Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қайраткер 22030 9 пікір 11 Ақпан, 2021 сағат 15:29

«Саясат - еріккенде ойнайтын карта ойыны емес»

Бүгін - саясаткер, алғыр да, алымды, сұңғыла да, сырбаз, қазақтың қамын қара басынан биік қойған аяулы Алтынбек Сәрсенбайұлынан қапияда көз жазып қалған күн. Қазақ үшін қаралы күн!

Осыдан тура он бес жыл бұрын қара түнді жамылған қара ниетті қылмыскерлер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшісі Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Валерий Журавлевті Алматының сыртында қастандықпен оққа байлаған еді.

Уақыт алға озды. Алаштың жадындағы Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі мен еңбегі жыл өткен сайын жаңғырып, жалғасып келеді.

Бүгін біз Алтынбек Сәрсенбайұлының әр жылдары баспасөзде айтқан сөздерін топтап ұсынамыз.


«Президенттің қасында ұлтты ұйытуға, қоғамды топтастыруға шама-шарқы бар адал адамдар жүруі тиіс. Оның үстіне, қазіргідей алмағайып заманда жау іздеудің ұпай әпере қоймасы және анық. Саясатта қара қөрсеткеннің бәрінің бойынан күдік іздеу, қандай да бір белсенділік танытқан қоғам мүшелерінен себепті-себепсіз жаулық қөру, ел арасынан дұшпандық іздеу бұрын да болған, бірақ, түптеп қелгенде, сондай жағдайлардың ақырының орны толмас өқінішке, қайғы-қасіретке ұшырап келгенін тарихтан жақсы білемін».

***

«Бүгінгі күнгі мақсат - жау іздеу емес, пікір тоқайластыратын жер іздеу. Басты және негізгі міндет - көп болып қимылдап, мемлекетті нығайту, тәуелсіздікті сақтап қалу».

***

«Кәсіпорындар жаппай жекешелендірудің құрығына ілініп, айлап-жылдап айлық пен зейнетақы көрмей, қоғам дағдарып, адам баз қешіп кеткен заманда да мұндай жөнсіздіктерге жол берген жоқ қой, олай болса, неге бүгінгідей «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда сайлауды Еуропа елдеріндегідей өркениетті түрде өткізе алмаймыз?».

***

«Мен оншақты жыл мемлекеттің ішкі саясатымен шұғылданған адаммын. Бірақ соңғы жылда ішкі саясатта күрт әрі күтпеген өзгеріс  болды. Көпшілік сарапшылардың тілімен айтсақ, «регресс» басталды».

***

«Біз Қазақстанда 15 миллион халық тұрамыз. Шетімізден дені сау, жетілген, көзіқарақты ұлттың  өкілдеріміз. Сондықтан  да, өзімізді бізден дәрежесі әлдеқайда төмен елдерге қарай сүйреудің реті жоқ, керісінше, «есіктегі басымызды төрге сүйреп», өзімізді бізден жоғарғы даму сатысындағы халықтардың қатарына қосуға талпынуымыз керек.  Негізгі мақсат та, негізгі мүдде де осы төңіректе болса ғана, бізде даму болады».

***

«Таққа мұрагерлік» басқарудың ең тиімді жолы болатын болса, дүниежүзі елдерінің монархиядан бас тартып не әуресі бар?».

***

«Билік саяси қөзққарастардың тартысынан туындауы керек. Және билік басына кім қелсе де, сол адам жетекшілік ететін саяси партияның қөзқарасы үстем болуы керек, билік соның негізінде құралуы керек. Сонда ғана билік тұрақты болады».

***

«Егер мен Үкімет басшыларын, Үкімет мүшелерін  қорғауға жол берсем, онда олардың орынбасарларын, орынбасарлардың орынбасарларын, қысқасы, барлығын «қорғауға» тура келер еді.  Ал, мұндайға жол берсем, тәуелсіз елдің баспасөз бостандығы коммунистік партия үстемдік құрып тұрған сәттегі баспасөз бостандығы сияқты болып шыға келер еді. Яғни «сынауға болатын» және «сынауға болмайтын» адамдардың тізімі жасалар еді. Олай болған күнде менің алдымда «сыналуға болмайтын» адамдардың бір шабадан тізімі жатар еді де, менің бар жұмысым соны реттеп отыру болар еді. Олай етуге қақым жоқ».

***

«Өзім бірге жұмыс істеген Премьерлермен іс барысында, жұмыс бабымен «ренжіскенімізбен», іс біткеннен кейін азамат ретіндегі бір-бірімізге деген сыйластығымызға сызат түскен жоқ».

***

«Өтпелі кезеңде баспасөз  министрі болғаннан қиын жұмыс жоқ. Себебі, ол кезде баспасөз де қолына жаңа түскен бостандықтың буына пісіп жүрді, билік те «баспасөз бізден төмен» деген ойдан арыла алмай жүрді. Сондықтан, баспасөзді де, билікті де тәрбиелеуге тура келді. Кеудесі аяққаптай болған баспасөз бен қолынан шоқпарын тастағысы келмейтін билікті бір-біріне үйренісіп, тең дәрежеде сөйлесетіндей дәрежеге жеткізу керек болды. Ол - айтуға ғана оңай».

***

«Президент алып шыққан топ бар және олар мемлекеттік қызметте болсын-болмасын қоғамдағы үлкен ықпалы бар, өзіндік ерекшелігі бар тұлғалар болып қала береді. Олардың барлығының бірдей мемлеккеттік қызметте бүгінгі күнге дейін жүруі шарт та емес, мүмкін де емес. Себебі, бізден кейін де ұрпақ келе жатыр. Мүмкіндігінше, оларға жол ашуымыз қерек».

***

«Ресейдің бүгінгі саяси билігі мен қоғамдық негізі саяси партиялардың ықпалымен қалыптасып отыр. Олар саяси реформалар жөнінен де бізден көш алда. Ондағы саяси реформалар Ресей халқының мемлекет мүддесі үшін жұмыс істеуіне толық мүмкіндік ашып берген. Ельцинді Ресейдің белгілі бір бөлігі қанша жерден кінәлағысы қелгенімен, озық ойлы адамдар оның жасаған үлкен реформасына тарихи бағаны бүгінгі күннің өзінде беріп қойды».

***

«Жекеменшік» партия құру - пәтуасыз іс. Себебі, партия дегеніміз - адамның ой-санасына ие болу, қоғамдық ой-санаға ықпал ету. Ал, ондай көзқарастарды меншіктеп қою мүмкін емес. Егер жекеменшік партия құрғысы келетіндер шынымен де бар болса,  оны тек «ақшаны желге шашудың жаңа жолы» деп қана қабылдаған жөн шығар».

***

«Конструктивті оппозиция болу үшін, ең алдымен, билік белгілі бір позицияның, белгілі бір саяси қөзқарастардың жүйесінде құрылуы керек. Бізде, әзірге ондай құрылыммен құрылған Үкімет те жоқ, ондай құрылымға сай Парламент те жоқ. Сондықтан да, бүгінгі оппозиция да көмескілеу. Турасын айтсақ, біздегі қазіргі оппозиция билік басында отырған бір ғана адамға қарсы күресудің құралы ретінде ғана құралған».

***

«Жеке адамдардың бір-біріне деген қарсылығынан ешқашан да саясат тумайды. Саясат тек қоғамдық көзқарастардың қарама-қайшылығы мен бірін-бірі толықтыруынан ғана туады. Сонда ғана қоғам үлкен негіздік құрылымға ие болады».

***

«Кейбір адамдардың «бағына» саяси сарапшы дәрежесіне көтерілу жазбаған. Сондықтан да, олар «әйтеуір, топшылап ұра берсем, бір жерден шығармын» деп ойлайды».

***

«Саясат - еріккенде ойнайтын карта ойыны емес».

***

«Біріншіден, өзімнің өмірлік принципіме сай, тек қол қойылған, авторы бар дүниелерді ғана оқимын. Мемлекеттік қызметте де сол принципті ұстандым. Бірде бір рет анонимдік сипаттағы арыз-шағымды оқыған емеспін және ондай арыз-шағымдарды министрлікте де, Қауіпсіздіқ Қеңесінде де қабылдатқан емеспін».

***

«Санаммен оқимын, санаммен қабылдаймын, дұрысы болса, «дұрыс екен» деймін, терісі болса, «теріс екен» деймін. Саяси өмірде жүру немесе билік басында отыру әдемі киініп, әдемі сөйлеп, телекамералардың алдында «өнер көрсету» емес. Ол - жан-жақты бағаларға ие болу, жақсылығыңды да, жамандығыңды да көзіңе шұқып қөрсететін ортада жүру. Оның да өзінің ауыртпашылығы бар, егер оған шыдай алмайтын болсан, саясатқа келмей-ақ, қою керек. Саясат - жеке бөлмеде отырып алып тыңдап, жан ләззатын алатын классикалық музыка емес».

***

«Президент не деп еді? Президентке сенсек, бізде шекарада болмаған. Территория да жоқ. Мемлекеттілігіміз де болмапты! Сонда біз сығандармен туыс болып шықтық қой. Дөңгелекті ойлап тапқан, өркениеттің өрісін кеңейткен, Батыс пен Шығыстың арасына алтын көпір салған өзге бір сығандар болды ғой шамасы...

Ал, біз байғұс, маң далада, құла түзде қаңғи беріппіз. Домбыра тартыппыз. Қымыз ішіппіз. Қамсыз болыппыз. Оңтүстік көрші мемлекетте қыстаппыз, Шығыстағы көршімізге көшіп барыппыз, Солтүстік көршілермен сауда жасаппыз. Солай ғой?

Ал, олай болса, мына ұланғайыр, кеңбайтақ жер бізге қалай мұра боп қалған? Жоңғарлармен неге 300 жыл бойы жолбарысша жұлқысып, арыстанша алыстық? Не үшін күрестік?»

***

«Шынында да, біз - айрықша халықпыз. Өзіндік ерекшелігі бар. «Күрделі» халықпыз. Иә, біздің халқымыз талай өткелекті бастан өткерді. Қысталаң жылдар. Аштық. Соғыс. Атып-асу. Жаппай қоныс аудару. Империяның күйреуі. Мұның барлығы – шындық».

***

«Біздің еліміздің тізгінін «мықты басқарушы» ұстады ғой. Либерал да емес. Демократ та емес. Тіпті либерал-демократ та емес. Ал бірақ солай бола тұрса да, неге екені белгісіз, халықтың басым көпшілігі «шықпа, жаным, шықпамен» отыр».

***

«Он бес жылда елiмiзде 6 миллиардер пайда болды. 6 миллиард теңге емес, 6 миллиард доллары бар алпауыттар шықты. Кейбiреулер оның санын 8-ге жеткiзедi. Осы кезде халқымыздың жартысынан астамының ке­дейшiлiктiң қамытын  кигенiн еске алыңыз. Азаматтарымыздың төрттен бiрiнiң  тақыр кедейлiкке ұрынғанын, әр адамның күнiне бiр жарым доллар­ға күнелтетiнiн ойлаңыз! Бұған 15 жылда елiмiзден 100 миллиард доллардың тек шикiзатын ғана шетке тасып әкеткенiн қосыңыз! Осы санды оқығанда әлеуметтiк күйзелiстен бүк түсiп, сансырап жатқан ауылдар мен қалаларда босып жүрген жұмыссыз бауырларымызды тағы да көз алдыңызға елестетiңiз.

Әлгi миллиардердiң көбiсi Қазақстанға келгенге дейiн үлкен бизнес-ортада таныла қоймағандар. Аты-жөнi белгiсiз жалаңаяқтар десе де болар едi. Онда олар байлыққа кiмнiң арқасында кенелдi? Франция, ұлы Франция 200 жылда 6 миллиардердi шығара қойған жоқ! Ал бiздiң елден шықты. Өз азаматтарымызды емес, басқаларды «жарылқадық». Бұған мақтанатын-шаттанатын жөнiмiз қай­сы?».

***

«Мемлекет меншiгiн жекешелендiру­дiң қалай жүргенiн бiздiң халқымыз бiлмейдi деп ойлайтындар, сiрә, ақылынан шатасқан болар. Миллиардтаған сомалар шетелдiк есепшоттарда неге жатыр деген сауал адамдарды мазаламайды деп ойлау - аңғалдың алаңғасарлығы».

***

«Путин тiзгiндi қолға ұстағаннан кейiн олигархтарды қатты қысты және саясаттан ығыстырды. Ал бiзде әзiрше ондай қимыл байқалмайды. Осы алпауыттарды тайраңдатып қойған бүгiнгi режимге халық өз еркiмен дауыс бере ме?».

***

«Н.Назарбаев Қазақстанда кедейлер жоқ дейдi. Әрине, оның  отбасы  мүшелерi арасында кедейлер жоқ. Оның айналасындағы шенеунiктер де кедей емес. Кедей олигархтар атымен болмайды. Бiрақ олардың жағдайы жақсы екен деп тұтастай халық туралы қорытынды жасау дұрыс емес».

***

«Қытайдың мафиясын дүниежүзi үштаған деп атайды. Бiздiң өзiмiздiң үштағанымыз бар. Үштаған - ошақтың үш бұты сияқты, қазiргi режимнiң тiректерi. Бүгiнгi президент сайлауы осы үштағанның - отбасының, айналасының, олигархтардың - мүддесiне қарай өткiзiлуде».

***

«Марксизм классиктерiне сенсек, «саясат - бұл экономиканың шоғырланған әлпетi». Бiр Отбасының төрт партиясы осы тезистiң ай­қын айғағы. Бұл - факт!».

***

«Мен ешқашан билікті бірдеңеге немесе біреуге басшылық ету деп қабылдаған емеспін. Мен билікке әрқашан белгілі бір процестерге ықпал етудің мүмкіншілігі ретінде қараймын. Бәленбай жыл биліктің құлағын ұстап отырып, ешнәрсеге ықпал ете алмай кететіндерді «билікте болдының» қатарына жатқызбаймын».

***

«Ал, енді, қоғамдық-саяси қызметте жүргенде, сол ықпалдың реттілігі төмендеуі мүмкін, себебі, бізде қоғамдық институттардың сөзіне құлақ асу жағы кемшін. Бірақ, сондай ықпалдылыққа негіз жасап жатқанымыздың өзіне толық қанағаттанамын. Билікке ностальгиям да, жеккөрініштілігім де, басқа да жоқ. Мен  ешкіммен ренжіспей, өз жолыммен ойлы, саналы түрде осындай позицияны алып кеткен адаммын».

Алтынбек Сәрсенбайұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060