Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2610 0 пікір 20 Наурыз, 2012 сағат 12:53

ТЕЛЕАРНАЛАР «ҚЫЗЫҚ» ҚУА МА, ӘЛДЕ?!

Жақында ғана кейбiр ақпарат құралдары Қызылжарда осыдан 200 жыл бұрын бой көтерген мешiт ғимаратының саунаға айналғанын айтып, дабыл қағып едi. Ақпарат көздерiнiң хабарлауынша, ескi мешiттiң орнын сатып алған кәсiпкер жын-ойнаққа айналдырған көрiнедi.

Жақында ғана кейбiр ақпарат құралдары Қызылжарда осыдан 200 жыл бұрын бой көтерген мешiт ғимаратының саунаға айналғанын айтып, дабыл қағып едi. Ақпарат көздерiнiң хабарлауынша, ескi мешiттiң орнын сатып алған кәсiпкер жын-ойнаққа айналдырған көрiнедi.

Әлбетте, телеарнадан таратылған бұл жаңалық талайдың ашу-ызасын келтірген. Тіпті көне заманнан бізге жеткен Алланың үйін бұзды дегенде өре түрегелмеген мұсылман жоқ шығар, сірә. Кейбір ақпарат көздері жергілікті басшылардың салғырттығынан екі ғасырдан астам тарихы бар мешіт мемлекеттің қарауынсыз қалғанын айтты. Ал тарихи деректерге сүйенсек, кезінде бұл мешітті салуға рұқсатты Екатерина патшайым берген екен. Құрылысы 13 жылға созылған ғибадатхана ресми түрде 1795 жылы ашылыпты. Мешіт құрылысын өз мойнына алған көпестің құрметіне «Қасымхан мешіті» деп аталған. Бірақ ислам дінін мойындамаған кеңестік кезеңде мешіт орны Темекі фабрикасына, одан соң балық зауытына да айналып сала берген екен. Біз көптің көңілін күпті еткен бұл мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін кезінде «Петропавл атауын Қызылжарға көшірейік» деп депутаттық сауал жасаған Жарасбай Сүлейменовтің пікірін білуге асықтық. Экс-депутат: «Қызылжарда 64 жылдан бері тұрып келдім. Бірақ та әлгі сауна болып кеткен орынның мешіт екенін байқамаппын да. Тіпті бұрын оның күмбезі де жоқ болатын. Өткенде жаңалықтан көріп отырып ойландым. Бұл мешіт ретінде көтеретін мәселе емес. Әрине, шын мәнінде мешіт деп қабылданса, дабыл көтеруге болар еді. Қызылжарда төрт мешіт бар. Татарлардың бір мешіті бар. Олардың өз мәселесі бар. Үнемі қазақтардан бөлініп келеді. Бір кездері Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына бағынбаймыз деп те шықты. Өзім сол мәселені ғана білемін. Қазіргі адамдарды кінәлауға болмайды. Бұл орын қолдан қолға өтіп келді ғой. Әу баста мешітті алып, саунаға айналдырса, үлкен сорақылық болар еді. Қазір бұл ақшасы бар кәсіпкерлердің иелігінде. Өзі бір ескі ғимарат. Тіпті, оның мешіт екенін қазіргі сатып алған кәсіпкерлер де білмеуі мүмкін. Бірдеңе деп кінәлау да қиын», - дейді.
Ал бұдан соң Қазақстан мұсыл­ман­дары Діни Басқармасының Сол­түс­тік Қазақстан бойынша өкіл има­мы Қасымхан Исаевқа телефон шалдық. Имам ә дегеннен-ақ ақпарат құралдарында айтылған ақпараттың нақты еместігін алға тартты. «Бұрын бұл ғимарат мешіт болған. Кейін ол мешіт ескі болғандықтан қиратылған. Мұсылмандар Кеңес үкіметі кезінде оны қойма ретінде пайдаланған екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін мешіт керек болған соң, мұсылмандарға беріпті. Сол жерде балық зауыты болған. Бір жылға жетпей үлкен кісілер «басқа жерден мешіт беріңдер» деп шағымданады. Біздің қаламызда тағы бір мешіт бар. Ол жерде спортзал болғанмен бұрынғы ескі мешіт еді. Жамағаттың сұрауы бойынша мешіт сол жаққа ауысқаннан кейін, мына мешіт бос қалады. Кейін бұл мешіт түгел қирады. Оны 2001 жылдары жеке кәсіпкер сатып алыпты. Дәл мешіттің өзі болған орында ТЖО (техникалық жөндеу орталығы) болды. Ал сауна болды деген жердегі мәселе қарастырылып жатыр. Қазіргі кезде нақты ештеңе айта алмаймыз. Бірақ нақты мешіт тұрған орында ТЖО болған. Бүгінде соның бір бұрышында кішкентай сауна бар. Бұрын қойма ретінде пайдаланылған. Қойманың арнайы моншасы болыпты. Сол төңіректе басқа да дәмхана, көлік жуатын орындар бар. Бұл жерде мешітті саунаға айналдырған деуге негіз жоқ. Бұл еш жерде тіркелмеген мешіт. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне де енбеген. Діни басқарманың да қарамағында жоқ. Бұл жұртты дүрліктіру ғана», - деп жауап берді.
Бұрын Қызылжарда 9 мешіт болыпты. Қазір облыс орталығында төртеуі ғана жұмыс істейді. Бүгінде дінге бет бұрған мұсылман бауырлардың көбейіп жатқандығынан да ескі мешіттерді жаңғырту жоспарда бар екен. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының Солтүстік Қазақстан бойынша өкіл имамы Қасымхан Исаев: « мешіттерді қайтаруға, қалпына келтіруге бәріміз күш салуымыз керек. Аллаһтың жердегі үйі - мешіт, бұрынғы орын болса да, соның барлығын қайтадан жөндеуге әрекет жасауымыз керек», - деді.
Біздің бұдан ұққанымыз, кейбір ақпарат құралдары мәселенің байыбына бармай жатып, байбалам салуға құштар болып кеткен сияқты. Телеарналар түймедейді түйедей етіп көрсетуді мақсат санай ма, әлде халықтың көңілін елең еткізерлік сенсациямен аулағысы келе ме? Соңғы кезде ақпарат құралдарына осы екеуі де тән болып баратын сияқты ма, қалай?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383