Сенбі, 23 Қараша 2024
Арандату 14599 14 пікір 11 Ақпан, 2021 сағат 14:09

«Әкімдер ісі» әшекере болды

Қызылорда облыстық аппеляциялық сотында өткен аптадан бері бұрынғы «әкімдер ісінің» талқылауы жүріп жатыр. Алғашқы күннен-ақ байламы шикі істің қолдан құрастырылғаны әшекере бола бастады. Сот талқысында бір-біріне қиюласпайтын небір дәлелдер, тіпті, экс-әкімнің екі орынбасарын бірдей жалған куәлік беруге итермелеген аудио жазба пайда болды.

Мұрат Имандосовтың қорғаушылары да қызық мәлімет ұсынды. Онда облыстық жұмылдыру басқармасының басшысы, басты куәгер Асылбек Шаменовтың тергеу барысында берген жауабы келтірілген. А.Шаменовтың айтуынша, 08.08.2019 жылы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Мұрат Имандосовтың кабинетінде жиналыс болыпты-мыс. Сөйтіп, М.Имандосов «Сыр мейірімі» қайырымдылық қорынан 80 млн теңгені 4 құрылыс компаниясына аудартуға «тапсырма» беріпті-міс. Шаменов сол күні төрт компания басшысы мен қайырымдылық қорының атқарушы директоры С.Абдрахимованың кездесуін өз кеңсесінде ұйымдастырады.

Бірақ сот барысында А.Шаменов «төрт компания басшысын кім шақырды» деген сұраққа нақты жауап берген жоқ. Есесіне, сол кеңседе отырып, төрт компания басшысы С.Абдрахимованың атына 80 млн теңгені алуға өтініш хат жазады. Бұл төрт хат жұмылдыру басқармасының заңгері Боранбаев арқылы әзірленіп, сол жерде қор басшысы С.Абдрахимоваға тапсырылады.

Болмаған құрылтай

Сотқа дейінгі тергеуде А.Шаменов «сол жерде С.Абдрахимова қатысқан қор құрылтайшыларының жиыны өтіп, 4 компанияға 20 млн теңгеден қаржы аудару туралы шешімге келді» десе, сот барысында «бұл оқиға есімде қалмапты» деп жалт бұрылды. Шаменовты де «түсінуге» болады. Өйткені, соттағы талқылау кезінде 08.08.2019 жылы қайырымдылық қорының ешқандай жиын өткізбегені, ал хаттаманың кейін жасалып, артқы күнмен қол қойылғаны анықталды. Оны қор басшысы С.Абдрахимова да сотта растады. Сотта тағы бір қызық нәрсенің басы ашылды. Шаменовтың айтқандары қор басшысы С.Абдрахимованың айтқандарына мүлдем қарама-қайшы болып шықты. Абдрахимованың айтуынша, ол Шаменовке жолықпас бұрын, сол басқармаға келіп, «Бақ-береке» компаниясының директоры Айбек Ерназаровпен кездеседі. Ерназаров оған 80 млн теңге сұраған өтініш хатты береді. Одан соң, қор басшысы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковке телефон соғып, әлгі хат жайында айтады. М.Әлсеріков 20 млн теңгеден төрт компанияға қаржы аударуын сұрайды. Сондай-ақ, куәгерлер көрсеткендей, С.Абдрахимова жұмылдыру басқармасындағы кездесуге М.Әлсеріковтың айтуымен келіпті.

Ал Шаменов болса, тергеу барысында «басқармаға бәрін шақырған құрылыс басқармасының қызметкері» деп жалған айтқан болып шықпай ма? Әлде, Шаменов «құрылыс басқармасының қызметкері» деп М.Әлсеріковты айтып отыр ма? Ендеше, сот барысында бәрін ұмытып, неге «есінен танып» отыр? Сот талқысында судья бұл мәселелерге неге мән бермеген?

А.Шаменов айтқандай, 08.08.2019 жылы Мұрат Имандосовтың кабинетінде жиын жасамағаны, оның 31.07.2019 -18.08.2019 жыл аралығында Арыс қаласында іссапарда жүргені нақты құжаттармен дәлелденді. Ал «кабинетте жиын жасады» деген 08.08.2019 жылы Шымкент қаласындағы қонақүйде түнеген. Оның да құжаттары іс-қағаздарында тіркелген. Құрылыс компанияларын таңдауға да Мұрат Имандосовтың мүлдем қатысы болмаған. Оны А.Шаменовпен беттестіру кезінде де дәлелдеген. Қорғаушылар «тыңғылықты мән берілмеген бұл жағдай соттың Мұрат Имандосовқа қатысты әділетсіз үкім шығаруына мәжбүр етті» деген пікірде.

Бірақ «тергеуде жалған куәлік бергені үшін А.Шаменов қылмыстық жауапкершіліктен қалай сытылып кетті?» деген заңды сұрақ туады. Оның жауабы төмендегі мәселелерде секілді.

Диктофондағы «диверсия»

«Аппеляциялық талқылау кезінде тағы бір сұмдық оқиға белгілі болды. Ол жайында адвокат Ләззат Кендебайқызы Фейсбуктағы парақшасында былай жазды:

«АНТИКОРДЫҢ “әкімдер ісіне” байланысты тағы бір қитұрқы операциясы туралы.

Қ.Ысқақовты торға түсіру үшін тергеу жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері оның екі орынбасары М.Имандосов пен М.Делмұхановты да облыс басшысына қарсы “показания беруге обработка” жасайды..

Іске дәлелдеме ретінде тіркелген аудижазба осыны көрсетеді.

Істің 14-ші томының 65-ші бетінде екі орынбасардың 01.04.2019 жылғы әңгімесі диктофонға жазылып қалған диск бар.

Ол жерде М.Делмухановқа М.Имандосов антикордың қызметкерлері өзіне “әкім тапсырма берді деп айт, обналичивать етіп әкеліп бер деп тапсырма берді деп айт”-деп қысым көрсетіп жатқанын атап көрсетеді.

Сондай-ақ, М.Имандосов оларға олай өтірік айта алмайтынын айтқанын, оған тергеу органы қызметкерлерінің ренжіп жатқандығын айтады.

Сөзбесөзкелтірсек:

Д: - “Вы должны защищаться вдвоем” деп айтып жатыр (антикор қызметкерлері)

И: - Жоқ енді, защишаться еткенде, не деп защищаться етеміз? Өтірік айтамыз ба енді? Ертең оны за ложные показания деп тартып кетеді ғой.. Пешенемізге көрініп тұрған шығар, көреміз оны, конечно, оңай емес (балағат сөз)

Соның бәріне Құдай қуат берсін. Қазір өтірік айтып свободада жүрген кезде, жүре алмайсың ғой..

Д:-Жібермейді дейсіз ғой?

И:- Конечно...

Бұл жерде Мұрат Имандосов тергеу органы тарапынан қалай үгіттесе де, өтірік айтып, жалған жауап бере алмайтынын айтып отыр..» (Автордың жазу стилі мен орфографиясы сақталды).

Аудиожазбадан байқағанымыздай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының қызметкері Мұрат Имандосовқа «Қуаныш Ысқақовқа қарсы куәлік берсеңіз, сізді бостандыққа шығарамыз» деп отыр. Бірақ Мұрат Имандосов ар алдында адал болып қалғысы келген. Сондықтан, жалған куәлік беруден бас тартыпты.

«Қылмыстық істің» анатомиясы: Шаменов кімнің шікәрәсі?

Жалпы, осы «қылмыстық істің» анатомиясын түсіну үшін алдымен куәліктерін тергеу сайын өзгерткен екі-үш куәгердің өмір жолына аз-кем көз тастап өтелік. Мұрат Имандосовқа қарсы түсінік берген Асылбек Шаменов 1978 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Әкесі Өмірбек Шаменов кезінде кеңшар директоры, аудан басшысы, одан кейін Қызылорда облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарыбасқармасын басқарған. Облыс жұртшылығы алдында беделден кенде емес. Жалғыз ұлы Асылбекті қатарынан кем қылған жоқ. Білетіндердің айтуынша, оқытты, тоқытты, жалғыз ұлды «адам қылу үшін» арын да салды, барын да салды. Нәтижесі жаман емес. Асылбек Шаменов карьералық өсу жолында әкесін «шаң қаптырды». Қысқаша досьесіне зер салсақ:

2007-2012 жылдары Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, сондай-ақ облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларында жауапты қызметтер атқарған.

2012-2015 жылдары Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары.

2015-2018 жылдары, пәлен жылдан бері тапжылмай Қызылорда қаласын басқарып отырған Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевқа орынбасар болған.

2018 жылдың мамырынан Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, ал 2020 жылдың наурыз айынан бастап Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарып келеді.

Осы жерде мына нәрсені есте сақтаңыз: Асылбек Шаменовтің «әкімдер ісі» барысында тергеу органына бір рет-ақ рет барған, яғни бір-ақ рет түсініктеме берген. Мұндай маңызды фигуранттың Әлсеріков, Рүстемов және басқа «куәгерлер» сықылды тергеу органының табанын тоздырмауында не гәп бар?..

Айтпақшы, еске сала кетейік, Асылбек Шаменовтың Шаменов Шамұрат Айтмұратұлы деген 1980 жылғы немере інісі бар екенін көбі біле бермейді. Өзі де аты-жөні мен өмірбаяны жарыққа шыққанын қаламайды. Қарапайым адамның тілімен айтқанда, ол «мәселе шешетін» қызмет атқарады. Шамұрат Шаменов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде тергеу бөліміне басшылық жасайды. Негізінде, құқықтық қоғамда мұндай іс біткенше күдікті немесе куәгердің туыстары жауапты қызметтен уақытша аластатылуы керек еді. Бізде бәрі керісінше...

Сіз кімсіз, С. ханым?

«Әкімдер ісінің» тағы бір куәгері – «Сыр мейірімі» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Сапура Абдрахимова ханым. Бұл кісі жайлы мағлұмат там-тұм. Осы даулы оқиға басталған сәтте-ақ, фейсбуктегі парақшасындағы суреттері мен көптеген мәліметтерді өшіріп тастаған. Әзірге белгілісі – Сапура Абдрахимова бұрынғы прокурордың қызы. Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты бітірген. Бірақ педагогикадан гөрі, қайырымдылық шарасымен айналысуды жөн көрген секілді. Бастапқыда облыс әкімдігінде ішкі саясат саласында қызмет атқанған. Өзінің айтуынша, 1995 жылы Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысына әкім болып келгеннен кейін Сапура ханымды қайырымдылықпен айналысуға ұсыныс жасаған. Сөйтіп, 1997 жылы Елбасының тапсырмасымен қор құрылды дейді Абдурахимова. Міне, содан бері ол осы салада жұмыс істеп келеді.

Былтырғы алғашқы сотта берген түсініктемелеріне қарағанда, Қуанышбек Ысқақов бастаған топтың үстінен Нұр-Сұлтан қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне арыз жазған. Бірақ бір «қызығы», тиісті құжаттарсыз төрт компанияға заңсыз қаржы аударған Сапура Абдрахимова қылмыстық істен шет қалды. Былтырғы сотта Сапура ханым «облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков пен әкімнің бұрынғы орынбасары Мұрат Имандосов «80 млн теңгені алған төрт фирма да қажетті құжаттарды әкеп береді деп ауызша сендірді» деп жауап берген. Егер, Мұрат Имандосовқа Сапура Абдрахимованың осы сөзі айғақ болып, соттауға негіз болса, Мұхамедиса Әлсеріков қалайша «аман» қалды?

Тағы бір «қызық» факт. 2020 жылы 10 наурызда Сапура Абдрахимова диктофонын құшақтап, Мұрат Имандосовтың кабинетіне де кірген. Құпия жазылған аудиода Сапура ханым Арысқа аударылған қаржы бойынша төрт мекеме тиісті құжаттарын тапсырмай жатқаны туралы баяндағанда Мұрат Самұратұлы көп мәселеден хабарсыз болып шығады. Мұнда, төрт компанияға ақша аударылғанын білмейтінін айта келе, мән-жайды Мұхамедиса Әлсеріковтің өзінен сұрауға және құрылыс компанияларынан орындалған қызмет актісін алуға, әйтпесе сотқа жүгінуге кеңес береді. Ал Сапура Зайтжанқызының екі сөзінің бірі «маған Мұхамедиса айтты» болған. Қысқасы, екеуара диалогта қор директоры Әлсеріковтің инструкциясымен жүріп-тұрғаны байқалады. Бәлкім, өзінің қитұрқы қадамын іске асыру үшін «бастықтың», «әкімнің» атын жамылып, «сол айтты» деген миф тудырып, Сапура ханымды құрыққа түсірді ме екен, кім білсін?! Бір анығы, қор директоры Мұрат Самұратұлынан қанша ілік іздегісі келгенімен бәрібір онысынан түк шықпайтын. Себебі, Мұрат Имандосовтың қаржыға қатысты түсініксіз, я болмаса жымысқы тірліктен мүлде хабары жоқ еді.

Мұхамедисаның «мұртын балта шаппайды». Неге?

Мұхамедиса Әлсеріков Шиелі өңірінде дүниеге келген. Қызылордалықтардың айтуынша, Мұхамедисаның жұлдызын жаққан қазіргі Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Кездейсоқтық па, кім білсін? 2008 жылы Шиелі ауданына әкім болып барғаннан кейін Әлсеріковті Шиелі кентіне әкім қылды. 2013 жылдың 13 ақпанында Н.Нәлібаев бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өкімімен Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалғанында, өзімен бірге Мұхамедисаны да ала келді. Оны Қызылорда қаласы құрылыс және сәулет басқармасының басшысы ғып тағайындап жіберді. Мұхамедиса Қызылорда қаласында ел риза болатындай ештеңе бітірген жоқ. Керісінше, қолға алған екі ісінің бірі ұйлығып, прогресс көрсете алмады. Әлсеріковтің «әлсіз тұсын» іздеген жан Қызылордада бірнеше жыл батпаққа батқан «Саяхат» мөлтекауданын еске алса да жетіп жатыр. Мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйлердің сапасыз екендігі жайлы сюжеттер республикалық телеарналар эфирінен түскен емес. Әлсеріковтің жұмысындағы кемшіліктерге қарамастан, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 2016 жылы облыстық құрылыс басқармасының тізгінін ұстатады. Әлсеріков оны да қатырмады. Жаңақорған ауданындағы Аққұм ауылына қарасты мектеп құрылысы дер кезінде аяқталмай бір шу болса, Арал маңында тағы бір оқу ордасының құрылысы қаңтарылып қалды. Ол жайында бұқаралық ақпарат құралдары жазудай-ақ жазып жатты. Бірақ Мұхамедисаның мұртын балта да шапқан жоқ. Тіпті, оны былай қойғанда, «әкімдер ісі» бойынша күдіктілер қатарына қосылған жоқ. Қорғаушылардың айтуынша, жалған куәлікпен қатардағы куәгерге айналып шыға келді. Бұл да бір терең зерттеуді қажет ететін мәселе...

Түйін. Аппеляциялық сот отырысында бұрын көзге ілінбеген осындай маңызды мәселелердің ішек-қарыны ақтарыла бастады. Егер, қазақстандық Фемида алжыған, көрсоқыр болмаса, нақақ жаланың құрбандары ақталуы тиіс. Қызылордалықтар осыған сенеді.

Тоқтар Жақаш

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437