Сенбі, 23 Қараша 2024
Жер дауы 5503 15 пікір 13 Ақпан, 2021 сағат 14:25

«Abai.kz» жер тақырыбына қайтып оралды

Ол кезде Әсет Исекешев деген алпауыт инвестиция және даму министрі еді. 2016 жылдың көктемі. Ақпараттарды ақтарып отыр едім, әлгі Әсет алпауыт Қарағанды облысында бір үлкен кен орыны шетелдіктерге сатылғанын желпіне хабарлапты. Ертеңінде кезекті ақпаратқа көз салсам, Исекешовім есіріп және бір карьер аукцион арқылы ақшаға айналғанын айтыпты. Бұның ар жағында «қазақ даласындағы барлық қазба байлықты жер осылай сатыла береді», «сата береміз» деген жемсауы бүлкілдеген жаман пиғыл көрініп тұр еді. Сол екі арада жер шетелдіктерге жалға беріліп қана қоймай, сатылады дейтін сөз шыға бастаған. Редакциядағы жігіттер куә, үнсіз құлазып кеттім. Олар алаңдап: «Сізге не болды?» деп сұрап жатыр. Мен айттым: «Бітті, жігіттер, еңсемізді көтеріп, тік алып жүргеніміз жеріміздің арқасы еді, одан да айрылатын түріміз бар». «Қалай?». «Қалай?" дерің бар ма, былай...». Кен орындарын сатқыш Исекешевтің істеп отырған ісінің сұмдықтығын түсінген «абайлықтар» ашуға мінді, ызаланды, назаланды. Мақала жазатын болдық. Мақаланы редакция атынан Өміржан жазуға кірісті. Өміржанның мақаласы әлеуметтік желіде де жарияланды. Содан кетті ғой... Бұл екі арада арнайы тапсырыс беріп, заңгер-журналист Мақсат Нұрыпбаевқа қатарынан бірнеше мақала жазғыздық. Мақсаттың мақалалары да қалың елдің серпіліп, ояна түсуіне ықпал етті. Ақыры жерін қорғаған халық бейбіт шерулер, жиындар өткізіп бәленің бетін қайтарды. Жер комиссиясы құрылды. Жер мәселесіне мораторий жарияланды.

Жер комиссиясы құрылғанда редакциядағы жігіттер мені сол комиссияның құрамына енетін шығар деп елеңдескен. Алайда, комиссияның құрамына мен кіргем жоқ, бізді шақырған да ешкім болған жоқ. Есесіне біз осынау тұтас халық болып қарсылық танытқан, мінез көрсеткен, ұйымдасқан, ұлттық деңгейде ұйысқан Жер мәселесін күн тәртібіне қойып бердік. Соған ептеп ауқым тудырып, бастамашылық жасадық. Тәуба!

«Ешқашан, ешуақтта халыққа пайдаң тиген істі бұлдама, жеңіске жеке дара ие болуды ойлама, ұлтқа, мемлекетке зияны тиетін түрлі кесір-кесапаттың алдынан жалғыз шығып, түбі нәтижеге қол артсаң да, «осыны мен жасадым», «мен айттым», «мен жаздым» деп, демікпе. Көптің көзі көреген. Кімнің не істеп отырғанын ел іші жақсы біледі» деген сөзді «абайлықтардың» құлағына сіңіріп қойғанмын, содан да болар, олар әріптестеріміз гулетіп әкететін әрекет пен сөзді бастап берген соң үнсіз қала біледі. Бірақ, бастаған жұмысымызды орта жолда тастап, ұмытып кетуді ұжым боп ұнатпаймыз. Соның көрінісі әлде нәтиежесі: жыл басынан бері «Abai.kz» ақпараттық порталы бұрынғы Жер комиссиясының құрамындағы азаматтарға қайтадан сөз беріп, әлі де қалтарыс-бұлтарысы көп жер жайына қозғау салуда.

2016 жылдан бері арада бес жылға жуық уақыт өтті, өкініштісі сол, қазақ жерінің қалай болары, кімнің қолына өтері, қалай пайдалану керектігі толық шешімін таппаған күйі қалған. Мұхтар Тайжанның айтуынша, космомониторинг арқылы үш облыстағы әлдекімдер құжат жүзінде иеленіп алғанымен, игерусіз бос жатқан жерлер анықталыпты. Басқа бәлендей жүз жылытар жаңалақ аз. Ендеше, қайтпек керек? Тағы да жер жағдайына оралуымыз керек. Бұл – ең басты мәселе. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Оны бүгінгі мемлекет басшысы да айтып жүр. Жалға беріле ме? Берілуі мүмкін сияқты. Берілсе, кімдерге, қандай шарттармен беріледі? Шетелдіктерге жалға берілетін жерлерге қоғамдық бақылау бола ма, жоқ па? Жер Қазақстан азаматтарына сатыла ма? Жоқ, сату мен жалға беруге мүлде тиым саламыз ба? Қазақ өз жерінің пайдасын қашан, қалай көреді? Қайткенде көреді? Қос азаматтығы бар анау алпауыттардан қасиетті жерімізді қалай құтқарып қаламыз? Жері кең қазақ жеріне неге сыймай, сыйыса алмай жүр? Сұрақ көп. «Abai.kz» жер тақырыбына қайтып оралды.

Дәурен Қуат

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435