экономикалық-саяси формациялар ауысты. Бодан жұрт азат елге айналды. Алланың алқап, әруақтың жебеуімен менің маңдайыма ХХ-шы ғасырға ХХІ-ші ғасырдың көзімен қараудың қаракеті жазылған екен-Тәңіріге тәуба деп жүрмін. Сол жырдың өзімше кемеліне келді-ау деген соны Һәм соңғы нұсқасын алдарыңызға тартып отырмын.
Қазақ жырының қызғыш құсы Ақселеу Сейдімбекке арнадым бұл еңбегімді. Отыз жыл бойы осы жырдың азабын мен қалай тартсам, Ақселеу ағам да менен кем тартқан жоқ-ау деп ойлаймын.
МЕН - ҺАС САҚТЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІ
(Пролог)
Мен -
Һас Сақтың қара өлеңі,
Қанды сүргінде жүрсем де,
Қалған кезім жоқ жақ ашпай,
Арғымақ - Пегасқа мінсем де,
Арттағы жұрттан адаспай!
Жалғанда, жалған, жалғанға,
Сүйіне кіл жаным, күйіне бір;
Ат үстінде әуелетіп әнге салғанда,
Тілі байланып, жаяу сандалған Дүние -
Бұл!
Абдырап бір кез қалдым ба,
Аузыма ұстап Алладан түскен ой легін?
Алдияр біткеннің алдында
Айдаһардай айбарланып сөйледім!
Жаһанның етегін жұлқына түріп,
Көкжиекте көшем кеп.
Қара аспанның қара бұлтына кіріп,
Сауладым қара нөсер боп!
Арқадан Аспанға жүгіріп,
Қанатты бұлтқа сүйгіздім.
Хафиздің жұпарын сіміріп,
Пушкинді тарыдай қауызыма сыйғыздым!
Кәуірге көрсетіп мысымды,
Ақ бұлттан түсіп, малдас құрғанда қас-қағым;
Ол арағын ұсынды.
Ішіп,--
Құсып тастадым!
Қара бұлтты жарып, қара шаңырағыма кеп түстім,
Жасынмен жанып даланы.
Көк Тәңірді бетке ап, Көкке ұштым!
...Артымда, бірақ, Алашым қалып барады...
1. МИДАҒЫ СЫНАҚ
Ақ патша тақтан құлады,
Алашқа келіп Азаттық -
Мағжандарымды сынады -
«Халық жауы» деп - мазақ қып!
Таптарға, топқа бөлшектеп,
Ананы сүй деп, - мынаны -
Капитализмді көрсетпей,
Социализмін-сынады.
Мұнымен сынақ біткен жоқ,
Сынады қоймай түгімді:
Елтайлар шығып иттей боп,
Еліне қарсы жүгірді!
Ағаңмын десе,--досың да, -
Қазақтың бар ма күмәні.
Ермакты сынап осында
Колбинін қоса сынады.
Зұлмат дүние түнеріп,
Біз жаққа қарап тұрады.
Күшігін көкке жіберіп,
Жердің серігін сынады.
Замана тығырыққа тіреліп,
Сахара іштен тынады.
Миына Әзәзіл жіберіп,
Мұқағалидың басын сынады.
Сақылдап жер-көк сайтандай,
Солқылдап соғып сом жүрек,--
Қазақтың миы шайқалмай,
Ғаламат ойға шомды кеп:
«Сынадың. Ал не болды?!» - деп.
2. Алтынның арбау жыры
Алтын айтты: «Сатып алам...»
Болат айтты: «Тартып алам!».
(А. Пушкин)
- Үстінен аттап ұяттың, ақыл, арлардың,
Адамның өзін азғырып сатып алғанмын!
Адам - кім?
Мен - кім?!
Білсең - айт, неде күш, пенде?
Қайтадан сатып жіберем -
Ерегіскенде!
Жүр екенсің-ау, кәріме жолықпай, мүлдем,
Пушкаңыз түгіл -
Пушкиннен қорықпаймын мен!
Тістенбе босқа ерінді қыршып:
Еліңді быт-шыт еткен - Мен!
Жеріңді - быт-шыт...
Қорықпаймын мен жыланның ордаларынан,
Сутегі,
Атом,
Нейтрон бомбаларынан!
Мені еске ал, пендем, шықса олар ойнақшып алдан:
Бәрін де соның өзіммін -
Ойлап шығарған!
Патшалар - менің бөбегім.
Желкелеріңе
Мініп алса да тиме сол еркелеріме!
Жендетке тисең -
Тиеді ызғарлы лебім:
Ойнастан туған ұлым ол, қыздарым менің!
Солдаттар Менің құлдарым ер үстіндегі.
Соғыс тәңірі өзіммін Жер үстіндегі!
Өледі олар - Мен үшін! -
Назалы немем,
Сен үшін - Ақын, жетеді -
Азалы өлең...
Солдат тәндері жүзімді бүркемелейді.
Өлген құлдарға өмірі құн төленбейді!!!
Сұлулар - менің қатыным!
Өсек пе, қалай?
Жүзік боп барсам жүргізем төсекке қарай...
Баһадүрден де қаймықпас байқа түрімді ,
Жерге де батыл айтамын -
Айтатынымды:
«Қара жер! -
Деймін -
О, менің қайран сарайым!
Дәуренім барда басымда - сайран салайын!»
Сұлуың Джоконда ма?!
Қайтып көрейін?!
Оның да құнын шотқа сап айтып берейін!
Мен -
Алтынмын!!!
3. ЯМАН ТАЙПАСЫНЫҢ СОҢҒЫ ТҮЯҒЫ. ИНТЕРВЬЮ
- Алмас қылыштан аумай қалыпсың тот басқан...
Найзағай сынды көздерің қайда от шашқан,
Сөздерің қайда дуалы,
Яманның Соңғы Тұяғы!
- Жансыз!
Түріме қарамайсың ба?
Жүрегімде -ұрпақ наласы.
Өлерде... тағы! табалайсың ба,
Цивилизацияның баласы?!
- Ғафу ет...
Ұрпақ саралайды кеп,
Сұм ниеттерді желіккен.
Адамзат мені табалайды деп,
Қаралайды деп...
Ойлайсың осы неліктен?
- Жүрегіме өшпес қара таңба салып...
Қанымды төккен Сайтанға:
«Адамзат мені алақанға салып -
Аймалады!» -
Деп айтам ба?!
- Жем боп барамыз үшқары ұғымға,
Мен - Сізді, мені - Сіз үқпай,
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда
Өттіңіз түкке қызықпай?
- Жерді қан-жынға кім араластырды!
Тұрған ерініңді жалақ қып -
Сары Алтыныңды - Сары Албастыңды
Кетермін мәңгі талақ қып!
Көзіңді аш!
Қара -молаларыңа!
Қара бұлт торлады алапты!
Нейтрон дейтін Зобалаңыңа
Айырбастамаймын Садақты!
Аспанды сенше құша алмадым мен...
Жалайды беріш ділімді:
Сүйемін Ұлы! Ұшан Далам мен
Көгілдір Кеңістігімді!
Сол кеңістікте қала бермекпін,
Бір Рух жебеп денені.
Далада - тудым.
Далада - ер жеттім.
Далада өлгім келеді!
Өле-өлгенімше бас иетін мекен
Көзімнен үшып бара ма?!
Далада туғаным - қасыретім екен:
Өлетін шығармын -қалада?!
- Ашулысың ғой?!
- Қабаған итше шабынсам кешір, сен бала:
Тарихи-Тағдыр талаған итше!
Тайпадан қалған - Мен ғана!
Ғасырым біткенде қасыма келгенсің,
Күн нұры, гүл де маған - жат.
Менің күнімді басыңа бермесін...
Басыңа бермесін, Адамзат!
- Түсінем:
Ұрпақ сыр тартар арып,
Қырғыннан осы, досым-ай;
Бір адам емес-ау, бір тайпа халық!
Кете ме құрып-осылай?!
- Сөзіңнің тұрмын төркінін танып,
Ұмытып ұждан, Құдайды,
(Адамзат - қызық!):
Өлтіріп алып -
«Өлтірген - кім?!» -
Деп сұрайды!
4. Ақтоқты - 37
Фатима Ғабитованың аруағына бағыштадым.
М.О.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры
Сахнада - Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясы.
Ақтоқты Ақанға жалынып тұр:
- Әрі ақындық, әрі бақыт
Сыймас болса бір жерге -
Заманыңның салты сол да
Көнейін де бәріне...
Бұл Ақтоқтының өзін-өзі өлімге қияр сәттегі ақтық монологы. Спектаклъ тұңғыш рет 1942 жылы 10-наурызда қойылды. Бұл кезде сталиндік репрессияның құрбаны болған арыстарымыздың жесірлері ГУЛАГ-та жүрген еді...
Олар премъераны көре алған жоқ.
Кейін Фатима шешеміз Ақтоқтының осы монологтарын естігенде қандай күйде болды екен деген ой мазалайды мені...
Есе алды да ессіздік пен есірік,
Көз жасы ақты - көктің түбі тесіліп.
Ақтоқтылар АЛЖИР дейтін Түнекте
Шырылдады бұрымдары кесіліп!
Керуен бастап кердендеген кесірмен -
Жендет біткен келеді ойнап жесірмен:
АЛЖИР дейтін Алапаттың ішінде -
Ақтоқтылар - бұрымдары кесілген!
Көз алдымда тікірейген тұлымы,
Құлағымда шыр-шыр еткен тұр үні.
...1956.
Келе жатыр кімді іздеп -
Ақтоқтылар - түсіп қалған бұрымы?!!
Ақандар жоқ.
Алаш та - жоқ!
Туыс та...
Кімдер оны қарсы алады гүл ұстап?
Алда - тұман.
Артта - жендет қалды ғой,
Арулардың бұрымдарын уыстап!
Тозаң басқан том-том істі ақтарып,
Мен де қалдым шежіре боп қатталып.
...Бұрымдарын тастап Сұмның қолына,
Ақтоқтылар бара жатыр -
Аттанып!
Хош, Арулар!
Мен де кетем жақында,
Мәңгі ғұмыр жазылмаған ақынға:
Адамзатқа айтып кеттім,
Кесілген--
Арулардың бұрымдары хақында...
Ақтоқтылар!
Қос қолымды ал -
Қош болыңдар!!!
5. Түн жыры
(Палестина: араб аңызы)
Түн еді.
Кеткен Күн сүңгіп...
Түн еді - марғау, еріншек.
Сезінді кенет бір сұмдық
Ұйқылы-ояу келіншек!
Түсі ме:
Оның... жоқ үні,
Қолы жоқ қара шашында -
Жарының жылы орыны
Суынып қапты қасында.
Сипалап көрді қарманып,
Жүрегін шымшып сан күдік:
Түн ортасында сандалып,
Қай жаққа кеткен қаңғырып?
Тұрды атып!
Ес жоқ әйелде!
Көз алды - түнек... көрінбей..
Сезімтал бар ма әлемде
Әйелдің жүректеріндей?!
Жарқылдап оты жанардың
Жүгірді, тәні - діріл-ді.
Жердегі жатқан Адамның
Бас сүйегіне сүрінді!
Түн - қара, түсі - көмір-ді,
Жасырған күнә, айыбын.
Бұған бір пәле көрінді,
Ояту керек қайынын!
Таң қалып әйел,сандалып,
Мың күдік мида көшеді.
Жүгірді сорлы қарманып -
Оның да бос тұр төсегі!
Зауалдың ойран шағы - бұл,
Жүгірді, тәні - діріл-ді.
Жердегі жатқан тағы бір
Бас сүйегіне сүрінді!
Құдайдан күтті қайырым,
Аруақтарын ауызға ап:
Күйеуі менен қайынын
Кетіпті біреу бауыздап!
Түн жұтып шыдам-тағатын
Жүрді естен танып сол кезбе.
Қара түн әлі қанатын
Жимаған еді ол кезде.
Қарманып жүріп бос тамды,
Көңілден көшіп ұйқы абат,
Басы жоқ жетім қос тәнді
Ақыры тапты-ау сипалап...
Ол - ессіз!
Бейбақ ол бүгін,
Тұтқыны азап - түрменің.
Есінен танған сорлының
Қараңыз не істеп жүргенін:
Әйелде дегбір қалмады,
Қайғысын шерлі қосты әнге.
Қос басты әкеп жалғады,
Жердегі жетім қос тәнге.
Жүрегі тулап аһ ұрып,
Үмітті жаны малдана,
Жалғыздан-жалғыз отырып,
Жалынды зарлап Аллаға.
Зымиян, тілсіз қара түн,
Әкелмек оған тағы не?..
Қара түн тылсым қанатын,
Жимаған еді әлі де.
Аллаға айтқан арыз ғып;
Азаның бар ма төлемі?
Айтатын Атам аңыз ғып,
Мінеки, соның өлеңі:
«Өмір бер, Тәңірі, еркіңмен
Тіршілік қозғап қанына -
Күнәһар жандар өлтірген,
Күнәсіз боздақтарыма!» -
Басқа ылаж сонда қалмаған -
Жалынды!
Үні зарлы еді.
Әйелдің тілін алмаған,
Әлемде пенде бар ма еді?!
Жалынып жайса жүрегін,
Қанышер келіп қандаған,--
Тәңірі оның тілегін
Тәрк етіп тастай салмаған:
Болмапты әуре бос боздап,
Белгісіз - нендей себептен -
Ұйықтаған жандай қос боздақ
Оянып кетті кенеттен!
Тауысып шыдам-тағатын,
Бөлмеге аппақ нұр жағып,--
Қара түн жиып қанатын,
Таң кіріп келді ұрланып:
Шыңғырды әйел!
Жан үні
Естілді тіпті әріден:
Жарының басын таныды -
Қайнының қыршын тәнінен!
О, зауал!
Ұқпас мәнін де:
Көзінен аққан жасы құр -
Жарының жарқын тәнінде
Қайын баланың басы тұр!
Осы да, ойбай - тірі ме?
Зауал түн!
Сайтан!
Сайқал-ай!
Бірінің басын біріне
Кигізіп қойған байқамай!
Орны ауысып жер-көктің,
Талады күдік арын кеп:
Осынау екі еркектің
Қайсысын құшпақ «Жарым!» деп?
...Жер-анам!
Келем еңбектеп,
Қойныңды ашшы, шошымай.
Сені де талай жендет кеп
Кескілеп кетті -
Осылай!
Бөлінген адам құлдыққа,
Бөленген үлде-бүлдеге,
Бөлінген үйге,
Құрлыққа,
Бөлінген түрге,
Түрмеге!
Тағылық неткен көп еді!
Бас та көп,
Бастан қылыш көп.
«Батыс!» - деп біреу бөледі,
Бөледі біреу: «Шығыс!» деп.
Сыймайды жұрттың бастары
Өш олар, неге кекті олар?!
Быт-шыт қып бөліп тастады
Геттолар менен секталар!
Үмбетің едім мен Сенің,
Сүтіңе ернім шөлдейді.
«Жер-Анам жалғыз!» - деуші едім,
Ел маған бірақ көнбейді.
Секталар шулап қырғынмен,
Геттолар жатыр атысып.
Сол әйел құсап тұрмын мен,
Есімнен танып,
Шатысып...
6. «Қызыларай» колхозы. 40 әйел... 4 еркек
1944-тің күзі еді.
Муза елі болатұғын -
Мұз елі...
Соғыс келіп айналдырған тоз-тозға,
«Қызыларай» дейтін біздің колхозда
Той боп жатты.
( Әлде менің түсім бе?):
40 әйел...
4 еркек бар ішінде.
Той боп жатты.
Жалған сөздей бейне бір
Таң қалмашы. Өтірік сөз - маған жат.
Адам деген жылап жүріп, кейде бір -
Күле білген...Неткен ғажап - адамзат!
Той боп жатты.
( Әлде менің түсім бе?) -
40 әйел...
4 еркек бар - ішінде...
«--Бұл немене? - деме - Бұл не? Ода ма?!»
Той боп жатты.
Шарапсыз той бола ма?
Тығырыққа тіреліп,
Осындайда тәндегі мұз бір еріп,
Ол кезде жұрт жұтатұғын бөшкеден,
Ожауларын малып-малып жіберіп!
Өмір сүріп жүрген сынды түсінде,
Бақыт үшін ішті,
Қайғы үшін де!
40 әйел...
4 еркек бар - ішінде.
«--Бұл немене? - деме- Бұл не? Ода ма?»
Той боп жатты.
Ән-күйсіз той бола ма?
Сұңқар жайлы ән айтылды - сенгісіз, -
Адам жайлы ақиқатқа бергісіз!
Жыл құстары қайтып жатты қаңқылдап,
Орала ма,
Оралмай ма -
Белгісіз...
Муза елі болатұғын - мұз елі.
1944-тің күзі еді.
«--Бұл немене? - деме- Бұл не? Ода ма?»
Той боп жатты.
Әзілсіз той бола ма?
Не боп кетті сол күлкінің ақыры:
Әдіре қап кенет жұрттың шат үні,
Шыдай алмай 36 әзілге
Шарт-шұрт сынды 4 еркектің қатыны.
Әлі есімде зіл-заласы көздегі
Төртеуінің- сондағы айтқан сөздері:
«Қалай-қалай күлесіңдер, әй, қарлар?!
Кесір шалған!
Жесір қалған сайқалдар!!!» -
О, сұмдық-ай!
Мынау неткен кесірлі үн?
Сонда бірі 36 жесірдің
Айқай салды:
«Тарт тіліңді!
Ардағым -
Оралады аспанымда барда Күн!
Соғыс кімнің шайқалтпаған шаңырағын?!
Соғыс кімнің жұтатпаған Арманын?!
Оралады Ардағым...
Тарт тіліңді!
Қара Айдай көркіме!
Кім көнбейді Ару жанның еркіне?
Сырлы аяқтың сыры кетсе -
Сыны ма?!
Тие берме...
Тие берсең жыныма...
Ал, осыдан оралмаса күйеуім,
Мына отырған 4 еркектің біреуін, -
(Азар болса - атанармын бір бұзық!)
Алдап -арбап,
Алам үйге кіргізіп !»
Сол-ақ екен:
Таптап арды,
Ұятты -
4 әйелдің 8 қолы тап берді
Сол Мұңлыққа -
8 жылан сияқты!
Қара түнек қатып қалмас - ашылар,
Қара жүрек қай қылмысын жасырар?
Қайда кеткен ұлы Ұят!
Асыл Ар?!
Сол 8 қол көз алдымда тұр әлі -
Жұлып алған 8 уыс шашы бар!!!
Күтуменен жалғап жүрген ғұмырын,
Құр қан-сөлсіз қурап біткен тірі гүл -
Шыдамады мұны көрген жесірлер,
Жүрегі - бір,
Тілегі - бір,
Мұңы - бір!
4 еркек ше?!
4 еркегің -бір кісі,
Бөлек-бөлек болғанымен түр-түсі.
Әсіресе, жынға тиген сондағы
Осылардың жырқылдаған... күлкісі!
Атып тұрды күллі жесір - тірі гүл,
Соғыс деген Кесапаттың зілі бұл!
4 шолжыңға берсін бе енді намысын,
Жүрегі бір,
Тілегі - бір!
Мұңы - бір!
36 жесір -қолы қуатты,
Бәрі - Намыс Құрбаны еді ұятты.
Жатты жерде серең етіп 8 қол -
8 басты 8 жылан сияқты!
«--Бұл немене? - деме- Бұл не?! Ода ма!»
Ода болса о да жаман бола ма?!
О, адамзат!
Жазып бір күн кесірге
Тіл тигізбе жетім менен жесірге!
Мақтанатын сәт болады - мақтансақ,
Ақталатын сәт болады - ақталсақ.
Қайда әлгі ер парызын ақтар шақ?!
(Төрт еркегің арашалап ала алмай,
Төрт баладай шырылдап жүр: «Аттан!!!» сап...)
Кигендері - Қызғаныштың шекпені,
Алаулап тұр жесірлердің кекті өңі!
Кенет...
Кенет 36 әйелдің
4 еркекке көзі түсе кеткені!
«--Ей, Әйелдер!
Аруақтай бүрісіп,
Қара - мына сорлылардың тұрысын!
Ермен бірге тозақ өртте жанбаған,
Төрт сайқалға ие бола алмаған...
Бара алмаған -шақырғанда ұлы сын!
Өңкей ездер!
Еркектігің құрысын!
Не қалайсың бізден?!
Ләззат?!
Құрмет пе?!
Кім -сендерді отырғызған сүндетке?!
Ей, әйелдер!
Өш алатын кез келді!
Сой ездерді!
Ар-ұяттан безгенді!
Саба -мынау ошағына қамалып,
Отаны үшін өле алмаған ездерді!!!»
...Сонау соғыс есінде әлі Әлемнің.
Есінде әлі Әйелдің.
Ұмытылар ма сол бір зауал, сор қалың?
Әйел -
Әлем.
Үні олардың -ортақ үн.
Содан бері жетімдіктен қорқам мен,
Содан бері жесірліктен қорқамын!
Соғыс келіп айналдырған тоз-тозға,
«Қызыларай» дейтін біздің колхозда-
Әңгіме-көп!
Аңыз да көп -
Сенгісіз!
Жауып еді жерді сыз.
Жыл құстары қайтып жатты қаңқылдап,
Орала ма,
Оралмай ма,
Белгісіз! -
Муза елі болатұғын- мұз елі.
Қара суық қалтыратты тізені.
1944-тің күзі еді...
7. ХИРОСИМА. 999 ТЫРНА
999 қағаз тырнаны,
Жасады жапон баласы-
Ажал Құрбаны.
Өлер шағында,
Көз нұры сөнер шағында,
Жатты сол жазған: «Түсім-бұл-
Өңім емес!»-деп,
1000 тырна көзіне елестеп,
Жасалмай қалған бір тырна көзіне елестеп:
«...Өлім емес!...»-деп...
Сандырақтап жатқан шығар сол Ажал Құрбаны?!
ХХ-шы ғасыр-
Атомның тажал тырнағы!
Ескерткіш қоям мен Саған, қоладан құйып,
999 Қағаз Тырнаны!
(Жалғасы бар)
"Абай-ақпарат"