Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 513653 0 пікір 26 Наурыз, 2012 сағат 09:11

Міржақып Дулатов. Оян, қазақ!

 

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты.

(М.Дулатов, «Оян, қазақ»)

Адамзат тарихында қилы-қиямет оқиғалармен, дүбірлі даму үрдісімен ерекше орын алған ХХ ғасырдың басы қашаннан еңбегі еш, тұзы сор қазақ халқы үшін де сындарлы кезең болғаны белгілі. Осындай талма тұста, шешуші сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арыстарымыздың қатарында Міржақып Дулатовтың есімі бұл күнде зор ілтипатпен аталады.

Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Соның үшін де А.Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды. М.Дулатов «Оян, қазақ!» деп ұран салды. С.Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын атты. Ә.Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды.

 

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты.

(М.Дулатов, «Оян, қазақ»)

Адамзат тарихында қилы-қиямет оқиғалармен, дүбірлі даму үрдісімен ерекше орын алған ХХ ғасырдың басы қашаннан еңбегі еш, тұзы сор қазақ халқы үшін де сындарлы кезең болғаны белгілі. Осындай талма тұста, шешуші сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арыстарымыздың қатарында Міржақып Дулатовтың есімі бұл күнде зор ілтипатпен аталады.

Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Соның үшін де А.Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды. М.Дулатов «Оян, қазақ!» деп ұран салды. С.Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын атты. Ә.Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды.

Әрине, мұндай белсенділік, батылдық озбыр да өктем патша өкіметі назарына бірден ілігіп, қатты қысым көрді. Көптеген арыс азаматтар жауапқа тартылып, түрмеге жабылды. Елге «іріткі салуларына» қатаң тыйым салынды.

Осындай зорлық-зомбылықтардың кеңінен орын алғанын сол кездері қазақ даласын басқару орталықтары болған Омбы, Орынбор, Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағаттарында күні бүгінге дейін сақталған құжат-қағаздар айғақтайды. ХХ ғасырдың оныншы жылдарында жарық көріп, қазақ даласына жаумай жасын түскендей әсер еткен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңіне қатысты қозғалған өндірістік іс құжаттарын Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатынан ұшырастырдық.

Жалпы, жоғарыда аталған мемлекеттік мұрағат үйлерінде ұлтымыздың тарихына қатысты көптеген құнды материалдар қордаланған. Оған өткен жылдың жаз айларында Санкт-Петербург университетінің мұражайында болғанымызда көзіміз тіпті қаныға түсті. Сол зерттеу, іздену жұмыстарының нәтижесінде дүниеге келген, халқымыздың тұғырлы тұлғалары Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин, т.б. жайындағы мұрағат материалдарына сүйеніп жазылған мақалалар шоғыры оқырман олжасына айналып үлгерді («Жақып Ақбаев: Санкт-Петербург беттері», «Ұлт жанашыры Райымбек Мәрсеков жайында», т.б.). Көзі қарақты қауым өкілдерінен лайықты бағасын алуда. Ал Бақытжан Қаратаев, Барлыбек Сырттанов, Айдархан Тұрлыбаев туралы материалдар зерттелу, нақтылану, басқа қосымша құжаттармен, дерек-дәйектермен нақтылану үстінде. Бұл еңбектердің басты ерекшелігі де сонда - бұлтартпас дерек-дәйектерге сүйене отырып жазылуында болып отыр.

Біз бүгін жоғарыда аталған "Оян, қазақ" өлеңіне қатысты құжаттар төңірегінде сөз өрбітпекпіз. Ол үшін М.Дулатов өміріне қысқаша шолу жасай кеткен орынды болмақ.

М.Дулатов 1985 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай облысы Торғай уезіне қарасты Сарықопа болысында, қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, "Қызбел" колхозының жерінде туған.

Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерліктей шағын шаруашылығы бар, көзі ашық адам болса керек. Балаларының үлкені Асқарды әуелі мұсылманша, сонсоң орысша оқытып, заң қызметіне бейімдеп үлгерген Дулат кіші баласы Міржақыпты да сол үрдіспен ал дегенде ауыл молдасына береді.

Бірақ Жақаңның (Міржақыпты кейін ел осылай атап кеткен. - Н.О.) өз айтуынша, екі жыл азап шеккеннен басқа ештеңе ала алмағаннан кейін, әкесі оны молдадан шығарып алып, ауылдық мектепте орысша оқытатын Мұқан Тоқтабайұлы деген мұғалімнін тәрбиесіне береді. Сөйтіп, Жақаңның өнер-білім жолындағы ұзақ жылдар бойғы жемісті ізденістері бастау алады.

Бұл ретте айта кету керек, жаңағы Мұқан мұғалім де, одан кейінгі Ахмет (Байтұрсынов), Асқар, Міржақыптар да халықтың шын жанашыры болып туып, оның нұрлы болашағын ойлап, жанкештілікпен атқарған алып қызметінің арқасында мәңгілік маңызы бар іс тындырған, Торғай топырағына сарқылмас білім нәрін сеуіп кеткен Ыбырай атамыздың, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектері еді.

Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған жас өскін Міржақып Асқар ағасының қамқорлығында, тәрбиесінде болады. Ол 1902 жылы жоғарыда аталған Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебін ойдағыдай бітіріп шығады. Содан алты-жеті жылдай ауыл мектептерінде бала оқытады, ағартушылық ісімен айналысады.

Көзі ашық, көкірегі ояу, қабілеті кемел азаматтың кейінгі өмірінде кеңінен өріс алған белсенді, әлеуметтік, саяси шығармашылық қызметі, міне, осы кездерден басталады.

Бұл кезең XX ғасырдың басы. Талайдан бері өз ырқы өз қолынан шығып, телімге түсіп кеткен қазақ халқының томаға-тұйық қалыптан оянып, бас көтере бастаған шағы. Әлеуметтік-саяси жағынан алғанда, бұл кезең патша өкіметінің қазақ даласында отаршылықты күшейтіп, шаруашылық жағдайы онсыз да оңала алмай жүрген панасыз елге езгісін асыра түскен жылдар еді.

Мүндай жағдай сол кездері көздері ашылып, сана-сезімдері оянып, халқының қамын ойлай бастаған қазақтың алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтарына қозғау салды. Олар адамзаттың тарихи көшінен қалтарыс қалып, тымырсық жатқан елдің тығырықтан шығар жолын іздестіріп шарқ ұрды. Бастапқыда таза ағартушылық сарында туындап, сонан соң барып саяси сипат алған бұл қозғалыс патшалық биліктің саяси дағдарысқа ұшырауы, елдің түрлі аймақтарында, әсіресе түркі тілдес халықтар арасында ұлт-азаттық, либералдық-демократиялық тұрғыдағы сана-сезімнің ояна бастауы жағдайында анық әлеуметтік құбылыс дәрежесінде бой көрсетті.

Міне, осындай тарихи ахуалда, жас ұрпаққа білім беріп жүрген Міржақып сияқты көңілі сергек, көкірегі ашық жас мұғалімнің халықтың тағдырына байланысты саяси-әлеуметтік мәселелерден тыс қала алмағаны заңдылық еді. Осы орайда жасы жиырмаға толмаған балаң жігіт тынымсыз ізденіс үстінде болып, көңілге түйгенін де, күн сайын көре жүріп, өзгеге айтқысы келген жан сөзін де жұрт жүрегіне қонымды өлең шумақтарымен жеткізе алатын, Алланың берген сыйындай арда өнер - ақындық дарынымен де таныла бастаған-ды. Қысқасы, өрелі ой мен өршіл талап өн бойынан сәтті сабақтастық тапқан жас жігіт үлкен өмірден рухани өріс іздеді, ұлы мақсаттар мен асыл мұраттар жолында құлаш сермейтін кеңістікке қарай асықты.

Ол кезде Міржақып осынау тың сонар, соны соқпақта із салып кеткен Ахмет (Байтұрсынов) ағасының атын еміс-еміс естіп жүретін. М.Дулатов 1904 жылы алыс сапарға аттанып, сол кезде Арқадағы қазақ зиялыларының бас қосатын бір орталығы - Омбы қаласына тартады. А.Байтұрсынов бұл кезде бүкіл қыр еліне әлеуметтік-саяси қозғалыстың беделді басшысы ретінде танылып қалған болатын. Содан былайғы бүкіл өмірлерін бір мақсат-мүддеге арнап, ақтық демдері біткенше жұп жазбай өткен екі есіл ердің алғаш рет жүздесіп, арман-ой біріктірген жері осы Омбы қаласы болады.

Содан Міржақып Ахмет ағасына еріп, Омбыдан Қарқаралыға беттейді.Осында әуелі астыртын жұмыстан бастау алып, кейін жария сипат алған революциялық жұмысқа белсене араласады.

М.Дулатовтың шығармашылық мұрасы жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қорытындысында: «1905 жылғы оқиғалар тұсында ол Қарқаралыда шеруге қатысқандар қатарында болды» деген мәліметтер бар.

Осындай қызу қимылмен көзге түскен жиырмадағы жас жігіт осы сапарында қазақ конституциялық-демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады да,соның делегаттарымен бірге 1906 жылы Санкт-Петербургке барады.

Күні кешегі ауыл мұғалімінің әлеуметтік-саяси көзқарасының қалыптасуына, ой өрісінің кеңейіп, ішкі сенімдерінің беки түсуіне бұл сапардың айрықша маңызды болғаны, өз-өзінен түсінікті. Саяси күрескерліктің алғашқы сабақтарын Омбы мен Қарқаралы, Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов мектебінен алған М.Дулатов астанаға барғанда оны одан әрі дамытып, жетілдіре түседі.

1907 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Серке» газетінде Міржақыптың «Жастарға» деген өлеңі басылады. Ал осы газеттің қатталып, бірақ жарық көре алмай қалған екінші санында М.Дулатов қаламынан туған «Біздің мақсатымыз» атты бас мақала болады.

Осыдан екі жыл кейін жарық көрген «Оян, қазақ» атты өлеңдер жинағы тәркіленіп, патшалық әкімшілік тарапынан қуғынға ұшыраған кезде, жандарм қызметкерлерінің таққан негізгі кінәсі де осы - сол Санкт-Петербургте тұтқындалған газет мақаласының идеясын әрі қарай уағыздағаны болады.

М.Дулатов Санкт-Петербург сапарынан Торғайға белсенді қайраткер, саяси күрескер ғана емес, сонымен бірге шабытты ақын да болып оралады. Айрықша қарқынмен, жылдам жазып, түрлі тақырыптар төңірегінде ой толғаған тебіреністері бірер жылдың ішінде толыққанды жинақ болып түзіледі. Ақын оны Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен 1909 жылы бастырып шығарады.

Қазақ халқының рухани өмірінде дәл сол, 1909 жылы Санкт-Петербургте Кәкітай бастырып шығарған Абай өлеңдерінің жинағы, Крылов шығармаларынан аударылып басылған АБайтұрсыновтың «Қырық мысалымен» қатар, «Оян, қазақтың» да маңызы ерекше болды. Сондықтан алдыңғы екеуі сияқты «Оян, қазақ» та қолдан қолға, ауыздан ауызға тарап, шамалы уақыт ішінде ақынның атақ-даңқын алты Алашқа әйгілі етті.

Бірақ бұл кітап жас авторға осындай абырой-беделмен бірге, патша әкімшілігі тарапынан қуғын-сүргінді де ала келді. Басы тергеуге түсіп, «Оян, қазақ» жаппай тәркіленді. Жандармерияның Ахаң мен Жахаң, Әлихан аға Бөкейханов жайындағы жазғандары 1917 жылы «Қазақ» газетіңде жарияланған. Онда Орынбор жандарм мекемесінің бастығы полковник Кашинцев 1916-жылы Орынбор губернаторына былай деп жазған екен:

"Орал губернаторының телеграммасы бойынша "Қазақ" газетін шыгарушы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғалихан Бөкейханов үшеуінің өкіметке қарсы істеріне қатысты мағлұмат беремін: Ахмет Байтұрсынов 1909 жылы Қарқаралыда өкіметке қарсьі іс істегені үшін абақтыга жабылган, министрдің жарлыгы бойынша екі жылга жер аударылған. Орал губернаторының телеграммасында Байтұрсынов 25 жарлығына қарсы қазақты құтыртты дейді.

Міржақып Дулатов 1911 жылы маусым ішінде "Оян, қазақ" атты кітабын таратқаны үшін Семейде абақтыға жабылып, 103 һәм 129 статъялар бойынша айыпталып, Окружной соттың үкімі бойынша 19 ай қамауда отырды. Орал губернаторының телеграммасы бойынша Дулатовтың үйіне және редакцияда тінту болды, бірақ ештеңе табылмады.

Ғалихан Бөкейхановтың 1911, 1912 жылдары с.р. партиясына қатынасып жүргені сезілді. Орал губернаторының телеграммасы бойынша Самара жандарм мекемесіне білдірдім, олардың сыртынан бақылап жүрміз деген хабар алдым».

Губернатордың атына берілген және бір мәлімдемеде былай деп жазылған: «Қазақ» газетін шығарушы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов өздерінің агенттері һәм школдағы шәкірттері арқылы қазақ халқын үкіметке қарсы тұруға құтыртып жатыр. Түрік пен неміс орысты жеңіп тұр, қамсыз қалмаңдар, кез келді, қимылдап қалыңдар деп жел береді. Байтұрсынов абақтыга түсті дегенде қуанып едік. Бірақ Самарадан бірінші мемлекет думасы мүшесі Ғалихан Бөкейханов келіп Байтұрсыновты шығарып алыпты. Төменшілік жүзінен өтінеміз, Ахмет Байтұрсыновты және Міржақып Дулатовты Омбыдан айдап жіберсеңіз екен».

Бұған қарағанда бұл адамдардың аяқ басқанын үш губернатордың бірдей бақылап отырғаны байқалады. Ал енді біздің қолымыздағы мүрағат қүжаттарын сөйлетіп көрейік:

 

Семей Округтік Сотының Прокурорына

МӘЛІМДЕМЕ

Қылмыстық Уложениенің 129-бабында көзделген қылмыс бойынша айыпталып отырған қазақ Міржақып Дулатов ісіне қатысты мына мән-жайларды мәлім етемін.

Осы жылғы 6 маусымда Омбы Жандарм Басқармасының көмекшісі, ротмистр Леванский Мемлекеттік қауіпсіздік ережелері тәртібімен Семей қаласында тұратын қырғыз Міржақып Дулатовтың үйіне тінту жүргізді. Онда Дулатовқа тиесілі шамаданның ішінен түрлі брошюра, газеттермен қатар, «Оян, қазақ» атпен шыққан 9 жинақ табылды.

«Оян, қазақ» жинағы мазмұны бойынша қазақ жастарын қолданыстағы мемлекеттік қоғамдық құрылымды құлатуға шақырады, бұл ретте ол қазақтардың хандық кезіндегі еркін өмірі мен қазіргі уақытты салыстыра бағалайды, орыс өкіметі қазақтарды өз жерінен ығыстырып, оларды қоныс аударушыларға және сайын далада жүрген поп-миссионерлерге алып беріп жатыр дейді.

Қылмыстық Уложениенің 129-бабы, 1-6. 2-тармағы бойынша айыпкер ретінде жауапқа тартылған Торгай облысының қазағы Міржақып Дулатов өзін кінәлі деп санамайды және одан алынған брошюралар өзінікі екенін, ол шығармаларды басуға Петербург цензурасы рұқсат еткенін алдыға тарта отырып, ол қазақтар арасында тарату үшін басылғанын мойындайды.

Дулатовтың сот тергеуінен жалтаруының алдын алу үшін оны Семей түрмесінде қамауда ұстау туралы шешім қабылдадым.

Бұл мәлімдеменің көшірмесі осымен қатар Әділет Министрі мырзаға да жөнелтілді.

Сот Прокуроры үшін Пукляков.

72. 30 маусым 1911 жыл, Семей қаласы ".

 

***

Семей Округтік Сотының Прокурорына

МӘЛІМДЕМЕ

Осы жылғы 30 маусымдагы №72 мәлімдемеге қосымша, Жоғары мәртебелі сізге, Торғай облысының қазағы Міржақып Дулатовтың ісіне қатысты айыптау актісін енгізгенімді мәлім етемін. Ол 1911 жылы қазақ халқының арасында тарату мақсатында «Оян, қазақ» атты жинақ шығарғаны үшін айыпталады:

1) «Жұмбақ» атты мақалада Жоғары мәртебелі Императорды ашықтан ашық сыйламайтындығын білдіреді, соңғы жылдарғы орыс саяси оқиғаларын кері түсіндіреді, Монарх мансабына нұқсан келтіреді;

2) «Қазақ даласы» атты мақалада тұрғындарды Еуропалық Ресейден келіп жатқан қоныс аударушыларға қарсы тұруға уағыздайды, яғни халықты Қылмыстық Уложениенің 129-бабының 2-6. 103-т. көзделген қылмыстарға тартады.

Сот Прокурорының міндетін атқарушы Пукляков.

№88. 20 қыркүйек 1911 ж. Семей қаласы.

 

***

 

Семей Округтік Сотының Прокурорына

МӘЛІМДЕМЕ

Осы жылғы 20 қыркүйектегі №88 мәлімдемеге қосымша мәлім етемін:

1) Қылмыстық Уложениенің 129-бабы, 2-6. 103-т. бойынша айыпталған Міржақып Дулатовтың ісі тыңдауға осы жылғы 22 желтоқсанға бекітілді;

2) Маған Қазан Округтік Сотының Прокуроры қарашаның 11-дегі № 9479 мәлімдемесімен хабарлағандай, баспасөз ісі жөніндегі Қазан қалалық уақытша комитеті Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» жинағына тыйым салынып, тәркілеуге жатқызылды. Сондай-ақ бұл жөнінде және Қылмыстық Уложениенің 128 және 129 баптары бойынша Дулатовқа қатысты қылмыстық іс қозғау туралы аталған комитет осы жылғы қарашаның 7-де Саратов Сот Палатасының Прокурорына хабарланды.

Сот Прокуроры (қолы).

1107. 29 қараша 1911 ж. Семей қаласы".

 

Міне, осылайша жалғаса береді. Бір айта кетерлігі, біздің жүргізген зерттеу жүмыстарымыздың барысы көрсеткендей, бұл қүжаттар бұрын- соңды жарық көрмеген. Сондықтан да, олардың бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Дәл осы «Оян, қазаққа» қатысты көрген қысымы, қудалаулар жөнінде М.Дулатов ағаның өзі кейіннен, 1917жылдары былайша ой толғайды:

«Оқушыларға мағлұм, «Оян, қазақ!» атты өлең кітабымды ескі өкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911  жылы мені сотқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» қазақ арасына тарамасын деп, үкімет үкім салды. Сонан кейін қолға түспеген 1000 дана шамалы «Оян, қазақ!» жылдан бері жасырынып жатыр еді. Енді, құдайға шүкір, азаттық таңы атты, ескі үкімет мүрдем кетті, шағымшы «бауырларымыздың» да көзі жоғалды», - деп жазды.

Біз Алаштың арыс қайраткерінің тар жол, тайғақ кешулі ғұмырының бір ғана үзігіне қатысты мұрағат құжаттарын сөйлете отырып, сөз болған «Оян, қазақ!» жинағының негізгі мазмұны мен көркемдік шеберлікгері жөнінде пікір білдіруден саналы түрде бас тарттық. Ол, біріншіден, әдебиеттанушы мамандардың жұмысы болса, екіншіден, сол тұрғыда кезінде кең көлемді зерттеулер жүргізіліп, қалың бұқараға жеткілікті дәрежеде түсінік берілді деп білеміз.

Сондықтан да біз тек тарихи-жадтық тұрғыда ғана ой өрбіттік. Сөз соңында, халқының талайлы тағдыры үшін өз өмірлерін бәйгеге тігіп, тәуекел етіп, тас жұтқан арыс азаматтарымыздың рухы алдында тағы бір тағзым етеміз.

 

«ОЯН, ҚАЗАҚ!» ­- бұл сөздің құдіреті де қасиеті де сол - осы отты өлеңнің жарық көргеніне ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол қаныш тамшылаған өзекті күйінде қалып отырғандығы - бүгінде қазақ байтағын індеттей жайлаған бойкүйездік,  самарқаулық, жалқаулық, еріншектік - қысқасы ұлтымызды ұлық істерден кері тартып отырған барша кесапаттарды тап басып айта білген, содан арылуға үндейді, намысқа шақырады. Сондықтанда, тағы да «Оян, қазақ!»

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор


«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343