Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 10328 0 пікір 19 Наурыз, 2012 сағат 00:18

Жаңабек Жақсығалиев. «...Кіші жүзді найза берде, жауға қой»

«...Алшын ата баласы -
Сұлтансиық, Бақсиық,
Хан қызы екен анасы,
Қаннан кеуіп көрген жоқ,
Найзасының сағасы,
Он екі ата - Байұлы,
Жеті аталы Жетіру,
Әлім менен Шөмекей,
Халқымның еді жағасы»
Сүйінбай Аронұлы

Қазақтың рухын әлсіретіп, оның тарихи санасын экспансиялау мақсатында орыс отаршылдары ғасырлар бойы бағдарлы әрі байыпты стратегиялық саясат жүргізді. Отар болған жұрттың тарихи санасын тұншықтырып, рухани құлдық шеңгелінде шырмау үшін құрылатын негізгі өрмек - халықты өз ана тілі мен ата тарихынан мақұрым қылу. Демек ұлтты мәңгүрттікке бастайтын ең төте жол - сол халықтың туған тілі мен тарихи санасының көмескіленуі мен өшуі.

Сөз басы

«...Алшын ата баласы -
Сұлтансиық, Бақсиық,
Хан қызы екен анасы,
Қаннан кеуіп көрген жоқ,
Найзасының сағасы,
Он екі ата - Байұлы,
Жеті аталы Жетіру,
Әлім менен Шөмекей,
Халқымның еді жағасы»
Сүйінбай Аронұлы

Қазақтың рухын әлсіретіп, оның тарихи санасын экспансиялау мақсатында орыс отаршылдары ғасырлар бойы бағдарлы әрі байыпты стратегиялық саясат жүргізді. Отар болған жұрттың тарихи санасын тұншықтырып, рухани құлдық шеңгелінде шырмау үшін құрылатын негізгі өрмек - халықты өз ана тілі мен ата тарихынан мақұрым қылу. Демек ұлтты мәңгүрттікке бастайтын ең төте жол - сол халықтың туған тілі мен тарихи санасының көмескіленуі мен өшуі.

Сөз басы

Белгілі итальян ойшылы Николло Макиавеллидің пайымдауынша, ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, отансүйгіштік пен елжандылықтан айырылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз бола бастайды екен. Маңдайына желден басқа ештеңе тиіп көрмеген асау да арда һәм мәрт мінезді текті ұлттың табиғи мінезі тереңнен ойластырылып жүргізілген жымысқы саясат нәтижесінде біртіндеп сөгіліп, ұлт болмысына жат жасқаншақтық, жағымпаздық, жарамсақтық сияқты жағымсыз қасиеттердің сыналай енуі - ұлттық рухтың сетінеуіне жол ашты. Ұлттың ар-намысы аяққа тапталды. Кәрі тарих рухсыз халықтың қара тобырға қалай айналғанын сезбей де қалатынын, тек рухтының ғана бәсі биік, абыройы асқақ екенін сан мәрте дәлелдеді. Бұған дейін де бодау заманның шырғалаңын бабаларымыз «Күлтегін» жазуында «бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды» деп тасқа ойып қашаған еді. Сондықтан қазақ Құдайдан ұлының рухты, қызының қылықты болғанын тілеген.
Ақиқатын айтсақ, біздің қазақ ғасырлар бойы құлдық сана қалыптастырған жалпақшешей жалдап мінезден енді-енді арылып келе жатыр. Қанша намыстансақ та, арлансақ та мұны мойындаған жөн. Мамандардың пікірінше, ұлт мұндай «дерттен» кемі бір-екі ұрпақ алмасқан соң ғана «сауыға» бастайды екен. Ұлттық мүдде, ұлттық намыс жолында ханы да, қарасы да басын бәйгеге тіккен өр халықтың бүгінгі ұрпағы ата тарихын қайта парақтап, ұнжырғасы түскен ұлттың еңсесін көтеру мақсатында бұлыңғырлана бастаған ұлт рухын іздеуге қайта кіріскендей.
Мемлекет тәуелсіздігінің ең үлкен жемісі - ұлттық сана, ұлттық рух бостандығы. Азат ел азаматтарының рухын қалай көтеруге болады? Бұл - қазіргі күннің өте өзекті мәселесі. Алдымен, көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан бүгінгі жас буынның ұлттық тарихи санасын қалыптастыру керек. Ол үшін, алысқа бармай-ақ, өзіміздің туған өлкеміз - Кіші жүз тарихының ерлік һәм батырлық дәстүрін сараласақ та жеткілікті.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!»

Біріншіден, даңғайыр аумақты бауырына басып жатқан Кіші жүз халқы - Ш.Уәлиханов жазғандай, батырлар ұрпағы. Кішіжүздіктердің бұлтақтатпай тура айтатын тік мінезі, өрлігі мен ерлігі алты алашқа аян. Халқының жаужүректілігі мен аламандығын бәрінен биік қойған Кіші жүз көсемдері хан алдында жалтақтамай, қорғалақтамай батыл сөйлеген. Қарашасының қамын күйттеген Кіші жүз жақсыларының өздеріне деген сенімділігі сол - хан алдында жасқанып-тартынбай, өздерінің өр мінезін көрсетіп, ар-намысын жоғары ұстаған. Хан бұйрығымен бас кететін заманда даңқты ақын-жырауларымыз «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген қағиданы берік ұстанған. Әз-Жәнібек ханға Асан Қайғы: «Ай, хан ием, мен айтпасам білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің. Қымыз ішіп қызарып, Мастанып, қызып терлейсің, Өзіңнен басқа хан жоқтай, Елеуреп неге сөйлейсің?!» десе, Би Темірге Шалкиіз жырау: «Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті» дейді, ал еңсегей бойлы Ер Есімнің алдында еш қаймықпаған Жиембет жыраудың: «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен, Есіл де менің кеңесім. Ес білгеннен, Есім хан, Қолыңа болдым сүйесін, Қолтығыңа болдым демесін... Мен жоқ болсам, Есім хан, Ит түрткіні көресің, Жиембет қайда дегенде, Не деп жауап бересің?.. Арқаға қарай көшермін, Алашыма ұран десермін, Ат құйрығын кесермін, Ат саурысын берермін, Алыста дәурен сүрермін, Қарамасаң, ханым, қарама, Сенсіз де күнімді көрермін!» деуі жүрекжұтқандық. Даналығымен, көрегендігімен атағы шыққан Кіші жүздің Әйтеке биі де «29 рудан құрылған, санымен де, батырлығымен де бәрінен асқан, тәуелсіздігімен даңқы шыққан Кіші жүз» деп мақтан етеді. Мұнымен шектелмей жаугершілік заманда Шыңғыс әулетінің берекесі кете бастағанын көзімен көрген Кіші жүз биі Қожаберген дастанына жүгінсек: «Төреден Әйтеке би безін деді, Келді ғой көсем сайлар кезің деді, Қазақты батыр көсем басқармаса, Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді. Хан-сұлтан, төре күні өткен деді, Олардан ақыл-айла кеткен деді. Қазағым өзіңді-өзің тұтас ел қып, Басқарар енді уақыт жеткен деді» - деген. Әйтекенің төрткүл төре әулетін ашықтан-ашық сынауы, олардан тіксінуінің басты себебі - қазақ қауымын өрге бастыруға келтірер кертартпа үрдістерге батыл қарсы шыққандығында. Сол сияқты Сырым Датұлы өзі басқарған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себептерін былай деп анықтаса: «Атаңа нәлет Нұралы, Ел жауына сатылды. Хан мен патша қосылып, Қулықтарын асырды. Сұлтандар мен атаман, Үлкендерді басынды. Құл қылмақшы ұлыңды, Күң қылмақшы қызыңды. Шоқындырмақ халқыңды, Жоймақшы қазақ салтыңды», Жәңгір ханға Махамбет өз ойын: «Хан емессің қасқырсың, Қас албасты басқырсың. Хан емессің ылаңсың, Қара шұбар жылансың...» деумен жеткізген. Ал Баймағамбет сұлтанның алдында Шернияз еш шімірікпестен: «-Аржақта Арғынғазы дүмбірлеген, Байеке, елің бар ма бүлдірмеген? Төре кетіп, төбеде төбет қалып, Туып тұр ел басына «бұл күн» деген. Кешегі Исатайдай есіл ерді, Орысқа ұстап бердің тіл білмеген. Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған, Төре емессің төбетсің дым білмеген... Ел ұстап, жұрт билейтін қылығың жоқ, Хан емес, қас қатынсың мұндар қу бас!» деп толғаған. Жоғарыда келтірілген жыр шумақтарының сарыны уақыт ауысқанымен жыраулар дүниетанымының демократиялық ұстанымы, халықшылдығы, мемлекетшілдігі, шыншылдығы, турашылдығы еш өзгермегенін дәлелдейді. Қазақтың жыраулық дәстүрінде әбден орныққан бұл айшықтар қазақ қоғамындағы билік жүйесінде қалыптасқан нақты дала демократиясының басты белгілерін анықтайды және дала парламентінің үні тым тегеурінді һәм пәрменді болғандығын нақтылайды. Бұл жайды Ә.Кекілбаев «Демократияның ең басты қағидасы біз үшін әуелден қолданыста жүрген, таңсық емес нәрсе болатын. Сондықтан қазақтың қолынан демократия келмейді, демократия қазақты құртады, қазақ демократияны құртады деген жаңсақ. Ол - қазақтың қанындағы құбылыс» (Кекілбаев Ә. Сырым - дала демократиясының реформаторы деген пікірімен толықтыра түседі.

«Бектен туған Алшын-ды,
Біз үшін қанға малшынды...»

Екіншіден, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Кіші жүз жасағының зор ерлік көрсеткенін өткен ғасырда көрнекті тарихшылар М.Тынышпаев, Е.Бекмахановтар (Тынышбаев М. «История казахского народа», А., 1993, 193-198бб., Бекмаханов Е. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында», А.,1994, 104-б.) сүйсіне жазды. Еділ қалмақтарының екпінін тежеп, ентігін басқан Әбілқайыр хан - Қазақстанның батыс қақпасын қорғаушы ретінде өлке тарихынан ойып орын алған дара тұлға. «Ақтабан шұбырындыдан» Кіші жүзді аман-есен алып қалған Кіші жүз ханы жоңғар мен қалмақтың бірігуіне үлкен тосқауыл қойды. Кіші жүздің жоңғар басқыншыларынан азат болуы Қазақ хандығының кейінгі тағдырында үлкен роль атқарды. Бұл өте принципті мәселе. Егер, Кіші жүз территориясы ХVІІІ ғасырдың 20-жылдары жоңғар қонтайшысының қоластына қарайтын болса, онда кейін тәуелсіздік туралы ойлаудың өзі қиын еді.
1726 жылы Ордабасыдағы кеңесте Кіші жүз ханы Әбілқайырды бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы етіп хандар мен билер бірауыздан сайлағаны мәлім. Бұл Құрылтай туралы тарихи деректерде: «Ақ киізге оралмағандықтан, Әбілқайыр қолбасшыға арналған боз арғымаққа көңілсіз мінді. Сонда да бұған оның туған ағасы саналатын Жолбарыс та, өзін нағыз төремін деп есептейтін Сәмеке де қызғана қарап тұрды. Қашан да сөздің ғаділін айту керек, егер хандардан бір қолбасшы сайлануы керек болса, онда Әбілқайырдың қолбасшыға лайық екені әмбеге аян болатын. Өйткені Асыны отыз ұлысымен қайтарып алудағы, Еділдегі қалмақтар шабуылынан қазақты қорғаудағы, түрікпендердің шабуылына тойтарыс берудегі оның ерлігі ұшан-теңіз. Әбілқайырдың жауынгерлігі жанында аталған екі хан да жіп есе алмайтын. Әбілқайыр тым өзімшілдігі болмаса ерлігін, қазақ қатты бағалайтын» (Тауасарұлы Қазыбек бек. «Түп-тұқианнан өзіме шейін». -Алматы, 1993. 230-б.) деп нақтыланған. Ұлы қолбасшымен тікелей жүздескен ағылшын суретшісі Джон Кэстль: «Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі. Сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ» (Кэстль Джон. «1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы». А., 1996. 82-б.) - деп ханның жеке қасиеттерін сілекейі аға дәріптеген.
«Найзасының ұшы алтын, бірі етек, бірі жең» деп Бұқар жырау айтпақшы, Кіші жүздің аламан батырларын төңірегіне топтастыра алған Әбілқайыр хан қалай да жұтылып кетпеудің қамын ойлаған. Егер 1710 жылы Қарақұм құрылтайында, тарихшы Н.Г.Аполлованың шамалауы бойынша, батырлардың үні басым болса, 1726 жылы Ордабасыдағы ұлы жиында билер бастаған топтың үні өктемірек естіледі. Алайда, осы екі ұлы жиында да батырлық пен биліктің үндестігін іске асырған даналардың назарының Әбілқайырға тоқталуы бекерден-бекер болмаса керек.
1726 жылғы Қалмаққырылған, 1730 жылғы Аңырақай аталған екі үлкен шайқаста да қазақ жасақтарының қолбасшысы, Бас сардары Кіші жүз ханы - Әбілқайыр еді. Ел бірлігі сынға түскен Бұланты мен Аңырақайдағы шешуші шайқастарда негізгі салмақ саяси-территориялық әкімшілік бірлестік Кіші жүзге түсті. Бұл жеңіске Кіші жүз оғландарының қосқан жауынгерлік ерлігі еш өлшеусіз. Бұланты мен Аңырақайдағы ұрыстар елге үлкен серпіліс берді. М.Мағауин «Жасыратыны жоқ, Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса Қазақ Ордасы осыдан бір ғасырдай бұрын құрып кеткен Ноғай Ордасының кебін киері айдан анық болатын. Тоқтау көрмеген жоңғар қалмағы бірер екпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді. Бұланты мен Аңырақай шешуші шайқас емес-ті, бірақ алаш ұлының ғұмырын ұзатқан, оған ең қажет кезінде тыныс берген аса елеулі оқиға болды» (Мағауин М. «Қазақ тарихының әліппесі». А., 1995. 99-б.), - деп әділ бағасын берді. Жүз жиырма шақырымға созылып жатқан байтақ далада болған атақты Аңырақай шайқасының тарихи маңызы мен осы ұлы жеңістің Бас Сардары Мұхаммед Қазы баһадүр Әбілқайыр ханның сын сағаттағы шешуші рөлі отандық тарихнамада әлі кеңірек насихатталмай жүргендігі алаңдарлық нәрсе.

«Найзасының ұшы алтын, бірі - етек, бірі - жең»

ХVІІІ ғасырда орталық шығыста халықаралық саясаттың негізгі күші Ресей империясы еді.Ұлт басына туатын әбігердің қайда жатқанын әріден ойлаған Әбілқайыр хан Петербор сарайымен жақындасу арқылы Қазақ мемлекеттілігін орталықтандыруға ұмтылды. Бұл жағдай қазақ қоғамындағы саяси күштердің өзара алауыздығын тереңдете түсті. Патша үкіметі қазақ билеушілерінің өзара алауыздығын шебер пайдаланып, әкімшілік және саяси шаралар арқылы Батыс аудандарын отарлауын жеделдетті. Тұйықтан шығар жол іздеген Әбілқайыр орыс шекараларына шабуылды күшейтті. Орыс тұрғындарының жиі тұтқынға алынуы бәрінен бұрын Орынбор әкімшілігінің бүйіріне шаншудай қадалды. П.Рычковтың мәліметтеріне жүгінсек, 1742-1748 жылдар аралығында қазақтардың қолдарында 1182 орыс тұтқындары болған (Рычков П.И. «Топография Оренбургская», С-П., 1762. 158, 191б.).
Кіші жүз даласы ежелден елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өлке ретінде отаршылдықтың аяусыз алқымдаған аймақтарының бірі; Кіші жүздің бірінші болып Ресейге қосылуы мұнда, отарлық езгінің алғашқы ауыртпалығын да ала келді. Әйгілі Махамбет батыр: «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, Тептер үшін тебістік»,- деп тебіренсе, ақын Мұрат Мөңкеұлы өзінің «Үш қиян» деген дастанында: «Еділді тартып алғаны, Етекке қолды салғаны. Жайықты тартып алғаны, Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны, Ойдағысы болғаны. Қоныстың барма қалғаны», - деп күңіренді.
Қазақстанның шекаралық аймақтарында еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда отарлау саясаты қарқынды жүрді, отаршылдық болмысқа, туған елдің талануына шыдамаған Кіші жүз жері ұлт-азаттық қозғалыстың қызу ошағына айналды. Қазақ тарихының осы кезеңін Х.Досмұхамедұлы «Кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылғандай болды» (Досмұхамедұлы Х. «Исатай-Махамбет», А., 1991. 6-б.), - деп пайымдады. ХVІІІ-ХІХ ғғ. патша үкіметінің отаршыл озбырлығына қарсы Қазақстанда болған 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістің дені Батыс өңірдің еншісінде екенін тарихи деректер дәлелдейді. Орта жүз, әсіресе Кіші жүз қазақтарының 1773-1775 жж. Е.Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы, 1783-1797 жж. Сырым Датұлы, 1805-1823 жж. Қаратай Нұралыұлы, 1815-1821 жж. Арғынғазы Әбілғазыұлы бастаған Кіші жүздегі ұлт-азаттық көтерілістер, 1827-1829 жж. Қайыпқали Есімұлы бастаған Бөкей ордадағы қозғалыс, ХІХ ғасырдың 20-30 жж. патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы Кіші жүздегі Жоламан Тіленшіұлы бастаған наразылық, 1836-1838 жж. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған Ішкі (Бөкей) ордадағы ұлт-азаттық көтеріліс, 1847-1858 жж. Есет Көтібарұлы бастаған көтеріліс, 1856-1857 жж. Сыр бойы қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедұлы жетекшілік еткен бас көтеруі, 1868-1869 жж. Сейіл Түркебаев пен Беркін Оспанов басқарған Орал, Торғай қазақтарының, 1870 ж. Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы басқарған Маңғыстаудағы отаршылдыққа қарсы күрес - 1916 жылғы Батыс Қазақстан аумағындағы ұлт-азаттық көтеріліспен жалғасып жатты.
Ақтөбе округінің Ырғыз, Қарабұтақ аудандарына дейін тараған 1930 жылғы 25 ақпандағы Сарбаздар көтерілісі (ресми құжаттарда «Ырғыз көтерілісі» деген атпен белгілі), Адай округіндегі 1929-1932 жылдар аралығындағы біресе тоқтап, біресе қайта жанданып отырған қазақ шаруаларының қарулы қарсылығында осы санатқа жатқызуға болады.
Кіші жүз даласында лапылдай жанып жанып жатқан өртті елестететін бұл ұлт-азаттық күрес тізбегі ХVIII ғасырдың 40-жж. Әбілқайыр хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың заңды жалғасы еді. Елжақсыларының мақсаты - қайткенде де қазақ мемлекеттілігін сақтау, елдің, жердің тұтастығынан айырылмау еді.

Рухы жасымаған өлке

Қанша ғасыр жанышталса да рух селекциясының заңы тегі асыл тектілерді сан мәрте тарих сахнасына алып шықты. Уақыт тектіліктің тамырын түбірімен жойып жіберу еш мүмкін емес екенін дәлелдеді.

Күнбатыс Алаш-Орда

1917 жылы патшалы Ресейде билік Кеңестерге өтті. Үкімет өзгергенімен, отаршылдық саясат өзгермеді. Қазақстан отар болып келді және солай болып қалды (С.Сәдуақасов). Аймақтарда азаттық үшін күрес үзіліссіз жалғасып жатты. ХХ ғасырдың басында қаламын қаруға теңеген «Алаш» қайраткерлерінің жаңа шоғыры ұлттық мүддені ту етіп, тарих сахнасына көтерілді.
Уфада Орталық Алаш-Орда үкіметінің 1918 жылғы 11 қыркүйектегі мәжілісінде Ойыл уәлаятының Уақытша үкіметі таратылып, оның орнына Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше құрылды. Оның төрағалығына Ж.Досмұхамедов сайланды. Күнбатыс Алаш-Орда - ХХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан аймағында орнаған ұлттық-мемлекеттік пішімдегі автономиялық құрылым болып қалыптасты. Өкінішке орай бұл балауса мемлекеттік құрылымды Кеңес өкіметі жөргегінде тұншықтыруға асықты және солай болды да. Батыс Алаш-Орданың мемлекеттік, азаматтық тарихы тым қысқа болғанына қарамастан (578 күн), алдыңғы зиялы аға буын өкшесін басып келе жатқан кейінгі толқынға ұлт-азаттық қозғалысының болашақ бағдарын айқындап кетті.
Жаңақала көтерілісі
Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың сталиндік үлгісі шаруалардың қатты қарсылығын туғызды. 1929-1931 жылдары Қазақстанда қарулы қарсылықтар толқыны болып өтті. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру жылдары лаңкестік әрекеттерді, өрт салуларды есептемегенде, республика аумағында 372 жаппай толқу мен көтеріліс орын алды. Солардың бірі - Жаңақала көтерілісі. Ресми құжаттарға «Жаңақала көтерілісі» деген атаумен енген шаруалар толқуына былтыр 80 жыл толды. Оған Жаңақала ауданы және оған жақын жатқан аудандардың тұрғындары қатысты. 1931 жылы көктемде Жаңақала ауданын түгел дерлік қамтыған қарулы көтеріліс күшпен басылды. Көтерілісті басу кезінде 360 адам тұтқындалып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезінде 71 адам қаза болса, 160 адам қылмысы анықталмай босатылады. ОГПУ жанындағы үштіктің қаулысымен 1932 жылы 25 ақпанда 129 адам әртүрлі мерзімге концлагерге айдалады (Рысбеков Т.З. «Өскен өлке тарихы». Орал, 1997. 130-б.). Іле-шала басталған 1937 жылғы қанқұйлы жазалау бір буынды баудай түсіргенімен, алда бостандық үшін күрестің жаңа тәсілдерін меңгере бастаған қайсар рухты жас толқын пісіп-жетіліп келе жатты.
Қазақ халқын қорғаушылар одағы
Батыс Қазақстан облысы көлемінде ғана белгілі болған бұл оқиғаны республика жұртшылығы әлі толық біле бермейді. Таңданарлығы - жалпақталдық жалынды жас Ғұбайдолла Әнесов 40-жылдардың басында қазақ халқына тәуелсіздік алып беруді мақсат етіп, осы ойын іске асыру үшін Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деп аталатын антикеңестік жасырын ұйым құрды. Арасында Орал педагогикалық институтының 6 студенті болған бұл жастар ұйымының мүшелері 17 мен 23 жастың арасындағы балғын, зерек, боздақ жастар болатын. Олар 14 еді. Аталған ұйым небәрі 7 ай өмір сүрді. Содан кейін олар НКВД-ның қарауына ілініп, бәрі де ұсталып, сотталады. Ал ұйым басшысы Ғ.Әнесов 1943 жылы 19 жасында Орал қаласындағы НКВД түрмесінде атылған. Он тоғыз жасында оққа байланған оғланның ең соңғы айтқан сөзі: «Жасасын қазақ халқы, Қазақ елінің бостандық алатынына кәміл сенемін!» болыпты.
Батысқазақстандықтар Сталинград шайқасында
Біздіңше, өлке тарихындағы ерлік һәм батырлық дәстүрді дәріптейтін тағы бір жарқын беттердің бірі - батысқазақстандықтардың 1942 жылдың күзінде Сталинград түбіндегі кескілескен ұрыстарға қатысуы. Ауқымы жағынан адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген Сталинград шайқасының отты жалыны Батыс Қазақстан даласын да шарпыды. Батыс Қазақстан Сталингард облысымен 500 шақырым бойына шекаралас жатқан еді. Осыған байланысты Батыс Қазақстан - Сталинград майданының ең жақын тылы болды. Егер Сталинград түбінде неміс әскерлері жеңіске жетсе, Ұлы Отан соғысы қарсаңында Германияда құрылған «Арбайтегемайншафт Түркістан» атты жоғары барлау мектебі дайындаған «Үлкен Түркістанға» жол ашылатын еді. Демек, екінші дүниежүзілік соғыстағы түбегейлі бетбұрысқа шешуші үлес қосқан Сталинград шайқасының шежіресіне батысқазақстандықтар да өздерінің ұмытылмас ерлік беттерін қосты.
Бір ғана мысал: сұрапыл соғыстың басында Гурьев (Атырау) облысы, Қызылқоға ауданындағы Теңдік деген бір колхоздан бір күнде бір жүз он бір адам майданға аттанған; содан бір қолын оққа жұлдырып, бір ғана Қабен Кереев деген жауынгер тірі қайтып оралғанда, қалған 110 қазақ Сталининград түбінде ерлікпен қаза тапқан. Дәл осы хал Батыс Қазақстан облысының барлық жеріне түгел ортақ тағдыр еді. Қысқартып айтқанда, Сталинград шайқасындағы Батыс Қазақстан жігіттерінің ерлігі әлі де өз зерттеушісін күтуде. Кеңес Одағының Батыры атағы берілген шығыстың қос жұлдызы Ә.Молдағұлова мен М.Мәметованың және кейін Халық Қаһарманы болған Х.Доспанованың да осы өлкеден шығуы кездейсоқ емес.
Оралдағы қыркүйек оқиғалары

Уақыт жылжыды, ұрпақ алмасты. Отаршылдық жүйенің озбырлығына қарсы күресті өз мойнына алған, тәуелсіз ел мұратын көздеген жаңа толқын пайда болды. 1991 жылы қыркүйекте Оралдағы Жайық казактарының жүгенсіз қимылы жергілікті ұлттың ашық наразылығын туғызып, бұл оқиға тарихқа «қыркүйек оқиғалары» ретінде енді. Бұл жөнінде оқулықта: «...Орал казактары басшыларының 1991 жылы қыркүйектің 15-інде өздерінің патша мен Отанға қызмет етуінің 400 жылдығын мерекелеуге шешім қабылдауы мүлдем түсініксіз болды. Олар қаланың орталық алаңында керме ұран көтеріп, митингілер ұйымдастырды. Кез-келген қоғамдық ұйымдардың абайсыз іс-әрекеті қасіретке айналуы мүмкін екендігіне Оралдағы оқиғалар тағы көз жеткізді», - делінген (Нұрпейісов К. т.б. «Қазақстан тарихы», 11 сынып. А., 1997). Қызыл империяның қылышынан қан тамған заманда жергілікті азаттық элитасының (Аманжол Зинуллин, Айсұлу Қадырбаева, Мұнайдар Балмолда, т.б.) «бұғып қалмай» бейбіт шерушілерге жетекшілік етуі көзсіз ерлік еді. Үлкен жанжалға айнала жаздаған саяси мәні зор бұл оқиға Отан тарихынан лайықты бағасын алса екен дейміз.

Тобықтай түйін
Сонымен Кіші жүз қазақ халқының тарихында ерлігімен, жаужүректігімен даңққа бөленген ұлыс. Халық аузындағы «...Кіші жүзді найза бер де, жауға қой» деген тәмсіл Алшынның тарихи-этномәдени, геосаяси сипатын, ментальдық болмысын аңғартады. Қазақ елінің бірлігіне, жерінің тұтастығына қауіп бұлты төнген шақта Әбілқайыр баһадүр бас қолбасшы сайланып, Жалаңтөс батыр қол бастап келгені белгілі. Қазақ жерінің тұтастығын сақтауда, оны батыста Қасым хан заманындағы Қазақ мемлекетінің шекарасына дейін ұлғайту жолында Кіші жүздің ерекше рөл атқарғанын айтқан абзал. «Сөз атасы» Майқы бидің: «Бектен туған Алшын-ды, Біз үшін қанға малшынды, Іргеңе жауың келгенде, Сілтейтін найза-қамшың-ды» деген шумағының астарында терең мағына жатыр.
Мақаланың мақсаты бір қазақты жік-жікке бөліп, арзан дауға ұрыну емес, керісінше жалпақ қазақ мойындаған Кіші жүздің жауынгерлік тарихының көмескі беттеріне сәуле түсіру, бұл аймақтың өзіндік ерекшелігіне назар аудару. Тәуелсіздік көктен түскен құдіреттің сыйы емес, бабаларымыздың азаттық жолында басын берген сан ғасырлық күресінің нәтижесі екенін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру. Қазіргі Қазақстан экономикасының негізгі өзегі болып отырған «қара алтын» қорының мол мөлшері Батыс облыстарда жатқаны ешкімге құпия емес. Демек қойнауы қазынаға толы қасиетті мекенді мұраға алған бүгінгі ұрпақ ата-баба әруағы алдында қарыздар.
Түйіндей келгенде, Батыс Қазақстан тарихын тұтас Қазақ мемлекетінің тарихынан бөліп қарауға болмайды. Батыс Қазақстан өңірінің тарихы - қазақ халқы тарихының бір құрамдас бөлігі. Сондықтан Отан тарихына сүбелі үлес қосатын да жалпы қазақтың бір бөлігі Кіші жүз, соның ішінде Батыс Қазақстан аймағының жұрты болмақ.
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Орал қаласы
"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407