Жұма, 22 Қараша 2024
Әлеумет 23326 0 пікір 22 Ақпан, 2021 сағат 18:22

Ұлттық білім жүйесін қалыптастыру керек

Қазақ тілді білім кеңістігінде ұрпақ тәрбиесі мен біліміне үздіксіз үлес қосып, өзіндік сүрлеу салған айтулы білім ошағының бірі - Республикалық Qazbilim орталығы биыл 5 жасқа толып отыр.

Орталықтың авторлық бағдарламасында 8 бағыт бойынша қосымша білім беру көзделген, бағдарлама мектеп оқушыларына, студенттерге, мұғалімдерге, өзін-өзі дамытушыларға және білім іздеуші жалпы оқырманға арналған.

Білім орталығы алғаш рет 2014 жылы наурызда Kazbilim.kz ақпараттық-сараптама порталы ретінде өз жұмысын бастаған болатын. Кейіннен білім саласындағы қажеттілікті ескере отырып, 2016 жылы 8 ақпанда Республикалық Qazbilim орталығы болып ресми түрде құрылды. Бұл күнде оқу орталығы бөлімшелерінің саны еліміз бойынша 11-ге жетіп отыр.

Осы орайда Республикалық Qazbilim орталығының директоры Оразбек Әбсаттармен сұхбаттасып, орталықтың алдағы жоспары туралы сұрастырған болатынбыз.

- Оразбек Сералыұлы, Республикалық Qazbilim орталығының директоры болып тағайындалғаныңызға көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен орталық құрылған кезден бері басы-қасында жүрген тәжірибелі ұстаз ретінде мұндай білім ошағының маңыздылығы, қалыптасу жолындағы қиындығы мен қызығы туралы аз-кем айта кетсеңіз.

- Ізгі ниеттеріңізге көп рахмет! Иә, шынымен де, 5 жыл деген көзді ашып-жұмғанша өте шыққан сияқты. Дегенмен 2016 жылдан бері көп жұмыс жасалды, қаз-қаз басқан Қазбілім бүгінде белгілі бір дәрежеге жетіп, білім саласында өзіндік орны бар, танымал білім ордаларының біріне айналды деуге толық негіз бар. Оның мұндай жетістікке жетуінің басты себебі – болашақ қызметкерлеріне, яғни осы оқу ордасына жұмысқа тұруға келген ұстазға биік талаптар қоя білуінде деп ойлаймын. Себебі өзім де сол сыннан өткен адаммын.

2016 жылы сәуірде дәстүрлі мектепте Қазақстан тарихы пәнінен сабақ беріп жүрген жас маман едім. Бір күні әріптестерімнен Қазбілім тарих пәнінің мұғалімін іздеп жатқанын естідім. Бағымды сынап көрейін деп келіп едім, кәдімгідей тест тапсыртты. Сол үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Қазбілімнің мұғалімге қоятын ең басты талабы – өз пәнін өте жетік білуі және балаларға сол білгенін ұғынықты тілмен түсіндіріп бере алуы.

Тесттен аман-есен өтіп, сол кезден бастап Қазбілімнің ыстығына күйіп, суығына тоңып, талай қиыншылықты бастан өткеріп, талай қызығын да әріптестемізбен бірге көріп келе жатқан жайымыз бар. Тіпті, кейбір кездері Қазбілімнің негізін қалаған Аятжан Ахметжанұлының қызметкерлеріне беретін жалақысы түгілі, өзінің жүріп-тұруына қаражат таба алмай қалған кездері де болды.

Дегенмен, Құдайдың қуатында, ондай қиыншылықтарды артқа тастап, бүгінде болашаққа деген сеніміміз күшейді. 5 жыл ішінде 5 мыңға жуық оқушыға қосымша білім беріп, олардың ҰБТ-дан жоғары балл жинауына, Назарбаев зияткерлік мектептеріне, Білім-инновациялық лицейлеріне және басқа та талабы күшті білім ордаларына түсуге көмектестік.

Біздің орталықтың басты мақсаты – балаларға тек сапалы білім берумен ғана шектелмей, олардың ұлттық санасын қалыптастырып, еліміздің ертеңі үшін қызмет жасайтын буын қалыптастыру. Қазақы тәлім-тәрбие бере отырып, әлемдік дәрежедегі біліммен қаруландыру. Алаш арыстарының арманын жалғастырып, солардың бастаған ісін соңына дейін жеткізу деген асыл мақсаттарымыз бар.

- Мақсаттарыңыз анық екен. Бірақ ондай ұлы мұраттарға жету үшін бұлжымас жоспар, бұлтартпас бағыт керек. Білуімізше, Республикалық Qazbilim орталығы білім беру саласының 8 бағыты бойынша қызмет атқарады. Жалпы оқырманға ол қандай бағыттар екенін қысқаша айтып өтсеңіз.

- Қазіргі таңда орталық Qazbilim – UBT, Qazbilim – Daryn, Qazbilim – online, Qazbilim – baspasy, Qazbilim – aqparat, Qazbilim – shabyt, Qazbilim – grant және Qazbilim - til деген бағыттар бойынша қызмет атқарып отыр.

Әрқайсысына жеке-жеке тоқталар болсақ, Qazbilim – UBT бағыты бойынша жаңа форматтағы ұлттық бірыңғай тестке сапалы дайындық жүргізіледі. Бұл ретте ҰБТ-ға арналған өз мотодикамыз, жүйелі бағдарламаларымыз, барлық пәндер бойынша жеке авторлық оқу-әдістемелік кітаптарымыз бар. Бұл бағыттағы онлайн және оффлайн курстарымыз жыл бойы жүргізіледі.

Білім додасына қатысатын талапкерлерден әр апта сайын сынақ тесттер алынады, емтихан сұрақтары сол күні арнайы техникалық аппаратпен тексеріліп, тест тапсырушының ұпай нәтижесі тақтаға сол күні ілінеді. Бұл дайындалушының білім деңгейін біліп отыруға өте пайдалы тәсіл.

Тағы бір айта кетерлігі, биылғы ҰБТ бойынша жаңа өзгерістерге байланысты тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Биыл тұңғыш рет өткізілетін электронды тестілеуге байланысты Республикалық «Qazbilim» орталығының арнайы www.e-ubt.kz сайты жасалды. Түлектер осы сайт арқылы алдағы болатын мемлекеттік ҰБТ емтиханына бой үйретіп, сапалы дайындық жасай алады.

Айта кету керек, орталықтың ҰБТ бойынша жыл сайынғы білім көрсеткіші көтеріліп келеді, бізде дайындалған шәкірттердің көбі мемлекеттік білім гранттарын иеленіп қана қоймай, алыс-жақын шетелдің озық оқу орындарының студенті атануда.

Мәселен, 2019 жылы да, былтыр да орташа ұпай 118 болды. Ал ең үздік оқушыларымыздың бірі былтыр ҰБТ-дан 136 балл жинады. Осы ҰБТ-ға байланысты «Qazbilim-baspasy» 42 дана оқу-әдістемелік құрал мен тесттер жинағын шығарғанын да айтып өткім келеді.

Енді Qazbilim – daryn бағыты туралы айтар болсам, бұл бағыт бойынша дарынды балаларға арналған айтулы білім ордаларына жоғары деңгейде сапалы дайындық жүргізіледі. Атап айтар болсақ, Назарбаев университетіне, APTIS/IELTS  және NUFYP/SAT бағыттары бойынша дайындық жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар, «Назарбаев зияткерлік мектебіне» (НИШ), «Білім-инновация лицейлеріне» (бұрынғы ҚТЛ), Астана қаласы О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебіне (РФМШ), дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебіне,  дарынды балаларға арналған №82 «Дарын» мектептеріне сапалы дайындық қарастырылған. Бұл мектептерге де іріктеу өте қатаң түрде жүргізілетін ескере отырып, балалардың өз білімдерін тексеріп, тестке дайындалуы үшін qazbilimtest.kz сайты іске қосылған.

Дарынды балаларды анықтау, дамыту және бағыт беру мақсатында, оқушылар мен жас мамандарға арналған қалалық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен конкурстарды ұйымдастырамыз. Жыл бойы талапкердің қалауы бойынша барлық пәннен әр деңгейлі пәндік олимпиадаларға және қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарға дайындық жүргізіледі.

Бұл бағытта «Qazbilim-baspasy» пәндік олимпиадаға байланысты 13 түрлі, дарынды балаларға арналған мектеп емтихандарына дайындық бағытында 7 түрлі,  бастауыш сыныптарға байланысты 6 түрлі оқу-әдістемелік құралдарын шығарды.

- Қазіргі пандемия кезінде Qazbilim-online деген бағыт көптің қызығушылығын тудыратын сияқты. Ол қандай бағыт?

- Бұл бағыт бойынша онлайн сабақтар, тікелей эфирлер және Qazbilim мобильді қосымшасы қызмет атқарады. Онлайн сабақтар барлық пәндер бойынша талапкердің сабақ кестесіне байланысты күнделікті жүргізіледі, тағы бір айта кетерлігі, Республикалық «QAZBILIM» орталығының You Tube желінінде Qazbilim ТV арнасы бар.

Биыл Ұлттық тестілеу орталығымен бірлескен «ҰБТ-ға тегін дайындал» жобасы күн сайын 20:00-де Qazbilim ТV арнасында тікелей эфирде Нұр-Сұлтан және Алматы қаласындағы арнайы жасақталған студияда жүргізілуде.

Бұл жоба аясында Республика бойынша барлық 11 сынып түлектері тегін сабақ алып, өз білімдерін шыңдауда. Бұдан бөлек www.qazbilim.kz сайтында Республикалық «Qazbilim» орталығының ұстаздары түсірген жүздеген бейне сабақтар топтастырылған.

Білім іздеген адам ол жерден де көп қажетін ала алады. Бұл бағыттағы ауыз толтырып айтар тағы бір жағымды жаңалық - жуырда орталықтың жеке мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымша арқылы Республикалық «Qazbilim» орталығының барлық қызмет түрлері тұтынушыларға қолжетімді әрі ыңғайлы болады.

- Qazbilim-baspasy деген бағыт түсінікті. Жоғарыда айтып өттіңіз, орталықтың ұстаздары өздері түрлі оқу-әдістемелік құралдар жазып, соларды басып шығарады екенсіздер.

- Иә, бұл бағыт бойынша оқу-әдістемелік құралдарын дайындау және басып шығару, сонымен қатар, сату жұмыстары жүргізіледі. Осы уақытқа дейін «Qazbilim-baspasy» ҰБТ-ға байланысты 42 түрлі, пәндік олимпиадаға байланысты 13 түрлі, сондай-ақ, дарынды балаларға арналған мектеп емтихандарына дайындық бағытында,  бастауыш сыныптарға байланысты, оқу-әдістемелік құрал және әдеби бағыттағы көптеген кітаптарды жарыққа шығарды.

Бұл оқу-әдістемелік құралдарда барлық пәндер бойынша оқушыларға арналған ҰБТ сұрақтары, дарынды балаларға арналған мектептерге және жоғары оқу орындарына түсуге арналған пәндер бойынша тест сұрақтары мектеп бағдарламасы негізінде құрастырылған. Оқушылар тест орындаумен қатар, теориялық білімін де толықтыра алады. Барлық бөлімдер қамтылып, әр тақырып бойынша тақырыптық тапсырмалар берілген.

Бұл кітаптар өз білімін тереңдетемін деген оқушыларға, барлық пәндер бойынша пәндік олимпиадаға дайындалуға, болашағын ғылым жолымен байланыстыратын жастарға және пән мұғалімдеріне, тренерлерге таптырмайтын көмекші құрал бола алады.

- Қалған бағыттардың да заман талабына сай, қоғамдық сұраныстарды қамтамасыз ету мақсатында жасалғаны түсінікті. Солар туралы да қысқаша айта кетсеңіз.

- Qazbilim-aqparat бағыты бойынша білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты сараптама жасау, еліміз бойынша ғылым-білім саласындағы маңызды жаңалықтарды тарату, шешілуі тиісті мәселелерді БАҚ-та көтеру, оқу-ағарту саласында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, үздік ұстаздарға және білім ордаларына ақпараттық қолдау көрсету көзделген.

Бұл орайда  Kazbilim.kz сайты жұмыс істеп тұр. Сайтта «Жаңалықтар», «Ұстаз үні», «Ұрпақ тәрбиесі», «Керекті кеңес», «Білім жарысы», «Ұлт діңі», «Редактор бағаны» сияқты тартымды айдарлар арқылы осы салаға ең қажетті ақпараттар жарияланып отырады.

Ал Qazbilim-shabyt бағыты бойынша мұғалімдерге, оқушыларға мотивациялық семинар-тренингтер өткізу, білім беру мәселелеріне арналған кеңестер беру, жас мамандарды тәрбиелеу, мамандық таңдауға арналған арнайы сабақтар жүргізу сияқты іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Республикалық деңгейде облыс, аудан, қала, ауылдарды аралап, мұғалімдер мен оқушыларға арналған шеберлік курстарын өткізу және сертификаттар беріп отыруды дәстүрге айналдырғанбыз.

Сонымен қатар, домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, бестас, логикалық ойындар өткізіп, оқушылардың ой-танымы мен ұлттық құндылықтарға деген түсінігін кеңейту қызметтері де жүргізіледі.

Тыңдаушыға шалқар шабыт сыйлайтын мотивациялық семинар-тренингтерді qazbilim.kz,  Kazbilim.kz сайттарынан көріп, тыңдауға болады.

Qazbilim-grant бағыты бойынша «Qazbilim» ғылым-білімді дамыту қоғамдық қоры аясында, жылына 100 оқушыға қайырымдылық көрсетіледі, бұдан бөлек көп балалы отбасылар үшін, толық емес немесе мүгедек асыраушысы бар отбасы балалары үшін, «Алтын белгі» иегерлеріне, олимпиада жеңімпаздарына және шетелден келген қандастарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған.

Орталықтағы ұстаздарды шығармашылық қолдау мақсатында, жыл бойы белсенді қызмет атқарған ұстаздарға тәуелсіздік күні қарсаңында қаржылай сыйақы, кітап жазған мұғалімдерге қаламақы беру дәстүрге айналған. Тағы бір айта кетерлігі, Республикалық «Qazbilim» орталығы шетелден келген қандас оқушыларды Қазақстанның оқу стандарттарына бейімдеуде мол тәжірибеге ие.

Негізгі бағыттарымыздың тағы біреуі Qazbilim-til деп аталады. Бұл бағыт бойынша қазақ, ағылшын, орыс, қытай, түрік тілдерін оқытуға дайындық кәсіби түрде жүргізіледі. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген халық даналығын ұстаным еткен орталығымызда білікті де білімді, тіл үйретуде тәжірибесі мол мамандар сабақ береді. Тіл курстары бойынша шет тілдердің дәрежелік емтихандарына (TOEFL, IELTS, HSK) дайындық тыңғылықты түрде жасалады.

- Оразбек Сералыұлы, уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп рахмет. Адамзат баласы тірі тұрған кезде білімге деген сұраныс та мәңгі жасайды. Осы өмірлік ұстаным жолындағы сапарларыңыз оң болсын, шәкірттеріңіз білімді болсын!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1448
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3208
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5211